ТАРИХИ ТАМЫРЛАСТЫҚ ТӘЛІМІ

  • 11.05.2016
  • 535 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Ел мен елді, халық пен халықты жақындастыратын – білім. Білімділер бас қосса, ортақ әңгіме, айтар ой, қозғар тақырып таусылмақ емес. Кейде бір ұлттың екінші бір ұлтты сыйлауы, дос тұтуы өзара екі тұлғаның қарым-қатынасынан басталады. Бұған тарихи және бүгінгі өмірден алынған мы­салдар жеткілікті. Бұл тұрғыда біз оңтүстік корейлік профессор Лим Че Ван мен елімізге белгілі ғалым, Ұлттық Ғылым академиясының корреспондент-мүшесі,  философия ғылымдарының докторы, профессор, ҚазҰПУ Саясаттану және әлеуметтік-философиялық пәндер кафедрасының меңгерушісі Раушанбек Әбсаттаровтың арасындағы көптен бергі сыйластық, достық қарым-қатынас екі университеттің білім саласындағы байланысының артуына зор ықпал етіп отырғанын алға тартқымыз келер еді. 

Ғылыми шығармашылық байланыстың нәтижесінде екі ел жоғары оқу орындарының арасында тәжірибе алмасу үрдісі бастау алды. Алматыдағы Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетіне Оңтүстік Кореяның Чоннам ұлттық университетінің бір топ магистрант-докторанттары кәсіптік-ғылыми тәжірибеден өтуге арнайы келіп, қызықты кездесулер өткізді. Олардан бөлек, «Корей диаспорасы: бизнес және мәдениеттану орталығының» директоры, Чоннам ұлттық университетінің «Диаспоратану» кафедрасының меңгерушісі, әлемге белгілі ғалым, саясаттанушы Лим Че Ван бастаған профессорлар құрамы ҚазҰПУ-нің қонағы болды. Олар еліміздегі беделді жоғары оқу орнында университет студенттеріне арнайы дәріс оқыды, өз бағалы тәжірибелерімен бөлісті. Бұл екі университет арасындағы маңызды басқосу ғана емес, еліміз үшін де айтарлықтай жаңалыққа толы шара деуге болады. Өйткені, қос білім ордасының барыс-келісі тек білім беру саласымен ғана шектелмей, мәдени-рухани, саяси, экономикалық ынтымақтастықтарға жол ашады деп сенеміз. Аталмыш университеттердің ғылыми-шығармашылық байланыстары жыл өткен сайын дамып, ауқымы кеңейіп, әртүрлі дөңгелек үстелдер, ғылыми конференциялар ұйымдастырылып, бірлескен арнайы жобалар тиянақты түрде жүзеге асып келеді. Бұған екі университет басшыларының да қосқан үлестері зор екендігін атап айтқандығымыз жөн.
Лим Че Ван – Оңтүстік Кореядағы танымал ғалым. Жоғары оқу орнындағы жастарға білім беріп, ғылымға баулудағы тәжірибесі де бағалы. Лим Че Ван бастаған қонақтар бұл жолы ҚазҰПУ-де өткен еліміздегі және әлемдегі диаспоралар мәселесіне арналған «Жаңа Жібек Жолы және диаспора мәселелері» тақырыбындағы халықаралық дең­гейдегі конференцияға қатысып, өзара пікір алмасты. Профессор Лим Че Ван және корейлік диаспора факультеті, дүниежүзі бизнес және мәдениет корей зерттеу орталығы, сонымен қатар, қазақстандық білім ордасының саясаттану және әлеуметтік-философиялық пәндер кафедрасының ұйымдастыруымен өткен жиында бүгінгі қоғамның маңызды мәселелері, оның ішінде әралуан ұлт өкілдерінің әлеуметтік және саяси ахуалдары талқыланды. Салтанатты жиынның ашылуында магистратура және РҺD докторантура институтының саясаттану және әлеуметтік-философиялық пәндер кафедрасының меңгерушісі, философия ғылымдарының докторы, профессор Раушанбек Әбсаттаров сөз сөйлеп, конференцияға қатысушы қонақтардың жұмыстарына сәттіліктер тіледі. 
Екі ел ғалымдарының пікірлерінше, диаспоралардың әлемдік проблемасын жіті зерттей отырып, әр елдің өзіндік саяси-экономикалық мүмкіндігіне қарай оңтайлы реттеудің жолын тапқанда ғана кез-келген елдің ішкі жағдайындағы ілкімділіктер тұрақты байқалмақ. Ол үшін нақтылы тәжірибелерден ой түйіп, ғылымға сүйенген жөн. Профессор Лим Че Ван Қазақстанда 100-ден астам ұлт пен ұлыс өкілдері қоныстанғандығына қарамастан, тату-тәтті өмір сүріп, ынтымағы өзге елдерге үлгі боларлық сипатта өрбігенін, қазір көптеген елдерге толеранттылық жетіспейтінін баса айтты.
– Біз үшін Орта Азия елдері ұзақ жылдар бойына жұмбақ үйек болып келгенін несіне жасырайын, – деді Лим Че Ван. – Кеңес одағы кезінде өзара қарым-қатынас тым қасаң жағдайда болды. Бұл елдер туралы тарихи кітаптардан аздаған ақпарат алғанымызбен, жалпы, ішкі жағдайынан беймағлұм едік. Географиялық біліміміз бойынша, там-тұмдаған хабар алғанымызбен, онда қандай халықтар мекен етеді, олардың тілі, діні, тарихы қалай деген сұрақтарға тұщымды жауап ала алмайтынбыз. Кеңес одағы ыдырағаннан бастап, Орта Азия елдерімен таныса бастадық. 1991 жылы алғаш рет Орталық Азия елдерін араладым. Сол кезде Қазақстан туралы жақынырақ танып білдім. Ол сапарымды мен ешуақытта ұмытпаймын. Сол жолы Абай атындағы университет туралы көп естігенмін. Біздің нақтылы өзара қарым-қатынасымыз басталғанына шамамен 3-4 жылдай уақыт болды. Университеттің білім беру деңгейі жоғары деңгейде деген ойдамын. Себебі, профессор Әбсаттаровты Қазақстан ғана емес, шетелдіктер де жақсы біледі. Университет ректоры, танымал ғалым Серік Пірәлиев мырзаны елдегі және шетелдегі ғылыми орта жақсы танитындығынан хабардармын. Университеттің білім деңгейі ондағы ұстаздар құрамының біліктілігіне тікелей байланысты екендігі белгілі. ҚазҰПУ-дың бір топ магистранттары Чоннам ұлттық университетіне кәсіптік-ғылыми тағылымнан өтуге бірнеше рет келді. Өз басым олардың білімге құштарлығын көріп, бұл елдің болашағы зор екендігіне сендім. Олар өз ұлтының атына кір келтірмеуді ойлайды. Бұл болашақ жас ғалымдардың бойларындағы жақсы қасиет қой. Әрқашан ұлтының абыройын ойлаған жастары бар ел жеңістен құралақан қалмайды. Патриотизм дегеніміз не? Мен бұл сұраққа еліңді үнсіз сүю деп жауап берер едім. Құр сөздің дәуірі өткен. Өз еліңді ісіңмен, қабілетіңмен сүю керек.
Профессор Лим Че Ванға «Қазақ елінің саяси жаңаруы мен даму көрсеткішін қалай бағалар едіңіз?» деген сұрақ қойылып еді, ол былай деді: – Мен Қазақстанды Орта Азияның көшбасшысы деп білемін. Бұған сіздердің Тәуелсіздік жылдарындағы жетістіктеріңіз куә. Мен саясаттанушы ретінде бұл елдегі саяси модернизацияға оң баға берер едім. Дегенмен, Ресей елімен тым жақын қарым-қатынастарыңыз елдің дамуына тежеу болуы мүмкін екендігін жоққа шығармаймын. Өз басым Қазақстан мен Корея арасындағы байланыстың нығайғанын қуаттар едім. Бұған бұл екі ел де мүдделі. Біріншіден, біз алып держава емеспіз. Кез-келген елмен мәдени және экономикалық тұрғыдан байланыс орнатуға талпынамыз. Екіншіден, біздің экономикалық әлеуетіміз, ғылыми-технологиялық даму деңгейіміз Ресейге қарағанда, әлдеқайда жоғары. Және біз өзара шекараласпайтын, ортақ тарихымыздың нақты көрсеткіші аз халықтармыз ғой. Екі елдің де азиялық ұлт екеніне қарамастан, мәдени тұрғыдан бір-бірімізге зор ықпал ете қоймасымыз тағы белгілі».
Профессор Лим Че Ванның «Біз бәрібір Еуразиялық үйектеміз. Ресейден қашып құтылу қиын. Көршілігіміз, ортақ тарихымыз бар. Мұндай жағдайды ескерсек, бізге өзге жол жоқ деушілер көп. Бұл сылтау ма, әлде шынайы жағдайдан туған ой ма?» деген сауалға қайтарған жауабы да қызықты: «Мен өзге елдің азаматымын. Сондықтан, Қазақстанның, қазақ халқының таңдауына қол сұға алмаймын. Тек өз көзқарасымды ғана айтуға мәжбүрмін. Біз ел емес, жеке адам туралы айталықшы. Мысалы, білімге құштар бір жас дамымаған, технологиясы мүлдем ескірген бір елге барып, білім алды делік. Ол бүгінгі ақпараттық тасқынды білмейді. Иә, кәсіби білім алар, аздаған кітаптарды оқыр, ізденер, бірақ, бәрібір, ол тосқауылдар мен бөгеттерге жолықпай тұрмайды. Санасы да өзі білім алған ортаға бейімделеді. Сол жас енді өсе келе, топ етіп, дамыған елге түсті делік. Ол қандай жағдайға тап болуы мүмкін? Технологиялық үдерістерге қарап таңырқауы да, жатырқауы да мүмкін ғой… Ал, оны игеру үшін қаншама уақыт керек. Сананы өзгерту мәселесін қайда қоямыз… Бұл жердегі мәселе адаспайтын жолды табуда болып отыр. Адасуға болады, бірақ, адасқан жерін қайта шиырлауға болмайды. Саясат жылдан жылға күрделеніп барады. Халықаралық принципке сүйенсек, мәңгілік дос жоқ, мәңгілік мүдде ғана бар. Қазақта мүмкіндік көп. Жері бай, әрі кең. Азия мен Еуропаның кіндігіндесіздер. Бұл артықшылық. Кез-келген кемшіліктің де өз артықшылығы болады. Соны ұмытпаңыздар». Оңтүстік Кореядан келген танымал ғалыммен арадағы әңгіме өте қызықты түрде жалғасты. Еларалық қатынасқа байланысты сұрақтарға ықыластана жауап берді. «Қазақстан халықтарының бірлігі – сіздердің ең басты байлықтарыңыз, – деді ол бір сөзінде. – Бұған шүбә жоқ. Оны тереңдету керек. Өзара түсіністіктің ұлыстар арасында орнауы өте қиын шаруа. Бұл – өте нәзік құбылыс. Мың күн татудың бір күн қату болуы да ғажап емес. Татулықты орнатудың ең басты принципі – әділеттілік. Бір ұлтты көтеру үшін екінші ұлтты тұқырту, бір халықты ренжітпеу үшін екінші ұлысты кемсітудің соңы дискриминацияға алып келеді. Бұл бәріне түсінікті жайт. Татулықтың екінші бір өлшемі – әр ұлт зиялыларының қарым-қатынасы. Бұл жалған ұранмен қалыптаспайды. Уақыт, қоғамдағы өзгерістер, шынайы әлеуметтік бағдарламалардың игілігі тудыратын дүние. Біріншісі басталған елде екіншісі де болады». 
Тағы бір сұрақ: «Біз сіздерді түбіміз, арғы тегіміз бір халықпыз деп іштей жақын тартып тұрамыз. Сіздерде осындай түсінік бар ма?» Профессор Лим Че Ванның жауабы: «Өте дұрыс қойылған сұрақ. Бәріміз – Алтайдан енші алған халықтармыз. Орал-Алтай тілдер тобына жатамыз. Салт-дәстүріміз де жақын. Менің бір байқағаным, қазақтар – өте ақпейіл, қонақжай халық. Біздің корейлер де сондай. Қонағын ренжітпеуді, жанын салып күтуді мақсат етеді. Жуырда Кён Жоу деген қаладан археологтар алтын тәж тапты. Ондағы тәждің формасы қазақ жерінен табылған Алтын адаммен өте ұқсас. Сол кезде екі халықтың түбі бір екеніне көзім жетті». Қазақстандағы корей диаспорасы – біздің ұлтпен байланысы өте жақын халықтың бірі. Олар Қазақстанға жер аударылған кезде, біздің ұлттың да жағдайы аса мәз емес еді. Бірақ, ешқайсысы ұлтты өзекке тепкен жоқ. Бәріне жәрдемдесті. Профессор Лим Че Ван мырза бұл тұрғыдағы әңгімесін: «Профессор Әбсаттаров Қазақстандағы корейлердің әл-ауқаты, мәдениеті, білім алу жағдайы туралы бізге толыққанды мәлімет берді. Өзім де шетелдерге түрлі жағдайлармен қоныс аударған корей диаспораларын зерттеп келе жатқан ғалыммын. 7 миллион қандасымыз бүгінде әлемнің әр түкпірінде жүр, – деп өрбітті. – Бір елде олардың жағдайлары жақсы, екінші бір елде онша мәз емес. Бір елде тілі, діні сақталған, екінші бір елде ассимиляцияға ұшыраған. Мұның бәрі сол елдердегі экономикалық-саяси жағдайға байланысты. Меніңше, Қазақстандағы корейлер – бақытты корейлер. Кеше ғана Үштөбе стансасына барып қайттық. Жол бойы Әбсаттаров мырза елдің, жердің тарихын әңгімеледі. Қазақстандағы корейлердің ауқатты екенін айтты. Мұны бұрыннан білетін едім. Үштөбе корей диаспорасының ең алғаш келген легі орналасқан орталық. Оларды пойызбен әкелген де, далаға төгіп кеткен. Не ішер асы, не киер киімі жоқ. Баспана деген түсінік те болмаған. Тірі адам тіршілігін көру керек. Олар сол маңдағы төбелерді қазып, астына сабан-шөп төсеп, айналадағы жерлерден талғажу етер дән іздеп, күн кешіпті. Жеркепелері әлі сақтаулы екен. Жаның түршігеді. Көзіңе жас келеді… Сол халыққа бірден-бір көмектескен халық – қазақтар. Өздері ашқұрсақ екендеріне қарамай, алдарындағыны бөліп беріпті. Құрт-ірімшік әкеп беріпті. Мұны қазақстандық корейлерден бұрын да естігем, осы жолы да естідім. Қазақстандағы корейлер қазақтан көрген жақсылықты ұмытпайды деп ойлаймын. Сталиндік зұлмат саясаттың кесірі миллиондаған адамдарға тиді. Қырылып қалғандары да жетерлік. Тірі қалу үшін күрескен аталарын бүгінгі ұрпақтары ұмытпауға тиіс». 
– Корея мен Жапония елдерімен тех­никалық, энергетикалық салада әріптестік орнаттық. Дейтұрғанмен, әлі де болса, бұдан гөрі ауқымды қарым-қатынас жасауға мүмкіндігіміз бар. Сол мүмкіндіктерді дұрыс пайдалануға не кедергі?
– Дипломатиялық қарым-қатынас өзара ынтымақтастықтан бөлек, билік өкілдерінің ішкі мәдениетіне, пайым-түсінігіне де байланысты. Бұл ұлттық және қоғамдық тәрбиемен өзектес. Егер, қолға алынған, өзара уағдаластық жасалған шаруаның бәрі ойдағыдай жүзеге асса, біздің экономикалық алмасуымыз бұдан гөрі жоғарырақ болар еді. Ниет түзу болғанмен, іске асыру бөлек болып тұр. Осы жағына қайта бір назар аударған жөн. Шенеуніктер еларалық мәселеге өзінің ішкі принциптері, мүдделері тұрғысынан қарамағаны жөн. Біз Қазақстанның білім саласындағы жетістіктерін үнемі қадағалап отырамыз. Экономикасы дамыған 20 елдің қатарына енгенінің негізгі тіні білімде. Білімнің өзегі – мектеп қабырғасы. Білімсіз болашақ – қараңғы болашақ. Себебі, біздің ұлт та қазақ халқы сияқты отарлауды, езгіні, үнемі текетіресті бастан өткерген. Өткеріп те келеді. Тыныштық тек соғыс өртінің тұтануымен өлшенбейтіні секілді, бейбіт күннің де тынымсыз «соғысы» тоқтамайды. Біздің жерасты байлығымыз аз, географиялық орналасуымыз да онша қолайлы деп айта алмаймын… Алайда, ұтылмас, адаспас жол табуды басты назарда ұстаумен келеміз. Тамшылардың арасымен жүру оңай емес… Мысалға, Сеулдегі халықтың негізгі бөлігі оқу-білім, танымға көбірек мән береді. Қолдары бос болса, оны мақсатты түрде жұмсауға ұмтылады. Еліміздің тұтастай халқына қатысты да осылай деуге болар еді. Бірақ, кез-келген қиындықтың өзіндік мүмкіндігі бар. Корей елі – қат-қабат қиындықтардың ортасында отырса да, өзінің жолын тапқан ел. Менің ойымша, Еуропа, АҚШ елдеріне қарағанда, Шығыс Солтүстік Азия елдерінің даму қарқыны өте жоғары. Мұны соңғы кездері әлем экономикасын шыр айналдырған дағдарыстардан байқауға болады. Осы сынақтардан біздің ел қиналмай өтті. Өйткені, өндіріс пен экономика өте ілкімді байланыста орныққан. Меніңше, Корея мен Қазақстан арасындағы жан-жақты ықпалдастық енді басталды. Мен оған сенемін». 
Оңтүстік Кореядан келген ғалыми делегацияның барлық бас қосуларында да қазақстандық профессор Әбсаттаров қастарынан табылып, өзінің ой-пікірлерін айтып отырды. Ғалым Әбсаттаров өз ретінде Қазақстандағы саяси ахуалдың тұрақтылығы ұлтаралық түсіністіктің арқасында болып жатқандығын алға тартып, мемлекет құраушы ұлт – қазақ халқының қонақжайлылығы мен кеңпейілділігі өзге ұлттарға үл­гі болып отырғандығын жеткізді. Сон­дай-ақ, корейлік ғылыми ортамен ынтымақтастыққа ділгер болған ғалым-профессор әлемдегі диаспоралардың орналасу, таралу мәселесінің географиялық жағдайларына баса назар аударып, қазіргі өзекті түйткілдеріне ден қойса, еліміздегі диаспоралардың өткен тарихына және бүгінгі хал-ахуалына шолу жасады. Бұдан кейін сөз кезегін алған Оңтүстік Корея елінің профессорлары Им Че Ван және Ким Енк Суль өздерінің Қазақстанға келуін биік мәртебе санап, ғылыми ортада орнатылған ықпалдастықтың жемісті болғандығын тілге тиек етті. Аталмыш жиында диаспоралар тақырыбында тағы бірқатар қызықты баяндамалар жасалды. Чоннам ұлттық университетінің жеті докторанты мен магис­трлері конференцияға қатысып, бір апта бойына Абай атындағы ұлттық педагогикалық университеті профессорларының лекцияларын тыңдауға өтініш білдірді. Олардың сұраулары бойынша, аталмыш білім ордасының профессорлары Р.Б.Әбсаттаров, Ә.И.Шалтықов, Ж.О.Кенжалин және доценттер Н.Б.Сейсенова, А.Ж.Мұқажанова қазіргі заманғы өзекті саяси мәселелерге байланысты дәрістер оқыды. Қонақтар жоғары деңгейде оқылған лекцияларға өздерінің ризашылықтарын білдіріп, профессорларды Чоннам ұлттық университетіне лекция оқуға шақырды. Жиын соңынан Қазақстан және Оңтүстік Корей ғалымдары ізденуші жастардың білім сапасын дамыту мақсатында екіжақты келісім жасады. 
Екі  елдің өзге де ғалымдары мен док­торант-магистранттары әртүрлі тақы­рыптар бойынша өз ойларын ортаға салды. Бұл басқосудың жемісі де мол болмақ. Ғылыми байланыстың мәні ерекше. Бұндай ғылыми-практикалық байланыс алдағы уақытта да жалғасып, дами береді деп сенеміз.

Тоқтарәлі ТАҢЖАРЫҚ,
журналист

Алдыңғы «
Келесі »