ТІЛ МӘРТЕБЕСІНЕ ҚЫЗМЕТ ЕТУДІҢ ҮЛГІСІ – АЗАМАТТЫҚ БАСТАМАЛАР

  • 01.02.2016
  • 521 рет оқылды
  • 1

Қазақстан Республикасының тіл саясаты елімізде тұратын барлық этностардың тілдерін сақтай отырып, ұлт бірлігін ны­ғайтудың аса маңызды факторы ретін­де мемлекеттік тілдің кең ауқымды қолданысын үйлесімді қамтамасыз етуге бағытталып келеді. Бұл міндеттер мем­лекеттік тіл – қазақ тілінің мәртебесі бекітілген ҚР Конституциясынан, «Тілдер туралы» заңнамадан бастау алады. Сондай-ақ, «Қазақстан Республикасында тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған мем­лекеттік бағдарламасында» мемле­кеттік тілді қолданудың мәртебесін арттыру, оған деген сұранысты арттыру; қазақ тілінің лексикалық қорын жетілдіру және жүйелеу; тіл мәдениетін жетілдіру іспетті міндеттер қойылғаны мәлім. Бұл құжат қоғамдық өмірдің барлық саласында мемлекеттік тілді кең ауқымды қолдануға қатысты өзекті проблемаларды шешудің нормативтік-ұйымдастырушылық негізі болып табылады.


Бағдарламада мемлекеттік тілді мең­гер­ген ересек тұрғындардың үле­сін 2017 жылға қарай – 80%-ға, мемлекеттік БАҚ-дағы қазақ тіліндегі контент үлесін 2017 жылға қарай – 60%-ға, қазақ тілінің реттелген терминологиялық қорының үлесін 2017 жылға қарай – 60%-ға ұлғайту көзделген болатын. Аталған мерзімнің иек астында екендігін ескерсек, мемлекеттік тіл саласындағы күрделі мәселелерді жедел шешу қажеттілігі өзектілене түскенін байқаймыз. Оған қоса, бүгінгі үш тұғырлы тіл саясаты кезінде тілдік орта үшін күрестен қазақ тілі шет қала алмайды. Сонымен қатар, аталған құжатта мемлекеттік тілдің беделін көтеруде үкіметтік емес сектордың шы­ғар­машыл әлеуетін тарту талап етілген. Бұл тұрғыда елімізде жекелеген азаматтар, қоғамдық ұйымдар тарапынан жасалып отырған талпыныстар мен тың бастамалар баршылық. Соның бір айқын мысалы –  «Дегдар» қоғамдық келі­сімді қолдау қорының «Til-audit.kz» жобасы. Сайт мемлекеттік органдардың, ұлт­тық компаниялар мен қаржылық ұйым­­дардың интернет-ресурстарына мо­ни­торинг жүргізу арқылы мемлекеттік тілдегі ақпараттың сапасы мен мазмұнын көтеру, қазақ тілінің тазалығын сақтау және тіл мәдениетін жақсартуға атсалысуды көздейді және жаңа технологиялар негізінде жұмыс істейтін бірегей жоба болып табылады. Сонымен бірге, мониторинг, аудит тәртібімен жұмыс істеу қоғамдағы мемлекеттік тіл мәселесіне қатысты оң және теріс үдерістерді дәл анықтауға, осы үдерістердің өзгеру динамикасын қадағалап отыруға мүмкіндік береді. 
Жалпы, интернет-ресурстар бұқа­ралық ақпарат құралының бір түрі саналады. Қазіргі таңда елімізде барлығы 3 635 мемлекеттік органның ресми сайты бар. Жалпы, Қазақстанда 29 036 мемлекеттік мекеме қызмет етеді, яғни, 25 400-дей мекеменің жұмысы электронды түрде жүргізілмей отыр. Ал, ресми интернет-ресурстары бар мекемелердің көпшілігінде мемлекеттік тілдің қолданыс деңгейінде кемшіліктер көп. Мемлекеттік тілдің қолданыс дең­гейін анықтау үшін ең алдымен мем­лекеттік органдар, оның ішінде минис­трліктер, агенттіктер, әкімдіктер, ұлттық компаниялар, қаржылық ұйым­дар және жоғары оқу орындарының сайттарына мониторинг жасалды.
Ал, осы мониторинг барысында мемлекеттік органдар мен ұйымдардың интернет-ресурстарындағы қазақ тілі­нің қолданыс деңгейіне байланысты анық­талған кемшіліктерді атап айтсақ, олар:   
– Ресми интернет-ресурстардың қа­зақ тілді парақшасына орыс тіліндегі материалдардың  салынуы;
–  Қазақ тіліне тән «қ»,  «ң»,  «ү»,  «ұ», «ө» тәрізді әріптерді дұрыс жазбау, яғни, орфографиялық қателер өте көп;
–  Көрнекі сипаттағы инфографикалық мәлі­меттердің, кестелердің қазақша нұс­қаларының  болмауы;
– Орыс тілінен аударудағы олқылықтар, оның ішінде калька түріндегі аудармалар, тіл ережелерін елемеу;
– Терминдерді қолданудағы қателіктер. Бұл терминдерге байланысты бірізділік­тің сақталмауын көрсетеді.
– Әсіресе, қаржылық құрылымдардың интернет-сайттарында мемлекеттік тіл­­дің қолданыс деңгейі төмен. Бұл сала­дағы ұйымдардың сайттарында заң жобаларының мәтіндері, бұйрықтар, мем­­лекеттік сатып алу, семинарлар мен тре­нингтер, сұхбаттар  және т.с.с. ақ­парат негізінен орыс тілінде беріледі. Бұл дәл осы экономика саласында қазақ тілінің тиісті дәрежеде қолданылмай отырғанының дәлелі.
Айталық, Инвестициялар және даму министрлігіне қарасты Инвестициялар комитетінің сайтында «Инвестордың ыңғайлылығы үшін» деген тақырыппен (оның өзі қате)  «Инвестор сервис цен­тр» автоматтандырылмаған мем­ле­кеттік қызметтерді алуға «жең ұшын береді» деп жазған. Сірә, инвестиция комитетіндегілер жең ұшынан жал­ғасудың жағымсыз істерді өзара бүр­кемелеу жөнінде айтылатынын біл­мейтін тәрізді. Ал, «Бәйтерек» ұлт­тық басқарушы холдингі тілді бұр­ма­лауда олардан қалыспай, «видение» деген сөзді «қос көріну» деп аударыпты. Қазақ «қорыққанға қос көрінеді» дейтінін ескерсек, бәйтеректік аудармашыларға ненің қос көрінгені белгісіз. Бұл бағыттағы проблемалар, ең алдымен, кемшіліктер орын алған мемлекеттік органдар мен ұлттық компаниялар және т.б. мекемелердегі жауапты қыз­меткерлердің мемлекеттік тілді жетік меңгермеуінен, тіл мәртебесіне салғырт қарауынан, тұтынушылар мүддесін ескермеуден туындап отырғаны сөзсіз.
Қателіктерге байланысты жіберілген ескерту-хаттарға дер кезінде оң жауап беріп, кемшіліктерді түзеген мекемелердің алдың­ғы  қатарында Ішкі істер минис­трлігі, Жамбыл облыстық әкімдігі, Ба­тыс Қазақстан облыстық әкімдігі,  «KEGOC» АҚ, «Қазақстан ипотекалық ком­­па­ния­сы» ИҰ, Жансүгіров атындағы Же­тісу мемлекеттік университеті, Назарбаев университеті, Халықаралық ІТ уни­вер­ситеті, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау Мемлекеттік университеті бар. Ал, қазақ тілін қолдауда Мәдениет және спорт ми­нистрлігі және Қызылорда облы­сының әкімдігі озық тұр. Сонымен, мемлекеттік ме­кемелердің, жоға­ры оқу орындарының интернет-сайт­тарындағы қазақ тілінің қолданыс дең­гейін қарай келіп, мынадай түйін жасауға болады:
– Еліміздегі мемлекеттік органдар мен ұлттық компаниялар және т.б. ме­ке­мелердің ресми интернет-ресурс­тарын­дағы қазақ тілді контенттің сапасы мемлекеттік тіл беделіне лайық емес;
– Қазақ тілінің қолданыс деңгейін арттыру үшін осы саладағы заңнамалардың сақталуын қатаң қадағалау және талап ету қажет;
– Мемлекеттік органдар сайтта­рындағы қазақ тіліндегі ақпараттың сапасыздығы және толық болмауы тұты­нушылардың құқықтарын шектей­ді;
– Қалыптасқан олқылықтарды жою және оның алдын алу мақсатында тіл туралы заңнаманы бұзғаны үшін жауап­кершілікті күшейту қажет.
Бүгінгі  өміріміздегі   басты  үрдістің  бірі – интернет және жоғары технологиялар. Олар   бұқаралық  коммуникацияның аса пәрменді, өте тиімді және икемді құралы болып қалыптасып үлгерді. Егер, осы салада қазақ тілі кеңінен қол­данылатын болса, қазақ тілді ақ­параттың сапасы мен мазмұны көте­рілсе, көркемдігі мен тақырыбы жанданса, онда «интернетте қазақ тілінде сапалы ақпарат жоқ» деген таптаурын көзқарас сейіліп, қазақстандық интернет тұтынушылары өз тіліне ден қояры сөзсіз. Сондай-ақ, сол жоғары техно­логиялардың мүмкіндіктерін барынша толық пайдалану да қазақ тілін дамытуға, қолданыс аясын кеңейтуге игі әсерін тигізбек. 

Дина Имамбаева, 
Til-audit.kz сайтының 
редакторы

Алдыңғы «
Келесі »

1 Пікір бар

  1. Қайран, тілім қор болдың, бүгінгі мәңгүрт ұрпаққа! Шүлдірлеген билігің, жеткізер сені “жұмаққа”!

Пікірлерге тыйым салынады.