ӘН сыры

  • 05.04.2016
  • 599 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Ықылас Ожайұлы,
ақын

«Бөде үй» жайлы бір дерек

Біз кезекті бұл жазбамызда әннің тарихы мен табиғатына тоқталсақ па деген үмітіміз бар. Кемеңгер кеңістігінде шекара болушы ма еді. Қолымызда  қатталып, ықылым заманалардан жеткен  музыкаға байланысты көне жәдігерлерді сараптай отырып, әл-Фараби мен Абайдың саз өнерінде де өзара рухани  са­бақтастықта  болғандығын бағамдадық.

 Бұл енді  басқа тақырыпқа ныспы тартып тұр­ғандықтан  ЖАРАТҚАН жақтаса, сәті түскен күн  қайыра  соғармыз  деген оймен  аял еттік. Сонымен,  тақырыбымызға  түрткі болған  «бөде үй» сөзі  XVIII ғасырдың  зор  туындысы  «Шәпибай-ау»  әнінде  тұңғыш рет кездеседі. Шәпидің кім болғандығын эрудит ғалым Таласбек  Әсемқұлов  «Отукен» сайтында толыққанды жазғандықтан оны қайталап жатуды артыққа санадық. Салтымызда жасы баршын тартып,  отырып қалған қызды жасауымен жеке шығарып оңаша киіз үй тігетін жоралғы сақталған. Осыны «бөде үй» дейді. Бұған  жар іздеген жігіттердің келіп кетуіне рұхсат етілетін болған. Осы  ұғымға байланысты  жазылған  көрнекті қаламгер  Қалихан Ысқақтың да «Бөде» деген шығармасы бар. Қалекең онда он екіге толған  бойжеткеннің оң жаққа шығарылып, жеке үй тігілуін «бөде» деп атайды деген сыңайда жазады. Бұл орайда жасымыз кіші болса да жазушы  еңбегіне  аз-кем түзету жасағымыз келеді. Қалекең айтып отырған  он екіге толған бойжеткенді  үйдің оң қапталындағы шымылдық ішіне  жеке шығаруын қазақта КӨСЕГЕ дейді.  Осы КӨСЕГЕ сөзі, кейін келе басқа мағынаға айналған тәрізді. Айналасы шымылдықпен көмкерілген қыз төсегіне  еркек кіндіктінің қол тигізуіне бабалар танымы қатаң  тыйым салып отыратын болған. Ендеше  осы бір әннің  мәтіні  жайлы  аз ғана   сөзімізді әрмен қарай үстей түссек. Есімдері елге мәлім  әншілеріміздің өзі  «Шәпибай-ау»  әніндегі  аталған  «бөде үй»  сөзін  «бәдәуи»  десе, тағы біреулері  «бөдеби»  деп  айтып  әбден  жентектеп бітті. Осы орайда, оқырман санасына мына бір мәселені де сыналай кеткіміз келеді. Әр замананың  өзіне тән сөздік жаралымы (лексиконы) болатыны секілді  әр әннің де әр ғасырлық  әуезі болады.  Себебі,  сөз бен саз  апалы-сіңлілі адамдар секілді. Домбыраның қос ішегіндей осы бір қосамжар ұғымды  бірінен-бірін бөлек  қарастыру  тіптен  ақылға томпақ.  
Музыка мамандары күй өнері тари­хының шежіресін IX ғасырдағы Қорқыттан бері қарай тарататыны мәлім. Бір қызығы  зерттелген еңбектерге сенсек  ӘН ӨНЕРІ одан мың жыл кейін, яғни, XIX ғасырдан бастап қана пайда бола бастаған екен.  Сонда  деймін-ау, домбырасы бола тұра саз, сезімі бола тұра ән салмастан біздің бабаларымыз он ғасыр бойы жарылып кетпей қалай ғана шыдады екен. Әрине, қайран қалдырарлық жағдай. Бергіні айтпағанда, Біржан сал мен Ақан серінің арғы жағында дауылпаз дарындар шоғыры (галериясы) болмады дегенге кім сенеді. Бұл өнер саңлақтары тек бард (сөз, саз, орындаушы үштігін ұштастырған дарын) болып ғана қоймай  әрідегі өнер иелерінің жауһар мұраларының жанашыр жеткізушісі болғандығы  тағы да  анық  қой.
Рас, кеселдің бәрі кешегі кер заманнан басталды. 1933 жылдың бедерінде дін мен ескілікті (феодализмді) көксеп отыр деген жаламен бес жүзден астам ән мәтіні «түрмеге тоғытылды». Мұнымен тыншыр қызылдар ма, алғашқы соққыдан ауыр  жарақат алған қазақ әнін елуінші жыл­дардың басындағы саяси бұлғақ екінші рет тағы да бұтарлады. 
БІЛГЕН АДАМҒА КӨНЕДЕН СЫР ШЕРТЕТІН КӨП ӘНДЕРІМІЗДІҢ СӨЗІ XX ҒАСЫРДЫҢ ТІЛІМЕН ЖАЗЫЛҒАН (Күмән етсеңіз күбірлеп айтып көруіңізге әбден   болады.  Бәрібір де бағзыны меңзер бірде-бір ұғымды таппасыңыз имандай кәміл). АЛ, ӘУЕН БОЛСА ҚОЛДАН ТЕЛІГЕН ЖАЛҒАН МӘТІНГЕ ЖАНЫ ИСІНЕ АЛМАЙ  БОТАСЫ  ӨЛГЕН  БОЗ­ІН­ГЕНДЕЙ АҢЫРАП  ТҰР. Қыс­қасы, ХАЛЫҚ ӘНІ  деген жалпылама  ат жамылған ҚАЗАҚ ӘН ӨНЕРІН әр ғасырға жеке-жеке жіліктеп, хронологиялық тұрғыдан бірізділікке түсіретін мезгіл мизамы әлдеқашан жетті. Біздің бұл талпынысымыз осының бастапқы сеңі десек те болады.  Сонымен,  тұңғыш   тақырып  тұздығы  болып  отырған  ән «ШӘПИБАЙ-АУ».  Сөз ұстартқан адам ретінде бірден айта кетейін. Бұл әннің де қазіргі мәтіні XVIII ғасырдың  сөзі емес. Шындап іздер жоқшысы табылса, түпнұсқа текістің архив қалтарысының бір бұрышынан  ұшыраса кетуі  де мүмкін ғой.  Ал, ұшығын ұстатпаған жағдайда әуеннің түпкі тінін  сақтай отырып, мәтінді төл XVIII ғасырлық тілде түзіп шығуға да болар еді. Әзірше мұны келесі күндердің еншісіне қалдыра тұралық.  Алла жеткірсе «Ән ғұмыр»  айдарының  ары қарай  жалғасатындығын  қаперлеріңізге сала кеткіміз келеді.  
                                                       

Міржақыптың музыкалық мұрасы


Елісхан бастаған көштің Үндістан мен Пәкістан топырағын көктей өтіп, соңғы табан тіктеген тұрағы Түркия мемлекеті екендігі баршамызға мәлім. Сондағы ауған елдің  аңырап салған  әні мен күйіне  бек  ынтызар болған   жанның бірі  Түркия елінің белгілі музыка маманы Мұзаффер Сарысөзен еді, дейді жылнама. Елуінші жылдардың орта шенінде нотаға түсірген осы қайраткердің қолжазбасын  қайыра қарап, ғылыми айналымға түсірген маман оның рухани ізбасары  Сүлеймен Шенел болатұғын. Түркия қазақтарының музыкалық  мұрасы  іспетті  жеке бір  кітапқа жүк боларлық осы қазынаның дені  Сарымолла  мен оның  шәкірті Жар­мұхаммед күйшінің аузынан жазылған екен. Осы  қос  қазақ  күйшісінің саусағынан  ғана  қырыққа жуық  күй  қағазға (нотаға) түсірілген  көрінеді.   Әрине, біз бұл деректерді белгілі мұстафатанушы ғалым Әбдіуақап Қара мен  музыкатанушы  маман Нұрлан Бекеновтың бірлесіп жасаған  еңбектерінің  негізінен алып отырмыз.  Сол  қырық  күйдің  бірі  ретінде Міржақып Дулатовтың  «Әуез»  күйі  еді деген  тың туындының есімі  аталады.  Бұл күйді біздерге жеткізген  Жармолла  (Жармұхаммед)  күйші. Қысқа ғана  бір қайырмалы  күйден  «елп  етіп  соққан  ебі желдей»  арқаның  аңыраған   сарыны естіледі.
Жәмиғатқа жаңалық ретінде қабыл­данған  бұл  деректерден  біз  Дулатов дүниесінің   тым тереңде  жатқандығын  аңғарамыз.  Құдайшылығын  айтайық,  «Әуездің»  табылуы  біздердің   әріден  ойлауымызға  кәдімгідей  кеңістік  ашып отыр. ОЛ – МІРЖАҚЫПТЫҢ  МУЗЫКАЛЫҚ МҰРАСЫ  деген жаңа әлемнің  ашылуы.   

«Қанатталды» кімнің әні?

Асыра айтып  отырған  ештеңеміз  жоқ.  Қазақтың  ән  білемін деген «менмін» деген  әншісі «Қанатталды»  әнінің алдына  келгенде   ҚАҒБАҒА  тәу еткендей тағзым қылары анық. Өйткені, «Қанатталды» – анау-мынау әншінің жалынан сипатпас күрделі шығарманың бірі.  Мұндай композициясы  бай  классикалық   ӘН,   керек  десеңіз,  ӘЛЕМ МУЗЫКАСЫНДА ДА  СИРЕК  ҰШЫРАСАДЫ.  Ал, осындай  әнді  дүйім  алаштың,  оның ішінде  Дулат  баласы  Міржақыптың  шығарғаны рас па?!  Рас  болса,  қолымыздағы  бар  деректермен  дәлелдей түсейік.
Бұдан  бұрын,  артық айтсақ  аруағы кешсін,  Қаратай  Биғожин деген  ақсақалымыз  осы бір  әнді  өзі ойлап тапқан  көп «салдарының»  бірі   Сейітжан Көрпешұлы деген  адамға теліп  келген-тұғын.  Қаратай  Биғожиннен  өзге,  бірде-бір  жан баласына  беймәлім  бұл  неғылған бітпейтін   сал-серілер  еді-ау дедік те қойдық.  Содан  көрнекті жазушы Сапарғали Бегалин мен  академик Ахмет Жұбановтың: «Қанатталды»  арқаның   Сәтмағанбет  деген  серісінің  әні еді»  деген  пікіріне  бізде  тоқайласқандай   болып  жүріп  едік.   Бірақ,  қолымызға түскен  «Политические репрессии  в Казахстане в 1937-1938 гг» деген құжаттар жинағынан   соң,   әнге қатысты көзқарасымыз  тағы  да  өзгеріп  сала берді.  
1937  жылы  Орталық  Комитеттің  «Список  граммофонных  пластинок  с  записями песен на казахском языке,  подлежащих  немедленному  изъятию»  деген    № 28 хаттамасында  қарастырылған   тізімінің ұшар  басында   «Қанатталды»  әні  қасқайып  тұр екен.   Тізімнің  төбесіне  «әнді орындаған  артист  Жүсіпбек  Елебеков  десе,  мәтіні халық  жауы  Орынбек  Бековтікі»  деген  суық сілтеме көрсетілген.  Осы орайда оқырман көкірегінде  «Орынбек  Беков  дегеніміз  кім?»  деген заңды сұрақтың  туары  анық.  
Аз ғана ақпар.  1898 жылы Қарағанды облысы,  Шет ауданында дүниеге келген  ол ақындығымен қатар, қазақтың алғашқы драматургтарының бірі болған. 1930-1934 жылдар аралығында  Қызылорда мен Семей шәрінде  алғашқы  қазақ драма театрын ұйымдастырушы  әрі  директоры  қызметін атқарған. «Что такое советизация аула?»,  «Капля корови для великого дела»,  «Почему мы победили в гражданской войне?»   іспетті атышулы  еңбектердің  авторы. 1938  жылы  наурыздың  он  үші  күні  есіл ердің  ақырғы жарығы  түгесіліп,  ату жазасына кесілген.  1958 жылдың наурызында толығымен ақталған.  Біздің  Беков жайлы  бар білетін  мәліметіміз  қысқаша осы ғана.  Орынбектей оғыланның қағаберісте қалған   мұраларын  жинастырып,  өз қалпына  келтірер  жанашыр  жан  табылып  жатса,  әрине,  нұр үстіне нұр болар  еді.  
 Енді, есті әннің ескі мәтіні жайында  аз ғана мәлімет бере кетейік.  Жоғарыда аты аталған Жүсіпбек Елебековтей  дарабоз  әншінің  жары, көненің  көзі  Хабиба әжеміздің айтуына сенер болсақ, ол кісі  Орынбек  Бековты «Қанатталдының» бұрынғы  төл сөзінің  мұртын  басып,  жаңаша  мәтінін жазған  адам  ретінде  қарастырады.  Яғни,   авторы  ол  емес  еді  деген  байламды  алға  тартады.  Демек,  Орынбектің  «Қанатталдыны»  қайыра жазуына   қарағанда  бастапқы ән мәтінінің ішінде  Орталық Комитеттің  ұғымына томпақ  түсініктердің  табылғандығы рас  болып  отыр ғой.  Ендеше, осы жерде  «Бұрнағы  ән  мәтінінің шумақтары  қандай болған  еді?»  деген  сауалдың  тұтасымен  түрегелетіні  тағы да  анық.  «Қанатталдыға» қатысты  ел ішіндегі ескі сөздерді сараптағанымызда көп  әңгіменің жүлгесі   әйгілі  әнші  Қосымжан  Бабақовтың  төңірегіне  келіп  тіреле  бергендігін несін  жасырайық.  Сөзіміз жалаң болмас үшін қазіргі қазақ  музыкасының    халін  ұдайы  сөз етіп  жүретін  белгілі сазгер,  өнертанушы Ерлан Төлеутай ағамыздың  Қосымжан Бабақовтың  ұлы  Мұхамедия ақсақалмен дидарласқан дерегінен аз ғана ақпар бере кетейік:  «…Мұны әкем ақ қашып, қызыл қуған заманның  әні деуші еді.  Сөзі де тым өзгеріп кеткен. Әкем мұны былай деп айтушы еді деп, «Қанатталдының» мүлде тосын сөздерін жазғызды.
Ғашықтық – бір ыстық күн желі тымық,
Басына түскен жанның көңілі сынық.
Қаратпас бай-жарлының шамасына,
Адамды желіктірсе жігітшілік.
Бұрынғы қолдағы істің бәрі қалды,
Біртіндеп төл мінезді заман азды.
Асылзат шахыбаздар шабыт таппай
Шөлге ұшып сайын далада қанат талды»,
– дейді  (Е.Төлеутай Жүсіпбек  Елебеков кітабы, 129-130 беттер).
Өлеңнің  кей  жолдарын қарамен  бояуы­мыздың  мәні  «Қанатталдының» қаралы әндер тізімінің басына  енуіне аталған сөздері себеп болғанға ұқсайды.   Кешегі  кеңестік  ке­зең  үшін  «құдай»,  «дін»,  «иман»,  «молла»,  «бай»  секілді  сөздер  кертартпалықтың  көзі  саналып,   кім айтса да басын қидалап түсер қорқынышты ұғымға  айналғаны мәлім.  Ал, «Асыл­зат шахыбаздар шабыт таппай,  бір­тіндеп төл мінезді заман азды»  деп  отырған   бұл шумақтың  қай тұрғыдан болсын «жарқын өмірмен»  жаңаша  үйлесім құрып,  мәреден  мер­тікпей  өтуі  дегені   тіптен мүмкін емес еді. 
Бірде  Міржақып Дулатов  шығармалар  жи­­нағын  оқып  отырып,  осы  өлең жолдарын ұшыратқанда  өз көзіме өзім сенбей  аң­тарылып қалғаным  бар ( Қараңыз:  М. Дулатов шығармалары, 116-бет.  – Алматы: Жазушы, 1991).
«Қанатталды» деген тақырыппен  басыл­ған  бұл  өлеңде  Мұхамедия қария  айтатын  қос  шумақ  өлең   еш  өзге­ртілместен  айна-қатесіз берілген  екен. Содан,  шарқ  ұрып  шығарманың түсініктеріне жүгінгенімізде: «Қанат­талды» – 1919-1920 жылдары,  аласапыран кезінде шығарылған өлең. Қосым­жан Бабақовтың жеке архи­вінен алынды. Әні бар. Оны айтып беруші Сейілбек Смайылбеков»  деген  деректерді кездестірдік.  Мір­жақыптың өз әнін өзі орындай беретін тамаша әнші болғандығын перзенті Гүлнар апамыз да тіліне тиек еткен еді. «…Ет желініп, шай ішіліп болысымен, жұрт кеткілері келмей сауықкеш ұйымдастырып жіберді. …Ендігі қонақкәде ырымын жасауды әкемнен күтіп, өтінген соң, ықыласын білдіріп өзінің бір­неше әндерін айтып берген  еді». (Г. Дулатова Алаштың сөнбес жұлдыздары)
«ҚАНАТТАЛДЫ» ӨЗІНІҢ  АҚЫ  ИЕСІН  ТАБА АЛМАЙ   ШЫНЫМЕН-АҚ  ҚАНАТЫ  ТАЛҒАН ӘНДЕРІМІЗДІҢ  САНАТЫНДА ЖҮРГЕН  ЕДІ.  Ендеше, бәрі де  өз қалпына  келгенге  ұқсайды.  Бабатанымының  «Өшкен жанып,  өлген тіріледі»  дегені,  сірә да,  осы  болса керек.  Тарам-тарам тартысқа түскен «ҚАНАТТАЛДЫНЫҢ»  ДЕНЕСІН  ДАМЫЛДАТЫП,  ТАБАНЫН  ТІКТЕЙТІН  ТИЯ­НАҒЫ,   біздіңше,   осы  дерек  секілді. Айт­пақ­шы, дәстүрлі  әншілерімізге бұл әнді  бұдан кейін өзінің төл нұсқасымен,  яғни,  Міржақып  мәтінімен орындаса  деген  өтінішіміз бар.   
Әзірше,  «Әуез» бен  «Қанатталдыға»  қа­тысты  сөзімізді  осымен  тәмам  ете тұра­мыз.  

Алдыңғы «
Келесі »