Ұлт жоспары – қазақстандық арманға бастайтын жол

  • 01.02.2016
  • 387 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Нұрсұлтан 
НАЗАРБАЕВ:
Біз өзіміздің қазақстандық арманымыздың орындалуына және Қазақстанның өркендеуіне сенімді 
түрде қол жеткізетін 
боламыз!

Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ: 

2016 жылдың 1 қаңтарынан «5 инс­ти­туттық реформаны жүзеге асыру бойынша 100 нақты қадам» – Ұлт Жоспарын орындаудың практикалық кезеңі басталды.
Мемлекетті, экономика мен қоғамды дамыту үшін қағидатты жаңа құқықтық орта қалыптастыратын 59 заң күшіне енді.
Бізге  тарихымыздағы  бұрын-соңды бол­­маған ауқымдағы ұлттық заңнамаға өзгеріс­терді бағамдау маңызды. Оның үс­тіне, олар БІЗДІҢ ҚАЗАҚСТАНДЫҚ АРМАНЫМЫЗ – ХХІ ғасырда көшбасшы отыз ұлттың бірі болуға қол жеткізуімізге жол ашады.
Әр ұрпақтың өз арманы бар, оларда тек жеке және отбасылық игіліктерге ғана ұм­тылыс көрініс таппайды.


Оларда қашанда туған жерге деген сүйіспеншілік сезімі, өз халқы мен Ота­ны­ның бақыты туралы аңсар айқын көрінеді.
Ата-бабаларымыздың көптеген ұрпақтары үшін Қазақстанның Тәуелсіздігі асыл арман болып келді.
Біз олардың азат және тәуелсіз Отанды аңсаған көп ғасырлық қиялдарын іс жүзіне асырдық.
Біз, қазіргі қазақстандықтар үшін Тәуел­сіздік көпэтносты қоғамымыз­дың нақты жоғары өмірлік құндылығына айналды.
Біз осыдан бар-жоғы ширек ғасыр бұрын ғана барлық ақыл-ойымыз бен жүрегімізді баурап алған көптеген ой-ниеттерімізге қол жеткіздік.
Біз Қазақстан Республикасының егемен­дігі Конституция мен заңдардың берік арқауы мен халық мүддесіне қызмет ете­тін мемлекеттік аппараттың кәсіби және негізді іс-қимылына арқа сүйеуін  қамтамасыз еттік.
Оны Қазақстан экономикасының нақты табыстарымен, ұлттық байлықтың және халық игілігінің өсімімен нығая түсетін еттік.
Тәуелсіздігіміздің жоғары халықаралық беделмен және ұлттық қауіпсіздіктің тиімді жүйесімен сенімді қорғалуын қамтамасыз еттік.
Біз өз жеріміз бен оның байлы­ғы­ның ұқыпты иесі болуға үйренудеміз, жаңа тех­­нологияларды меңгеріп, тарихымызда еш­­қашан болып көрмеген өндірістік қуаттар мен экономиканың тұтас салаларын іске қо­судамыз.
Және ең бастысы – біз жаңаша арман­дауды, Тәуелсіз Қазақстанымыз бір бөлшегі болып отырған жаһандық әлемдегі қиын­дықтарға қарамастан, ел мен қоғамды дамытуда нақты міндеттер қоюды және оларды шешуді үйрендік.
ЖАҢА ҚАЗАҚСТАНДЫҚ АРМАН
Біз Тәуелсіздіктің 25-ші жылдығына жаңа қазақстандық арманмен аяқ бастық, оның бас­ты мақсаты жүзеге асырылып жат­қан  «2050» Стратегиясымен  бара-бар.
ХХІ ғасырдың ортасына қарай біз Қа­зақ­станның әлемдегі аса дамыған 30 мем­лекеттің қатарына қосылуына қол жеткізуді жоспарлап отырмыз.
Бұл 2015 жылдың сәуірінде өтіп, қазақ­стандықтардың абсолютті көп­ші­лігі қолдау көрсеткен кезектен тыс президенттік сайлау барысында пайда болған бүкілхалықтық арманғаайналды.
Шын мәнінде, осы бүкілхалықтық се­нім кепілі біздің Болашағы Біртұтас Ұлт туын­дауындағы тарихи акт болды.
Біз өзіміздің жаңа арманымызға қарай жа­қындауды Бес институттық реформаны жүзеге асыру бойынша 100 нақты қадам – Ұлт Жоспарын жасаудан бастадық.
Осы жаңғыртуларға шешуші рөл беріліп отыр. Олар Қазақстанды, оның экономикасын, мемлекет пен қоғамды өзгертетін тарихи мін­деттер кешенін шешуге даңғыл жол салады.
Олар планетадағы аса дамыған мемле­кеттерді біріктіретін Экономикалық ынтымақ­тастық және даму ұйымының стандарттарына сәйкес келетін елді дамыту, экономикалық өсім мен барлық қазақстандықтардың өмірін жақсарту үшін жаңа лайықты жағдайлар қалыптастырады.
Біздің Қазақстанымыз  серпіндірек,    лайық­­тырақ, сенімдірек және дәулет­тірек болады.
2015 жылдың бірнеше айының ішінде ғана Бес институттық реформаның бас­талуын заңнамалық және ұйымдастыру тұр­ғысынан қамтамасыз ету бойынша орасан зор жұмыс атқарылды.
Бұл жұмыс менің Жарлығым бойынша құ­рылған Жаңғыртулар жөніндегі ұлттық комиссияның басшылығымен жүргізілді.
Мен бірқатар кеңес өткізіп, сарапшылармен, саясаткерлермен, бизнес және қаржы ұйым­дарының басшыларымен әңгімелестім.
Халықаралық    сапарларым мен  кезде­­су­лерім шеңберінде мен өзімнің әріптес­теріммен – өзге елдердің мемлекет және үкімет басшыларымен талай рет кеңестім.
Тұтастай алғанда, менің Қазақстанды те­реңдете жаңғырту жөніндегі ой-ниетіме бар­лық тараптан жан-жақты қолдау көрсетілді.
Әлеуметтік сауалдамалар да Ұлт Жоспа­рының барлық бес реформасына тұрақты жоғары қолдаукөрсетіліп келе жатқанын ай­ғақ­тап беріп отыр. Қазақстандықтар рефор­ма­лар­дың уақтылы және көкейкесті екені-мен    бірауыздан келіседі.
Қазірдің өзінде барлық қажетті заңдар қабыл­данды және заңдық күшіне енді.
Парламент пен Үкімет жұмысының үйле­сімділігін ерекше атап өткім келеді. Өте қысқа мерзімде жүзеге асырылған заңнамалық жұмыстардың осындай қарқыны мен сапасы бұған дейін Қазақстанда болып көрген емес.
Бұл – біздің парламенттік моделіміздің және мемлекеттік биліктің өкілетті және ат­қарушы тармақтарының өзара іс-қимыл жүйесінің жоғары тиімділігінің айғағы.
Ұлт Жоспарын орындау бойынша прак­тикалық жұмыстар жаңа мүмкіндіктер мен әлемдік дамудағы ықтимал тәуе­кел­дерді  есепке ала отырып, өзгермелі жаһандық жағ­дайларға толық сәйкес түзіліп жатқанын көру маңызды.
Бұл туралы менің 2015 жылдың 30 қара­шасындағы Қазақстан халқына Жолдауымда егжей-тегжейлі баян етілген.
Бес институттық реформа Қазақстан экономикасы жаһандық экономикалық қиын­дық­тардың күшті ықпалын сезініп отырған қазіргі кезеңде ерекше маңызды.
Біз оларды экономикалық өсімнің сенімді қарқынын қалпына келтіру мен бүкіл халыққа берік әлеуметтік кепілдіктерді қамтамасыз етуге бағытталған мемлекеттің дағдарысқа қарсы кең ауқымды шараларының басты құрамдасы ретінде қарастырамыз.
Қазақстанның дамудың жоғары әлем­дік стандарттарына қол жеткізуіне ықпал ете­тін жаңа қазақстандық заңнама­лар қазірдің өзінде жұмыс істей бастады.
Сондықтан қазір қазақстандықтардың олар туралы тек біліп қана қоймай, сон­дай-ақ, олардың практикалық өмірде, эко­но­ми­калық қызметте немесе қоғамдық қаты­­на­­тарда беретін жаңа мүмкіндіктерін қол­­­да­нулары маңызды.
Баршаның бойында құқықтық жаңалықтар негізінде мемлекеттік басқару мен құқық тәртібінің жүйесі қалай ауысатыны жайында барынша толық түсінік болуы тиіс. Жаңа жағдайларда бизнесті қалай дамытуға немесе мемлекеттік емес сектордың қызметін қандай перспективалы бағыттарда белсенді етуге болады деген сияқты.
Осының бәрі, тұтастай алғанда, тұрғын­дардың бәрінің экономикалық және азамат­тық белсенділіктерін арттыруға қуатты серпін беретін болады.
Осының арқасында біз өзіміздің қазақ­стандық арманымызға қарай секіріс жасап, ХХІ ғасырдың ортасындағы басты мақ­сатымызға жақындай түсетін боламыз.
Бес реформаның әрқайсысы бойынша іс-қимылдың жол картасы жасалған және біз оларды дәйектілікпен жүзеге асырамыз.
МЕМЛЕКЕТТІ КӘСІБИЛЕНДІРУ
Біздің БІРІНШІ РЕФОРМАМЫЗ «Мем­­­лекеттік қызмет туралы» жаңа Заң негізінде мемлекеттік аппараттың тиім­ділі­гін арттыруға бағытталған.
Мемлекеттік қызметтің реформасын біз алғашқы заңнамалық акт – Президенттің «Қа­зақстан Республикасындағы мемлекеттік қыз­мет туралы» заң күші бар Жарлығы қабыл­дануының 20 жылдығы тұсында жүзеге асыра бастауымыздың нышандық мәні бар.
1995 жылдың желтоқсанында бұл құжат тек Қазақстан үшін ғана емес, сондай-ақ, бүкіл ТМД кеңістігі үшін инновация болғанын атап өту маңызды.
Біз барлық посткеңестік елдердің ішінде алғаш болып мемлекеттік қызметшілердің жаңа кадрлық корпусын конкурс және меритократия қағидаттары арқылы қалыптастыруға кірістік.
Қазір қазақстандық мемлекеттік қыз­метті дамытудың жаңа кезеңі бастау алды.
Менің Жарлығыммен Мемлекеттік қыз­мет істері жөніндегі министрлік, оның құры­лымында – Жемқорлыққа қарсы іс-қи­мылдың ұлттық бюросы құрылды.
Осылайша, тек мемлекеттік қызмет жүйесі ғана емес, сондай-ақ, жемқорлыққа қарсы іс-қимыл танытатын, яғни жемқорлық көрі­ніс­терінің барынша алдын алуға бағдарланған жүйе де жаңғыртылып отыр.
Бұл жерде жемқорлықпен күрестің өзі барынша дәйекті бола түседі және жүйелі си­патқа ие болады.
Міне, жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы жаңа заң осындай ұстанымдарға негізделсе, оның өзі халықаралық стандарттарға бағдар­ланған және жаңа жылдан бастап күшіне енді.
Жемқорлыққа қарсы жаңа заңнамамен өзара байланыста және сонымен қатарласа қабылданған мемлекеттік қызмет туралы жаңа заң мемлекеттік қызметтің жаңартылған моделінің  негізгі  шеңберлерін және мем­лекетті басқарудың барлық жүйесінің тиімділігін күшейту бойынша одан арғы іс-қимылдардың рет-тәртібін айқындайды.
Біріншіден, әкімшілік мемлекеттік қыз­мет­­шінің мансабы оның біліктілігі және жи­­нақтаған тәжірибесі есепке алына отырып құралады.
Мансаптық сатының әр баспалдағында ол өзінің кәсіби жарамдылығын дәлелдеп отыруға тиіс болады.
Жаңа заңға бірқатар қағидатты нормалар енгізілген.
Мемлекеттік қызметке орналасу тек кешен­ді іріктеу мен жұмысты тек төменгі лауазым­дардан бастаудың нәтижелері бойынша мүмкін болады.
Жұмыс тәжірибесі мемлекеттік қызмет­шінің мансаптық ілгерілеуінің басты шарты болады және мұнда да тек конкурстық негізде жүзеге асырылады.
Сондай-ақ,   жекелеген мемлекеттік қыз­метшілер ротацияларының  мүмкіндігі көлбеуінен және тігінен оларды қызметтік баспанамен қамтамасыз ете отырып қарастырылған.
Екіншіден, мемлекеттік қызметке ашық конкурс арқылы және Кадр саясаты жөнін­дегі ұлттық комиссияның шешімі бойынша келісімшарттық негізде мемлекеттік емес сектордағы басқарушылар қатарынан азаматтар және шетелдік менеджерлер тартыла алады.
Үшіншіден, мемлекеттік қызмет­ші­ге ең­бекақы төлеудің жаңа жүйесі оның бі­лік­­­тілігі мен атқаратын жұмысының сипатына, көлемі мен нәтижесіне байланысты заң тұрғысынан бекітіледі. Аса нәтижелі қызмет үшін бонустар төлеу қарастырылған.
Мұндай жүйені 2017 жылдың 1 қаңта­рынан бастап енгізу жоспарланып отыр.
Бұл жерде 2016 жылы бүгінде «Б» корпусына кіретін мемлекеттік қызмет­шілер­дің еңбекақысы жоғарылай­ты­нын айта кету керек.
Төртіншіден, заңда саяси мемлекеттік қызметшілер ауысқан кезде мемлекеттік ап­параттың автономдығы мен тұрақты­лығы қағидаты нақты жазылған.
Министрлер мен орталық атқарушы орган­дардың жауапты хатшыларының өкілет­тік­тері егжей-тегжейлі дәлдеп ажыратылған.
Бесіншіден, шенеуніктер ортасында эти­калық нормаларды бұзуға әкелетін және жемқорлық құбылыстар туындата­тын жағ­дайлардың алдын алу бойынша қатаң шаралар қарастырылған.
Мемлекеттік қызметшілердің жұмыс пен тұрмыстағы жүріс-тұрысының қалыптары регла­менттелген  Мемлекеттік қызмет­шілер­дің жаңа этикалық кодексі жасалды.
Сондай-ақ, жаңа институт – этика бойын­­ша өкілетті өкілдер институтын құру көз­деліп отыр. Олар азаматтар мен мемле­кеттік қызметшілерге кеңес беріп, олардың құ­қықтарын қорғауды қамтамасыз ететін болады.
Алтыншыдан, мемлекеттік қызмет туралы жаңа заңның маңызды қыры оның арқаулық нормаларының құқық қорғау органдарына да қатысты болатынымен байланысты.
Бұл жерде құқық қорғау органдарындағы қызметтің ерекшелігі қолданыстағы «Құқық қорғау қызметі туралы» Заңда ескерілген.
Жетіншіден, жаңа заң негізінде және ең­бекке  ақы төлеудің жаңа жүйесі енгізілгеннен кейін «Б» корпусының әкімшілік мем­лекеттік қызметшілерін жаңа біліктілік талаптарына сәйкестігі бойынша кешенді аттестаттаудан өткізу жоспарланған.
Аттестаттау кезеңінде мемлекеттік қыз­метке орналасуға конкурстар өткізуге мораторий жарияланатын болады.
Қызметшілердің біліктілігін 3 жылда бір реттен кем болмайтындай етіп міндетті арттырып отыру заң тұрғысынан бекітіледі.
Тұтастай алғанда, мемлекеттік қыз­метті жаңғыртудың негізгі қырлары осындай.
Мен оны Қазақстандағы барлық жаңғырту үдерісі ой-ниеті табысының шешуші теті­гі ретінде қарастырамын.

ҚҰҚЫҚ ТӘРТІБІ ЖӘНЕ ЗАҢДЫЛЫҚ
ЕКІНШ РЕФОРМАНЫҢ мәні тәуелсіз сот төрелігі мен Қазақстанның бүкіл құқық қорғау жүйесінің тек қана азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қамта­масыз етуге, заңдарды қатаң орындауға және құқық тәртібін нығайтуға бағытталуы тиістігінде.
Оны заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз ету аясында жаңа Азаматтық іс жүргізу ко­дексі мен жаңа «Жоғары Сот Кеңесі ту­ралы» Заң қабылданды. «Сот жүйесі жә­не судьялардың мәртебесі туралы» Конституциялық заңға, Қылмыстық-іс жүргізу кодексіне және Әкімшілік құқық бұ­­зу­шылық туралы кодекске қажетті өзгерістер енгізілді.
Бәрінен бұрын, жаңартылған заңнамалар қоғамның сот жүйесіне сенімін арттыруға ықпал ететін болады. Әділдік нақ сотта салтанат құратыны белгілі.
Қазақстан соттарын реформалаудағы темірқазық мәселе – сапалы судьялар корпусын жасақтау.
Судьялыққа кандидаттарды іріктеудің қатаң тетігі мен оларға қойылатын жоғары білік­тілік талаптары заң тұрғысынан қарастырылған.
Сот төрелігін үлкен өмірлік тәжірибесі бар және жоғары моральдық ұстанымдарға ие ең лайықты әрі барынша дайындалған кәсіби шеберлер жүзеге асырулары тиіс.
Судьяларды іріктеу мен тағайындау үдерістері қоғам үшін мөлдір және ашық болады.
Осымен байланысты өзінің аппараты бар, құрамы мен өкілеттілігі кеңейтілген автономды мемлекеттік  мекемеге айналатын Жоғары Сот Кеңесі түбегейлі реформаланды.
Сот реформасының маңызды қыры – сот төрелігінің бес сатылы жүйесінен үш буынды жүйесіне өту.
Тек бірінші, апелляциялық және кас­са­циялық инстанциялар қалады. Бұл жерде көп іс қаралатын бірінші және апел­ляциялық инстанциялар соттарының рөл­дері айтарлықтай күшейтілетін болады. Мұндай қадам соттық әуре-сарсаңның алдын алып, сот шешімін қабылдаудың мер­зімін қысқартады.
Қазақстандағы сот төрелі­гі азамат­тардың жеке өмірінің құпиялы­ғына кепіл құқын есепке ала келгенде барынша ашық бола түседі.
Сот залдары сот істерін аудио және видео­жазудың аппаратураларымен жарақ­тан­дырылады және жазбаларды қандай да бір тоқтатуға немесе редакциялауға мүмкіндік берілмейді.
Бұл судьяларды және сот мәжілісіне басқа да қатысушыларды тәртіпке шақырады, сот процесі мен сот қабылдаған шешімнің объективтілігін қамтамасыз етеді.
Сот жүйесін реформалау шеңбе­рін­де бір­қатар институттық шешім­дер жұмыс істей бастайды.
Біріншіден, Жоғарғы Сот жанындағы Сот жюриі түбегейлі қайта құрылады.
Сот жюриі азаматтардың судьялардың іс-әрекетіне және судьялық корпус өкілдерінің қабылданады деп күтіліп отырған Этикалық кодексті бұзу жағдайларына байланысты арыз-шағымдарын қарайтын болады.
Екіншіден, Жоғарғы Сот жанынан дауларды, оның ішінде, ірі инвесторлар қатысатын дауларды қарау үшін мамандандырылған алқа құрылатын болады.
Оның шеңберінде шетел инвестор­лары­ның құқын өздерінде туындаған құқықтық даулар бойынша сапалы әрі әділ шешу жүзеге асырылады.
Үшіншіден, қылмыстық іс жүргізу шең­берінде соттарда, оның ішінде сотқа дейінгі кезеңде, айыптау мен қорғау арасында теңгерім қамтамасыз етілетін болуы тиіс.
Бұған адамның конституциялық құқы мен бостандығын шектейтін тергеу судья­сының барлық тергеу әрекетін санкциялау бойынша өкілеттіліктерін одан әрі қарай кеңейту есебінен қол жеткізілетін болады.
Төртіншіден, қазақстандық соттардың төрағалары – құқы теңдердің ішіндегі жолы кеңдері екенін ұмытпау маңызды.
Сондықтан олардың тарапынан басқа судьялар қабылдайтын шешімге ықпал ету мүмкіндігі мүлдем болмайды.
Бесіншіден, мемлекеттік сот орындаушыларын кезең-кезеңімен қысқарту арқылы жеке сот орындаушыларының институты одан әрі дамытылады.
Сот жүйесінің тәуелсіздігін нығайтатын шаралардың маңызы ерекше.
Менің тапсырмам бойынша бүгінде құрметті зейнетке шыққан судьялар­ды зей­нетақылық қамтамасыз ету бойын­ша барлық мәселелерін шешу­ді қарастыратын заң қабылданғаны белгілі. Бұл судья­ларға бар күш-жігерін сот төрелігін барынша объективті атқаруға аудару мүмкіндігін береді.
Бұдан бөлек, бізге барлық құқық қорғау органдарының және бәрінен бұрын поли­цияның адамдардың мүддесі мен құқықтық тәртіпті нығайту қызметінде тұруына қол жеткізуіміз қажет.
Бұл үшін жергілікті билік органдары мен жергілікті қоғамдастықтарға есеп беретін жергілікті полиция қыз­ме­ті құрылады. Осындай қызмет тұтастай Эко­­но­микалық ынтымақтастық және даму ұйы­мына мүше бірқатар елдерде өзін жақсы танытты.
Жергілікті полиция қызметінің қарауына қоғамдық тәртіп күзеті, тұрмыстық қылмысқа қарсы тұру, жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету мен ұсақ құқық бұзушылықтарға атымен төзбеушілік мәселелері беріліп отыр.
Осы жаңалықтар жаңа заңнамада көрініс тапқан. Онда, сондай-ақ, азаматтардың этикалық нормаларды бұзған полициялардың үстінен түсірген арыз-шағымдарын қарайтын қоғамдық кеңестер мен өзге де консуль­тативтік-кеңестік органдар жүйесін құру қарастырылған.
Сондай-ақ, «Қылмыстық құқық бұ­зу­шылық картасы» интернет-пор­та­лы құрылатын болады. Мұндай тетік әлемнің бір­қатар елдерінде табысты қолда­нылып келеді. Осы веб-ресурсқа елдегі барлық қылмыстық құқық бұзушылықтар жедел енгізіледі. Бұл жұртшылықтың құқық қорғау органдары жұмысының тиімділігін бақы­лауына мүмкіндік береді.
Пенитенциарлық жүйені жақсар­ту көкейкесті мәселе болып табылады. Бұл жұмыс мемлекеттік-жекеменшік әріптестігін дамыту шеңберінде жүргізілуі тиіс.
Шетелдердің табысты тәжірибелері жеке секторды пенитенциарлық мекемелерді салу мен пайдалануға тарту жөніндегі шараларды жүзеге асырудың негізі болуы тиіс.
Сондай-ақ, бұған дейін заңнан аттап, сонысы үшін жазасын өтеген адамдарға көмек көрсету мен ықпал ету маңызды.
Бұл үшін әлеуметтік оңалту кешенді дамытылып, жазасын өтеп жатқан азаматтар үшін арнайы әлеуметтік қызмет көрсету стандарттары енгізілетін болады.
Тұтастай алғанда, Қазақстанда құқық­тық мемлекеттің орнықтырылуы – бір­тұтас жаңғырту үдерісі аясында шешіліп жатқан біздің конституциялық міндетіміз. Белгіленген шаралар мен қадамдарды жү­зеге асыру азаматтардың, сондай-ақ, шетел инвесторларының ұлттық сот және құқық қорғау жүйесіне сенімін арттырып, тұтастай алғанда, еліміздегі бизнес-ахуал­ды жақсартады.

БЮРОКРАТТЫҚ ШЫҒЫНСЫЗ ЭКОНОМИКАҒА ҚАДАМ БАСУ
Ауқымды жұмыс ҮШІНШІ РЕФОР­МАТОРЛЫҚ БАҒЫТҚА – индустрияландыру мен экономикалық өсімді қамтамасыз ету бойынша жаңғыртулар кешенімен байланысты.
Біздің ұзақ мерзімді ұстанымымыз экономика қызметіндегі транзакциялық шығындарды ұдайы қысқарту болуы тиіс.
Олардың көлемі, ең алдымен, мемлекеттік институттардың қалай жұмыс істейтініне байланысты.
Салықтық және кедендік әкімшілік жүргізуді жақсартуға бағытталған шаралар зор маңызға ие болады.
Біріншіден, бұл арада әңгіме салықтық және кедендік жүйелерді кіріктіру туралы болып отыр.
Бірте-бірте электронды пішімге кө­ші­ріле­тін тауарлы-көліктік жүкқұ­жат бақылауы енгізіледі. Сондай-ақ, құжат­тар­дың сәйкестендірілуі пішіні негізінде салық­тық және кедендік тексерулер ресімі оңтайландырылады.
Тексерулерге шағым беру ресімі біртұтас­тандырылады.
Екіншіден, табыс пен мүлікті жалпыға ортақ декларациялауға кезең-кезеңімен кө­шу қарастырылады.
2017 жылы декларацияларды мемлекеттік кәсіпорындар мен мекемелердің, ұлттық компаниялардың қызметкерлері – бұл шамамен 1,7 миллион адам – ұсынатын болады. 2020 жылдан бастап жалпыға ортақ декларация­лаумен барлық жеке тұлғалар қамтылады.
Үшіншіден, салықтық әкімшілік жүргізуді оңайлату мақсатында қосымша құн салығының орнына сатуға салық енгізудің орындылығы мәселесі қарастырылып жатыр.
Төртіншіден, қолданыстағы салықтық режімдерді оңтайландыру жоспарланып отыр, онда  2017  жылдан салықтық кіріс­тер мен шығыстардың есебі міндетті түрде енгізілетін болады. Бұл көлеңкелі экономиканың деңгейін төмендетуге мүмкіндік береді.
ЭЫДҰ елдерінің тәжірибесі көрсе­тіп отырғандай, табысты жұмыс істеп тұр­­ған экономиканың маңызды қағи­да­ты мемлекеттің шағын және орта кәсіп­кер­лікті қолдауы, оны қорғаудың тиісті деңгейін қамтамасыз ету болып табылады. Бұл жайлар бизнестің оңалтылуы мен банкроттығының жаңғыртылған құқықтық қырлары бар Кәсіпкерлік кодексінде көрініс тапқан.
Бизнесті қорғау мен кәсіпкерлерге құ­қықтық көмек көрсетудің орталық тетігі болуы тиіс бизнес-омбудсмен институты нығайып келеді. Оның қызметінің заң­намалық негізі де Кәсіпкерлік кодексінде бекітілген.
Бұдан бөлек, онда мемлекеттік моно­полияға қарсы қызметтің құқықтық шеңберлері ЭЫДҰ стандарттарына сәйкес егжей-тегжейлі баян етілген.
Жаңартылған монополияға қарсы қыз­мет еркін бәсекелестікті жан-жақты дамы­туғабағдарлануы тиіс.
2016 жылдың 1 қаңтарынан бастап доминанттар тізілімі тек реттелетін рынок бойынша жүргізіледі, ал 2017 жылдан бас­тап толықтай алынып тасталады.
Тиісті тауарлы рыноктарға субъектілердің үлесін ұлғайтуға мұндай іс-қимылдар бәсекелестікті шектеу белгісі болмаған кезде ғана жол берілетін болады.
2017 жылдың 1 қаңтарынан бастап бағалық реттеу алынып тасталады, оның орнына тек монополияға қарсы реттеу мен бақылау құралдары ғана пайдаланылады.
Монополияға қарсы қызмет жанынан жаңа институт – монополияға қарсы заңнаманы бұзушылықтар қорытындылары бойынша қабылданатын шешімдердің объективтілігі мен мөлдірлігін қамтамасыз ететін келісім комиссиясы құрылатын болады.
Мемлекеттің кәсіпкерлікпен өзара іс-қимылы мен әріптестігінің жаңа қағи­даттары Мемлекеттік сатып алулар ту­ралы  Заңның жаңартылған редакциясын­да көрініс тапқан.
Олар өнімді сату үшін ұзақ мерзімді келісімшарттар жасасу арқылы тікелей инвестициялар тартуға жаңа мүмкіндіктер ашады. Бұл, сондай-ақ, Қазақстанда жаңа жоғары технологиялы өндірістер құруға қызмет ететін болады.
Фермерлік пен бүкіл аграрлық секторды дамыту үшін айтарлықтай ынталандырушы күш Жер кодексіне енгізілген өзгерістер болды.
Жаңа құқықтық нормалар жұмыс істеп тұрған 224 мыңнан астам агроөнеркәсіптік кешен субъектілеріне олар жалға алған 97,4 млн. га жерді жекеменшікке алуға мүмкіндік береді. Оның үстіне, кадастрлық құнының 50%-ы көлемінде 10 жыл мерзімге бөліп-бөліп төлеу қарастырылған.
Бұдан бөлек, 102 млн. гектар запас жердің ауыл шаруашылығы өндірісін жүргізуге арналған 85,3 млн. гектарын да Қазақстан Республикасының заңды және жеке тұлғалары жекеменшікке аукцион арқылы сатып ала алады.
Мүлікті заңдастыру мерзімі 2016 жылдың 31 желтоқсанына дейін ұзартылды. Мүлік пен ақшаны заңды айналымға қайтару үшін қосымша ынталандыру шаралары қабылданды. Құпиялылықты сақтауға, сондай-ақ, Қылмыстық және әкімшілік қудалаудан қорғауға кепілдік беріліп отыр.
Бұл капитал ағынын ұлғайтып, көлеңкелі экономика деңгейін айтарлықтай төменде­туге мүмкіндік береді.
Заңды тұлғалардың оңалтылуы мен бан­кроттығы ресімдері заңнамалық деңгейде нақты және түсінікті бекітілген.
Компаниялардың банкроттығы, әлемдік тәжірибеге сәйкес, кәсіпорындардың жұ­мыс­шыларын қысқарту арқылы тоқтап қа­луына алып келмеуі тиіс.
Өндірістің өміршеңдігі мен жұмыс орындарын сақтау үшін төлеуге қабі­летсіздікті сотқа дейінгі тәртіп­те реттеудің жаңа тетігі жасалды. Ол бо­рыш­кер мен кредиторға кәсіпорынды қаржылық сауықтыру мақсатында қайта құрылымдау мәселелерін бірлесіп шешуге мүмкіндік береді. Инвесторлар өздерінің шығындарын азайтуға, қалпына кел­тіруге мүмкіндік алады.
Мемлекет иелігінен алу мен жеке­ше­лендіруді белсенді ете түсу үшін жеке­шелендіруден, активтерді әділ на­рық бағасы бойынша сатудан, сондай-ақ, қазақстандық және шетелдік инвес­торларға жекешелендіруге барынша қаты­суға жағдай жасау үшін шектеулерді алып тастауға мүмкіндік беретін заңнамалық өзге­рістер қабылданды.
Жекешелендірудің шешуші тетігі акцияларды қор рыноктарына ашық аукциондар арқылы орналастыру болады.
2016 жылдың І тоқсанында мүліктен айыруға жататын нысандардың тізімі қысқартылып, барлық акционерлердің ква­зи­­мемлекеттік секторда иеліктен шыға­рылған активтерін сатып алуға басым құқықтарын алып тастауды қарастыратын заң жобасы жасалатын болады.
Жаңа тетіктерді есепке ала отырып Жеке­шелендірудің 2016-2020 жылдарға арналған кешенді жоспарын жүзеге асыру басталды.
Осы құжат шеңберінде бәсекелесті ортаға «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ, «Бәйтерек» АҚ пен «ҚазАгро» АҚ-тың мемлекеттік меншіктегі аса ірі 65 компаниясы, «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ-тың құрамына кіретін 173 еншілес және тәуелді ұйымдары берілетін болады.
Сондай-ақ, 545 ұйымнан тұратын Жеке­шелендіру нысандарының қолданыстағы тізі­міне өзекті сипат беріледі.
2016-2018 жылдары «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ, «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ пен «ҚазАгро» ҰБХ» АҚ активтерінің бір бөлігі бәсекелесті ортаға өткеннен кейін олар ықшам холдингтерге қайта құрылатын болады.
Мемлекеттік меншікті жекеше­лен­діру мен квазимемлекеттік сектор актив­терін беру отандық кәсіпкерлікті, жеке бизнесті одан әрі нығайту мен дамыту үшін жүргізіліп отыр.
Жекешелендірудің кешенді жоспарын жүзеге асыру шағын және орта бизнесті дамытуға жаңа серпін береді.
Пайдасын ұлғайтуға мүдделі жеке бизнес қызмет көрсету ауқымын кеңей­тіп, өнімінің сапасын жоғары­латады, бәсекелестік өсетін болады, демек – ұсынылатын қызметтің бағасы төмендейді.
Аграрлық секторда әкімшілік кедергілер қысқарады.
Қазірдің өзінде аукцион тетігін енгізу жолымен жер қойнауын пайдалану құқығын ұсыну ресімі жеңілдетілді.
Ал болашақта біз іздеуді, бағамдау мен кен орнын игеруді қоса алғанда, геологиялық жұмыстардың барлық түрін жүргізу тәсілін оңайлатуды қарастыратын жер қой­науын пайдаланудың австралиялық моде­ліне көшеміз.
Экономикалық өсімнің жаңа бас­тауын қалыптастыру мен қазақстандық бизнес­тің бәсекеге қабілеттілігін арттыруда бүгінде «Ұлттық чемпиондар» бағдар­ламасы маңызды шара болып отыр.
Оған қатысушылар – импорт алмастыруға бағыт ұстанған өндіріс секторының аса перспективалы компаниялары.
32 компания – «ұлттық чемпиондар» 2019-2020 жылдарға қарай ішкі тікелей инвестицияларды шамамен 750 млн. доллар көлемінде өсіруді, шамамен 15 мың жұмыс орнын құруды, еңбек өнімділігін 30-50%-ға арттыруды және шикізаттық емес экспорт көлемінің өсімін 260 млн. долларға дейін жеткізуді қамтамасыз етеді.

СЫРТҚЫ ИНВЕСТИЦИЯЛАРДЫҢ ЖАҢА КӨЗДЕРІ
Ұлт Жоспарының экономикалық блогына кіретін шаралар біздің экономикамыздың өңдеуші секторына кем дегенде 10 трансұлттық корпорацияны тартуды қарас­тырады.
«Зәкірлі инвесторлармен» бірлескен кәсіпорындар құру жөніндегі жұмыстармен өңдеуші өнеркәсіптің, инфрақұрылымдардың, энергетиканың және басқа отандық компания­лардың 3 тобы қамтылатын болады.
Бірінші топ – қайта инвестициялау арқылы терең жаңғыртуға жататын кәсіпорындар.
Екінші топ – трансұлттық корпора­циялардың әлеуеті пайдаланылатын кәсіп­орындар.
Үшінші топ – «зәкірлі инвесторлар» үшін жоғары нарықтық бәсекелі кәсіпорын мен экспорттық брендтердің пайда болуы.
Қазірдің өзінде 26-дан астам ТҰК-пен келіссөз жүргізілсе, олардың бірқатарымен нақты уағдаластыққа қол жеткізу мүмкін болды.
Ұлт Жоспарының үшінші бағытының темірқазық мәселесі тәуелсіз сот жүйесі, ағылшын тілін қолдану және инвестициялық резиденттік қағидатын енгізу құқығымен жеке заң құзыреті қағидаты бойынша АСТАНА халықаралық қаржы орталығын (АХҚО) құру болып табылады.
«Астана» Халықаралық қаржы орта­лығы туралы» Қазақстан Респуб­ликасының Конституциялық За­ңы қабыл­данып, күшіне енді.
АХҚО қызметінің экономикалық нәти­желері қазақстандық капитал рыногына тікелей шетел инвестицияларының ағыны есебінен жыл сайын орта есеппен ІЖӨ-нің 1 пайызға дейін жеделдете өсуінде көрініс табатын болады.
Мұның сыртында АХҚО шеңберінде 2 мыңнан астам білікті жұмыс орындары құрылады.
Біздің елордамыз Астана Еура­зия­ның іскерлік, мәдени және ғылыми орта­лығы ретінде дамып, әуежайдың жаңа терми­налын қоса алғанда, заманауи халықаралық көліктік-логистикалық жүйеге ие болады.

ИННОВАЦИЯЛЫҚ ИНДУСТРИЯЛАНДЫРУ КӨКЖИЕКТЕРІ
Ұлт Жоспарында экономиканың бір­қатар перспективалы секторларын дамыту бойынша шаралар қарастырылған.
Бірінші кезекте ол электр энергиясы секторына және энергиялық тиімділіктің өсуіне қатысты.
Бізге 2020 жылға қарай ІЖӨ-нің энергия сыйымдылығын 25 пайызға және ғасырдың ортасына қарай 50 пайызға төмендетуге қол жеткізу керек.
Ол үшін энергия сервистік келісім­шарттар тетігі арқылы энергия үнемдеу саласына стратегиялық инвесторларды тарту қажет.
Жеке энергия сервистік компанияларды дамытуды белсенділендірудің, оларды энергия үнемдеу саласына қызметтер кешенін ұсынуға ынталандырудың маңызы зор.
Елдің тұтынушыларын электр энергиясымен сенімді жабдықтау – электр энерге­тикасының негізгі міндеті.
Электр энергетикасы саласындағы заңнамадағы өзгерістер энергия өндіруші ұйымдарға «бірегей сатып алушы» моделін енгізу арқылы негізгі қорларды жаңғыртуға, қайта құруға, ұлғайтуға және жаңартуға салынған инвестицияларды қайтаруда ұзақ мерзімді кепілдіктер беруді қамтамасыз етуді көздейді.
Энергия мен жабдықтау сенімділігін арттыру және түпкі тұтынушылар үшін электр энергиясы бағасының бақылаусыз өсуінің алдын алу үшін өңірлік электр желілік компаниялар мен электрмен жабдықтаушы ұйымдарды нығайту бойынша жұмыс жүргізіледі.
Ол салаға инвестициялар тарту үшін қолайлы жағдайлар туғызып, электр энергиясының халықаралық ағын­дарын ішкі тұтынушылар пайдасына қарай реттеуді қамтамасыз етеді, саланы мемлекеттік басқару сапасын арттырады.
Біз ғылымды қажет ететін экономиканы қалыптастыру бойынша жұмыстарды жалғастыра береміз.
Бұл орайда бәсекеге қабілетті, жоғары технологиялы өндірістердің сыни массасын өсіруге қол жеткізу маңызды.
Қазір Дүниежүзілік банкпен «Технологияларды коммерцияландыру» бағдарламасын бірлесіп жүзеге асыру шеңберінде 65 ғылыми жоба орындалуда.
Зәкірлік ТҰК-терді тарту технологиялық даму орталықтарын құруға мүмкіндік береді.
Индустриялық-иннова­ция­лық даму­дың екінші бесжыл­дығы­ның нәти­желері бойын­ша-ақ бірқатар шешуші көрсеткіштерге қол жеткізілмек.
Бизнестің инновациялық белсенділігі ІЖӨ-нің 20 пайызына дейін, инновациялық өнімдер үлесі 2,5 пайызға дейін артады.
Көлік тасымалдары жүйесі мен транзитті дамыту мақса­тында, «Нұрлы Жол» Мем­лекеттік бағдар­лама­сын­да қарал­ғандай, респуб­ликалық маңыз­дағы 7 мың шақырымнан астам автомобиль жолдары қай­та жаңғыртылатын болады. Оларда ақы алу жүйесін енгізу жоспарланған.
2022 жылға қарай жол жүруден түскен алымдар шамамен 41 млрд. теңгені құрайтын болады, ал ол республикалық маңыздағы автожолдардың бүкіл жүйесін ұстауға жағдай жасайды.
Қазақстанды халықаралық көлік­тік-коммуникациялық ағындарға интегра­ция­лау мақсатында мультимодаль­ды «Еуразиялық трансқұрлықтық дәлі­зін» құру бойынша жоба басталды.
Ол жүктердің Азиядан Еуропаға кедергісіз транзитін қамтамасыз етеді, жүк жеткізу құнын 2 еседен астамға төмендетеді.
Қазақстандық маршруттарға қосымша жүк ағындарын тарту көліктің барлық түрлерімен транзиттік тасымалды 2020 жылы қазіргі 18 млн. тоннадан 33 млн.тоннаға дейін және 2030 жылы 50 млн. тоннаға дейін ұлғайтады.
Контейнерлік тасымалдарды мемлекеттік реттеуден босату таяудағы 5 жылда олардың көлемін 500 мың тоннадан астамға ұлғайтуға жағдай жасайды.
Азаматтық авиация саласында әуе тасымалдары, ең алдымен, отандық тасы­малдаушылардың транзиттік әлеуеті мақ­сатты түрде ұлғайтылатын болады.
Әуе  тасымалдарының  рентабельділігін   арттыру үшін Алматы маңында халық­аралық авиациялық хаб құрылады.
Астананың әлемдік деңгейдегі қаржы орталығы ретінде қалыптасуы үшін 2019 жылға дейін Токио, Сингапур және Гонконг сияқты жетекші қаржы орталықтарымен жаңа ха­лықаралық бағыттар ашылатын болады.
Құрылыс саласында құрылыс салу­шылардың бүкіл рұқсат беру ресімдерін «бір терезе» қағидаты бойынша өту үде­рісін реттейтін бірегей нормативтік құ­жат қабылданады.
Сараптаманың жекелеген түрлері, жұмыс­тың технологиялық күрделілігіне бай­ланысты жеке секторға берілетін болады. 2016-2020 жылдары жобалардың 90 пайызға дейінін жекеменшік рынокқа беру жоспарланып отыр.
Сол сияқты құрылыстың сметалық құнын анықтаудың ресурстық әдісіне көшу де жоспарланған, ол құрылыс мате­риалдарының, жұмыс күшінің және басқа да қызметтердің ағымдағы нарықтық құнын еске­руге жағдай жасайды.
Оның сыртында 2015 жылдың 1 шілде­сінен еурокодтарға негізделген жаңа құрылыс нормалары іске қосылған болатын.
Туризм сияқты перспективалы салада негізінен әкімшілік кедергілерді төмен­дету, жаңа туристік нысандар мен мар­шруттарды дамыту, көрсетілетін қызмет сапасын арттыру есебінен айтарлықтай өсімге қол жеткізу қарастырылуда.
ӘЛЕУМЕТТІК ЖАҢҒЫРТУ 
ЫНТАЛАНДЫРУШЫЛАРЫ
Экономиканың қарқынды дамуы еңбек қатынастарының жаңа түрін қа­лып­тас­тыру үдерісіне айрықша назарды қажет етеді.
Осы мақсатпен Қазақстан Республика­сының жаңа Еңбек кодексі қабылданды.
Ол Халықаралық еңбек ұйымы мен ЭЫДҰ-ның еңбек стандарттарына негізделген.
Еңбек шарты жағдайларын өзгерту ре­­сімдері заңнамалық тұрғыда оңайла­тыл­ған, еңбек ұжымдарында өзін өзі бас­қару жүйесін енгізу бойынша шаралар, жұмысшылар мен жұмыс берушілердің ұжымдық келіссөздері тетігі қарастырылған.
Білім беру, денсаулық сақтау және халықты әлеуметтік қорғау салаларын реформалау адам әлеуетінің сапасын арттыруға жағдай жасайды.
Білім беру саласында мектепке дейін және мектепте білім берудің жаңа үй­лестірілген стандарттарын әзірлеу және бекіту бойынша жұмыстар жүргізілуде.
Білім беру үш тілде – қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде жүргізілетін болады.
Мемлекеттік индустриялық-инно­ва­циялық даму бағдарламасы (МИИДБ) жобалары үшін кадрлар даярлау деңгейін арттыру бойынша шаралар қабылданды.
Тұрғындардың денсаулығын сақ­тау сала­сындағы басты міндет – міндетті медициналық сақтан­дыруды енгізу. Арқаулық медици­налық көмектің кепілдендірілген көлемін көрсетуде жеке сектордың үлесін ұлғай­ту есебінен бәсекелестік орта кеңейеді және денсаулық сақтау қызметінің сапасы артады.
Медициналық қызметтің сапасы бойынша бірлескен комиссия құрылатын болады.
Медициналық мекемелерде басқарудың корпоративтік моделін енгізу қарас­ты­рыл­ған.
Сол сияқты мұқтаж тұрғындарға оның атаулы сипатын күшейту арқылы әлеуметтік көмек көрсету жүйесін оңтайландыру жос­парланып отыр.
Мұндай көмек табыстары отбасының әр мүшесіне шаққанда ең төменгі күнкөріс дең­гейінен 50 пайыз төмен отбасыларына көрсетілетін болады. Сонымен бірге, көмек алушылар жұмыспен қамтуға ықпал ету және әлеуметтік бейімделу бағдарламаларына міндетті түрде қатысатыны туралы әлеу­меттік келісімшарт бекітеді.
Әлеуметтік көмек көрсетудің мұндай түр­лері мен қағидаттары 2018 жылдан бас­тап енгізіледі.
Бүтіндей алғанда, жаңа әлеуметтік саясаттың аса маңызды қыры адам әлеуетін дамытуға инвестициялардың біртіндеп өсіп отыруына байланысты болмақ.
Бізге Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамы идеясын табанды түрде өмірге енгізу қажет.
Қаржыландыру көлемін арттыра отырып, Жұмыспен қамтудың жол картасы өзекті етіле түседі. Оның бағдарламаларына қатысу еңбекке қабілетті халыққа қысқа мерзімді қайта даярлау курстарынан өтуге, өзінің біліктілігін арттыруға, шағын несие алуға мүмкіндік береді. Сонымен бірге, Жаһандық дағдарыстың ағымдағы ықпалына байланысты объективті қиындықтарды еңсеруге жағдай жасайды.
2017 жылы «Барша үшін тегін кәсіптік-техникалық білім» жаңа жобасын жүзеге асыру басталады.
Оған   қатысу,  әсіресе,  жас қазақстан­дық­тарға олардың өмірлерінде кәдеге асатын арқаулық еңбек дағдыларын алу­ға жағдай жасайды.

РЕФОРМАЛАР ТАБЫСЫ – ҰЛТ БІРЛІГІНЕ БАСТАР ЖОЛ
Қазақстан Тәуелсіздігінің ширек ға­сыры топтасқан халықтың ғана дамудың таңғажайып шыңдарына жете алатынын көрсетіп берді.
Біздің еліміз өзінің табысты даму моде­лімен тұрақтылықтың, бейбітшілік пен ке­лісім­нің қаншалықты маңызды екенін көрсетті.
Қазіргі заманғы әлемде барлық дамыған мемлекеттер – біртұтас ұлттар.
Олар бірыңғай экономикалық, саяси және мәдени рет-тәртіппен өмір сүреді, оларды дамудың ортақ мақсаттары, жеке адамның табысы мемлекеттің қуатымен және табыс­тылығымен ажырағысыз байланысты екендігіне деген бірегей түсінік біріктіреді.
Бүгінде әлемнің барлық дамыған елдері өздерінің жаңғыртушы жобаларын бұрыннан қалыптасқан біртектілік негізінде жүзеге асырады. Қазақстанға келер болсақ, біз де осы жолға түстік.
Әлемдік тәжірибе көрсетіп отырғандай, біртектілік пен біртұтастық саласында әмбе­бап стандарттар мен ұсынымдамалар жоқ. Әлемде бірде-бір ел осы саладағы сын-қатер­лерге дайын рецепттерге, модельдер мен жауаптарға ие емес.
Әлемде әлі ешкім де өмірдің осы саласын өлшеуге қабілетті қандай да бір жалпыға ортақ біртектілік пен біртұтастық индексін немесе формуласын ойлап тапқан жоқ.
Сонымен бірге, біздің біртектілік пен ұлт бірлігі саласындағы жұмыстарымыздың түпкі мақсаттары – немесе технократтық түрде бейнелегенде – күтілетін нәтижелер – ЭЫДҰ елдерімен ортақ.
Біздің жолымыз – ол бірлік жо­лы және азаматтық біртектілік негізінде ұлт­­ты дәйектілікпен қалыптастыру жолы.
Қазақстандықтардың азаматтық біртекті­лігі мен біртұтастығын нығайтуға бағытталғанТӨРТІНШІ РЕФОРМАНЫҢ мәні де дәл осында.
Бізде қазірдің өзінде екі негіз бар, оларды дамыта отырып, біз өзіміздің Болашағы Біртұтас Ұлтты дәйекті түрде нығайта беретін боламыз.
Біріншіден, ол – Қазақстан халқы Ассамблеясы. Оның миссиясы – бізді этносаралық бейбітшілік пен келісімнің мызғымастығына бастайтын жол.
Ғылым жердегі әрбір этнос кем дегенде бір айрықша сапаға ие дегенді айтады.
Біздің өміріміз қазақстандық 100 этнос­тың 100-ден кем емес, айрықша және қайталанбас ерекшеліктері бар екенін көрсетіп отыр. Олардың бәрі жиналып келгенде біздің Біртұтас Ұлтымызға тамаша артық­шылықтар береді.
Көпэтностық – біздің ортақ ұлы қазынамыз! Міне, 20 жылдан бері Қазақстан халқы Ассамблеясы осы байлықтың басты сақтаушысы миссиясын табысты атқарып келеді.
Ассамблея – біздің қазақстандық біртек­тіліктің негізі де осы.
Екіншіден,  біз  Мәңгілік Ел жалпы­ұлттық идеясына ие болдық.
«ЕЛ» сөзінде үлкен біріктіруші күш бар, өйткені, барлық уақыттарда да туған жер қазақстандықтар үшін ең жақын және өзіне тартушы құндылық болған және болып қала береді.
Мәңгілік Ел идеясында болашаққа деген жалпыхалықтық сенім айнадағыдай көрініс тапқан.
Жасампаз қазақстандық патрио­тизм­нің осынау негізін біз өзіміздің ұлы істерімізбен қалыптастырдық.
Оны нығайтып және көбейтіп қана қоймай, сонымен бірге, ұрпақтан ұрпаққа, дәуірден дәуірге ұластырып отыру керек.
Мәңгілік Ел Патриоттық Актісінің тарихи және рухани күші де осыдан танылуы тиіс.
Біз біртұтас азаматтық, Мәңгілік Ел жалпыұлттық құндылықтары қағида­тында, Тәуелсіздік жылдары ішіндегі біздің жетістіктерімізді жұмылдыру, сондай-ақ, үш тұғырлы тіл мәдениетін енгізу негізінде Қазақстан қоғамын дамыту арқылы ор­тақ біртектілік пен ел бірлігін нығайтуды мақ­сат етудеміз.
Біздің күретамырлық басымдықта­рымыз да осы.
Осы бағыттар бойынша жұ­мыс­­ты жалғастыру үшін, сөз жоқ, ЭЫДҰ елдерінің тетіктер жүйесі  пайда­ланы­лады.
Олар қазақстандық ерекшелікті ескере отырып, ең алдымен, мәдениет пен білім беру саласын жаңғырту үшін, жастарды әлеуметтендіру және патриоттық тәр­бие беру үшін бейімделген.
Сонымен бірге, мемлекет құрудың жаңа беле­сінде  ұлт  біртектілігі мен біртұтас­тығын ны­ғайтудағы біздің стратегиямызда қағидатты маңызды сәт бар.
Біртектілік пен біртұтастық бойынша бүкіл жұмысты біз Қазақстан халқы Ассамблеясы айналасында түзетін боламыз. Ол шешуші қағидат.
ЭЫДҰ елдерінің тәжірибесі біртектілік пен біртұтастықтың тек нақты фактор­ларға – меритократияға, кәсіби мемлекеттік аппараттың тиімді жұмысына, заңның үстемдігін қамтамасыз етуге, экономикалық өсімге, есеп беретін мемлекеттің транспарентті жұмысына ғана арқа сүйей алатынын көрсетіп отыр.
Басқаша айтқанда, Ұлт Жоспары­ның барлық 100 қадамының табысты нәти­же­леріне арқа сүйейтін болады.
Біртектілік пен халықтың бірлігі негізінде біртектілікті нығайту үшін институттық негіз құру мақсатында заңдар, Президент жарлықтары, Үкімет қаулылары, Мемлекеттік хатшы өкімдері пішімінде бірқатар құжаттар әзірленді.
Ұлт Жоспарының төртінші бағытын жүзеге асыруды заңнамалық қамтамасыз ету үшін Парламент Қазақстан халқы Ассамблеясы, мемлекеттік рәміздер, мәдениет және тарихи-мәдени мұралар, туризм, үкіметтік емес ұйымдар қызметі мәселелері туралы заңдарға өзгерістер мен толықтырулар енгізді.
Сондай-ақ, Қайырымдылық, демеушілік және меценаттық қызмет туралы жаңа Заң қабылданды.
3 жаңа Тұжырымдама әзірленді – біртектілік пен біртұтастықты нығайту және дамыту, Қазақстан халқы Ассамблеясын 2025 жылға дейін дамыту, дене тәрбиесі мен спортты 2025 жылға дейін дамыту.
Мәдени саясат тұжырымда­масы­на, мемлекеттік даму және тіл­дер­дің жұмыс істеуі, білім беру бағдарламасына маңызды өзгертулер енгізілді. Оның сыртында Туристік саланы дамыту тұжырымдамасы, 2020 жылға дейін үш тілді білім беруді дамытудың жол картасы әзірленді.
Үкімет Қазақстанның ұлттық брендін ілгерілету бойынша іс-қимылдар жоспарын бекітеді.
Қазақстандық музейлерді және мем­лекеттік рәміздерді пайдалану жүйесін жаңғырту бойынша жұмыстар жүргізілуде.
Дербес Іс-қимылдар жоспарын жүзеге асыру шеңберінде мемлекеттің ҮЕҰ-лармен өзара іс-қимылын нығайту үлкен маңызға ие.
Бірегей Ұлттық мерекелер күнтізбесін құру бойынша жұмыс жоспары да өзекті.
Қазақстандық БАҚ-тарды жаңғыр­ту, Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамы идеясын ілгерілету, бірқатар мәдени-білім беру және ақпараттық жобаларды жүзеге асыру жоспарлары жүзеге асырылатын болады.
Қазақстандық      біртектілік – мемлекет­тің, қоғамның, жекелей алғанда, әрбір аза­маттың табысының біртектілігі екенін ерекше атап көрсеткім келеді.

ҚОҒАМҒА ЕСЕП БЕРЕТІН 
АШЫҚ МЕМЛЕКЕТ
Транспарентті және есеп беретін мемлекет қалыптастыруға бағытталған БЕСІНШІ РЕФОРМА шеңберінде бірнеше түйінді міндеттерді шешуге тура келеді.
Біріншіден, «Үкімет азаматтар үшін» Мемлекеттік корпорациясы құрылатын болады.
Бұл жаңа құрылымға қазір жұмыс істеп тұрған «Халыққа қызмет көрсету орталығы», «Жылжымайтын мүлік орталығы», «Жер кадастры ғылыми-өндірістік орталығы», «Зей­нетақылар төлеу жөніндегі мемлекеттік орталық» республикалық мемлекеттік кәсіп­орындары біріктіріледі.
Азаматтар мемлекеттік қызмет көр­сетудің ортақ провайдеріне ғана өтініш береді.
Бұл оларды ұсынудың мөлдірлігін қамта­масыз етіп, қажетсіз әкімшілік кедер­гі­лерді және сұрау салынатын құжаттар тізі­мін қысқартады.
Қызмет көрсететін мемлекеттік органдар корпорацияға өз өкілеттіктері шеңберінде барынша ықпал жасап, сондай-ақ, бүкіл мемлекеттік қызмет көрсетулердің 2017 жылдың соңына дейін берілуін қамта­масыз етуі тиіс.
Мемлекеттік қызмет көрсету сапасына Үкімет өкілі жаңа Корпорация болып табылатын ортақ Провайдер, сондай-ақ, ҮЕҰ құратын арнаулы қоғамдық кеңес бақылау жасайтын болады.
Екіншіден, мемлекеттік басқарудың бүкіл жүйесі нақты нәтижелерге қол жеткізуге бағдар ұстанады.
Ол үшін жыл сайын Үкімет, министрлер, әкімдер үшін және осылайша мемлекеттік органның әрбір құрылымдық бөлімшелеріне дейін мақсатты индикаторлар қабылданатын болады. Барлық мемлекеттік қызметшілер өздерінің бас­шылығы бекіткен жеке жоспарлар бойынша жұмыс істейді.
Мансаптық дәреже, олардың біліктілігі, атқаратын функциясы және оған бекітілген өкілеттіктер негізінде мемлекеттік қызметші­лердің ағымдағы тапсырмаларды орындау жүйесін жеңілдетуде маңызды.
Үшіншіден, сапалы жоспарлауды жүзеге асыру үшін мемлекеттік статистиканың анықтығын қамтамасыз ету қажет.
Сондықтан сапалы статистикалық мәлі­меттер беруде респонденттер мен әкімшілік көздерінің жауапкершілігін арттыру маңызды.
Осы жайлардың бәрі нормативтік-құқықтық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу барысында еске­рілген.
Төртіншіден, менің тапсырмам бойынша мемлекеттік органдардың бағдарламалық құжаттарына ревизия және оңтайлан­дыру жүргізілді.
Бұдан әрі де барлық деңгейлердегі бағдар­ламаларды жоспарлауда, әзірлеуде және жүзеге асыруда ЭЫДҰ ұсынымдамаларына негіз­делген 5 шешуші қағидат – негізділік, сабақтастық, транспаренттілік, мониторинг және бақылауды нақты сақтау қажет.
Аумақтарды дамыту бағдарламалары да осы тұрғыда қайта пішімделуі тиіс.
Барлық жаңа мемлекеттік және үкіметтік бағдарламаларды Премьер-Министр басқа­ратын консультативтік-кеңес беруші орган қарауы керек.
Бесіншіден, Бюджет кодексіне өзгерістер мен толықтырулар қабылданды.
Мемлекеттік органдарға түпкі нәтижелерге қол жеткізу үшін бюджет қаржыларын шұғыл түрде қайта бөлу құқы берілді.
Құрылым және штат саны бойынша шешімдер қабылдауда олардың өкілеттіктері кеңейтілді, ол білікті мамандар тарту үшін маңызды.
Алтыншыдан, мемлекеттік басқару органдарының жұмысына баға берудің жаңа жүйесі  сыртқы тәуелсіз аудиттің міндеттілігі, жариялылығы жұртшылықпен кері байланыс, басшылардың дербес жауап­кершілігі қағидаттарына негізделеді.
Бағдарламалық құжаттардың орында­луы мен мемлекеттік органдар қыз­меті бағасының берік өзара байланысын қалыптастыру маңызды.
Мемлекеттік аудит жүйесін жетілдіру шеңберінде Есеп комитеті мен қаржылық бақылау органдарын реформалау жоспарланып отыр. Олар сараптамалық-талдамалық құрамдастарды күшейте отырып, әлемдік аудиторлық компаниялар моделі бойынша жұмыс істеуі тиіс.
Оның сыртында квазимемлекеттік сектор субъектілерінің жыл сайынғы аудиті, әсіресе, бюджет қаржыларын пайдалану бөлігінде аутсорсингке беріледі.
Жетіншіден, мемлекеттің транспарент­тілігі мен есептілігінің негізгі критерийлерінің бірі халықтың ақпараттарға қолже­тімділігін кеңейту болып табылады.
2016 жылдан бастап азаматтар мен заңды тұлғалардың сауалдары бойынша, мемлекеттік құпиялар мен өзге де заңмен қорғалатын құпиялардан басқа, мемлекеттік органдардың барлық ақпараттарына қолжетімділік қамтамасыз етілетін болады.
Жеке компаниялар да, егер олар қоғамдық функциялар атқарса немесе бюджет қаржыларын алушылар болып табылса, ақпараттар ашықтығы ережесін ұстануға тиіс болады.
Бұл орайда мемлекеттік орган­дардың жаңа, азаматтар үшін қолайлы және түсінікті ақпараттарды беру пішімін әзірлеуі және енгізуі талап етіледі. Қазіргі бар порталдарды жаңғырту, сол сияқты селолық елді мекендерді жоғары шапшаңдықты трафикпен қамтамасыз ету бойынша үлкен жұмыстар атқаруға тура келеді.
2016 жылдан бастап орталық және жер­гі­лікті мемлекеттік органдарда автономды, дербестік, жариялылық, мерзімді рота­ция қағидаттарында жаңа Қоғамдық кеңестер құрылып, жұмыс істеп тұрғандары қайта пішімделетін болады.
«Қоғамдық кеңестер туралы» заңға сәйкес бұл институт қоғамдық бақылаудың жаңа тиімді тетіктеріне ие болды.
Кеңестер құрамы квоталық қағидат бойынша құрылады, бірақ олардың мүшелерінің үштен екіден кем емес бөлігін жұртшылық өкілдері құрауы тиіс.
Кеңестер басында мемлекеттік қызметте жоқ белгілі қоғам қайраткерлері тұруы тиіс.
Қоғамдық кеңестерге меморгандардың бюджеттік бағдарламаларының жобаларын және олардың орындалуын, стратегиялық жоспарларды, аумақтарды дамыту бағдар­ламаларын талқылау құқы беріледі.
Олардың отырыстарында мақсатты инди­каторларға қол жеткендігі туралы атқарушы органдардың есептері тыңдалып, азаматтардың құқықтарына, бостандықтары мен міндеттеріне қатысты нормативтік-құқықтық актілердің жобалары қаралатын болады.
Атқарушы биліктің барлық сатылары мен Үкімет мүшелерінің азаматтар алдындағы есептері қарастырылған.
Олар, сондай-ақ, заңнамаларды жетілдіру бойынша ұсыныстар әзірлеп, мемлекеттік органдарға ұсыныстар енгізетін болады.
Кеңестердің шешімдері ұсынымдамалық сипатқа ие болады, бірақ олардың қаралуы мемлекеттік органдар үшін міндетті.

МЕМЛЕКЕТ ФУНКЦИЯЛАРЫН БӘСЕКЕЛЕСТІ ОРТАҒА ЖӘНЕ ЖЕРГІЛІКТІ ӨЗІН-ӨЗІ 
БАСҚАРУҒА БЕРУ
Мемлекеттің дамуы бірқатар мемле­кеттік функцияларды бәсекелестік ор­таға беруді талап етеді, ал олар бүгінде, бү­тін­дей алғанда, 4,5 мыңға жуық.
Осы мақсатта Премьер-Министрдің орын­басарының басшылығымен, оның құра­мына Парламент депутаттарын, орталық атқарушы органдар басшыларын, «Атамекен» ҰКП, Қазақстанның Азаматтық альянсы өкілдерін қоса отырып, тұрақты жұмыс істейтін Комиссия құрылады.
Оның шеңберінде әрбір меморган бойынша бәсекелесті ортаға берілетін функциялар тізімі анықталады. Сондай-ақ, бәсекелесті ортаның берілетін мемлекеттік функцияларды, жұмыс істеп тұрған регламенттерді, сондай-ақ, бағалар мен сапа критерийлерін жүзеге асыруға дайындығын ескере отырып, оларды беру пішінін таңдап алу қажет.
Комиссия мемлекеттік функцияларды беру регламентін қарастырып, мониторинг жүргізеді және олардың орындалу сапасына бақылау жасайды.
Оларға үш сатыда берілетін жергілікті өзін-өзі басқару органдарына қосымша өкілеттіктер беру орталық деңгейдегі реформалардың заңды жалғасы болуы тиіс.
Бірінші сатыда (2016-2017 жылдар):
– аудан әкімінің аудандық маңыздағы қала, кент, село және селолық округ әкімі лауазымына ұсынатын кандидатурасын одан әрі аудан мәслихатына және сайлау өткізуге енгізу үшін келісу;
– әкімді босату туралы мәселеге бастамашы болу;
– жергілікті қоғамдастықты дамыту туралы бағдарламалық құжаттар жобаларын қарау және абаттандыру мен қоғамдық тәртіптің көкейкесті мәселелерін талқылау;
– қолма-қол ақшаның бақылау шоты есебінен алынған мүлікті иеліктен шығаруда аудан әкімі ұсынысын қарау;
– елді мекендер шеңберіндегі жер телімдерінің мақсатты пайдаланылуын және жеке тұлғалардың заңсыз иеленуіне жол бермеуін бақылау;
– жергілікті қоғамдастықтың мемлекеттік мекемелеріне басшылар тағайындау бойынша ұсыныстар енгізу;
– оларға қосымша екі салықты – көлік және заңды тұлғалардан жер салығын алу құқын беру жолымен жергілікті өзін-өзі басқарудың салықтық әлеуетін күшейту.
Екінші сатыда (2018 жылдан бастап):
– аудан мәслихаты бекіткен жергілікті өзін-өзі басқару бюджетін сатылап қалыптастыру;
– әкімнің аудандық мәслихатқа бекіту үшін енгізген жергілікті қоғамдастық бюджетінің жобасын Жиналыстың келісуі және олардың орындалуы туралы есепті мәслихатқа ұсыну үшін қолдау;
– жергілікті қоғамдастықтың коммуналдық меншікті басқару мәселелері;
– бюджетті тұрғындары 2 мың адамнан асатын әкімшілік-аумақтық бірлік үшін ғана енгізу және оны аудандық мәслихаттың бекітуі;
– «Жергілікті өзін-өзі басқару коммуналдық меншігі» институтын енгізу;
– олардың әлеуетін ұлғайту мақсатында селолық округтер деңгейінде әкімшілік-аумақтық бірлікті нығайту мәселесін әзірлеу.
Үшінші сатыда (2020 жылдан) төмендегілер қарастырылады:
– жергілікті өзін-өзі басқарудың өкілді органын құру;
– халқының саны 2 мың адамнан кем емес елді мекендерде жергілікті өзін-өзі басқарудың дербес бюджетін енгізу;
– қоғамдық маңызды мәселелерді қамтитын жергілікті бюджеттердің жобалары бойынша азаматтардың ұсыныстарын қарау ресімдерін енгізу.
Осы шаралардың бәрін орындау мемлекеттік органдардың шешімдер қабылдау үдерісінің мөлдірлігін арттырады және жергілікті өзін-өзі басқару жүйесін дамытуға жағдай жасайды.

ҰЛТ ЖОСПАРЫ – ҚАЗАҚСТАНДЫ КЕҢ АУҚЫМДЫ ЖАҢҒЫРТУ 
ЖОБАСЫ
Ұлт Жоспарын іс жүзінде жүзеге асыру кезеңі басталды. Ол Жаңғырту жөніндегі ұлттық комиссияның бақы­лауымен жүретін болады.
Барлық мемлекеттік органдардан, қо­ғам­дық институттар мен азаматтардан іс-қимылдың үйлесімділігі, табандылық, креативтілік және қажырлылық талап етіледі.
Бізге үлкен жолдан өтуге тура келеді, ол бойынша біз қазір алғашқы 100 қадамды жасаудамыз.
Басқа қадамдар да болады, мен оған айна-қатесіз сенімдімін.
Эволюциялылық және тұтастай қамтушылық – ширек ғасырлық мерейтойына қадам басып, біздің Тәуелсіздігіміздің тарихын алға бастырып отырған жаңғырту үдерісінің басты қағидаты да осы.
Біздің бәріміз жаңғыртудың тек қуатты мемлекет пен Ұлттың топтасқандығы жағдайында ғана табысты болатынын естен шығармауға тиіспіз. Ол тәртіпке бастауы тиіс.
Біріншіден, мемлекеттегі тәртіпке.
Екіншіден, барша үшін де міндетті заңдардың қаріпінде бейнеленген бизнестегі барша үшін мөлдір және міндетті ережелерді орнатуға.
Үшіншіден, қоғамдық және саяси өмірдегі тәртіп пен келісімге.
Біз көптеген сынақтарға абыройлы төтеп бердік, шынықтық, рухымызды күшейттік. Біз жаңа Қазақстанды – Ұлы Дала Елін құрдық.
Ұлт Жоспарын орындай отырып, біз өзіміздің Ұлттың Өрлеу Дәуірінің көк­жиектерін кеңейтеміз, өзіміз Тәуелсіздік жылдары ішінде қол жеткізген және бізге жаһандық даму берген барлықмүмкіндіктерді пайдаланамыз.
Әлемде, сөз жоқ, үшінші әлемнен біріншіге қадам басқан елдердің мысалдары бар. Біз олардың жарқын тәжірибелерін зерттейміз және ескереміз.
Қазір біз экономиканың, мемлекет пен қоғам дамуының ең табысты жаһандық модельдерін өлшем ретінде аламыз.
Бүгінде әлемде өзінің жалпыұлттық арманын ұмыт қалудың жүзжылдығынан шыға отырып,әлемнің ең ұлы ұлттарымен бір қатарда тұру тұрғысында бейнелейтіндер кем де кем.
Біз Қазақстанның осынау тарихи тағ­дырына сенеміз.
Мен қазақстандықтарды Ұлт Жос­парын жүзеге асыруға және реформаларды жүргізуге барынша белсенді қаты­суға, олар ашатын мүмкіндіктерді пай­далануға шақырамын.
Біз өзіміздің қазақстандық арманы­мыздың орындалуына және Қазақстанның өркендеуіне сенімді түрде қол жеткізетін боламыз!

Алдыңғы «
Келесі »