Ұлттық музыкалық өнеріміздегі қобыз дәстүрі

  • 16.07.2012
  • 458 рет оқылды
  • Пікір жоқ

К Оразалиева,
өнертану ғылымының
кандидаты, доцент

Мәдениетіміздің жарқын көрінісінің бірі – төлтума қобыз дәстүрі. Қобыздың көнелігі мен жетекші аспап ретінде алдымен ауызға алынатындығы және оның қасиетін жан-жақты суреттейтін көптеген археологиялық қазба жұмыстары мен жазба мұраларында айқын көрініс тапқан. Мұндай байырғы қыл қобыз сияқты синкреттік аспаптар көптеген түркітілдес Орта Азия, Сібір, Кавказ және Шығыс халықтарында сақталған. Ал, ішекті, ыспалы аспаптардың Отаны – Орта Азия, еуропалық скрипка аспабы қыл қобыздан бастау алған деген пікір музыкатанушы А.Мұхамбетованың ғылыми жұмыстарында кездеседі.
Еліміз қобыз аспабы мен қобыз өнерін Қорқыт есімімен байланыстырады. «Қорқыт Ата энциклопедиялық» жинағына сілтеме жасасақ, қобызды аспап ретінде пайдаланып, ойнау дәстүрін Қорқыт өмірге әкелген екен. Жалпы, қобыз өнері бақсы-шамандардың ажырамас аспабына айналған, ал, бақсылық өнер Ортаазиялық көшпенді елдердің ең байырғы дін қалыбы (формасы) болғаны хақ. Төлтума қобыз дәстүрі синкреттік түрде бақсылардың ем-дом беру, жырау, ақын және музыкант сияқты қызметтерінде қалыптасқан. Қорқыт музыкасын да көшпенді елде ғасырлар бойы сақтап келген бақсы-жыраулар еді. Олардың істеген кәсібі, әдеті, дағдысы – музыканы жан-тәнімен сүюі. Бақсылар, ақын-жыраулар Қорқыттың қобызына қосып, сарын айтатын, қобызбен боздатып күй тартатын. Сондықтан, ерте заманда қазақ бақсылары, отандық ғалым Ә.Марғұланның пайымдауы бойынша: өзінің білімімен керемет ой иесі атанған, олар жәй адамнан анағұрлым биік тұрған. Олар – әрі ақын, әрі сазгер, әрі сәуегей, оның үстіне, емші. Елдің көбі ақын бола алмайтыны сияқты, қазақтың бәрі бірдей бақсы бола алмаған.
Ғалым Ә.Қоңыратбаевтың пікірінше, «Бақсылар сарынында магия, шаман, ислам ұғымдары араласып жатады. Соның ішінде, ата-баба, батырлар әруағына сыйыну сарыны күшті. Бақсылар сал, сары ауру кеселдерін емдегенде, өздерін сары жирен атқа мінген, барлық киелі күштердің тілін білетін адамдар ретінде ұстаған. Бақсылық сарындардың тілі де халық поэзиясына жақын».
Бертін келе, халық арасында бақсылардан басқа музыкалық дарыны жоғары күйші-қобызшылар да белгілі болған. Мысалы, Ықыластың жеті атасына дейін шебер қобызшылар болғаны тарихтан белгілі. Ықылас Дүкенұлының шығармашылығында аңыздар мен жаңа тақырыптар, сюжеттер игеріле бастаған. Мұнда ойнау барысында алуан түрлі иірімдер қосылып, ойнау әдістері жаңартылып, көне аспап жаңа деңгейге көтерілді.
Өкінішке орай, XІX ғасырда Қазақстанда әр салада жүргізілген алуан түрлі жаңа бастамалар өзінің кері әсерін бақсы-шамандардың өнері мен қобызға тигізген. Әртүрлі ауруды емдейтін, қобыз аспабынсыз жүрмейтін бақсылық процесс сол кездерде терең дағдарысқа ұшырады. Нәтижесінде XX ғасырдың басында бақсылық өнер мен қобызда тартылатын шағын сарындар мен күйлер жойылып кете жаздап, Қорқыт пен Ықыластың (1843-1916) санаулы ғана шығармалары біздің дәуірге жеткен. 30-шы жылдардың ортасында көрнекті тұлға, академик, музыкатанушы А.Жұбановтың басшылығымен мәдениетімізде басталған өзгерістерге байланысты, санаулы күйшілерді жинауға мүмкіндіктер туды. Осындай іс-шаралар арқылы елдің түкпір-түкпірінен жиналған музыка шеберлері, аспапшылар өз өнерлерін қалың жұртқа таныстырып, Қорқыт пен Ықылас Дүкенұлының бай күйлерін біздің уақытқа жеткізді. Осы салада қобыз дәстүрін мұқият сақтап келген санаулы қобызшыларымыз Ж.Қаламбаев (1909-1969) пен Д.Мықтыбаевтың (1905-1976) еңбектері орасан зор. Осы уақытқа дейін олар қыл қобызда ойнаудың әдіс-тәсілдерін, техникалық мүмкіндіктерін күрделендіре дамытып келді.
Сөйтіп, ұмытылып кете жаздаған қыл қобыз өнері өз жалғасын 60-шы жылдары тапты. Сол жылдары белгілі композитор, халық әртісі Е.Рахмадиевтың басшылығымен Алматыдағы Құрманғазы атындағы консерваторияда қыл қобыз сыныбы ашылды. Дәстүрлі аспап қайта жаңғыртылып, даму жолына түсті. Нота сауатын білмесе де, Ж.Қаламбаев пен Д.Мықтыбаев консерваторияға шақырылып, қобызда ойнау дәстүрін жалғастырып, шәкірттер тәрбиелей бастады.
Академик, өнертанушы А.Жұбановтың жетекшілігімен халық аспаптар оркестрі жоғары орындаушылық шеберлікке көтерілді. Халықтың ұлттық ішекті-ысқышты аспаптарының барлығының дыбысталу сапасы жақсарды. Бұл – оркестрдің үлкен концерттік залдар мен ашық алаңдарда тамаша өнер көрсетуіне мүмкіндік жасады. Жаңа музыкалық аспаптар енгізу арқылы оркестр құрамы көбейді. Партитураның дамуы мен кеңеюі – орындаушылық шеберліктің өсуіне ықпал етіп, оркестрдің кәсіби деңгейі көтерілді.
1952-56-шы жылдары сым қобыз аспа­бы­ның диапазоны мен әуен аясын одан әрі кеңейтуге бар күш-жігерін жұмсаған республикаға еңбек сіңірген ұстаз, үлкен орындаушылық тәжірибесі бар Д.Тезекбаевтың (1920-2006) еңбегі орасан зор. Жаңартылған сым қобыз, альт қобыз, бас, контрабас қобыздар оркестрдің құрамында негізгі музыкалық аспаптардың қатарынан орын алып, маңызды рөл атқарды. Сондықтан, халық аспаптар оркестрінде ішекті, яғни, қобыз тобы негізгі құрал саналып, оркестрдің кең ауқымын қамтыды. Бұл жағдай оркестр ұжымының алдына жаңа мақсат-міндеттерді қоюын талап етті. Қобыз аспабының оркестр үшін рөлі өте маңызды болды.
Б.Ғизатов «Казахский оркестр им. Курмангазы» атты еңбегінде қобыздың оркестрдегі маңызды рөлі туралы былай дейді: «Сым қобыз ыспалы-ішекті аспаптар тобына кіреді. Халықта кең тараған кварта-квинта бұрауына бұралатын қобыз екі қыл ішегінен тұрады. Оркестрдің сұранысы бойынша пайда болған аспап сыртқы құрылысы жағынан жаңа формаға ие болып, дыбысы анық, қанық шығатын болды. Сым қобыздың бір ерекшелігі – дыбысында. Жақсы аспапшының қолында қобыздың дыбысы адам дауысына ұқсас болып келеді. Бұл аспапта күрделі, техника жағынан қиын шығармалар орындауға мүмкіндік туды».
Осылайша дауысы жоғары, дыбыс бояуы қобыз бен скрипканың үн аралығындағы жаңа аспап – сым (прима) қобыз сахналық өмірге келді.
Осы өзгертіп, жетілдірілген қобызда ең бірінші болып, белгілі қыл қобызшы Ж.Қаламбаев ойнады. Ол көптеген дарынды қобызшыларды дайындады. Олардың ішінде Г.Баязитова, Ф.Балғаева, А.Жаманшалова, З.Бейсембаева, Д.Тезекбаев, т.б. болды. Алғашқыда оның оқыту әдісі оқушының есту қабілетіне және ұстаздың нақты қолына қарап, есту арқылы қабылдауына байланысты болды. Оркестр құрамындағы бастаушы орындаушылар сол кезде нота сауатын білмегендіктен, көбісі дирижёрдің қолына қарап үйренген.
Бірте-бірте Құрманғазы атындағы халық аспаптар оркестрі елімізде кең танымал ұжым болып, музыкалық мәдениетіміздің мақтанышына айналды. Әсіресе, Халық әртісі, дирижер Шамғон Қажығалиевтың басшылығымен оркестр ұжымы үлкен жетістіктерге жетті. Дүниежүзіндегі фестивальдер мен сайыстар, өнер бәсекелерінің әлденеше дүркін дипломаты, алтын медаль мен Гран-при иегерлері атанды. Ш.Қажығалиев көптеген окестрге арналған шығармаларды тұңғыш орындатып, өмірге жолдама берді. Оркестр қазақ халық күйлерімен қатар, Ресей, Батыс, Шығыс елдерінің небір күрделі шығармаларын, симфониялық увертюралар мен үзінділерін орындай бастады. Олар М.Глинканың «Вальс-фантазиясы», И.Брамстың «Венгір биі», Ж. Бизенің «Кармен» операсына кіріспесі, т.б.көптеген шығармалар.
Бертінде оркестрге халық күйлерінен басқа, отандық композиторлар арнайы шығармалар жаза бастады. Атап айтсақ, М.Қойшыбаевтың «Жастар», «Аққу», «Советтік Қазақстан», «Құрманғазы», «Туған өлке» поэмалары мен «Қызыл құм» атты музыкалық суреттемелер, С.Мұхамеджановтың «Дауыл», «Шаттық отаны», Н.Тілендиевтың «Бостандық таңы», «Жеңіс салтанаты», «Махамбет», «Еңбек қуанышы», «Алтын дән», «Қайрат», М.Маңғытаевтың «Концерттік күйі», К.Күмісбековтың «Қорқыт туралы аңыз», «Фараби сазы», «Ықылас туралы аңыз», «Дала сыры», «Кербезім» атты поэмалары үлкен монументальдық шығармаларға айналды. Сондай-ақ, Е.Рахмадиевтың «Дайрабай», «Құдаша-думан», Т.Қажығалиевтың «Қыз қуу» сияқты симфониялық шығар­малары мен күйлері дүниеге келіп, репертуарлар молайды.
Қазіргі уақытта көптеген оқу орындарында, музыка колледждерінде, консерватория мен музыка академиясында қобыз сыныптары ашылып, шәкірттер тәрбие алуда. Халықтың және кәсіби музыканттардың арасында қобызда орындаушылық ерекшеліктерінің сақталуы аспаптың өмір ағымының өзгерістеріне бейімділігінің арқасы ретінде бағаланады. Еліміз егемендік алғалы халық бұрынғы-кейінгі бағдарына байыпты қарай бастады. Ұмыт бола бастаған тарихи мұраларды жаңғыртуға бет бұрды. Елбасымыз негізін қалаған мемлекеттік «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында музыка өнері құнды деректермен толықтырылды. Болашақ ұрпаққа атадан қалған мұраны жеткізуге мүмкіндіктер туды.

Пайдаланылған әдебиеттер:

1.Дәуренбеков. Ж.,Тұрсынов Е. Қазақ бақсы-балгерлері. Ана тілі-1993, 99 б.
2. Ғизатов Б. Казахский оркестр им. Курмангазы. – Алматы. Ғылым, 1994.- 230с.

Алдыңғы «
Келесі »