СУИЦИД ҚОҒАМДАҒЫ ҚАРЫМ-ҚАТЫНАС, әлеуметтік-тұрмыстық, ТЫНЫС-ТІРШІЛІК КӨРСЕТКІШІ…

  • 26.02.2016
  • 2207 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Дина Имамбаева,
әлеуметтанушы

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйы­мының статистикалық деректері бойынша, Қазақстан суицидтің саны жағынан алғашқы ондыққа кіреді. Әсіресе, елі­мізде жастар арасындағы өзін-өзі өл­тіру оқиғалары кез-келген басқа елден үш есе көп дейді осы ұйымның сарапшылары. Бірақ, отандық ресми статистика өзін-өзі өлтіру фактілеріне қатысты шынайы мәліметтерді жарияламайды. Сондықтан, тек халықаралық статистикаға жүгінуге мәжбүрміз. Атал­ған ұйымның мәліметтеріне қара­сақ, әрбір 40 секунд сайын Жер планетасының бір тұрғыны суицид жасайды. Ал, жастар өлімінің (15-29 жастағылар) себептері арасында суицид 2-ші орын алады. Күй­зеліске түскендердің 15%-ы өзін-өзі өл­тіруге барады. Бұл  деректердің  ар жағында қаншама адам тағдыры, отбасы қайғысы, елдің болашағы сияқты мәселелер тұр. Сондықтан, осын­дай қа­терлі деңгейге жеткен суицид оқиға­ларының себептерін зерттеп, салдарын болдырмау және алдын-алу міндеті күн тәртібінен түспей келеді. 


Өз еркімен, саналы түрде өз өмірін өзі қию – өлімнің, яғни, адам өмірінің аяқ­талуының бір түрі. Ұлы жаратушының, одан кейін осы дүниеге әкелген ата-анасының адамға берген ең қымбат сыйы – өмірді өз еркімен мезгілінен бұрын тастап кете барудың астарында үлкен қайғы-қасірет жатқаны сөзсіз. Демек, суицид – адам жанының айқайы, өзін өлтіру арқылы  өз мәселелеріне елдің назарын аудартудың амалы. Мұндай қайғылы жағдайға тап болған жандар көбінесе терең жан күй­зелісін бастан кешіп, алдағы күннен үміті үзілгендіктен, түрлі проблемаларын шеше алмағандықтан осы жолды таңдайды. Сондай-ақ, ғалымдар өзіне-өзі қол жұмсаудың себептері мен түрткілері адамның өмірдің мәнін жоғалтуына бай­ланысты деп санайды. Жан-дүниесі құ­лазып, кеудесі бос қалғандай аңырып қалған адам үрей мен өзін-өзі кіналауға бой алдырады. Өзін ешкімге қажетсіз сезініп, жан-жарасы тереңдей түседі. Осындай уақытша қиыншылықтан шы­ғудың жолы тек өмірмен қош айтысу деп түсініп, орны толмас қадам­ға баратындар жиі кездеседі. Осы тұрғыда, суицидтік оқиғаларды дер кезінде танып, осындай теріс жайттардың алдын-алу үшін жан-жақты ақпарат беру, түсіндіру, мәселенің мәніне бойлау, талдау, сараптама жасау қажет екендігі анық. Осы мәселеге орай, «Дегдар» қоғамдық келісімді қолдау қоры 2015 жылдан бастап Алматы қаласы Ішкі саясат басқармасының үкіметтік емес ұйымдармен әлеуметтік маңызы бар жобаларды жүзеге асыру қызметі бойынша  жастар арасында суицидтің алдын алуға бағытталған кешенді іс-шараларды бастаған болатын. Бұл жұмыс жүйелі сипат алып,  Алматы қаласы ғана емес, аудан, бірнеше облыс көлеміне шығуы осы бағыттағы жұмыстардың нәтижесіне елеулі ықпал етері сөзсіз. Осы жоба аясында «Суицидтің алдын алу», «Өмірге ғашық болу» және т.б. тақырыптардағы дәрістер, семинар-тре­нингтер, дөңгелек үстел, конференция және т.б. шараларға мыңдаған оқушылар мен студент жастар қамтылды. Сондай-ақ, дәріс барысында жастардың өмірге көзқарасы, айналасымен қарым-қатынасы, бос уақыттарын қалай өткізетіні жайлы ақпарат алу мақсатымен оқушылар мен студенттер арасында әлеуметтік сауалнама жүргізілді. Сауалнамаға жауап беру анонимді жүргізілгенін ескерсек, ондағы жауаптардың шынайылығы белгілі бір дәрежеде күмән тудырмайтыны анық (әлеуметтік зерттеулер ешқашан да 100% дәл болмайды). Іс-шаралардың рес­пуб­ликалық «Ақиқат» қоғамдық-саяси журналының ақпараттық қол­дауы­на ие болғанын атап өтеміз. Сауалнамаға қатысушылардың негізгі жасы – 15-25 жас, ал, басым көпшілігі – 67%-ы қыздар болып шықты. Мұның өзі қыздардың ұлдарға қарағанда анағұрлым белсен­ділігін көрсетеді. 
Адамның өмірге көзқарасын оның бос уақытын қалай өткізетініне қарап байқауға болатыны белгілі. Сауалнамадағы «Бос уа­қытта немен айналысасыз?» деген сұ­рақтың жауаптарына сәйкес, жастардың 65%-ы бос уақытын әлеуметтік желілерде өткізеді.  Бұл – бүгінгі күннің басты тренді, яғни, жастардың күнделікті қарым-қаты­насының негізгі бөлігі әлеуметтік желілер арқылы жүзеге асады. Сауалнамаға қатысқан студент жастардың көпшілігі негізінен ата-анасының қамқорлығындағы жаста екенін ескерсек, бос уақытты өткізудің мұндай формасы мінез-құлықтың барлық түрінен, көзқарастарынан, ұстанымдарынан көрініс табады, осыдан барып ата-анамен қарым-қатынас күрделенуі де әбден ықтимал. Ал, демалыс сәттерінде теледидар көретіндер – 15%. Кітап оқитындардың 13%-ды құра­ғанына қарап, осының өзіне қуану керек сияқты. Бірақ, спортпен айналысатындар, өкінішке орай, тым аз болып шықты (7%). 
Келесі «Қиын жағдайға тап болған кезде кімнен ақыл-кеңес сұрайсыз?» деген сұрақ бойынша сұрау салынғандардың жауаптары әрқилы. Яғни, адамға шынымен көмек керек кезде, ата-анасынан ақыл сұрайтындар – 49%, достарының пікіріне жүгінетіндер –24%. Қалған 26%-ы өз проблемасын өзі шешетіні байқалды. Жас­тар ерекше қабылдағыш, әсерленгіш және жоғары әлеуметтік тұрғыда жылдам бейімделгіш болғандықтан, жаңа құндылықтардың пайда болуы мен бұрыңғыларынан бас тартуы қоғамның басқа топтарына қарағанда, бұл өтпелі әлеуметтік топқа қатты әсер етеді.Бұ­рынғыдай бүкіл мәселеге әке-шешенің көзімен қарау, солардың айтқанынан шықпау іспетті үрдістер бірте-бірте қа­лып барады. Қазіргі жастарға кез келген жолмен баю ма, әлде жаңа жағдайларға бейімделу қабілетін беретін жоғары біліктілікті игеру ме, бұрынғы моральдық-адамгершілік ережелерден бас тарту ма, әлде жаңа шынайылыққа бейімделу икемділігі ме, тұлғааралық қарым-қатынастардың шексіз еркіндігі ме, әлде табысты өмір сүрудің түрткісі болатын отбасы ма, – олар үшін қайсысы құндырақ екендігін өздерінің таңдайтын кезең келді. Өмірді мағыналы өткізудің жолдары туралы сұраққа берілген жауаптар негізінен оң үрдісті көрсетті. Жастардың 95%-ы өз өмірін шығармашылық бағытта, жаңа  нәрселерді   үйренумен өткізуді қалай­ды. Бұл қазіргі жаңа дәуірдің бір ерекшелігі екені мәлім, – еларалық қатынастар, коммуникация, интернет мүмкіндіктері шексіз, – білім аламын, үйренемін деген адамға жол ашық. Қазақ жастарының да осы үде­рістерден, заман ағымынан шет қалмауға тырысуы қуантады. 
Бұл дүниеде адам өмірінен құнды ешнәрсе жоқ, ал, өз өмірін қиюға баруды ойластырған адамның басына аса ауыр жайттар, психологиялық қиындықтар тап келгенін болжау қиын емес. Мамандар жасөспірімдердің эмоциялық жағ­дайына назар аударып, мінез-құлқын мұқият бақылап, қадағалап жүрсе, суицид белгілерін дер кезінде тануға, демек, оның алдын алуға болады деп санайды. Оның ішінде күйзелістік жағдаятқа тап болуы, эмоциялық көңіл-күйі, мінезі, сырт бейнесі,  құрдастарымен, достарымен қарым-қатынасына, қызығушылықтарына және т.б. назар аударады. Оған қоса, интер­неттегі парақшасы, күнделіктері, бәрі анық ақпарат бере алады. Өйткені, «Өмірінде тым болмаса бір рет өзін-өзі өлтіру туралы ойланбаған бір де бір саналы адам жоқ шығар» (У. Джеймс). Сондықтан, осындай «Эмоциялық күйзелістерге түсудің басты себебіне?» деген сұраққа берілген жауаптар да ерекше назар аудартады. Сұрау салынғандардың 40%-ы адам өзін ешкімге қажетсіз сезінгенде осындай шетін жағдайға барады деп санайды. Ал, 29%-ы өмірді қию – болашаққа жоспарыңның болмауының салдары деген пікірге бейіл. Әлбетте, алдына арман-мақсат қойып, соған жетуге талпынған адамның зиянды нәрселерді ой­лауға мұршасы да бола бермейтіні анық.  Сондай-ақ, түрлі жағдаяттарға байланысты мінез-құлықтың бұзылуы, зиянды әдеттер, өлім туралы ойларға берілу суицидке алып келуі мүмкін деген пікірлер де бар. Кейбір жағдайларда жала жабу, қорқыту, масқаралау, зорлау, ұрып-соғу және т.с.с осындай шектен тыс тәсілге жүгінуге итермелейтіні кездеседі. Өзін-өзі өлтіру жайында сөз қозғап жүрген балаларға назар аудару керек. Агрессиялық көңіл-күй, ашу-ызаға тым жиі берілу, қатыгездік, тітіркенгіштік сияқты сәттердің көп болуы «маған көмек керек!» деген айқай іспетті. Ал, керісінше, көмек керек сәтте теріс  айналу,  қол созбау суицидті тездетеді. Өкі­нішке орай, бұны көп жағдайда елеусіз қалдырамыз. Кейде адамның жанында жақын адамы болып, оған жағдайды түсін­діріп, ашық сөйлесуі жетпей жатады. Мұның бәрі суицидтік қауіп-қатердің алдын алу үшін ескерілуі тиіс. Бұл арада жақын жандарыңның күнделікті мінез-құлқында, қарым-қатынасында бай­қа­латын өзгерістерге мән беру аса қажет. Өзін-өзі өлтіру жөнінде шын ойлап жүрген адам өзінің осындай ойы туралы қайткенде де айналасындағы адамдарға әйтеуір бір белгі береді дейді ғалымдар. Суицид аяқ астынан пайда болмайды, ол біртіндеп, импульсивті түрде келеді. Яғни, ушығып тұрған жағдай күндердің күнінде шектен шығады, жарылады. Суицид жаса­ғандардың 70%-ы өз мақсаттарын қан­дай да бір түрде білдіреді екен. Олар ашылып әңгімелескісі келеді, біреудің оны тыңдағанын қалайды. Кейбір суи­цидті жоспарлаған адамдар аяқ астынан достарына, туыстарына заттарын беріп, сыйлықтар үлестіре бастайды. Тіпті, өзі үшін қымбат, құнды саналатын заттарын да оңай қия салады. Не болмаса, ештеңеге мән бермей, қызығушылығы жоғалып, сүлесоқ, немқұрайды қалыпқа енеді. Тәжірибе көрсеткендей, мұндай көріністер алдағы бақытсыздықтың белгісі. 
Жалпы алғанда, айналасымен қарым-қатынасы кемшін, әсіресе, аяқ астынан жалғыз қалған адам қиындыққа шыдамай, өз өмірін қиюға баруы әбден мүмкін. Яғни, суицидтік үрдістерде психологиялық факторлар жетекші орын алады.  Бала жасында ашу-ыза, үрей, әке-шеше тарапынан жазалау, жанжалдар және т.с.с. жағымсыз жайттар көп болса, бірте-бірте суицидтік мінез-құлық басқа да проблемалармен қабаттасып, теріс оқиғаларды тездетеді. Өйткені, бала жаны сезімтал, сенгіш, көңіл-күйі ауытқымалы болып ерекшеленеді. Ата-ананың, ұстаздардың осы факторларды ескеруі, дер кезінде мамандарға көр­сетуі өте қажет. Өйткені, психологтар суицид жасағысы келіп жүрген адамның мұндай ахуалы, мінез-құлқы әдетте уа­қытша болатынын айтады. Адамдардың өзін-өзі өлтіруінің  себеп-салдары көп, соның бірі – әлеуметтік-экономикалық фактор­лар. Айталық, кез-келген елде әлеу­­меттік-экономикалық жағдаят на­шар­­­лаған кезде суицид оқиғалары жиі­лей түседі. Мысалы, Қазақстанда 1990-жылдардағы экономикалық ауыр кезеңде 100 мың адамға шаққанда суицид жасау көрсеткіші 100-ден асып кеткен (Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының көрсеткіші бойынша, 100 мың адамға 20 адамнан келуі – қатерлі деңгей деп анықталады). Бұл кейде қарапайым тұрғындардың биліктің, әкімшілік орган­дарының зорлық-зомбылығына, қысас­тығына  қарсылық ретінде де жасалуы ық­тимал. Өткен жылы өзін-өзі өртеген жас­өспірімнің оқиғасы да осындай қайшы­лықтың бір көрінісі. Осы тұста ерекше назар аударатын бір жайт, ол – суицидке деген көзқарас. Жалпы, суицидті зайырлы қоғамның ешбірі де ақтамайды. Ислам діні өзін-өзі өлтіруді Аллаға серік қосудан кейінгі ауыр күнә деп есептейді. Адам басына қандай қиыншылық түссе де, өзіне өзі қастық жасамауы тиіс. Жүрегінде титтей де болса үміті бар адамның тығырықтан шығудың басқа жолын іздестіруі мұсылманға тән қасиет дейді хадистер.  
 Құқықтық заңнамаларға келетін болсақ, мұнда суицид қылмыс деп есептелмейді. Бірақ, ҚР Қылмыстық кодексінің «Өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу» атты 105-бабында адамды қорқыту, оған қатыгездікпен қарау немесе адами қадір-қасиетін қорлау ар­қылы оны өзін-өзі өлтіруге баруға дейін жеткізгендер құқықтық түрде жазаланатыны айтылған. Яғни, құқықтық тұрғыда өзін-өзі өлтірудің себептеріне ерекше назар аударылады. Адами тұрғыдан да айна­ламыздағы адамдардың пробле­масына немқұрайдылық таныту, үнсіз қалу, суицид оқиғаларына мән бермеу, оған тыйым салмаумен бірдей. Соңғы кезде түрлі әлеуметтік шетін оқи­ғалар­ды тым дабырайтып айқайлау, жерден жеті қоян тапқандай сүйінші сұрау фактілері жиілеп кетті. Бұл да бір қа­зіргі қатыгездіктің, адам тағдырын ойыншық көрудің, оның алдағы өмірін ойла­мау­дың көрінісі. Сондай-ақ, интернетте, әлеуметтік желілерде өзін-өзі өлтіру оқи­ғаларын ашық және таласа талқылау суицидтік «эпидемияның» өріс алуына ықпал етпесіне кім кепіл? Халықаралық тәжірибеде «Вертер әсері» деген термин бар, ол 17-ғасырда жазылған немістің ұлы ақыны И. В. Гетенің «Жас Вертердің азабы» атты шығармасына байланысты туған. Нәзік жанды, терең сезімді жас адамның жеке басының қайғысына шыдамай, өзін-өзі атуы жайындағы осы кітаптың әсерімен Еуропада көптеген жастар суицид жасауға барған. Содан, ресми билік бұл кітапты суицидті насихаттады де­ген айыппен сатуға тыйым салып, тіпті, оны жоюды бұйырған. Яғни, «Вертер әсері» өзін-өзі өлтірудің әдіс-тәсілдері, жай-жапсары туралы айтылған ақпарат адамдарды осыған итермелейді деген көзқарасты білдіреді (батыста атақты актриса Мерилин Монроның қайғылы өлімінен кейін де суицид фактілері жиіле­ген). Суицидтің бір түрі жасырын суицид деп аталады. Адамның өз денсаулығына тиісті көңіл бөлмеуі, салғырт қарауы, жанын аямай шектен тыс жұмыс істеуі, шылым шегу, ішімдікке берілу, қауіпті жұмыстар – осының бәрі адамның мезгілінен бұрын өмірден кетуіне ықпал ететін жағдаяттар. Бұл негізінен ер адамдарға тән (суицид жасайтын еркектер де әйелдерден 4 есе көп). Қазіргі қоғамда ерлерден әйел адамдар санының көп болуының бір себебі де осыған байланысты, яғни, ер адамдар бала кезінен қауіп-қатерге жақын жүреді, денсаулығын қадірлей бермейді. Қазіргі экономикалық күйзелістер тұсында әлеуметтік, тұрмыстық жағдайларға байланысты суицид қаупі күшейе түседі. Бұған дейін алған несие­лерін төлей алмау, жұмыссыз қалу, отбасын асыраудың амалын таппау және т.с.с. шара­сыздыққа әкеп соғатыны жасырын емес. 
Суицидтік мінез-құлықтың дамуына қарсы шыға алатын, кедергі келтіретін бірден бір күш – адамның бойындағы тұлғалық қасиеттері, уақыт сынынан өткен мәңгілік құндылықтарға мойын бұруы десек қателеспейміз. Әлеу­меттанушы-ғалымдар суицид жасау қаупі­нің өсу деңгейіне өмірлік құндылықтар мен әлеуметтік жағдай едәуір ықпал етеді деп есептейді. Яғни, жеке адам өзін қоғамның бір бөлшегі ретінде сезіну дәрежесіне, адамның ортаға бейімделуіне, дәстүрлі құн­дылықтарды қабылдау қабілетіне тіке­лей байланысты. Яғни, жас адам бірден дұрыс жолды таңдауы оның өмірге деген көзқарасын білдіреді және ол өз өмірінің толыққанды қожасы болуға деген тілегімен, өз тағдырын өзі жасауға тырысуымен астасып жатыр. Жастық  шақтың өзі ересек атану, бір кезеңнен  басқасына өту сияқты жас шамасына ғана байланысты емес, сондай-ақ, бір әлеуметтік-мәдениеттік кезеңнен келесі сатыға өтуді, алдыңғысының шектеулерінен шығуды білдіреді. Сондықтан, дәл осы өтпелі кезеңде жастардың бойына еш­қашан ажырағысыз мәңгілік құн­ды­лықтар дәнегін еге білу, ең алдымен, отбасының міндеті. Себебі, адамның әлеуметтенуі үдерісі дүниеге шыр етіп келген кезден басталады және оның тұлға ретінде  қалыптасуына ең басты ықпал ететін – ата-анасы, одан кейін білім беру мекемелері. Баланың денсаулығы, бі­лімі іспетті шарттарға баса назар аударумен қатар, оның бойына мейірім, жанашырлық сезімдерін егу, тұлғалық қасиеттерін жетілдіруге мән беру қажет. Қоршаған ортасындағы әлеуметтік ахуал, отбасындағы психологиялық климат, ата-анасымен, ұстаздарымен өзара қарым-қатынас – осының бәрі жас адамға ық­пал ететіні мәлім. 
Суицид – өте өзекті әлеуметтік проблема, оған жалпы жұртшылық, түрлі қо­ғамдық ұйымдар мен мемлекеттік органдар тарапынан назар аудару, алдын алу шараларын жүргізу қажет. Қоғамда болып жатқан оқиғалардың кез келгені адамға ықпал етпей қоймайды. Ал, оның теріс, жағымсыз үрдістерін болдырмау, неғұр­лым азайту, алдын алу бағытындағы іс-шаралардың нәтижелі болуы оған деген көзқарасқа ті­келей байланысты.

 

Алдыңғы «
Келесі »