Академик Рахманқұл БЕРДІБАЙ: «Бiзге тайпалық емес, ұлттық сана керек!»

  • 01.02.2016
  • 424 рет оқылды
  • Пікір жоқ

raxmanАмерика Шекспирдi де бiлмейдi

– Қазақ фольклортану ғылымының корифейi ретiнде бiрiншi сұрақ эпос­тарға байланысты, аға. 1996 жылы әзiрбайжандар «Дәдәм Қорқыт» кiта­бының 1300 жылдығын тойлап өттi. Қорқыттың моласы бiзде, тойлайтын теңiздiң арғы бетiндегi әзiрбайжандар! Бұған мән берiп, «бұл қалай болды?» деп жатқан тiрi жанды көрмейсiң.

Бейне бiр дәл солай болуға тиiс сияқты. 1999 жылы өзбектер ЮНЕСКО көлемiнде «өзбектiң ұлттық эпосы – «Алпамыштың» 1000 жылдық мерейтойын тойлады. Оған өзiңiз барып қайттыңыз. «Сендерде жыршы, жырау болмаған, эпос бiздiкi» деп өзбек достарыңызға айттыңыз да. Бiрақ, пойыз кетiп қалып едi… Бiзде республика тұрмақ облыс көлемiнде тойланбады. Былтыр «Қозы-Көрпеш-Баян-сұлудың» 1500 жылдығын тойладық. «Қазақтың  ұлттық лиро эпосы» деп тойлатуға шамамыз жетпедi. Бiз «ол эпостар шыққан кезде анау ұлт жоқ едi, мынау ұлт жоқ едi, бұл барлық түркi тектес елдерге ортақ жыр» деп жүргенiмiзде бiздiң өзiмiзге ешнәрсе қалатын емес. Ертең Қозы-Көрпештiң моласы бiзде тұрса да башқұрт иеленiп алуы мүмкiн. Осылай отыра беремiз бе?
– «Қозы –Көрпеш» ешқайда кетпейдi. Ол ғылым адамына маңызы бар дау емес.
– «Алпамыс» кеттi ғой, бiрақ. Ендi, оны «қазақтың эпосы» дегенiмiзден түк шықпайды, бiреудiң затына жармасқан болып шығамыз. 
– Айрылғанымыз жоқ! Мықты бiр аспирант шықсыншы, бүгiн тақырып беремiн оған «Алпамыс» жайлы. Оны жырлаған елдiң ұрпақтары атақоныс Жиделi-Байсында, Сурхандария мен Қашқадария облыстарында әлi отыр. Әлi күнге айтады Алпамысты! Домбыраға қосып айтады. Iшегi қойдың iшегi, тұрқы сәл кiшiлеу, пернесi жоқ домбыра. 
– Сонау, Еуропаның өзiнде финдердiң «Калеваласынан», немiстердiң «Нибелунгысынан» бастап әлемнiң барлық халықтары бiр-бiр эпосқа иелiк жасап жатқанда бiздiң қарап қалып отырғанымыз қаншалықты дұрыс?
– Саған «қарап қал» деп отырған кiм бар? Өзiң Құдайға жазбасаң… Осындай керенау халық болсақ… Депутаттары өзiнiң тiлiне қарсы шығып жатса… Түсiнiксiз ел болдық қой, әйтеуiр. Селт еткiзе алмайсың елiңдi. Емдемесең бiр нәрсе етiп. 1937 жылы «Ұлтым» деген ердiң бәрiнiң тұқымын тұздай құрттық… Ұлтжандыларды қудалауды одан кейiн де тоқтатқан жоқпыз. Өткен ғасыр тұтасымен «ұлтсыздану ғасыры» болды ғой. Ұлт ретiнде құрып кетудiң аз-ақ алдында қалған жоқпыз ба?  Қазақша мектептерiң жаппай жабылды. Қазақ баласы қазақша мектепте оқуы керек! Ал, бiз оның үлесiн бүгiн де көтерiп қарық қылған жоқпыз…
1999 жылы Әбiш Кекiлбаевқа айтып жүрiп Астанада «Алпамысқа» байланыс­ты  ғылыми конференция өткiздiрдiм. «Өткiзбесек масқара боламыз!» дедiм. Оған да шүкiр. «Алпамысты» мектепте өту керек. Орыстарды қараңызшы, ғасырлар бойы, жүйелi түрде «орыс жаны», «орыс орманы», «орыс қысы» деуден танбай келедi. Тек қана «орыс», «орыс» дейдi. Бейне бiр орман мен қыс орыста ғана бардай. Бiз болсақ бүгiн де солардың, басқалардың аузына қарап жалтақтап отырмыз. Басшылар ұлттық мемлекет деген сөздi естiсе шошып кетедi. «Ойбай, бiз 55-ақ пайызбыз» дейдi. 55 емес, 5 пайыз болсақ та қазақ мемлекетiн орнатуға тиiспiз! Әңгiме осы ұлтсыздануда! Ал, жаңағы мұраның таласы – ғылыми талас. Ұлтты ұлттандырып алсақ ол өз орнына оп-оңай келедi. 
– «Алпамыс» дастанының шыққанына 1000 жылдан асқан уақытта Мұхтар Мағауин iнiңiздiң «Отырарда Шыңғыс ханға дейiн қоңырат атаулы болмаған» дегенiне қалай қарайсыз?
– Бiзде тарих ғылымы кенжелеп қалса не деуге болады? Жиделi-Байсында өмiр сүрiп келе жатқанына ең кемi екi мың жылдан асқан қоңыраттардың көшпендiлiк дәуiрде моңғол үстiртiне қалай тап болғанын әлi күнге дейiн зерттеген бiр ғалым жоқ. Жалпы, 1917-жылға дейiн қазақта ешнәрсе болған жоқ, оның iшiнде тарих та болған жоқ деп үйретiп келдi емес пе? Кейбiр ғылым докторы тарихшыларымыз қазақ халқының әлем сахнасына шыққанына бес ғасыр ғана болды деп жүрген соң ондай тарих ғылымынан не үмiт, не қайыр? Бiзге халқымыздың тарихын қайта жазып шығу керек! Бүгiнгi жазып жүргенiмiз нағыз тарихымыздың тұжырымдамасына да жарамайды! Тарихты қайта жазу да ұлтымыздың өзiн көне, өркениетке еңбегi сiңген, өшпес iзi қалған, толыққанды ұлт есебiнде сезiнуi үшiн де қажет.
– Бiз «қайтадан ұлттандыру» саясатын жүргiземiз дегенше соңғы кезде «жа­һандану» деген тағы бiр жойқын күш шық­ты ғой, бұған көзқарасыңыз қалай?
– «Жаһандану» дегенiңiзде бiр мысқал жаңалық жоқ. Бiз не iстеймiз? Ежелгi елiк­тегiш әдетiмiзбен бұл не нәрсе, қайдан шық­ты, оған мән берiп жатпаймыз. Бiзге Еу­ропадан келсе болды, Американiкi болса тiптi тамаша, оның бәрi озық, керемет жақсылық деп талғамай жұта беремiз. «Жа­һанданудың» түпкi  мақсаты халықтар мен халықтардың арасындағы байланыс­тарды нығайту болуы тиiс. Бiрақ, қазiргi «жаһандану» кейпiнде, бiр­жақты түрде емес, бұрынғыдай табиғи, барлық жаққа да бiрдей даму түрiнде. «Жаһандану» дегенiңiз бiртүстiлiк. Жеген тамағыңыздан бастап киген киiмiңiзге дейiн, билеген биiңiзден бастап айтқан әнiңiзге дейiн бiрыңғай үрдiске түсiп кетсең өз-өзiңнен бөтен идеологияның, жат мәдениеттiң тұтқыны болмағанда нең қалады?
– Сол жаһандануға қарсы тұрудың жолы қайсы? Ұлы Француз мемлекетi бұған бар жан-тәнiмен қарсыласуда. Бұл елде америкалық кинолар прокаттың жиырма пайызынан аспауы тиiс. Музыка да дәл сондай.  Германия да қарсылық шараларын күшейту үстiнде. Еуропаның ең iрi екi мемлекетiндегi көрiнiс бұл. Қазақстан ғана әдеттегiдей құшағын айқара ашып отыр. Қарсы тұру үшiн бiз не iстеуiмiз керек?
– Не iстеуiмiз керек? Әлемдiк мәдениеттi өзiмiздiң ұлттық дәстүрiмiзге сәйкес меңге­руi­мiз керек. Қазақтың ұлы мен қызы қазақ балабақшасына, бiрiншi сыныптан бас­тап қазақ мектебiне баруы тиiс. Ұлт болып сақталып қалудың бiрiншi шарты бұл!
– Бәрекелдi!
– Аралас мектеп дегенiмiз – арандату. Осыған бiздiң санамыз жетуi тиiс! Санасы жетпей, басы айналыңқырап қалғандар көп арамызда. Философтарымыздың түрi анау, бiзге бiлiмдiлiк көрсеткен болып, «глобализация деген бар екен» дейдi. Ол қайдан шықты, қайда апарады бiздi, не нәрсе өзi деп, оған сын көзбен қарау жоқ. Қысқасы, «жаһандану» деген термин бiзге қажет емес. Құрту керек оны! Ал, оны құртайын десең орысша оқыған, өзiңнiң iшiңнен шыққан, қазақтың әнiн, күйiн, дастанын, салтын, дәстүрiн бiлмейтiн, қазақтың қасиетiнен, үлкен адамгершiлiк құндылықтарынан хабары жоқ қандастарың бар ғой, олар «жаһандануды қабылдамасақ болмайды, өзiмiзден не табамыз,  бiздiң түгiмiз жоқ қой, барлық байлық деген соларда ғой» деп ойлайды. Ал, шын мәнiнде нағыз тақыр кедей сорлылар – солар. Бiрақ, олар билiктiң басында отыр. Ұлттық дәстүрдi ұстауға, тiлдi дамытуға қарсы шығып жүргендер де солар. Олар қарсы шықты екен демей, ел боламын дейтiн ел өзiнiң ұлттық дәстүрiн дамытуы керек. Бiздiң ұлы адамдарымыздың бәрi қазақша оқыған. Ал, бүгiнгi орысша оқып, орысша тәрбие алып өскендер бала кезiнен жүрiп үйренген жолымен жөңкiп кетiп барады. Парламентте отырған, қазақ тiлiне қарсы шығып жүрген, миссионерлiк бiлiм алғандар бар ғой, әне, соларға «жаһандану» дегенiң таптырмас сыйлық болды. Олар үшiн Америкадан келгеннiң бәрi керемет дүние. Бiрақ, бiз қанша күшенсек те Америка бола алмаймыз. Ол елде ұлттық дәстүр жоқ, ол – космополит ел. Мен Америкада болғанмын. Олар Шекспирдi де жөндi бiлмейдi. Бiлгiлерi де келмейдi, өйткенi, олар тек ақша табу үшiн барғандар. Бүгiн де ол жаққа тек баюды көздегендер барады. Олар ұлттық деген ұғымды түсiнбейдi, ұлт жоқ оларда.
Сұхбаттасқан Өмірзақ АҚЖІГІТ,
«ЕВРАЗИЯ – KZ».
2005 ж.

Алдыңғы «
Келесі »