Ленинді «нағыз пайғамбар» деп тану немесе Алаш зиялылары және дін

  • 06.04.2016
  • 1074 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Маржан СӘБЕТ,
журналист

Жердің жүзін дәл тауып,
Ешбір дін жоқ орныққан.
Бәрінде де бар қауіп,
Дін көбейді сондықтан.

(Ш. Құдайбердиев)

Әр халық мемлекет болып қалыптасқаннан кейін дінімен тілінің жойылмай, ата-дәстүрін сақтау арқылы дамуын ең басты орынға қояды. Осы күнде дінге қатысты біраз шиеленістер мен дау-дамайлар белең алып бара жатқаны жасырын емес. Оның басты себебі, әлемдік діндердің өзара тармақтарға бөлініп, өзгеше ағымдардың пайда болуы. Адам қанша жерден діндар, тақуа болса да оған ең алдымен иман керек. Бұған Абай Құнанбаевтың: «Имансыздың сыртын қанша жусаң да, іші оңбайды», – деген сөзі дәлел. Қожа Ахмет Иасауи бабамыз да: «Ең алдымен иманды түзеу арқылы адамды, сосын ортаны, содан кейін заманды түзетуге болады», – деп, иманды алғашқы орынға қояды. Иманы, ары, адамгершілігі бар адам ешқашан да опасыздық жасамақ емес. Отанды сүю шынайы иманнан көрініс табады. Имансыз адам Отанның қадір-қасиетін де, маңызын да білмей өтеді. 

Ислам діні қазақ даласында ең алғаш Қарахан мемлекеті мемлекеттік дін деп жариялағаннан кейін тарай бастады. Содан бастап ұлан байтақ атырапта ислам діні  ұстаным болып  келеді. Ислам сөзі «бейбітшілік, мойынсұну» деген мағынаны білдіреді. Қызыл империя салған 70 жылдық зобалаңнан кейін, атеистік көзқарастардан бізді дін мен дәстүрдің сабақтастығы алып шықты. Әсіресе, қазақ елі үшін салт-сана, тіл мен дінді насихаттауда алаш зиялыларының ықпалы зор болды. Қылышынан қан тамған Ресейдің саясаты жүріп тұрған заманда дәл сондай азаматтардың болуы қажет еді. Бүтін бір елді боданына айналды­руды көздеген отаршыл үкімет халқымыздың дәстүрлі діні мен мәдениетіне ауыз сала бастады. Қазақ даласында және Түркістан өлкесінде миссионерлік жолды басты қару етіп, шоқындыру, орыстандыру әрекеттерін жүзеге асыруды көздеген-ді. Олар мұ­сыл­мандық мектептерді, медреселерді жауып, орнына аралас қазақ-орыс мектептерін ашуға үлкен күш салды. Кеңес жиналысы кезінде мемлекеттік думада Б. Қаратаев: «…Кішкентай қырғыз-қазақ ордасындағы қазақтар 1731 жылында Россияға қарауды қабылдады. Еш шүбәсіз ол кездерде олар шын иманды мұсылман еді. Соның үшін олар Россияға қарауларын мұсылман ша­риғаты бойынша Құранды сүйіп бекітті. Императрица екінші Ека­тери­наның заманында 1775 жылда Орын­борға қараған мұсылмандар үшін мүфтидің қол астындағы Орынбор духовный собраниясы ашылған кезде бұл жақтағы қырғыз-қазақтар да оған қарайтын болды. Бұл мезгілде императрицаның бұйрығыменен Орын­­бор мен Троицкіде мешіт салын­ды. Императрица Екатеринаның қазақ­­тарды Орынбор духовный собраниясына қаратудағы басты мақсаты қазақ даласында ислам дінін тарату емес еді. Неге десеңіз, қазақтар онсыз да мұсылман еді. 1860 жылы Орын­бордың пограничный управлениясында, соңынан Қазанның бұратана школын басқарушы миссионер чинов­ник Ильминский деген шықты. Бұл адам: – Қазақтар мұсылман емес, «Шаманный» деген дінсіз халық. Оларды проваславныйға айналдыру бек оңай, – деп хүкіметті осы сөзімен нандырғысы келді. Мінеки осындай халдер хүкі­меттің 1860 жылдардан бастап қа­зақ­тарды орыстарға бейімдетудің себебінен болса керек. Бұл әншейін елеусіз хал емес. Өз жерлерінде діни ғылымын оқуға болмайтын болған соң, қазақ жігіттері қазірде, Бұқара, Хиуа, Орынбор, Бейрут, Медине, Стамбол, Қазан, Мысыр сықылды зор шәһәрлерге таралып кетіп оқи бас­тады. Оқып, оқу бітіріп қайтқан соң, жасырын мектеп-медресенің санын көбейте бастады. Осы қалпы әлі де күш алмақта», – деп, баяндама жасағаны баршамызға аян. Алаш зиялыларының басты қорқынышы дінсіздік еді. Кеңес өкіметі билік құрағаннан бастап, ме­шіттер, медреселер жойылды. Молдалар мен имамдар қуыла бастады. Ол туралы Әлихан Бөкейханов: «Прокламацияға байланысты қазақтың әйгілі игі жақ­сыларын, молдалары мен жаңаша оқыған мұғалімдерін алғаш рет саяси тұрғыдан тінтіді. Кітаптары, хат-жазбалары тәркіленді. Бірақ, оларды 2-3 жылдан соң азаттық күндерін қайтарып берді. Наурызбай (ел оны құрметтеп, сыпайы атпен Науан дейді) Таласұлы шәкірттерімен бірге жер аударылды» деп жазады. Қазақ даласының небір саңлақтары алдымен ауыл молдаларынан хат танып, сауат ашқаны ақиқат. Одан әрі білімдерін толықтырып, ғылымға ден қойды. Кеңестік саясаттың кең етек алуы қазақ халқының дінсіз болып кетуіне ықпал етті. Атеис­тік көзқарасты ұстанған азамат­тар кеңестік уақытта шыға бастады. Қазақ қанша мұсылмандықты ұс­танса да, атеистік көзқараста болса да дәстүрін ұмытпаған. Дәстүр мен діннің біте қайнасып, қатар жүретінін уақыт әлдеқашан дәлелдеп қойған. Белгілі дінтанушылардың өзі «дін – кеңес үкіметі тұсында дәстүрдің сақ­талып қалуының арқасында жойылып кетуден аман қалды» деген тұжырымдаманы алға тартады. Сол сияқты, Алаш зиялыларының көптеген еңбектері ағартушылыққа бағытталды. Діни бағытта болсын, ғылыми бағытта болсын қазақ азаматтарының сауатты болып шығуы аса қажет еді. Оған себеп, Ресейдің орыстандыру мен христиандандыру саясаты болғанын тілге тиек еттік. Тілі мен дінінен айырылған халықтың тарих сахнасында аты өшпей қалуы мүмкін емес-ті. Дәл осы себеп үшін де зиялы қауым өкілдері барынша күресіп бақты. Сол кезеңдердің жаршысы саналған қазақ баспасөзінің алғашқы қарлығаштары «Дала уалаяты», «Түркістан уалаяты», «Қазақ», «Сарыарқа», «Айқап», «Шолпан» сынды газет-журналдардың ел ара­сында қоғамдық пікірді мыңдаған оқырманға жеткізу барысында айрықша маңыз­дылыққа ие болғаны шындық. Ол туралы «Алаш көсемсөзі: дін мәсе­лесі» атты кітапта Л. Н. Гумилев атын­дағы ЕҰУ профессоры Қайрат Сақ: «ХХ ғасырдың басында Қазақ елінің өркендеуі жолында діннің алатын орны туралы Алаш зиялыларының арасында екі жақты көзқарас қалып­тасты. «Айқап» журналында: «егер, қазақ мемлекеті құрылатын болса, ислам дінінің заңдылықтарына, яғни, «шариғатқа» негізделу керек» деген пікір басымдық танытса, «Қа­зақ» газетін шығарушылар қазақ мемлекетін Европалық жүйемен бас­­қару керек деген пікірде болды. Сөй­те тұра, олар ата дініміз исламды, салт-дәстүрді халықтың маңыз­ды рухани құндылығы ретінде көздің қара­шығындай сақтауды ұстанған. Осы екі идея халық арасында қоғамдық пікір тудырды. Бұл мәселе – бүгінгі күні де өзекті», – деп жазған болатын. Алаш зиялыларының көздеген мақсаттарының ең өзектісі қазақ баласына, еліне жан­ашыр­лық таныту, ұлттың еркіндігі мен азаттығын алу, діні, тілі, мәдениетін сақ­тау екендігіне шүбә келтірмегеніміз жөн.
Алаш қозғалысының өрістеуінде ис­лам дінінің орнын айрықша атап өт­кен дұрыс. Оған үш түрлі себеп бар: біріншіден, алаш зиялыларының иман­дылығы, екіншіден, мұсылманша тәр­бие көріп, білім алуы, үшіншіден, ұлтқа деген шынайы жанашырлық. Қозғалыстың қарқынды жүргізілуіне Мұсылман съез­дерінің, Мұсылман фрак­циясының, «Шура-И-Ислам» сияқ­ты қоғамдық саяси ұйымдардың ықпалы зор болғандығын байқаймыз. Аты аталған ұйымдардың ішінде «Шура-И-Ислам» саяси ұйымы 1917 жылы мамырда Мәскеуде өткен бүкілресейлік мұсылман съезінің шеші­міне сәйкес құрылды. Бұл ұйымның негізгі қызметі: біріншіден, мұсыл­мандардың, екіншіден, олардың қоғамдық ұйымдарының Құрыл­тай жиналыстарына дейінгі іс әрекеттерін қадағалап отыру. Бұл саяси ұйымның құрамында Ж. Салихов, Ж. Досмұхамедұлы, У. Танашев, Ж. Ақбаев, К. Төгісов, М. Шоқай, Ш. Мұхамедияров және т.б. ұлт жанашырлары болды.  Ұйым өз жұмысын тек Қазан төңкерісіне дейін жүргізді. «Алаш»    партия­сы­ның    бағдарламасына да дін ісі же­ке тарау ретінде енгізіліп, күн тәр­тібіндегі басты мәселелердің бірегейі ретінде қарастырылды. Яғни, партия бағдарламасының ІV тарауында «Дін ұстану туралы мәселе» деген тақырыппен беріліп, ол жерде: «біріншіден, шіркеудің мемлекеттен бөлінуі. Заң алдында барлық дін тең, яғни ешқандай діни ілімнің басқа дін­дерден артықшылығы болмайды. Екін­шіден, қандай діни ілімнің болса да таралу бостандығы, діни наным таңдау бостандығы. Қырғызия үшін татарлардан бөлек жеке муфтият құру. Үшіншіден, неке, ажырасу, туу мен өлуді тіркеу молдалардың (діни адамдар) қарауында қалады, ал қалыңмалға байланысты істер сот органдарында қаралады», – деп көрсетілген.
Алаш зиялыларының еңбектерінен олардың молдасымақтармен күресіп келгенін анық байқаймыз. «Құран ұстап оңдырмас жалған ғалым» (Қожа Ахмет Иасауи) демекші, дін жалғандықты кешірмейді. Алаш зиялылары ой өрісі, идеялық мақсат-мұраттары жағынан демо­краттық-халықтық, гуманистік-ағар­­тушылық бағытты өмірінің соңына дейін құптап өтті. Ислам дініне аса мән берген қайраткердің бірі Шәкәрім Құдай­бердіұлы. Ол өз шығармаларында Алланың берген адал жолын, Құран сөздерін және Пайғамбарымыздың (с.а.у.) хадистерін мысалға ала отырып, ұлты­мыздың ата дінімізден алшақ­тамауын уағыздады. Дінінен безіп, дін бұз­ған­дарды қатты сынға алды. Оны мына өлең шумақтарынан аңғаруымызға болады:
Бұл кездегі діндердің бәрі нашар,
Ешбірі түзу емес көңіл ашар.
Өңкей алдау, жалғанды дінім дейді,
Тексерсең, ойың түгіл жаның сасар.
Әлемдегі діндердің түп мақсұты
Үш нәрседе бұлжымай құшақтасар:
Құдай бар, ұждан дұрыс, 
            қиямет шын,
Еш діннің мақсұты жоқ мұнан асар.

Дін адамды бір бауыр қылмақ еді,
Оны бөліп, дұспандық қару жасар.
«Інжіл» «Құран» – бәрі айтып 
            тұрса-дағы,
Адасып ардан күсіп қара басар.
Сөйтіп бұзып бүлдіріп, есіл дінді,
Дін десе білімділер тұра қашар.
Ешбір дін өйтіп дұспан бол демейді,
Қанеки, бұл сөзіме кім таласар?

Ш. Құдайбердіұлы «Мұсылмандық шарты» атты кітабында адам хақы, хайуан хақына қатысты, адамның жақсы, жаман мінездері, күнә, тәубә, ниет, т.б. істер жөніндегі шариғат үкімдерін жіктеп жазады. Ислам дініндегі парыз, уәжіп, сүннет, мүстәни, мүбах, харам, мәкрүһ, мәфсад сияқты істерге түсінік береді. Күнделікті тұрмыста кезігетін мал сою, неке қию, қарыз беру, жерге, суға иелік жасау, аманат, ақы алу, т.б. жағдайларға байланысты шариғат үкімдерінің әрқайсысын жеке-жеке таратып түсіндіреді. Бес уақыт намазын қаза етпеген қазақ атамыз даналықтың озық үлгісін көрсете білген. Ешқандай өзге діннің жетегінде кетпей-ақ қазақтың дәстүрлі дініне берік болған. Әлемде көп діннің пайда болуы жақсылыққа алып бармас. Ол сол заманда-ақ  анық байқала бастады. Шәкәрім Құдайбердіұлы «Дін» атты өлеңінде:
– Жер жүзінде қарасам,
Неше түрлі халық бар,
Дін, иманын санасам,
Мыңнан артық анық бар.
Бұл қалай деп ойласам, 
Мұның да бір сыры бар,
Терең ойға бойласам,
Дәл мынадай түрі бар:
Жардың шашы сансыз көп

Ол санауға келмей тұр.
Анық нұры осы деп,
Әркім бір тал ұстап жүр.
Біреу отқа жағынды,
Нұрдың түбі құдай деп.
Не суретке табынды,
Олай емес, былай деп.
Бірі: «құдай бір десе»,
Бірі айтады: «көп құдай».
Бірі: «тәңірі – Күн десе»,
Бірі дейді: «жоқ құдай».
Міне, осыдан байқалды, – 
Бәрі іздеп жүр иесін.
Табамыз деп ойға алды.

Жаратқанның киесін, – көп діннің ішін­де адасуға жол жоқ екенін аңғартады. Адам баласы шыр етіп дүниеге есігін ашқан күннен бастап нәсілге, дінге, елге бөлінеді. Ата-бабасының мирас етіп қалдырған сара жолын өзінен кейін­гі ұрпаққа аманаттайды. Алаш қай­раткерлері қандай бастама көтерсе де  ең алдымен келер ұрпақтың кемел болашағы үшін көтерді. Адалдықты, имандылықты, адамдықты, жақсылықты үндеді. Онсыз да надандық билеп тұрған заманда адамдардың ғылым мен білімге ден қойып, тіпті болмағанда мұсылманша сауат ашуын құптады.
Сол замандағы жазбаларға көз жүгіртсек, бай балаларына қарағанда жарлы балалары білімге көбірек бет бұрғанын байқаймыз. Мұсылманша мектептерден білім алған көзі қарақты азаматтардың ел ішінде бала оқыту ісіне белсене араласуының арқасында надандыққа, қараңғылыққа тұсау салынды. Мұсылманша сауат ашудан бөлек орысша оқуға, салалық пәндерді меңгеруге қызығушылық арта түс­кен-ді. Қазақтың мұң-мұқтажын ар­қа­лаған, көп болмаса да, санаулы басылымдардың жарық көруінің өзі алаштың айбарына айналды. Қазақ даласындағы санаулы басылымның саны едәуір дамып кеткен Еуропа басылымдарынан аз болса да, сапа жағынан еш кем түскен емес. «Қазақ» газетінде жарияланған Ахмет Байтұрсыновтың «Бас­тауыш мектеп» мақаласында: «…Хү­кі­метке керегі мемлекеттегі жұрттың бәрі бір тілде, бір дінде, бір жазуда болу, әр халыққа керегі өз діні, тілі, жазуы сақталу. Солай болған соң, бастауыш мектеп, әуелі, миссионерлік пікірден, политикадан алыс боларға керек, яғни қазақтың діні, тілі, жазуы сұмдық пікір, суық қолдан тыныш боларға керек. Қазақ дінге нашар күйден өткен, енді қазақты басқа дінге аударамын деген құр әурешілік. Қазақты дінінен айыруға болмаса, жазуынан да айыру болмайтын жұмыс. Араб әрпі ислам дінімен бірге келіп, қазаққа орнаған. Дінмен байласқан жазу дін жоғалмай, жоғалмайды. Қазақта газета, журнал, кітаптар жоқ кезінде жоғалмаған тіл газета, журналы шығып, кітаптары басылып, жылдан жылға ілгері басып келе жатқанда, қазақ тілі жоғалмас. Олай болса, мектеп арқылы қазақтың дінін, тілін, жазуын жоғалтып, орыс­шаға аударамын деген пікірден үкімет безіп, тиісті бастауы мектеп екі жаққа да зиянсыз, пайдалы болуын көздеу», – деп жазуында үлкен мән бар. ХХ ғасырдың басында өлкеде 5892 мектеп пен 353 медресе болған. Большевиктер мек­тептерде дін сабағы оқытылмасын деп шығарған пәрмені туралы Қазандағы ғұламалар қауымы кеңесіп: «Ислам дінінің бұйрығы бойынша әрбір мұ­сылман адамға дін үйрену һәм үй­рету парыз. Жас балаға жеті жасқа жеткен соң дін үйрене бастау керек деп пақырымыз айтқан. Егер, қазіргі пәрменмен іс қылып, мектептерде дін сабағы тоқталса, шариғаттың әмірін орнына келтіру мүмкін емес. Және дейді басқа түрлісін түсіндіріп оқыту халқымыздың сүреңін бұзады. Бұған шейін де талай таршылыққа шыдаған халық мұнан былай да шара тауып, әр түрлі мектеп-медреселерде дін сабағын тоқтатпай оқыта беруге тырысу керек. Дін сабағы тоқталса, бүкіл мұсылман һәм молла атаулы жауапты, күнәһар болмақ. Бұл туралы Қазан ғұламалары дайым бүкіл Россия ғұламаларының кіндік ұйым ережелері де қарсы тұрмақ жәһәтінде», – деп қаулы жасаған. Ел ішінде жазба әдебиетке  мұқтаждық бұрынғысынан да арта түсті. Бұл мұқтаждық дін кітабын, ағайын түріктердің кітаптарын оқуды уағыздады. Қазан қаласында діни кітап­тар, қиссалар басылып шығып жатты. 
«Дінді апиын» деп санайтын Ленин бастаған Ресей дінсіздері мұсылман дінбасыларын «жер реформасының» пайдасын уағыздауға мәжбүр етті. Мәскеу большевиктері дәл сол сәтте «жер төңкерісін» «жер реформасымен» ауыстырған-ды. Алайда, мұны дін­басыларының көмегінсіз, шари­ғаттың қолдауынсыз іске асыра алмайтынын сезді. Сол себептен де жаңа қулық іздеп тауып, өз айлаларын асыруды көздеді. Дінбасылары өз дәрежелерін пайдалана отырып, арнайы кеңес үкіметі тарапынан қолға алынған жер реформасының шариғат қағидаларына қарсы келмейтіні туралы үгіт-насихат жүргізуге тиіс болды. Ленин мен Мұхаммед пайғамбардың рухани бір-бірлеріне өте жақын екен­діктерін көрсету мақсатымен ма­қа­лалар жазыла бастаған-ды. Ташкент газеттері мақалаларында Ленинді «на­ғыз пайғамбар» деп танып, насихаттады. Сол кезеңдерде жеке басқа табыну әрекеттері барынша жүргізілгені бүгінгі күні ақиқат.
Осы күннің адамдары «дін мен салт-дәстүрдің арасында кереғар келетін тұстары өте көп» деп санайды. Мәселен, ата-баба әруағына сыйыну. Ата-баба әруағына сыйынған қазақ жоқ. Тек олар ата-баба әруағын тиісінше құрметтей білген. «Әруақтап» ұран тастағанда, мені бір ата-баба әруағы қолдасын демейді. «Әруақ!» деп бабасының атымен атойлағанда жауынгерлік рух жинап, жауының десін басу үшін ұрандайды. Ата-баба рухына құран бағыштап, жеті нан тарату салты да бізде бұрыннан келе жатқан дәстүр. Ал, оны теріске шығарудың өзі адасушылық. Бабалардың мазарының жанынан атамыз қазақ бет сипамай өтпеген. Осы күнде ол дәстүрді «әруаққа сыйыну» деп санап жүр. Ол әруаққа сыйыну емес, әруақты құрметтеу.   Артыңда ұрпағың сені еске алып, әруағыңа құран бағыштаса, ол имандылықтың белгісі. 
Мұсылман дінінің тазалығын, діндер­дің ішіндегі жауһары екенін мойындауымыз керек. Ол туралы Л.Н.Толстой Е. Е. Векиловаға  арнаған хатында:  «Бұл  таңғаларлықтай көрінгенмен, христиандық    мақсат-мұраттар және христиандық    ілімдердің ақиқаттық  мәнін  жоғары бағалайтын мен үшін мұхаметшіл құлшылықтың сыртқы көрінісі жағынан, сөз жоқ,  шіркеудегі  ғибадаттардан жоғары екендігіне еш­бір күмән келтіруге  болмайды. Егер, адамның  алдында  тек қана екі түрлі:  шіркеулік православиені немесе мұсылмандықты ұстану таң­дауы тұрса, онда кез келген ақылға жүгінетін адамның, әлбетте, әрі күрделі, әрі түсініксіз дін ілімі: үштік, күнәдан арылу, шіркеу салттары,  тәңіртуар,  әулиелер  мен олардың бейнелері және күрделі ғибадаттардың орнына, жалғыз Жаратушы мен оның пайғамбарын мойындап, исламды қалайтынына күмән жоқ. Басқаша болу мүмкін де емес, яғни, ілімнің  болмысына  көлеңке  түсіріп және шіркеу сеніміне енген әртүрлі  ырымдар мен  нанымдардың жоқтығы бойынша ғана мұхаметшілдік христиандықтан 600 жыл кейін ғана дүниеге келгені себепті осы шіркеулік сенімнен жоғары тұруы – болмай қоймайтын шындық», – деп жазды. Ендеше, ең асыл дәстүрлі дініміздің ата-баба мұрат етіп қалдырған жолымен жүріп, келешек ұрпақтың тағдырын ойлағанымыз абзал. Алаш қайраткерлерінің дін жолын насихаттаудағы ойларынан бірнеше тұжырым жасауға болады: біріншіден, ата дінінің жойылып кетпеуін ойлады, екіншіден, салт-дәстүрді құрметтеді, үшіншіден, білім алып, ғылым жолында жүруді құптады. Осы тұжырымдарды басшылыққа ала отырып, алаш мұрасын құрметтеу басты парызымыз. Ақиқатты іздеу жолында адасудан сақтасын.  Бүкіл қазақ бірігіп бүтін қазаққа айналсақ, теріс ағымның жетегінде кетпейтініміз анық.

 

 

 

 

Алдыңғы «
Келесі »