Жан, сана философиясы

  • 05.04.2016
  • 1421 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Бүкіл әлем екі саладан тұрады. Бірі жансыз дүние: тау-тас, жер-су, ыстық-суық, ауа-райы, ашық-күңгүрт аспан, күн-түн тәулік, табиғи құбылыстар. Екіншісі – жан-жануарлар, құрт-құмырсқалар, түрлі өсімдіктер мен жасыл жапырақ жайып, гүлдеп тұқым беріп, өмірін жалғастыратын жеміс-жидектермен әсем ағаштар. Соңғылар тіршілік иелері. Бұлардың әрқайсысының даму заңдылықтары бар, бірақ, бірі жансыз дүние, екіншісі тірі. Ал, енді, жанды дүние қалай, қайдан пайда болды? Бірақ, олда бірден пайда болып, тіршілік басталған жоқ. Біздің планетамыздың тарихын ғалымдар шамасы 4-4,5 млрд. жылдар деп пайымдайды. Әрине, сол дүние бастауында тіршілік болды деп ешкім айтқан емес. Алдымен жансыз материалдық дүние, кейін жанды дүние түрлі күрделі физикалық, биохимиялық реакциялар нәтижесінде жәй, қарапайым ең алғаш тірі дүние тіршілік пайда болған дейді. Ендеше, жанды дүние дайын күнінде космостан келмеген десек, онда әлгідей бастау болуы сөзсіз.  Сол тіршілік бастауы ұдайы өзгеріс, даму арқылы жүздеген миллион жылдар арқылы қазіргі дүниеге жетті. Жансыз дүние де  бір қалыпта тұрған жоқ, ол да өз заңдылығымен ұдайы өзгерісте дамуда болған дейді ғылым. Әрине, жансыз табиғатпен жанды табиғат арасында қашанда тығыз байланыс болған, бірінен бірі туындаған.

Ал, дін мұның бәрі жаратушы – Құдай құдіреті дейді. Ол пікірдің де өзіндік логикасы бар. Бірақ, бұл өз алдына әңгіме, проблема. Ал, ғылымға тоқтайтын болсақ, табиғатты терең зерттейтін ғылымдардың бірі физика. Ол табиғаттың терең сырларын, құпиясын ашты. Екі жарым мың жылдай бөлінбейді деп келген әлемнің ең кішкентай бөлшегі – атомды ХІХ ғ. аяғында күрделі құбылыс деп таныды. Ең алдымен атомнан электрон бөлініп шықты. Ол сәуле жылдамдығымен айналып жүретін, бойынан мол энергия (қуат) шығаратын теріс зарядты элементарлық бөлшек деп танылды. Оны 1897 жылы алғаш ашып, ғылымға жаңалық ендірген ағылшын физигі Джозеф Томсон (1856-1940) болатын. Артынша, электрон ғажап жылдамдықпен атомды өз еркімен түрліше (орбита арқылы) айналып отыратын болса, онда ол неге атомды тас­тап, кеңістікті аралап кетпейді, оны қандай күш арқандап дегендей ұстап, жібермей тұр деген ойға қалып, атомда, сірә, тартатын күш – ядро мүмкін және оның да энергиясы бар болуы мүмкін, бірақ, электрон теріс зарядты болса, ядро (өзек) дұрыс зарядты болар деп пікір айтқан ағылшын физигі Эрнест Резерфорд болатын. Артынша, ол әлгі ядроға жататын протонды ашты. Кейін сол ядроға кіретін күш – оның құрамдасы нейтрон ашылды. Сондай-ақ, Э. Резерфорд (1871-1937) атомның ішкі құрылымы күн жүйесіне ұқсас, оның да планетарлық жүйесі бар екенін ашып, Нобель сыйлығына иегер болды. Француз физигі Луи де Броиль (1892-1987), егер электрон, басқа да элементарлық бөлшектер сәуле жылдамдығымен атом ядросын айналып  қозғалатын болса, онда олар тек корпус­кулды (үш өлшеммен өлшенетін) құбылыс емес, ол, сондай-ақ, толқын болып та тарайды деп, ойын түйіндей келіп, «корпускулды-толқынды дуализм» теориясын жасап, физика ғылымына жаңалық пікір ендірді. 
Бұдан кейінгі жаңалық, толқынға айналған бөлшек кеңістікте тұтас, үздіксіз емес, үздік-үздік болып тарайды деген квантты механикалық теорияның өмірге келуі. Оны ашқан неміс теоретик физигі Макс Планк (1858-1947) еді. Бұл 1905 жылы болатын. Былайша айтқанда, сәуле бөлшек-бөлшек топ болып тарайтыны белгілі болды. Бұған себеп болған орыс физигі П.Н. Лебедевтің (1866-1912) 1901 жылы тәжірибе арқылы дәлелденген Сәуле де қысым (салмақ) бар деген жаңалығы еді. Яғни сәуледе салмақ болуы үшін, ол бөлшек-бөлшек, шоқ-шоқ болып тарауы тиіс, әйтпесе, тұтастанып тарайтын сәуле салмағын білу мүмкін емес болатын. Бұл жаңалықтарды дәлелдеген физик Альберт Эйнштейннің 1905 жылы ашқан «Қатыстық теориясы» еді.
Сондай-ақ, 1780 жылы неміс ғалымдары тапқан, бірақ, құпиясы оларға белгісіз болған табиғи зат – «уран»да ішкі жойқын энергия бар екені арада 100 жылдай уақыт өткенде ғана ашылды. Кейін атом  реакторы қазанында табиғи уран – 235 U-мен нейтрон, торий араласып күрделі қозғалысқа (реакция) түсіп, ғажап энергия тудырып, ғылымда зор жаңалық, әрі өндірісте ірі өзгеріс жасады. Осымен қатар қауіпті «атом», «сутегі», «нейтрон» бомбаларын физик ғалымдар дүниеге әкелді. Ғажап бұл құбылыс жаңалықтар ғалымдар арасында физика  ғылымының мүмкіндігі керемет мол, келешекте бұдан да терең табиғат құпиясын, керек болса, тіпті тіршілік бастауын ашады деген сенім пайда болды. Сол арқылы тіршіліктің қалай пайда болу құпиясы белгілі болады деген жеңіл-желпі пікірде айтыла бастады. Әрине, адам білмейтін жаңалықтар алда тұрғанына еш күмән келтірілмеуі тиіс. Бірақ, физика ғылымы жанды жоқтан жасайды деген кейбір ғалымдардың ұшыртқы  пікірі артықшылық. Физика жансыз дүние құпиясын ашуда алда келеді, бірақ физика жансыз дүниеден жанды дүние жасайды деген қате пікір. Ол анық, тек химиямен бірлесіп бір нәтижеге келуі мүмкін болмаса, әзірше оны айту қиын,  өте ерте. Физика ғылымы түрлі ертектердегі адам арманын іске асыруда ендірген жаңалықтары ғажап болса да, кішкентай   құмырсқаға да  жан берген емес, бере алмайды да.
Енді, жанды дүниеге жақын тұрған ғылым – химия. Бұл ғылым өкілдері ғасырлап тіршілік  бастау бөлшегі клетка деп келген болса, ХХ ғасыр орта шамасында ғылым тағы бір ірі революциялық жаңалықтарға тап болды.  Ол клетка ішінде РНК (рибонуклеин  қышқылы), ДНК (дезоксирибонуклеин қышқылы) бар екені, ол екеуінің соңғысы клетка ядросы қатыстылығы ашылды. Оған дейін химиктер флогистонды жоққа шы­ғарып, күшті қызу беретін кислородты (оттегін) дүниеге әкелді. Оны ашқан А. Лавуазье (1743-1794) еді. Ол Франция химигі болатын. Орыс ғалымы Д.И. Менделеев химия элементтерінің қайтармалы жүйесін ашты. Ол айналыс дүниеде химиялық элементтер алатын орны атомдар салмағына байланысты болатынын ашып, болашақ дамудағы химиялық жаңа элементтер орнын болжап белгіледі. Бұдан әрі химия ғылымының дамуы табиғат миллиондаған жылдарда дүниеге әкелген жүн, жібек, тері, сияқты табиғат тудырған заттарды қолдан жасауға жеткізді. Бұл ДНК-ның даму нәтижесі еді. Химия ірі өзгерістер жасай алатын полимерді дүниеге келтірді. Полимер – ол жоғары молекулдар қосындысы. Қазір әлемде химияның араласпайтын саласы жоқ деуге болады. Мәселен, ислам дінінде ішіп-жейтін тағамға байланысты өте қажетті «харам», «адал» деген ұғымдар бар. Келешекте тағам проблемасы қиындап асқындай бастағанда түрлі консерв, паста-паштет сияқты тағамдар дүниеге молынан келмек. Қазірдің өзінде мұсылман дінінде харамға жататындарды пайдаланатын елдер бар. Келешекте қоректің тапшылығына байланысты олардың бәрі асқа (тағамға) айналғанда харам, адал ұғымдары қалай болмақ?     Бірақ, химия ғылымы да табиғатта жойқын жаңалықтар жасағанымен жан қалай пайда болды, ол мәселеге тіл қатқан жоқ. Химияда табиғатты талдап, бөлшектеу, құрастыру, жаңа зат жасау бар, дегенмен жан мәселесіне келгенде, ол да белгілі дәрежеге көтеріле алған жоқ. Сонда «жан» деген не? Тіріде жан бар. Өлген денеде жан жоқ. Жан тірілік, тіршілік. Бұл атақты француз философы Рене Декарттың (1596-1650) «Мен ойлай аламын, олай болса тірімін» дегеніне сәйкес келеді.
Сол тіршілік мәселесіне жақын келген ғылым – биохимия. Бұл салада да ірі жаңалықтар ашылуда. Мәселен, АҚШ ғалымдары 35-пен 75 арасындағы дені сау ер адамдар стволды (діңгекті) клеткасын алып, пробиркада өсіріп, кейін оны діңгегі жоқ тірі клеткамен қосып, бірге өсірмек болып әрекеттенген. Бірақ, ол әрекеттен нәтиже болмаған соң, олар жапон ғалымдарымен бірігіп тәжірибе жүргізген. Нәтижесі оңды болған, клетка көбейе бастаған. Содан, АҚШ ғалымдары өздігінен тәжірибені жалғастырып, енді, сау жасанды тірі дене бөлшектерін жасап, адамдағы жарамсыз, ауру мүшені алып тастап, орнына сау жасанды мүше ендіру бағытында жұмыс жалғастыруда. Мақсаты алдымен жасанды жүрек жасау. Әрине, бұл да қолдан «жан» жасау емес, бірақ, іске асса ғылымдағы ірі жаңалықтарға жатады. Даму бұл бағытта да тоқтаусыз жүруде. Ертең қандай жаңалық ашыларын ешкім кесіп айта алмайды. Бәрін өмір көрсетеді.  
Биология ғылымындағы ірі жаңалық – ол клондау. Ерте замандарда дүниеден өткен тірі жан қаңқаларын ДНК арқылы жұмыс жүргізу нәтижесінде ертеде өткен тіршілік иесін қайталау. Мұнда басты мәселе биологиядағы Т. Морган, Л. Мендель, А. Вейсман сияқты биологтар айтқан табиғи санасыз процесс – тұқым қуалауға байланысты. Клондауда тұқым қуалау, генетика құбылысының нәтижесі. Бұл да қояннан қоян туатыны сияқты генетика ғылымына жақын құбылыс. Мәселен, ғалымдар Англияда клондау арқылы «Долли» деп аталған қойды дүниеге әкелген. Бірақ, клондауда баяғыда өлген қаңқада сақталған үлгіні ДНК арқылы пайдаланып тірі жануар жасау, бірақ, «жан» беру емес. Жанды тірі клетка арқылы ескіде сақталған қалыпты ДНК-ға сүйеніп тіршілікке ендіру, яғни, бұрынғы қалыптасқан дағдыны қайталау. Мұнда да тірі жан арқылы ескінің түрін, түсін, бейнесін келтіру, көшірмесін іске қосу, жоқтан жан жасау емес, биологиядағы клондау ғылыми революцияға жататын болса да. Клондаудың да болашағы алда. Бізді не күтіп тұр айту қиын, бірақ, ғылымда тоқтау жоқ дедік. Тұқым қуалау – санасыз, табиғи процесс. Бірақ клон көбеймейді. Оның да себебі бар. Дүниеде көшірме түрлері көп. Клон соның бірі.
Енді, «сана» проблемасына келейік. Жан да, сана да тірі материя – мидың туындысы. Сана пайда болу жағынан екінші орында болғанмен ірі күш, адамдарды, бүкіл қоғамды, адамзатты билейді. Адамдар санасын билеген ой материалдық күшке айналады. Сөз-сана арқылы өмірде ірі қозғалыстар жасалады. Сана – қорқақты батыр, әлсізді жойқын күшке айналдырады. Биік оймен қаруланған адам жан-қиярлық іске барады. Оны тарихтан білеміз. Қазір әлемді дүрліктіріп отырған тілсіз жау – лаңкестік әрекет. Соны жасап жүргендер санасын билегендер бар. Ондайлар сол үшін жан қиярлық әрекетке барады. Сонда не үшін соны білеме екен? Уланған сана оны ажырата алмайды. Мұндайда ең турасы таза саясат жүргізу, адал болу, кірленген адам санасын тазарту. Ең өкініштісі біреулер тазалық, турашылдық үшін күресіп, адамгершілік ақыл айтса, енді, біреулер арамдық пиғылмен көпшілікті шатастырады, жолдан тайдырады. Осыдан келіп халықты тәрбиелеу мәселесі туындайды. Үгіттің ең тиімді тура жолы – өзіңе де, басқаға да әділ болу. Тарихта қоғамды билеп, адамдарды тәрбиелеген пайғамбарлар болған дейміз. Ел солардың соңына ерген. Ол үшін пайғамбарлардың сөзімен ісі сай, басқаларға үлгі болуы тиіс. Оның күші сөзі мен іс бірлігінде. Қоғамда дана, елді соңына ерткен адамдар болған. Ондай даналар бүгін де керек. Ешкімді қорлап, бұрышқа тығуға болмайды. Бұл қауіпті. 
Сонымен, әзірше шешілмеген проблема – жан. Ол бір кезде пайда болды. Бірақ, ол қалай туындады, әзір шешілген жоқ. Әйтсе де, биохимия сияқты ғылымдар жақындап келді. Болашақ қалай болады, оны өмір көрсетеді. Әзірше, бізге белгілі – ол сана, ақыл-ой. Бұл ерекше қалыптасқан материя – тірі мидың туындысы. Материя алғашқы, сана соңғы. Бірақ, сананы тудыратын барлық тірі ми емес, тек адамның тірі миы. Сана ми туындысы болғанмен, ол дара өмір сүреді. Ми тіршілігін тоқтатса да, сана, ой адам, халық жадында сақталады. Өмір сүреді. Бұл бір. Екіншіден, сана нақтылы жағдайда өмірден озып та, одан қалыпта отырады. Ақыл-ой, сананың істің алдын орап, болжай алатынын Готфрид Лейбниц, Иммануил Кант айтқан болатын. Үшіншіден, сана ми туындысы болғанмен ол сол миға екпінді әсер береді. Сана миды қозғалтып, жұмыс істеткізеді, жаңа ойлар туындауына әсер етеді. Ми арқылы сана бүкіл адам өміріне екпінді ықпал жасайды. Сана адамды тәртіпке шақырады, жігерін оятады, ірі бастама, еңбекке жұмылдырады, жігерлендіреді. 
Сананың қоғамда атқарар рөлі ұшан-теңіз. Бүкіл ғылым-білім бәрі сана туындысы, болмысы. Адам қоғам болып қалыптасқалы бері сана алда келеді. Адамды қоғамдастырғанда, тәрбиелегенде сол сана. Сана арқылы адам жаман әдеттерден арылды, жақсылық, тазалыққа жетті. Қоғам санасыз, тәрбиесіз өмір сүрмек емес. Бұл екеуі бір. Адам бар жерде қоғам, сана мәңгі. Жан бәріне дем беруші, тіршіліктің, тірліктің өзі. Заң, саясат, мәдениет, білім, ғылым, тіпті бүкіл қоғам – алдымен тәрбие нәтижесі. 
Тәрбие жұмысы әлсіреген жерде қоғамдық қатынас төмендейді, жоғары адамгершілік қасиет жоғалады. Рухы төмен адам тәннің құлына айналады. Адамды, қоғамды билейтін жан мен сана. Жан-тірлік, сана-ақыл. Бұл философия.

Досмұхамед Кішібеков, 
ҚР ҰҒА академигі,
Тимур КІШІБЕКОВ, 
доцент

Алдыңғы «
Келесі »