«Адасқанның алды жөн, арты соқпақ» мақаласына орай

  • 01.02.2016
  • 556 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Отарлықтан арылып, етек-жеңімізді жинап тарихымызға бет бұра бастадық. Аллаға шүкір,  ел болып  Қазақ ханды­ғының 550 жылдығын атап өттік. Мұның бәрі тәуелсіздігіміздің, елбасымыздың  сарабдал саясатының жемісі. Кешегі қылы­шынан қан тамған Кеңес заманында ата-бабалар туралы сөз қозғаудың өзі мүмкін емес еді. Сөз қозғаған Қазақтың талай асыл азаматтары темір торға тоғы­тылды. Қазақ тарихы жазылады, жазылыпта жатыр. Өзіңіз айтқандай: «…маман тарихшыларымыздың тұқ­шыңдаған тышқан тірлігіне қарап қарның ашады» – деп байбалам салудың қажеті шамалы, көпке топырақ шашуға болмайды (Ақиқат жур-ы №7,2015, 62 бет). Мықты  тарихшыларымыз же­тер­лік.Біз жаңа ғана егемендік алған елміз, бар-жоғы 24 жыл болды. «Мәдени мұра» бағдарламасы бойынша  елімізге қан­шама құжат, қолжазбалар әкелінді. Тарихи жәдігерлерімізді шеттен алып келіп жатыр, әкеліне де бермек.


«Ақиқат» журналының 2015 жылдың №11 санында ақын Аян Нысаналиннің   «Адасқанның алды жөн, арты соқпақ» атты мақаласы жарық көрді. Аталмыш мақалаға  келетін болсақ, ақын ағамен келіспейтін жерлері бар екенін айтқым келеді. Атап айтар болсам Абайдың  Жетісу жеріне Сұлутөрге келмеді, Ноғайбай шешенмен кездеспеді – деуі қолыма қалам алуыма мәжбүрледі. Аян аға мен сіздің «kitap.rz», «abai.kz»  порталдарындағы және газет-жур­нал­дарға шыққан мақалаларыңызды, өлең­деріңізді бір кісідей оқып жүремін, құрмет тұтамын. Сіздің де ініге деген ізеттілігіңіз бар шығар деп ойлаймын. Артық айтатын болып жатсам  кешірім өтінемін!
Ақын аға, мен шындықты жақтайтын адамдардың санатына жатамын. Лажы болса архив құжаттарына сүйену керектігін білемін. Бірақ, көпке то­пырақ шашуға да болмайтынын естен шығармасақ екен дегім келеді. Шамам келгенше қолдағы айғақ­тармен Абай ақынның Жетісуға, Сұлутөрге келгенін дәлелдеп көрейін. Біріншіден архив құ­жаттарына сүйенетін болсақ, 1894 жылы Қазан қаласындағы Чир­ков баспасынан басылып шыққан «Хис­са маймыл, әм Қасқарау-Ноғайбай, әм Ахрет Ғамун қылып жазушының айтқаны» деген арабша жазылған кітаптағы  дерек бойынша Ноғайбай шешен Ақмайға 1888 жылы үйленеді /көшірмесі Ш.Уалиханов тарихы мұрағатында/. 1885 жылғы патша үкіметінің алдағы үш жылдық (1886-1988) мерзімге сайлау өткізуге арналып санақ жүргізген құжатта, Ноғайбайдың жасы 51-де, әйелі Әселдің жасы-36, екінші әйелі Ажар 28-де. Балалары Белқожа 16-да, Әлімқожа 9-да, Жорабек 6-да, Алдашбек 3-те, қызы Бағдагүл 13-те, ал оның меншігінде 5-түйе, 70 жылқы, 12 ірі қара, 150 қойы және ағаш үйі бар деп көрсетілген (ҚРОММ 44 қор. 1 тізб,40830 іс). Көріп отырғанымыздай, Ақмай әже бұл тізімде жоқ. Себебі, Но­ғайбай шешенге 1888 жылы үйленген. Ақмайдың суретін Хлудов Н.Г 1895-1896 жылы салмаған, нақты салған жылы 1891 (Хлудов Н.Г. Каталог произ­ведений; живопись. Алматы, 2003. с, 39). Қол­да бар қолжазба дерегінде, Ақ­май әже 1859 жылы дүниеге келді деп көрсетілген. 1888 жылы күйеуге шықса 29 жаста болғаны. Абай Сұлутөрге 1889-1893 жыл­дардың  аралығында келді  деуіме толық негіз бар. Ол ұлы Әбдрахман қайтыс болғанға дейін, яғни, 1895 жылға дейін. Баласының қазасына қабырғасы қатты қайысты дегеніңізге негіз жоқ. Сонымен бірге, етжеңді Абайдың денесі ауырлап, егделікке бет бұрған кезі алыс жол жүруге жарамайды дегенді меңзейсіз. Абай бар жоғы 1890 жылы 45 жаста. Қылшылдаған қырық жастан жаңа асқан адамды жол жүруге жарамайды дегеніңіз тағыда  шындыққа жанаспайды. Кешегі қа­зақтың  батыр ұлдары мен от ауызды билері бір мәмлеге келу үшін Ордабасыдағы Күлтебеге жиналмаппа еді. Жердің шалғайлығына қарамай. Сонау Батыс Қазақстаннан сарбаздарын ертіп Әбілхайыр сұлтан келіп қазақ қолын басқарып еді. Қанжығалы қарт Бөгенбай, Қаракерей Қабанбай т.б батырлар шау тартқан кездерінде-ақ  намысқа тырысып жауға шапқан жоқ па еді. Төле би, Қазыбек билер сонау Қытай еліне сапар шекпеді емес пе? Айта берсек мысал көп. Абай атамызды ерте қартайтып, мына тұрған Жетісуға бара алмаған дегеніңізге жол болсын. Сонау Сарыарқадан Шашубай мен Шөже ақындар, өзіңіз қалам тартқан Балуан Шолақ т.б  Жетісуға келгенде Абай­ға неге келмеске. «Ең болмаса бір із қа­лу керек еді» – дейсіз. Сонда, із қалдыру үшін не істеу керек? Қазіргі замандағыдай коман­ди­ровочныйға печать соқтыру керек пе?  Әлде, «топырақтары торқа бол­ғыр»  Ақ­май әже, Кенен ақын, Сәлиман апа, Ноғайбай шешеннің атқосшысы Бұғы­бай, шежіреші Ысқақбай, соғыс және еңбек ардагерлері Мұсахан, Тамбай, Қыр­ғызстанның Қазақстандағы елшілігінде істеген академик Құрмантай ақсақалдар өтірікші болып дүниеден өтті ме? Бұл тізімнің ішінде мен атын естігенім болмаса өзін танымайтын сіз айтқан марқұм фольклорист Нысанбек Төреқұловта бар. Нысанбек ағаның дәләлдері аз болған шығар, сірә. Қазаргі заманда көзі тірі Алма­тыда тұратын Ноғайбайдың атқосшысы Бұғыбайдың немересі Әбдірахман мен соғыс және еңбек ардагері Мұсахан Құра­мысовтың ұлы Ержанның өз айтарлары тағы бар.
Жақында, соғыс және еңбек арда­гері Мұсахан Құрамысовтың Алматы­да тұратын баласы Ержаннан «Арғын апаның әңгі­мелері» (Қордай шамшы­рағы, № 122, 7 желтоқсан 2004 ж) деген  мақаланың кө­шірмесін алдым. Бұл әңгімені 1993 жылы 8 мамырда Ақмай әженің қызындай болып кеткен Салиман Әлімжан келінінен жазып алса керек. Ол кезде Сәлиман апа 87 жаста еді. Мақалаға көз жүгіртсек: – Біздің ел Малдыбай, Қонысбай екі ата Ырғайты Шарбақтыны бойлап қоныстанған.Ақмай келін болып түскенде мен әлі туылғанда жоқ екенмін – деп Сәлиман өз өмірінен сабақтап сөз бастады. – Кейін Ақмайдың қызындай болып бауырында өстім, өнегесін көрдім. Менің Ақтерек еліне Шалабекке ұзатылуым да соның ақылымен болды. «Менің қызыммен бір ауылға келін боласыңдар» – деп кесіп-пішті. Арғын апаның бір ұл, екі қызы болды. Үлкен қызы Тәшімнің де,менің де келін болып келген жеріміз Пұсырман-Төлебай елі. Үлкен атамыз Әлімжан еді.Сол атамыз қайтыс болғанда Ақмай бата жасай келіп, қызы  Тәшімдікінде оты­рып өзінің сонау Тобықты елінен келіп, Ноғайбайға жар болып қосылуы, Абайдың артынан келуі туралы ше­шіліп бір сыр тартқан болатын.Сон­дағы Ақмайдың айтқандары:
– Қаратарым, мен осы Қасқарауға дәм татып, Алла нәсіп беріп келген адаммын. Менің күйеуім жастай өліп,екі жасар жас бала қайнымды бауырыма басып, Абайдан дәметіп жүруші едім. Оның ақындық даңқы шыға бастаған кез. Бірақ,Абай мені әмеңгерлікпен өз қатарына алғысы келмей, сырттай берді. Жарты сандық күміс ақшадан екі қалтамды толтыра салып алып,  күйеуімнен қалған жақсы атын мініп Алматыны көздей жүріп кеттім. Сондағы ойым атағы біздің елге де жете бастаған Ноғайбайды немесе Шәбденді кездестіру. Елу бекет жол жүрдім. Жол- жөнекей  торғын белбеуім ұмыт қалған жер кейін Торғын бекеті атанып кетіпті. Алматыда Но­ғайбайлар топта десті. Топ деп жыл сайын бас қосатын үлкен жиналысты ай­тады екен. Ноғайбайды да тауып, олар мені топ біткенше үш күн бір досының үйінде қонақ етті. Топ тарағаннан кейін мені нөкерлеріне қосып ертіп алып жүріп мына Ақтеректің Жаманты-Көл­­қамысынан өтіп Қордайдың бо­са­­ғасындағы туыстарының үйіне тү­сіріп, өзі Ырғайтыға жүріп кетті.Ерте­ңіне Әсел бәйбіше мен Қырғыз апаға бастатып Қасқараудың игі жақсылары,туыстары болып кәдімгі қыз ұзатып келе жатқандай барлық жоралғы салт-дәстүрлерін жасап жеке отау көтеріп мені соған әкеліп кіргізеді. Тілеуімбет руының ұрпағы Ешмағамбет деген молдаға некемізді қидырды…
Абайдың Сұлутөрге келуі жайында Ақмай:
– Сұлутөр жайлауында отырған кез еді, бірде ауылға киім киісі бұл өңір­ге бөтендеу екі жолаушы келіп түсті.Мамыға аттарын байлап жатқан олардың жүріс тұрысынан-ақ алыс өңір­дің адамдары екені көрінеді.Киім­дері  түлкі тымақ, келте шапан мен ұзын қонышты етік. Ойпыр-ай, кімдер екен дегенше болған жоқ, қасындағы жолдастарымен сәлем беріп Абай кіріп келді. Но­ғайбай қонақтардың асты-үстіне түсіп күтті. Тай сойып, бағлан сойып, ауылдың үлкен-кішісі түгел құрметтеді. Тағы да Ноқаңды Алматыға топқа шақыртыпты. Бір-екі күннен артық аялдай алмай амалсыз қонақтарын үлкен ұлы Белғожаға табыстап жүріп кетті. Абайға мінгізген ақ боз атты мамыға байлатып, басқа ырым-сырымдарды түгендеп,қонақты қапысыз күту жайын қатты табыс­тады. Бірер күннен соң Абайды сол өзі айтқандай құрметтеп шығарып салдық… Ноғайбайдың атқос­шысы Бұ­ғы­байдың немересі Абдрах­манның ес­телігі: «Атам Бұғыбай өзі па­луан әрі мерген болған көрінеді. Ол Ноғайбай шешеннің сенімді атқосшысы болған. Атам 1870 жылы дүниеге келіп, мен туылғанған жылы 1961 жылы қайтыс болыпты. Біздің есімімізді, яғни  ағам Тәке­жанның, марқұм әкпем Әйге­рім­нің және менің – Абдрахман-деп атам қойып­ты. Атамның тоқалы Жамал апа солай айтып отырушы еді, жарықтық. Жамал апам мұнда 1978 жылы 96-ға келіп қайтыс болды. Апам өте мейірімді, әңгімешіл кісі еді. Күні бойы бір жапырық шөкімдей болып отырытын апам «Аллаға» шүкір айтып, тілеуімізді тілеп оты­рушы еді. Осы Жамал апамнан Абай ақынның  Сұ­лутөрге келгені жайында бір­неше рет естігенім  бар. Атаң Бұғыбай Абай­дың келгені жайында аузынан тастамайтын, оның құрметіне сендердің де аттарыңды қойды. Аузында «Алласы» бар апамның өтірік айтуы мүмкін емес»-деп сөзін аяқтады.
Сонымен бірге қазақ әдебиетіне бір кісідей еңбегі сіңген  Қазақстанның еңбегі сіңген қайраткері прозашы, сыншы Марал Ысқақбайдың: «Мен Ноқаң қайтыс болғаннан кейін 28 жыл өткеде туған екем. Соның арасында біз тұрғыластар ол кісінің ізін басып,сөзін өз құлағымен естіген талай-талай көне  көз қария­лардың соңын көріп,әңгімелерін тың­дап үлгерген жайымыз бар. Өз әкем Сұлутөрге белгілі шежіреші кісі еді, сондықтан, Ноқаң туралы ертегіге бергісіз аңыз әңгімелер кішкентай күнімнен құлағыма сіңген. Абай ата­мыздың Сұлутөрге қалай келіп, қан­дай сый-сияпат көргені туралы әңгімелердің шет-жағасы әлі күнге дейін есімде. «Таңбасы жоқ,ені жоқ бурыл тайдың, сағасы өткел бермейді терең сайдың. Құба жонға шоқытып шыға келсем, ізі жатыр өзі жоқ қалқатайдың» – деп келетін тамаша әнді сол жолы Абаймен ілесе келген жігіттерден үйреніп қалған екен біздің елдің әншілері деп отыратын-ды әкем» («Асу-асу бел Қордай» кітабы, 246 бет. ЖСШ «Маматай агенттігі», Алматы қаласы, Мынбаев көшесі,43)
Әрине, ел аралап көптеген дәләлдер келтіруге болады. Қандай қорытынды шы­­­ға­р­арыңызды өзіңіз білесіз. Жоқтан бар жасаған жоқпын, нақты деректерге сүйен­дім. Абайдың Сұлутөрге келгені хақ! Жалғыз адамның көпке, халыққа топырақ шашуға болмайды.  Халықтың «Құдайдан» бір жасы ғана кіші демеуші ме еді  Аржағын оқырман өзі таразылай жатар.

Жандарбек  Қарабасов,  
Қазақстан Журналистер 
Одағының мүшесі

Алдыңғы «
Келесі »