Бөрі туралы болжамдар

  • 04.04.2016
  • 957 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Әлемдік әдебиеттану мифті жаратылысты түсінудегі, дүниені танудағы  рухани мәдениеттің алғашқы  сатысы ретінде түсіндіреді. Миф – ұлттың дүниетанымның тұп-тамыры. Мифтік таным қалыптаспаған адам белгілі бір ұлтқа тән түсініктердің мәніне бойлай алмайды. «Миф (грек mesthos-баян, аңыз, мысал) – халық творчествосының өте ертеден қалыптасқан ең көне жанрларының бірі»  деп  «Әдебиеттану терминдер сөздігінде»  ашық түрде жазылғанымен, оны түбегейлі жанр деп айтуға жүрексінетініміз бар. Осыдан соң  қазақта  миф жанры жоқ деп айтылатын уәждерге қарсы тұруға қауқарымыз да қалмай қалатын секілді. Бұның барлығын   миф-аңыздарды ескінің сарқыншағы, діндік дүниетанымның қияли жемісі  деп есептеп келген Кеңестік идеологияның әсері деп айтуға болатын шығар.  Бірақ, мифі жоқ ұлттың көркем әдеби тұрғыдағы ойлау жүйесін елестету қиынның қиыны. Адамзаттың шексіз қиялы бар жерде, мифтік тұрғыда ойлау онымен бірге тыныстап өмір сүре береді. 

 Бөрі тотемін пайдалану мен бағзы кезеңдердегі түркілік биік рухқа деген сағыныш пен сол кезеңдерді аңсау дәстүрлі түрде жалғасын тауып келе жатқанын байқаймыз. Бөрі тотеміне қатысты кие мотивіне қазақ қаламгерлері қашан да болса жүгініп отырған. Бүгінге дейін бөрі тотемі біздің рухымыздың символына айналғанын байқауға болады. Мифтің өзін белгілі бір автор  шығарады деген күннің өзінде де, қиялгердің негізгі желіден ал­шақ­тай алмайтындығын байқауға болады. Демек, көк бөрі туралы миф әрі қарай жалғасын тауып, мистикалық сарында, (бәлкім уақыт тағы бір сарынды алып келер) түрліше құбыла береді. Қазақтың көне танымы арқылы өз қоғамның кейіпкерлерінің болмысын беруге болатынын М. Мәліковтің «Бассыз бөрісінен» деп аталатын әңгімесінен аңғаруға болады. Автор ажалдың өзімен еркін  сұхбаттаса алады. Көк түріктердің көк бөріден тарауына қатысты аңыздың желісін Рим мифіне ұқсататындар бар. Алтайды мекен еткен Ашина тайпасының құртқа анасы мен Римдегі Капитолий қасқырдың арасында қандай да бір байланыс болуы мүмкін бе? «Қасқыр құдай болған кез»  еңбегінде Ә. Балқыбек Римнің негізін прототүркілер қалаған деген пікір білдіреді. Алайда, автор бұл ұсынысты Батыс пен бүгінгі таңда түркілік рухтың жүнін жығып алған біздің де оңайлықпен мойындай қоймайтынымызды ашық айтқан. «Түркі қасқыр мифі мен тотемінің шығу төркінін зерттеу барысында маған осы миф пен Римдегі Капитолий қаншық қасқырының арасында қандай да бір байланыс болуы мүмкін бе деген сауалға жауап іздеуге тура келген. Осылайша, аз-маздап бұл бағытта деректер жинала бастаған. Деректерді өзара кіріктіру, яғни, жалқыдан тұтасты тану барысында ақындар мәңгілік қала деп дәріптейтін бағзы да жаңа салтанатты Римнің негізін бір кездері прототүркілер қалаған деген пікірге келгенімді ашық айтқым келеді. Амал қанша, бұл түркішілдікпен ауырған сананың сандырағы дейтіндердің табылатындығына да сенемін. Бірақ, ақиқаты-осы» [1.28]. Осылайша, автор өзінің жинаған деректерін ұсынады. Еділ (Атилла) патша мен римдіктер арасындағы қақтығыс, Құмық Мұрат Әжінің «Дешті Қыпшақ дала­сының жусаны» [1.29] кітабында Батысқа, нақтырақ айтсақ, Римге крест айқышты тәңіршіл ғұндар  апарғандығы туралы айтылғандығы жөнінде дәйек келтіреді. Мұндағы крест-айқыш деп отырғаны қайқы қылыштың белгісі екендігін автор айқын жазып көрсетеді. Ғұндардың қайқы қылышынан қатты қорыққан римдіктер оны символдық таңба етіп алды дегенді айтудан автор жалтармайды. Бұл тұ­жырымдаманың да жаны бар. Себебі Дэн Браунның «Да Винчи коды» [2] деп аталатын еңбегінде  шіркеу үстемдігін арттыру үшін Ватиканның оңтайлы құжаттарды жойып отырғандығы айтылады. Батыстық дүниетаным мен мифке қатысты біраз шындықтың бетін бері қаратқан бұл еңбекті кәрі құрлық онша  жақтыра бермейді. Демек, бүгінгі замандағы атақты шығармаларда белгілі бір дәрежеге дейін мифтік архитиптердің сақталып, отырғандығын осы Дэн Браунның «Да Винчи коды» [2] туындысы тағы бір еске салды. Роман қаһарманының өтуі тиіс қиындықтар мен сынақтар алдыңғы мифтік қаһармандардың хикаяларында кездесіп отырады. Ілкі бастаулық сулар, Жұмақ аралдары, киелі Граальді іздеу[2], қаһармандық және мистикалық бағыштау сияқты мифтік тақырыптарының қазіргі заманғы европалық  әдебиетте әлі де болса үстем болып отырғандығын көрсетуге болады. Тіпті,  сюрреализмдегі мифологиялық тақырып пен ілкі бастаулық символдардың орасан зор дүмпуінің болғандығы байқалады. Әрбір танымал роман қайырымдылық пен зұлымдықтың, қаһарман мен оңбағанның типтік күресін көрсетіп, фольклордың универсал мотивтерін аңғартады. Лирикалық поэзияның өзінен мифтердің қайта­ланатындығы мен жалға­сатындығын байқауға болады. Ендеше, бөрі тотемі мен қайқы қылыш символы бөлек бір зерттеуді қажет ететін тақырып. Ал, біз көркем шығармадағы Бөрі төтемінің тағы бір сыйпатына тоқталсақ. Шығарма тақырыбы М. Мағауин­дікіндей  «Қасқыр-Бөрі», М. Мәлі­ковтікіндей «Бассыз бөрі» деп аталмаса да, А.Алтайдың «Киллер Сауысқан»  әңгімесінен де бөрі –танымы көркемдік деталь ретінде пайдаланылған. «…бөрінің көк жалыны ғайып болып, орындарында үңірейген қос үңгір қарауытады» [3.146]. «Арлан бөрінің» «сұғанақ сауысқаннан»  ажал тапқаны әңгімедегі оқырманды бір селт еткізіп, өзіне баурап алатын тосын деталь десе де болғандай. Себебі, әдетте азуын айға білеген түз тағысының сүйкімсіз ала құстан мерт болуына сену қиын. Десе де, автор арлан бөріні символдық кейіпкер етіп ала отырып, біздің түркілік таны­мымызға қатысты астарлы ой айтқысы келетіндей. Қасқыр мифі пайда болғалы бері қаншама дәуірлер дөң асты? Халықтың ғұрыптары мен дәстүрлерінің түп негізі мифтің тасасында жасырынып жатады. Ал, қалам ұстағандар соны таным көзімен байқай қалып, ары қарай дамытады десек те болғандай. Қазақтағы «көзі ашық, көкірегі ояу» деген тұрақты тіркестің мәнін осы шығармадан аңдауға болады. Көкірек көзінің ағып түсуі адамды рухани кембағал етеді. А. Алтай да көз мүшесі арқылы осы идеяны шебер бере білген. Сауысқан көзді ойып түсіреді. Көзі жоқ аң өз әлеміне өзі қамалады  да қалады. Сыртты бағдарлай алмай, өзіне-өзі қамалған кез-келген жаратынды басқаның басқаруына өтеді. Соның бағытымен жүреді. Барлығына бас изегіш келеді. Өзге де аңдарды көзқамаққа түсірген сауысқанның мінезін аша отырып, автор кие мотивін де көркемдік деталь ретінде пайдаланады. «Кеше түнде келіннің аман-есен жаны қалып босаныпты. Бірақ, сәби көзсіз туыпты. Көзсіз, қассыз туған нәрестенің бет-жүзі жып-жылмағай көрінеді. Дәрігер мұның ұлына «жүз жылда бір ұшырасатын жұмбақ құбылыс» депті [3]. «Түр­кілердің арғы ата-бабалары Ашина Сихай (батыс) көлінің құбыласын өз тайпасын қондырып, ел болған екен дейді. Күтпеген жерден ашиналықтарға көршілес бөгде тайпа шабуыл  жасап, қырып салыпты-мыс. Ойран-топан болған жұртқа он жастағы баланың аяқ-қолын кесіп тірі тастап кетіпті. Қаншық қасқыр оны тауып алып асырайды. Ер жеткен соң әлгі бала қаншық қасқырға үйленіпті-мыс. Осы кезде ата жауы баланың тірі екенін біліп, тауып алып өлтіріпті. Осы ұлдан жүкті болған қаншық қасқыр Гоацанның (Тұрфан) теріскейіндегі тау қойнауына барып тығылады. Осындағы үңгірді паналап жатып, он ұл тауыпты-мыс. Олар өсіп ер жеткен соң, сол өлкенің қыздарына үйленеді. Сөйтіп, олар бір рулы ел болады. Ашина қабілетімен, ақыл парасатымен дараланып ру басшысы болған екен. Ол ата-тегін мәңгі есте қалдыру үшін орда ауласының алдына қасқырдың басын бейнелеген байрақ іліп қоятын. Кейін де ру молайып, үлкен ел болыпты. Ашинаның ісін жалғастырушысы Асян-шад қасқыр ұрпағын Гоацан аңғарынан ертіп шығып, Алтай тауына әкеп орналас­тырады. Сөйтіп олар Жужанның қол астына бағынады» [22.50-51]. Қазақ мифтерінде  қаншық қасқырдан тарау туралы мәтінді осылайша береді. Осы миф негізінде бүгінгі проза өз идеяларымен көркемдік мүмкіндіктерін әдебиет әлеміне ұсынуда. Алайда, мифтің мәтініне қатысты қара майлы әріптермен белгіленген сөздерге мән берейікші. Онда Ашинаның «ата-тегін мәңгі есте қалдыру үшін орда ауласының алдына қасқырдың басын бейнелеген байрақ іліп қоятыны» [4.50-51] жазылған. Анығында ата емес, қас­қырдың ұрғашы екендігін ескеру керек болатын. Демек, түркілердің арғы атасы адам да, анасы-қасқыр болғаны ғой. Әдеби мұра жасауда да көп авторлар осыны ескеру керек. Себебі, миф матриахат дәуірінің жемісі болуы да мүмкін. Ал, әкелік үстемдік құрған таным заманалары қаншық қасқырдан тарадық деп айта отырып, арғы аталарымыз қасқыр деген сөзді үнемі жаңылысып айтып кетіп отырады. Анығында, әйелдік үстемдік  орын алған кезеңдер болғанын біз жоққа шығара алмаймыз ғой. Мәселен, Ұмай ана әйелдік үстемдік салтанат құрған дәуірден жеткен мифтік кейіпкер. Тіпті, біздің тілдік қолданыста «От – ана» деген тіркес бар да, От – ата, от – әке деген тіркес жоқ. «От ағасы» деген тіркестің өзі кейін қалыптасуы мүмкін. Демек, қазір еркектік үстемдік құрған дәуір екен деп біз түпкі танымымызды түбегейлі өзгертіп тастай алмаймыз ғой. Қалам тербеген жазушылар да осыны қаперде ұстаса деген ұсыныс айтқым келеді. Тіпті, Жер-ана деген тіркес те біздің ойымызды дәлелдей түседі.  Көне түркілік танымда Жер-ана, Аспан-ата туралы  космогонилық миф бар. Бағзыдан-ақ аспан денелері ай-ару, күн-күйеу. Айды аруға балау танымы біздің санамыздан әлі де алшақтай қоймаған. Дәл сол секілді жерді ана деп қабылдау танымын біз соншалықты жат көр­мейміз. «Қадым замандағы қазақ қауымы бейне ру-тайпалар тараған қасиетті ата-бабалар сияқты, табиғат дүниесінің де туып өскен ата-бабалары бар деп ойлаған. Жер мен көктің арасындағы күллі заттың туып өскен ата-анасы –Аспан ата мен Жер ана деп білген. Аспан мен жер ерлі-зайыпты болып, олардың арасынан ай мен күн және басқа заттар, жан-жануарлар туылған. Аспан ата мен Жер ана  өз кіндгінен өнген ұрпақтарын асырап, өсіріп, қорғап, қолдап отырады деп ойлаған»  [4.30].
Ал, Аспан- әке. Ол бізден (адамдардан) жырақта.  Неге, әкелік қарым-қатынас туралы танымды соншалық алысқа апарып орналастырған. Себебі, ана үнемі баланың қасында жүреді. Отты игеру, балаларды азықтандыру. Ал, аң аулап, азық табу мақсатында ұзақ уақыт сапарға шығып кететін әке-ата танымы аспан секілді жырақ орналасуы, әйелдің От – ана деңгейіне көтерілуіне мүмкіндік берген. Аспан – көк. Көк тәңірі деген ұғым. Демек, әйелдік үстемдік дегенді бүгінгі танымдағыдай еркектің рөлінің төмендеуі деп ұғу-қателікке алып келеді.  Себебі, түркілер қалыптасқан кезеңнен бастап-ақ ұрпақты еркек кіндіктен таратады. Сондықтан, біздің әкеміз – адам да, анамыз – құртқа.  Ұрпақты еркек кіндіктен таратудың алғашқы танымдық элементтерін осыдан-ақ байқауға болады. Қалай болғанда да, біз мифтік таным мен кейіпкерлер туралы сөз сабақтап, ой қорытқанда сол кезеңдердің тіршілік салтына, өмір сүру ғұрпына мән беруге тиіспіз. Сонда ғана Ұмайдың қалайша «Әйел тәңірі»  үстемдігіне дейін көтерілгенін ұғамыз. Ал, бұны түсінбей, арғы бабам көк бөрі  деп  проза  һәм  поэзия жазу  қисынға келмейді. Өйткені, арғы анамыз – қасқыр, бабамыз – адам екенін естен шығармауға тиіспіз.

Айнұр Төлеу, 
Абай атындағы ҚазҰПУ  әдебиеттану мамандығының 
магистранты

Пайдаланылған әдебиеттер:

«Қасқыр құдай болған кез» Бал­қыбек Ә. Алматы-2008. «Тұран» баспасы.
Браун Дэн. Да Винчи коды.Тұран- Азия баспасы. Алматы-2013, 504 бет.
«Киллер сауысқан». Алтай А. Ал­маты-2013 «Арда» баспасы.
Бабалар сөзі-78 «Қазақ мифтері». «Фолиант» баспасы. Астана-2011,448 бет.

Алдыңғы «
Келесі »