АРАЛ АПАТЫ ҚАЛАЙ БАСТАЛДЫ?

  • 06.04.2016
  • 1147 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Назым Жұртбай,
Әл Фараби атындағы ҚазҰУ 
журналистика  фаультетінің 
ЮНЕСКО, халықаралық 
журналистика және қоғаммен 
байланыс кафедрасының аға оқытушысы 

 

Түйін сөздер


Алғашқы қазақ басылымдары, табиғи тепе-теңдік,  экологиялық қауіп, жер экологиясы, экологиялық сауат, экологиялық жұт, экологиялық және демографиялық апат,  экологиялық қауіпсіздік, экологиялық мәдениет, су ресурстары, су қоймасы, ауыспалы және суармалы егістік, Түркістан, Сырдария, «Шолпан» журналы, С. Асфандиров.


 Қазіргі Қазақстанда қалыптасып отырған  экологиялық құрдымның   кө­мейі немесе Арал апаты қалай басталды? Мұның өзі кеңес өкіметінің адамды ғана емес, сонымен қатар табиғатты да аяусыз жазалау саясатымен тікелей сабақтасып жатыр.  Сол тұста, қазақ елімен бірге оның жеріне да отаршылдық пиғылмен қарап, көшпелілер өркениеті ғасырлар бойы сақтап келген  табиғи тепе-теңдікті «кеңестік ұлт саясаты», «пролетарлық көмек», «интернационалистік ынтымақ» деген жалған шовинистік желеумен   аяусыз «қанады». Осыған алаңдаған ке­ңес өкіметінің алғашқы жылдарында жарық көрген «Абай», «Сана», «Шолпан», «Таң», шет елде (Парижде) шығып тұрған «Жас Түркістан» журналдары табиғатты игерудегі экология мәселесіне бұрынғы қазақ басылымдарынан көрі тереңдеп барды.  «Абай» журналында экологиялық сана, экологиялық мәдениет, экологияны ғылыми тұрғыдан игеру туралы Ж.Аймауытов пен М. Әуезовтің алғашқы мақалалары бұл тақырыпты игерудегі жаңа көзқарасты қалыптастыруға жол салды.  Өздерінің тақырып аясында табиғатты аялау мәселесі де қозғалады. Сонымен қатар, сақара жұртына жұмбақ күйін сақтаған табиғаттың тосын апатты құбылыстарына ғылыми түсінік берілді. Ал, «Сана» журналындағы  жарияланымдарда тәрбие экологиясы мен өнеркәсіптік экологиясы және демографиялық экология мәселесі де қосымша тілге тиек етіледі. Әдеби бағыттағы «Таң» журналында  эко­логия тақырыбы экологиялық тәрбие мен экологиялық мәдениет тұрғысынан қарастырылған. Сонымен қатар, «Таң» журналындағы мақалаларда экологиялық құқық сөз болады. Бір назар аудара кететін мәселе, «Кеңестер сотының негізі» атты мақалада жерді күтіп ұстау, эрозиядан сақтау, орманды қорғау, су көздерін тиімді пайдалану туралы арнайы заңдық жауапқа тарту мәселелері анық көрсетілмесе де, заң алдындағы жауапкершілікке тартылуы мүмкін екені жөнінде емеурін етіл­ген түсіндірмелер кездеседі. Мұстафа Шоқайдың эмиграцияда жүріп шы­ғарған «Жас Түркістан» журналында экологиялық мәселелерге саяси көзқарас тұрғысынан баға берілген. Әсіресе, тікелей экологиялық зардапқа әкелетін, суды мол мөлшерде қажетсінетін, сөйтіп шағын өзендердің тартылуына жол беретін мақта шаруашылығына баса көңіл бөледі. Оларға отаршылдық қанау, табыс пен тұтыну мұқтаждығы үшін табиғаттың тепе-теңдігін  орынсыз бұзуға жол берілуі мүмкін екендігіне назар аударады. Солардың арасынан Ташкентте шығып тұрған  «Шолпан» журналын экология мәселесін көтеруде ерекше белсенділік танытқан. Тақырыптарына қарап көтерілген экологиялық мәселелерді танымдық және тұрмыстық, экономикалық экология саласына жатқызғанымызбен де, бұл тақырыптар көшпелі, жартылай көшпелі, жартылай отырықшы қазақ жұрты үшін өмірлік маңызы бар, табиғат­тың игілігі мен шикізатын тұтыну барысында туындаған экологиялық және демографиялық апатқа ұшырататын өзекті, өмір сүрудің нәрін үзетін мәселелерге назар аударған аса маңызды  жайларды қамтыды. Ол жарияланымдарда: тікелей адам өліміне алып келетін   табиғи жұттың, тоспалары нықтап бекітілмеген су қоймаларынының арнасын бұзуынан туындайтын тасқынның, өзеннің басы қажеттен тыс атыздарға бұрылып, пайда­ланылған ыза судан құралған сазды жер­дің орнынан көшуінен пайда болған селдің, немесе бас ағыстары тоспаға ұшырап, су аяғындағы елді күйзелткен қуаңшылықтың кесірінен аштықтан өлімге бойсынуға әкелетін қауіпті  талданып, соның алдын алуға бағытталған ұсыныстар мен қолданылуға тиісті мемлекеттік шаралар қамтылды. 
Кеңестік қысым мен жалаң әлеуметтік ұран бой алдыра қоймаған тұстағы басылымдарда жарияланған экологиялық  мәселелердің негізгі бағыттарын шартты түрде мынадай ортақ тақырыптарға жіктеуге болады.
Бірінші: экологиялық сауат ашу, та­би­ғаттану, табиғаттың қилы апатты құбы­лыстарының себебін түсіндіру, өсім­діктер мен хайуанаттар әлемін таныстыра отырып, оны қадірлеу мен пайдалану жолдарын көрсету, табиғи апаттардан (жұт, сел, дүлей (смерчь), тасқын, қуаңшылық, тоғалақ найзағай (шаровая молня), күн мен айдың тұтылуы, жердің сілкінуі, жыл топшылары, құйрықты жұлдыз т.б.) сақтанудың қам-харакеттерімен таныстыру сияқты мәдени, ғылыми, оқу-ағарту бағытындағы жарияланымдар – жоғарыда аталған басылымдардың барлығында да кеңінен қамтылды. Бұл құбылыстар – табиғатпен тіршілік қарекетін тікелей байланыстырған және оған тәуелді көшпелі, жартылай көшпелі қауым үшін аса құпия әрі қат білім қатпары еді. Осы ретте «Ф» деп қол қойған (Файзолла – ?) автор өзінің «Ғылым не береді?» атты мақаласында «Шын кісі деп айтуға сиярлық болу үшін, адам бүкіл дүниедегі  заттардың не екенін білуге, яғни, бүкіл табиғатты тануға һәм ол табиғатта болатын әр түрлі өзгерістердің себептерін білуі тиіс. Сонда ғана, адам хайуандық дәрежесінен жоғары көтеріледі», – деп жазды (1.164). Жердің, ағаштың, судың, ауаның, аспанның киесі бар деп түсінетін тәңірлік сенімді жадында сақтаған қыр елі үшін мұның барлығы табиғаттың заңынан тыс киелі күштің еркімен болған «жаза», «қарғыс», «зауал» ретінде қабылданды.  Табиғаттың осындай тылсым құпиялары қақында жарияланған «Тауасар есепші» (1.51), «Жердің сілкінуі» (1.142), «Жел, құйын» (1.293-294), «Көктен түскен тас» (1.303-304)  атты мақалаларда көне түркі және қазақ жылнамашыларының табиғат құбылыстарын болжау есебі, көктен түскен құйрықты жұлдыз – метеорит, жердің сілкіну себептері, оның түрлері және келтіретін зияны, жер сілкінісі болуы ықтимал аймақтар, жел мен құйынның пайда болу себептері жөнінде ғылыми пайымдаулар айтылған. Сел мен тасқынның өзін табиғаттың көрсеткен оқыс мінезі, реніші ретінде қабылдайтын бағзылық ұғымдағы қыр жұрты үшін мұндай мағлұматтардың маңызы ерекше.
Осы ретте «Шолпан» журналын шыға­рушылар алқасы табиғатты қорғау мен оны аялауға қатысты ғылыми дәйекті мағлұматтар беруді жүйелі мақ­сат ретінде ұстанған. Журналдың әр санында табиғаттың құпиялары мен жаратылыстың түзілімі, жануарлар мен өсімдіктер әлемі туралы «Ғылым не береді», «Дарвин сөздерінің негіздері», «Өсімдіктердің түзілісі» (Шолпан, №4-5 және жалғасы №6-8  санда), «Ауа», «Молекула», «Бұйымдардың мөлдірлігі һам түсі», «Хауаның барлығына дәлел», «Хауаның қысылғыштығы һам қайт­палылығы», «Хауаның салмағы», «Бұйым­дардың жылылықтан жайылуы, суықтан қысылуы», «Бұйымның сал­мағына қарай орны», «Жел, құйын» (сонда, №6-8  сан) іспетті ғылыми зерттеулерге де орын беріліп отырған. Сол жарияланымдардың ішінде экология мәселесі де көтеріліп, оған ерекше мән берілуге тиісті екенін ескертіп отырған. Осы ретте сол жылдары жарық көрген табиғаттың құпиясы мен тылсымы, өсім­діктер мен жануарлар әлемі туралы мағлұмат бере келіп: «И.Тоқтыбаев. «Жағырафия сөзі», басылып болды, хариталар басылып жатыр. И.Тоқтыбаев. «Түркістан», тізіліп бітуге жақындады. Басығарин. «Күн күркіреуімен най­зағайы не нәрсе», тізілген жоқ», Х. Дос­­мұхамедов. «Табиғат тану» сөзі ба­сы­лып бітті. Суреттері басылып жатыр. Х. Досмұхамедов. «Жануарлар» бірінші бөлім тізіліп бітті. Жуық арада басылса керек. Х.Досмұхамедов. «Жануар­лар» екінші бөлім тізіліп бітуге жақындады» – деген хабарлама да берген (1.1 бет). Мысалы, «Еңбек мектебі» атты мақаласында өнеркәсіптік тұтынудың барынша қарқындап дамуын сай адамның табиғатқа, еңбек шикізатына, оны игеруге және тұтынуға аса үлкен еңбек мәдениеті керек екендігіне қаламгер Ғабдолла Байтасов арнайы тоқталған. Мақалада: «Мә­дениет, тегінде екі түрлі болуға тиіс: бірі – ес мәдениеті, екіншісі – іс мәдениеті. Ес мәдениеті деп – адам баласының ой, пікір, сана саңлауының ұлғаюын айтады. Іс мәдениеті деп – адам баласының тән тіршілігіне азық беретін заттардың жетілуін, яғни, шаруа жайының өркен­деуін айтады» – деген (1.426) пікір айтылады. Осындағы «іс мәдениеті» деп отырғаны – табиғатты құрметтеу, оның өнімін үнемдеу, қорғау, яғни, экология мәдениеті болып табылады. Мұны ол «еңбек мәдениеті», «ең­бек мектебі» деген терминді қолдана отырып, жасөспірімдерді кәсіпке баулуда «іс мәдениетін» басты орынға қояды (1.225-230).
Екінші тақырып, жалпы өткен ғасырдың отызыншы жылдарына дейінгі қазақ халқының алдында өмір мен өлім шекарасын анықтап берген аса зәру әрі мүдделі мәселе – ғасырлар бойы жаттан қан төге қорғаған кең сақарадан қазақтың өзіне ұлтарақтайы бұйырмаған жер мәселесі еді. Өзге қоғамдық басылымдар сияқты «Шолпан» журналы да жер  мәселесіне ерекше мән  берді. Жер және оның байлығын тиімді игеру – сол жылдардағы қоғамдық басылымдардың басты тақырыбына айналды. Жер мен орманды тұтастай пат­шаның меншігі деп жариялаған  1867 жылғы мизамнан кейін құнарлы, сулы, орманды жердің барлығы «мемлекеттік меншік» деп кесіп алынып, қыр елі сортаң, шөлейт, шағылды, сусыз қу медиенге ығыстырылып, олардың жері 1862 жылы басыбайлылықтан боса­тылған қарашекпендерге үлестіріліп берілді. Сөйтіп, өз жерінде отырып өзі жерсіз қалды. Мал шаруашылығы жұ­тады, егіншілік кәсіптен шеттетілді, күн­көрістің өзі қиынға соқты. Соның кесірінен «Ақсүйек», «Аққоян», «Мешін» атты жұтқа ұшырап, ақ таяқтарын ұстап қалды. 
Жұт – көшпелі жұрт үшін он екі жылда бір қайырылып соғатын ежелгі табиғи апат болса  да, жерден айырылған соң күнделікті өлім мен аштық себетін ажал аждаһасына айналды. Бұл адамдардың жан санының кемуіне алып келді, яғни, тек табиғи экологияның ғана емес, сонымен қатар демографиялық экологияның күйзеліске ұшыратты. Оған «Шолпан» журналының 1922 жылғы №2-3 сандарында (қараша, желтоқсан) жарияланған «Түркістанда» мал шаруашылығының осы күнгі жайы һам оның ілгері басуы турасында» атты С. Асфандияровтың көлемді мақаласында:
«…Түркістанда  осы қалып, әзірден бастап жұмысқа керек жылқы мен ірі қараны союдан һәм  Түркістан топы­рағынан шетке шығаруды тоқтат­паса, һәм бұл малдардың көбейтіп ілгері бастыруға тығыз шаралар қарамаса, Түркістанның  көп отырықшы аудандарында көп ұзамай-ақ, малдың орнына адам жегіліп мұнан да гөрі егін шашатын жердің мөлшері кемімекші. Арықтар бұзылмақшы. Мақта кәсібі бітпекші. Һәм басқада Түркістанда жүріп тіршілігі жүдеушілікке қалмақшы», – деп (1.86) ашына жазды. Осындай қысталаң кезеңде Түркістан коммунистер партиясы һам жетінші аймақтық партия конференциясы Түркістан коммунистер партиясының барлық мүшелеріне Ашық хат жариялап, «Күйзелген аудандарды көтеруге, мал шаруашылығын түзетуге, мақта шаруашылығын тірілтуге, су сақтау істерін жөндеуге кірісу қажет» – деген үндеу жариялауға мәжбүр болды (1.21-23). Мәселе – үндеумен шешілмейтін. Сон­дықтан да, Үндеуге қоса жер мәселесіне қатысты барлық қасіреттің түп-тамырын қопарған, «Шолпанның» №1санында «М. Шағырша» деп қол қойған, №2-3 санында «С.Асфандияров» деп өзінің сойын жазған жоғарыдағы конференция барысында пікір алысу үшін дайындаған С.Асфандияровтың көлемді баяндамасы ерекше назар аударады. Мәселені барынша өз заманына лайық зілмен жеткізген ғұлама азаматтың пікірлерінен түйінді-түйінді үзінділер беру арқылы ойымызды ортаға салуды жөн көрдік.

Сонымен, Жер мәселесінің ушығу себебінің түпкі кілтипаны неде?

С. Асфандияров: «1908 жылы Жеті­су облысына хүкметтің һам іштегі жерсіздердің өте назары түседі. Оның есепсіз көп байлығы, «жерінің жақ­сылығы көп, еңбек сіңірмей оп-оңай байып кетеді» – деген хабарлармен іштен қара шекпен лек-лек болып ағылады. Жергілікті халықтың жерін алып, келімсектерді орналастыратын мекеменің аз уақытта істеген ісін көрсету үшін оқушылардың алдына тартамыз.   Қазақ-қырғыздан алып келімсектерге берген жердің көбі бұрыннан мехнаттанып, суғарып, тіршілік қылып келе жатқан жерлер һәм суғаруы үшін көп мехнат керек емес жақсы жерлер алынған. Қазақ-қырғыз пайдасында қалған жерлердің ішінде көбі, тіршілік қылуға жарамайтын бетпақ, иен дала һәм қарлы таулар» (1.24). 
Бұл бөліс қазақтарға қандай зардаптар әкелді?
С. Асфандияров: «Сонымен, келім­сек­тердің орнаған жері Алатаудың етегі. Өзендердің алабы, көлденеңі 15-тен 20-ға (десятинаға – Н.Ж.) шейін жер алып, шегін тартып алып, мал шаруасымен тіршілік қылатын көшпелі қазақ-қырғыз халқының бір жағынан ауыз суына, екінші жағынан мал жайылатын жайылымдарына бөгет болыпты. Күн көретін жерден айырылып, жаздың уақытына қарай жайлау-күзеу деген сияқты жайылым өрісі тарылып, ата-бабасынан бері қарай ие болып меншіктеп келе жатқан қоныстан айырылып нашар күйге түсті.  Өріс тарылғанның зардабынан, мал жұтқа, түрлі дертке, аштыққа ұшырап, ұсақталып кемуге айналды. Бұрын қоныстасы ретпен, бір ру екінші руға жәрдем қолын созып, ата көршілік борышын өтеу деген жоғала бастап, жұқа дәулеттілері малдан айырылып, тамақ асырауы үшін, қасындағы келімсектердің қаласына жалданып малай болып кетті. Тіршілік жүзінде мұндай хәлге түсу күйінің күн көргіштік дәулеттен айырылуы, қазақ-қырғыз халқының өсуі тоқтап кемуіне себеп болды. 1898 жылы әр үйде 5,5 жан келетін еді. 1907 жылы  4,75 жан, 1916 жылы  3,5 жан келетін болды. Осы күнгі есепте мұнан да кем болуы тиіс. Сонымен 18 жылдың ішінде үй басына екі жаннан кеміген, болмаса 520 мың үйден 1.180 мың жан кеміген. 20-30 жылдың ішінде қазақ-қырғыз халқын Еуропаның «мәдениеті мен тарихы» жолына түсіп, зулап кеткендігін көрсетеді ғой!» (1.24).
Жерінен, өзен-көлінен, қыстауы мен ша­бын­дығынан айырылған көшпелілер, сулы танабынан қуып шығарылған дихандар келімсектерге жалшы болып кірді. Тұрмыс-тіршілігі басыбайлы күйге ұшыраған қа­зақтарды алда қандай тозақ күтіп тұр еді?
С. Асфандияров: «Бүйтіп алып істеген жұмыс – бір халықтың шаруасының екіншісі бір түріне зиян келтіреді. Болмаса халықты жоғалтып жібереді. Міне, осы халықтың, әсіресе, жергілікті халықтың мал шаруасына кесірі тиіп отыр. Фабрика, заводы көбірек Россия(ның) жалмауыз байлары қалталарын толтыру саясаты жолына түсіп кетіп, жергілікті халықтың тіршілігіне назарын салмады. Түркістанда мақта шашу жұмысына шұғыл кірісіп, Европаның капитализм ретімен жергілікті халықтың шырынын сору үшін, неше түрлі тұзақтар құрып, мал шаруасымен тіршілік қылатын ха­лықтарды «өлмесең тұрма» деген күй­ге ұшыратты» (1.25).

Енді, не істеу керек еді?

С. Асфандияров: «Мал шаруасымен тіршілік қылатын көшпелілерді осы күнгі малынан айрылып қалмайтын, һәм оны ілгері бастап өсіру үшін, қазірден оларды атамекен жерлеріне түпкілікті орналастыру қажет. Ескі замандағы жер қазынанікі, уақытша көшпелілер пайдалана береді. Хүкімет керек күні сырғанатып айдап жіберіп, тау-тас­қа, бетпақ шөл далаға қаңғыратын қылып, қарасы өшкен күні, (ескі – Н. Ж.) хүкіметпен бірге жер астына көмілді деп санап, бұлар(дың) орнығып отырып тіршілік қылатын жерлері түпкілікті болып белгіленуі керек» (1.26).
Азып-тозған жерді қалай түлетпек, ел қалай күнелтпек?
С. Асфандияров: «1911-нші жылғы есепке қарағанда, Түркістандағы бар малды жылқыға айналдырсақ  7,861,000 бас жылқы болмақшы. Күніне жылқы басына 30 қадақтан шөп берілгенде, бір жылқы(ға) 1.965.260.000 (қадақ)  … пішен керек, қолдан асырағанда ай сайын 163.770.333 пұт пішен керек. Міне, бұл есепке қарағанда бар малды шөппен асыраймын дегенде, Түркістанның бар­лық пішенін бергенде бір-ақ айға жетпекші. Сондықтан, ілім жөнімен таппаса да, тарих жүзінде тіршіліктің тепкісінде мал шаруасымен күн көретін көшпелі халықтар, ата-бабасынан бері қарай(ғы тәсілді қолданып), бір жылдың ішінде тебін, жайлау, күзеу, көктемде малынан қалмай жылжып  көшіп жүруге тура келеді. Сондықтан, Түркістанда мал шаруасын ілгері бастыруға болады. Барлығын қолдан асыраймыз деп, қазіргі күнде қол жетпейтін нәрсеге пышақ ұрмайық» (1.26).
Санжар Асфандияровтың мақаласында көрсетілген көкейкесті жер мәселесі тек Жетісу облысына ғана емес, мұқым қазақ өлкесіне ортақ күйкі жағдай еді. Еділ, Жайық, Ертіс, Есіл өзендерінің бойынан он шақырымдық «жасыл белдеу» белгіленіп, оған қазақтардың мал суаруына да, жайылма шөптерді оруға да, орманды үй салу үшін пайдалануға да, көлден балық аулауға да тыйым салынды. Ал, онсызда құнарсыз жерді тұякесті еткен, қыстық жем-шөппен қамтамасыз етілмеген, тиісті егін де еге алмаған қазақ елі қар ерте әрі қалың түсіп, қыс аяғы созылып кеткен жылдары жұтқа ұшырады. Қолына таяқ қана ұстап қалған ауылдардың саны жыл сайын молая түсті. Бұл мұқым қыр елін жаппай ашаршылыққа ұшыратты. Тек 1921-1922 жылғы ашаршылықтың өзінен Қазақ өлкелік аштарға көмек комитетінің Мәскеуге жолдаған есебі бойнша 1,5 миллион адам аштан өлген. Бұл туралы Ә.Бөкейханов өзінің «Еңбекші қазақ» газетінің 1924 жылғы 28 қазандағы санында М.Дулатовтың тапсырмасымен «Қазақ қанша?» атты шағын шолуын жариялады. Онда:
«1914 жылы Руссиядағы бар адам 161 миллион 700 мың болатын. Ол жылы қазақ қанша еді? 1896, 1907 жылы он жыл аралатып Көкшетау уезіндегі қазақты екі қайта есептеген. Осы екі есепті (өзара) салыстырсақ, қазақ өсімі жалпы адам баласының өсімінен артық көрінеді. Қазақта бір жылда екі жүзге үш адам қосылып өседі десек, 1914 жылғы қазақтың саны 6 миллион 470 мың болған болады.
Соғыс басталғаннан бері 10 жыл өтті. (Сонда) қазақтың он жылғы өсімі 979 мың. 17-21-жылдарда алаш жайын (елін) сүзек жайлады. 1917-жылы Түр­кістан, 1921-жылы Қазақстан жұ­тады. Ашаршылық болды, адамдар аштан өлді. Сонда қазақтың 10 жылғы өсімі өлді десек, осы күні қазақ 6 миллион 470 мың болады. Сүзектен, аштан өлген адам (саны) 970 мыңға есеп десек, өлікті көбейткен (де), осы күнгі қазақ санын азайтқан да (сол есеп) болады. 6 миллион 470 мыңнан 970 мың адам өлсе, бұ өзге сөзбен айтқанда жүзден (жүз адамға шаққанда) он бес (адам өлген) болады. Бұл не? Бұ мынау алаштың жайында (елінде) ашы бар, тоғы бар, ауруы бар, сауы бар, 20 үйден 15 адам өлдіге (есеп) болады.
Қазақ өтірік айтсын, есепші (бұл ара­да Ә. Бөкейханов ашаршылықтың құр­бандарын кемітіп жазған кеңес хатшыларын мекзеп отыр – Т.Ж.), көр соқырша жерді қармап есебін жаза алмасын, (сонда да) осы күнгі Түркістан (мен) Қа­зақстанның қазағы (мұнда Бұқара мен Хиуа қазағы жоқ) 6 миллион 470 мыңнан кем емес», – деп (Бөкейханов Ә. Қазақ қанша? «Еңбекші қазақ», 1924 жыл, 28 қазан) жазды.
Сондықтан да, жер  мәселесі эколо­гиялық та, демографиялық та апаттың ушы­ғуына алып келетін басты өмірлік мәселе еді. Кеңес үкіметінің бастапқы тұсында сол шиеленіскен күйінде сақталып қалған жер және оған меншік, бұрынғы жерлер мен каналдардың байырғы иесіне қайтарылуы, оны өңдеу, көшпелі және жартылай көшпелі тұрмыс салтына бейімделген жер нормасын сақтау мемлекеттік кезек күттірмейтін шара болатын. Бұрынғы қоныстанған қара шекпендер құнарлы жер мен су көздерін, арық пен тоған бойларын, қыстаулар мен шабындықты байырғысынша иемденіп қала берді. Тек 1922 жылы ғана кеңес өкіметінің «Жер туралы заңы» жарияланды. Алайда, онда Қазақстан, Түркістан, Кавказ өлкелік республикаларындағы қоныстанушылар мен жергілікті тұрғындардың арасындағы жер қатынасы анық шешілмеді. Керісінше, шет аймақтарға тағы да қоныстанушыларды әкелу жоспарланды. Жерді маусымдық қана пайдалануға құқық берілді. 
«Шолпан» журналының 1922 жылғы №1 санында жарияланған Аскаловтың (Асқаров – ?) «Жер қақында шыққан жаңа заң» (Қазақ-қырғыз облыстарының болашағы) атты мақаласында көшпелі, жартылай көшпелі шаруалардың, жартылай мал шаруашылығына сүйенген отырықшы дихандардың жерді пайдалану тәртібі, жайлау, күздік, тебін, қыстау сияқты жер телімдерінің сақталуы туралы айта келіп, жерді бір маусымға емес, тұрақты меншіктеп беруді ұсынады. Ол өзінің пікірін: «Мұндай күйде, сол жерге, қатарынан он жылға бидай шашпайсың, себебі, жер аз, шығымы кем басқа жерге аударып шашатын жер жоқ. Келесі жылы осы жер өзінде қалуына көзі жетпесе, иесі көңілсіз болып, жерді аздырмаудың қамын жемейді (Жердің құнарлылығын сақтау үшін) жоңышқа, бақша шашу (егу) жұмыстары берекелі болады. Егер де,  дихан  ол жер бір-ақ жылдық болмағанда, (оған) орнықты егін егер еді (Сонда, 27 бет)… Осы күнде, әр жерде, уездерде, облыстарда һәм кіндікте жер жанжалын қарайтын һәм шешетін комиссиялар түзіліп жатыр. Ол комиссияда – жер бөлімінің бастығы, жер мәселесін шешетін мекеменің уә­кілі, су бөлімінің адамы, заң бөлімінің бастығы һәм қосшы ұйымының бастығы бар (1.9 бет)», –дей келе жерді эрозияға ұшыратпаудың да қажеттігін емеуірін етеді. Заңға түсіндірмедегі: 
«Жер хақында шыққан жаңа заң, жалғыз ғана жер реформасының нәтижесіне ғана бекітпей, әрбір түрлі шаруа менен тіршілік қылып отырған ауылдардың  жерін сақтау… жаңа заң жерді қай түрімен пайдалану ретінде кең жол беріп отыр» дегендегі (сонда, 30 бет) «әрбір түрлі шаруа менен тіршілік қылып отырған ауылдардың  жерін сақтау… жаңа заң жерді қай түрімен пайдалану» деген тіркестердің астарында жер экологиясын сақтау, яғни, топырақты тоздырмау мәселесі мекзеліп отырғаны анық. Бұл Түркістан Кіндік атқару комитетінің 1922-жылы 5-қыркүйекте шығарған «Жер туралы» ІІІ қаулысының  4-бабындағы: «жер берілгенде жердің маңызы (құнарлылығы – Н.Ж.) еске алынып, бөлініп шығушыларға жер пайдаланудың керекті түрін (яғни өтімді дақылды – Н.Ж.) қолдануға ықтияр берілмейді» – деген (1,59 бет) жолдар жер экологиясын сақтауға бағытталған заңдық норма болып табылады. Оны орындау жолдары 7-бапта: «Жерді бөлуге шығушылар, һәм қалушылардың пайдасын тең ойлап, жердің берекесін алмас үшін, жерді бүйректесе арасына кісі жері қосылып, бөлшектенбей, жер арасы қашықтанбай су һәм жолдар менен пайдалану жағы тағы бұзылмай, һәм жердің шекарасы қисаймай, осылар сияқты басқаша реттерде еске алынып бөлінуі тиіс. Осы қаулыға лайықтап жер пайдаланудың бір түрінен екінші түріне өту үшін, жерді қайта бөлу һәм көпшіліктен шығушылар қолдану үшін төмендегі тәртіпті амалдануы керек» – деп (1,59-60 беттер) көрсетілген.
Іле бүкіл жер мемлекет меншігі деп жа­рия­ланды да, жер туралы мәселе күн тәртібінен алынып қалды. Оның есесіне иесіз жер­ді қалай болса солай пайдаланғандықтан да, «ұжымдық жер» ындыны кеппейтін эрозиялық апатқа бет алды. Жер – ортаныкі, ал, ортақ жер – әр кімнің тебінінде кетті. Жер емес, оның қойынындағы өнім – құнды болды. Жер экологиясы мәселесін көтеруге баспасөздерде биресми түрде тиым салынды. Ол «жеңімпаздық пен жасампаздыққа» «жасасындата» қар­қын алған социалистік индустрия мен «ұжымдық шаруашылыққа» кедергі жасайтын керітартпашыл, халық жауы ретінде қарастырылып,  жазаға тартылды. Халық шаруашылығының зиянкесі есебінде әшкереленді. Бұл ғылымда да үстемдік құрды. Сол «табиғаттың бер­месін» алуға ұмтылған науқаншылдық үдей келіп, ХХ ғасырдың алпысыншы жылдарының басында Қазақстан жерінің 70% шаңды аймаққа айналдырды.
Жиырмасыншы -отызыншы  жылдардағы баспасөзде ең көп және ашық көтерілген үшінші мәселе – су болды. Су – Қазақстан сияқты жартылай шөлейт және Орта Азия сияқты құмды, құмайт, сарытопырақты өлкедегі ең қат мәселе болып келді. Бүгін де солай болып қалып отыр. Мұның басты себебі, жағырафиялық орналасуына байланысты еді. Өйткені, Орталық Азия мен Қазақстанның алып шөлейтті ойпаң даласына құятын негізгі Амудария, Сырдария, Ертіс, Еділ, Жайық сияқты ірі өзендердің барлығы да өзінің бастауын Тәңіртау, Памир, Алатау, Орал сияқты сырт өлкеден алатын. Сондықтан да, Тәжікстан, Қырғызстан, Ресей аймақтары тасқын мен жайылма судан зардап шегіп жатқанымен де, сол таулардың бауырындағы сарытопырақты, қуаң, шөл, шөлейтті, сортаң Тұран мен Торғай ойпатына, Үстіртке  олардың су қоры толық жете бермейтін. Арал, Балқаш теңіздерінің жағырафия тарихының деректеріне қарағанда әр бес жүз жыл сайын тартылуы, Амудария мен Сырдарияның бірнеше рет ағыстарын, сілемдерін өзгертуі де ойпаттағы Орталық Азия мен Қазақстанның оңтүстік батыс етегін жұт пен жұтаңшылыққа, қуаңшылыққа ұрындырып отырды. Табиғаттың түрлі аумалы-төкпелі құбылыстарына бейімделген жергілікті жұрт дарияның жоғары ағысы мен төменгі ағыстарындағы су жүйесін белгілі бір дәстүрлі негізде пайдаланды. Тоспалар мен бөгеттер, арықтар мен тоғандар, су бұрмалары мен арық құлақтары жыл мезгілдеріне қарай, әр өңірдегі ауа райы мен егіс дақылдарының өсу, сулану, булану деңгейіне қарай реттеліп отырды. Жер асты кәріздері, шыңырау құдықтар, шығырлар қазылды. Сол арқылы атыздар дер кезінде суарылып, жылдық өнімнің шығымын қамтамасыз етті. 
7-аймақтық партия конференциясында «Түркістандағы су мәселесі» жөнінде баяндама жасаған ғалым Севастяновтың «Шолпан» журналының 1922 жылғы №2-3 санында (қараша, желтоқсан) жарияланған мақаласында бұл мәселеге егжей-тегжейлі тоқталған. Ол өзінің сөзінде: «Түркістанның ол шетіменен бұл шеті ұшы киыры жоқ. Жатқан бір жалпақ сусыз дала. Сол сусыз жолдың шетін, адам баласы бірте-бірте кеміріп, үлгіртіп (игеріп – Т.Ж.)  келеді. Халқы қалың ел, өнімді жері жол арасындағы қолдан су шығарылған аудандар болады. Түркістанда қолдан суғарылатын жердің шамасы 3 млн. десятинадан аспайды. Жәнеде оның жартысынан көбі Сырдария суынан суғарылады» – деп (1.90 бет) қысқаша Орта Азия мен Қазақстанның оңтүстік батыс өңірінің табиғатына, жер орайына сыпаттама бере келіп, қысқаша тарихи шолу жасайды.
«Сырдария суының көбі қолдан суғарылатын егістіктерге жаратылады. Орта Азияда (бір секунд ішінде 100 текше сарқын су ағатын) судың үлкен саласы – Амудария. Қазіргі кезде Амудариядан қанша десятина жердің суғарылатыны белгісіз болса да, бір кезде Амударияның атағы жер жарып, қадірі асқан дария еді. Жәнеде, келешегі де солай болса керек. Амудария суынан пайдаланатын Бұқара, Хиуа елдері.
 Төрткөл һәм, Түрікпен облыста­ры­ның келешегі – Амудариямен байла­нысқан. Сондықтан, Амударияның суын жақсы пайдалану үшін, Амударияны Каспий теңізіне құлату (бұру – Н.Ж.). Амудариядан арықтар шығарып, Амудария(ның) суын Каспий, Әмір-Арал теңізіне жеткізбей, егістер үшін пайдаланудың қамына кірісу. Яки болмаса, Амудариядан үлкен арықша шығарып, Мерв, Теджен ойпаттарын үлгірту (игеру – Т.Ж.) керек сияқты көрінеді», – деген мағлұмат береді (1.90 бет).
Міне, осы тарихи шолудағы «Аму­дарияның суын жақсы пайдалану үшін, Амударияны Каспий теңізіне құлату (бұру – Н.Ж.). Амудариядан арықтар шығарып, Амудария(ның) суын Каспий, Әмір-Арал теңізіне жеткізбей, егістер үшін пайдаланудың қамына кірісу» – деген сөздердің астарында жарты ғасыр өткен соң әлемдік экологиялық апат аймағына айналған, жер шарындағы қауіпті «қатерлі жараға» айналған Арал теңізін құрып кетуге әкелген экология­лық апатты жоспар жатыр. Бұл жоба бара-бара тиянақты түрде жүзеге асырылды. Амударияның суы бүтіндей Арал теңізіне құймады, Сырдарияның сарқыны ғана қалды. Арал теңізі құрлықтағы ақ сортаңға айналды. Сонымен қатар, Қазақстан даласының шөлейтті Бетпақдаласына нәр беріп тұрған Қырғыз Алатауынан басталатын су көздерінің де сұрықсыз келешегін атап өтті. Ол:
«Талас өзені ілгеріде Шуға құйып, Шу барып Сырдарияға құятын еді. Қазір, Талас өзені Шуға толмайды (жетпейді). Шу да Сырдарияға жетпейді. Шу дариясын(ан) арықтар шығарып, қамау жасап, суын пайдалану туралы іс бастаса да, әлі де ол іс жүзеге асқан жоқ» – деп (сонда, 90 бет) мәлімдеді. 
Мұндай кесірлі жобалардың ақыры Шу өзенінің түбін құрдымға сіңіріп тынды. Бетпақдаладағы алып өңірді нәрлендіріп тұрған Шу мен Сарысу, Кеңгір өзендері құмға сіңіп кетті де, Сырға апарып құй­майтын болды. Соның салдарынан, мың шақырымдық қашықтықтағы қазақ ауылдары және олардың күнкөрістік тіршіліктері тәркі етілді. Жайлау мен қыстауын тастап, ғасырлар бойы мекендеген көш жолын тастап, қоныс аударуға мәжбүр болды. Біраз жұрт жұтқа, ашаршылыққа ұшырады. Бұрынғы қорықтар саз, балшыққа айналды. Мұның басты себебі, отаршыл империяның жергілікті табиғи ортаның заңдылықтарымен санаспауында, уа­қыт­ша пайда үшін табиғи байлық пен қорша­ған ортаны талан-таражға салып, жергілікті халықтың мүддесімен санас­пай, олар мекендеп отырған жер мен суды жыртқыштықпен пайдалануында еді. Бұл мәселені де Севастянов ашына отырып: «Патшашыл хүкіметі тұсында қолдан су шығару туралы басталған істің ең зоры – Шу дариясынан су шығару ісі еді. Оның не хәлде екені, жоғарыда айтылды. Одан кейінгісі  Мұрғаб ойпаңына, Мырзашөл даласына су шығару еді. 1912-жылы, Керюшин «Түркістан шаруасы» (деген) тақырыпты патшаға баяндама жасаған. Сол баяндаманың ішінде: «Осы уақытқа шейін, қолдан су шығару туралы орыс өкіметі Түркістанда түкте істеген жоқ» – деген пікірді кіргізген.
Баяндаманың тағы бір  жерінде Керюшин мынадай деген: «Ілгері заманда атын қалдыру үшін бір елді бағындырған мемлекет үлкен арық қаздырушы еді. Біздің орыс өкіметі оны да істеген жоқ. Мұны мойынға алу керек».
Қолдан су шығару тақырыбын (мәсе­лесін – Н.Ж.) Түркістанның келе­ше­гін патшашыл өкімет көздемеген. Сондықтан Мырзашөл даласын су алдырып, Безгек кеселіне толтырды.
Профессор Ризенкамф, Постышев, Маликин    дегендердің    айтуына қара­ғанда: Мырзашөл даласына су шығару үшін қазылған арықтың жол-жобасы жасал­ғанда, жетпестігі (кемшілігі – Н.Ж.) көп болған. Сондықтан, Мырзашөл даласын үлгерту(дің)  (игерудің) орнына, шалшық су басып, арық қазу ісін басқарған «білгіштердің» білгіштерінің (кесірінен – Н.Ж.), Мырзашөл даласы шалшыққа айналып пайдадан шығып қалды», – (1.93 бет) деп баяндады.
Орта Азиядағы мақта өндірісінің өнеркәсіптік негізде дамуы бұл аймақтың бұрынғы жерді пайдалану, суару, су бөлісі сияқты дәстүрлі қолданымдарын өрес­кел бұзды. Ғалым Севастянов өзінің мақаласының «Су пайдалану туралы қол­данылып келген әдет-рәсімдер» атты тарауында бұған ерекше тоқталып өтеді. Ол: 
«Суды пайдалануда Түркістанда жер­гілікті жұрттар түрлі ескі әдет-рәсім­дерді қолданып келеді. Ол әдет рәсімдер мынадай еді: 
1. Жер мен судың қожасы – Құдай, сон­дықтан, оны сатуға, сатып алуға болмайды. 2. Жер сатып алушының қолына сатып алған жеріменен бірге бұрынғы жер иесінің пайдаланып жүрген сыбағалы суы да өтеді. 3. Су пайдаланушылар барлық істелетін еңбек болатын қаражаттарды пайдаланатын суына қарай ортадан шығарады. 4. Су аздықтан, егілген егінге жетпейтін болса, суды бөліп пайдаланады. Яки, тіпті аз болса, судың аяғынан жоғары қарай су ішеді. 5. Тиісті сыбағалы судан артық, яки, ұрлап пайдаланушылар айыпты саналып жаза тартады. 6. Су (жөнінде) түрлі дау-жанжал болса, оны шешетін қадірлі ел ақсақалдары болады.7. Арық жағасына ағаш егу – арық егесінің меншікті құқығы саналады. 8. Суды жөн­деп басқару үшін су пайдаланушы­лар арасынан мұрап сайланады. 9. Мұ­раптың алатын белгілі қызмет ақысы жоқ, бірақ, істеген қызметіне қарай һар дихан жәрдем етеді. 10. Бір арықтың суымен бір ауыл, яки, қыстақ пайдаланбай, бірнеше ауыл, яки, қыстақтар пайдаланатын болса, олар өз араларынан сенімді ұяты барлардан мұрап сайлайды. Жәнеде қызмет ақысын астықтай береді. 11. Арықтың сағасы дариядан шығып, бөгеті болса, сол бөгетті күзету үшін мұрап сайланады.  12. Суды пайдалану жолы – құлақ болады. Құлақ деп – бір диірменді жүргізетін, айналдыратын судың жартысын айтады. 13. Һар дихан өзінің пайдаланатын құлақ суына қарай су қызметіне қатысады. Жәнеде не түрлі су қызметі һам керекті жұмысшылар болса да, оны белгілейтін мұрап болады. 14. Су жұмысы тақырыпты (мәселесі) көршілес диханға жәрдем ету, құдайдың бұйрық ісі – деген жергілікті жұрттар арасында туыстық (бауырмалдық) бар.
Ашық пайдасы көрініп тұрған соң, диірменде суды қалай пайдаланатыны һам … арықтар туралы біз жазғамыз жоқ. Су пайдалану туралы ескі жол, тәртіптер талай заманнан бергі тәжірибелерден туып отырғаны анық. Һам көпшіліктің су пайдалану қақындағы тәртіптері, жерді өз қолына алғандардың суға ие болуын көздейтіні үшін. Сондықтан су жұмысына хұкметтің араласуы – өте керек істің бірі.
Патшашыл хүкметтің тұсында су заңы қақында жасалған жобаның түп­кі пікірі (пиғылы) – машинамен су шығарудағы қызметті көздеген мақсат. Жәнеде су жұмысына капитализмнің араласуы – су(ды) пайдалану тақырыптағы (мәселесінде) ескі тәртіптерді қалдыру (жою) еді. Келімсектерді, капитал қожа­ларын суға ие қылу еді» – (1,94-95 беттер) деп жазды.
Патшалық самодержавиенің отарлау саясаты, капиталистік өнеркәсіптік қарым-қатынас, келімсектердің заңсыз баса көктеуі, жер мен суды басқын­шылықпен иеленуі,  дихандық дәстүрді бұ­зуы – ғасырлар бойы қалыптасқан суды пайдалану дәстүрін бұзды. Соның нәтижесінде су көздері ысырапсыз пайдаланылды. Бетімен кеткен сулар Мырзашөл сияқты ойпаттарды шалшыққа айналдырды. Су аяғындағылардың егіні суарылмай қалды. Ескі арықтар, тоғандар, тоспалар бұзылып, топырақ үйіндісіне айналды. Егіншілік жаппай күйзеліске түсті. Бұған 1916-1926 жылдардың арасындағы кеңес төңкерісі, азаматтық соғыс, аштық пен жұт үлкен зардабын тигізді. 
Оған     Севастяновтың          мақаласын­дағы «Қолдан су шығару (канал, тоған, тоспа, арық қазу – Н.Ж.) жұмысының келешегі» туралы тараудағы: ырзашөл даласы егін бітпейтін шалшық суға айналуын, пайдадан шығуын, кейбір ақылсыз тарих сыншылары кеңес өкіметінен көргісі келеді. Ол, тіпті, орынсыз. Өйткені, Мырзашөл арығы кеңес өкіметі тұсында қазылған емес. Жәнеде Мырзашөл арығын түзету үшін өзіне сарп етілген дүниедей (қаржыдай – Н.Ж.) тағы да сондай дүние (қаржы) керек көрінеді. Кеңес өкіметі Деникин, Врангель, Колчак сияқты революцияның өзіне түскен (қарсы шыққан – Н.Ж.) дұшпандарымен жауласып шаршағандықтан, Мырзашөл арығын жөндеуге күш-қуаты жетпей отыр. Сонда да болса, есепсіз дүниені сарп етіп, талай еңбек сіңгендіктен, осы күнде (оны) тастай беруге (салуға) болмайды. Мұрғаб дариясынан су шығару жұмысы, Мырзашөл даласы сияқты емес, онан көрі оңай көрінеді. Мұрғаптан шығарылған арықтарды түзету, жамау жұмысы және де Мырзашөл арық­тарының кейбіреулерін өңдеу өте қиын емес. Сондықтан ол жұмысқа кірісу өте қажет. Шудан су шығару жұмысы осы күні де тоқтап (қалды)… Ол үшін алып барылған аспап-құралдарды темір жолмен қайта алып келу, қаражаты, сол арықтардың кейбіреуін қазып бітіру үшін істелетін қаражаттан аз болмаса керек. Сол себептен, Шудан су шығару жұмысын осы күнде тоқтатудың тіпті қажеті жоқ», – деген (1.91 бет) уәжі дәлел.
Жоғарыдағыдай Түркістандағы суды пайдалану мәселесін талдай келе ғалым Севастянов өзінің пікірін:
«Бір жағынан су жұмысы тәртіпті жолға құрылып, екінші жағынан су байлығы мемлекет қолына өту қажет. Мемлекет су байлығын өз қолына алса, бос жатқан жерлерге де су шығарып, (егін)  егуге болатыны анық. «Су пайдаланудан шығатын пайда, һәм су пайдалану мәселелерінің негіздері, әлі шешілмей келеді» – деп профессор Шаяновтың айтқанында тіпті қате жоқ (сонда, 96 бет)… «1) Әдейі де қамау «бөгет, тоспа – Н.Ж.) жасап, су (қоймасын – Н.Ж.) жасау жолы; 2) Судың мөлшері һәм, келетін мерзіміне қарай, суғаруды керек қылатын егіннің түрін егу» – деп (1.96 бет) қорытады.
Міне, «Жерді, суды пайдалану туралы» Түркістан өлкесінің қаулысы шығар алдында осындай пікірлер ортаға салынып, кейін ауыл шаруашылығы саласында басшылыққа алынған. Сол орайда жерді пайдалану мен су бөлісіне орай өткізілген 7-аймақтық партия конференцияда «Қалада һам ауыл, қыстақтарда істелуге тиіс кезекті шаруа істері қақында» баяндама жасаған Паскуцкий табиғат экологиясын қамтитын мынадай негізгі міндеттер мен ұсыныстар айтты: 
«…Қолдан су шығару (су тоспасы, тоспа, тоған, арық, канал т.б. – Н.Ж.)  туралы. Өте керекті ғана жерлер мемлекет қолында қалып, қалғандары жер-жерлердің ыхтиярына берілуі керек көрінеді. Солай болғанда, мемлекеттің қолында 15-ке жақын қолдан су шығарылатын үлкен орындар (су тоспалары, тоған, арық, канал – Н.Ж.) қалады. Һәр облыс, уездерде, керекті саналған жер жерлерде, қолдан су шығару жұмысы өз бетінше істелуі тиіс. Су жүретін жолдарды тазалау, суды бөлу істері дихандардың өз қолдарына берілуі керек. Өйткені,  ол іс дихандардың қатысымен ғана түзелетін ісін, бұдан былай біздің жұмысымыз. Осы тәртіппен жүрілсе, қолдан су шығару жұмысын көркейтіп, бұрынғы жылдарда суғарылатын 2,400,000 десятина жерге тағы  су жеткізу мүмкін. Бірақ, кімдермен бірігіп істеп, кімдер бізге сүйеніш бола алады. Мінекей, алдымызда тұрған мәселенің үлкені осы… Жер комиссариятының алдында тұрған үлкен міндетті істерінің бірі – жер пайдалану ісін тәртіпті, мәдени жолға қою болуға тиіс. Бұл туралы істелетін жұмыстың зоры – тұқым даярлау ісі. Астық жетпей, жер пайдалану ісі тәртіпті жолға қойылмай тұрғандықтың зор себебі – тұқымның аздығы. Сондықтан тұқым даярлау ісіне қатты кірісу қажет (1.74). 
Ол өзінің осы сөзінде Амудария мен Сырдарияның суын арықтар ретке келті­румен қатар: «Бізің екпінді жұмыс­тарымыздың (мақсаты – Н.Ж.) қар­қынды тау байлықтарын пайдалану ісін тәртіпті жолға салу еді. Ол туралы алғы зияннан басқа іс жүзінде түк істелген жоқ», – деп (сонда, 75 бет) атап көрсетті. Паскуцкийдің «тәртіпті жолға түскен жоқ» деген сөзінің астарында экологиялық тепе-теңдікті сақтау, табиғатты қорғау, оның шикізатын үнемді әрі қоршаған ортаға зиян келтірмейтіндей етіп пайдалану мәселесі жатқаны сөзсіз. Шындығында да, ол кезде экологиялық «тәртіп» туралы түк те істелген жоқ еді. Істелуі де мүмкін емес болатын. Ал, Санжар Асфандияров бұл конференцияда жер мен су мәселесінен тікелей зардап шегіп отырған қыр елінің тағдырына, оның экологиялық тауқыметіне назар аударып: «Көшпелі тұрмыстан жатақтыққа өткен елдерге қыстақ салу үшін жер берілуі тиіс. Жарты(лай) көшпелі елдерге қыстақ салу үшін  жер беріліп, оның үстіне жаз жайлау берілуі керек. Таза көшпелі елдерге жаз жайлау, қыс қыстау һәм егістік берілгенде ғана тіршіліктері түзеледі. Тіршілік жүзінде осы істерді орындайтын Жер-су комиссариаты еді» – деген (сонда, 76 бет) пікір білдірді. Сонымен қатар, ол: «Қалған мәселелердің зоры – қолдан су шығару (арық, тоған, тоспа, канал қазу) жұмысы. Қолдан су шығару жұмысының хәлі өте нашар. Өйткені, өткен жылы көп жерлерді су басып, су жүргізілетін жолдар (арықтар, тораптар, каналдар, тоғандар – Н.Ж.) үлкен апатқа ұшырады. Бұдан былайда, су жұмысының хәлі осындай болуы мүмкін. Бірақ, осындай апаттардан құтылып, егістерді суғаратын жолдарды арық-атыздарды сақтап қалуы үшін, көп ақша керек» екендігін (1.77 бет) мәселе етіп қойды. Осы 7-конференцияда жер мен су мәселесі қақындағы пікір алысуда ғалым Севастянов табиғи шикізаттар мен жер байлығын, суды игеру, тұқым себу, өнім алу мәселесіне ғылым жетістігі араласпаса, істің ақыры өкінішке әкелетінін ескертті. Соған орай, кеңестік жер мен су, табиғи тепе-теңдікті сақтау, егіс тұқымын асылдандыру, су көзін үнемді пайдалану қажеттігін баса айтты. Ол өзінің пікірін: 
«Жол-жөн қарастыра бергенше, сан­­сыз шығарылып жатқан заң­дар тір­шілікке үйлеспей жатқанда, Түр­кістандағы су шығару жұмысын алға бастыру қамына кірісу, жаңада  судың арықтар бойында қалмайтын жолдарын қарастыру жөн емес пе еді? Кейде, бір істеуі (құнары Н.Ж.) келіспеген жерлердегі   егістерді … өте жиі суғару, егінді нашарлататын егетін егіннің түрін (егу), судың мөлшеріне байласпайтыны (мерзімі үйлеспейтіні – Н.Ж.), судың өте керек кезінде су жинау (суды тоспада ұстау қалу – Т.Ж.), тағыда түрлі-түрлі осылар  сияқты оңбайтын істер біздің Түркістанда, жүдә көп болады. Сондықтан, судың басындағылары суға тұншығып жатқанда, аяғында(ғы) егіс­тіктерге су жетпейтін реттері де болады.
Су мәселесін шешу үшін, кең жол салыну (ашылу) қажет деген… жақтың пі­кірін шын қуаттап, Жер-су комиссариатына біздің айтатынымыз мынау еді. Жылдың ішінде су заңы үш шығарылып, жүз рет түзетілгенменде, жергілікті шарт­тарға қарай білімге сүйенбесе, тір­ші­лікке мүлде үйлеспейді» – деп (1.94 бет)  қорытты.
Бұл пікірдің мәні сол кездің өзінде үлкен күрделі мәселені алдыға тартты. Өйткені,   құнарсыз жерге егін егіп, бір жылдан кейін зрозияға ұшырап, не егіндікке, не малға пайдасын тигізбейтін ақ тақырлар пайда бола бастады. Бұл жөнінде қырғыз ағартушысы «Қатаған» деген бүркеншік атпен қырғыз тілінде мақала жазған Ишанғали Арабаев өзінің көргендерін: 
 «Жетісуда қырғыз-қазақ жер пайдасын қандай (қалай – Н.Ж.) көріп жатыр? Бұл турада, агроном болмағанменен де Бішпек, Қарақол, Нарын уезіндегі жердің түз-түзі (құрылымы – Н.Ж.) қанша өнім берері мағлұм болып отыр. Қарақол уезінің күнбатыс тарапындағы көп жері, Нарын уезі бүтін Бішпектің загоны, районы – ақ топырақ аяқты малға жайлы (болғанымен де), бір жерге екі жылдан артық егілсе – егін шықпайды. Екінші түрлі айтқанда, арықтап (жер тозып – Н.Ж.),  өнімі қуаты бітіп (азайып –Н.Ж.), басқа (арам) шөп шығады. Екі жылдан бері егін салдыру компаниясы бұл жерлерге күштеп (зорлықпен жыртып), айдаусыз (жыртылмаған – Н.Ж.) жер қоймай, жарақты жердің бәрі айдалды (жыртылды – Н.Ж.). Міне, мұндай (жауапсыздықтан соң – Н.Ж.) бұл айтылмыш райондарда, егін болмауы (шықпауы – Н.Ж.) ашық көрініп тұр. Мұндағы жерге мехнат қылып ауқат қылған кедей-кембағалдардың мұнан соңғы тұрмыс һәм күн көрісі қиынға айналып отыр. Мұның қамын әзір таң (күні – Н.Ж.) ойланып, шарасын қылмаса, кедейлер әлі де, алдына босып кетуге айналып отыр» – (1.98 бет) деп баяндайды. 
Мақаладағы пікір сол ескерілмеген күйінде қалғаны өкінішті. Өйткені, әсіре ұраншылдықтың соңы үлкен экология­лық апатқа  жол  ашты. Мұндай келеңсіз көріністер, науқаншылдық «тың игеру» науқаны кезінде үлкен кесірін тигізді. Мұқым қазақ даласы «шаңды боран­ға», сортаңға айналды. Бұл мәселе – жердің эрозияға ұшырау қаупі сонау жиырмасыншы-отызыншы жылдары-ақ қазақ баспасөздерінде көтеріліп, күн тәр­тібіне мәселе етіп қойылған екен. Оған сол «Шолпан» журналының 1923 бірігіп шыққан №6-8 сандарындағы «К.Б» деген бүркеншік атпен жарияланған  «Түр­кістанда егіндерді қолдан суару жұмысы, мақта һам аяқты мал шаруасы» атты мақала анық дәлел. Мұнда Сырдария сиқты ұлы өзендердің суы өнеркәсіптің мұқтажына қызмет ету бағытының бар­ған сайын ұлғайып, оның арнасы мен тазалығына нұқсан келтіріп, деңгейі түскен танап суларының орнын сортаң басатыны ескертілген. Онда Сырдарияның суын мөлшерсіз пайдалану – Арал ойпатының жер бедері мен Арал теңізінің деңгейіне кері әсерін тигізетін болжам ретінде айтылған. Мақала авторы өзінің ойын:  
«Алдымен сортаң жерлердің мәселесін қозғап, онан кейін қалған суғаруға келетін жерлер(дің) мәселесіне қарай жағалап келерміз. Сортаң жерлерді үлгілеу (игеру – Н.Ж.) мәселесінің түбіне ілім жетіп, … тәжірибелер көрсетіп, же­місін беріп отырмақ, қолданылатын әдістер меңзелмек. Мұны күні бұрын ескеруіміз артық (қажет – Н.Ж.). Сонда да, сортаң жерлер қайдан пайда болады, һәм оның шаруашылыққа келтіретін зияны қай түрде, соны қысқаша айтып өткен соң, негізгі мақсатымызға түсерміз (көшеміз – Н.Ж.).
Арал теңізі мен Каспий теңізінің арасында жатқан кең ойпат, һәм Түр­кістанның қайсыбір жерлері, Россия қоластының бөтен жерінен айрықша сортабы көп. Мұндай жерлердің мүлде шөп шықпай, жым-жылас болып та, яки, қауақ, жаман, аласа шөптер шыға­тындары да бар (1.417 бет)… Іш­кі Россияның фабрикаттарына, һәм Түр­кістан шаруашылығына керекті мақтаға, басқа түрлі егіндерге керекті суларды алып шығатын арықтар һәм су бөлетін, сақтайтын аспаптар өзгерістің (төңкерістің – Н.Ж.)  тұсында көмілген, бұзылған, қираған. Бүкіл дүние соғысы басталғалы арықтар ашылмаған, аспаптар түзетілмеген.
Сырдария сияқты су беретін дария­лардың сулары, ар жағында кемімесе де, көмілген арықтар һәм бұзылған аспаптар мен егіндерге келетін сулардың саны өте азайған», – деп (1.421 бет) жеткізген.
Бұл мақала осыдан отыз жылдан кейінгі болатын Арал теңізінің қасіретті тағдыры туралы ескерту сияқты. «Шолпан» журна­лының 1923 бірігіп шыққан №6-8 сан­дарындағы «Орта Азия шаруашылық ау­даны» атты авторы белгісіз мақаланың «Ағаш  байлығы»  атты тарауында таби­ғатты  қорғаудың ең ұтымды шарасының бірі – ағаш егу мәселесіне тоқталады. Онда: 
«Түркістанда осы күні 29,6 миллион десятина тоғай бар деп саналады. Бұл айтылғандардан кәсіпке жарайтын сүйектілері: Бұқарада – 10. 880  десятина, Түркістанда – 15 7000 00 десятина. Келесіде Орта Азия өнімі өсіп, гүлденуі үшін тоғайлардың көп қызметі болуы керек. Сондықтан, барлық тоғайдың алдымен есебін алып, басқару жұмыстарын дұрыс тәртіпке салу қажет. Әйтпесе, кәсіп үшін де, отын үшін де, жеміс үшін де керекті ағаштар пайдаға аспай қалып, өз-өзінен құрып кетуі мүмкін. Орта Азиядағы көп көшпелі құмдарды орнықтырып тұрған да осы тоғайлар деп түсіну керек. Өткен жылдарғы үлкен соғыс пен өзгеріс оқиғалары Орта Азия республикаларының шаруасын жүдетіп кетті. 1917 жыл мен 1920 жылдың арасында халқы да азайды. Түркістан республикасы 20%, Бұқарадан  25%-дай, Хиуадан өте көп жан кеміді. Түркістан, әсіресе, халқы кеміген орындар Жетісу мен Төрткөл облыстары болды. Бұл рес­публикалардың  бұрынғыға қарағанда кәсіп реттері де кеміді. Малы да азайды. Мәселен, Түркістан республикасының басты малы бұрынғыдан 58% кемуге саяды», – деген (1,406 бет) мағлұмат берілген.
Орман, тоғайдың құмды тоқтатуға, яғ­ни, экологиялық апаттың алдын алуға септігі тиетіндігі туралы бұл мақаланы кейінгі күндердің қамын ойлаған ескерту шарасының бірі деп қабылдауға болады.

Түйін

Қорыта айтқанда, Кеңес өкіметінің бас­пасөзге бақылауы толық жүзеге аспаған, ұлт­­тық интеллигенцияның еркін пікірін бас­пасөз  арқылы жариялауға мүмкіндік туып тұрған 1917-1930 жылдардың аралығындағы басылымдарда табиғатты, жерді экологиялық тұрғыдан қорғау, оның өнімдерін үнеммен және ықтиятты түрде тепе-теңдікті сақтай отырып, келер ұрпаққа туған топырақтың жүдемей, тозбай (эрозияға ұшырамай) же­туіне деген жанашырлық пікірлер еркін айтылған. Мақта, күріш өнімдерінің жаппай науқандық екпінмен қолға алынып, өзен, судың қорына зиян келтіру қаупі барлығын ескерткен. 
Өкінішке орай, ол басылымдардың бұл пікірлері «халық жауының» ең­бекші халықты арандатуы ретінде қабылданып, барлығы да коммунистік пар­тия тарабынан жабылып тынды. Сөйтіп, баспасөздегі ашық пікірге ширек ғасырдан астам уақыт бойы тыйым салынды. Экология, табиғаттың тепе-тең­дігін сақтау,  өнеркәсіптің экологиялық тұрғыдан зиянсыздығын ойластыру  туралы сөз – социалистік жасампаздыққа қарсы пиғыл деп танылды. Оның есесіне «табиғаттың бермесін тартып аламыз», «табиғатты адамға табындырамыз» деген жасасындатқан ұран баспасөздердің, оның ішінде қазақстандық басылым­дардың басты тақырыбына айналды. ВКП(б) Қазақ өлкелік комитеті мен өлкелік бақылау комиссиясының біріккен пленумында (Қызылорда, 1928 жылғы 25-29 сәуір) «Жаппай ұжымдастыру, оты­рықшыландыру», «жерге орналас­тыру жұмыстарының 1928-1929 жыл­дар­ға арналған жоспарын құрудың не­гізгі принциптері» мен Қазақстанды ау­дандастыру,  «аса маңызды шағын ау­дандарға шоғырландыру…» туралы пленумның қарарында жергілікті ха­лықты «ұлтаралық қатынастардың дәрежесі бойынша» қоныстандыруды, «жер, су реформасын жүргізуді  «бел­гіледі» (7,9-11). Аудандастыру нау­қаны «ұлтаралық қатынастардың дәре­жесі бойынша», «қазақтардың ара­сын­­дағы пролетариаттардың санын көбейтуге бағытталған» таптық негізде, яғни, орыс пен қазақ тұрғындары араластырыла қоныстандыру түрғысынан жүр­гізілгендіктен де, табиғи шикізаттарды пай­далану, мысалы өзен мен көл суларын, арықтар мен тоғандарды, жайылымдар мен қыс­тауларды пайдаланудың дәстүрлі жүйесі бұ­зылды. «1928  жылдың 1 июлінен  басталып,  1  сентябрьде    аяқ­талсын» деген (7.22.) шұғыл ше­шім­нің іс жүзінде орындалуы мүмкін емес еді. Жаппай отырықшылыққа көшуге ешқандай алғышарт жоқ еді. Тіпті, «ұжымдаса» қалғанның өзінде жаңа ауылға жинала қалатын тұрғын үй атымен салынбаған еді. Шұғыл жиналған малға қора-қопсы, өріс, қыстық шөп, адамдарға азық-түлік, ауыз су да қарастырылмады. Жаппай күйзеліске ұшырай бастаған шаруашылықтағы адамдар – аштыққа, мал – жұтқа    ұшырауға бет алғандықтан да, қысқа қарай «мойынсеріктер» тарап кетті. ВКП(б) Қазақстан өлкелік жетінші кон­ферен­циясында (Алматы, 1930 жылғы 30 май-6 июнь) бұл күйзелісті «Қа­зақ­стан­ның ерекшеліктері» ретінде қарас­ты­рып, «Қазақстанның жалпы мәде­ние­тінің артта қалғандығы және ка­дрлардың жетіспеушілігі, үшіншіден бесжылдықтың екінші жылында болған мал басының күрт кеміп кетуімен» түсіндірілді (7.99)  Бұл «байлардың қас­тығы» ретінде қарастырылып, сол жылы 28 тамызда байларды тәркілеу туралы қаулы шықты. Жаппай қысым мен қудалау, соттау, жер аудару басталды. Табиғатты дәстүрлі игеру мен пайдалану тепе-тең­дігінің бұ­зылуы демографиялық жұтқа ұласты. Сөйтіп, 1931-1932 жылы қыр елінде ашар­шылық орнап, 2,5 миллионнан астам адам аштан өлді . 
Мұндай апатты күзелісті баспасөз арқылы жариялауға тыйым салынып, сын мақалаларды «ақша жұмсалады», «аппарат нашарлап барады» деген сияқты дәлелдер түріндегі «пысықсыну» да қарсылық жасау формаларына жат­қызылды». Сын мақалалардағы орынды пікірлерді «пысықсыну»  (7.63) деп бағалады. Ақыры аштықтан қырылып, шетелге ауып, Ресей мен Өзбекстанға босып, «Қазастан – қазақсыз республикаға» айналуға бет алғанда ғана 1932 жылғы 17 сентябрьдегі Өлкелік комитет: «Осы аудандардағы (қазақ аудандарындағы – Н.Ж.) колхоздардың неғұрлым тиімді формасы – бірлесіп жер өңдеу мен шөп шабу серіктіктері деп санау керек. Осы аудандардың өзіне тән өзгешелігіне қарай, ерекше жағдай ретінде, қазақтардың жеке пайдалануы үшін шаруашылықтарда 100-ге дейін қой, 8-9 бас ірі қара мал, 3-5 түйе және 8-10 жылқы ұстауына рұқсат берілді» (3.198). Бұл кезде, бір шаруа­шылыққа меншікке беретін 1 қой да табылмайтын. Қазақстандағы өзендерге табиғи су қоймасын жасау науқаны, сонымен қатар экологиялық теңсіздік мәселесі де 1932-1933 жылдары, яғни, «бесжылдықта 4 қуатты аудандық Қарағанды, Үлбі, Ленгір, Іле электр станцияларын салу … көзделген» (7.95) кезеңнен, электр қуатын «1,3 мың киловаттан 110,7 киловатқа дейін жеткізу» міндеті қойылғаннан басталды. Өйткені, бұл құрылыстарды жүзеге асыру барысында экологиялық қауіпсіздік мәселесі мемлекеттің де, жобалаушылардың да, тұтынушылардың да қаперіне ілінбеген еді. Соның нәтижесінде өзеннің төменгі ағысындағы атыраулар бара-бара қаққа, сортаңға, татырға айнала бастады. Елді мекендер қоныстарын аударды. 
ВКП(б) Қазақстан өлкелік сегізінші конференциясында (Алматы, 1934 жылғы 8-16  январь) жер, су мәселесі алғаш рет мем­лекеттік шара ретінде қарастырылды. Онда ауыспалы және суармалы егіс, жерді пайдалану, тұрақты егін шаруашылығын қалыптастыру, «Қазақстанның су ресустарын кең және тиімді пайдалану жөнінде шаралар жүйесін талдап-жасауды» ма­ңызды, ірі шара ретінде» белгіленді. 
«Республикадағы су ресрустарын пай­далану жолындағы күрес – барлық партия ұйымдарының, советтердің және бүкіл колхоздардың маңызды, ірі шаруа­шылық-саяси міндеті. Мақта мен қант қызылшасын егетін аудандардағы су шаруашылығын дер кезінде ретке келтіру – халық шаруашылығының ерекше маңызды міндеті. Ол үшін мына шараларды дереу ұйымдастырып, жү­зеге асыру қажет: а) Салақтық салдарынан тазаланбай қалған барлық су құрылыстарын, каналдар мен су бөлу жүйелерін түзетіп, ретке келтіру; ә)   барлық арықтарды дереу аршу, каналдарды, тармақтарды және басқаларды тазалап, ретке келтіру; б) негізгі су жүйелерінің басты құрылыстарын ны­­ғайту және Сырдарияның төменгі жағында өзен табанын тереңдету жұ­мыстарын жүргізу…) жаңа суару аудандарында, соның ішінде батыс облыстарда бірқатар шараларды жүзеге асыру» міндеті алға қойылды (3.232-233). Бұл сырттай қарағанда табиғи шикізатты үнемді әрі ұқыпты пайдалануға жетелейтін, ауылшаруашылық мәселесі ретінде көрін­генімен, сонымен қатар, Сырда­рияның төменгі ағыстарындағы су табанын терең­дету» арқылы оның атырауының бедері мен Арал теңізінің деңгейінің төмендеуіне әсер ететін алғашқы экологиялық апат «шарасы» еді. 
Келешекте республика көлеміндегі аса ауыр экологиялық ахуал қалыптастыратын өнеркәсіп орындары  да тура осы екінші бес­жылдықта аймақ-аймақ бойынша шо­ғыр­лана бастады. ВКП(б) Қазақстан өлкелік сегізінші конференциясында (Алматы, 1934 жылғы 8-16  январь) «Қазақстанның екінші бесжылдықтағы өнеркәсіп саласындағы міндеттерінде»: 
«… мыс жөніндегі СССР-дің аса ірі кен орындары шоғырланған Қоңырат, Жезқазған, Бозшакөл, Белоусовское және Бұқтырма …одақтың қордың 52 проценті болды… Қарағанды іс жүзінде өзінің маңызы жағынан Одақтың үшінші көмір бассейніне айналды… Орал – Ембі бассейнінде мұнайдың мол қоры табылды… Арал теңізінің маңында сусыз сульфат табылды, Ақтөбе мен Қазалыдағы фосфориттің мол қоры… Балқаш мыс комбинаты… Ульба су электр станциясы…Шымкент қорғасын заводы… Алтайдың аса бай қазынасы… Шығыс Қазақстанды өркендету үшін Алтай өнеркәсібін кең дамыту… Ертіс су электр станциясын іске қосу… Қарағанды ГРЭС-і… Ертістің су ресустарын пайдалану… Бетпақдаланы су-геологиялық және зооботаникалық жағынан зерттеу… Арал ауданының химия өнеркәсібін өркендетуді қамтамасыз ету үшін Арал теңізіне жақын маңдағы және оның солтүстігіндегі аралдардың ауданын түгелдей іздестіру және егжей-тегжейлі барлау жұмыстарын жүргізу… Маңғыстау түбегін және ондағы бар мұнай, марганец, темір, көмір және стронций кен орындарын зерттеу… Мұ­ғал­жар тауларынының геологиялық және геохимиялық зерттеулерін ұйым­дастыру… Онан көмір, никель, асбест, трепел және басқа да іздестіру, барлау жұмыстарын ұйымдастыру… Жоғары Ертісте, Балқашта, Каспий мен Арал теңіздерінде және Орал өзенінде жаңа ыңғайлы флоттар жасау» (7.251-257, 266)  мәселелері бірінші кезекке қойылды. 
Міне, осы аталған аймақтарға өнер­кәсіптің   тығыз шоғырлануы табиғи түрде экологиялық қауіпті ошақтарға айналды. Өкініштісі, осы қаулылар мен қарарларда қоршаған ортаны қорғау, су көздерін өнеркәсіптік ластанудан қорғау, өндіріс пен қала экологиясы, ауаның тазалығы сияқты адами мәселелер ауызға да ілінген жоқ. Оның есесіне, жоғарыдағы ауыр өнеркәсіптің ауыр жүгін көтеруге тиісті Сырдария, Ертіс, Шу, Талас, Есіл өзендерінің мойнына мақта мен күріш дақылдарын он еселеп өсіре егу, оны сумен қамтамасыз ету, сондай-ақ Мырзашөл, Талас, Қаратал, Шу электр станциялары мен су қоймаларын салу сияқты «міндеттер» қосымша жүктелді. Сөйтіп, олар өзінің атырауларына ауыр экологиялық салмақ түсіре бастады. 
Бұл жылдардағы баспасөз беттерінде табиғат, табиғи ортаны қорғау, өнер­кәсіп қалдықтары, судың ластануы, аты­раулардағы су деңгейі, кіші өзендердің суалуы, сортаң жер, жер эрозиясы деген сөздер мүлдем ұшыраспайды. Ондай ұсақ мәселелер «пысықтық» пен  қарсылық жасау формаларына жатқызылды» (3.63). 

Пайдаланылған әдебиеттер:

1. Алаш көсемсөзі 10 томдық. 1-кітап. Шолпан журналы. -Алматы: Өнер, 2010. -352 б. 
2. Алаш көсемсөзі 10 томдық. 2-кітап. Шолпан журналы. -Алматы: Өнер, 2010. -360 б. 
3. Бөкейханов Ә. Шығармаларының 9 томдық толық жинағы. Полное собрание сочинений в 9 томах, Т.І-ІХ /құрастырушы С. Аққұлы. – Астана: Сарыарқа, 2009-2013. -Т.1. -562 б.
4. Сұлтанбекұлы Жағыпар. Жер саясаты. – Қостанай: Ленин атындағы баспахана, 1925. -56 б. 
5. Бөкейханов Ә. Қазақ қанша? «Еңбекші қазақ», 1924 жыл, 28 қазан.

Алдыңғы «
Келесі »