Cандық технология базасындағы телевизия мүмкіндіктері

  • 16.07.2012
  • 1655 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Әсел СӘЛІМ,
Т.Жүргенов атындағы Өнер академиясының магистранты

Заман ағымына орай, 2003 жылы сандық технология туралы ең алғаш рет мәселе Голландияда қозғалды. Жапон мамандары «4000 тармақты жоғары айқындылықты бейне жүйе» деп аталатын баяндама жасады. Баяндама авторы көрерменге HDTV үлгісінде жасалынған жоғары айқындықты заманауи телевизия жүйесінен гөрі нақтылықты, ақиқатты көздейтін жүйе ұсынды. Бұл жүйе көрерменнің субъективті түйсігін оқып білуде өте жоғары база болып табылды. Көрерменге көрінетін экран, ондағы арақашықтық, соған сәйкес орналасқан ракурс – осылардың барлығы, экранның көлемі мен бейнежүйенің рұқсатына байланысты болды. Авторлардың зерттеулері бойынша, көрермен жоғары айқындылықты заманауи теледидардан гөрі, экранға жақын отырғанды, әрі оны үлкен қырынан тамашалауды қалайды. Нақтылықты сезіну ұлғайып бұрыштың астында жетістік мәні шамамен 100 пайызға тең келетін экран көрінеді. Бейнежүйенің шамамен 4Кх8К (4320х7680 пиксель) рұқсатнамасы болуы керек». [1]
Баламалы телевизия ғасыры аяқталуға жа­­қын. Оның орнына сандық телевизия, ал, онымен бірге интерактивті (ІP TV) телевизия келді. Бүгінде эволюция процесі жүріп жатыр жә­не ол ақылы телевизия абоненттерінен бас­тау алады. Батыс елдердің тәжірибесіне қара­сақ, телекоммуникациялық компаниялардың ІP TV нарығының сандық желілері жақсы дамы­ғандықтан табысты меңгеріліп жатқандығын көреміз. Келешекте сандық телевизияның (оның ішінде ІP TV) көрсетілетін қызметі, баламалы телевидениені толықтай алмастыруы әбден мүмкін деген болжамдар айтылуда. Оның үстіне, кейбір мемлекеттер таратылымнан ескірген теледидарды әдейі ығыстырып шығаруда. Мұның дәлелі АҚШ 2010 жылдан бастап баламалы ТД лицензияларын қайтарып ала бастады. Демек, ақылы ТД-ның ағымдағы нарығы ІP TV потенциалды нарығы болып табылады.
Жалпы алғанда, телетаралымды келешекте басқару мүмкіндігі туады. Көрермендер кез келген қолайлы уақытта ұнаған хабарларын жазбадан көру мүмкіндігіне ие болады. Сонымен қатар, DVD фильмді провайдердің картотекасынан көру мүмкіндігін беретін «сұрау бойынша бейнежазба» қызметі де қолжетімді болары сөзсіз. Мұндай жағдайда бейнелеме мен дыбыс сапасы DVD форматына сәйкес келеді. Қызықты ІP TV опциясы – бұл «виртуалды кинозал». Оның көмегімен үйден шықпай-ақ, киножоба жаңалықтарын көру мүмкіндіктері туады. Таратылым шынайы уақыт режимінде кинотеатрмен бір деңгейде жүзеге асырылады. Әлбетте, осы тұста мұндай бейнежа­зуларды «қарақшылардан» қалай қорғауға болады деген сауал туындайды. Бірақ, бұл жағдайда «қа­­рақшыларға» тіпті камерамен кинозалдарда жасырынып отырудың қажеті де болмай қалады. Үйіңде отырып кинохитті жазып ал да, дисклерді таңбалай бер. Келешекте интерактивті телевидение өз пайдаланушыларына басқа да көптеген пайдалы қызмет түрлерін: бүгінгі интернетке қосылған компьютер мүмкіндік беретін барлық процестерді жүзеге асыру мүмкіндігін береді. Айталық, ойындар, радиотаратылым, караоке, анықтамалық ақпарат алу (телефон анықтамалығы, қаланың, облыстың, мемлекеттің, әлемнің интерактивті картасы; пойыздардың, ұшақтардың ұшу – жүру кестесі, валюта бағамдары, ауа – райы болжамы), e-commerse және тағы да басқа осы сияқты интерактивті сервистерді енгізуге уәде береді.
Дүкендерден тауар сатып алу, SMS жіберу, кез келген банк операцияларын жүзеге асыру, электронды поштаны пайдалану интернет – мүм­кіндік қызметтерін еуропалық ІP TV про­вайдерлерінің өз абоненттеріне қосып бер­гелі біраз уақыт болды. Телетаратылым талай техникалық ғаламаттарды назарға ұсынып отыр. Мысалы, ток-шоуға қатысып жатқан кейбір кейіпкерлердің өмірбаянын немесе ол адам бел­гілі өнер қайраткері болса, оның театрдағы немесе эстрададағы ойындарының графигін білуге болады. Футбол ойынын көріп отырған кезде команданың құрамымен және ойын кестесімен танысып, билеттер мен ескерткіш-сувенирлер сатып ала аласыз. Анықтамалық мәліметтерден хабардар болу мүмкіндігіне ие болуға болады. Компьютерлік технологиялар мен теледидардың композициясы арқылы осындай кереметтердің барлығына қол жеткізуге болады. Барлық ақпарат (атап айтқанда, телетаратылым) бүгінгі таңда әрбір үйге интернет желілермен келіп жетуде. ІP TV-де «интернет-хаттама бойынша теледидар» болып табылады (Іnternet Protocol).
Сонда, интерактивті таратылымды қосу үшін тиісті құрал-жабдықтар қажеттілігі туындайды. Ол ADSL-модемі (модем бойынша бүгінгі таңда компания абоненттері Дүниежүзілік тор­ға шығуда) және Set Top Box (теледидарға арналған құрылғы) болуы керек. Алайда, арзан тұрмайтын бұл құрылғы барлығына қажет бола бермейді – қазіргі заманауи теледидарлар сандық сигналды бастапқыдан қабылдауға қабілетті. Сымсыз пернетақта қажет болуы әбден мүмкін. Тұтынушыға құрал – жабдықтарды сатып алумен қатар (егер, операторлар оны жалға немесе ақысыз беріп жатқан болмаса), көз құрышын алар заманауи теледидар үшін ай сайын ақы төлеп отыру қажет. Бүгінде операторлар оның мөлшері жоғары емес, кабельдік ТД – дан сәл ғана асатын қалта көтерімді (телеарналардың санына қарай) деп жұбатуда. Бірақ, өкінішке орай, абоненттік төлемге ІP TV – ның барлық мүмкіндіктері қосыла бермейтінін де ескерген абзал. Сол себептен де, «сұраныс бойынша бейнефильм» сияқты «қымбат та, қызықты» кейбір қызмет көрсету түрлері үшін жеке тұлға бөлек төлеуге мәжбүр болары сөзсіз.
Сандық телевизияның пайдалы тұстары көп, оның ең жақсысын таңдау көрерменнің еркінде, компьютер теледидар немесе жай ғана теледидар. Заманауи мультимедиялық теледидардың бейне және дыбыс сапасы телеқабылдағыштарға (антенна) қарағанда едәуір жоғары. Алайда мультикомпьютерге қарағанда қарапайым теледидардың бағасы арзандау. Көптеген түрлі тіреуіштер (спутниктік вышкалар) пайда болғаннан кейін кәдімгі телеқабылдағышқа компьютердің кей функцияларын орнатуға мүмкіндік бар және тұтынушылардың басым көпшілігінің теледидарды қалайтыны сондықтан.
Кез келген елдегі сандық телевидениенің даму стратегиясын көрсететін факторларды қарастырсақ:
– телеарна үшін бағдарламаларды өндірушілер мен хабар таратушылар;
– сандық форматты құрылғылардағы теле­бағдар­ламаларды жүргізудегі хабар беруші ком­паниялардың сай келуі;
– өнеркәсіп дамуының деңгейі яғни аталмыш мемлекет сандық теледидар мен телевизиялық абоненттік тіреуіштерді дайындауға қажетті мүмкіндігі бар жоғы немесе құрал-жабдықтарды импорттай алатын мүмкіндігінің болуы;
– тұтынушылар өздерінің материалдық жағдайы мен мақсатынан шығуда сандық телебағ­дарламаларды қабылдауға техниканы табуға дайын, не дайын еместігі. Жұртшылықта осындай теледидардың пайда болуы хабар таратушы телевидениенің белгі берудегі аналогтық әдісінің сандыққа өтуі;
– тікелей хабар таратушы жүйе мен сым желі (кабель) телевизиясы жүйесінің бақта­ласшылары;
– үкіметтің заманауи техникалық саясатты жүзеге асырудағы қызығушылығы мен монополия хабар берушілерін реттеу. Осы себепті де әр елде практикалық түрде жүзеге асатын жаңа технологияға көшетін кәсіпкер үлгі керек. «Санға» өту мәселесі саясатты экономика мен қаржыны және өнеркәсіп салаларын да қозғап отыр.
Соңғы жылдары әлемнің кез келген түк­пірінде әсіресе сандық телевидение туралы сөз көп қоз­ғалып, бүгінгінің ең өзекті мәселелерінің біріне айналды. Басты себебі, аналогтық телевизияға қарағанда сандық телевизия сапаның ең жоғары көрсеткіштігін көрсеткендіктен болып отыр. Сондықтан да, қоғам сандық телевидениенің қандай жаңа және ықпалды күшке иемденгенін ақырын сезінетін де шығар. Бір сөзбен айтар болсақ, телевидениенің кез келген адам өмірінде алар орны зор. Телевидение көз жетпеген жерден ақпараттар жеткізеді, өрені кеңейтеді, толғандырады, толғандыра отырып қуаныш сыйлап масайратады және адамды қайғыға да батырады. Телевидение саяси немесе географиялық шекаралар мен шектеулерді білмейді, ол белгілі аяны және уақытты жеңеді. Ол әрбір адамды кез келген уақиғаның куәсі жасайды. Телевиде­ние адам баласына әлбетте азық бола қоймас, бірақ әрбір көрерменге көз құрышын қандырар ғажайып көріністер сыйлары ақиқат. Қазақстанды былай қойып, дөңгеленген дүниедегі дүбірдің бәрін санаулы минуттарда естіп-біліп отыруымызға теледидардың тигізер пайдасы айтпаса да түсі­нікті. Жүрдек уақыттың уысынан шыға, алға ұмтылған өнер түрлерінің ішінде көгілдір экран­ның қоғамдағы орны тым бөлек. Ол араласпайтын іс, ол бармайтын орта жоқ десе де болады. Күнделікті өміріміздің бір бөлшегіне айналған синкретті өнер таңның атысынан күннің батысына дейін төрімізге шығып, сырласымыз бен ақылшымызға айналуда.
Ешкім көрерменнің теледидар алдында қанша уақыт отыратынына нақты жауап айта алмайды. Қазір заманның ағымына қарай көп адамдар алтын уақыттарының басым бөлігін ғаламторға арнайды деген тұжырымдарға қарамастан, әлеуметтанушылар еліміздегі әр көрермен күніне кем дегенде төрт сағат уақытын көгілдір экран алдында өткізеді деген болжамдар айтады. Ал, бұл дегеніміз не? Айталық, егер, біздің орташа өмір сүру ұзақтығымыз жетпіс жыл болса, (бұл көрсеткіш ер адамдарда тіптен аз болуы мүмкін – елу тоғыз. Бірақ, Еуропа тәрізді жетпіс деген аралықты алайық.) шамамен әр адам өмірінің 23 жылы ұйқыға кетеді, оның ішінде ең кемінде 11 жылы экран алдында өтеді екен. Яғни, кітапты ол осы кезде оқымайды, қоғамдық мәнді еңбекпен, серуендеумен және спортпен – өзіндік дамумен де айналыспайды. Расында көпшілігіміздің теледидарымыз ас үйде тұр, демек бұған қоса тамақтану уақытының да біршамасы теледидар алдында өтеді деген сөз. Дәл осы көгілдір жәшік бәріміздің, әлемнің қай түкпірінде болмасын өтіп жатқан футбол матчтарының, түрлі форумдардың, мерекелік шаралардың бел ортасында «жүруімізге» мүмкіншілік тудырады.
Теледидар – тек хабар таратушы құрал ғана емес, ағартушылық, насихаттық та құрал. Зерттеу­ші Құдай­берген Тұрсын теледидардың әсерлілігіне мынадай анықтама берген: «Теледидар әсерлілігі өзіне үш негізгі бағытты қамтитын, әлеуметтік ақпарат тұжырымдамасын жүзеге асырады: Ағартушылық /білім жөнінде негізгі ақпарат болып табылатын хабарламаны таратады/; танымдық /логикалық және прагматикалық ақпарат негізінде алынған өзіндік білім туралы ұғымды қалыптастырады/; болжаулық /болашаққа баға беріп, ол туралы ұғымды қа­лып­тастырып, ол туралы деректі таратады/; ұлттық мәселе төңірегіндегі өткір проблемаларда қоғамды топтастыруға қызмет етеді. Біздің күнделікті өміріміз, тіршілігіміз, бізді қоршаған орта туралы шынайы көріністі бейнелейді, ой-өрісімізді түрлі ақпараттармен кеңейтіп, сезімімізді қалыптастыруға, әдеттеріміздің жақсы ­жаққа қарай өзгеруіне әрекет жасайды. Аса мәнді әлеуметтік проблемаларға көпшіліктің көңілін аударады, экологиялық этика, қоғамның әрбір мүшесінің өмірлік позициясын айқындауға, сан миллиондық аудиториямен жылдам кері байланыстың орнығуына, бұл байланыстардың қоғам санасын қалыптастыруға әсерлілігін арттыруға, қоғамның жан-жақты және үйлесімді дамуына көмектесу, байланыстың кезеңмен дамуын сезінуге жағдай туғызады.
Қоғамдық мінбеге айналу, орталық және аймақтық, заң шығарушы және орындаушы тұтқалардың халқының алдында есеп беруі, өз саясатын түсіндіру, өз қатарына халықтың қалың тобын тартуға, қоғамның әлеуметтік ақпараттануына басты мәселені шешуі, психологиялық құқықтық қоғамға тиімді бағытталуына жағдай туғызу, сезімталдық, логикалық және прагматикалық ақпаратты негізге алуға; ең бастысы-хабардың соңғы нәтижесінің тиімділігін сезінуге; телекөрерменнің әрқайсысына сол сәтте өзімен бірге миллиондаған адамның сол хабарды көріп отырғандығын сезінуі, әрі телеэкрандағы пікірді өзіне қарата отырып ұғынуына; телекөрерменге қарама-қарсы пікірдегі ойлардың да айтылмайтынын сезінулеріне; тауар және ақша қатынасындағы өзгерістер, экономикалық ақпараттың шыншыл және ашықтығы, коммерциялық тақырыптардың ауқымын ұлғайту, тауар және қызмет, фирма және компания, ертеде талдау мен сынауға жабық болған тақырыптар тағы сол сияқты олардың әрқайсысына шыншыл, жылдам әрі орнықты баға беру, теледидар хабарының әрқайсысының міндеті». [2]
Күнделікті өмірдің бір бөлшегі болған теледи­дардың зияндылығы да шаш етектен екенін көзі қарақты әрбір көрермен ұмытпаса керек. Француз сыншысы Андре Дилижан айтқандай «теледидар өмірге ентелей кіріп, әлемді түгелдей дерлік жаулап алды». Шын мәнінде де солай. Газет пен радиодан, театр мен кинодан оқ бойы озық шыққан телевидение, сексен жылдық тарихының, тәжірибесінің аздығына қарамастан жекедара көш бастауда. Оның көрермендер аудиториясы миллиардтармен есептелінеді. Көгілдір экранның құдірет – қарымы әлемдегі кез келген қуатты елдің әскери күшінен әлденеше есе артық. Сондықтан да, оған аса сақтықпен қараған орынды.

Пайдаланылған әдебиеттер:
1. К.Ф.Гласмана. Конференция ІBC 2003: Цифровое кино. «Техника кино и телевидения-2003-№12»
2. Қ.Тұрсын , Ж.Нұсқабайұлы «Теледидар сөздігі-тележурналист анықтамалығы». Оқу құралы. Алматы. Білім; 2003-380 бет.
Әсел СӘЛІМ,
Т.Жүргенов атындағы Өнер академиясының магистранты

Алдыңғы «
Келесі »