ІЛЕ-АЛАТАУ МЕМЛЕКЕТТІК ҰЛТТЫҚ ТАБИҒИ ПАРКІНІҢ ТҮРГЕН ФИЛИАЛЫНДА РЕКРЕАЦИЯЛЫҚ ОРМАН ПАЙДАЛАНУ ІС-ШАРАЛАРЫН ЖЕТІЛДІРУ

  • 01.02.2016
  • 1613 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Кіріспе
Қазіргі таңда орман пайдалануда қоршаған ортаға ешқандай зиян келтірмей пайдаланудың маңыздылығы артып отыр. Өйткені, кез келген табиғи ресурсты пайдалану үшін оның қоршаған ортаға міндетті түрде әсер ететіні сөзсіз. Осыған байланысты, ірі қала маңындағы орман алқаптары қала халқының денсаулығына  пайдалы әсер етумен қатар табиғи ортаны оттегімен  қамтамасыз ету көзі болып табылады.         


Курорттық рекреациялық шаруашылыққа санаториялар, демалыс үйлері, туризм және қызмет көрсету нысандары жатады. Солардың бірі біздің диссертациялық жұмыстың өзегіне арқау болатын Іле-Алатау мемлекеттік ұлттық табиғи бағы, Түрген филиалының таулы аймағы. Осы зерттеуде Түрген тауларының туристік қызметте қолданылу мәселелері мен туристік рекреациялық ресурстары, шаруашылығының туризм мен қоршаған орта сферасындағы қарым-қатынасы ретінде қарастырылады. Қазіргі қоғамның даму этаптары ерекшеліктерінің бірі болып саналатын қоршаған ортаның лас­тануының техногендік факторлардың өсуі болып табылады. Бұл қауіпті жағдайларда алдымен табиғи туристік ресурстардың дағдарысына әкеледі. Туризм өзінің басты ресурсы – табиғи ортаның үнемі сақталып және жақсарып отыруын қалайды. Соңғы жылдарда қарқынды индустрияландыру, жан-жақты даму, ғылыми-техникалық прогрестің нәтижесінде қоршаған табиғи ортаға, оның табиғи ресурстарына деген сұраныс артып отыр. Осыған орай, рекреациялық орман пайдалану іс-шаралары да айтарлықтай маңызға ие. Қай елдің болсын байлығы оның табиғаты мен табиғи ресурстарына байланысты бағалануы сөзсіз. Барлық елде орман алқабы сол елдің басты ресурстардың бірі болып табылады. Сондықтан да, орман өсіру, орманды пайдалану мәселесі қай кезде болса да өзекті болып қала бермек. 
Іле-Алатау мемлекеттік ұлттық табиғи паркі – Орталық Азиядағы ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың ішіндегі аса ірілерінің бірі. Мұны біз мақтанышпен айта аламыз. Бұл аймақ таулы құрылым болғандықтан таулы- шыршалы және жабайы жемісті ормандар мен оңтүстік беткейлердегі далалы экожүйелердің бірегей үйлесімділігі, ландшафттардың жоғары көркемдік құндылығымен бірге аумақтың бай рекреациялық мүмкіндігін қамтамасыз етеді. Сонғы жылдарда адам санының көбеюіне байланысты Түрген филиалының рекреациялық салмағы күрт өсті. Сонымен, ұзақ және қысқа  мерзімді демалыс арақатынасы теңесті деуге болады. Алматы қаласы одан ары өскен сайын және халықтың әл-ауқаты жақсарған сайын бұл аумақтың рекреациялық қорлары одан ары өсе берері сөзсіз. Бұл қорғалатын табиғи аумақтың рекреациялық қорларын тиімді пайдалану және парктің табиғи экожүйелерін тұрақты табиғи жағдайда сақтап қалу бойынша іс-шаралар қабылдауды талап етеді. Түрген филиалы 49218 га жерді алып жатыр. Оның құрамында Есік, Түрген және Маловодное орманшылықтары бар. Ұлттық парк аймағы орман-өсімдік жағдайы, климаты мен жер бедері бойынша Орталық Іле ауданы деп аталатын орталық Азия аймағына жатады. Ұлттық парктің аймағы және климаттық ерекшеліктері Есік қаласының маңындағы, теңіз деңгейінен 1091м биіктікте орналасқан Есік метеостанциясының дерек­терімен сипатталады. Біз филиал территориясында 40 ландшафты – рекреациялық аймақтарды, әртүрлі мақсаттағы функционалды микроаймақтарды  және жыл бойы рекреациялық қызмет көрсетуге арналған нысандардың қажеттілігін ұсы­намыз. Біз ұсынып отырған негізгі және қосалқы ны­сандардың туристік потенциалын орындауға бағытталған жұмыс гипотезасы ретінде туристік маршруттарды ойлап табу мүмкіндіктері бар. Айрықша туризм нысаны ретінде Іле-Алатау мемлекеттік ұлттық табиғи бағын есептеуге болады. Түрген филиалының территориясында расында да тау шаңғысының базаларын, альпинизм, жартастарға шығу, мұзды құздарға өрмелеу, дельтопланизм, жазықтағы шаңғы спорты, шанамен сырғанау тәрізді спорт түрлерінен базаларды ұйымдастыру ресурстары мол. 
Зерттеу әдістері мен материалдары. Орманды  ұзақ уақыт шектеусіз пайдалануды қамтамасыз еткенде ғана орманның адам ағзасына пайдалы әсер етуін және оңтүстік астанаға орман-бақ белдеуінің рекреациялық сыйымдылығын жоғарылатуға болады. Кең аумақты алып жатқан орман-бақ аймағы орманды қорғауды ұйымдастыру жұмысы мен негізгі қызметтерін ғана қамтамасыз етіп қана қоймай, сонымен қатар орманды пайдаланудың осы түрін экономикалық негіздеу қажет. Зерттеу әдістерін заманауи технологияларға негіздеп, орман-саябақ ландшафтарының шекараларын осы рекреациялық ұлттық бақ аумағында жасау операциялары, негізгі маршруттарды белгілеу – қорық және орман шаруашылық мекемелерінің міндеті болып табылады. 
Зерттеу нәтижелері. Іле-Алатау мем­лекеттік ұлттық табиғи бағының Түрген филиалында  рекреациялық орман пайдалану іс-шараларын жетілдіру мақсатында зерттеу жұмыстарын жүргізіп, іс-шараларды жетілдіру мен оның мәселелері мен шешімдерін  қарастыру зерттеудің басты мақсаты мен міндеттеріне жатады. Тарихи және сәулет  ескерткіштеріне туристік сапарларды ұсынып отырмыз. Мысалы, сақ тайпаларының тұрмыс-тіршілігін көрсететін ескерткіштер – Есік қорғандары, Есік өзені мен биік таулардағы көлдер. Қазір филиалда туристік сапарлардың инфрақұрылымының даму дең­гейіне байланысты аз ғана демалушыларға қыз­мет көрсете алады. Бірақ, Іле-Алатау мемлекеттік ұлттық табиғи бағының Түрген фили­алы болашақта тарихи маңызы бар туризм нысаны бола алады. Ескерткіш пен мұражай орындары дайындалып, ұйымдастыру дұрыс орындалса, демалушылардың саны көбейеді, себебі мұндай табиғаттың тамаша жерлеріне демалушылар толастаған емес. Кіші және Үлкен Алматы шатқалдарындағы нағыз тарихи орындар көркем табиғи ландшафтармен қоса, аса жоғары нәтиже береді. Мұнда әртүрлі жаяу және салт атты маршруттар құрастырып шығаруға болады. Халықаралық туризм саласында рекреацияны дамыту үшін және осы рекреациялық жұмыстар мен шараларға шетел туристерінің назарын аудару үшін халықаралық туристік сервис деңгейіне дейін көтеруге болады. Түрген филиалында рекреациялық орман пайдаланудың заңдылықтарын белгілеу және соған байланысты оны құру принциптерін, туристік қызметтерді өңдеп табу болып саналады. Рекреациялық шараларды жүргізудің маңызды міндеттеріне жататындар: Түрген филиалының рекреациялық ортасын зерттеу, орман типологиялық ерекшеліктерді есептеу, тұрақты рекреациялық учаскелерде тәжірибе жинау, рекреация мен туризмнің бағдарламаларын жүргізу және ең басты міндет – туристерді еліктіру, тынығу үшін жағдай жасау, табиғатты қорғау және орманды сақтау, мұның бәрі адамның зиянды әрекетінен шектейтін рекреациялық қорғау тәрізді жаңа тәсілде ғана мүмкін болады.    
Іле-Алатау мем­ле­кет­тік ұлттық табиғи ба­ғының Түрген филиалы іс-қызметінің нарық экономикасына ауысуына байланысты орманды рекреациялық пайдаланудың маңызы зор. Оның өзі, біріншіден, орманның маңызын арттыруға бағытталған. Туризм мен басқа да рекреациялық жұмыстар біршама ақшалай қаражат алуға мүмкіндік туғызады. Сонымен қатар, маршруттарды жаңадан белгілеу керек, себебі бақ аумағында  бір ғана соқпақ торабы бар. Соған орай, жоғарыдағы тарауларда айтылғандай, маршруттарды жол бойымен жүргізген дұрыс. Жергілікті жердің таулы, тасты, әрі жыралы екендігін ескере отырып, салт атпен және жаяу жүретін соқпақтар, ал, қыста шаңғымен, шанамен жүретін жолдар жасау қажет. 
Қорытынды
Зерттеуде жүргізілген іс-шаралар мен қолданылған әдіс-тәсілдер арқылы  мемлекеттік ұлттық парктің Түрген филиалында рекреа­циялық орман пайдалану іс-шараларын жетіл­діру нәтижесінде тиімді рекреациялық орман пайдаланудың ұлғаюы болып саналады. Рекреа­циялық орман пайдалу нәтижесінде іс-шараларды қолдану арқылы орманды қалпына келтіру, табиғи эрозиялық процестің алдын алу,   экологиялық жағдайдың біршама болса да жақсаруы. Сонымен қатар, жануарлар мен өсімдіктердің сирек кездесетін және құрып кету қәупі төніп тұрған түрлерін табиғи ортада көбейту, өсіру және қалпына келтіру іс-шараларын да назардан тыс қалдырмай, оларға қолайлы жағдай туғызу да назарда болады.

Құрмангүл Абаева, 
экономика ғылымдарының 
докторы, профессор.
Серік Айдабосын,
Қазақ ұлттық аграрлық 
университетінің 
2-ші курс магистранты

Пайдаланылған әдебиеттер:

1 Проект организации и развития лесного хозяйства Тургенского отделение КАЗлеспроект 2001г.                 
2 Курамшин В.Я. «Введение хозяйства рекреационных лесах».М. 1998г.        
3 Ким В.И. «Рекреация и развитие туризма в Казахстане».А.–1997г.               
4  Национальные парки мира. Справочник. – М. – 1990г.                              
5 Хайбеков Р.И. «Организация зеленых зон с регулированием численности отдыхающих». – М. – 1997г. 

Алдыңғы «
Келесі »