ҚАЗАҚ ТІЛІ ЖӘНЕ ЖАҢА ТЕХНОЛОГИЯЛАР

  • 01.02.2016
  • 1600 рет оқылды
  • 1

Дина-Имамбаева– Қазақ, қайталап айтамын, технократтық ұлтқа айналуы керек.
(Асқар Жұмаділдаев, «Ақиқат»  журналы, 2015 жыл, №4)

Қазіргі ХХІ  ғасырда ақпараттық қоғам сатысына кірген бүкіл елдер үшін – интернет білім мен ақпараттың басты көзіне айналды. Жаңа технологиялар өміріміздің барлық саласына толық кірді. Қазақстан Республикасында да ақпараттандыру үрдісі кеңінен жүргізілуде, қазақ тіліндегі ақпарат көлемі барған сайын артып келеді. Бірақ, дәл осы жаңа технологиялар саласындағы қазақ тілінің қолданылуы,   ондағы ақпараттың сапасы мен деңгейі тіліміздің мемлекеттік мәртебесіне, тұтынушылар талабына сай еместігі назар аудартады. Әлі де интернет қолданушылары қазақ тіліндегі ақпараттың   көлемі мен мазмұнына сұраныстың толық қанағаттандырылмауына байланысты көбінесе орыс тіліндегі ақпаратқа жүгінеді. Ал, бұл өз кезегінде қазақ тілінің қолданыс аясын тарылтып, оған деген сұранысты азайтары анық. Интернеттегі тілдік орта үшін күрес қызу жүріп жатқан кезде бұған немқұрайды қарауға болмайды. Мемлекеттік тіл саясатының маңызды бір бағыты ретінде қазақ тілі ғылым мен техника тіліне, интернет тіліне айналуы міндетті. 


«Дегдар» қоғамдық келісімді қолдау қоры «Ақиқат» республикалық қоғамдық-саяси журналының ақпараттық қолдауымен ұйымдастырған «Мемлекеттік тіл және жаңа технологиялар» атты дөңгелек үстел осы тақырыпқа арналды. Оған саясаттанушы, «Ұлт тағдыры» қозғалысының жетекшісі Дос Көшім, философ Әбдірашит Бәкірұлы, «Дегдар» қоғамдық келісімді қолдау қорының төрағасы Дәулет Әшімхан, «Тil-audit.kz» сайтының   редакторы Дина Имамбаева, филология ғылымдарының  кандидаты Ғалымжан  Ермекбай, Мемлекеттік тілді дамыту институты директорының орынбасары Меруерт Әбділдаева,  «WikiBilim» қоғамдық қорының атқарушы директоры Әлібек Қисыбай, «ulas.kz» сайтының және «Электронды қазақ үй» жобасының жауапты редакторы Жарқын Сәленұлы,  «szh.kz»Сұрақ-жауап сайтының редакторы Ербол Серікбай, журналист Жарылқап Қалыбай, журналист, «Мінбер» қоғамдық қорының жетекшісі Есенгүл Кәпқызы қатысты. 
Даулет АшимханДәулет Әшімхан: – Мем­лекеттік тілдің мәр­тебесі, оның дамуы қазақ тілінің бүкіл салада басқа тілдермен тең  қолданылуына, сапасы мен сауаттылығына тығыз байланысты. Және де бұл мәселелер ана тіліне жанашыр әрбір азаматты толғандырады. Біз де осы қазақстандық қоғамның бір мүшесі ретінде ана тіліміздің дамуына үлес қосу үшін жаңа  бастама көтеріп, «Тil-audit.kz» сайтының қызметін бастадық. Яғни, сайттың мақ­саты ин­тернет-ресурстардағы мемле­кеттік тіл­дің қолданысын кеңейту, сапасын кө­теру, сауатты жазылуын заңдарға сүйене отырып талап етуді көздейді. Сондай-ақ, жаңа ақпараттық технология жетістіктерін қазақ халқының мәдениетін, салт-дәстүрін, тілі мен ділін жаңғыртуға қалай пайдалануға болады деген сұрақтар да өзектіленіп отыр. Олай болса, осы саладағы қазақ тілінің жай-күйін, оң үрдістер мен кемшін тұстарын саралап, ашық айту, жақсарту жолдарына жөн сілтеу бәріміздің міндетіміз. 
Дос КошимДос Көшім: – Қазіргі таңда қазақ тілін дамыту бағыт­тарының ішінде  үш үр­діс қуантады, ол жас­тардың осы іске бел­сенді кірісуі, тілді дамыту үшін интернеттің мүмкіндіктерін пайда­ла­ну және жаңа технологиялар арқылы бүкіл халықтық сипат алуы. Мұндағы ең бастысы, әлбетте, қателік табу, сынау емес. Сол кемшіліктердің себептерін жою немесе оларды болдырмау тәсілдерін, технологиясын табу маңызды. 
Жалпы, Қазақстанда кез келген ақ­парат алдымен қазақ тілінде жазылуы тиіс, ал оны орыс тіліне аудару міндетті емес. Орыс тілді халық жаңағы мәселеден хабардар болғысы келсе, өзі іздеп табады. Осы тұрғыда біздің бұрынғы кеңес үкіметінен қалған ауруымыз бар, – министрліктерден бастап төменгі мекемелерге дейін аудармамен ауырамыз. Аударма деген нәрсені ұмыту керек. Әр нәрсені өз атымен атаған дұрыс. 
Қазақ тіліне қатысты жоғары дең­гейдегі мәселелерге ұмтылатын уақыт келді. Президентіміз БҰҰ-да қазақша сөйледі. Енді, біз де соны іліп әкетуге тиіспіз. Әлі сол баяғы дүңгіршектердегі, маңдайшадағы жазулармен жүре бермей, енді дипломатиядағы қазақ тілі, қаржы саласы, құжаттар, сыртқы саясаттағы қазақ тілі мәселесімен айналысу қажет.Сондықтан, жаңа технологиялар, аудит негізінде басталған жұмыстарды аяғына дейін жеткізу қажет. Бәріміз бір бағытта – стратегиялық бағытта жұмыс істеп үйре­нуіміз керек. Әйтпесе, жеке-жеке жамырап іс­те­ген жұмыс нәтижені аз береді, бұған көзіміз әбден жетіп болды. 
Дина ИмамбаеваДина Имамбаева: 
– Қазіргі ғылым мен техниканың даму қар­қынына қазақ тілінің ілесе алмай қалу қаупі бар. Ол үшін тілге деген сұраныс болуы тиіс. Осыдан бір ғасыр бұрын Алаш қайраткерлері: «Тілінен айрылған ұлт дүниеде ұлт болып жасай алмақ емес. Ұлт­тың ұлт болуы үшін бірінші шарт – тілі болу» деп, әліпби жасап, термин мәселесін қолға алған еді. Бүгінгі 21 ғасыр басында бұл тақырып әлі де күн тәртібінен түспей отыр. Ал, енді бір ғасырдан кейін бұл мәселенің мүлде қойылар-қойылмасы екіталай, өйткені, алдағы бірнеше онжылдықта тіл тағ­дыры ұлт тағдырының құрамдасы ре­тінде біржақты шешімін таппақ. Ал, оның оң немесе теріс шешілуі ұлттық атаулының басты шарты – тілдің қол­даныс аясына тікелей байланысты. 
«Тil-audit.kz»сайтының қызметі барысында көз жеткізгеніміздей, жоғары технологиялар ғана емес, экономика, биз­­нес, кәсіпкерлік саласында да қа­зақ тілі қағажу көруде, салғырттық, нем­құрайдылық басым. «Орыс тәрбиесін алған бала ұлт қызметкері бола алмайды» деген Жүсіпбек Аймауытұлының сөзі тегін емес. Ұлттық экономикамыздың көсегесі көгермеуінің бір себебі де осында емес пе деген ой қылаң беруі заңды. Өз ана тілін меңгермеген, өз халқының әдеби-мәдени мұрасынан тыс қалған қаржыгер, экономист, бизнесмен ұлтқа қызмет етеді деп айта аламыз ба?
Галымжан ЕрмекбайҒалымжан Ермекбай: – Жалпы тіл са­ла­­сын­дағы олқы­лық­тар жайы тіл маманы ретінде маған жақсы таныс. Ең алдымен барлық саладағы тер­миндерді ретке кел­тіру керек. Ол бүгінгі жаңа технологиялар, интернет сайттары немесе білім беру жүйесі болсын, сол саланың тілін жөнге салу керек. Негізі, бұл мәселемен тіл институты айналысып келеді, бірақ, әлі де кемшілік көп. Тіл институты – тіл саясатын  алға сүйрейтін негізгі күш болуы міндетті, оған бюджеттен қаражат бөлінеді, онда сол саланың мамандары отыр. Әрине, бізде осы мәселені қозғап,  өз үлестерін қосып жүрген қоғамдық бірлестіктер, жекелеген азаматтар бар, өйткені, құзыретті мекеме өз міндетін талапқа сай атқара алмаса, тығырықтан шығудың әртүрлі жолдарын іздестіре бастаймыз. Осы тұста дамыған елдер тәжірибесі де көп жайды аңғартады, мысалы, Малайзия бізден 34 жыл бұрын тәуелсіздік алды. Кезінде шағын ұйым болған тіл институты кейіннен Тіл және әдебиет институты деген 30 қабаттан тұратын ірі құрылымға айналды. Оның жеке типографиясы, заң қызметі, саналуан бөлімдері бар, 800-дей маманы бар (біздің тіл білімі институтында 100-200 дей адам бар). Малайзиялық  құрылым мем­лекеттік билікпен тығыз байланыста жұ­мыс істейді. Атқарушы құрылымдардың өзі де осы институттың зерттеулеріне сүйенеді. Ал, бізде қалай?  Тіл комитеті мен тіл инс­титутының арасында ешқандай бай­ланыс жоқ. Бағыныштылығы да екі түрлі, тіл комитеті – атқарушы орган, ал  тіл институты Білім және ғылым министрлігіне қарайды және өз алдарына жұмыс істейді. Институт ғалымдары ғылыми зерттеу жұмысы бойынша не­ні дұрыс деп тапса, соны зерттей бе­реді. Яғни, жұмысты үйлестіріп отырған ешкім жоқ, байланыс жоқ. Және атқарушы органдарға бөлінетін қа­ра­жат аз емес, бірақ, ол негізінен әр­түрлі шараларға, мысалы, мемлекеттік тілді насихаттау дегенге жұмсалады. Бұл жалпы керексіз нәрсе. Үгіт дегеннен ештеңе өзгермейтініне осы 24 жылда көз жететін уақыт болды. 
Бұл саладағы олқылықтарды жою үшін, біріншіден, құрылымдық өзгерістер жа­сау, екіншіден, практикалық маңызды мәселелерді зерттеу қажет. Бұлар –  термин мәселесі, кәсіптің тілін дұрыстау және т.с.с. Мысалы, интернет-сайтты алайық, адамдарға пайдалы ақпарат беру үшін алдымен оның тілі дұрыс, кодификацияланған, нормаланған тіл болуы тиіс. Ал, норма (ереже, қағида, үлгі) болмаған жерде адамдар бірін бірі түсінбейді. Айталық, банк­терде өтем, өтемақы, төлем, төлемақы деген сөздер бір ізге түспеген, үлгісі жоқ, бұл туралы ереже де жоқ. 2014 жылы 30 томдық салалық сөздіктердің жаңа сериясы шықты, олар идея бойынша біздің тілімізді реттеуі тиіс болатын, алайда, олар тағы да талапқа сай емес, сапасыз боп шықты. Мұның басты себебі – термин қалыптастырудың принциптері жасалмаған, яғни, ғылыми негіз жоқ. Өте үлкен қаржы бөлініп, 300-дей адам қатысқан сөздіктің өзіне өзі қайшы келетіні бар, тіпті, орфографиялық сөз­дікті жоққа шығаратын жерлері бар.Сөздікті жасау барысында тіл коми­тетіндегілер «орфографиялық сөз­дікке қарамай-ақ қойыңдар» депті, яғни, оны бұза беруге болады екен. Демек, бізде заң жоқ деген сөз, барының өзі орындалмайды. Аталған орфографиялық сөздіктің өзі толық емес, 70 мың сөзді ғана қамтиды.  Жалпы, реттелмей жатқан жайттар өте көп. Ғылым ойдағыдай жұмыс істемеген жерде осылай болары анық. Құжаттарда бәрі жақсы, үлкен мәселелер көтерілген, бірақ олар іске  асып жатқан жоқ. Сондықтан да, бүгінгі талқыланып отырған тақырып өте өзекті, «Тіл-аудит»  сайты  да  керек кезде ашылды, бірнеше құрылымның атқаратын жұмысын бір өзінің мойнына алып отыр. Азаматтық қоғамның ерекшелігі де сонда, біз қоғамдық бастамалар арқылы жағдайды өзгертудің жолдарын табуға ықпал ете аламыз. Қазақ тіліне қатысты жайттардың шешімін табу – бірінші кезекте ғылымның мәселесі екенін түсінбей, оны шешу қиын. 
Меруерт АбдилдаеваМеруерт Әбділ­дае­ва: –  Қалып­тасқан жағ­дайды реттеу үшін, ең бастысы, тіл ор­та­­лықтарының жұ­мысын бірізділендіру қажет. Себебі, тіл орталықтарының заң­­ды тұлға ретіндегі деңгейлері біркелкі емес, бұлар біреуі қазыналық кәсіпорын, біреуі коммуналдық, біреуі ЖШС, ал, біреуі толығымен же­ке­меншік. Олардың тиімділігіне, нәти­жесіне қарай оңтайландыру керек. Екін­шіден, тіл оқы­ту орталықтарының жұ­мысында шалағайлық көп, оқыту са­ғат­тары да әртүрлі, біреуі 50  сағат, келесісі 120  сағат. Олардың бәрін реттеп, Қаз­тест жүйесіне қосу керек сияқты. 3-ден, мемлекеттік тілді әр мекеме әр­түрлі оқытады, мемлекет тарапынан реттеліп отырған бір бағдарлама  жоқ. 4 -ден, мемлекеттік қызметшілер 2-ші деңгейден бастап кәсіптік қазақ тілін оқуы керек. Өйткені, біз заңгер мен құрылысшыны бір қазақ тілімен оқыта алмаймыз, олардың іс қағаздары, терминологиясы да бірдей емес. Әр саланың өз тілдескіші, терминологиялық сөздігі, өз кәсіби қазақ тілі болу тиіс. Кейбір мекемелерде бір деңгейді бірнеше жыл бойы оқып отырғандар бар, оған қаншама қаржы кетуде, 24 жыл бойы бастауыш деңгейді оқып, қазақ тілін меңгермегендер көп. Қаражат бөлінген соң, оның сұрауы да болуы міндетті. Сондай-ақ, тілді үйретуге байланысты шыққан еңбектерге сараптама жасап, қайсысы тиімді, соны көбейту керек. Қазір жаңа технологиялар бойынша аудио, ойын, жазба түріндегі материалдарды енгізу де тиімді. 
Ғылым мен техника қарыштап дамыған заманда бала тәрбиесі де электронды сипат алды, планшеттер, теледидар, компьютер өмірімізге мықтап енді. Ал, сөз қадірін өз қадірім деп ұққан ата-бабамыздың тілі мен ділі, салт-дәстүрі, осының бәрі ауыз әдебиетінда қалған. Алайда, біздің балаларымыз шетелдік Шректі, Спанчбобты жақсы таниды, ал, Таусоғарды, Алдар кө­сені біле бермейді. Өйткені, олар бір ізге, бір бейнеге түспеген. Айталық,  Шректің түрі біреу, ал, Алдар көсенің 37 бейнесі бар. Осындай 100-ге жуық фольклорлық кейіпкерлерімізді біріздендіріп, балалар та­нитындай қылып, кітап-дәптер бет­тері, оқулықтар, мультфильмдер арқылы көрсететін болсақ, тіліміздің қолданысы артатын еді және ол үшін инновациялық технологиялардың көмегі зор. 
Әлібек ҚисыбайӘлібек Қисыбай: – Қазіргі 21 ғасырдағы ци­ф­рлық заманның басты ерекшелігі – ақпараттың берілуі түрлі смартфондар арқылы технологиялық шешімдерін тапты. Осын­­дай кезде жаңа тех­­нологиялар саласындағы қазақ тілінің тағдыры қатты мазалайды және ол тек бізде ғана емес, дамыған елдердің өзінде талқылануда. Жаңа технологияларды орыс немесе ағылшын тілінде, португал тілінде қалай сөйлете аламыз деген ойлар көп айтылады. Техниканың даму қарқыны өте жылдам, қазіргі әлем елдері бойынша бір жылда шығатын ақпараттың көлемі бүкіл адамзаттың осы уақытқа дейін жинаған ақпаратынан анағұрлым көп. Және ол жылда өсе береді, тиісінше тілдер арасындағы бәсекелестік те одан сайын өршіп барады. Бұл трансформация тілдің табиғатына ғана емес, оның қолдану аясына да қатты әсер етеді. Айталық, бүгінгі балалар «Уоutube»-тан немесе әлеуметтік желілерден түрлі ақпаратты қарап өсіп жатыр. Ол балалар ана тіліне бет бұру үшін қазақ тілінің бәсекеге қабілетті болуы және сандық технологиялардың қазақ тілінде сөйлеуі өте маңызды. Әрқайсымызда смартфон, телефон бар, ал, соның көпшілігі орыс, ағылшын тілдерін ғана қолдайды. Мұның бәрі тілдің алдында тұрған үлкен кедергі. Мысалы, араб жас­тары компьютерде араб қарпін қолдану өте ыңғайсыз болғандықтан латын қарпімен жазады. Демек, тілдің алдында үлкен қауіп тұр. Оның алдын алу үшін біз  цифрлық трансформацияны меңгере оты­рып, қазақ тілін жаңа технологиялар тіліне ай­налдыруға тиіспіз. Соның бір талпынысы – интернеттегі «Қазақстанның ашық кітапханасы». Бұл жобаның мақсаты – халқымыздың әдеби, ғылыми, мәдени мұрасын электронды түрде жинақтау. Біріншіден, кез келген адам кез келген құрылғыдан, Жер ғаламшарының кез келген түкпірінде отырып қазақ халқының мұ­расына қол жеткізе алады. Екіншіден, қазақ тіліндегі кітаптардың аудио нұсқалары  шығарылады, бұл өз кезегінде  интернеттегі қазақ тілді контентті ұлғайтады. Бұл істің ұлттық-саяси маңызы бар, себебі, егер де елтұрғындары қазақ тіліндегі контентті тұтынбаса, онда олар басқа тілдегі контентті тұтынады, ал, басқа тілдегі контентті тұтыну деген сөз сол елдің тарихына, мәдениетіне және идеологиясына қызмет ету деген сөз. Жоба аясында қазірдің өзінде 4 мыңға жуық кітап жиналды, оның ішінде қазақ әдебиеті классиктерінің, сондай-ақ, жас танымал ақын-жазушылардың еңбектері бар. Бұдан бөлек «Кitap.kz»сайтында 400-ге жуық аудиошығармалар бар, – қазақтың жыраулары, айтыс өнерінің маржандары, Маңғыстау және оңтүстік күй мектептерінің шығармалары.  Алайда, осындай  жекелеген бастамаларға қарамастан қазақ тілінде заманауи технологиялар, заманауи TED-идеялар әлі сөйлеген жоқ. Егер, қазақ тілі бәсекеге қабілетті болсын десек, бұл тенденцияны өзгерту керек. Осы бағытта  біз TED-конференцияларды қазақ тіліне аударуды қолға алдық, мұндағы «TED TALKS»дегеніміз – әлемнің ең үздік инноваторлары, ғалымдары, бизнесмендері, саясаткерлері өз идеяларын 3, 6 не 9 минуттың ішінде түсіндіріп, сол идеялармен халықты тартады. Және бұл әлем бойынша жаңа технологиялар жасалуына  септігін тигізген үлкен феноменге айналды. Біздің жастар да осындай дүниелер жасауға талпынсын деп 300-ге жуық аудиодәрісті аударып, «Кitap.kz» сайтына орналастырдық. Тіл сауаттылығы, дұрыс жазылуы үшін «Қазақстанның ашық кітапханасында» қазақ тілінің әмбебап сөздігі жобасы іске асырылуда. Бұдан былай бір сөздің анықтамасын табу үшін кітапханаға бару, сөздіктерді ақтару қажет емес, қарапайым смартфоныңыздағы қосымша арқылы қол жеткізуге болады. Әрине, бұдан асқан технологиялар да бар, бұл жұмыстар қазақ тіліндегі интернетті жолға қоюдың алғашқы қадамы ғана. Алдымызда – корпустық линг­вистика, тезаурустарды жасау, жа­­санды интеллектіні қазақ тілінде сөйлету және т.б. міндеттер тұр. Егер, біз жаңа заманда қазақ тілі тірі тілдің қатарында болсын десек, онда ол жоғары технологиялардың тілінде сөйлеуі керек.Әйтпесе, ол өлі тілдер қатарына кіреді. 
КалыбайЖарылқап Қа­лыбай: – Тіл – ұлт­тың жаны, жүрегі.Басқа елді білмеймін, біздің қазақ елінде қазақ халқы үшін қа­зақтың тағдырын шешетін мәселе – тіл. Біреулер діл, дін деуі мүмкін, бірақ, біздің халықты сақтап қалатын оның тілі, – тіліміз өссе, еліміз де өседі. Қанша жылдан бері айтып келе жатсақ та, өкінішке орай, билікті тыңдата алмай келеміз. Ұлт сақталып қалуы үшін мемлекеттің өз тіліне жаны ашуы керек. Ел  болғаннан кейін тілдің дамуы үшін күресіп жүргендер жеткілікті. Бүгінгі қазақ тілін жаңа технологиялармен дамытудың, қолданысын кеңейтудің жаңа әдіс-тәсілдерін іздестіру көкейге қонады. Дегенмен, біз себептерімен емес, салдарымен күресіп жүрміз, оған қыруар қаржы, уақыт бөлінуде.Әрине, біздің өліп қалған рухымызға қан жүгірту үшін бұл да керек шығар. Бірақ, ең бастысы – саяси шешімде, осыны есте ұстау керек. 
Жарқын Сә­лен­ұлы: – Ахмет Бай­тұр­­сын­­ұлының бір сөзі бар: «Ұл­тын керек қылып, халқына қыз­мет қылам деген қазақ балалар қарап тұрмай, қолынан келгенше жұмыс жасаса, ұлт ісі ұлғайып, толыға түспекші». Біздің жұмысымыз да осы бағытта – дәстүрлі тәрбиені заманауи әдістермен жаңғырту,  дамыту. Бүгінгі күні Бауыржан Момышұлының: «балаларына ертегі айтып бере алмайтын әжелерден, бесік жырын айтпайтын келіндерден қорқам, олардың көкірек көзі қор бола ма деп» деген сөздері шынға айналды. Тәрбиені әрбір отбасынан бастау керектігін түсініп, «Ұлас» ЖШС-і үш жылғы жұмыстың нәтижесі ретінде 2014 жылдың сәуірінде «Электронды киіз үй» жобасының тұсауын кесті. Осы жобаның берері не, алғашқы нәтижелері қандай дегенге тоқталсақ, бұл әрбір қазақ отбасындағы туған күн, бесік той, шілдеханалардың ең жақсы сыйлығына айналды.Мұнда бесік жыры, ертегілер, Абайдың 45 қара сөзінен бастап 1200 шығарма бар. Әсіресе, балаларын қазақтың әнімен, ертегісімен тәрбиелегісі келетін орыс тілді қазақтарға таптырмайтын құрал. Бұны мектепке дейінгі мекемелерде кеңінен қолдануға болады. Екінші бағыт, қазақтың дәстүрлі ән өнерін насихаттау, дәріс-концерттер ұйымдастыру. Үшінші бағыт, «Ұлас»ЖШС-і танымал дәстүрлі әнші-орындаушылармен бірлесіп дәріс концерттер ұйымдастырып келеді. Сондай-ақ, біздің ұжымда іс қағаздары толық қазақ тілінде жүргізіледі. Осы тұрғыда әрбір азамат өзі талап етіп ұмтылса біраз жұмыс тындыра алатынына көзіміз жетті. Айталық, осы «Электронды киіз үй» үшін Әділет министрлігінен зият­­керлік меншік ретінде патент алу кезінде жобаның техникалық сипаттамасын қазақша жазып өткіздік, сонда таң қалғанымыз, оны түсінетін бір де бір маман жоқ екен. Орысшаға аударудан біз бас тарттық.Барлық хаттарымызға жауапты қазақша талап етеміз, демек, көп нәрсені жеке адамның өзі де өзгерте алады. 
ЕрболСерікбайЕрбол Серікбай: – Ин­­тернет дегеніміз тек «ВКонтакте» мен «Fa­cebook» емес, бұл ақ­парат алмасатын, пікір жарыстыратын орта, ашық  алаң. Біздің сұ­рақ-жау­ап сайты жұмысын бастағалы екі жыл болды,негізгі мақсаты – түрлі сала бойынша қазақ тілінде сұрақ қойып, жауап алу. Қазірге дейін 106 мың сұрақ, 275 мың жауап және 150 мыңдай пікір және 50 мыңнан астам қолданушымыз бар. Сайт бүгінгі таңда қазақ тіліндегі ең ірі сайт деп есептеледі, рейтинг бойынша топ-ондыққа кіреміз. Күніне шамамен 60-70 мың адам кіреді, 150 бет ақтарады, ал, айына 2 млн қолданушы кіріп, 4 млнға жуық бетті қарайды. Сайтты қолданушылардың орташа жасы – 27 жас, жалпы 18-ден 45 жасқа дейінгі адамдар сайт қызметін пайдалануда. Әрине, негізгі контентті мектеп оқушылары құрайды, олар ақпараттық технологияны жетік меңгерген, өздері сұрақ қойып, пікір алмасу ортасына айналдыра алады. Ал, кедергілерге келетін болсақ, қойылған сұраққа сапалы жауап беретін мамандардың тапшылығы, тұрақты модераторлардың болмауы қолбайлау болып тұр. Авторлық құқық мәселесінде де келісімге келу оңай емес.
Өтімді тақырыпқа келсек, негізінен заң, алимент, денсаулық, cәби денсаулығы, қаржылық сауаттылық, ақпараттық техно­логияларға қатысты сұрақтар көп қойылады. Статистикаға зер салсақ, ең көп қойылатыны – мектепке қатысты 19 мың сұрақ, тілге қатысты – 5мың, денсаулық жайында – 5000 сұрақ, ақпараттық технологиялар, интернет пен компьютерге байланысты – 15000 сұрақ бар. Орташа алғанда бір сұраққа екі жауаптан келеді. Шешімін күткен мәселелер – әрбір тақырыпқа қатысты өз саласының мамандарын тарту,  ЖОО-лармен бірлесіп жұмыс істеу, құзыретті мамандармен онлайн-конференциялар ұйымдастыру, тұтынушыға қазақ тіліндегі ақпаратты жылдам әрі сапалы беруге қол жеткізу. Алдағы уақытта қазақ тілінде күнделікті адекватты, бұрмаланбаған, орысша дерек көздерден тәуелсіз, шынайы ақпарат беретін порталға айналдыру жоспарда бар. 
Есенгүл Кәпқызы: – Тіл жөнінде 24 жыл бойы айтып келеміз. Жеткен жетістігімізбен бірге кемшілік те көп. Біз «Мінбер» жур­на­листерді қолдау орта­лығының жұ­мысын тек қазақша жүргіземіз, банкі­лерде қазақша талап етеміз, бірақ, бұл іс кешенді түрде қолға алынбағаннан кейін бөгеттер пайда болары сөзсіз. Банктер шот-фактураларды орысша жазып береді, неге десең,  бізде қазақша қаріп жоқ дегенге сілтейді. Банктер құжаттарды екі тілде ұсынғанмен, орыс тіліндегіге қол қойылады.
Статистика бойынша, былтырғы жылы мектеп бітірушілердің 85%-ы қазақ мек­тебін бітірді, соған сай білім гранттары 75% қазақ тілінде бөлінді, яғни, қазір ЖОО-да оқып жатқан студенттердің басым көпшілігі, 90%-ы қазақ тілінде оқиды, демек, қазақстандық қоғам толықтай дер­лік қазақтануға дайын отыр. Ал, енді уни­верситетті таза қазақ тілінде бітірген балалардың мемлекеттік қызметке немесе басқа да беделді жұмысқа барғанда ал­дынан кедергі шығады, – ол орыс тілін жақ­сы білуі керек. Ал, қазақ тіліндегі білімі ешкімге керек емес. Енді, парадоксты қараңыз, – студенттердің 90%-ы қазақ тілінде оқиды, бірақ, билікте 99% орыс тілді адамдар отыр. Демек, Жарылқап айтқандай, жоғарыдан қозғау болмайынша, біздің қоғам осы деңгейде тұрады. Тілдерді дамыту бағдарламасы бойынша біз 2008 жылы бүкіл республика бойынша іс қағаздарын қазақ тіліне көшіруге міндетті едік, әлі  сол «баяғы жартас – бір жартас» қалпында. 
Бізде Тілдер туралы заң бар, ал, мемлекеттік тіл туралы заң жоқ, жоқ болғаннан кейін жалпақшешейлікке са­лыну, салғырттық, немқұрайдылық басым. Сондықтан, министрлік, комитет тарапынан оң көзқарас керек. Бізге қа­­зір қазақ тілін дамытатын кешенді  бағдарлама тәрізді нақ­­ты қадамдар жасау күн тәртібінде тұр. 
Абдрашит​Әбдірашит Бәкір­ұлы: – Кезінде Ататүрік айтқан екен: «түркі бауырларымыз тәуел­сіздік алады, сол кезге біз, Түркия мемлекеті дайын болуымыз керек». Ол тарихтың объективті даму заңдылығына сүй­е­­ніп айтты, яғни, тарихтың дамуы кез келген субъективті факторларды лақтырып тастап, болашақта өзінің маховик сияқты заңымен жүретін болады. Біздің қазақ мемлекетінің даму үдерісі де бәрібір қазақ тілін мойындауға алып келеді.  Жоғарыда айтылған ой-пікірлерді тыңдай отырып, бұл кезеңге біз, қазақ тілінің жанашырлары дайын болуымыз керек деген қорытындыға келдім. Бүгінгі отырыста көптеген түйткілді мәселелер бойынша сұрақтарға жауап таптым, атап айтсам, интернеттегі қазақ тілінің сауатты жазылуын талап етіп жүрген «Тil-audit.kz» сайтының жұмысы, тілдің фундаменталды негіздері,  тіл дамыту институттарының жұмысын үйлестіру жөніндегі тіл мамандарының пікірі, қазақ тілінің іргетасын сонау балабақшадан бастау үшін  шырылдап жүрген Жарқынның ісі, қазақтың энциклопедиялық ой-өрісін кеңейту мақсатында жұмыс істейтін «Сұрақ-жауап» сайты, – осының барлығы қазақтың тіл тәуелсіздігі бағытында атқарылып жатқан жұмыстар.
Біздің санамызға орасан зор әсер ете­тін телеарналарда өрескел қате­лік­тер бар, мысалы, концерттерде «жанды дауыс» деп жазылып тұрады, сон­да «жансыз дауыс» қалай болады? Жалпы, қазақ ұғымы бойынша жандыдан дауыс, ал, жансыздан – дүрс-дүрс, дүңк-дүңк деген дыбыстар шығады. «Дауыс» деген сөздің астарында жанды деген мағына беріліп қойылған, ол дауыс табиғи, өз дауысы.  Қазақ  тілінің осындай философиялық астарына бойламаудың кесірінен жаңағы аудармалардың барлығы шолақ және келте қайрылуда. Онсыз да қазіргі ақпараттық қым-қуыт заманда қазақ ұлты негізгі бағытынан ажырап бара жатыр, ажыраған сайын тілдің де, ділдің де құндылығы төмендей береді де, ұлт ре­тіндегі бәсекелестікке төзіп тұра алмай қала береміз. Бұған шенеуніктер армиясы да едәуір қызмет етіп отыр. Білім саласындағы реформалар бойынша 2020 жылдан бастап жаратылыстану ғылымдары толығымен орыс тіліне көшеді. Сіздер жанұшырып қазақ тілі интернет, бизнес тіліне, экономика тіліне айналса деп отырсыздар, ал, соның негізі жаратылыстану ғылымдары – математикада, биологияда, химияда жатыр.Онсыз тіл нағыз екінші сортты тіл боп шықпай ма? Тілдің  негізіне балта шапқаннан кейін құр әдеби тілмен тамсанып өмір сүре алмаймыз. Сондықтан, осы бастан қоғам болып күреспесек, онда болашақта қиындықтарға тап болайын деп тұрмыз.
Дос Көшім: – Расымен де, тіл институтына тіреліп тұрған шаруа көп, егер ғылым дамымаса, тіл институты нақты кінәлі, оны айтып та, жазып та жүрміз. Өкініштісі, қазақ тілін қате жазу заңдылыққа айналып барады,  ал, оның соңғы нүктесін қоятын орын – Тіл институты болуы тиіс. Алдар көсе айтылмай, Шректің идеалға айналу себебі, мұнда үлкен жарнамалық жұмыс жасалған, барлық жерде, ойыншықта, пиалада, қаламда соның суреті тұр. Демек, Ер Төстіктің, Алдар Көсенің Қазақстан бойынша бір бейнеде болуы үшін мықты жарнама қажет. Бұл –  мемлекеттік саясат, әйтпесе, жекелеген жұмыстар сол жерде қалады. 
Латвия осы кезге дейін тіл жөнінде 3 заң қабылдады, әрбір кезең өткен сайын соған заң да лайықталуы тиіс. Міне, 26 жыл өтті, жағдай мүлде өзгерді, ол уақытта 39% қазақ 70% болды, қазақ мектебінде оқитындар 35% болса, қазір 65%, тек тілдер туралы заң өзгерген жоқ. Бұл біздің аяғымызға түскен кірдің тасындай батып тұр. Тілге деген көзқарасқа тағы бір мысал, А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтына алдағы жылға бөлінген қаржы – 35 млн екен. Бұл бір күндік шыршаның ақшасынан да аз.
«Кitap.kz» сайтына айтарым, тек қазақ әдебиетімен шектелмей, сонау 1950-1960-жылдары қазақшаға ау­дарылған әлем әдебиеті шығармаларын да енгізсе деген ұсыныс бар.  Олар өте сапалы аударылған, бірақ, жоғалып бара жатқаны жанға батады. 
Дәулет Әшімхан: – Бүгінгі дөңгелек үстелде айтылған ойлар жаңа заман технологияларын қазақ тілінде сөйлету жөніндегі істердің көкжиегін көрсетіп берген сияқты. Ең бастысы, қазақ тілін дамытуда Тілдер институтының, тілге жауапты мекемелердің атқаратын шаруасы әлі шашетектен, билік тарапынан да қамқорлық қажет, соған қарамастан, жалпы көпшілік болып атсалысу, жан-жақты әрі батыл іс-әрекеттерге кірісу қажеттігі күмән туғызбайды.Және де осы бағыттағы іс-әрекеттерді қолдау қазақ тілін қолдау деген сөз. Бұл бәсекеге қабілетті ұлт болудың, қазақ елінің болашағын қамтамасыз етудің басты шарты. 

Алдыңғы «
Келесі »

1 Пікір бар

  1. НӘТИЖЕ БЕРМЕЙТІН ҚЫРТ ӘҢГІМЕЛЕРДІ ҚОЮ КЕРЕК ҚОЙ! ШЫНДЫҚҚА ТУРА ҚАРАЙЫҚ: МЫНА ЗАМАНДА ҚАЗАҚ ТІЛІ КІМГЕ КЕРЕК?. БАЛАЛАРЫҢ, НЕМЕРЕЛЕРІҢ ЖҰМЫССЫЗ ҚАЛМАСЫН, ӨЗ КҮНІН ӨЗІ КӨРСІН ДЕСЕҢДЕР АҒЫЛШЫН ЖӘНЕ ҚЫТАЙ ТІЛІН ҮЙРЕНУ КЕРЕК. АЛ РЕСЕЙДІҢ САЯСИ- ЭКОНОМИКАЛЫҚ, МӘДЕНИ- ИДЕОЛОГИЯЛЫҚ ЫҚПАЛЫНА ТОЛЫҚТАЙ ҰШЫРАП ОТЫРҒАНДЫҚТАН ОРЫС ТІЛІ ФАКТИЧЕСКИ МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІҢ ҚЫЗМЕТІН АТҚАРЫП ОТЫРҒАНЫН МОЙЫНДАУЫМЫЗ КЕРЕК. ҚАЗАҚСТАННЫҢ ФЛАГМАНЫ, РЕЙТИНГТЕРДЕ КӨШ БАСТАП КЕЛЕ ЖАТҚАН ВУЗДАРЫНДА ДОКТАРАНТУРА МЕН МАГИСТРАНТУРАНЫ БАЯҒЫ ДА АҒЫЛШЫН ТІЛІНЕ КӨШІРІП ҚОЙҒАН. ЕНДІ ҮШ ТҰҒЫРЛЫ ТІЛ (ШЫН МӘНІНДЕ ЕКІ ТҰҒЫРЛЫ: ОРЫС ЖӘНЕ АҒЫЛШЫН)САЯСАТЫНЫҢ АРҚАСЫНДА БАКЛАВРИАТ ДЕҢГЕЙІ ӘЛЕМДІК ТІЛДЕРДЕ САБАҚ ОҚЫТУҒА КӨШТІ. АЛ ҚАЗАҚ ТІЛІ ЕСКІ ЧЕМОДАН СИЯҚТЫ ДҮНИЕ. ЛАҚТЫРУҒА ЖАЛКО, ҚАНША ДЕГЕНІМЕН МЕМЛЕКЕТКЕ АТЫН БЕРІП ОТЫРҒАН МОМЫН ӘРІ КӨНБІС ҚОЙ СИЯҚТЫ АБОРИГЕН ХАЛЫҚТЫҢ ШҰБАРЛАНҒАН ТІЛІ ҒОЙ. БҮГІНДЕ ОРЫС ТІЛІ БАРЛЫҚ САЛАДА УДОБНЫЙ ТІЛ. ҚАЗАҚ ТІЛІ ТЕК ФИЛФАК ПЕН ЖУРФАКТА ҒАНА ОҚЫТЫЛАТЫН ТІЛ БОЛЫП ҚАЛАТЫНЫ СӨЗСІЗ. ҚАЗІР КЕЗ КЕЛГЕН ЖИНАЛЫС КІРІСПЕ СӨЗІ ҚАЗАША БАСТАЛЫП ДЕНІ ОРЫСША АЯҚТАЛАДЫ. БҮГІН БИЛІКТЕ ҚАЙТА САПАРБАЕВ ПЕН ТАСМАҒАМБЕТОВ СИЯҚТЫ БІРЕН- САРАН ҚАЗАҚШАЛАУ АДАМДАР ОТЫР ҒОЙ. ОЛАР КЕТКЕН СОҢ КІЛЕҢ МӘҢГҮРТ, АНА ТІЛІН БІЛМЕЙТІН НЕМЕСЕ ШАЛА -ШАРПЫ БІЛЕТІН ОРЫСШЫЛ ӘРІ БАТЫСШЫЛ, БІРАҚ ҚАЗАҚШЫЛ ЕМЕС ЖАҢА БУЫН БИЛІККЕ КЕЛЕДІ. СОНДА КӨРЕСІҢДЕР КӨРЕТІНДІ. БІЗ МАЛАИЗИЯДА, ИЗРАИЛЬДЕ БОЛА АЛМАЙМЫЗ! БОЛСАҚ ТЕК “ЧЕРНОРУССИЯ” БОЛУ ҒАНА ҚАЛДЫ!!!

Пікірлерге тыйым салынады.