ОЙ ДАҒДАРЫСЫНЫҢ ДАҚПЫРТЫ

  • 06.04.2016
  • 469 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Қажымұқан ҒАБДОЛЛА,журналист

 

Құдайсыздықтың қасіреті

…Жүрегі Жаратқан Иесін танымаған, санасы құдайсыздықпен уланған арсыз­дықтың ақыры қасіретке ғана әкеледі. Міне, екі кештің арасында Жамбыл облысы, Тұрар Рысқұлов ауданына қа­рас­ты Каменка ауылында он екіде бір гүлі ашылмаған бейкүнә сәби – екінші сыныптың оқушысы Ерасыл балапанымыз – қазақтың баласы жантүршігерлік айуандықпен азапталып өлтірілді…

«Азғын жеті жастағы баланы азаптап зорлап, есік алдындағы ағашқа асып кеткен. Ер баланың азапталғанын сараптама қорытындысы растады» – дейді баспасөз ақпары. Ерасылдың анасы бұрын тұрмыс құрып ажырасқан көрінеді, бүгінде екі баласымен екінші некедегі жолдасының үйінде тұрып жатқан екен. Әйтсе де, Ерасылдың қазіргі әкесі өгейлік танытып, жазықсыз жеткіншек «отырса опақ, тұрса сопақ»-тың күйін кешкен. Өлетін күні, өгей әкесі мектептен келген оқушыны үйге отырғызбай мал жайғауға жұмсапты. Бұл сәтте үйде болған шешесі бауыр еті баласына қауіп төнгенін сезгендей қора жаққа барып «Ерасыл!» деп атын атап айқайлап, шырқырап іздейді.
Дәп осы кезде өгей әкесінің 38 жастағы туған ағасы Серік қорада Ерасылға білгенін істеп жатуы мүмкін еді, дауысын шығармас үшін баланың аузын жауып, тұншықтырып өлтіруі де ықтимал. Нағашылары мектеп жасындағы жиендерінің өлімі өгей әкесінің туған ағасы Серіктен келді деп күдіктенеді. Ерасылдың нағашы әжесі Гүлбақ ШЫН­ӘСІЛОВА былай дейді: «Қысқы демалысқа келген Ерасыл анасының қолына қайтып баруға азар да безер болды… Серіктен басқа ешкімнен күдіктенбейміз. Серік далада мал жайғап жүрген. Бала бірге жүрген…».
Іш киімсіз табылған баланың зорланғаны айтылады. Күдікті Серік үш жыл бұрын психдиспансерге жатып шығыпты. Бірақ, Серіктің шешесі Зәуре БАЙТАҚОВА баласының мұндай азғындыққа барғанына сенбейді…
«Болар іс болып, бояуы сіңді». Қапыда қаза тапқан жасөспірімнің денесін туған әкесі жер қойнына табыстады. Перзентінен айрылған 29 жастағы келіншек балаларын ертіп төркініне көшіп келді…
Қазіргі қазақ қоғамын қаптаған қасіреттердің тамыры – құдайсыздықта жатыр. Біздер – қазақтар – тәуелсіздіктің алдында, яғни, совет билігі кезінде, жетпіс жылдан астам уақыт «дін – апиын» деп адасып, «Құдайсыз» өмір сүрген халықпыз. Сол адасудың арты азғындыққа ұласып, зардабын әлі тартып келеміз… Тіпті, советтің «көзін көріп, суын ішкен» замандастарымыздың басым бөлігі бүгінгі күннің өзінде баласының (немесе немересінің) сыраханаға бармай, мешітке қадам басқанына қауіптене қарайды. Өздері ата сақалы ауыздарына түссе де, Алланың бар екендігіне күмәнмен қарап, етегін жинап орамал таққан қыздан шошынып, кеудесінің жартысы мен сандарын жалтыратып ашып тастаған қыздарға «қарындас» деп, қиыла қарап, сілекейлері шұбырады… Бүгінде 30 бен 70 жастың арасындағы ата-аналар мен ата-әжелердің басым бөлігі мешітке бет алған ұрпағының ізгі қадамына игілік тілеп, иманын үйірудің орнына, батыстың жалған да қаскөйлік насихатына уланғандықтарын сонша, қолдарынан келсе, жастарды мешітке жібергісі жоқ. Естеріңізде болсын: күндіз мешітке бармаған жасты – түнде түнгі клубтан көретін боласыздар!
Жүректе жақсылыққа сенімнің бол­мауы, ізгілікке үміттің үзілуі – құдай­сыздыққа әкеледі. Басты қадамымыз – Құ­дайсыздықтан құтылуымыз керек. Баспасөз де, басқа да құдайсыздық туралы ақпар-әңгімені жеті өлшеп, бір кессін! Қайғы-қасірет жайлы жағымыз талмай қайталай беру – жүректерді жібітпейді. Жүрек – Хақтан қорқып, қанағат қылып, сенімі зор қорған тапқанда ғана мейірімга толады…

Отанның қадірі ақшада ма?
(екі ойдың елегі)

 

Әлеуметтік желілер тұрмысымызды билеп, баса көктеп барады.Саналуан ақпарлардың расынан «Әр қа­зақ оқыса екен…» деген сілтеме-сөз көзіме оттай басылды. Авторы – Азамат ТАСҚАРАҰЛЫ екен. Жа­ңы­лыспасам, талапты ақын болса керек…
«…Жарықтық Фейсбукті ашып қалсам болды, бір жаңалығын ұсынады, әйтеуір. Сол сансыз жаңалықтың ішінде бір сайтта жарияланған «Қазақстаннан кеткім келеді…» атты мақалаға назарым ауды.
«Кейде халықты тонап байыған, бойында не кісілігі, не кішілігі жоқ, білімсіз, біліксіздердің алшаңдап жүргенін көрсем, Қазақстаннан кеткім келеді…», – дейді автор. Бұндай жәйт құдды бір қазақ елінде ғана бар жағдай секілді. Басқа мемлекетте ақша десе ауызын арандай ашатын адам жоқ секілді. Қазақстаннан басқа мемлекеттің бәрі жұмақ секілді.
«Қазақстанда неге қазақтарда ғана баспана жоқ? Жалдамалы пәтерде, жатақханаларда неге бірыңғай қазақтар ғана тұрады? Не үшін жалпы қазақ кедей? Осы сауалдардың жауабын көп іздедім. Бірақ, таппадым. Неге екенін, сол сәтте Қазақстаннан кеткім келді», – деп сабақтайды ойын одан ары, ол. Осы меніңше, қоғамды келеңсіз етіп көрсететін өзіміз-ау…
Маған  мына сауалға жауап беріңіз­дерші. Неге еңбек етіп, ақша жинап пәтер сатып алмайсыз? Неге тер төгіп, қаржы тауып, әдемі көлік мінбейсіз? Неге біз іштей «бізге біреу беру керек» деген принципті ерікті-еріксіз ұстанамыз?..
«Кедейлік басқа елде жоқ» деп ойлайсыз ба? Әлде, басқа мемлекет әр азаматына бәрін үйіп-төгіп береді деп ойлайсыз ба?! Кейбір данышпандар бар былай деп гөй-гөйлейтін:»Ойпырмай, еврейлер балалары туғанда есешотына 1 миллион доллар салып қояды екен-мыс». Әлемдік саясаттың, жаһандық тұрақтылықтың көшін бақылап жүрсеңіз, айтайын, мәселен, Израиль қайыршылық индексі бойынша Чили мен Мексикадан да төменгі сатыда. Әлемде аты дардай 4 еврей бар болса, олармен бәсекелесе алатын 4 қазақтың бар екеніне шүбә келтірмеңіз…
«Мысалы, өзімді айтайын. Мен 4 жерде жұмыс істеймін. Ай сайынғы табысым департамент басшысының табысынан аз емес. Ал, менің небір айта қоятындай көкем де жоқ. Әкем – жылқышы, шешем – кітапханашы. Сөзімді растайтын осы Фейсбукте адамдар бар, өзімді, отбасымды жақсы танитын. Менде пәтер жоқ. Бірақ, «неге жатақта тұруым керек» деп, елорданың қақ ортасынан 160 мыңға пәтер жалдап отырмын. Пәтерім жоқ екен деп елден неге кетуім керек, ал, сонда?! Және «Азаматта пәтер жоқ екен» деп Үкімет басшысы «хай-вилден» үш бөлмелі пәтердің кілтін беруі керек пе?! Еңбек етіп, жиған-тергенімізді жарым екеуміз депозитке салып, сақтап жүрміз. Екі жыл, бес жыл ма, әйтеуір, қалаған пәтерімізді сатып алатынымызға кәміл сенемін. Ал, сіздің менен қай жеріңіз кем, неңіз артық еді?!.»
Жә-ә, одан ары автор Қазақстаннан қай елге көшуге болатынын парықтайды. Ресей, Қытай, Жапония деп, ақыры Америкаға тоқтайтын секілді. Жетіскен екенбіз. Американың ауасын жұтқанша, туған жердің көңіне аунап, батпағына малынып жатқаным артық мен үшін. Екіншіден, Америка бір қазақ тұрмақ, мың қазақ келсе де жарылқамайды. Статистика бойынша, Америкадағы ең кедей топ – шеттен көшіп келгендер. Рухани құндылығы жоғалған АҚШ қайыршылық пен кедейлік бойынша Қазақстаннан да төмен. Біз естіп, оқып жүрген ақпараттың бәрі қолдан жасалатын ақпарат екендігін ұмытпау керек. АҚШ, Ресей секілді алпауыт мемлекеттер әрдайым ең жақсы рейтингтің көшбасында тұруы заңдылық болып қалған.
«Отан», «Ана тіл», «Астана», «Алматы» дейміз. Бірақ, соншама сүйген отаныңның қадірін басқалар көріп, байлығын басқалар жеп жатса, қалай ғана шетелге кеткің келмейді, ә?! Байлары шіріген, кедейі қара сумен жанын бағып отырған елден қалай ғана шаршамайсың?!» дейді мақала соңында автор. Сонда, Отанның қадірі ақшада ғана ма?! Басқа елдің байлары ақша жемейді, шірімейді деп кім айтты?!. Басқа елде кедей жоқ деп кім айтты?!.
Бізде жаман үрдіс пайда болғалы қай заман. «Балық басынан шіриді» деген мақалды ту етіп аламыз да, жоғарыда отырғандарды жамандаймыз келіп. Егер, біреудің күйеуі алқаш болса, біреудің жалғыз сиыры өліп, енді біреудің пәтер алуға ақшасы жетпесе, оған Мемлекет басшысының немесе Қазақстанның не кінәсі бар?!. Сілесі қатқан қойшы серкені қарғайды да.
«Есектің артын жуса да мал табуға» (Абай) талпынатын қоғам қалыптастыру керек. Ол өзімізден басталады. Алақан жайып, «қашан сол алақанға тиын түседі екен» деп күтудің қажеті жоқ. Сізге ешкім ештеңе қарыз емес. Сіз ешкімнен кем емессіз және Өзіңізді және бала-шағаңызды асырау өз міндетіңіз.
Қазақстанның тұрақтылығы жақсы, дағдарыс әр елде болады. Ал, егер, сіз есектің артын да жуа алмасаңыз, оған Қазақстан кінәлі емес. Бүйректен сирақ шығарып, «Қазақстаннан көшкім келеді» деп елді бүлдірудің не қажеті бар?!. Біздің тағдырымыз тек өзіміздің ғана қолымызда! Мінерге арғымақ таба алмасаңыз да, жуарға есектің арты табылады. Тек, еңбек етуге дайынсыз ба?!.»
P.S. …Екі мақаланы  да мұқият  оқы­ дым. Ой түюге, сенім бекітуге тырыстым, ақ-қарасын ажыратпақ болдым. Бірақ, екеуі де біржақты, бірсарынды, бірізді болып шықты. Бірі – «…бойында не кісілігі, не кішілігі жоқ, білімсіз, біліксіздердің алшаңдап жүргенін көрсем, Қазақстаннан кеткім келеді…» деп, бар үмітін үзіп, запыран-қайғыға салынса, екіншісі – «..Мен 4 жерде жұмыс істеймін. Ай сайынғы табысым департамент басшысының табысынан аз емес. …Егер, біреудің пәтер алуға ақшасы жетпесе, оған Мемлекет басшысының немесе Қазақстанның не кінәсі бар?!. Сілесі қатқан қойшы серкені қарғайды да. …Сіз есектің артын да жуа алмасаңыз, оған Қазақстан кінәлі емес» – деп, Қазақстанды өз қолымен жердің бетіндегі жұмаққа айналдырғысы келеді…
…Екеуіне де қосыла алмаспын. Біріншіден, Қазақстан – әлемнің ең кедей елі емес; екіншіден, қазақ елі – жер бетіндегі ең бай жұрт та емес. Бізде артық­шылықтар бар, ал, кемшіліктер де жоқ емес. Десе де, қара аспанды орнатып, өзіңді қор санаудың да; жағаны жайлауға жіберіп, құр мақтанудың да қажеті жоқ.
Ең бастысы, адамның қорғаны – еңбек. Тер төкпегеннің – тілі суалады… Бірақ, нан-нәпақа табу жолында (есектің сасығына қол салу міндетті емес), ар-на­мысыңызды жоғалтып алмағайсыз!
«…Әр қазақ оқыса екен…»

Аңдап сөйлеу керек, 
Шыңғыс бауырым!

Адамның жаратылысы қызық. Маған кейде жалпы пенде қателіктер жіберіп, соны түзеу үшін өмір сүретіндей көрінеді. «Жаңылмайтын жақ, сүрінбейтін тұяқ жоқ» дейді қазақ… Дегенмен, қатесін түсініп, қаперіне алатын адамдар да азайып барады…
Мысалы, қалың қазақ мені «оппозиционер» деп ойлайды. Неге? Өйткені, билікпен қатынасым жоқ. Ал, билік мені өзіне қарсылас санайды. Шынына келгенде, мен ешкімге қарсылас емеспін, тек қазақтың қамын ғана айтамын. Қазақтың қамын айтатынның бәрі оппозиционер болса, онда бізде кім қалады?..
Жоқ! Меніңше, қазақтың қайғы-мұңына ортақтың бәрі өзінің елі мен жұртына қарсы емес. Қазір біреу білсе-біреу білмес, мысалы, бүгінгі Атырау облысы әкімінің орынбасары Шыңғыс МҰҚАН да бір кезде «Жас Алаш» газетінде журналист болып жұмыс істеп, билікті аяусыз сынап, талай мақалалар жазған… Сонда ол да «оппозиционер» ма?..
«Жас Алаш»-тың бір замандағы жас тілшісін есіме алып отырған себебім, Nur.kz ақпараттық порталынан мынадай ақбар оқыдым: «…Атырау облысы әкімінің орынбасары Шыңғыс Мұқан батыс өңірдегі діни ахуалды ушықтырып жатқандарға алаңдайтынын айтты. Шыңғыс Мұқан діни қатынасты реттеу үшін Өзбекстаннан үлгі алуға ұсыныс тастады.
«Өзбекстан, Тәжікстан сияқты көршілес елдерде үлкен қауіп төніп тұрған салафизм ағымына шектеу қойылды. Біз әлі шектеу қоя алмай отырмыз. Осы мәселеге қайтып оралмай, түбегейлі шеше алмаймыз деп ойлаймын…. Елдегі діни қатынасты реттеу үшін Өзбекстан мен Тәжікстан тәжірибесін қолдануымыз керек», деді Шыңғыс Мұқан…»
Әрі қарай Атырауда теолог маман­дардың көмегіне 916 адамның жүгінгенін айтқан Шыңғыс бауырымыз өңірдегі қыл үстінде тұрған діни жағдайды реттеудің басты жолы жайында былай дейді: «2012 жылы түрлі лаңкестік әре­кетке ұмтылудан кейін біраз жұмыс жүйеленді. «Дінмен тек діндарлар айналысу керек» деген түсініктен кеттік. Дін қоғамның проблемасы. Спортшылармен де жұмыс істеу керек. Олар өзге күштерге көбірек сенеді. Спортшыларымыз дінге бір табан жақын. Қазіргі қоғамда сақалға құмар спортшылар өте көп…
…Пікір қайшылықтар алаңында соғыс­тағыдай құлдықтағы адамды жай тартып ала алмаймыз. Санаға әсер етуіміз керек. Қазір бізде имамдарға «сіздердікі дұрыс екен» деп келіп жатқандар бар. Бірақ, «егер мен сіздерді тыңдасам, мені өз жамағатым күстәналайды. Олардан сәл секем аламын» деп келіп жатқандар бар. Былтыр басқа ағымнан 55 адамды қайтардық. Біздің көршілес елдердегідей қамап та тастауға болады. Бірақ, кез келген нәрсенің теріс әсері болады. Диагнозын біліп, емін білмейтін секілді…
…Мықты математик жасау үшін мектептен тереңдетіп білім береді. Ал, имам болатындар тек мектеп бітіреді. Имамдыққа ҰБТ-дан тест тапсырып, түсе алмай қалғандар баруы мүмкін. Қайтеді енді… Тест келіспеген соң, діни оқу орындарына барады. Мектепті «5»-пен оқып, алтынмен бітірген бала имамдыққа бармайды. Сондықтан, мектептен бастап білікті діни мамандарды дайындауды қолға алмай, жағдайды түбегейлі шеше алмаймыз…».
…Меніңше, жаман ойлар емес. Жан­ашырлық та сезіледі. Керек десеңіз, қазіргі қызметіндегі тікелей міндеттерінің бірі ғой, Шыңғыстың…
Жасыратыны жоқ, біздің батыста дін мәселесінде мейлінше сақтық пен тереңдік керек. Жат жұрттың жаласы да, бөтен үйдің аласы да жетерлік. Адамзаттың ең нәзік сезіміне зорлық та, бұйрық та жүрмейді. Қайбір жылы өзі араб елдерінде талай жылдар елші болып келіп, қазақта дін мәселесінің ресми өкіл-басшысы қызметін атқарған біреу айдың күні аманында ешкім естімеген «умеренный ислам» дегенді шығарып еді. Онысын ешкім түсінбеді. Бұл не, өзі: «тәбеті тартылған» деген мағына ма, әлде, «Аллаға толық емес, аздап сену керек» деген адасушылық па?..
Адамда сенім не болады, не болмайды. Жартылай сенім сенім емес. Олай болса, алдымен: «Имам болатындар тек мектеп бітіреді. Мектепті «5»-пен оқып, алтынмен бітірген бала имамдыққа бармайды» деп алып, артынша қалайша: «Санаға әсер етуіміз керек»…
Ислам бейбітшілік пен бірліктің діні. Меніңше ислам жайлы айту үшін, дін туралы тіл кеземес бұрын, ең құрығанда, мұсылманның бес парызының біреуін үзбей, үнемі, қаза қылмай орындау керек, ол намаз. Қазақстанның бірде-бір заңы мұсылманға намаз оқуға тыйым салмайды…
Әйтпесе, «Мектепті «5»-пен оқып, алтынмен бітірген бала имамдыққа бар­майды» деген сөз қазақтың Мұсылман Басқармасына, барлық имамдарға ғана емес, күллі мұсылман жамағатына қарата айтылған аса ауыр сөз! Адам аңдап сөйлеу керек! Аңдамай сөйлеудің ақырын әр қазақ жақсы біледі…
Абай: «Ақырын жүріп, анық бас…» дейді. Сөз-ақ қой…

«Жақсы сөз – жарым ырыс»

1992 жылы жазған «Әйтеке би» атты еңбегінде күні кеше пәниден өткен көрнекті қаламгеріміз Әбіш КЕКІЛБАЕВ былай депті: «…Қазіргі алауыздық пен әкімгерлік ел басқару жүйесі аяққа тапталған кезде шықты. Қазақ даласында 1824 жылы хандық билік, 1868 жылы сұлтандық билік жойылды. Сол арқылы қазақ даласы дәстүрлі мемлекеттік сипатынан айырылды. …«Анау ауылдан шыққандар шетінен сұңғыла, мынау ауылдан шық­қандар шетінен миғұла» деп бірін-бірі көзге шұқитын әдет пайда болды. …адамды қойып рулы елді жөргектен қағынған қып көрсетуге машықтана бастадық. Баршамыздың басымызға түсіп, баршамыз әлі арылып болмаған отаршылық зауалының өзін бір-біріміздің бетімізге шіркеу салу үшін тілге тиек ететіндер бар. Отаршылық – тек біздің ғана емес, адамзаттың көбінің басына түскен тақсірет. Одан құтылу үшін ортақ жолындағы ынтымақ керек. Ондай ын­тымақ әрқайсымыздың көкейтесті мүд­демізді бірдей етіп, бірдей ескеру жолымен орнайды. Төле, Қазыбек, Әйтеке есімдерінің әлі күнге ауыздан түспейтіні де сондықтан. Олар замандастарына сүйек сындырысып, жаға жыртысуды емес, бірі жең, бірі жаға, бірі іні, бірі аға болуды, өзара теңдік арқылы елдікке, елдік арқылы өзгелермен теңдікке жетуді үйретті. Біздер бүгінгі тәуелсіздік заманына жеткенге дейінгі бабаларымыздың ғасырлар бойы өз халқының тағдырын ойлап, сол жолда талай мәуесі қырқылғанымен, тамыры үзілмеген азатшыл рухымызға қарыздармыз».
Тамаша тұжырым. Қоғамдық һәм мемлекеттік биік деңгейдегі ұлттық мінбер­ден айтылған сөз. Қайран дүние, осындай орасан ойлының да қадірін білмей, өмірінің соңғы жылдарына күңгірт-перде тұттық-ау?!. Қадір МЫРЗА ӘЛІден кейін, Ақселеу СЕЙДІМБЕКтен кейін,Фариза ОҢҒАР­СЫНОВАдан кейін, Марат ҚАБАНБАЙдан кейін, Әбіш КЕКІЛБАЙдан кейін… қазақтың мыңжылдық мүддесі жетімсіреп қалды…
Саясаткер Айдос САРЫМ: «Орыстілді аймақтардағы халық санының азаюы – осы облыстардың экономикалық жағдайына тікелей әсер етеді» деген екен. Рас толғам шығар. Түксіз тақырға шөп шыға ма?..
Еліміздің  оңтүстігінен  солтүстік  аймаққа 460 отбасы қоныс аудармақшы көрінеді. Жаңа жерде оларды «Жұмыспен қамту-2020 Жол картасы» бағдарламасы арқылы жұмыспен және баспанамен қамтамасыз етеді. Қостанайлықтар биыл 500 ошақтан астам отанына оралатын қандастарын қабылдауға ниеттеніп отыр. Міне, бұл – нақты қадам, анық іс.
Жергілікті   ұлт  санының   молаюы – қай өңірде  де  еңбек нарығын  қалыптастырып, әлеуметтік ахуалды түзетеді. Әсіресе, шы­­­ғыс және орталық аймақтарда, Пав­лодар облысында мемлекеттік тіл мә­селесі шешілмегендіктен, қазақтардың жеңіл­діктермен қоныс аудару үрдісі – мемлекеттік тілдің – қазақ тілінің қа­лыпты дамуына ықпал етеді. Өйткені, кез-келген ұлттық мемлекеттің дамуы – ұлттық тілі мен дінінің, ділі мен салт-санасының өсу деңгейіне тікелей байланысты.
Құдайберлі МЫРЗАБЕК бауы­ры­мыздың жүрек қынжылы жаны­­мызды сыздатып жіберді: «Бір кісі «жүр-жүрлеп» қоймаған соң, ілесіп үйіне бардым. Отыздар шамасында ұлы бар екен. Әкесіне телефонынан бейнетүсірілім көрсетті. Түнімен крещениеге қатысып, суға түскенін айтты. Әкесі оны: «Көп жылдан бері қалмай қатысып келеді» деп, қуаттап қойды. Мен: «Бұларыңыз дұрыс емес» деп едім, ұлы: «Өте пайдалы. Қыс бойы ауырмайсың» деп, «дәлелдей» кетті. Мен: «Басқа күні неге түспейсің?» десем, «Тек Исус шоқынған күнгі су ғана қасиетті болады» деп, бет бақтырмады… Бір ауылдағы қазақтар: «Орыстардың шоқындырған суын ыдысқа құйып әкеліп сақтап қоямыз, кейін балалар ауырғанда, сиыр ауырғанда ішкіземіз» дегенін де естіп едім.  Жалпы, біздің орыспен  араласып кеткен ағайындардың ұлттық түйсігі жоқ. Олардың санасында вирус бар…»
…Сондықтан, соңғы кезде қаптап кеткен: «Қазақстанда қырымның тағдыры қайталануы мүмкін бе?» деген толғаныстан емес, топастықтан туындаған мағынасыз сауал-мақалаларды баспасөзге жариялауға мүлдем тыйым салу керек. Бұл сұрақ елі мен жеріне шынайы жанашырдың емес, ой-санасы қорқыныш-үреймен, құлдық синдроммен уланған дүбәрәның сандырағы.
Қазақстан ұлттық құрылымдардың федерациясы емес, біртұтас, унитарлы, басым бөлігі мен бастаушысы бір ұлттан құралған таза ұлттық мемлекет. Қазақ топырағында басқа ұлт пен ұлысты құрайтын федерациялық, автономдық облыс пен аудан түгілі, ауыл да жоқ.
Бізде ұлттық қауіпсіздігімізді қорғауға тиіс күштік, құқықтық құралымдар бар. Сол құрылымдар ауызы бейпіл, пиғылы харам топтар мен тобырларды анықтап, ауыздықтауға тиіс.
Ата-бабамыздың асыл мұрасы – тұтас жеріміз бен еңселі еліміз қазақ ұлтының қымбат қазынасы. Бірлік пен береке қонған өлкемізде өзеуреген өзге ниет, жат пиғылға орын жоқ және болмайды да. Атамыз қазақ: «Жақсы сөз – жарым ырыс» дейді, жақсы сөйлеп үйренейік!

Алдыңғы «
Келесі »