Студенттің өзіндік жұмысы

  • 16.07.2012
  • 3227 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Махаббат Махатаева,
Алматы Мемлекеттік технология
университетінің магистранты.

Студенттің өзіндік жұмысы (СӨЖ) – студент білімінің тереңдігі, дағдылары мен біліктілігіне, білім меңгеруіне ықпал ететін оқу процесінің ең негізгі элементтерінің бірі. СӨЖ орындау арқылы студент оқу процесінің белсенді мүшесі бола отырып, өз ойын еркін, сондай-ақ, нақты дәлелдермен жеткізе алатын дағдыларды үйре­неді және меңгереді.
Өзіндік жұмыс мәселелерін зерттеуде жо­ғары мектеп педагогикасы алдында бірнеше маңызды міндеттер тұр. Мұның басты себебі, біріншіден, өзіндік жұмыс студенттердің көп аспектілі тұлғалық білім беру құралы ретінде қарастырылмайды; екіншіден, бұл мәселе бойынша зерттеулерде орта және жоғары мектеп арасындағы сабақтастық ескерілмейді. Сондай-ақ, бұл сала бойынша арнайы зерттеу­лердің жеткіліксіздігі байқалады. Жоғары мек­тептегі оқу процесінің теориясы мен практикасында болашақ педагог-психологтардың өзіндік іс-әрекетін қалыптастыру мәселесіне жеткілікті мән берілмеген.
Оқытушы оқыған кез келген дәріс тақы­рыбы студентке түсінікті бола бермейді. Оның себептерінің бірі – студенттің басты қызы­ғушылық объектісі – мамандық алу. Ал, оқылған дәріс оның болашақ мамандығымен байланыссыз болса, оны игеруге құлқы болмайды. Онымен қоса, оқу процесінің бастапқы кезеңдерінде, студенттерде қойылған проблеманы шешуге қажетті өзіндік жұмыс істеу дағдылары әлі толық қалыптаспайды. Сондықтан, оқу процесінің алғашқы кезеңдерінде оқытушы тек проблема қою ғана емес, оны шешу жолдарына студенттерді баулуы тиіс. Бұл орайда, СӨЖ рефарат, баяндама, шығармашылық жұмыс, бақылау жұмысы, ғылыми мақала түрінде дайындауға ықпал етуі қажет.
Көптеген психологтар мен педагогтардың зерттеулерінде ЖОО студенттері оқу процесіне бейімделу жағдайында өзіндік жұмыстарды орындауда, оның сан алуан түрлері мен формалары бойынша біршама қиыншылықтарға кездеседі. Соның салдарынан, оқып-үйренушілер оқу-тәрбие жұмыстарына, өзіндік жұмыстарға енжарлық танытып, оқу үлгерімдерінің төмен болуы орын алады.
Қазақстан Республикасының «Білім туралы» заңында «Білім беру жүйесінің басты міндеті – ұлттық және жалпы азаматтық құндылықтар, ғылым мен практика жетістіктері негізінде жеке адамды қалыптастыруға, дамытуға және кәсіби шыңдауға бағытталған білім алу үшін қажетті жағдайлар жасау. Жеке адамның шығармашылық, рухани және дене мүмкіндіктерін дамыту, адамгершілік пен салауатты өмір салтының берік негіздерін қалыптастыру, жеке басының дамуы үшін жағдай жасау арқылы интеллектін байыту» деп атап көрсеткендей, жоғары оқу орындарының алдында өмірге жан-жақты дайындалған, еңбексүйгіш, ынталы, шығармашылықпен ойлайтын, интеллектуалдық және адамгершілік тұрғысынан бай, жоғары білімді жеке тұлғаны дамыту мәселесі тұр (1).
Танымдық өзбетінділік мәселесінің тамырлары антика дәуірінен бастау алды. Ол тәрбиелеу мақсаты ретінде әлеуметтік факторлардың әсерінен пайда болды. Грек философы Сократтың (б. ғ. д. 469 – 399) өзі оқыту процесіндегі оқып үйренушілердің танымдық белсенділік пен өзбетіндік жұмысқа педагогикалық басшылық жасаудың қаншалықты маңызды екендігін ерекше атап кеткен. Ол осындай басшылыққа арнайы дайындық керек екендігіне сенімді болды. Сократтың оқып-үйренушілерді өзбетін­ділікке тәрбиелеген әдістері ерекше мәнге ие болды. Осыған орай, Сократтың ұсынған білім беру әдісі студенттерден даму процесіндегі шынайылықты, өз бетінше табуды, нақтылауды, түсініктерді жетілдіруді талап етеді (2).
Педагогика-психология саласындағы атақты ғалымдар өз еңбектерінде өзіндік жұмыс мәселесін психологиялық тұрғыдан қарастырған. Мысалы, С. Л. Рубинштейн «өздігінен» ұғымы әрекеттердің саналы түрткісі мен өзектілігін болжайтынын, ерік күшінің өзбетінділігін және «танымдық өзбетінділік» ақыл-ой әрекетінің сапасы ретінде өз бетінше білім алу мен дамуды білдіретінін тұжырымдаса (3), В. А. Крутецкий өз бетінше жұмыстану, білім алу, мәселені өз бетінше шешу, заңдылық ашумен теңбе-тең екендігін анықтаған (4). Ал, А. Н. Леонтьевтің пікірінше адам миында заттар, құбылыстар туралы толық бейне сақталу үшін адам мен зат арасында әрекеттік қатынас орнау қажет, осыған байланысты бейнелердің толықтық дәрежесі байқалады [5]. Бұл өз кезегінде жеке тұлғаның өзіндік жұмыспен айналысу арқылы жинақталған білімді толықтырып отыруына меңзейді. Іс-әрекет теориясы, оқу-тәрбие жүйесінде теория ретінде қолданылып келеді.
А. Н. Леонтьевтің психологиялық іс-әрекет теориясына сүйене отырып, П. Я. Гальперин мен Н. Ф. Талызина ақылдық қимыл іс-әрекеттерін кезеңдер бойынша қалыптастыру теориясын жасаған. Ол үш типті іс-әрекет негіздерін көрсеткен. Біріншісі – толық емес әрекет, ол көп қатерлер мен қиындықтардың негізінен тұрады, екіншісі шамалы толықтыру әрекеттеріне негізделеді, ал, үшіншісі – өз бетінше толық іс-әрекет жасау негізінде өтеді (5).
П. И. Пидкасистый «өзіндік танымдық жұмыс» және «өзіндік жұмыс» ұғымдарын ажырата білуге назар аударады. Оның пікірінше, өзіндік жұмыс оқып-үйренушілердің өзіндік танымдық жұмысын ұйымдастырудың тек құралы ғана болып табылады. Ол оқу өзіндік танымдық қызмет процесінде жүреді, бірақ, ол өзіндік жұмысты орындау процесінде жүреді деген сөз емес деп есептейді (6). Мысал үшін, оқытушы оқу материалын баяндағанда, студент салыстыру, беттестіру, деректі ойша талдау және т. б. ойлау амалдарын жүргізеді. Дәл осы кезде студент ешқандай тапсырма алған жоқ, өзіндік жұмыс та жоқ, бірақ өзіндік танымдық қызмет орын алып отыр.
Жалпы алғанда, өзіндік жұмыс (ӨЖ) – біртұтас педагогикалық процестің, жоғары білім берудің негізі. Ол бір жағынан студенттердің дәрісханадан тыс жұмысы ретінде, басқа жағынан сабақ кестесі бойынша студенттің дәрісханада жүзеге асыратын жүйелі, жоспарлы, мақсатты жұмысы. Оны ұйымдастыру жауапты теориялық және практикалық міндет, маңызды ғылыми проблема. Өз бетінше жұмыс істеуді дәрісханада және одан тыс жерлерде ұйымдастырудың әр қандай түрлері мен типтерін қолдана отырып, студенттердің өздігінен ізденіп оқуына, білімін дамытуға ықпал етіп, оны ұйымдастыра білу өте қажет деп атап көрсетеді П. И. Пидкасистый (7).
Жоғары оқу орындарында СӨЖ ұйымдас­тыру сыртқы және ішкі мақсаттарға сәйкес қызмет атқарады және дамытылады. СӨЖ атқарудың сыртқы мақсаты қоғамның мамандарды даярлауға қоятын талаптарымен анықталады. Мамандарды дайындаудың сапасын арттыру міндетін шешудің негізі оқыту сапасын күшейту болып отыр. Ол бірнеше факторлармен айшықталады. Ең бастысы, маманды даярлау деңгейіне нарықтың қояр талабы және оқытудағы экстенсивті және интенсивті факторлардың арақатынасының өзгеруі болып табылады. Әрине, осы орайда мәселе қарқынды фактор пайдасына шешілуі керек екендігі түсінікті.
Жұмыста болашақ педагог-психологтардың өзіндік жұмыс істеу технологиясын педагоги­калық негізде жобалаудың жүйесі ұсынылды. Сонымен, студенттердің өзіндік жұмыстарының тиімділігін арттыру екі бағытта жүргізілді: біріншіден – студенттердің орындаушылық қызметтерін белсендіру (жандандыру); екіншіден – өзіндік танымдық қызметті кеңінен ұйымдастыру.

Пайдаланылған әдебиеттер:
1. Қазақстан Республикасының «Білім туралы» Заңы. – Астана. – 2004. –134 б.
2. Модзалевский Л.Н. Очерк истории воспитания и обучения с древнейших времен до нашего века. – М.: Алетейя, 2000. – 496 с.
3. Рубинштейн С.Л. Основы общей психологии. – Изд. 2-ое. – М.: Учпедгиз, 1948. – 524 с.
4. Крутецкий В.А. Психология математических способностей школьников. – М.: Просвещение, 1969. – 175 с.
5. Леонтьев А.Н. Деятельность. Сознание. Личность. – М.: Политиздат, 1975. – 33-34 с.
6. Пидкасистый П.И. Самостоятельная деятельность учащихся. Дидактический анализ процесса и структуры воспроизведения и творчества. – М.: Педагогика, 1972.
7. Пидкасистый П. И. Самостоятельная познавательная деятельность школьников в обучении. Теория экспериментального исследования. – М.: Педагогика, 1980. – 146 с.

Оrganіzatіon of students’ іndependent works
The author consіders the problem of profіtable organіzatіon of іndependent works of students. Іt  provіdes two levels of mental actіvіty – the adoptіon and assіmіlatіon of gіven knowledge. Usіng thіs knowledge practіcally, students develop theіr creatіvіty. Sіnce іndependent work of students covers the major part of the currіculum, іt must develop the cognіtіve abіlіtіes of students. As a result, the student must possess skіlls such as workіng to get knowledge to do research on theіr own and thіnk analytіcally.

Махаббат Махатаева,
Алматы Мемлекеттік технология
университетінің магистранты.

Алдыңғы «
Келесі »