ӨМІРДЕ ІЗГІЛІКТІ ІЗДЕГЕН АЗАМАТ ЕДІ

  • 06.04.2016
  • 520 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Халқымыз өзінің төл мерекесі Наурыз мейрамын тойлайтын күндерінде «Жетпіс бес» деген кемел жасқа көзі тірі болғанда толатын философия ғылымдарының докторы, профессор Бақытбек Сейсенов ағамыздың өмір жолы жастарға өнеге, замандастарына үлгі боларлықтай деңгейде еді. Кезінде ол білім мен ғылымның жоғын жоқтап, үнемі осы ғибратты салаға адал қызмет етуді өзіне асқақ міндет еткен жан болатын.

Бәкең Қармақшы топырағында сонау соғыс басталған 1941 жылы дүниеге келіп, сол жылы соғысқа кеткен әкесінен айрылады. Кейін жігіт ағасы болған шағында өзінің немере ағасы Шәкибек пен үлкен баласы Дәулет үшеуі сонау Беларусь жеріндегі Лоев елді-мекеніндегі бауырластар зиратына барып әкесінің мәңгі көзін жұмған жеріне туған жердің топырағын тастап қайтады. Әрине, жетімдіктің ащы дәмін соғыс жылдары, Сталин заманында талайлар татқаны белгілі. Бірақ, Бақытбек Сейсеновтің өмір жолы зерделі азаматтың ғұмыры, оның әрбір өткелдері «қиындықты сабырлылықпен, ізгілікпен жеңуден» тұрғанының куәсі болатын азаматтар Сыр бойында жеткілікті. Кез келген өмір сынағы рухани шыңдалуды, риясыздықпен жасалынған қадамдарды қажет етеді. Адамнан артық құндылық жоқ. Адам өзінің «Менін» басқаларға деген қатынасы арқылы қалыптастырады. «Адамның күні адаммен» деген қазақ этикалық құндылықтарды жоғары бағалаған халық. Бәкең осы халқымыздың дәстүрлі ділін берік ұстанған және өзінің биязы мінезімен талайларға үлгі болған азамат еді. 
Жастайынан арманшыл, еңбекқор және талаптанғыш Бақытбек ағамыздың ғұмырлық асулары еліміздегі қарапайым мектеп мұғалімінен Қызылорда қаласындағы жоғары оқу орнының ректорлығына дейінгі лауазымдық қызметтік сатыларынан құралды. Сыр бойының зиялылар қауымының өкілі Бәкең ұстаздыққа ғұмырын сарп етуді ананың сүтімен бойына жастайынан жинақтағаны баршаға белгілі еді. Оның өмірдегі табыстары мен жетістіктері тіршіліктегі ұстаздық жолындағы таза еңбегінің, маңдай терінің нәтижесі деуге толық болады. Әрине, кез келген пенде бұл адами тіршілікте талай сынақтардан өтіп, алынбайтын қамал іспеттес асуларды алуға тырысады, жанды шымырлататын қуа­ныш  пен күйзелістен тұратын шақтарды басынан өткереді, ал, енді, көңілге көктем орнататын кезеңдер болса, олар оның жанын жадыратады, шабыттандырады. Сөйтіп, оқиғалардың осындай тізбегі адамның уақыт патшалығындағы «Ғұмыр жолы» деп аталары анық. Өмірдің қуаныш пен қиындыққа толы әрбір сәті адам үшін кездейсоқ болмайтыны да анық және пенденің «жекеленген, дараланған өмірбаяны» өзінің ретімен ауысып келіп отыратын дөңгеленген дүниенің бір қыры іспетті екенін де байқаймыз. Артынан жақсы сөздер айтылып жатса адам осы жолды абыроймен өте білгені, өзінен кейін ізгілікті асқақтатуға мұра қалдырғаны. Шынтуайтына келгенде, сол «Өмір» деп аталатын нақты оқиғалар қатары әрқайсымыздың кейде жете түсіне бермейтін, қарапайым жан пайымдауын жасап, толық ашып бере алмайтын тылсым дүниедей ерекше сәттерден құралады. Осы тұтас ғаламның өзіндік жиынтығы адамның дербес рухани дүниесінде қордаланып, оның сыртқы көрінісі адамның күнделікті күйкі тірліктегі іс-әрекеттерінің, кеңірек айтсақ, пенденің тағдырының, оның өмірлік тәжірибесінің негізіне, іргетасына айналатыны белгілі. Сондықтан, әлемдегі көптеген халықтардың қасиетті кітаптарында, діни жәдігерлерінде адамның қалай өмір сүргеніне, ниеті мен пейіліне, тегіне байланысты оның қордалаған нәтижелері мен жемістері де көрініс беретіндігі айтылады.
Бақытбек Сейсенұлы жастайынан қажырлы еңбектің қадірін біліп, жалпы білімге деген құрметтің адамға деген құрметтен басталатынын ерте түсінген, сонымен қатар, олардың бір-бірімен өзара тығыз астасып жататынын ерте аңғарған жан. Өз халқына деген ізгілікті қатынасын өзін-өзі жетілдіруден, кәсіби және тұлғалық сатылардан өтуден бастаған Бақытбек ағамыз күнделікті педагогикалық және ғылыми өмірде ғылым және техника философиясы десе барынша ден қойып, зейінін салып, жаңа технологиялар мен идеялар десе бар ынтасымен ықылас білдірген болатын. Бәкең сол ақпарат пен дерек көздеріне барынша жақындай түсуді, оны ғылыми сипатта терең игеруді, жастарға оларды ерекше құндылық ретінде насихаттауды өзіне мақсат етіп келді. Міне, сол білімге деген құштарлықтың Бәкеңнің жеке басының адами табиғатында, кісілік тағдырында белгілі бір жоғары деңгейде маңызды және жетекші рөл атқарғандығы білімділер арасында оны беделді кәсіби маман деңгейіне көтерді. Маман болу мен адам болуды ұштастырып отырды. Ол өзінің өмірінің қандай қиын шағы болса да негізінен ізгілікті қадамдардан қалаған жан еді. Білімге деген құмарлық Қызылорда қаласындағы Н.В.Гоголь атындағы  педагогикалық институт қабырғасында студенттік оқу барысы Бәкеңді Күмісай сияқты тамаша жанмен кездесуге және онымен үлгілі отбасын құруға себепкер болды. Бұл да кездейсоқ нәрсе емес еді. Өйткені, адамдардың бір-біріне қосылу заңдылығы, олардың өмірдің асуларынан өтуге жұптасуы  жай ғана қарапайым логикамен толық түсіндіріле бермейді. Демек, қазақ өзінің өмірлік жарына «Құдай қосқан қосағым еді» деген сөздерді бекер айтпайды. Бұл жұптасудың астарында жоғарғы Рухани күштерге  ғана айқын Ақиқат бар, адам тағдырларын қиюластыратын, түйістіретін өмірдің тылсым табиғаты мен құпиясы бар. Сөйтіп, Қызылордадағы педагогикалық институт қабырғасында басталған өмірлік бастау дүниеге төрт перзенттің келуіне негіз болды.
Білімді жинақтаудың өзі адамнан үлкен шыдамдылықты, ұқыптылықты қажет ететін күрделі дүние. Қасиетті Сыр бойында, сонау, Қорқыт Атадан бергі заманда талай даналар дүниеге келгені белгілі, талай даналар өз шығармашылығын әлемге паш еткені тарихқа аян және осы дәстүрдің әрі қарай да тарихымызда жалғасы болады деген ойдамыз. Осындай рухани сабақтастық, идеялық үйлесімділік қазақ даласының ойшылдарының шығармашылығында жиі байқалып отырғанын ұлттық тарихымызға тән заңдылық, қағида деп айтуға болады. Міне, халқымыздың рухани келбетін сақтауымыздың, бүгінде тұтастанған рухани құндылықтарымыздың, ұлттық мәдениетіміздің кілті осында жатқандай. Тіпті, тарихтың небір «тар жол, тайғақ кешулері», саяси режимдері бұл мәдени үдерісті, эволюциямызды тоқтата алмаған. Бақытбек ағамыз осы ұлттық болмысымыздың табиғатын барынша жете түсінген, жан-дүниесімен қабылдаған азамат еді. Ол сыр сүлейлерінің ізімен дәстүрді құрметтеп ізгілік жолын жалғастырып келген замандасымыз болатын. Украинаның астанасы Киев қаласындағы Т.Шевченко атындағы мемлекеттік университетінің аспирантурасында Бақытбек Сейсенов тәлім алып, өзінің сүйікті пәні физика-математика саласы бойынша 1974 жылы ғылым кандидаты деген ғылыми дәрежесіне қол жеткізеді. Сөйтіп, ол ғылымды дамытумен қатар ұлтаралық, мәдениетаралық қатынастардың барлық дәмін татып, қадірін түсінген жан болатын. Сондықтан, ол өзінің өнегелі ғұмырында ешқашанда ешкімді  ұлтына, дініне, тіліне қарап шеттетуге, одан теріс айналуға қадам жасаған емес. Қазіргі жаһандану заманында нарықтың заңдылығын, оның сұраныстарын желеу етіп нәпсінің құлы болып кеткен қандастарымыз қаншама. Ал, адами болмыстың, өмірдегі ізгі жолдың іргетасын руханият әлемі құрайды. Ол қалыптасу үшін білім де, ғылым да, өнер де керек.
Ғылым – іштегі нұр, өнер – сырттағы салынған түр.
Білім – арзан, білу – қымбат, – деген екен Тұрмағамбет ақын.
Ойшыл-ақын адамзаттың ғылымсыз, білімсіз алға жылжи алмайтындығын жақсы түсенеді. Соған жастардың үнемі ұмтылғандығын қалайды. Қазіргі заманда кезіндегі ағартушыларымыз  Ыбырайдың, Абайдың, Шәкәрімнің, Тұрмағамбеттің көксеген армандары қазақ жерінде Бақытбек Сейсенов сияқты азаматтардың жүйелі және табысты іс-әрекеттерінің арқасында әлеуметімізде жүзеге асып келгені белгілі. 
Жинаған білімін жастарға беруден, келер ұрпаққа таратудан жалықпаған жан ғана өмірде, әлеуметтік ортада өзінің азаматтық, ұстаздық парыздарын орындаған білімділер қатарына жатады. Әрине, адам өзінің дарынын жарық көрген кітабі түрінде шығарып, замандастарына, келесі ұрпаққа рухани мұра ретінде ұсынуы да мүмкін. Осы екі бағыттың екеуі де жақсы және солардың басын қоса білген жан, әрине, қоғамға тиімді көп еңбек етеді, сонымен қатар өзі де жетілу жолында болады. Сондықтан ағамыздың осы екі бастаудың, яғни білім мен ғылымның басын мәмілеге келтіріп, ұштастыра білгені анық.           Осы тұрғыдан алғанда, әріптесіміздің  ғылым философиясы бойынша біршама еңбектері елімізге танымал болып қалғанын айта аламыз. Бәкеңнің шығармашылығының шыңдалуына себеп болған нәрсеге әлемдік философияның жетістіктерін ғылым логикасының проблемаларымен терең байланыста қарастырғаны жатады, әсіресе, оны философиядағы техниканың рөлін айқындау мәселесін өз еңбектерінде  Қазақстанда алғашқылардың бірі болып жақсы талдаған зерттеушілердің қатарына жатқыза аламыз. Бұл методологияның қазіргі жаңа технологияға барынша мән беріп, назар аударып жатқан кезде маңыздылығы арта түседі.
Бәкең Қазақстан Республикасы Ұлт­тық Академиясының (қазіргі кезеңде Білім және Ғылым министрлігіне қара­ған) Философия және саясаттану институтының қабырғасында докто­ран­турада ғылыми ізденістермен айналысты, содан соң диссертациясын философия ғылымдарының докторы ғылыми дәрежесін қорғауға арналған диссертациялық кеңесте көрнекті фило­соф, профессор Мұрат Сәбиттің ғылыми кеңесшілігімен сәтті қорғап шықты. Өзінің шығармашылыққа толы өмірбаянында Бақытбек Сейсенов бір­шама ғылыми және ұйымдастыру ша­руаларын абыроймен атқарды. Ғылым философиясына арнаған бірнеше іргелі монографияларды жарыққа шығарды. Оның шәкірттеріне айтқан кеңестері ғылымда болсын, тұрмыстық әрекеттерде болсын дәлдігімен, тереңдігімен, нақты­лығымен айрықша еді. 
Қазіргі таңда көптеген дарынды азаматтардың өз ана тілінің қыр-сырына үңіле алмай, оның қайнар бұлағынан сусындай алмай жүрген жағдайы бар.  «Оған кінәлі кеңестік заман, яғни, өткен тарихи кезең» деуге бейім тұратынымыз бар емес пе? Ал, жоғарыда келтірген Бақытбек ағамыздың өмірінен алынған мысалымыз ондай сылтаудың өте үстірт екенін, адамның жеке басындағы жауапкершілікте көп мәселенің жатқанын дәлелдейтін сияқты. Жалпы, қай істе болса да әрбір адам Рухани Дүниенің Заңдылығы алдында, Ақиқаттың сұрағына жеке жауап береді. Осындай, Өмір заңдылығын жеткілікті деңгейде ескермей, бос белбеу, енжарлықпен өмір сүру көптеген замандастарымыздың өмір салтынан, ұлтының болашағына деген көзқарасынан орын алып тұрғаны өкінішті-ақ. Ал, енді, ағамыздың ешқандай мемлекеттік нұсқау мен ынталандыруды күтпей-ақ елімізде басымдық танытатын екі жетекші тілдің құдіретін бір-бірімен байланыстыруға тырысуы мәселеге жан-жақты қарай білетін парасаттылығының, зиялылығының белгісі деген ойдамыз. Сондықтан, өзінен тараған ұрпағының қос тілді жете меңгергенін қадағалап отырды. Қазіргі кезеңде ағылшын тілін меңгеру міндеті жастардың алдына қойылуда. Енді, заман талабы. Бұл қадамдарды қазақ халқының, қазақстандықтардың халықаралық аренаға шығуға қадам басқанының көрінісі деп қабылдаған жөн.
Ғылыми ізденістердің өзіндік ғанибеті, еңбектік рақаты адамға шыныменде көптеген тер төккеннен кейін ғана  келеді. Сондықтан, шынайы білімнің соңына түскен адам ешқашанда  өз еңбегінен бірден және оп-оңай келетін қомақты нәтижелерді күтпейді, ол ұзақ жылдар бойы жаңалықтарды там-тымдап, асықпай жинайды. Тек солардың ішінен інжу-маржандарын жинаудағы шыдамдылық пен кәсіби тазалыққа не жетсін. Міне, ол жағынан алғанда Бәкеңнің бойындағы игі қасиеттер – кәсіби шеберлілік, азаматтық сабырлылық пен әділеттілік биік деңгейде болғанын байқадық. Жалпы, асып-сасуды білмейтін ағамыз бұл күйбең тіршілікте тек сүйікті жары мен перзенттерінің келбеттерін көруге, отбасына, туған жерге, Сыр өңіріне, яғни, үйге жетуге үнемі асығатын. Бұл да азаматтың әр түрлі асуларға толы өз  өміріндегі бақытты шақтары деген баға берілетін жағдаят. Оны тек біз кейде осындай сәттер өтіп кеткеннен кейін ғана жете түсініп, шынайы бағасын беруге тырысамыз, олар шын мәнінде тәрбиелік мәні зор қадамдар. Бәкеңнің өмірлік тәжірибесі,  басқа жандарға деген қатынасы барлығымызға өзіндік үлгі, ол сонымен қатар, бізді ұқыпты, жауапты болуға шақырады, руханиятымызды шыңдай түсуге көмектесетініне сенімдімін. Өйткені, көп жағдайда адамдар бір-бірінің жүріп өткен жолдарын қайталайды, тіршілікте ұқсас қадамдар жасайды. Ал, сол жолдардың ізгілікті болғанына не жетсін, дегенмен кейбір қателіктер де кейде қайталанады. Міне, осындай ортақ негіздеріміз бізді адам ретінде көбімізді бір-бірімізге жақындата түседі, біріге өмір сүру қажеттілігін туындатады.
Өзіне ғана тән сабырлы да салмақты мәнерінде сөйлейтін Бәкең онша қызбалыққа салынып көрген жан емес және ол «менің ғана айтқаным дұрыс» деген сыңаржақты көзқараста қалып қоймайды, ол әрқашанда сұхбаттасушы кісінің көңіліне қарай білетін, оны ренжітпеуге тырысатын, сонымен қоса ол өз пікірін білдіруден де жалтармады. Міне осы қасиеттері үшін әріптестері мен замандастары оны барынша сыйлады. Философияның құдіретін жете түсіну санаулы тұлғалардың еншісінде екенін әлемдік ой-пікір тарихы дәлелдеп отыр. Тек даналыққа толы ұғымдардың, түсініктердің көпшіліктің зердесіне жете қоймайтыны рухани дамудың ащы да болса шындығы болып табылады. Философиялық зерттеулердің осындай табиғаты  бар. Адам тағдырына бай­ланысты өмірдің терең сырларын тек қарапайым пенде үшін онша ашыла қоймаған Ақиқаттың құпиясы деуге де болады. Адам бұл сырды толық ашса да, ашпаса да өзінің басшылық еткен принциптері бойынша өмір сүреді. Күнделікті өмірде сүрінеді, қынжылады, қуанады, әйтеуір, болашаққа деген үміті мен сенімі күшейе түскен кезде ғана өмірде өз орнын тапқандай сезінеді. Ба­қыт­тылықтың ауылы адамның рухани қана­ғаттанғанында ғана пендеге көріне бастайды. Шын мәнінде жалпы тіршіліктің әрбір күні, адамның қиындықтарды жеңген сәті нағыз бақыттың өзі емес пе? Сондықтан Бәкеңнің елінің амандығы, тәуелсіздігі, ұрпақтарының өсіп-өнуі оның ғұмырда шынайы бақытты болған­дығының белгісі және әрдайым осындай асыл азаматтың рухының биікте болғанын қалаймыз. 
Міне, қазіргі уақытта өмірден ертерек кеткен Күмісай жеңгеміз бен Бақытбек ағамыздың көздеріндей, тіршілігінің жалғасындай болған ұлдары мен қыз­дарынан тараған немерелері мен шөбе­релері көбейіп келе жатқандығы бізді қуантады. Бақытбек ағамыздың әулеті, әсіресе, Найля мен Әлия сияқты қыздары білімді аса қадірлеген, ғылымды жоғарғы құндылық ретінде бағалаған, қоғамға адал қызмет етіп жүрген жандар екендігіне куә болудамыз. Ізгіліктен өмірде өзіне және ұрпағына жол салған азаматтың келбеті әрқашан жадымызда.    

Серік Нұрмұратов,
ҚР БҒМ ҒК Философия, 
саясаттану және дінтану институты директорының орынбасары, 
философия ғылымдарының 
докторы, профессор

Алдыңғы «
Келесі »