ҰСТАЗ – ҰЛАҒАТЫ

  • 04.04.2016
  • 370 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Рабат Жәнібекұлы,
Қазақстанның Құрметті журналисі

Қанаттыда   қыран   бүркіттің    алғыр­лығы мен айбатына қырағылығы мен батыл­­дығына, өжеттілігіне тең келетін құс жоқ. Қазақ елі сенген азаматының адал­дығы мен асылдығын, қажыр-қайраты мен қайсарлығын, қарапайымдылығы мен қайырымдылығын шынайы бағалаған кезде осы ақиық қыранға балайды. 

Біз әңгіме етіп отырған Меркіжан Нағашбекұлы Қошаев қыран тұрпатты, өз есімімен Спорт пен білім әлемін кісілік пен биікке көтере білген тұлға, текті азамат. Ұлтының ұяты төлқұжаты саналатын осындай ұлы перзент сыйлаған ана сұлу сөздің, кемел ойдың, керемет істің иесі – Меркіжан Нағашбекұлы кезінде спорт көгінде ерекше жарқыраған, жұлдызы болған күрес әлемінің нар қасқалары атанған палуандардың ұстазы атанған азамат. 
Жамбыл облысының Меркі ауданында өмірге келіп, бал-балалық шағын Мыңқазан ауылында өткізді.
Мектеп қабырғасында жүріп жеңіл атлетика, күрес, бокс түрлерімен айналысты. Спортқа деген алып ұшқан құштарлық оны Алматыдағы дене тәрбиесі институтына алып келді. Сол кезде күрес әлемінде аттары бүкіл әлемге танылған В.Рязанцев, А.Быков, А.Иванов сияқты дарабоздармен бір курста оқыды.
Отан алдындағы жауынгерлік борышын тәмамдап келген соң, еңбекке белсене араласты. «Динамо»спорт қоғамында еңбек жолы басталды. Сол еңбек жолында табиғатында жақсылыққа жаны құмар, жаңалыққа жүрегі құштар Мәкең бойында жылт еткен таланттың ұшқыны бар, талапты жастарды бауырына тартып, айналасына жинады. Сонау, 70-ші жылдардағы бота тірсек бозбала күнінен-ақ өзі қасиет тұтқан спорт әлеміне именбей еніп, атақтары айдай ағалары Жарков, Ермаковтармен терезесін тең ұстап, Владимир Бакулин, Анатолий Быков, Шәміл Серіковтардай әлемді аузына қаратқан чемпиондарды қалай тәрбиелегендерінен тәлім  алды. 
Қабырғам қатып, буыным бекімеді-ау деп жасқанбай, қазақ спортының болмысына сын болар батпан жүгін көтерген еңбегі ұшан-теңіз. 
Сол кездегі спорт комитетінің төр­ағасы Аманша Ақпаевтың нұсқауымен Қ.Мұнайтпасов атындағы республикалық спорт интернатта жас таланттарды тартқан спорт үйірмесін ашты. Меркіжан табиғатында сондай қағылез, әсершіл, ізденгіш, білмекке, көрмекке ерекше құмар, яғни, өмірге қандай ынтызар болса, қоғам алдындағы өзінің азаматтық борышын да дәл сондай сергек ізденіспен іскерлікпен шебер ұштастыра білетін қарекетшіл жан. 
«Динамо» спорт қоғамындағы жұмы­сымен қатар, спорт интернатта күрес бөлімін ашып, оған қанатын қомдап, ертеңгі биікке талпынған жас­тарды күрестің қыр-сырын меңгеруге баулыды. Сол күрес бөлімінің есігін имене ашқан сары ауыз балапандардан ел мақтанышына айналған таланттарды таңдай білгеніне бүгінде еріксіз таңданасың. Олар болашақ нарқасқалар – Дәулет Тұрлыханов, Самат Рамазанов, Алтай Асқарбаев, Бақтияр Байсейітов, Есенгелді Батырғарин, Айбар Ысқашиевтар болатын. Осылардың арасынан үш бірдей Әлем чемпиондары шықты. Олар: Даулет Тұрлыханов, Бақтияр  Байсейітов, Есенгелді Батыр­ғариндер. 
Меркіжан Нағашбекұлы – мансаптың, маңғаздықтың бәрін сырып тастап бапкерлікке сыбана кірісіп, бастаған ісіне барын салуды дағдыға айналдырды. Өз жүрегінің әмірімен жүретін бапкерлік болмысында бір берік батылдық бар. Ол өзіне деген сенім еді. Адам өзіне мықтап сенген жағдайда батыл да, батыр болады. 
Тіршіліктің толқындары мен жосындарында, өрлері мен төрлерінде, асулары мен белдерінде адамды өмір бойы адастырмай, деміктірмей тыныс беріп отыратын құдірет – оның туа бітті табиғи қабілеті, оның тіршілік көші қабілетімен өлшенеді, осы қабілетпен өріледі. Сол қабілет оны жастығына қарамастан ұлы ұстаздар қатарына қосты. Әлем чемпиондарын дайындағаны үшін – КСРО-ға Еңбегі сіңген жаттықтырушы деген атаққа ие болды. Бапкерлікпен қатар, Республикалық Спорт комитетке де біраз еңбегін сіңірді. Көп жыл бойы ұстаз-бапкерліктен қол үзген емес. 
Одан  әрі жалғасатын өмір жолының арнасы да ұстаздық әлемімен астасып жатыр. Ұстаздар жайында халқымыздың батыры Бауыржан Момышұлының: «Ұстаздық – ұлы құрмет. Себебі, ұрпақ­тарды ұстаз тәрбиелейді. Болашақтың басшысын да, данасын да, ғалымын да, еңбекқор егіншісін де, кеңшісін де ұстаз өсіреді, өрбітеді. Өмірге ұрпақ бер­ген аналарды қандай ардақтасақ, сол ұрпақты тәрбиелейтін ұстаздарды сондай ар­дақтауға міндеттіміз» – деген қанатты сөзі бар. 
Кеңестік дәуірде жастар тәрбиесімен жүйелі түрде октябрят, пионер, комсомол ұйымдары айналысатын. Қазір ондай ұйымдар құрдымға кеткендіктен жас­тармен ел көлемінде жүйелі жұмыстар жүргізілмей қалды. Елімізде тәрбие мәсе­лесімен арнайы шұғылданатын бірде-бір мекеменің жоқ екенін ескеріп, рес­пуб­ликаның Білім және Ғылым ми­нистрлігі 2000 жылы дене тәрбиесінің ұлттық ғылыми-практикалық орталығын ашты. Бұл ұлы істің басында Қазақстан Спортының атасы атанған Анатөлі Құлназаров тұрды. Ғылымсыз спортты дамыту мүмкін емес екенін айдай әлемге паш еткен Анатөлі Қожекенұлы көп жылдар бойы арман еткен Республикалық Дене тәрбиесінің ұлттық ғылыми-практикалық орталығының іргетасын қалап, ел ризашылығына бөленді. Бұл жолда өзіне сенімді серік іздеген Қожекенұлының таңдауы алғыр да, іскер Меркіжан Нағашбекұлына түсті. Өзіне орынбасар етіп Мәкеңді таңдауы тектен-тек емес болатын.
Меркіжан Нағашбекұлы дене тәрбиесі институтында оқып жүрген кезде анатомия-физиология пәндеріне ерекше мән беріп, осы саланы терең меңгерсем екен деп армандайтын. Міне, сол арманына қолы жетті. Спортты ғылыммен ұштастыра отырып, ел спортын биік шыңдарға көтеру жолында академик Анатөлі Қожекенұлымен тізе қосып, ғылымға біржолата ден қойды. 
Атадан балаға мұраға айналған киелі жол бар. Ол ұлттық салт-санамыз, әдеп, әдет-ғұрпымыз, дәстүріміз. Анамызды ардақтап, әкемізді пір тұту, қызымызды үкілеп өсіріп, ұлымызды ізгілікке баулу. Қазақтың тектілігінің көрінісі. Қызымыз өнерге ұмтылған, ұлымыз елге қорған болған шаруа баққан, жігіт сұлтаны атанып, қанша өнер дарыса соншасын игерген қасиеттерге тән болған – соңғы уақыттарда осы тәрбиеден іргені аулақ салып бара жатқандаймыз. Өркениеттілік өнегесін ұлттық болмысымызбен астас­тыра жүргізу ең басты мәселе, әрі керек идеология. – Міне, біздің орталықтың бас­ты қағидасы осы мәселелерге жете мән беріп, оқушылар мен студент жастарды шыныққан шымыр, тепсе темір үзетін, елдің ертеңін ойлайтын патриот азамат ретінде қалыптастыру – дейді Меркіжан Нағашбекұлы. 
2000-шы жылдан 2006 жылға дейін Анатөлі Қожекенұлымен тізе қосып, Ұлттық Дене тәрбиесі орталығының қабырғасында мектеп оқушылары мен  студент жастарға тәрбиелік мәні зор ғылыми жұмыстар мен спортты дамыту жолында тер төкті. 
А. Қожекенұлындай ұлағаты мол ұстаз алдында Мәкең шәкірт болуды бақыт тұтты. Мақсаттары бір, әрі айқын ұстаз бен шәкірт мұраттарына жету жолында бар білімдерін, бар өнерлерін салды, бар ықыластарын төкті.
2006 жылы Анатөлі Қожекенұлы Республикалық спорт комитеттің төра­ғалығы қызметіне ауысқанда Ұлттық ғылыми-практикалық орталықтың деректоры болып Меркіжан   Қошаев тағайындалды. Бұл тағайындау оған үлкен жауапкершілік жүктеді. Орталықты басқару жолында өмірлік бағыты мен бағдарын айқындай білуді, таланты мен қабілетінің қайнар көзін ашуды ұжымға жақсылық жасау, жігер мен намысты жасытпай рухты биік ұстау, адамшылық пен парасаттылықтың пернесін теңдей басып көпшіліктің жүрегіне жол табу сияқты қағидаларды берік ұстанып келеді. 
16 жыл бойы Білім және Ғылым министрлігінің Дене тәрбиесінің Ұлттық ғылыми-практикалық орталығын бас­қаруда. Мәкеңнің өз ісінің біліктілігін, ұшан-теңіз білімділігін, ылдиға салса төске озған өр мінезін, найзадай өткір тілі мен ұшқыр ойын қызметтестері тонның ішкі бауындай бірге араласып келе жатқан ғалым достары бәрі мойындайды. Мәкеңнің бір ғажабы өз орынбасарларына, бөлім меңгерушілеріне кәміл сенетіні және алаңдамай жұмыс істеуге ерік беретіні, жалтақтатпайды, қалай қолдай білсе, солай қорғай да алатыны. 
Ұлттық ғылыми-практикалық орта­лық сонау 2000-шы жылдардан бастап 16 жыл бойы миллиондаған оқушы мен студенттердің басын құрап кезекпен оқушылар спартакиадасын (қысқы, жызғы) студенттер универсиадасын (қыс­қы, жазғы) өткізіп келеді. Сондай-ақ, әлемде өтіп жатқан дүниежүзілік студент жастар универсиадаларына қатысып, жақсы нәтижелерге қол жеткізуде. 
Студенттер мен оқушылар арасында тәрбие мен ғылыми әдістемелік жұмыстарды жандандыру жолында орта­лықтың атқарып жатқан жұмыстары ұшан-теңіз. Осы аталған жұмыстардың тиім­ділігі мен әсерлілігін арттыратын Республикалық, әлемдік ғылыми-практикалық конференциялар тұрақты ұйымдастырылуда. Ол, конференцияларда аты әлемге машһүр болған шетелдік ғалымдар қатысып, әлемде жас ұрпақты тәрбиелеудегі келелі мәселелер мен ұтымды әдістемелер ұсынылып отырады. Орталық жанынан құрылған медициналық лабораторияда еліміздің құрама командаларының мүшелері тексеруден өткізіліп жүр. 
Жоғарыда айтып кеткендей жүргізіп отырған басты жұмыстары  оқушылар мен студент жастарға ғылыми тұрғыда өнегелі тәлім-тәрбие берумен қатар, студенттерден құралатын Спорттық Құрама командалардың әлемдік қысқы және жазғы универсиадаларда ел намысын абыроймен қорғай алуын қамтамасыз ету.
Қазақстандық студенттерге үлкен сын болатын әлемдік дода 2017 жылы Алматыда өтетін 28 қысқы универсиада болмақ. Спорттық құндылықтарды дәріптеуде, жастар арасында бұқаралық Спорт және жоғарғы жетістіктер спортын дамыту үшін Бүкіләлемдік студенттік ойындар-универсиада үлкен рөл атқарады. Алматыда қысқы универсиада 2017 жылдың 29 қаңтары мен 8 ақпаны аралығында 11 күн бойы өткізіледі. Мұндай ірі шараны өткізу дене тәрбиесінің ұлттық ғылыми-практикалық орталығына үлкен жауапкершілік жүктейтінін оның басшылары мен қызметкерлері жақсы түсінеді. Сол үлкен додаға дайындық ретінде биыл Алматыда 6-17 ақпан аралығында өткен VІ Ұлттық қысқы Республикалық универсиада пайдалы жарыс болғанын дәлелдеп жатудың қажеті шамалы. – Универсиада барысында Президенттік көп сайыс, шаңғы жарысы, биатлон, шорт-трек, тау шаңғысы, сноуборд, қысқы спорттық бағдарлау, шаңғымен тұғырдан секіру, шайбалы хоккей және конькимен жүгіру сияқты спорт түрлерінен жарыс­тар өтті. Осы жарыстарда жеңімпаз атанған спортшылардың алдағы 2017 жылы болатын Бүкіләлемдік қысқы универсиада ойындарында лайықты өнер көрсететініне сенеміз – дейді ұлттық орталықтың төрағасы.
Жас ұрпақты тәрбиелеу мен жастарды спортқа баулуда ғылымға сүйенбей алға басып, табысқа жету мүмкін емес еке­нін бір сәтте естен шығармаған Мер­кіжан Нағашбекұлы, білімнің қадірі мен қасиетін, қиындығы мен қызығын бір адамдай парықтап, парасатты ой тастап отырады. Ол ешқашан да кеуде соғып, мен бәрін білемін деп тоқмейілсіп көрген емес. Педагогика ғылымдарының докторы ретінде шәкірттеріне «Білетінім бір тоғыз, білмейтінім тоқсан тоғыз» деп жастарға кішіпейілдік пен кешіріммен қарайды. 
Өзі ғылым әлеміне алып келген шәкірттерінің буыны бекіп, жас­қан­шақ­тыққа ұрынбай ғылым көкжиегіне қанат қағып кетуіне талпындырып, баулып отырады. Азаматтары тақтан, қазаны оттан, шәугімі шоқтан таймаған қазақтың ғылымын тағы бір биікке көтерсем деген мақсаттың жетегінде алпыстың асқарына келгенін байқамай қалған ғалымның өмір бойы іздегені жаңалық. Еуропаның пәлсапасынан гөрі, оның ішінде қазақтың таным-түсінігін, бітім-болмысын ғылыми тұрғыдан дәйектеп, жоғары қоя алады. Мәкеңше – санадағы  сабақ, бойдағы білім, ойға – азық, іске қазық болады. Бейнеті мол, инемен құдық қазғандай киелі ғылым жолында қаншама жүйке тоздырған жылдар мен айларды басынан өткізді. 
Елбасы саясатын сөз жүзінде емес, іс жүзінде қолдап, табанды жүзеге асыру мемлекетіміздің тәуелсіздігін әрбір ісімен барлық тыныс-тіршілігімен нығайтуға атсалысу. Ел үшін, ғылым үшін ерең еңбек ету – Меркіжан Нағашбекұлының басты бағдары. Ол қашанда іс-тапсырманы терең зерттеп, түбегейлі талдап-таниды. Содан соң, тау болса қопарады «жау» болса жапырады. Қашанда ұлттық мүддені жоғары қойып, толық орындайды. 
Отан сүйгіштік-патриоттық се­зім ұлттық рух деңгейінің айнасы, әрі өл­­шемі. Сол себептен де Елбасы өзі­нің халыққа Жолдауларында аза­мат­тардың отаншылдық сезім мен өз елі­не деген ыстық сүйіспеншілігін ояту ұлттық қауіпсіздікті сақтаудың негізгі бағыттарының бірі екендігін баса айтуда.
Біздің жастарымыздың арасында өз орнын таба алмай жүрген бір сабақ бар. Ол – рух сабағы, ұлттық намыс сабағы. Намыс спортты өміріне серік еткен әрбір жас үшін аса құнды қасиет, намыс бар жерде ғана табыс бар. Тәуелсіздік – бұл кезге дейінгі де, бұл кезден кейін де рухани мәйек. Қазақстан халқының әлемдік өркениет көшіне қуатты мемлекет күйінде, халықаралық қоғамдастықтың сыйлы мүшесі ретінде бүгінгі бақытты, ертеңі еңселі ел ретінде қосылғанын көріп отырмыз. Соған мың тәубе – дейді Мер­кіжан  Нағашбекұлы. Дүниедегі жақсы өзгерістер, білімді, ақылды, іскер жастарымыз арқылы ел өміріне толығырақ енсе екен. Таза, адал, бақытты ұрпақ бастаған ісімізді алға апарып, көсегемізді көгертіп, көрпемізді ұлғайтатынына кәміл сенемін. Менің арманым осы – дейді  ұлағатты ұстаз.
16 жыл бойы ғылым мен спортты ұштастыру жолында тынымсыз ізденіп, ғылым биігіне өрлеген Меркіжан На­ғаш­бекұлы бұл күндері үлкен ғалым, педа­гогика ғылымдарының докторы, профессор, Ресейдің Петровский атындағы ғылым мен өнер Академиясының академигі. Бүгінгі заманда халықпен тіл табысудан гөрі бастықпен тіл табысу әлдеқайда қиын екенін ескерсек Мәкеңнің 16 жыл ішінде бес бірдей Білім және Ғылым министрлерімен тізе қосып, табысты жұмыс істей білуі де талай нәрсені аңғартса керек.
Меркіжан Қошаевтың өмірі – адам қызығарлықтай сұлу өмір. Жұмыстан басын алмаған күйі күйіп кететін кісілердің қатарынан емес, бәрін тең ұстайды. Ойды ойлайтын, тойды тойлайтын, бильярдын да ойнайтын жүрудей жүретін, қысқасы дәуренді сүрудей сүретін азамат. 
Әрі ғалым, әрі ұстаз, әрі өнерлі, әрі спортшы мұндай бесаспап жігіт ағасы қайда бар. Ол біздің білігімізде – Меркіжан Нағашбекұлы Қошаев. 
Жақсы атағың жаһанға тарай берсін – ер Меркіжан! 

 

Алдыңғы «
Келесі »