Жаһандану дегеніміз не?

  • 01.02.2016
  • 1662 рет оқылды
  • 2

ДандайДандай ЫСҚАҚҰЛЫ, 
С. Демирел атындағы 
университет ректорының кеңесшісі, филология ғылымдарының 
докторы, профессор

ХХ ғасырда өмір сүрген немістің протестант теологы, мәдениет философы Альберт Швейцер (14.01.1875-05.09.1965) «Біз мәдениет дамуының сара жолынан шығып кеттік, өйткені, бізге мәдениет деп аталатынның тағдырына алаңдаушылық білдіру тән емес… Қазір мәдениетті өзінен-өзі жою толық қар­қынмен жүруде екендігін жұрттың бәрі біледі.Тіпті, одан аман қалғандардың өзінен күтетін үміт шамалы» (А. Швейцер. Мәдениеттің құлдырауы және қай­та өрлеуі. Мәдениет философиясы. Кітапта: Әлемдік философиялық мұра.

ХХ ғасырдағы мәдениет философиясы. 17-том. Алматы, 2008, 138-139 беттер) – деп, жазады. Мәдениеттердің жойы­луы сол мәдениетті ұстанатын халықтың ғасырлар бойы өз тілі ар­қылы тірнектеп жинап, жасаған өмір, қо­ғамда тіршілік жасаудың өзіндік жолдары туралы ұлттық білім-ғылымның бар­лығын жоққа шығарып, ұлттық жадынан, ұлттық даму жолынан айырады. Сондықтан да қазір жаһандану қазір ұлтаралық, мемлекетаралық қарым-қа­тынастарды барынша ушықтырып, жер-жерлерде оған қарсы аумақтар пайда бо­лып, халықаралық жағдай шиеленісе түсуде. «Қоғамдық құндылықтар жасампаз әрі имандылыққа негізделсе, ондай құндылықтарды ұстанатын қоғам дамиды. Ал, құндылықтары азып-тозған қоғамның өзі де кері кетеді. Құндылықтар жүйесі мен мемлекеттің қалыптасуы және дамуы, ұлттың мықтылығы әрі келе­шегінің кемел болуы да сонымен тығыз байланысты. Мемлекет құрушы ұлттың құндылықтар жүйесі күшті болса, ұлттық мемлекет те осал болмайды» (С. Мұсатаев. Батыстық сарын басып бара ма, қалай? «Ақиқат», 2014, №8, 36-бет) – дейді бұл туралы С.Мұсатаев. 
Жаһандану барысында әлсіз ұлттар өзін ұлт ретінде ерекшелендіріп келген ұлттық құндылықтарынан айрылып, ұлт ретінде өмір сүруін тоқтатады. Бұл туралы Л. Н. Гумилев «Халықтар өл­мейді… тек басқа халықтарға сіңіп кетеді, бұрынғыдай өз алдына этнос емес, атын жояды» – деп жазыпты. Пос­тин­дустриалдық қоғамның негізін салушы теоретиктерінің бірі О. Тоффлер «білім күшті, білім билейді дегеннің дәуірі  өтті, енді, жаңа заманға білім туралы білім керек» деп, адамзат баласының ғасырлар бойы тірнектеп жүріп жасаған рухани қазынасына топырақ шашып жіберді. Олардың ойластырғанындай жаңа заманға білімді адамдардың қажеті шамалы. Билікке ұмтылмайтын, алдына амбициялық міндеттер қоймайтын, күнделікті тіршіліктің қамымен ғана жүретін  орта деңгейлі адамдар осындай қоғамның негізін құрайтын болады. Осындай мақсаттармен қоғамдық өмірдің барлық салаларында дерлік халықаралық қалыптар (стандарттар) енгізілуде. Солардың бірі – әлемдік білім беру саласын бір ізге, яғни Батыстық қа­лыпқа түсіруді көздейтін Болон жүйесі. 
Жаһанданудың басты қағидасы – әлем­нің біртұтастығы, өзара байла­ныс­тылығы, тәуелділігі.  Олар әлемнің түкпір-түкпірінде әр түрлі тілде сөйлеп, әр түрлі дінде, наным-сенімде, қоғамдық құрылыста өмір сүріп жатқан ру-тай­палардың, ұлттардың барлығын бір қалыпқа салудың мүмкін еместігін мойындай бермейді. Міне, осындай жағдайда әлем қақ жарылып отыр. Мұның өзі жаһандануды жақтайтын космополит­тер мен оған қарсы ұлтшылдарды туғызып, олардың арасындағы теке­тіресті күшейте түсті. Осындай жағдайда жаһандану жолын қабылдап, оған бейімделіп  жатқандар да, жартылай ғана кіріскендер де, мүлдем қарсы шығып жатқандар да жеткілікті. Әсіре­се, қарсылар көп. Ғасырлар бойы даму­дың өзіне ғана тән дәстүрлі жолымен жүріп, әлемдік ортақ мәдениетке айтар­лықтай өз үлестерін қосып келген, өзде­рінің болашағын ұлттық дамудан көретін халықтардың, мемлекеттердің бұған көнбесі – заңды. Бұған қоя салатын жаһандану көрінбейді. Батыстың қуат­ты экономикасына арқаны нық сүйеп отырған жаһандану дегеніне көн­бегендерге түрлі айла-амалдарды қол­дануда; түрлі экономикалық, саяси қысымдар жасап, тіпті, қажет болса  тізеге салып, күш қолдануға дейін баруда. Міне, осы сияқты әрекеттердің салдарынан өмірде түрлі келіспеушіліктер, дағдарыстар, қақтығыстар өріс алып, мұның аяғы қарулы соғыстарға ұласып жатуы да жиіледі. Мысалы, бір кездерде әлемдік өркениеттің бір отаны  болған Сирияда бүгінгі күндері жүріп жатқан қақтығыстардың табиғаты – мүлдем өз­геше; кіммен кімнің соғысып жатқанын айырудың өзі қиын.  Бұл соғыстың діни конфессияаралық, ұлтаралық, әлеу­­мет­тік сыпаты күрделеніп, бір мем­лекет­тің ауқымынан шығып, өңірлік сыпат алып барады. Бейбіт жатқан елдің  осыншалықты қантөгіске ұшырауы жа­­һандану үдерісін өздерінің ыңғайына қарай бұрғысы келген Батыс елдерінің орынды-орынсыз араласуы салдарынан болып отыр. Жаһанданудың табиғи жол­мен емес, осындай күшпен жүргізілуі салдарынан қоғам жікке бөлініп, ара-жігі ашыла түсіп,  яғни байлар мен кедейлерге бөлініп, әділетсіздік күшейе береді; әлемді  үрей билеп, адамдардың жан жүйесіне салмақ түсуде. Әдет-ғұр­пынан, адамгершілік нормаларынан, ұлттық дәстүрлерінен айрылып, ертеңгі күнінен үмітін үзе бастаған болашағы күңгірт қазіргі адамдар бұл тығырықтан шығар жолды шарқ ұрып іздегенімен де гуманистік бет пердесі жыртылған маймыл қоғамда бейшаралықпен өмір сүруге мәжбүр. 
«Жаңа мыңжылдық тоғысында кү­шейе түскен технократтық өркениет адам­­ды зат деңгейіне түсірді. Бұл құлдық сана тұтынушылық қоғам ұсынған нәрсенің бәрінен бас тарта алмай, талғамсыз жұтып жатыр. Өзінің бұл халіне титтей де күмәні болмауы, сын көзбен қарай алмауы себепті, ол осы өмір салтын өзгертуге қажеттілікті тіпті де сезінбейді. Тұтынушылық қоғам билеген жүйенің мықтылығы соншалық, адамдар өздерінің құлдық жағдайын аңғаруға, саналы таңдау жасауға қабілетсіз болып барады. Бұл арада табиғи «Менді» басып тұрған тұтынушылық мәдениеттен арылып, тәуелсіздікке ұмтылу жөнінде сөз қозғау қиын…  Біркелкі қоғам, біркелкі ойлау, біркелкі заттарды тұтыну саяси және рухани біркелкіленуге ұласты. Жалған қажеттіліктердің, заттардың құлы болған адамдар өзін заттары ар­қылы ұсынатын болды; дүние-мүлік, бренд киім, ең соңғы шыққан гаджеттерге қарай бағаланатын адам осы заттар орнатқан заңдылықтарға бағынып, арнайы насихатталады» (Д. Имамбаева. Қазіргі  қазақ нигилизмі. «Ақиқат», 2015, №7, 35-бет). Қазіргі таңда жер бетінде жаһанданудан тыс қалған бір де бір ел жоқ деуге болады. Демек, әлемде болып жатқан ауқымды өзгерістерден тысқары ешқандай мемлекет қалыпты өмір сүре алмайды.  Ұлттық шекаралардың маңызы жойылып, бір мемлекеттің ішінде болып жатқан оқиғалар басқа да жерлерге сол заматында әсер етуде. Осы сияқты көптеген факторлар экономиканы әлемдік біртұтас жүйеге айналдырып жатыр. Бұған Батыста құрылған түрлі қаржылық, экономикалық орталықтар басшылық жасап, әлемдік қаржының көзін өз қолдарына шоғырландыруда. 
Батыс идеологтарының пайымдауынша, адамзат қоғамы – әр қайсысы өмір сүру, жеке мүддесі үшін күресетін адамдардан, ұлттардан, мемлекеттерден тұратын қарама-қайшылықтарға, келеңсіздіктерге, берекесіздіктерге толы тұтас бір әлем. Осы сияқты себептерден де адамзат  баласы соғыстардан көз ашпай келеді. Қалың көпшілікке керегі – тамақтың тоқтығы мен киімнің бүтіндігі ғана. Адамдардың бақытты өмір сүруі үшін олардың қалыпты өмір сүруін қамтамасыз етіп,  басқару керек. Ал, басшылық жасайтын – озық ойлы азшылық. Қазіргі басшылық ұлттық, мемлекеттік ауқымнан ары аса алмай, тыныштық орнатудың орнына ұлтаралық, мемлекетаралық, кон­фе­цияаралық шиеленістерді ушық­тыра түсуде. Сондықтан да, жер бетінде адамзат қоғамының қалыпты өмір сүруін қамтамасыз ету мақсатымен  әлемдік ауқымда біріздендіру саясатын жүргізіп, жүзеге асыратын, басқаратын  әлемдік ұйым қажет санайды. Батыс ақпарат құралдарын төртінші билік санайды. Кімнің қолында қажетті ақпарат болса, билік соның қолында. Азшылықтың көпшілікті бас­­қаруындағы ақпарат құрал­да­рының аса маңызды орны біршама  нақтыланып жазылған (Қараңыз: Эдвард Бернейс. Пропаганда. Москва, -2010). Сонда, қазіргі заманда биліктің билік жүргізе алуы оның ақпарат құралдарын барынша тиімді қолдана білуіне, үгіт-насихат жұмыстарын жүргізе алуына тікелей байланысты болып отыр. Ақпарат ағындары барынша тасқындаған бүгінгі дәуір жаһандану  үдерісін Батыс алпауыттарының өзде­рінің мүддесіне шебер пайдалана білуімен; яғни, ақпараттық шабуылдарды, идеологиялық жұмыстарды қаржылық орталықтардың барынша қолдауы, ғылым мен техниканың соңғы жа­ңалықтарын молынан пайдалану  арқылы жүргізуімен  ерекшеленеді. Ал, ақпараттық шабуылдар екінші дүниежүзілік соғыстан кейін-ақ қолға алынып, жүзеге асырыла бастаған болатын.  Өткен ғасырдың ортасында  АҚШ-тың, Батыстың жаһанданудағы алысты көздеген стратегиялық даму жолын бүге-шігесіне дейін анықтап,  оны қалай жүзеге асыру жолдарын айқындап берген буржуазиялық идеолог А. Даллестің насихат жұмыстарын қалай жүргізу  жоспарларының мылтықсыз майданда сол күйінде қазір жүзеге асып жатқанына таң қаласыз. 
Аллен Даллесті тыңдайық: «Соғыс аяқталды. Тіршілік біртіндеп түзелуге бет алып, дүние тыныштала бастады. Осындай кезде біз қолымыздағының бәрін, яғни, алтынымызды, басқа да байлығымызды, бар күшімізді басқа­ларды ақымақ, мәңгүрт етуге жұмсауға тиіспіз. Адам миы, санасы өзгеруге бейім. Дүниені алақұйын етіп, басқалардың асылын жасанды жасыққа айналдыруға және де олардың сол жасанды жасығын «асылым» деп қабылдауға мәжбүр етуіміз керек. Қалайша? Әдебиеті мен өнерін, мысалы, олардың әлеуметтік мақсат-мүддесін өшіріп, салт-дәстүрін мазақ қып көрсетіп, суреткерлерін қалың көпшіліктің көкейкесті ой-ниеттерін зерттеуден, айшықтап көрсетуден айырамыз. Әдебиеті, театры, киносы бәрі де адами арзан сезімдерді малданатын, мадақтайтын болады. Жезөкшелікті, зорлық-зомбылықты, айуандықты, сат­қындықты, яғни, ұлтсыздық атаулыны, суреткерсымақтарын қолдаймыз. Ұлт­тың  мүддесін қорғайтын шенеуніктері дөрекі,  пәтуәсыз  ретінде дәріптеліп, күлкі-келекеге жем етіліп, ескінің сарқыншағы делінеді. Екіжүзділік, бетсіздік, суайттық пен сайқалдық, маскүнемдік пен наша­қорлық, бірінен бірі хайуандық қорқу, өзара қырқысу, бірін-бірі көреал­маушылықты, білімділерін күндеу мен дұш­пандық – осының бәрі оларды ыстан бетер қақтайды, күйелейді. Төңірегінде не болып жатқанын аңғара алатындар, түсінетіндер азаяды. Ал, есі барларын дәрменсіздікке ұшыратып, қолжаулық етіп, өлтіре мазақтап, қо­ғамның сілімтіктеріне айналдырып, масқаралаймыз. Рухани бейшара, байғұс етіп, адамгершілік атаулыны мүлдем ұмыттырамыз. Ұлтын ой­лай­тындарды, әсіресе, ұлт үшін жанын беретіндерді, салт-дәстүрлерін дәріп­тейтіндерді ескішіл, білімсіз деп, өздері-ақ мазақ ететін болады. Бала кездерінен, жасөспірім шақтарынан бас­тарын шырғалаңға душар етіп, әбден азғындатамыз. Ибалы қыздарын ардан жұрдай етеміз. Сөйтіп, олардан түйсіксіз, отансыз тобыр жасаймыз». Міне, осы сияқты көптеген келеңсіз факторлардың бүгінгі өміріміздің шындығына айнала бастауы  жаһанданудың қоғамының жан-жақты дамуына  емес, керісінше көпшілік қауымның, жалпы адамзат қауымының бұзылуына, сөйтіп, ат төбеліндей аз ғана топтың бар билікті, бар байлықты қолына шоғырландыруына қызмет ететіндігі белгілі болып отыр.  Мысалы, АҚШ, Англия, Германия, Франция, Испания, Италия сияқты алпауыт мемлекеттердің бір­лескен басқаруындағы  Халықаралық Валюта қоры, Бүкіләлемдік Қайта құру және Даму банкі, Еуропаның жаңғырту және даму банкі, Нью-Иорк банкі әлемдік экономикада зкспанциялық саясат жүргізіп отыр. Бұлар АҚШ-тан бастап, ішінде Қазақстан да бар, әлемнің бар елін қарызға батырып, олардың қалыпты дамуын тежеп, олардың ішкі істеріне араласа бастады. Түрлі халықаралық заңдарға сүйеніп, инвестиция түрінде ұлт­тық экономиканың ішіне кірген бұл корпорациялар Батыста тәрбиеленген мамандар арқылы мемлекеттік мүддеден гөрі өз бағыттарын батыл жүргізуге кірісті. Осы мемлекеттер  өздерінің экономикалық әлеуетін біріктірген түрлі трансұлттық, трансконтиненталдық кампаниялар құ­­рып, әлемдік нарыққа бақылауын кү­шейтуде. Сондай-ақ, «300-дің коми­теті», «Билдельбург клубы», «Масон орынтағы», «Халықаралық қатынастар жөніндегі кеңес», «Үштарапты кеңес», «Рим клубы», «Үшжақты комиссия»   секілді түрлі батыстық алпауыттар тобының әлемдік бақылауы күшейе түсуде. Кезінде Морган, Ротщильд, Рокфеллер, Соростар құрған мұндай құпия ұйымдардың арманы – «әлемді жаңаша жобалау, стратегиялық ұзақ мерзімді ресурстарды қайта бөлу»; «әлемдегі ұлттық мемлекеттерді жоя отырып, бір бағытта, бір заңға бағынатын империя құру» (Е. Жұмахметұлы. «Әлемдік тәртіп орнату». «Алматы ақшамы», 08.08.2015).  Бір сөзбен айтқанда, жер бетіндегі барлық тәуелсіз мемлекеттердің үстінен бақылау орнату. Осындай құпия ұйымдар Ресейде де құрыла бастады.  
Джон Колеман «300-дің комитеті. Әлемдік үкіметтің құпиялары» («Комитет 300. Тайны мирового правительства») атты кітабында халықаралық ауқымда жұмыс жасайтын мынадай құпия ұйымдардың атын атайды:  «Халықаралық істер жөніндегі король институты» («Королевский институт международных дел» (КИМД) (Royal Institute for International Affairs (RIIA)),  «Халықаралық қатынастар жөніндегі кеңес» («Совет по международным отношениям» (СМО) (the Council оn Foreign Relations (CFR)),  «Бильдерберг клубы» («Бильдербергский клуб» (the Bilderbergers), «Үшжақты комиссия» («Трехсторонняя комиссия» (Trilaterals), cионисты (the Zionists), «Масондық» (Масонство (Freemasonry), Большевизм-розенкрейцерство (Bolshevism-Rosicru­cianism) «Қасиетті Иерусалимдік Иоан­­­на ордені» («Орден Св. Иоанна Ие­руса­лимского» (the Order of St. John of
Jeru­salem),  «Рим клубы»  («Римский клуб» (Club of Rome), «Марша­л­дың Германдық қоры» («Германский фонд Маршала» (the
German Marshall Fund), «Чини қоры» («Фонд Чини» (the Cini Foundation), «Дөңгелек стол» («Круглый стол» (the Round Table), «Фабианское общество» (the Fabianists), Венециандық Қара аристократия» («Венецианская
Черная аристократия» (the Venetian Black Nobility), «Монт Пелерин Қоғамы» («Общество Монт Пелерин» (the Mont Pelerin Society), «Тозақ жалыны клубы» («Клуб адского пламени» (Hellfire Clubs), т. б. Кітапта бұлардан басқа тағы да ондаған түрлі бағыттада  жұмыс жасап жатқан ұйымдардың, ғылыми-зерттеу институттарының  жұмыстарымен таныс­тырған. Олардың жұмыс жасауына жан-жақты барлық жағдайлар жасалынған. Мысалы, кезінде коммунизм проблемаларымен айналысқан «Гувер институты» қазір осы «300-дің комитетіне» қызмет етеді; жылдық бюджеті 2 миллион доллар. 1946 жылы құрылған «Стэнфорд зерттеу институтының» штатында 4 000 адам жұмыс жасаса, жылдық қаржысы 160 миллион долларды құрайды екен. Джон Колеман аты-жөндерін атаған осы құпия ұйымға мүшелердің негізін бизнес-қаржы алпауыттары құрайды. Сондай-ақ, Батыстың көптеген мемлекет және қоғам қайраткерлерін де осы тізімнен көреміз. Мысалы, әр жылдарда мемлекет басқарған Уильям Черчилль, Вмлли Брандт, Франсуа Миттеран сияқты мемлекет қайраткерлері, Аллен Даллес, Авраам Гарриман, Генри Киссинджер сияқты идеолог-саясаткерлер, Рокфеллер, Морган, Ротщильд, Рокфеллер, Сорос сияқты атақты қаржыгерлердің аттары аталған. Осы аталған ұйымдардың алдына  мынадай мақсаттар қойылған: 
 (1) Басқаратын өз шіркеуі, ақша жүйесі бар  Бірыңғай Әлемдік Үкіметтің билігін –  Жаңа Әлемдік Тәртіпті орнату.
 (2) Ұлттық сана-сезім мен ұлттық атаулыны толық жою. 
 (3) Дін атаулыны, оның ішінде христиандық та бар, құрту. 
(4) Адамның санасына әсер етіп, басқару арқылы әрбір адамды бақылауда ұстау.
(5) Компьютер өндірісі мен қызмет көрсету индустриясынан басқа өндіріс пен электр энергиясын өндіруді толық тоқтату. 
(6) Наркотик пен порнографияны ашық деп жариялау. 
(7) Үлкен қалалардың тұрғын санын қысқарту. 
(8) Комитет қажет деп санамаған салалардағы барлық ғылыми-зерттеу жұмыстарын тоқтату. 
(9) Дамыған елдерде шағын соғыстар, ал үшінші әлемде аштық пен ауру жіберу арқылы  2000-жылға дейін 3 миллиардтай «артық адамдарды» жою. 
(10) Жаппай жұмыссыздық арқылы ұлттың ұлттық  рухын әлсіретіп, жұмысшы табын моральдық жағынан азғындату.
(11) Түрлі жасанды дағдарыстар жасау, оны басқару  арқылы халықтың өз тағдырын өзі шешуге жол бермеу. 
(12) Жаңа «құдайлар» жасап, қазіргі рок-музыканың гангстрлерін,  рок-музыкалық топтарды қолдап отыру. 
(13) «Мұсылман ағайындар» («Братья-мусульмане») секілді  әр түрлі бағыттағы фундаменталистік діни ағымдарды, сикхизмді қолдау; қарсы шыққандардың көзін жойып отыру тәжірибелерін жалғастыру. 
(14) Қазіргі діндерді, әсіресе христиан­дықты  әлсірету мақсатымен «діннен азат болу» идеясын әлемдік ауқымда насихаттау. 
(15) Әлемдік экономикада жаппай дағдарыстар жасау арқылы  жаппай саяси топалаңдар туғызып отыру.
(16) АҚШ-тың сыртқы және ішкі саясатына бақылау орнату. 
(17) Біріккен Ұлттар Ұйымы, Халық­аралық валюта қоры, Халықаралық есептесу банкі, Халықаралық сот секілді ұлт­тардан, мемлекеттерден  жоғары тұрған  ұйымдарға толық қолдау жасай отырып, жергілікті мекемелердің ықпалын әлсіретіп, мүмкіндігінше олардың билігін халықаралық ұйымдарға беру.
(18) Барлық үкіметтердің құрамына агенттер кіргізіп, тәуелсіз мемлекеттерді  іштей іріту жұмыстарын жүргізу. 
(19) Әлемдік ауқымда жұмыс жасайтын лаңкестік ұйым құрып, жер-жерлердегі осындай ұйымдармен байланыстар жасау. 
(20) Білім беру жүйесін (әсіресе АҚШ-тағы)  толық және түпкілікті қирату мақсатымен оған бақылау орнату.
Автор осында жоспарланған 20 түрлі бағыттағы жұмыстардың қа­лай­ша орындалып жатқандығына қыс­қаша мәліметтер де беріп отырған. Кітапты оқып отырғанда, соңғы жарты ғасырдың ішінде әлемде болып жатқан оқи­ғалардың барлығында дерлік осы «300-дің комитетінің» қолтаңбасын аңғарғандай да боласың. 
1969 жылы жасалынған осы жоспар бүгінгі күні қаншалықты дәрежеде орындалды немесе орындалып жатыр деген сауалдарға қазір әлемде болып жатқан оқи­ғаларға көз жіберген әрбір саналы адам өзіне қажетті жауаптарды  ала алады. Көзің жететін бір нәрсе – осы жоспардың бүгінгі күндері барынша қарқынды, ашық жұмыс жасап жатқандығы. Джон Колеман қазір «Жаңа Әлемдік Тәртіп» орнату мақсатымен «Адамзатқа қарсы барлық майданда шабуылдар жасалуда» деп, жазыпты. Әлемдік ауқымда жүріп жатқан   осындай үдерістің салқыны    Қазақстанның бүгінгі тыныс-тіршілігінен де байқалады. Қазіргі экономикалық дамудың қозғаушы күші саналып отырған «интеграция», «модернизация», «инновация», «инвестиция» деген секілділердің барлығы да – шынтуайтына келгенде, түптің түбінде әлемнің бар байлығын Батыстың қолына жинап апарып беретін, болмаса солардың ырқымен жүргізетін жолдар. Материалдық байлыққа Батыстың билігін күшейтуде электронды ақша айтарлықтай рөл атқарып отыр. Мұның өзі адамзат қоғамының ғасырлар бойғы дамуы барысында қол жеткізген әлемдік құрылыстың, әлемдік өркениеттің қирауына қарай алып бара жатыр. Бұл үдерістің қарқын алуы соншалық, кей  аймақтарда бой бермес топалаңдарға апарып соқтыруда. Батыстың жаһандануды экспорттау мақсатымен араб елдеріне, Ауғанстанға күшпен араласқан кездері ешқандай жақсылық әкелген жоқ;  керісінше, біршама қалыпты өмір сүріп жатқан елдерді бүліншілікке ұшыратып кетті. Батыстың бірігіп, осындай саясат жүргізуінің барысында қазірдің өзінде-ақ әлемнің бар байлығының жартысынан астамы 350 отбасының қолына көшіп кеткен. Әлемдік экономиканың осындай бағытта дамуы табыстың бөлінуінде әділетсіздіктер туғызып, бай мен кедейдің арасын алшақтатып, кедейлер көбейе түсуде. Қазір әлем халқының 80 пайызы әлемдік табыстың 20 пайызы ғана түсетін кедей елдерде тұрады. Әлемнің ең бай 200 адамының байлығы жер шары халқының 41 пайызының табысынан көп. «Жер шары халқының үштен екісі орташа еуропалық табысының 5 пайызына өмір сүреді, планета ресурстарын 40 есе аз, ет өнімдерін 75 есе аз тұтынады. Бір британдық басылым орташа еуропалық отбасының үйіндегі мысықтың етті былайғы кедей елдер тұрғындарынан 2 есе көп жейтінін есептеп шығарған. Дамыған елдерде бір үй жануарына бы­лайғы әлемдегі бір миллиард адамның орташа табысынан артық шығын жұм­салады» (Л. Еділқызы. Астанада жас­тар форумы өтті. «Егемен Қазақстан», 11.04.2015).Бар байлықты Батыстың қолына жинақтауды жүзеге асырып, шекара дегенді білмейтін, бүкіл әлемді шырмап, сорып жатқан – трансконтинентальды корпорациялар. Жиырма бірінші ғасырдың басында олардың саны 64 мыңнан асып, олардың 830 мыңдай филиалы әлемнің түкпір-түкпірінде жұмыс жасаған. Олардың біразы Қазақстанда да бар. Қазір олар дүниежүзілік өнеркәсіп өнімінің 50%, әлемдік сауданың үштен екісін басқарып, патенттер мен ғы­лыми жаңалықтар лицензиясының 80% иемденіп, бүкіл жаңа технология мен ғы­лымның дамуына бақылау жасайды (А. Айталы. Қазақстанды космополитизм мен нигилизм билеп тұр. «Ақиқат», 2015, №6, 46-бет). Қоғамда жүріп жатқан мұндай әділетсіздіктер халықтың ашу-ызасын тудырып, әлеуметтік толқулар тудыруда. Мұның аяғы мемлекетішілік ұлтаралық, дінаралық, азаматтық қақтығыстарға  соқ­тырып жатыр. Сондықтан да, әлемдік ау­қымда болмай қоймайтын қоғамдық құбылыс ретінде насихатталып жатқан бұл үдерісті Иранның рухани көсемі С. М. Хаменей «сайтан ғаламдасу» деп атады (Хаменей С. М. Толкование глобализации в исламе. «Глобалистика: международный междисциплинарный словарь». Нью-Йорк. 2006, 171-бет). Иранның тағы бір ғалымы Ансари жаһандасудың барысында ұлттық құндылық атаулының барлығы жойылып, ең соңында ұлт жойылып, халық бар байлығынан, өз билігінен айрылатын ерекшелігін ескертеді (Ансари Г. Приветствие. «Глобализация и справедливость! Москва, 2010, 11-12 беттер). Ғарифолла Есім жаһандануды «американдық сая­саткерлердің идеологиялық ой-санасы», «мәдениеттегі, саясаттағы, идео­логиядағы, халықаралық қаты­нас­тардағы американдық вектор», аме­рикандық «саяси бағыт» (Ғ. Есім. Саяси философия. Астана, 2009, 334,335-беттер) санайды. Сондықтан да, жаһан­дануды өзгелер үшін «жат идея» деп біледі. Ғалымдар жаһанданудың адам­зат баласына тигізер пайдасы көбірек болуы үшін саясаткерлердің халықтық саясат жүргізуін ұсынады. Атап айтқанда, жа­һандану жер бетіндегі кедейлікті жоюға, адам құқықтарын, тең құқылықты,  ұлттық, халықтық қауіпсіздікті қорғауға, ұлттар мен халықтарды оқшау қалдырмай,  қозғалысқа келтіруге, қоршаған ортаны сақтауға бағыт алуы тиіс. Ғаламдасу осындай бағытта жүргенде ғана адамзат баласын прогреске бастай алады.
Жаһандануды әлеуметтік-саяси құбылыс ретінде зерттеп, арнайы монография жазған А. Арыстанбекова «Бүгінгі өзара тәуелді әлемде жаһандану процесінен қорғану, қарсы тұру немесе онымен күресу мүмкін емес. Табиғатынан прогрессивті саналатын бұл құбылыс өзара тәуелді әлемде адамзаттың көпжылдық тәжірибесінде пайда болған әртүрлі ойларды еркін және саналы түрде біріктіретін принципі мен ортақ мақсаттарға жету мүддесі сияқты әмбебап құндылықтарға сүйенуі тиіс» (А. Арыстанбекова. Глобализация. Алматы, 2007, 294-бет) – деп, жазады. Осы уақытқа дейін қоғам дамуының негізгі қозғаушы күші ғылыми-техникалық революция деп келсек, енді ақпараттар ағыны деген көп айтылып, алға шықты. Жаһанданудың негізгі қозғаушы күшіне айналған ақпараттар ағыны ғылым мен техниканың соңғы жетіс­тіктерінің арқасында мүмкін болып, ол өз кезегінде мықты материалдық қолдаудың нәтижесінде барып жүзеге асып отыр. Сол себептерден де, қазіргі заманда экономика алға шығып, мемлекеттік саясаттың негізгі өзегіне айналуда.  Осындай жағдайларда  экономикасы дамыған Батыстың алдында жаңадан жанданып келе жатқан Азия, Африка, Латын Америкасы елдері мәжбүрлікпен  тізе бүгіп, ұлттық байлықтарынан, рухани құндылықтарынан айрыла түсуде. Жер бетінде билік жүргізгісі келгендер бұл мақсатына тек қарудың күшімен жете алмастарына көздері жетіп, оған жаңа жол іздеп, оны тапқандай да болды. Ол жол – адамның миын, сана-сезімін жаулап алу арқылы оның өзін бағындыру. Ал, сана-сезім дегеніміз – тіл, сол тіл ар­қылы қалыптасқан дүниетаным, әдет-ғұрып, салт-сана, мәдениет, білім-ғылым, бір сөзбен айтқанда, адамның рухани өмірін қамтамасыз ететін компоненттер жиынтығы. 
Жаһанданудың  алдында тұрған бір­ден бір тосқауыл – ұлттық руханияттар мен ұлттық  мәдениеттер. Қазір жаһан­данудың 2 миллиардтан астам христиан, 1,6 миллиард мұсылман, 1 миллиардтан астам будда діндері мен 200-ге жуық мемлекет, 7 мыңның о жақ бұ жағындағы ұлттық тілдер мен құрылымдар қарсы тұр.  Бірақ бұған қарамастан,  әлемді билеп төстегісі келетіндер қазір ұлттық тіл, ұлттық мәдениет атаулыға қарсы кең ауқымды шабуылдарын бастап та кетті. Қазір әлемдік деңгейде жүріп жатқан «Ақ­параттық соғыс ұлттың сана-сезімін күйретіп, әдет-ғұрпын, ділі мен дінін жойып, қадір-қасиетінен айырып» (С. Мұ­сатаев. Демографиялық соғыс: жеңістер мен жеңілістер. «Ақиқат», 2013, №3, 33-бет) жатыр. Мұның алғашқы «же­тістіктері» де көріне бастады. Белгілі саясаттанушы ғалым, профессор С. Борбасов «Әлемдік жаһандану үрдістері жүздеген халықтардың этнос ретінде өздерінің ұлттық келбеттерін, дінін, реңкін, тілдерін сақтауына мүмкіндік бермейді.  ХХІ ғасыр аз санды этностардың ассимляциялануы, жоғалып кетуі процесі жылдамдайтын ғасыр болатын сыңайы бар. Оның обьективті себептеріне ор­тақ әлемдік шаруашылық және сауда кеңістігінің қалыптасуын, ғылыми-тех­никалық дамудың унификациялануы, барлық мемлекеттерді өзара ұқсастыратын индустриалдық және постиндустриалдық қоғамның қалып­тасуы, ақпараттану, бұқаралық мәде­ниеті ықпалының күшейе түсуі, өмір салтының, киім-кешек үлгілерінің, тіп­тен тамақтандырудың әлемдік ортақ үлгі­лерімен, стандарттарға бағына бас­тауы т.б. құбылыстарды атауға болады. Аталмыш құбылыстар әлем ұлттары мен этностарын «қайнатушы қазанға» (плавильный котелге) тықпалап жатыр» (С. Борбасов. «Қазақстандық ұлт» туралы. «sarap.kz» порталы. 13.12.2013) – деп, жазыпты. 
Бұл үрдіске ұлт зиялылары не дейді?  Жаһандану туралы Рахманқұл Бердібай «Ға­ламданудың мақсаты – халықты тарихынан, дәстүрінен, әдет-ғұрпынан без­діріп, дүниеге көзқарасын өзгертіп жіберу. Ғаламдану идеологтары жас қауымды тек қарнының тоқтығын, киімінің бүтіндігін ойлайтын мәңгүрт етуді көздейді» («Дәстүр қуаты», А., 2005, 47-бет) – деп, көрсетіпті. «Жаһанданудың «негізгі мақсаты – ең алдымен, ақпа­раттық төңкеріс жасау арқылы түрлі мемлекеттердің саясатын, экономикасын, мәдениетін, ділі мен тілін, білімін, рухани байлығын және басқа да салаларын бір арнаға тоғыстырып, қаржылық-ақпараттық, адами-ресурстық әлемді тұтастыра біріктіріп, бір монополияны құрып, ортақ планета жасап, билік жүргізу» (Е. Құрмашев. Батыстандыру саясаты орыстандыру саясатынан да сорақы. «Жас алаш», 01.08.2013). Бұрын адамзат қоғамы социалистік, капиталистік болып екіге бөлінгенде, әлемдік бәсекелестік осы екі жүйенің арасында өтсе, ХХ1 ғасыр тілдердің, сол тілдерде жасалынған мәдениеттердің  текетіресіне айналды. Жаһандану үдерісін зерттеген ғалымдар болашақта әлемде бес-алты ғана тіл қалып, американдық, батыстық мәдениет, өмір салты  үстемдік құратын болады деген болжам айтады. Бұл дегеніміз – жаһандану үдерісінің барысында әлемде санаулы ұлттар ғана қалып, «өз қалпын сақтай алмаған» (Орхан Памук), бәсекеге қабілетсіз басқаларының әдет-ғұрып, тұрмыс-салт,  ұлттық сана, әдет-ғұрып, тілімен қоса жойылады деген сөз. Жазушы М. Әбдіәкімұлы «Жаһанданудың ақиқаты мен басты мақсаты – әлем халықтарын технологиялық тұрғыдан теңестіру ғана емес, бір тіл мен бір мәде­ниетке шоғырландыру. Ол кезде дамыған елдердің ғана тілдері сақталып қалуы мүмкін. Бірақ, ортақ ағылшын тілі болып қалары хақ. Әлемде қандай тіл үстемдік құрса, басқалардың мә­дениеті де, халықтық рухы да сол тілге қарап, бой түзейді. Мұндайда қа­зақ сияқты аз халықтардың тілі мен мәде­ниеті қолданыстан шығып қалуы әбден мүмкін. Шықпаған күннің өзінде де ауыл-ауылдардың қыр жотасынан аспайтын өлі тілге айналуы ықтимал» (М. Әбдіәкімұлы. Қайда барасың, қазақ қоғамы? «Қалам мезгіл», 27.11.2014) – деп, жаһанданудың тіл, мәдениет саласына қауіп төндіретінін жазыпты. 
Жаһандану үдерісінде ағылшын тілі – негізгі қозғаушы күш. Қазіргі заманда білім мен ғылымның тіліне айналған ағылшын тілін өмір қажеттілігіне байланысты қолдану барысында басқа ұлттың өкілдері біртіндеп ана тілінде сөйлеуден қалып, ұлттық құндылықтарынан бас тартып жатыр. Мектептерде, жоғары оқу орындарында ағылшын тілінде оқыту – бір жағынан, бүгінгі күннің қажеттілігінен туындап отырса, екінші жағынан, өз тілінен, дінінен жеріп, ұлттық рухынан ажырап қалған «мәңгүрт», «көзқаман» ұрпақ тәрбиелеп, ұлттық дамудың өзегін өртеп, ертеңіне балта шабу да. Жаһанданудың ең басты ерекшелігі ол ағылшын тілінен басқа еш бір  тілді тіл деп, мәдениетті мәдениет деп, ұлтты ұлт деп, танымайды; керісінше,  негізгі мақсаты ұлттық мәдениеттерді жою, соған қол жеткізетін жастар мен жасөспірімдер болып отыр. Өзінің алдына қойған мақсатына жету үшін алдымен, өмірлік тәжірибелері аз жас ұрпақтың санасын улап, өз ұлтына қарсы қоятын  түрлі «теорияларды», соларға негізделген субмәдениеттерді (американдық «жаппай мәдениет», Ба­тыс Еуропаның «тұтынушылық мәде­ниеті», т. б.) ойлап тауып, оларды жүзеге асыру үшін барын салуда. Өз пиғыл­дарына адамды, ұлтты, халықты аздырып-тоздырып жіберу арқылы жетпек болған Батыс қазір бұл «майданға» барлық күшін жұмылдыра түсуде. Академик Д. С. Лихачев жаһанданудың жарқ-жұрқ еткен қызығына тояттап, өзінің ұлттық мәдениетінен қол үзген адамның ішкі жан дүниесінде дүниетанымдық, моральдық жағынан айтарлықтай өзгерістер болып, мұның аяғы ғасырлар бойы қалыптасқан ұлттық адамгершілік нормаларының бұзы­луына алып баратындығын ескертеді. Әлемдік ауқымда қарқын алып бара жатқан жаһандану ұлттық мәдениеттердің сақталуына, өмір сүруіне, дамуына жасанды түрде түрлі кедергілер жасап, адамдарды мәдениетсіздікке қарай бағыттауда; ұлтаралық, мәдениетаралық қарым-қаты­настарды барынша ушықтыра түсуде. Жаһандану адамзат баласын ұлттық рухани тамырынан айырып, сол рухани құндылықтарына негізделген этностық болмысынан, адамгершілік қағидаларынан, бір-бірімен қарым-қатынас жасау мәдениетінен жұрдай қылуда. Моральдық, рухани-мәдени құндылықтарға сүйенбеген халықтың қо­ғамдық-саяси, мәдени-моральдық, эко­но­ми­калық дамуда жетістіктерге жетуі екіталай. Қоғамда жүріп жатқан осы сияқты келеңсіз үдерістің салдарынан қазір әлемде экономикалық, әлеуметтік дағдарыстар өріс ала түсуде (Е. Саиров. Культурная идентичность и диалог культур Евразии. Тарихи-мәдени мұраның өркениеттер диалогындағы рөлі. Алматы, 2009, 22-бет). 
Жаһанданудың барысында Батыс­тың ұлттық мәдениеттердің орнына бізге ұсынып отырғаны – «тобырлық мәдениет». Тарихи тамыры, ұлттық сыпаты, адамзаттық адамгершілік нормаларынан жұрдай шексіз еркіндікке негіз­делген  «бұқаралық мәдениет» бүгінгі күннің қызығын көріп қалу өмірдің негізгі  мақсаты деп білетін батыстық әуейі жастардың ойынан шығып, жұқпалы аурудай тез тарауда. Жаһандану өмірдің мәні ішіп-жеу, бүгінгі күннің қызығын көріп қалу, барлығы мен үшін деп түсінетін, жалпы өзінен басқа ешкімді, еш нәрсені – өткен тарихыңды, тарихи дәстүрлеріңді, тарихи тұлғаларыңды, ұлттарды, ғасырлар бойы қалыптасқан қоғамдық-аламгершілік нормаларды мойын­дамайтын космополит жастарды тәрбиелеп, тарихтың сахнасына шы­ғарып жатыр. Батыс мәдениетін зерттеп, оның болашағының жоқтығына көз жеткізген неміс философы, әрі тарихшысы, қазіргі заманғы мәдениет философиясының негізін салушылардың бірі Освальд Шпенглер «Еуропаның құрдымы» атты өзінің атақты еңбегін жазды. Осы пікірді қазіргі заманның көптеген әлеуметтанушылары да айтуда. Солардың бірі орыс философы, әрі тарихшысы Н. Бердяев «Шпенглердің Еуропаның құлдырауы туралы кіта­бының айрықша жетістігі мәдениетті адамзаттың алдына оның тағдыры туралы мәселені өткір қоя білуімен түсіндіріледі» (Н. Бердяев. Тарихтың мәні. Өмірге ерік және мәдениетке ерік. Кі­тап­та: ХХ ғасырдағы мәдениет философиясы. 17-том, Алматы, 2008, 121- бет) – деп жазады. Неміс философы А. Швейцер «Біз мәдениеттің құлдырауын сипаттайтын жағдайда өмір сүріп отырмыз» (А. Швейцер. Мәдениеттің құлдырауы және қайта өрлеуі. Кітапта: ХХ ғасырдағы мәдениет философиясы. 17-том, Алматы, 2008, 138- бет) – деп, мойындайды.
Қазір түрлі руханияттардың, діндердің арасындағы бәсекелестіктер барынша кү­шейіп, тілдер соғысына, діндер соғы­сына, мәдениеттер соғысына, Батыс пен Шығыстың текетіресіне айналып бара жатыр. Осылардың ішінде тіл мәселесінің шешілуі шешуші рөл атқаруда. Тіл тәуел­сіз болмай, сол тілде жасалынатын рух тәуелсіз болмай, ұлт, халық, мемлекет тәуелсіз бола алмайды. Міне, не олай, не бұлай болатын осындай жағдайлар сыпайы түрде «мәдениеттер тоғысы» аталып жүрген жаңа заманда бүкіл адамзат баласының қоғамдық дамуы алдына мүлдем жаңа міндеттер қойып отыр. Осылардың қалай шешілуі жер бетінде өмір сүріп жатқан ұлттар мен халықтардың рухани жағынан дамуының негізгі бағыт-бағдарын айқындамақшы. Жалпы, ұлттардың, ха­лықтардың арасындағы қоғамдық даму барысындағы бәсекелестік, өмір сүру жағдайын жақсарту жолындағы күрес атам заманнан бері келе жатқан қоғамдық дамудың бірден-бір қозғаушы күші болып келгендігі аян. Осындай себептерден де адамзат баласының бүкіл тарихы күштінің әлсізге жасаған зорлығы, болмаса әлсіздің өзін-өзі қорғауы, азаттыққа ұмтылған іс-әрекеттері салдарынан туын­даған соғыстар тізбегінен тұрады десе де болғандай. Сондықтан да, тарихтан соғыссыз кездерді кездестіру өте қиын. Тарихқа көз жіберетін болсақ, әлемнің жарымына жуығын қарудың күшімен бағындырған небір ұлы империяларды, осындай басқыншылықтар барысында алдымен тілін, сосын мәдениетін жоғалтып алып, соңынан өздерінің де жойылуына тура келген не бір ұлттар, мемлекеттер болған. Осындай әрекеттер бүгінгі күндерге  дейін жалғасуда.  
ХХ ғасырдағы Батыстың Азия мен Африка елдерін жарылқаймыз деп, қанау­шылыққа ұшыратқан отаршылдық жүйесі, Ресейдің қой үстіне бозторғай жұмыртқалайтын заман – социализм орнатамыз деп, әлемнің үштен бірі­не жуығын жаулап алуы сияқты озбыр­лық әрекеттері сырты  қаншама әдемі сөздермен көмкеріліп, ғылы­ми жағынан негізделгенімен де түптің түбінде мықтының әлсіздің жерін, бай­лығын иелену мақсатымен жаса­лынған басқыншылығы болатын. Осы­ның барлығы да негізінен күшті экономи­каның, ғылым мен техниканың озық технологиялық жетістіктеріне сүйенген идеологиялық шабуылдардың күшімен жүзеге асырылған-тұғын. Жер жүзінде әділеттілік салтанат құратын социализм орнатпақшы болған Ресейдің құрамында ХХ ғасырдың басында 200-ден астам ұлт болса, 1991 жылы империя ыдырағанда, соның 100-дейі тілінен айрылып, ұлт ретінде өмір сүруін тоқтатыпты. Бұл жойылыпты немесе қырылып қалды деген сөз емес, тілінен айрылған соң, ұлттық болмысынан да айрылып, сол кездегі ресми саясат бойынша, совет халқына айналып, турасын айтатын болсақ, орысқа сіңіп кеткен. Өзін сақтап қалу мақсатымен азаттыққа ұмтылып, отаршылдыққа қарсы шыққан аз ұлттардың бас көтерулерін компартиялық билік қару­дың күшімен аяусыз қан-жоса қып басып отырды. Қазірдің өзінде де әлемдік ақпарат құралдары Ресейде 136 тілге жойылу қаупі төніп келе жатқандығын жазып жатыр. КСРО құламағанда, енді тағы бір елу жылдың өзінде-ақ тағы да талай тілдердің жаназасы шығарылып қалуы мүмкін еді. Жалпыхалықтық тіл жасаймыз деген озбыр жалған саясаттың салдарынан көп зардап шегіп, жар жағасына жетіп, құрудың сәл-ақ алдында қалған тілдердің бірі – қазақ тілі. Енді, сол жар жағасында тұрып, айналаға көз салсақ, әлемдік руханиятта, оның ішінде тіл майданында  болып жатқан аумалы-төкпелі жағдайларды көреміз.
Қазақстан қазір әлемдік жаһандану үдерісінде алғашқы 50 елдің ішінде 56-шы орында келеді. Демек, қалайық-қаламайық, біз қазір жаһандану дәуірінде өмір сүруге мәжбүрміз.  Жаңа заманның талаптарына сай қатарларынан қалмау үшін Қазақстан  да барынша әрекеттер жасап жатыр. Жеткен жетістіктеріміз де жеткілікті. Десек те, көп болып ойланып шешерлік аса маңызды мәселелер де – баршылық. Әсіресе, ұлттық тәуелсіздігіміз жайлы. Бұл жолда қателесуге болмайды. Өйткені, ХХІ ғасыр – «не олай, не бұлай» демекші, ұлттың ұлт болып қалуының тағдыры шешілетін ғасыр. 

(Соңы. Басы №12 санда)

 

Алдыңғы «
Келесі »

2 Пікір бар

  1. Поезд ушел.Жау кеткен соң қылышыңды б…қа шап! Зиялыларымыздың жалтақтығы мен сатылғыштығының арқасында кейінгі ұрпақ ұлттық құндылықтарға артын сүртетін болды. Ақсалдары жоқ, құр қыртымбай шалдары қалған қоғам осындай болады. Қазақстандағы нөмір бірінші адам ең басты жаһандандырушы саяси тұлға болып отырғанда қорқақ әрі мал сияқты қайда айдаса солай жүре беретін қазақтар қайда барады дейсің?! Елді басқарып отырған топтар алпауыт мемлекеттердің айтқананын орындайтын қуыршақ болып отырғанын біліп отырып жалған сөйлеуді қою керек қой.

  2. Қазақтың зиялылары, ақын жазушылары шеттерінен трайбалист. Соның кесірінен ұлттық мүддені жұмылып қорғай алмадық. Таланттылардың жолын кестік. Бетке айтатын тура жандары қудаладық. Рушыл шалдар қызметтерінен пенсияға біржолата кетпей ұлтшылдау жастардың энергиясы айдалаға кетеді. Өтірік ұлтым деп еңіреу емес, шынайы саяси іске кіріспей қазақтың болашағы болмайды!!!

Пікірлерге тыйым салынады.