Мұхтар Әуезовтің ұлы Мұратқа жазған қолтаңбалары

  • 11.05.2016
  • 645 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Әдебиеттану ғылымында жиі кездесетін жанрдың бірі – автограф. Шағын мәтінді қолтаңбаны ғылыми мәселе ретінде арнайы зерттеу әлі күнге дейін күн тәртібіне қойылған емес. Әдеби дерек, ғылыми факт ретінде оларды қарастыру, әрине, назар аударуды қажет етеді. Өзінің жүрегінен шығып, жұртшылыққа жолданған туындыларын автор ең бірінші кімге ұсынды,оның ішіндегі парасатты ойларды кім парақтады?

Оймақтай ойдың ордасы іспетті жазушы жүрегінен жарып шыққан шуақты ойлар, жылы лебіздер келесі жүрекке қалай жеткізілді?  Суреткердің өз кітабының сүйінші данасына қуаныштың қарлығашындай болған қолтаңбасын қойып, ұсынған жаны кім болды екен? Ол бақытты жанның қаламгердің өміріне қатысы қаншалықты деген қаптаған сауалдардың қызығушылық тудыруы да табиғи нәрсе. Төл әдебиеттануымызда зерттеле қоймаған тың тақырып  автографтар әлемін әлбетте әлемдік деңгейдегі көрнекті суреткер, ғұлама ғалым Мұхтар Әуезовтің қолтаңбаларын жинап, жүйелеп, зерттеуден бастау қисынды.     
Қазақтың  ұлы суреткері,  ойшыл, ғалым, академик Мұхтар Әуезовтің өзінің сүйікті ұл-қыздарына, жанында жүрген жанкүйер жолдастарына, замандастары мен әріптестеріне, қазақтың біртуар тарихи тұлғаларына, қоғам қайраткерлеріне берген қолтаңбалары соңғы жылдары ғана арнайы жүйеленіп, зерттеле бастады (Гүлзия Пірәлі, «Автограф», Алматы, «Елтаным», 2015-182 б.). Жазушының жеке кітапхана қорынан алынып отырған қолтаңбалар тек суреткердің шығармашылығы үшін ғана емес жалпы қазақ әдебиеті тарихы үшін де  қажетті дүние екені белгілі.  Өзіндік стилі, тілі, тағдыры, тарихы бар ерекше жанр автографтар әлемі мұхтартану саласының зерттелмеген қыры. Осы ретте біз Мұхтар Әуезовтің  сүйікті перзенті Мұратқа жазған  автографтар тарихына тоқталуды жөн көріп отырмыз.  Жазушы кітапханасының қорынан табылған автографтар тарихы оқырманға көп  тарихи, әдеби, ғылыми мағлұматтар берері хақ.
Мұхтар Әуезовтің соншалықты сағынышпен күткен ұлына өзі ат қойғысы келгені жөнінде Фатимаға (Мұхтар ол кісіні Батима деп атаған – Г.П) жазған хатында мынадай мәлімет бар: «…мен сенің жайыңды ойламайды емеспін. Көңілде сенің балалы болған халің бірде-бір уақыт ұмытылған емес. Сен кеткелі өзіңді сағынып та, дос жүрекпен соншалық жақын тұтып та көп-көп ойлаймын. Кейде уайым етіп, кейде адамшылық қайратыңа, бас қасиетіңе сеніп, үміттеніп қуанышта еске аламын.Болашақ кішкененің тірлігіне, саушылығына үміт артып қуанамын.
Сүйікті, сағынышты, ыстық балам болады, Батиматай. Осыныма сен. Қыжылданбай, қатты болмай дос жүрекпен сен.
Балаң ертең бала болса атын қарапайым қазақша қойма. Өз аттарымдай кітапша ат қой. Мен Хайдар деген атты ұсынар едім. Амандық саулықпен босанған жайыңды айтып хат жаз. Сағынып, сүйген досың М.  10.ХІ.42 ж». (Әуезов.М. Шығармаларының елу томдық толық жинағы. 50- том. -Алматы: «Жібек жолы» баспа үйі, 2011-472 бет). Міне осы хатта айқындалғандай жазушы ұлының есімін Хайдар деп ұсынғанымен анасы Фатима әкесі Мұхтарға ұқсас болсын деген ниетпен Мұрат қойыпты. Оған Мұхтар Әуезов те қарсы болмаған сияқты. Фатима Ғабитованың алғашқы ерлері – Біләл Сүлеев пен Ілияс Жан­сүгіровті Мұхтар Әуезов жақсы танып, сыйлаған, аса қатты құрметтеген. Кейін екеуі де  саяси репрессияға ұшырап, Фатима айдауда болған жылдары өзгелер қамқор қолын созуға үркіп  шетте жүргенде ештеңеден жүрексінбей қазақтың екі ұлы қайраткерінің ұл-қыздарын қолтықтан демеп, өмір сүруіне, білім алуына бар күш-жігерін жұмсаған бірден-бір тұлға Мұхтар Әуезов болатын. Фатима Ғабитованың 1938 жылдың 10 август күні НКВД-ның жендеттері «24 сағат ішінде Алматыны тастап, қайда болса да 2 жылға кетесіз» дегенде, Семейге, ал, 1942 жылдың июль айында  тағы да Алматыдан кетуге тура келгенде Мұхтар Әуезовтің кеңесімен оның туыстарын жағалап, Меркеге баруға мәжбүр болған. Осы айдаулардың бәрінде тек Мұхтар Әуезов қана 4 баласы бар Фатима Ғабитоваға қамқорлық көрсетіп, ұлылардан қалған ұрпақтардың ұн­жырғасы түсіп, тапталып кетпеуіне көп кө­мегін көрсеткен. Оған  М. Әуезовтің өз қолымен жаз­ған бірнеше хаттары куә.  Кейін өмірге Мұрат келген соң бұл қамқорлық нығайып, таза әкелік сүйіспеншілікке ұласқаны көпшілікке мәлім. Жырақта болса да жүрек жылуын сезініп өссін деген дана жүректің Мұратқа деген махаббаты алабөтен ерекше болатын. Әрбір хаттарында: «Кішкентай Мұраттың саушылығы, өсуі қалай? …Мұратайым жақсы өссін…  Мұрат туралы осылайша жақсы қып, жиі жазып тұр… 5.1.45», – деп үнемі  мейіріммен атап, әкелік қамқор көңілмен қадағалап отырған. Ұрпағы мен ұлтын ұлықтаған кемеңгер Мұраттай ұл өсіріп, сәби жасынан сөз өнеріне баулыды. Кітапқа үйір етіп, өз шығармаларын оқытуға, олардан үлкен ой түйіп, танымын тәрбиелеуге талаптандырды.
Алыста болса да айналайынын аямай, аяулы сезіммен сүйе білген сүйікті ұлы Мұратқа  деген мөлшерсіз махаббат оған сыйлаған алғашқы автограф мәтіндерінде  де сол мөлдірлігі жоғалмаған күйінде сақталыпты: «Алтын балам, ақылды, жақсы Мұратайға. Ағасынан»1953 ж.28/ХІ». Бұл  Фатима айдауда жүрген кезде өмірге келген кенже ұлы  Мұратқа арнап жазған алғашқы жүрек жарды сөзі, сағынышы, сүйіспеншілігі, әкелік махаббаты еді.
1953 жылы Алматыдағы «Қазақтың мемлекеттік көркем әдебиет» баспасынан түзетіліп, үшінші басылымы ретінде  шыққан «Абай» атты тарихи романының бірінші кітабына түскен осы екі ауыз сөзден құрылған  қолтаңбадан қаншама мейірімнің мәйегі мен мұндалайды. Бір сөйлемге ұлы жазушының ұлына деген шексіз әрі шынайы сүйіспеншілігі сыйып кеткен. Автографтың шағын болса да жанға шуақ шашар жанрлық қасиеті, жүрекке жылу сыйлар сөзі, мәңгілік есте қалар құндылығы да осында болса керек.
Мұхтар Әуезовтің көзі тірісінде көзінің қарашығындай болған ұлы Мұратқа өз қолымен жазған екінші қолтаңбасы 1953 жылы араб қарпімен жарияланған «Абай жолына»: «Мұ­ратай мен Тәтелеріне. Сәлеммен…» – деп, өз қолы қойылып, берілген.
Сол сағынышпен күтіп, өмірінің мәніне ай­налған ұлы Мұратқа жазған үшінші қол­таңбасы Қазақ ССР Ғылым Академиясы Тіл және әдебиеті институтының баспасынан 1959 жылы шыққан «М.О.Әуезовке Алпыс жылдығына арналған мақалалар жинағы» деген еңбекке түсіріліпті: «Сүйікті ұлым Мұратайға, Келешегіңнен үлкен үміт еткен, қуаныш күткен көңілмен сыйлаймын. Ағаң»1959. 10 ноябрь». Мұраттың анасы Фатимаға жазған әрбір хатында да жүрек жарды сырлары мен мөлшерінен асып-тасыған мәңгілік махаббаты, мөлшерсіз мейірімі төгіліп жатады. Жазушының өз қолымен жазған әрбір мәтін  әке мен бала арасындағы өлшеусіз махаббаттың куәсіндей.
Автограф тек қана сыйланған кітап­тың бірінші бетіне жазылар сөз ғана емес, автордың қолтаңбасы түскен барлық құжат, барлық көркем мәтіндер, жазбалар екендігін ескерсек, Мұхтар Әуезов жазған эпистолярлық мұрасы да осы жанрды толықтыратыны анық. Сондықтан, ұлы жазушының сүйікті ұлына деген мөлшерсіз махаббатын мәлім­дейтін бір-екі мәтінді орайы келгенде орынды пайдаланған да оңды болар деп ойлаймыз. Бұл мәтіндер Мұхтар Әуезовтің әлгінде жазған автографтарындағы сөздерін толықтыра, нақтылай түсері сөзсіз: 
«…Мұратай! Айналайын жақсы балам.Тілі тәтті, өзі тәтті Мұратайым. Сен мені сағындың ба, мен сені көп ойлап, көп сағынам. Қашан тағы көрер екем деп ойлаймын. Енді көргенде Мұратайым маған тағы қандай әндер айтып берер екен деп ойлаймын. Сен әнді жақсы айтушы едің. Осы күнде тіпті көп өлең, ертегі білетін болған шығарсың.Үйрене бер. Ең болмаса харіптер үйрен.Тәтеңе айтып маған өзің де хат жаз.
Жаздыгүні мен саған велосипед әперем, алдамаймын, айналайын жаным. Ал, бетіңнен, көзіңнен сүйдім. Хат жазған ағаң. 4.ІІ.48 ж», – десе, енді бір хатында: 
«…Айналайын, Мұратайым! Сенің тәтеңе ерік бермей, маған хат жазғызғаныңа мен соншалықты қуанамын. Сен ақылды болып келесің. Ағаңды ойлағаның сол ақылды болғандығыңнан. Енді бұдан былай аз аздап сабақ та оқи беру керек. Тәтең саған жеңіл, жеңіл кітаптар оқып беретін болсын…», – деген сөздерінің сөзі даналықтың дәнегіндей, тағлым мен тәрбиенің төресіндей емес пе? 
Өзінің әрбір шыққан жаңа шығармасына шынайы әкелік махаббатын мөлдіретіп жазып, ұсынған Мұхтар Әуезов ұлы Мұратқа төртінші қолтаңбасын 1958 жылы қалдырыпты. Осы 4 қолтаңба да  әке мен бала арасындағы аса бір  сұлу сүйіспеншіліктің символы іспеттес. Кішкене кезінде осындай ойлы хаттар жазып, бүлдіршінін білімге баулып, оқуға дағдыландырса, есейе келе енді әдебиет әлеміне әкесінің мұраларын оқыту арқылы өзіндік ойлау жүйесін қалыптастыруға тырысады. Оның айқын айғағы – мына автографы: 
«Мұратай!
Мен сені енді ер жетті, есі кірді деп менің кітабымды оқитын, білетін кезі де жетті деп «Абайды» жіберіп отырмын. Асықпай тәтеңмен бірге оқып біліп ал. Папаң. 1958. 28. ХІ». Бір ескеретін жайт бұрынғы хаттарында «Ағаң»деп қол қойса, мұнда «Папаң», яғни, «Әкең» деген атаулар пайда болыпты. Бұл да баласының есі кіріп, оң-солын дұрыс тануына сай кезеңде айтылған ақиқаттарды айқындаса керек. Автографтар арқылы талай тарихтың беті ашылып, өмір мен өнердің тасасындағы тылсым сырлар  ғылыми, әдеби тақырыптарға өзек болары хақ. Бір ғана «Ағаң» мен «Папаңның» арасындағы сырлар жүгі, бұл түсініктердің орныққан кезі, т.б  зерттейтін жанға қаншама құнды деректер ұсынар еді.
Жазушының  Ғабитова Фатима Зейнол­ла­қызынан туған сол сүйкімді ұлы Мұрат Мұх­тарұлы бүгінде елімізге кеңінен танымал тұлға. Мәдениеттанушы ғалым, публицист жазушы, мемлекет және қоғам қайраткері.Қазақ пен қытай мемлекеттерінің саяси, әлеуметтік-экономикалық, мәдени қарым-қатынасының тәуелсіздік кезеңінде зор қарқынмен дамуына үлес қосқан тұңғыш дипломат. ҚР еңбек сіңірген қайраткері. Мәскеу мемлекеттік университетінің шығыс тілдері факультетін және М. Горький атындағы Әдебиет институтының аспирантурасын бітіріп, 1969 жылы филология ғылымдарының кандидаты атанды. Ол бүгінде «Времен связующая нить», «Иппокрена», «Уйти, чтобы вернуться» атты кітаптардың авторы. Өз ұсынысымен құрылған «Мұхтар Әуезов қорын» (2007-2014) басқарып, ұлы жазушының аса бай әдеби мұраларын жинап, жариялауда көп жұмыстар жүргізді. Қоғамдық ұйым негізіндегі қор ұлы жазушының кітаптарын жариялау, әлем тілдеріне аударылып, кеңінен насихатталу, 100 жылдық мерей тойын ЮНЕСКО деңгейінде өткізу, деректі фильмдер түсіру секілді көптеген ұйымдастыру, қаржыландыру жұмыстарын жүргізді. Бұл өмірлік деректер М.Әуезовтің   ұлын сәби кезінен саналы түрде өзінің рухани іздеушісі болуға баулығандығының дәлелі. Өзіндегі ұлттық ойдың өзегін үзбейтін ұлы да Мұрат екендігіне сенген әке баласын о бастан қазақ мектебіне беріп, әдебиетші ғалым, шығыстанушы болуға бағыттады. Ақыл-ой өрісін  өз бақылауында ұстаған әке-ұстаз балапанын баптаған бүркіттей шыңдарға шақырды. Әке тарапынан көрсетілген мейірімділік, мәрттік, адалдық, тазалық, ізгілік пен адамгершілік бала бойындағы асыл қасиеттерді қалып­тастырды. Бауыр еті-баласының бетінен қақпай, барын бағалай, белін буып, ел болашағын ойлайтын ер-азамат етіп өсіруі-өнеге ғана емес, күллі қазақ сүйсінерлік сирек құбылыс. 
«Қыранды қыран қиядан таниды» дегендей, болар баланың болмысын зерттеушілік зердемен, кемеңгерлік көсемдікпен байқаған бапкер – әке бар білімді кітаппен беріп, қолтаңбасындағы қомақты ойлармен ауыр жауапкершілік жүктеген. Әрбір қадамын қадағалап,  елдің, ұлттың, жалпы адамзаттың рухани құндылығына үлкен үлес қосар деген үмітпен қайраткерлікке, қалам­герлікке бағыштады. Оған М.Әуезовтің өмірінің ең соңғы күндері өз қолымен жазған қолтаңбасы, яғни Мәскеудегі Кунцева ауруханасынан жазған хаты айғақ. Қолтаңба  құндылығының өзі қаламгердің қолы тиіп, өзек жарды тілегін қағазға өз қалауымен түсіруінде емес пе? Үміт күткен ізбасарын, өзінің бар шығармашылығының шырағы болар жанашырын, ұлының ұлы мұратын ақтар перзентін тап бір табиғат тәңірі сездіргендей өз елінің абыройлы азаматтарына, ең жақын ағайын-туыстарына, етжақын жолдастарына сеніп тапсырып, ендігі тағдыры, ел-жұртымен табыстыру сендердің міндеттерің дегендей хат жолдап, аманат етуі де тылсым сырға толы ғажайып құбылыс. Хат жазушының Семейдегі ең жақын туысы Кәмен Оразалинге 25-ші шілде күні жолданады. Себебі, 26 күні операцияға дайындау жұмыстары жүргізілетіндіктен хат жазуға, кітап оқуға, кісі қабылдауға рұхсат берілмеген. Сондықтан, Мұратқа  өзінің туып-өскен жеріне барып, туған-туыстарымен танысып қайтуды табыстайды. Ал, сол сапар туралы әсерін кейін ауруханадан шыққан соң Ыстық көлде кездесіп, арқа-жарқа бір отырғанда әңгімелеп беруін де тапсырады.
Мұхтар Әуезовтей ұлының ұрпағы, алтын­ның сынығының сағы сынбауы үшін арқа сүйер ағалары, өз ел-жұрты болуын қатты қадағалаған қаламгердің соңғы сезімдері мен сөздері түскен қолтаңба мәтіні мынадай:   
«Қымбатты Кәмен!
Мынау Мұрат Әуезов – менің туған балам. Москва университетінде оқушы еді. Қазір жазға Семейге, содан ары Абай ауданын- әкесі туған жерді, елді көруге бара жатыр. Өзіне саған, Балташқа бар дедім. Осыны ауданды аралатып, елді, жерді көрсетіп, танытуға өзің бар, Балташ бар, көмек етулеріңді сұрай­мын. Өзім сен өз үйіңе түсірсең деймін.
Мен ауырып Москвада больницада жатырмын, жайымды Мұрат айтар. Үйіңе көп-көп сәлем.  Мұхтар Әуезов.
Елдегі бар ағайынға мың сәлем. Балташ­тікіне жайды ұғындырып өзің алып ба­рарсың» («М. Әуезов. Шығармаларының елу томдық толық жинағы.Алматы: «Жібек жолы» баспа үйі, 2011. -472 бет. 50-том, 91-б). Қазір ойласаңыз, М.Әуезовтің бұл хаты жалғыз Кәмен Оразалинге емес, бейне бір барлық қазақ жұртына жолдаған соңғы аманатындай сезіледі. 
Ұлыдан   ұлағат  дегеннің өзі осы емес пе? Ұлт пен ұрпақты сабақтастырып, тұтас­тандырып тұрған да осы бауырмалдық пен бапкерлік болса керек. М.Әуезовтің қолы­мен жазылған соңғы қолтаңбаның қазақ әдебиет­тануы мен мұхтартану саласы үшін де тарихи орны мен маңызы ерекше. 

Гүлзия ПІРӘЛІ, 
М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты

«Әуезов үйі» ҒМО-ның бас ғылыми қызметкері, филол.ғ.д. 

Алдыңғы «
Келесі »