МАРАТТЫҢ СОҢҒЫ ӨЛЕҢІ

  • 05.04.2016
  • 1717 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Жәлел  ҚУАНДЫҚҰЛЫ,ақын

Оның аласұрғанына қанша күн өтті. Түк өнер емес. Туған жері мен аңсаған арманын еске алды. Көз алдына дархан дала мен сағым елестегендей болды. Каспийдің толқындары жанын тербеп жатқандай. Оған әрбір өлеңі ақырғы демдей көрінетін. Ол жастық албырттық пен кінәмшіл күндерді артқа тастап, ақиқатқа бет бұрған екен. Өзінің соңғы өлеңін жазып жатқанын түйсінді ме, сезінбеді ме бәймәлім. Бірақ, соған бет алды. Ақ парақ пен қалам және ақын ғана. Куәгер – бір Алла. Ешкім жоқ. Алдымен көзіне жас алып, жан дүниесі ашыла түсті. Сонымен қатар, арғы дүниенің есігі ашылғандай болды. Өлең басталды.     

«Армысың ақсақал!
Мүлгімей отырмысың?!
Құдіретсіз ғажайып бөлек шынар,
(Алайда шын, Сіз жайлы көмескі  бар),
Хаттар зулап жатқанда дүниеде,
Сізге де бір хат жазу керек шығар». 

Бұл ақынның соңғы өлеңінің алғашқы жолдары еді. Авторы кім? Белгісіз бе?  Жалпы, өмірден ерте өткен ақындардың бәрі шынымен ұлы ма? Топты жарып шығып, көсіле шауып, қысқа ғұмырларында артында өлмес жырлар қалдыра алды ма? Поэзия жаспен немесе оның өмірден ерте өткендігімен өлшене ме? Бір ғасырға жуық ғұмыр кешіп көсіле алмай кеткендер ше? Кейде осындай кереғар пікірлер санамызды жаулап алады. Немғұрайлылықтың кесірінен шынайы таланттар тасада қалып жатыр. Мәселен, Марат Отаралиев те дүниеден ерте озған ақындардың бірі. Сонда, ол да ұлы болғаны ма? Жоғарыда аталған өлеңнің авторы – Марат Отаралиев еді. Қазақтың 60-70 жылдардағы әдебиеті дегенде бірден ауызымызға Жұмекен, Мұқағали, Төлеген, Қадірлер ілігетіні айтпаса да белгілі. Қаламымызға себепші болып отырған Отаралиев те Мұқағалилердің буыны бола тұра, осы уақытқа дейін сирек айтылып келуі оның осалдығын білдіре ме? Ол кім еді? Пенделік пен адамгершілік арасында қандай әрекетке бет бұрды? Соңғы өлеңінің түйіні қалай аяқталды? Одан бұрын поэзияға деген танымы қандай еді? Өлеңнің деңгейі ше? Аялдай тұрайық.
Сөз басында айта кеткеніміз жөн болар Марат Отаралиев туралы жазбақ болып жыр жинағын іздеп таба алмай табанымыздан тозғанымыз ақиқат. Атырау облыстық кітапханасына желі арқылы тапсырыс бердік. Ғаламтордағы ақын ту­ралы жазылған санаулы мақалалары мен бірнеше  өлеңінен басқа ештеңе ала алмадық. Бұған да шүкір дедік. «Көбелек» атты балаларға арналған кітапшасын есептемесек, ақынның қаламынан «Қа­лампыр» атты жыр жинағы  ғана өмірге келген. Ол жинақ қолымызға түспеді. Осы мақаланы жазу барысында Астана қаласындағы Ұлттық Академиялық кітапхана қорында сақтаулы жалғыз дана  2002 жылы  «Арыс» баспасынан «Атырау ақын-жа­зу­шыларының кітапханасы» сериясымен шыққан «Марат» атты шағын көк жыр кітапты Майра әріптесіміздің көмегімен парақтап шығу бұйырды. 
Марат ақын бұрынғы Гурьев облы­сының Қызылқоға ауданындағы Тайсой­ған құмында дүниеге келген. Табиғатынан ақ көңіл, аңқылдақ  ақынның жалындаған жастық шағы Алматыда өткен. Төлеген мен Мараттың өлеңдерінде бір ұқсастық бар сияқты, әлде бұл барлық лирик ақындарға тән ерекшелік пе? Сөзіміздің басында айтқанымыздай  60-70 жылдардағы адуынды толқынның арасында Марат ақын да болған.  Жұматай Жақыпбаев жайлы жазылған естеліктерден де, Жұматай мен Мараттың таныс болғандығы жайлы оқып жүрміз. Ақынның көзін көрген замандастарының мақала естеліктерін оқып шығып көз жеткізгеніміз – Марат бар ғұмырын өлеңге бағыштаған өте талантты лирик ақын еді. Ендеше, «Уақыт» атты өлеңіне кезек берейік: 
Зырлайды, тұрмайды уақыт,
Зырлайды күн мен жыл, ай мына.
Ол мені кей сәтте қуантып,
Кей сәтте жығады қайғыға.
Қуандым толысып қалса бақ,
Қайғырдым, кеудемде жасып ән.
Жастықта сын жасап әр сағат,
Биіктеу болуға асығам.
Минуттар, минуттар от кілең,
Барасың тағдырға жол артып,
Өмірден көрейін көпті мен,
Шығайын шашымды ағартып.
Минутың жоқ болсын басы артық,
Ол болса өмірдің оты не?
Мен кетем өмірді жасартып,
Әжім сал сен менің бетіме.

Өлеңде артық ештеңе жоқ. Балталап та бұза алмассыз. Алғашқы шумақта шамалы уақытқа тәуелділік байқалғанымен келесі шумақтарды оқыған сайын белгісіз бір күш сізді жетелей түседі. Түйінінің осал болмайтынын сезгендей боласыз. Солай болып шығады да. Бұл нағыз таланттарға тән табиғилық. Марат ақынның көп өлеңдерінен біз осындай ептілік байқадық. «Жол» атты өлеңінде де 
Шабытын сан сапардың үрлеп беріп,
Мынау жол жатыр қанша күнді  өткеріп.
Бұл жолмен сонау кезде, балғын  кезде,
Жарысып шаң шұбатып жүрмеп пе едік,
– деп әрбір ауыл баласының басынан кешкен суретті көз алдымызға әкелумен бастайды да
Ұшырып сан әншісін, сан ақынын,
Бір сәтке алған шығар дала тыным,
Әне бір тентек бала біле ме екен,
Бұл жолдың тым алысқа баратынын,
– деп аяқтайды. Қандай әдемі шешім. Өлең бар жоғы төрт-ақ шумақ. Байқағанымыздай көп сөзділіктен аулақ. Ақынның өлеңдеріне үлкен жауап­кершілікпен қарағандығы көрініп тұр.
Біздің назарымызды ерекше аудар­ған мына бір тақырыпсыз өлеңге тоқ­талайық:
Бақыт деген не нәрсе екен, күлкі ма  екен тынбаған,
Қыз сыры ма самал болып сыбырлайтын бір маған.
Жастық па әлде өзен болып ағатұғын күркіреп,
Жырлар ма әлде мен жазатын кеудемдегі бұлт үдеп.

Өлең осылай басталады. Ақын бұл өлеңінде бақыт деген не? – деген сұраққа жауап іздейді. Риторикалық тәсілді қолданған. Бір қарасаң өз сұрағына өзі жауап беріп тұрған сияқты. Тақырып қоюға да қатты қызығушылық танытпағанын байқадық. Мұның өзі жасандылықтан аулақ екендігін дәлелдеп тұр. 
Ойлар ма әлде сан қиялдың мөлдірінен  мол ішкен,
Біреулер ме досыменен көп жылдан соң  көріскен.
Мүмкін бақыт төбемдегі көкшіл нұры бар аспан
Достар шығар бақыт шешім таппай  таласқан.
Арман шығар қайран жүрек бар қиялын  құс қылған,
Өртеніп бір кету шығар жанардағы   ұшқыннан.

Соңғы шумағы осылай.  Екі жолмен бітіре салған. Алдына екі жол қосып толық шумақ қылуына болар еді. Бірақ, бұл жасандылыққа ұрынғысы келмеген. Осылай нағыз таланттар кейде байқамай қазақ өлеңінің формасына жаңалық та әкеліп жатады.  «Жалпы ақын не жазса да өзі туралы жазады» – деп Есен­ғали ағамыздың бір мақаласынан оқып ем. Сол айтқандай, ақынның өлең­дерінен отты сезім, өмірге деген шексіз құштарлықты көреміз. Сондай-ақ, өз өмірінің қысқа болатынын ақын жүрек сезген сияқты (Күлімдеп тұрып қиылып кетсем қыршындай, – деп Артығали жырлағандай). Бұл өлеңде де Марат ақын өлеңнің басты миссиясын дөп басқан. Яғни, өлеңмен ой айту емес, ой салу. Біз жалпы кәсіби сыншы емеспіз. Біз Марат ақынның өлеңдеріне сын айтатын ешкім емеспіз. Ондай ойымыз да жоқ. Есімі көп айтылмайтын талантты лирик ақын жайлы өз лебізімізбен бөлісу, ол шынымен дара талант па, соған көз жеткізу ғана. Ғаламтор беттерінде, баспасөзде ақын жайлы санаулы ғана мақала мен естеліктер бар. Солардың біразымен шамамыз келгенше танысып, қолымыздан келгенше жарияланбай жүрген өлеңдерінен үзінді келтіріп отырғанымыз сондықтан. Төмендегі өлеңнің толық нұсқасын бергенді жөн көрдік.

Көк нәрсені білмейміз 
мына біздер

Өз ақылың қашан да жанға серік,
(Ол болмаса адам да болмас едік)
Адастырып кететін өз толқыным,
Өз толқыным кететін жарға соғып.
Толқыным бар кезім жоқ тозған  менің,
Сұлық жатсам орнымнан қозғар ма едің.
Бірде құлап, ал, бірде көкке атылып,
Омыраулап келеді өз дәуренім.
Достарым көп жақсымды асыратын,
Дұшпан да бар (несі бар жасыратын)
Олар менің аңдиды аяғымнан,
Кездерімде толқыным басылатын.
Жеңіс, жеңіс мақсат боп тұр әуелі,
Оның жолы сан рет сынып еді.
Мен құласам – жазасы толқынымның,
Басқа ешкімің құлатпас мына мені.

Не деген сенім. «Позия деген – сенім» – деген екен ертеректе өмірден өткен бір ақын ағамыз. Өмірде досымен қатар дұшпанының да бар болғанын ақын жасырмай айтқан. Бұл заңдылық. Та­лант­ты ақынның дұшпаны болмаса өрлеу де болмақ емес. «Өлең деген тулайды қайшылықта» – Мұқаң айтқандай. Бірақ, ақын егер «Мен құласам – жазасы толқынымның, Басқа ешкімің құлатпас мына мені, – деп алдымен өз талантына  деген толық сенімін байқатып, құласа да ешкімді кінәламайтынын ашық айтқан. Бұл адамгершіліктің биік шыңы. Мінекей сөзіміздің басындағы өмірден ерте кеткен Марат Отаралиевтің шынымен та­биғи талант екендігіне осы өлеңі дәлел. Ешқандай артық сөзді қажет етпес. Марат ақынның жырларының бәрі осындай. Тұнып тұрған лирика. Мінсіз тек Алла мен Періште ғана деп еді бір ақын ағам. Жеке басында кемшілік болуы мүмкін. Бірақ, ақынның бейнесі, болмысы оның өлеңдерінде көрініп тұр.
Сөзіміздің басында ақынның өмірінің соңғы сәттері жайлы айттық. Иә. Ол өкпе ауруына шалдыққан екен. Студенттік шағында өзі асыр салған Алматыға келгісі келгені анық, әрине. Бірақ, оны туған топырағы алысқа жібермеді. Әскерден оралғасын сол туған жерінде аудандық газетте қызмет етіпті. Жұмекен ақын да Маратқа өлең арнаған. Табылдының әні бар Марат жайлы. Оны бәрі жақсы көрген. Қазір де сағынып еске алып тұрады анда-санда… Ол – өлеңді жақсы көрген. 
Отыз бес жыл. Ол үшін мөлшер ме еді? Өзінің соңғы өлеңін былай түйіндей барып, өмірден озып кеткен екен. Марат­тың Қадырбек атты бауыры куә болған деседі. 
«Аз болғандай азаппен ес білгенім,
Жетпегендей бойдақтық бос күндерім.
Уа, Тәңірім!
Жаңа бір тәй басқанда,
Қос өкпемді қалайша тестің менің?
Өлтіресің қалайша бұ шағымда,
(Кешіріңіз, қорқаққа ұқсадым ба).
Бауырымнан өрбіген құлыншақтар,
Кетеді енді кімдердің құшағында?».
 

Алдыңғы «
Келесі »