СӘЛЕМЕТСІЗ БЕ, САТИРА?

  • 01.02.2016
  • 1442 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Г КабшАлдымен, амандасып алайық. Ассалау… Жә, жарайды, сәлеметсіз бе, сатира мырза? Аман-есенсіз бе? Барсыз ба, өзі мына, өмірде?  Әйтпесе, мына жұрт сізді онша елемейді…  Елемейтіні, ескермейтіні сол емес пе, сатираға қатысты іс-шаралар мүлде жоқ… Жылауық ақындардың мүшайрасы өтіп жатады, бізге ол да бұйырмаған. Жыл сайын әр түрлі бағытта өтіп жататын байқауларда сатираға орын жоқ, бар болғанның өзінде тікелей емес, эфирде сыни хабарлар жүргізетін жүргізушілер еншілеп кетеді.  Көгілдір жәшікті әлжуаз, дімкәс, мүгедек қойылымдар жаулап алды.  Сатираның сирағынан да ұстай алмайтын әзіл-сықақ театрларын айтамын да. Көретін, көріп отырып, тұщынатын дүние қалмады. Бос қылжақ. Күлейін десең, жылай салғың келіп кетеді… Бұрын қандай еді? Кеңес дәуірін айтамын… Сатира барынша шарықтап еді-ау! Сатиралық кітаптар талқыланатын, Газет-журнал біткеннің бәрінде  сатиралық мүйістер  мүйіздерін көрсетіп тұратын.  Рас, тақырып ауқымы тар еді, тұрмыстық ахуалдан ары аса алмайтын. Кешіріңіз, кеңес дәуірінің ауасын аңсап отырған жоқпын. Салыстыра кетейін деген оймен жазып отырмын. Қазір Құдайға шүкір, не жазамын демейсің, жан-жағың  «ойбайлаған» оқиғаларға, жаңалықтарға толы. 


Екінші күн. Сәлеметсіз бе, сатира мырза? Бұл менің сізбен күн сайын амандасып жатқаным деп білерсіз, мен пақырың –алдымен шерімді тарқатып алайын дегенім ғой. Қазіргі жастарда ой-сана саяз, не болса соған ыржалақтап күле береді. Араб тілі маманы Уәлибек Әбдіраймов мырза көптен бері «Ду-думан» бағдарламасын жүргізіп келеді. Бағдарламада өнер көр­сетіп жатқан әзілкештер әзілдерінің са­тираға тым болмаса юмор ауылына жоламайтынын өздері сезбейді. Сезбеген соң ұялмайды. Айқай басым. Көрермендердің құлақтары бетонмен бітеліп қалғандай, шықшыттарынан шып-шып тер шық­қандай, шыңғырып сөйлейді. Бірақ, күл­мейсің. Тек студиядағы көрермендер ғана күледі, Мәселен «Ду-думанның» бір кезегінде шал мен кемпір бұттарын созып, брейк-данс билесе, соған да күледі. Сатираның сорпасынан дәм татып көрмеген Мәдина Сәдуақасова «Не деген ғажап өнер!» деп қол соғады… Сосын Уәлибектің сатира туралы білімі таяз екені көрініп-ақ тұрғандай, баға беруге келгенде бар айтатыны: «Юмор жоқ, юмор жоқ…»  Оу, юмор неліктен жоқ? Оның себеп-салдарлары қандай? Юмордың түрлері қандай болушы еді? Осылай талдап, жіліктеп жатпайды. «Бауыржан-шоудан» келген әртістің де баға беретіндей шама-шарқы белгілі. Олай болса, Мәдина мен Ұлықпандарға не жорық? Осындайда ойдан ой туады, неге әдебиеттегі сатира ақсақалдарын, белгілі сықақшыларды әділ қазылар алқасына шықырмайды екен? Мәселен, Халықаралық Алаш сыйлығының лауреаты, елімізге танымал ақсақал жазушы-сықақшы, белгілі публицист, сатира саң­лағы Ғаббас Қабышұлын әділ қазылар алқасының төрағасы етіп қойса, ой, шіркін, сатираны таратып талдап берер еді, әртістер де көп жайдан хабардар болар еді. Сонда деймін-ау, Ғабаң әртіс Уәлибектен төмен біле ме сатираны? Арзан күлкі. Сапасыз қойылым. Осыны ойлайтын кім бар, уа жамағат?! Шынын айтқанда, әзіл-сықақ театрлары – «Шаншар» шаршады, «Тамаша» талып қалды, «Бауыржан шоу» қайтыс болып кетті…
Үшінші күн. Сәлеметсіз бе, сатира, қатты кетсем, қанттай еріп кете алмайтынымнан болар, бүгінгі сатира дәрменсіз, әлсіз, бұрынғы кеңес дәуіріндегідей болмай барады дегенге мүлде келіспеймін. Сатира, оның ішінде фельетон жанры ғана «түбіркүлез» болып қалды. Бұрын, кеңес дәуірінде фельетон жауынгер жанр еді, сынағанын сынаптай ағызып түсіретін. Бүгінгі фельетон – «абайлаңдар, осындай күйге ұшырап, масқара болмаңдар, елге, жұртқа күлкі болмаңдар!» деп  кекетіп ескертетін дәрежеде қалды. Бұл да керек. Заман өзгерді. Қазір басқа форматта өмір сүріп жатырмыз. «Өй, сен фельетон кейіпкері болыпсың ғой? Ұялмай қалай жер басып жүрсің?» деп амандасып жатып, айта алсақ та жетеді. Ал, кеңес дәуіріндегі сатира мен бүгінгі сатираның «терілері» де  сол тері, күш қуаты да сол қалпында, тек бүгінгі сатираның мән-мағынасы ауқымды, терең, мақсаты – қоғамдағы әділетсіздікті, жемқорлар мен парақорларды әшкерелеу, бай мен кедейдің арасалмағын байыптап, оқырманына келемеждей жет­кізу. Өйткені, қоғамда болып жатқан оқиғалардың өзі – сатира. Айталық, Шымкентте полицейлер жүргізушімен бірге арақ ішіп, қайтарда жолда ұстап, екі жылға куәлігінен айырып жібергенінің өзі сатира! Арақ ішіп жүріп, «жұлдызға» айналған  «әнші»  Сайлаубектің өзі сатира! Ақтөбе облысында  ауыл әкімі өкімет есебінен унитаз сатып алып, жұмыстан қуылса, бұл да сатира! Тек сарказмның ащы қышқылын сіміріп сал да, жаза біл! Ендеше бүгінгі сатира өмір сүріп келеді… Тек…
Төртінші  күн. Сәлеметсіз бе, сатира  мырза?  Тек… деп  тілімді  тістеп  қалғанымның себебі мынада: өзімізді де бір сынап алайық. Сатираға насихат жоқ десем де болады. Атымен жоқ. Сатириктердің өздері бірін-бірі жарқырата көрсетіп, жарқыратып  жазбайды. Жақсы дүниелері шыққан автордан сүйінші сұрап, кітабына рецензия жазу жағы құмға сіңген құмалақтай.  Әркім өзінше бір әлем, өзінше бір классик… Осылай ыстық күнде аузымызға ыстық құм салып жібергендей күй кеш­пейік, ақсақал сатириктердің арсында Ғаббас Қабышұлы мен Үмбетбай Уайдин ғана жастардың, өзінен кейінгілердің  сатирасын қадағалап, аракідік болса да мақалаларының ішіне топ еткізіп, «лақтырып» жібереді. Осының өзіне қуанасың. Ал, өзгелер жұмған ауыздарын ашса, тілдері кеуіп қалатындай… Бір-бірімізді іздемесек, бірімізді біріміз насихаттамасақ, ақкөңіл ақындар біздің жан сарайымызды қалай ұқсын?
Бесінші күн. Сәлеметсіз бе, сатира? «Алыстан орағытып,  жан-жағыма шолу жасап, енді ақсақал жазушы, сексеннің сеңгіріне шыққан Ғаббас Қабыш ауылына ат басын бұрайын.  2014 жылы әдеби жыл қорытындысында жасаған «Солай, сатира мырза!» атты баяндамамда Ғабаң туралы  былай жазыппын: «Жаңа заман көшіне ілесіп, сатираның сағын сындырмай келе жатқан ақсақал жазушы, сатираға сонау кеңес заманынан тонның ішкі бауындай досы болып алған, Халықаралық Алаш сыйлығының лауреаты Ғаббас Қабышұлы биыл сексенге сүйкенді. Сексенге жәй сүйкенген жоқ, сатираның сапында жүрді, қаламын тастамады, бұрқыратып кітаптарын шығарды. Әсіресе, порталдардағы сарказммен суарылған өткір мақалаларын ойлы оқырман іздеп жүріп оқыды. Өзінен кейінгі шәкірттеріне адал, ағалық ілтипатын үнемі  үкілеп жеткізіп отыратын Ғабекеңнің таңдамалы жинағын оқып отырып, сатирада салған айшықты іздерін анық көресің. Бірақ,  сатираға салқын қабақпен қарап, желкесін көрсетіп, тап бір әдебиеттің тоқалынан туғандай өгейсітетін ағайындардың да бар екенін жасырмаймыз. Бұл жөнінде Ғаббас ағаның маған жазған үшбу хатынан үзінді келтірейін: «Жасым 70-ке  толардан екі жыл бұрын, 2003-жылы, сол кездегі Баспа министрлігімізге хат жазып, әзіл-сықақ әңгімелерімнің екі томдығын  шығарып  беруді  өтініп  едім,  соны былтыр, 79 жасымда, шығарып, 80 жылдығыма тарту етті. Жанрына қарай жабдығы ғой, ол екі томдығым әлгі: көбіксөзшілдік, көзбояушылық, мақтаншақтық, суайттық, уәдешілдік, парақорлық, жемқорлық, зинақорлық, өсекшілдік, арызқойшылдық, тағы басқа атаңанәлетшілдіктер туралы «ән мен жырға» толы. Одан  кейін өзім туып-өскен өңірдің – Шығыс Қазақ­станның  обләкімдігі жерлес ақын-жазу­шы­ларының кітаптарын шығаруға кірісіп, «Алтай-Ертіс» атты топтама жасап, ол тізімге мені де іліктіріп, «Шы­ғармаларының 1-томы» деп әзіл-сықақтарымның біразын сыйғызып, әдемі кітап етіп беріп жіберіпті. Ол да былтыр. Қуанып, 1-ден кейін 2 болатынына сеніп, су жаңа әңгімелерім, ескі пародияларым мен памфлеттерім, тіпті фельетондарым барын айтып, соларды  2- ші томым етіп беруді өтіндім, бірақ «1-том» дегендері әзілдері болса керек, әліге дейін ләм-мимсіз.
Содан кейін аударма ауылымды аралап кетсем: арғы-бергі шет елдер әдебиетінің күлкі керуенінен кеңшілік кезде алып қалған роман, хикаят,  әңгіме атаулының өзі топ-толық екі томға жетіп артылады екен. 80 жылдығымның алдында соларды бір сәндеп шығартып алуға құлшынып, бір жыл бұрын Мәдениет министрлігімізге хат жолдадым ғой. Обалы кәне, министр А. Мұхамедиұлы мырзадан: «Сіз уақтылы дайындап берсеңіз, біз де уақтылы шығарып береміз» деген дені дұп-дұрыс жауап келді. «Ан-арыс» баспамыздың «қазанында пісіп, былқып» тұрған екі томдығымды табаққа салып бере қойдық. Арада айлар өтті, сөйтіп, Астанадан, не дегенмен солтүстік жақ қой, әлгі талай ақын-жазушыны сорттап отыратын «Тендер» деген төрешіктің біздің де табағымызды теуіп төңкеріп тастағаны туралы ызғырық хабар келді. Е, мейілдері, «қазаншының еркі бар… құлақ шығармай қоюға да» дей салдым». 
Алтыншы күн. Сәлеметсіз бе, сатира мырза?  Көрдіңіз бе, Ғабаңның мұңын тыңдар кім бар екен?  Шынында Ғаббас, Ғаббас Қабыш аға кім? Дүрбіні қолға ала салып, өткен өміріне көз лақтырсақ, Ғабаң әуелі сатираның «саумалын» ішкен сатирик.  Сатираға жәй сүйкеніп, сосын сүметіліп жүретін сатириктер де бар екенін несіне жасырамыз? Ал, мен білетін Ғабаң сатираның сарқытына дейін ішіп, білімі мен тәжірибесін талантымен «пайуандап»,  қиялына құрық бойлатпай, ащы сөздерден, сарказмнан туралған «салаттардан» жеп, қышқыл сөздерді қыл­ғытып, тотияйынды тамағына жа­ғып, Ювенальдың қамшысын қолына қыс­қан сарабдал сатирик екенін айтсам, асыра мақтап жатқанымнан емес. Мақтай қойып, ұпай жинайтындай Ғаббас Қабыш министр де емес, әкім де емес. Ол – оқырмандарына сатира «кәмпитінен» шашу шашып, публицистикалық өткір мақалаларымен найзағайдай жарқ ете қалып жүрген  ардагер азамат. Жоғарыда мен айтып өткен сатира  мәселелерін Ғабаң да жиі қозғайды, сатирадағы жағымды жаңалықтар болса, балаша қуанады, бықсыған түтіндер шықса түтігіп кететіні бар,ондайды «тек қана жазушымын!» деп тым-тырыс отыра алмайды, қаламын отқа қақтап, қыздырып алады да, ащы да өткір, оқырманның көкейінде құрттап кетуге дейін жүрген мүйізді мәселелерді мақалаға айналдырып, газет-журналдар мен сайттарда жариялатып жатады. Мен бұл жолы Ғабаңның осы бір қырына көз қиығымды салсам деймін. Сезіп отырмын, сіздер сатириктің әзіл-сықақ, әңгіме, хикаят, сын, көркем очерк, көсемсөз, мақала жазып келе жатқанын, 14 жинақтың авторы екенін, орыс әдебиетінен А.Чехов, Д.Ленч, С.Михалковтың, украин әдебиетінен О.Виш­нянның, серб әдебиетінен Б.Нушичтің әңгімелерін, түрік әдебиетінен Ә.Несиннің «Футбол королі» сықақ романын, таңдаулы әзіл-сықақ әңгімелерін, (жиыны 2 кітап), молдован әзілқойы А.Бусуйоктың «Менің париждік нағашым» хикаятын аударғанын,  «Көрінім, көңілге түйгенім»; «Күлкіңді жүрміз сағынып»; «Әлем таныған Әнуар. Признанный миром Ануар»; «Хакім. Михаил Иванович. Мәке» естеліктер жинағын әрі ұйымдастырып, әрі құрастырып шығарғанын,  Ол ол ма, О.Әубәкіровтің 4 томдық таңдамалысын, Х.Есенәлиевтің 4 томдық таңдамалысын құрастырып, жа­рыққа шығарғанын,  кеңестік дәуірде  «Қы­мызхана», «Тамаша» театрларының сахналарында әзіл-сықақ әңгімелері қойылғанын, «Мінездеме», «Мысықта сақал неге жоқ?», «Күлеміз бе, қайтеміз?», «Тарихта қалғың келе ме?», «Бұл әлгі кім ғой…», «Халіңіз қалай?» «Кадр мәселесін… мәселе шешеді», «Жетім жиналыс», «Смех и слезы», «Екі хикая», «Көлденең кітап», «Сағыныш сазы», «Адамның кейбір кездері», « Жолаушылар », «Сайыңнан саяқ құрлы сая таппай…», «Төрт хат», «Тарғыл тағдыр», «Гүл аңсағай бір ғұмыр. Айғыр кемпір», «Удай уәде», «…изация», «Арыңның сөзін айта біл. Скажи все по совести», «Анау-мынауизация» атты кітаптардың авторы екенін, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты ата­ғы  да Ғабаң қанжығасына байланғанын  білесіздер. Олай болса, сатиралық кітап­тарын қайта парақтамай-ақ қояйын, мен білетін Ғабаң аузына сұйық сөздерді қамап қойып, ұртын ұрғылап отыратын адамдардың қатарынан емес. Айтқысы келеді ме, айта салады. Бетің бар, жүзің бар демейді, шындықтың шырағын жа­ғып, келеңсіздіктер мен әділетсіздікті, пәтуәсыздықты жағымпаздықты әш­керелейді. Бұғып қалып басын қасығанды жек көреді.  Мынадай оқиға болған кезінде. «Дат» газетінен сот  арқылы «моральдық» шығын  талап еткен аза­матың қылығы  «қытығын» келтіреді. Не болып, не қойғанын Ғабаңның өз аузынан тыңдайық:  «Ойда жоқта баюдың «тәсілін» тапқан депутат Мадиновке «Тасжарған» төлер ақшаның сылдыры болсын деп бес теңгелікті бір қапшық етіп жинап, оны иесіне газет арқылы хабарладым, бірақ, ол «аламын!» деп сәлем айтпады, яғни, менде жазық жоқ, содан кейін оны мешіттердің айналасында, вокзалдарда, көше бойларында, көкбазар маңында қол жайып отыратын мүгедектерге бес-алты айда үлестіріп болып, ең соңғысына қапшығымды да бере салдым. Өзі мүгедектің ар-ұяты мүгедек бола бермейді екен, тиын-тебенге амалсыз жайған алақанымен бетін сипап,  рахметін, ақ тілегін айтты». Бұл жерде сатирик «Қожанасыр» бола қояйын деген ойдан аулақ. «Тисе терек­ке, тимесе бұтаққа» деп тасадан тас лақ­тыратындарға жіберген сатиралық «нотасы»деп пайымдадым. 
Жетінші  күн. Сәлеметсіз бе, сатира  мырза!  Жазушы, әсіресе сатириктер заман зымыранындай болу керек деп ойлаймын. Ескінің жұртында қалғып-мүлгіп отыр­ғаннан гөрі бүгінгі заманның жаңа лебіне, көшіне тәпіш­кеңмен жүгірсең де жетіп алғаның, тіпті озып кеткенің керек. Ғаббас Қабыш «мен қартайдым, қайғы ойладым» деп отырған жоқ! Тәпішкесі несі, жалаң аяқ болса,  заман көшіне жармасып, бірде ілгері озып кетіп отырады. Атың өшкір жемқорлық туралы пәлсәфасы  мынаған саяды: «Жемқорлықты ұйымдастыра білген алаяқ тұтыла қалғанында одан қалай құтылудың айла-әдісін де күні бұрын ойластырып қояды дей аламын. Бізде жемқорлықтың тамырына бүгін-ертең балта шабу мүмкін емес, өйткені, залал істің бар екенін еріксіз мойындап даурығуымыз бар да, оны дұрыстауға зауқымыз жоқ. Баяғы ұсқынсыз ұран­шылдық. Адами тазалық үстем ортада арамдықтың ешбір түрі болмайды, ал, бола қалса, ұзақ тұрақтай алмайды. Өкінішке қарай, мемлекеттік, үкіметтік қызмет ордаларымызда тазалық жетіспейді. Осы уақытқа дейін биліктің әр буынынан қаншама шенеунік мемлекет қаржысын жымқырғаны үшін ұсталып, істі болды. Бірі үйқамақта, бірі темір тордың ар жағында отыр. Бас сауғалап шетел асқандары да аз емес. Ойы орындалып, бұғып жүргендерінің қанша екенін бір құдай білсін. Ешкім бір сәтте жемқор бола салмайды, «көрген көргенін істейді, көсеу түрткенін істейді» («Қоғамда құл мінезден арылатын құлық жоқ» атты сұхбатынан). Шынында, ойлары орындалып, бұғып жүргендерді «биеу, екеу, үшеу» ә деп сақауға да санатып ала  алмаймыз… Өкінішті… 
Сегізінші күн. Сәлеметсіз бе, сатира мырза? Сіз білетін шығарсыз деп ойлаймын, Ғаббас Қабышұлының тағы бір қыры–биліктегі мырзаларға арнап халықтың мұң-мұқтажын күйттеген  ашық хаттарын жазуы. Ашық хат пен ғашық хатты шатастырып алатындарға айтарым, Ғабаң өз қамын ойлап, өз мүддесін «миының арасына» жасырмайды… Сол жазғандарымен «пияз» да, пияр да жинауға құлқы жоқ. Бар мақсаты – сатирик болып туылған екен, халықтың кәдесіне жарау, тырс еткен тамшыдай болса да халыққа пайдасын тигізу, билікке ой салу, сөз қамшысын салу, тағысын тағылар болып кете бе­реді. Қазақстан парламенті Мәжілісінің төрағасы Орал Мұхамеджанов мырзаға ашық хат жазды. Ашық хатта: «Бүгінде биліктің басы-қасында, айналасында жүр­гендердің бәрін дерлік  кезінде таң­даған атына мінгізген Кеңес өкіметінің кеңсе-мекемелерінде  жұртшылықтан келген хатқа он күннің ішінде жауап беруді міндеттеген тәртіп болғанын  жақсы білетін шығарсыз. Ол да өкіметімен бірге кете барды. Тәуелсіздігіміздің жиырма жылы көрсетіп бергеніндей, бізде жоғары-төменді кімге хат жазсаң да, жауап қайтарылмайтын «дәстүр» қалыптасты. Соның бірегей мысалы – Сізге 2004-жылғы қарашаның 10-ында және 2009-жылғы маусымның 16-сында жазған, поштаның өз қолыңызға тигізетін жолымен жөнелтілген, Мәжіліс депутаттарына мәлім етуіңізді өтінген хаттарымның хабар-ошарсыз қалғаны. Соны ескеріп, мына хатымды  Abai.kz порталы арқылы ашық жазғаныма ренжімегейсіз» деп бастайды да: «Ақын Шәкәрім Құдайбердіұлы «халық жауы» деген жаладан толық ақталысымен марқұмның таңдамалы туындылары 1988-жылы «Жазушы» баспасынан жарық көрді, бірақ, ол жинақ жарымжан болды, себебі: баспадағы әсіресақтардың «арқасында» ақынның өлең-дастандары: «Құдай, Алла, Тәңір, тағдыр, иман, мұсылман», т. б. діни сөздерден «тазартылып», қажы Шәкең  кәдімгі атеистке айналдырылды. Шәкәрімтанушы бас ғалым-әдебиетшіміз Қайым Мұхамедханов, сыншы-жазушы Мұхтар Мағауин ол өрескелдікті қатты сынаған мақалалар жазып, дереу дабыл қақты. Қостаушылар аз болмады.
Шәкең жинағы одан беріде екі дүркін шығарылды («Аманат» жорналының кі­тап­­ханасы, Халықаралық Абай клубы,  Жидебай, Семей, 2006 ж.). Алайда, ең болмаса Қайым ағаның жанайқайы еске­рілмей, кітаптың 1988-жылғысы қай­­талана салды. Аруаққа одан өткен қиянат болуы мүмкін емес!» деп столды «жұдырығымен бір қойып қалғандай» болады… Көрмейтіні жоқ, білмейтіні тағы да жоқ…  Халықтың көкейінде жүрген кірбіңді дөп басады, қараңыз: «…Яғни Мирзоян 7650 адамды тізімдеп, мысалы, ақын-жазушыларымыздан: Ахмет Байтұрсынов, Мағжан Жұмабаев, Сәкен Сейфуллин, Ілияс Жансүгіров, Бейімбет Майлин және басқаларды жұтты. Бірақ қазекем, қалайша екенін түсінбедім, малын тартып алып аштан қырған Голощекинді «қу жақ, жауыз» деп дұрыс даттады да, малына тиіспей, азаматтарын қырған Мирзоянды  «Мырзажан» деп мақтады. Сөйткен Мирзоян туралы бүгін де мадақтау мақала жазылуда, Алматы, Астана  көшелерінде аты бар. Мен осы кереғарлыққа да ашынып, әр қырынан бірнеше  мақала жарияладым. Алматы қаласының  әкімдігіне хат жаздым. Ешқайдан ешкім ләм демеді. Баяғы: «әй, қайтесің соны қозғап?».
Осындай ашық хаттарды өзге сатириктеріміз неге жаза алмайды? Немесе Ақын-жазушыларымыз неге бұғып қалады? Оның себебі де бар, балаларыма, немерелеріме кесірім тиіп жүрер, бәлкім, мемлекеттік сыйлықтан қағылармын..» деген ой саналарында самсап, түнгі электр шамдарындай жарқырап тұр! Ғаббас Қабышұлының мұндай ашық хаттары өте көп, оқыған сайын айызың қанады, көңіл көкірегің қышыса, қаси бергің келеді. 
Тоғызыншы күн. Сәлеметсіз бе, сатира мырза! Есіңізде ме, 2014 жылдың әдеби жыл қорытындысында «Солай сатира мырза!» деп өзіңізге қарата баяндама жасаған едім. Сонда мынадай жолдар бар: «Айтпасақ, ауыздан абырой кетеді демекші, саяси сатира сирағын да көрсетпей келеді. Олай дейтініміз, сықақшылар саяси сатираға ауыз сала бермейді. Тістері  түсіп қалатындай қорқады… Іш-сыртымызды ұғып қарасаңыз да, жан-жағыңызға бұғып қарасаңыз да саяси сатираға сұранып тұрған тақырыптар көп. Бізді келемеждегіш Боратты, Қазақстан десе жыны қозып шыға келетін  Жириновскийді сатирамен түйреп, кітап етіп шығаратын кім бар? Солай, сатира мырза, саяси сатира ұйықтап жатыр. Әзірге оянар емес…» Мен бұл пияздай ащы пікірімді қолының қышымасы бар сатириктер тобына  қарата айтқан едім. Ал, негізінде Ғаббас Қабышұлының жалғыз өзі «жар жағалап» келеді. Айқай салып. Саяси сатирасын ұрандатып. Бірақ, оны ести қояр билік бар ма? Құлақтарын тығындап ала қояды. Естігілері келмейді. Мейлі, олар тас керең бола қойсын, Ғабаңның саяси сатирасын қалың оқырман оқиды. Іздеп жүріп оқиды.  Осы жақында ғана  «Абай» порталында  сатирик ағамыздың  «Қызық, ә?»  атты саяси сатирасы жарық көрді. Дәмін татып көрсем, өте ащы екен! Сатираның ащы  бұрышын аямай сеуіпті… Сенің оның, сіздің ойыңыздағыны дөп басқан. Міне, әуелі кекесін қыжылмен бастайды: «Сонымен:
– қазақ қойдан да жуас, басын басып кетсең де қыңқ етпейді;
– қазақтың ағайынға қайырымы жоқ;  
– қазақ барыңда – көре алмайды, жоғыңда – бере алмайды;
– қазақ байыса, қатын алады;
– қазақ жоғарыдағының балағынан тартады, төмендегінің төбесіне түкіреді;
– қазақ бір кебісті бір кебіске сұқпай отыра алмайды.
– қазақ қолынан келгенде қонышынан басады, келмегенде, тойып отырып қарны ашады;
– қазақ жалқау: жатса – тұрғысы жоқ, тұрса – жатқысы жоқ; –  қазақ…»
Осының бәрі рас қой? Шындық шырылдап тұр емес қой? Күнделікті күйкі тірлікті елемеген. Ішкі саяси салма­ғымызды зерделеген. Сатира тілімен сөй­леген. Одан әрі:  «Жалпы бар ғой, Жалпеке, тырп етпей тыңдап отырсыз, рахмет, ендеше, жездеке, біздің бүгінгі сонау билік басындағылар мен айналасындағылардың миллиардер, миллионер болғандарын, сон­­дай-ақ, болатындарын бәріміз аяқ-қолы­­мызды бірдей көтеріп қостауымыз, қолдауымыз керек. «Неге?» десеңіз, ашып айтайын, «қазақ кейде турасын айтады»: егер,  билік басындағылар, олардың қойын-қонышындағылар шылқа бай болмаса, халқының жартысы кедей болып отырған Қазақстанның экономикасы қазіргідей дамып, дүниежүзін қызықтыра алар ма еді? Қазақстан жер бетіндегі аса бай он елдің ортасына ертең еніп кетуге бүгін дайын отырар ма еді? Ал, кәне, құрметті Жалпеке, ендігісін өзіңіз айтыңызшы!»
Оныншы күн. Сәлеметсіз бе, сати­ра мырза! Сіз бен біз сатира салатынан ауыз тиіп, біраз дүниенің бетін аш­тық, қазақ сатирасының көрнекті өкілі Ғаб­бас Қабышұлының да «құлағын біраз шу­латтық»… Ең бастысы: «сатира жоғалып барады! Сатира әлсіз!» деп бостан-босқа шу­­­лай­тындарға «шабуылдайтын» кез кел­ді…

Мұхтар ШЕРІМ,
Шона Смаханұлы атындағы 
әдеби сыйлықтың Бас жүлдегері, 
«Қазақ әдебиеті» газетінің лауреаты,
жазушы-сықақшы

Алдыңғы «
Келесі »