БАСШЫ – КЕЛЕДІ ДЕ КЕТЕДІ! Ал, қазақ тілі – халқымен бірге жасай береді!

  • 06.04.2016
  • 491 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Әбдірашит БӘКІРҰЛЫ,
философ

Қазақстан экономикасы бүгінде дағ­дарысқа ұшырап, тағырыққа тірелмесе де қиындау бір кезеңді кешуде. Доллар бағамының өсуі, тауарлар мен қызмет түрлерінің бағасының шарықтап кетуі – зейнеткерлер мен студенттердің, ортадан тө­мен жалақы алатындардың, жұмыссыз отыр­ған отбасыларының жағдайына әсерін тигізбей отырған жоқ. Өткен жыл соңында президент Н. Назарбаевтың өзі ол туралы  «Жағдай қиын болады. Соған сәйкес елімізде дағдарысқа қарсы бағдарламалар іске асырылады» деп ескерткен болатын. Ол: «Бағдарлар, негізінен, жаңа өндірістер ашуды, кәсіпкерлікті дамытуды, ауыл шаруашылығын дамытуды, сөйтіп, осыған дейін қазба байлыққа тәуелді болып келген экономиканы әртараптандыруды көздейді. Осы жобалар жүзеге асырылу барысында мыңдаған жаңа жұмыс орындары ашылады. Сол арқылы қазақстандықтар жаңа экономикалық қатынастар жүйесіне дендеп ене бастайды», −  деп халықты сендірді… 

Осы орайда, мақала тіл мәселесін көтеріп отырғандықтан, оқырмандар тарапынан «Бұл шаралардың қазақ тіліне қандай қатысы бар?» деген сұрақ тууы мүмкін. Шынында да, қандай қатысы бар?
 Біріншіден, мәселеге үстірт қарағанда − «экономика» және «қазақ тілі» ұғымдары бір-бірімен қабыспайтындай болып көрінері рас.  Бірақ, оның түпкілікті мағынасына үңілсек – мәселе тіптен басқаша сипат алады. Мысалы, кез келген мемлекеттің күш-қуаты оның экономикалық әлеуетімен өл­шенетіні анық. Бұл әлемде мойындалған ақиқат. Ендеше, кез келген мемлекетте өзінің экономикалық мүмкіндіктеріне сай, белгілі бір бағыттағы экономикалық қарым-қатынастар жүйесі қалыптасады. Ал, тіл қатынас құралы ретінде − осы экономикалық қатынас жүйесінің маңызды бөлігін құрайды. Сол үшін, мемлекет экономикасының қарқынды дамуы үшін «экономикалық қатынас тілінің» оралымды,  ылдым-жылдым, түсінікті, ыңғайлы болғаны аса қажет екені – айтпаса да түсінікті. Яғни, басқаша айтсақ: «экономика тілі» экономиканы алға жетелеуге, бизнесте табыс табуға, банкіде капитал айналымына және осы сияқты т.б. маңызды істерде азаматтық қоғамның нағыз көмекші құралына айналуы тиіс. 
Екіншіден, жаңа экономикалық қатынастар жүйесіне, еліміздегі соңғы демографиялық өзгерістерге сәйкес, қазақ жастары мен оларға ілесіп қазақ тілі де дендеп ене бастағаны анық. Себебі, елімізде тәуелсіздіктен кейін қазақ жұртының демо­графиялық өсімі басым көрсеткіштерге ие болуда. Мысалы, белгілі ғалым Әзімбай Ға­ли өзінің «Ұлт мектебінің даму мәселелері» атты мақаласында «Қазақстанда қазақтың үлесі 70% жақындады. Қазақ ұлты басқа ұлт өкілдеріне қарағанда биік қарқынмен өсіп келеді. Егер, 1989 жылы қазақтың саны 6 млн.534 мың болса, 1999 жылы – 7млн. 985 мың, 2009 жылы -10 млн. 096 мың болды. Ал, мемлекттік статистика агенттігінің болжамы бойынша 2015 жылдың 1 қаңтарында – 11 млн. 497 мыңға жетуге тиісті екенбіз. Сөйтіп, 1989-2015 жылдары  қазақтың жалпы өсімі – 5 млн. (нақтырақ айтсақ 4 млн. 963 мың) болыпты» дейді.( http://qamshy.kz/).  
Сонымен бірге, ғалым еліміздегі мем­­лекеттік тіл – қазақ тілінің маңыз­дылығына тікелей қатысы бар тағы бір өзек­ті мәселені атап өткен. Ол:   «1985/86 – 2014/2015 оқу жылдары арасында орыс тілінде оқушылар саны 2047.1 мыңнан 802.1 мыңға дейін (2.5 есе) азайды. Керісінше, қазақ тілінде оқитындар саны: 1985/86 оқу жылында  – 936.5 мың болса, 2014/15 жылы – 1716.1 мыңға жуық өсті» деген деректі алға тартады. Бұл деректерден біз – осы жылдары қазақ мектептерін бітірген оқушылар есебінен қоғамдық-экономикалық қатынастар жүйесінде «қазақ тілінде сөйлейтіндердің» жалпы саны екі есеге артқанын байқаймыз. 
Үшіншіден, тәуелсіздік жылдары қазақ ұлты мен Қазақстанды Отаным деп мойындаған диаспора өкілдерінің саны да үздіксіз артуда. Мысалы, танымал спорт­шылар Г.Головкин, И.Ильин, Д. Тен және басқалары әлемдік ареналарда өнер көрсете жүріп, өздерін «қазақпыз» деп жүр. Бұл мысалдан біз − елімізде күннен күнге Қа­зақстанды «өз Отаным» деп мойындаған өзге ұлт өкілдерінің де патриоттық санасымен қатар саны да өсіп, олардың қазақы қалыпқа қарай келе жатқанын көреміз. Ең бастысы, бұл үрдіс «қазақ тілінің мәртебесінің артуы» бағытына қарай бет бұруда. 
Міне, осы факторларды ескере отырып, Қазақстанда жылдан жылға қазақ тіліне деген сұраныс та арта береді деп болжауға болады. Әрине, осыған байланысты мемлекет дамуына тікелей әсер етуші тіл – қазақ тілінің сапасына деген жауапкершілік те жоғарылайтыны күмән туғызбайды. Бұл қазіргі біздің мемлекеттегі тілдік ситуациядағы объективті-табиғи дамуының көрінісі. Оны өзгерту, не болмаса, басқа бағытқа бұру, шектеу – егер сыртқы ситуация әсер етпесе − енді ешкімнің қолынан келмейді. Сондықтан, бүгінгі күннің өзінде ресми түрде «үш тұғырлы тіл» мойындалғанымен, нақты өмірде – қазақ тілі белең алуын жалғастыруда. Бірақ бұл процесті тек «демографиялық өсіммен», не болмаса, «мектептер санымен» байланыстыру – мәселені жартылай ғана түсінуге мүмкіндік береді. Негізінде, ол процеске – қазақ халының 47% тұрып жатқан ауылдарға «үш тұғырлы тіл» саясатының іске аспай, ал, оны «түзеуге» мемлекеттің экономикалық, кадрлық, материалды-базалық әлеуеті жетпей жатқандығының да әсері зор болып отыр! Сондықтан, қазақ жұрты қалың орналасқан ауылдық өңірлерде, көбіне-көп, «үш тұғырлы тіл саясаты» тек «саясат» қана болып қалып, нақты өмірде – қазақ тілінің өз темірқазығынан ажырайын деген үрдісі жоқ. Оның үстіне, ауыл жастарының қалаларға жаппай ағылуы – тілдің өз шегарасын кеңейуіне одан әрі ықпал етуде. Жақын болашақта осы миграциялық жағдайдың өзгеретін сипаты, не болмаса, миграцияға ілесе ауыл қазақтары тілінің «орыстануының»  нақты бір белгілері байқалмайды. Мысалы, өткен жылы президенттің БҰҰ мінберінен алғаш рет қазақ тілінде сөйлеуіне осы жағдайдың ықпалы бар десе болады. Бірақ, тіл жанашырларының ол оқиғаны «жеңіс»  санап, масайраудан аулақ болғаны жөн еді. Себебі, ішкі мәселелерде мемлекеттің жоғарғы билігі әлі де орыс тілі тарапынан өте күшті прессингке ұшырауда: Министрліктер мен Үкімет отырыстары, Президент аппараты жұмысы, Президенттің ауқымды Жиындар мен Форумдарда жасаған баяндамалары тек қана орыс тілінде жүргізіліп келеді. Бұл − «мемлекет» пен «мемлекеттік тіл» арасындағы сәйкессіздікті білдіреді. Оны өзімізден жасырсақ та, біз оны жіті бақылап отырған сыртқы әлемнен жасыра алмаймыз. Сыртқы әлем мұны саяси факторлармен байланыстыра қарайды. Мысалы, Қазақстанның ЕАЭО-қа кіру арқылы Ресей ықпалына енуі, Ресейдің сыртқы әлеммен конфронтациялық қатынасқа түсуі және басқа факторлар Қазақстандағы мемлекеттік тіл – қазақ тілінің статусына саяси сипат беруді күшейте түсті. Себебі, «мемлекеттік тіл» кез келген мемлекеттің тәуелсіздік индикаторы қызметін атқаратыны белгілі. Сондықтан, қазір мемлекеттік тіл функциясын атқарушы − қазақ тілінің де геосаяси ойындардың құралына айналу қаупі пайда бола бастады. 
Әрине, осы жағдайды тіл жанашырлары біліп-сезіп отыр. Сондықтан тіл жанашыр­лары енді «қазақ тілінің қолданыс аясын кеңіту» деген бұрынғы «ескі соқпақтан» шығып,  жаңа деңгей – «қазақ тілінің қолданылу сапасын арттыру» мәселесіне қарай ойыса бастағаны – қазақ тілі мә­селесінің алдында тұрған жаңа қадам дер едік.  Себебі, қазақ тілінің «мемлекеттік тіл» функциясы сапасын арттырмасақ, ол функцияны атқаруға дайын тілдер ешқашан өз орнын оңайлықпен босатпайтыны анық. Ал, функционалдық сапасы төмен тіл, өз кезегінде, оларды өз аумағынан ығыстырып шығаруға қауқарсыз болып қала береді. Соның бір өзекті саласы – мемлекеттің экономикалық қарым-қатынас жүйесі болып табылады. 
Өткен жылдың соңына қарай қоғам қайраткері Дос Көшімнің ұйымдастыруымен, осы жөнінде Алматы Менеджмент уни­верситетінде дөңгелек үстел өтті.  Дөңгелек үстелге арнайы шақырылған Ұлттық Банктің «Ұйымдастыру жұмысы және бақылау департаменті» директорының орынбасары, филология ғылымының докторы, профессор Шерубай Құрманұлы «Ұлттық банк және мемлекеттік тіл» тақырыбына баяндама жасады. Баяндаманы тыңдай отырып, ҰБ басшысы Қайрат Келімбетовты теңгені құл­дыратқан «қылығына» қарай сөгіп емес, Ұлттық Банкке мемлекеттік тілдің нағыз жанашыры Шерубай сынды азаматты жұмысқа  алғанына ризашылықпен еске алуға боларын түсіндік… Шерубайдың банкке келгелі атқарған жұмыстары қомақты болып шықты. Біріншіден, ол «балық басынан шіриді» дегенді ескеріп, мемлекеттік тілге көшуді Ұлттық Банктің өзінен бастаған жөн деген шешімге келіпті. Содан кейін «қазақ тілін банк-бизнес жүйесіне бейімдеу» іс-шараларын бастаған екен. Нәтижесінде, қысқа уақытта үнемі қолданыста болуы тиіс анықтамалық құжаттардың, әртүрлі келісім шарттардың барлығының дерлік қазақ тіліндегі стандарттары жасалынып, қолданысқа енгізіліпті. Қаржы жүйе­сіне бейімделген «Қазақ тілі» атты үлкен анықтамалық сөздік жасалыпты. Екіншіден, қаржы жүйесінде қазақ тілінің ауызекі қолданылуын жеңілдететін, тілдің қарапайым нормаларын қалыптастыратын тілашарлар жасау қолға алыныпты. Нәти­жесінде – «қазақ – ағылшын», «қазақ – испан», «қазақ – араб», «қазақ – қытай», «қазақ – түрік», «қазақ – орыс», «қазақ – неміс» ауызекі сөйлеу-тілашар кітапшалары даярланған. Бұл − Қазақстанда бұрын-соңды атқарылмаған шаруа еді. Болашақта кітапшаны шетелдік кәсіп­керлер мен  инвесторлар, өз кезегінде, шет елге сапарлаған қазақ кәсіпкерлері кеңінен қолданады деп ойлаймыз.  Бірақ, мұның өкінішті жағы деп − ҰБ атқарып жатқан бұл істердің екінші деңгейдегі банктерде қолдау таппай жатқанын айтар едік. Мысалы, ҰБ 2015 ж. 16-ақпанда «2016 ж. 1-қаңтарынан бастап Ұлттық Банкіде ішкі құжаттар мемлекеттік тілге көшірілсін» деген Жарлық шығыпты. (Бұл бүкіл қаржы саласына үлгі болса дейміз). Бірақ, ол Жарғының  екінші деңгейдегі банктерге күші жүрмейді екен. Себебі, олар − «жеке меншік»! Ішкі ісіне мемлекеттік органның (ҰБ) араласуға құқы жоқ! Қайтсек оларды мемлекеттік тілге қарай бұрамыз? Мүмкін оны  лицензиялау тетігін қолдана отырып жүзеге асыруға болар, бірақ, ол әлі нақты шешімін тапқан жоқ. Осы сөздің дәлелі болар, арнайы шақырылған екінші деңгейдегі банк өкілдері «Келелі кеңеске» келген жоқ. Сірә, олар бұл отырысты, яғни, қазақ тілі мәселесін  «мәртебелеріне сай емес» деп санаса керек… Тек қана «Каспий банк» қана «Қоғаммен байланыс» департаментінен тіл маманы Ербол Алданбаев мырзаны жіберіпті. Ол банк жүйесінде қазақ тілінің мүшкіл жағдайын ашып айтты: «банктер саласында тіліміздің кенже қалуына өз қазақтарымыздың қазақ тіліне деген енжарлығы да әсер етіп отыр. Көбі қалыптасқан әдетпен орыс тіліне жүгінеді. Тіпті, банкоматтар мен терминалдарда да орыс тілін таңдап, сол тілде қызмет алады. Сұраныс жоқ жерде ұсыныс жоқ. Сөйтіп, біз осының бәрін біліп, қадағалап отырған банк басшылығы алдына барғанда үніміз де жарқын шықпай, міңгірлеп-ақ қаламыз…Басшылар интернет-сайттардан қазақша қанша ақпарат алынғанын, қызмет көрсетілгенін бақылайтынын біз білеміз. Сондықтан, «қазақ тілін дамыту» туралы олардың алдына келгенде жүзіміз жасық болып тұрады. Яғни,  «тіл неге дамымайды?» деп талап қоюдың, оны қаржыландырудағы қиындықтың бір ұшы өзімізге келіп тірелерін ескере бермейтініміз өкінішті» деді… 
Келелі кеңесте Тіl-audit.kz сайты жүргізген банк интернет-ресурстарына мониторинг нәтижелерімен Дина Иманбаева таныстырды. Дайындаған сюжеттерден сайттардағы өрескел қателіктер «көз ұялатындай» екенін көрдік. Бұған Дос Көшім «Тілді дамытамыз десек «аудармадан» құтылу керек. Біз жазсақ та, айтсақ та  − алдымен қазақша ойлап, қазақша айтып-жазайық. Болмаса, «калька тіліне» айналып кетуіміз мүмкін. Ондайда − қазақ тілі сауатсыз аудармашылардың ықпалында қалады» деген реплика айтты. Соның көрінісі шығар, беделді бір банк дәретханасының маңдайшасында «М»,«Ж» деген тақтайшаның әлі қаз-қалпында тұрғанын Достың қырағы назары тыс қалдырмапты. Ол залда күлкі тудырды, бірақ, шынын айту керек, банкілердегі қазақ тілінің жағдайы тым аянышты екені рас. Оған күлу емес, жылау керек!..
 Сонымен, дөңгелек үстелдегі әңгіме түйіні мынау болды: 1. Қазақ тілі үстемдік алу үшін Банк саласы ғана емес, қоғамның өзі тілді кеңінен қолдануды әдетке айналдыруы қажет; 2. Әрбір қазақ, ұлт патриоттары, отаншыл Қазақстан азаматы барлық жерде оның орындалуын өзгелерден талап етуі тиіс; 3. Ал, аударылмайтын, халықаралық терминдерді қолданғанда оның орыс тіліндегі емес, ағылшын тіліндегі нұсқасына басымдық беру керек. Себебі, халықтың қалаумен емес, үкіметтің пәрменімен жүзеге аса бастаған «үш тұғырлы» тіл саясаты жағдайында Әзімбай Ғали айтқандай «Мектеп пен Жоғары оқу жүйесіне ағылшын тілін енгізу, негізінен, орыс тілі есебінен болу керек. Егерде орыс тіліне елімізде қайтадан үстемдік берсек, қазақ тілі тағы да шегінуге мәжбүр болады. Егерде, біз ағылшын тіліне ерік беріп қазақ тілін қорғасақ − ағылшын тілі орыс тілін өзі ығыстырады». 
Мінеки, біз сөйтіп, қаржы мен кәсіпкерлік саласында қазақ тілінің қолданылуы туралы Алматыда «Келелі кеңес» өткізіп жатқанда, Ақтөбе жақтан «Қытай мұнай компания басшылары қазақтардан қытай тілінен емтихан тапсыруды талап етіп жатыр» деген хабар келді… Бірақ, іле-шала өткен кезекті жиында Қытай компаниясы басшыларына облыс әкімі Б.Сапарбаев Қазақстанда қашанда қазақ тілінің мәртебесі үстем екендігін ескертіп өтті. Жалпы, бұл әкімнің жұмысы емес. Бұл − ендігі заңмен реттеліп қойылуы тиіс мәселе болып табылады! Ендеше, біз бүгінгі тілдегі «үш тұғырымыз» біртіндеп «төрт тағанға» айналып кетпесе болғаны деп тілелік − төрт аяғымыз төрт жаққа кетсе не болғанымыз?!
Жоғарыда біз «тіл мәселесінің» қа­лайша «саяси мәселеге» айналуы мүмкін екендігіне біршама тоқталып өттік.  Иә, халықаралық деңгейде тәуелсіз мемлекеттің өз мемлекеттік тілі бола отырып, оған тиесілі функцияны өзге мем­лекеттің тіліне беріп қойғаны түсініксіз, әрине. Саясаткерлер оны «экспания көрінісі» деп, ондай жағдайға оң көзбен қарай бермейді. Бұның мемлекет билігіне абырой әпермесі анық. Оған қоса, осындай жағдай қалыптасқанда мемлекет халқын «өркениеттен тыс», «мәдениеті төмен» деп бағалауға жол ашылады. Соңғы кезде бұл мәселе «боратизм» деген атпен ғылыми айналымға ене бастады. Өкінішке қарай, батыс әлемінде оның басты кейіпкері болып қазақ ұлтының танылғаны – тарихи тұрғыда әділеттілік емес.  Қазақ тілі – егер, оны дұрыс қолданған жағдайда −  қоғамдық өмірдің кез келген саласын қамтамасыз етуге қабілетті! Өзінің сөз қоры  жағынан қазақ тілі түркі тілдері арасындағы ең бай тілдің бірі. Бұл – артық айту емес.  Бірақ, солай бола тұра, өзара орыс-қазақ тілді болып бөлініп алған қазақ жұрты мемлекеттік тілге қатысты сұрақтарда «боратизмге» жол беруін жалғастыруда. Яғни, мәселеге тереңірек қарасақ – «мәселе тілде емес, өзімізде болып  тұрғанын» байқаймыз.  Мысалы, жуырда қоғамда орнықты ойы, айтар сөзі бар мемлекетшіл азамат, кәнігі журналист Марат Тоқашбаев өзінің фейсбук парақшасында былай деп жазды: «АЛЖАС АМАРОВИЧКЕ АЛҒЫС. Универсиадаға дайындық мәселелері жөніндегі Алматыда 16-ақпанда өткен жиын барысында Мемлекет басшысы «Егер, азамат орыс тілінде сұраған болса, оған орысша жауап беру керек. Орысша өтініш жасаған адамға қазақ тілінде жауап берген адамды жариялы түрде жұмыстан қуу керек» дегені бәріміздің есімізде. Осындай мәлімдемеге не себеп болды екен деп біраз жұрт бас қатырған.    
Кеше «Казачий курьер» деген газет­сымаққа көзім түсіп, қарап отырсам, онда ақпан айының басында өткен Қазақстанның Орыс, казак және славян ұйымдары Үйлестіру Кеңесінің ІІІ есеп беру-сайлау сьезінде сөз сөйлеген Олжас Омарович Сүлейменов былай депті: «Также я очень внимательно слушал всех вступающих. И многому поражался, потому что многое, что касается отношения между языками, мне было не так хорошо известно. И я согласен с теми кто сказал, что пренебрежительное отношение к русскому языку работает против единения казахстанского народа. Такое отношение нарушает движение к тем самым целям, к которым мы каждый день себя призываем: мир, стабильность, межнациональное согласие. По сути дела, те «мелкие» чиновники, не зависимо от рангов, «мелкие» политики, которые нарушает Закон о языках, выступает против Казахстана, против нашей независимости, против нашего будущего. А это значит, что большая мина заложена под Казахстаном и часы тикают. Это я почуствовал и это не может остановить нас равнодушными.  …Я доведу до Главы государства все вопросы, которые вы справедливо здесь поднимаете» («Казачий курьер», №2 (130) февраль 2016 г, 13-стр).       
Елбасы оны 12-ақпанда қабылдады. 16-ақпанда Елбасы «орысша өтініш жасаған адамға қазақ тілінде жауап берген адамды жариялы түрде жұмыстан қуу» туралы тапсырма берді. Өзінің Ата тілін қорғаған Алжас Амаровичке біз шексіз алғысымызды білдіреміз!» депті. 
Не деген сарказм! Бірақ, қуанатын жағдай емес. Олжас, кезінде, бүкіл қазақ жұртының ту етіп көтерген  ақыны еді. Енді, міне, қазақ тілін қорғаудың орына қорлауға көшкен әрекетінің арқасында «Алжас» деген күмәнді атаққа қол жеткізді…  Бұл дегеніңіз О.Сүлейменовтың жеке басындағы ғана емес, нағыз ұлттық трагедия емес пе?! 
Тіл мәселесі одан кейін де өз жалғасын тапты: содан бергі азғана уақыт ішінде елімізде  кезекті Ғылым және Білім министрінің ауысуы болды. Жаңа министр орнына келе салысымен тіл мәселесін одан әрі шиеленістіре түсті. Ол: «ғылым негізі – ағылшын тілінде» деген бұрыннан келе жатқан тезисті қайта жаңғыртып, мектептерде нақты ғылыми пәндерді ағылшын тілінде оқытуды жеделдететінін мәлімдеді. Оған бірінші болып әлемге танымал математик, академик Асқар Жұмәділдаев қарсы шықты: «Қазақ баласы математикаға жүйрік келеді. Себебі, қазақы тәрбиемен өскен қазақ баласының кеңістіктік ойлау жүйесі жақсы дамыған. Қазақ тілін ғылымнан ажырату қате. Мен математика ғылымында қандай да бір дәрежеге жетсем – ол қазақ тілінде тәрбиеленіп өскенімнің арқасында!» деп мәлімдеді…  Біздің де академиктен асырып айтарымыз жоқ. Ал, тіл мағынасын үстірт ұғатындардың есіне мына сөзді саламыз: «Басшы – келеді де кетеді! Ал, қазақ тілі – халқымен бірге мәңгілік жасай береді!». Одан басқа не деуге болады?! 

Алдыңғы «
Келесі »