ІЗГІЛІК ПЕН БІРЛІККЕ БАСТАҒАН БАСҚОСУ

  • 29.12.2015
  • 785 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Әбсаттар қажы ДЕРБІСӘЛІ,
Сүлейменов атындағы 
Шығыстану институтының 
директоры, филология ғылымдарының докторы, 
профессор

Бүгінгідей қым-қуыт дүниеде, аласапыран заманда бейбітшілік пен ынтымақ күшейіп, дамуы үшін дәстүрлі діндераралық үнқатысу мен төзімділіктің мәні мен маңызы жоғары. Өйткені, жер шары баршамызға ортақ мекен. Оны сақтау адамзат алдында тұрған аса күрделі мәселе. Осы мақсатты алға қойған қаншама ресми институттар оның шешімін таба алмай бас қатыруда.
Әлемдік тарихта бұрын-соңды бір үстелдің басында көптеген дін басшыларының бас қосып, үн қатысуы, өздерін толғандырған ойларын ортаға салуы, бір-бірін сабырлылықпен тыңдап, түсінісуі көп кездесе бермеген құбылыс.

Алайда, Ұлт лидері Нұрсұлтан Назарбаев Елордамыз Астананы әлемдік дәстүрлі дін көшбасшылары үшін пікір алмасу алаңына, бейбітшіліктің алтын қазығына айналдырды. Бұл күллі Алаш баласының Астанасы және Елбасымыздың бүкіл әлем алдындағы биік беделінің тағы бір көрінісі дер едік. Еліміздегі дәстүрлі дін өкілдері арасындағы ортақ келісімдер мен басқосулар осындай ерекшелігімен құнды. Өркениетаралық үндесулердің дамуы мен конфессияаралық диалог мәдениетін қалыптастырудағы бұл оң бастама әлемдік дәстүрлі басқосулардың бірегейіне айналып, әр үш жыл сайын елімізде тұрақты өтіп келеді. Барша адамзат баласын ізгілік пен бірлікке бастаған басқосу халқымыздың бейбітсүйгіш ел екенін әлемге тағы бір рет паш етті. Дін қайраткерлерінің дәстүрлі құрылтайы Аста­надағы Бейбітшілік және келісім сарайында өтуі кездейсоқ емес, тарихи оқиға деп атар едім. Сарайдың төрт тағаны дүниенің төрт бұрышына есігін айқара ашқан. Бұл ғимарат әлемнің әр түкпіріндегі түрлі тілдегі халықтар мен түрлі діндегі адамдарға кең құшағын ашып, бірлік пен бейбітшілікті, түсіністік пен мейірімділікті паш етіп тұр. Бұл – Қазақстанның символы іспетті.
Ақын Жәркен Бөдешұлы «Қазақ Пирамидасы» деп аталатын өлеңінде былайша толғана жырлапты:
«Көлеңкесі көктен түсер көлбеңдеп,
Египеттің мұнарасын көргем жоқ.
Астанамның көрдім Пирамидасын,
Төбе бидей малдас құрған – Төрге өрлеп».
Қазақстан экономикалық, әлеуметтік-саяси, демократиялық тұрғыдан жедел даму жолына түсті және де ол тек бұрынғы кеңестік кеңістік аясында ғана емес, сонымен қатар, әлемдегі қарқынды дамып келе жатқан елдердің бірі. Әрине, мұндай жетістік өздігінен келе қойған жоқ, оған қоғамдағы жарасымды үйлесім мен ішкі саяси тұрақтылықты сақтап, ұлтаралық және конфессияаралық қатынастардың тиімді тұтқаларын жасаудың дұрыс бағытын таңдап алу арқылы қол жеткіздік. Одақ ыдыраған кезде Нұрсұлтан Әбішұлы батыл да білікті қадамдар жасай білді. Ал, енді, кешегі Одақтың өзге елдерінің арасында этносаралық шиеленіске бір табан жақын тұрғандай көрінетін көп этносты Қазақстанның халықаралық аренадағы дәрежесі мен деңгейі артты.
2010 жылдың көктемінде Вашингтонда өткен жаһандық қауіпсіздік мәселесіне арналған саммиттің алғашқы мәжілісінде Қа­зақстан Президенті Н. Ә. Назарбаевқа сөз берерде АҚШ Президенті Барак Обама біздің мемлекетті ядролық қарусыздану жө­ніндегі әлемдік көшбасшы ел деп атады және Елбасының осы сала мен мемлекет басқарудағы қызметіне жоғары баға беруі де тектен тек емес. Бұл бағаның мәніне ой жүгірту үшін еліміз өз тәуелсіздігіне ие болған 1990 жылдар басына қайта оралайық.
Жер шарының жартысына ықпал еткен алып империя құлаған соң оның қанатының астынан жан-жаққа ыдырап шыққан жас мемлекеттердің мұнан кейінгі тағдырының қалай болатындығы белгісіз еді. Көптеген саясаткерлер олардың болашағына күмәнмен қарады. Әсіресе, біздің Қазақстанның болашағына қатысты болжамдар көбіне-көп қорқынышты болып келетін. Мәселен, Кеңес Одағының құлайтындығын он-он бес жылдай уақыт бұрын болжауымен және сол болжамның расқа айналуымен аты шығып, сұңғыла саясаткер екендігі мойындалған, сол тұстағы АҚШ президенті Р. Рейганның қауіпсіздік мәселелері жөніндегі кеңесшісі болған З.Бжезинский өткен ғасырдың басында Алматыға келген сапарында әл-Фа­раби атындағы ҚазМУ-дың студенттері мен оқытушылары ұжымымен кездесті. Онда осы оқу орнының халықаралық байланыс жөніндегі проректоры болғандықтан, онымен бірге жүр­дім. Сол ұшырасу үстінде мұхиттың арғы бетінен келген қонақтың: «Ұзақ жылдар бойы өздерінің дербес мемлекет құру тәжірибесінен айырылған Орталық Азия елдері ендігі кезекте болашақ Балқан түбегіне, яғни, этностық кикілжіңдердің мекеніне айналуы әбден мүмкін», – дегені есімде. З.Бжезинский, сондай-ақ, осындай қатер ең алдымен Қазақстаннан туындауы мүмкін екендігін, осы елде тарихи тұрғыдан қалыптасқан бірқатар факторларды алға тарта отырып, дәлелдей айтты. Әйтсе де, Құдайға шүкір, біз ең алдымен білгіш саясатшы сөзіндегі осы қатерден құтылдық. Тәуелсіздіктің жиырмаға жуық жылы ішінде сан ұлттың басы қосылған Қазақстан Елбасының сара саясаты нәтижесінде жер шарындағы ұлтаралық кикілжіңдер орнығуы мүмкін мекеннен сол сан ұлттың достығы жарасқан, ел ішінің берекесі артқан, экономикасы жақсы даму үстіндегі елге айналды. Мұны бір деңіз.
Тәуелсіздікті алу оңай емес, ал, алғаннан кейін оны нығайту одан да қиын. Осы ретте тәуелсіздіктен кейін оны нығайта алмай, дінаралық және ұлтаралық араздыққа жол беріп алуының салдарынан екіге бөлініп кеткен кезіндегі біртұтас Үндістанды мысалға келтіруге болады. Сондықтан, тәуелсіздікті ең алдымен елдің ішіндегі татулықпен ғана нығайта аласың. Елбасы Н.Ә.Назарбаев Ас­танада 2003 жылғы қыркүйекте өткен Әлем­дік және дәстүрлі діндер көшбасшылары құрыл­тайының ашылуында сөйлеген сөзінде: «Ха­лықтардың, діндердің, мемлекеттер мен үкіметтердің бейбіт қатар емір сүруі мен сындарлы өзара іс-қимылы туралы мәселе қазіргі кезде ерекше өзекті маңызға ие. Ол таза теориялық аядан аса маңызды прак­тикалық міндеттер қатарына шықты. Сондықтан да, көптеген аса көрнекті саяси және діни қайраткерлердің күш-жігерімен, шынтуайтында, байырғы заманнан қазір­гі күнге дейін тоқталмаған діндердің, мәде­ниеттердің, өркениеттердің үнқатысуын жал­ғастыру ерекше қажет» деген еді. Мемлекет басшысы этностардың өзара ынтымағы мен бірлігін үнемі назарда ұстайды. Елбасының кең дүниетанымының арқасында әр алуан этностық топ өкілдері біздің тарихымыздың ең бір қиын-қыстау кезеңінде де оған үлкен сеніммен қарады және байырғы қазақ жерінде мемлекеттікті дамытудың бірден-бір қолайлы жолы ретіндегі егеменді мемлекет құрудың Назарбаев ұсынған қағидаларын қабылдады, бұл орайда бейбітшілік сүйетін қоғамда бостандықтың, теңдіктің және келісімнің идеалдарын ұстануды бірінші кезекке қойды.
1995 жылы 1 наурызда республиканың қо­ғамдық-саяси аренасында ұлттық саясат сала­сындағы реттеуші жаңа субъект – Қазақстан халықтары Ассамблеясы Президент Н. Ә. На­зар­баевтың идеясы негізінде дүниеге келді. Этносаралық бірлік пен келісім мәселелерін шешудің тұтқалары жасалды. Ал, шын мәнінде Ассамблея құрылғаннан бері он төрт жыл ішінде халықтар достығының феномендік институты өркениет институты дәрежесіне көтерілді. Қазіргі кезде оны XXI ғасырдағы адамзат тәжірибесінің қолы жеткен зор жетістігінің бірі ретінде әлем қауымдастығы мойындады. Аталмыш ұйымды құрылған күнінен Президентіміздің басқарып келуі Елбасымыздың төзімділік, этносаралық және конфессияаралық келісім қағидаларын жақ­тайтындығын дәлелдей түсті. Данышпан ғұлама ғалым бабамыз (870-950) Әбу Насыр әл-Фараби атақты «Қайырымды қала тұрғындарының көзқарастары» туралы трак­татында мемлекетті басқарып тұрған адам ең алдымен қарамағындағылардың жан дүниесі туралы, олардың бақыты, гүлденуі мен өзара келісімінің болуы туралы ойлануы тиіс. Адамды емдейтін дәрігер оның дене құрылысын жақсы білсе, ел басқаратын мемлекеттік қайраткер де сол адамның барлық жан-дүниесін, оның ішкі қалтарыстарын, кемшіліктері мен ақауларын емдейді. Жүректің айналасына адам денесінің құрылысы қалыптасатын болса, билеушінің айналасына да тап сондай қайырымды ортаның қалыптасуы арқылы өзара түсіністік пен келісімге қол жетпек.
Біздің ел – Орталық Азияның жүрегі, әлем­дік өркениеттердің, еуразиялық дү­ние­нің тоғысқан жері. Еуразиялыққа тән ауқымы кең, әмбебап ойлау қабілетін бойы­на дарытқан Президент қана елді, оның тәуелсіздігін, ұлттық қауіпсіздік пен этносаралық үйлесімдікті қамтамасыз ететін бағытпен алып жүре алады. Өз елімізді әлемдік тарихтың келешегінде көре білу – ұлт­тық мүдделер мен оның ұлттар бірлігін, этносаралық және конфессияаралық тұрақ­ты­лық пен ынтымақтастықты қорғау және қамтамасыз ету тұрғысынан мемлекеттік саясат жүргізу екені анық. Еліміздегі діни фактор айтарлықтай алуан түрлі құрылым және ол өзінің жиынтығында адамға, оның дүниетанымдық құндылығына, өнегелілік бағыт-бағдарына, мінез-құлық ерекшелігіне, жан-дүниесіне ықпал етуге қабілетті қуатты рухани күш болып табылады.
Біздегі басты құндылық әрі басты саясат – тек этносаралық келісімді сақтау және бекіту ғана емес, сонымен бірге, барлық діни төзімділікті, конфессияаралық үнқатысу мен келісімді сақтап нығайту. Қазақстанда рухани келісім еуразиялық құрлықтың екі ірі этносы – түркі тілдестер мен славяндар ұстанатын екі әлемдік дәстүрлі діндер – ислам мен православиелік христиандар арасында басым болуы тиіс. Соған орай, Қазақстандағы ислам-православиелік христиан келісімі арқылы қазақстандықтардың төзімділігі қалыптасып, сақталмақ. Бұл келісім уақытша сипатта емес: ол жаһандану жағдайында Қазақстанның әлеу­меттік- экономикалық және саяси дамуының базасында және жақсылықты, ізгілікті, сенімді, ашықтықты, алыс-жақын адамдарды құрмет­теушілікті, лайықты мінез-құлықты және игі істерге адамдардың қатысуын парыз санайтын ислам мен православиелік христиандықтың ма­ңызды өсиеттері мен ғибраттары негізінде толық жүзеге аса алады. Құрлықтық қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз етудің шешуші фак­торы ретінде конфессияаралық үнқатысудың көздеген ізгі мақсаты осындай.
Қазақстанның бірнеше конфессиялы­лығын ел бірлігін сақтап, нығайту үшін қа­лай пайдалануға болады? Ежелгі тарихи және қазіргі уақыт сынынан өткен тәжірибе көрсеткеніндей, бұл конфессияаралық үнқа­тысу тиісінше жүйеге түсіп қалыптасса ғана мүмкін болмақ. Қазіргі жағдайда бо­луға тиіс және қажетті діндердің, мәде­ниет пен өркениеттердің үнқатысу кеңістігін қалыптастыру шиеленісті әлемнің әлеуметтік және мәдени реттелуінің маңызды нысан­дарының бірі. Шын мәніндегі келісімге қол жеткізудің жолдарын, мүмкіндіктерін жа­рия­лай білетін діндердің, мәдениеттер мен өркениеттердің үнқатысуы кертартпа саясатқа тегеурінді тосқауыл бола алады. Елбасы бір сөзінде айтқандай, біртұтас діни кеңістік құруға болмайды. Қазіргі айырмашылықтарды ақырына дейін еңсе­руде қиын, оның үстіне олар ұлы діндер­дің негізіне қатысты болып отыр. Алайда, тұрақты үнқатысудың құндылығы мынада, орын алып отырған келіспеушіліктерге қарамастан, бәзбір «алтын ортаны» іздеудің мәні мен үдерісінің өзі сақталады.
Құдайға шүкір, бүгінгідей ішкі, сыртқы сарабдал саясаттың арқасында тәуелсіз жас мемлекетіміздің халықаралық беделі жылдан-жылға артып келеді. Әлемдік және дәстүрлі дін басшыларының бес құрылтайының да Астанада өтуі осыны айқын көрсетті. Мұндай келелі, тарихи басқосуды өткізу жөніндегі жарқын идеяның бірден-бір бастамашысы, оны тамаша әрі жоғары деңгейде іс жүзіне асырушы да біздің ел екені бәрімізге зор мақтаныш. Діндердің халықтар мен халықтарды, мемлекеттер мен мемлекеттерді өзара жақындатуда да, керісінше алыстатып, дүрдараз етуде де рөлінің айрықша зор екені талас туғызбаса керек. Қазақстанның Бас мүфтиі жауапты лауазымын атқарған жылдары Сауд Арабиясы Корольдығының қажылық істер жөніндегі министрі Абд әс-Салам әл-Фарисидың шақыруы бойынша, сол елде болдым. Ол кісі сенімі алуан, көп ұлт пен ұлысты Қазақстандағы бүгінгі бейбіт те жарасымды өмірге өз қызығушылығын білдіріп, қалай қол жеткізгеніміз жайлы сұрады. Бұған жан-жақты нақты мысалдармен жауап бердім. Дүниежүзілік Ислам лигасының Бас хатшысы, доктор Абдалла бин Абд әл-Мухсин әт-Түрки мырзамен жылы шырайлы, достық жағдайда өткен кездесу барысында біздегі конфессияаралық түсіністік пен ішкі тұрақтылықтың сақталуына қызығушылық таныта келе, бұл игі іс мемлекетіміздің салиқалы саясатының нәтижесі екенін айтты. Ол Астана қаласында өткен Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының үш құрылтайына да қатысып, онда сонша рет ой-пікірлерін ортаға салған еді. Астана төрінде өткен Әлемдік және дәстүрлі діндер басшыларының бес съезіне де әлем көз тігіп келеді. Өйткені, мұндай кең ауқымдағы басқосулар бір-бірімен қақтығысқан мемлекеттердің діндер басшыларын да бір дөңгелек үстел басында тоғыстырды. Діндер съезіне қатысуға ықылас танытқандар еселене артқаны өзге елдердегі діндер өкілдерінің Қазақстанға, оның Тұңғыш Президентінің саясатына деген оң көзқарасын байқатты. Осы кезге дейін әлемнің қай елінде ұлттық және дәстүрлі діндер басшылары бас қосқан мұншама съезд өтіп еді?! Алғашқы болып Қазақстан осындай тың қадам жасау арқылы барша діндерді өзара ашық та еркін үнқатысуға шақырды. Бұған қай діннің өкілі болса да бейжай қарай алмады. Тіпті, АҚШ, Ұлыбритания, Ресей, Франция секілді көптеген ірі мемлекеттердің президенттері діндер басшыларының басқо­суына бірауыздан қолдау білдірді.
Тегінде дін ұлттар арасындағы дүрда­раз­дықтың емес, керісінше, келісімнің, достықтың, бейбіт өмірдің бастауы болуы керектігін елімізде сәтті өткен бес съездің де нәтижесі айқын көз жеткізді. Және бір құптарлық жайт, Елбасы барлық елдің дін өкілдеріне теледидардан дін сағаттарын өткізуді ұсынды. Президентіміздің бұл ұсынысын оған қатысушы дінбасылары зор ықыласпен қолдады. Жұмыр басты пенденің Жаратқанға жалбарынып, жақсылық тіле­мейтіні кемде-кем. Алда-жалда пиғылы жат біреулер кездесіп жатса, атам қазақ ондайларды «діннен безген» деп атаған. Құ­дайына қараған адамнан жаманшылық шық­пайтынына сенгендіктен солай деген. Осы­ның өзінен-ақ дін келеңсіздік емес, ізгілік пен жақсылық себетінін аңғаруға болады. Ендеше, бүгінде орын алып отырғандай, әлдебір кесір-кесапаттардың, ұрыс-жанжалдардың себебін белгілі діннен іздеу негізсіз. Бұл ақиқатты ұғынуда Қазақстанның байтағы Астанада болып өткен Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының бес съезінің де маңызы ерекше. Әрқайсысының артында қауым ел тұрған дінбасыларының діни наным-сенімдері әртүрлі екендігіне қарамастан, бір шаңырақтың астына жиналып, адамдарды толғандырып отырған кауіпсіздік мәселелерін сөз етуі, оның жолдарын іздестіруі көңілге үміт ұялатады. Араны ажырататын кез келген жатырқаушылық пен жақтырмаушылықтан осындай үнқатысулар арқылы ғана арылуға болады.
Ұлт лидері байыпты баяндамасының бірін­де: «Ислам әлемге емес, әлем Ислам әле­міне қауіп төндіріп тұр», – деп кесімді түрде пікір білдірді. Бұл түсіне білген адамға Исламды қорғаудың нақты үлкен үлгісі. Өкінішке қарай, соңғы кездері біздің асыл дінімізге күйе жағып, неше түрлі адам естісе денесі тітіркенетін небір «измдерді» тіркеп, түсініксіз терминдердің телініп жүргені жасырын емес. Исламды үрейдің немесе қорқынышты дін етіп көрсеткісі келетіндерге Елбасының жоғарыда айтып өткен келісті сөзі мен ке­сімді пікірі жауап болды. Ислам – бірлік пен бейбітшіліктің, қайырымдылық пен мейірімділіктің діні. Исламды сәл болмағанда экстремизм мен терроризмді уағыздаушы дін ретінде таныту белең алып кетер еді. Біз бұған үзілді-кесілді қарсымыз. Хақиқи Исламның мұндай «измдердің» ешқайсысына ешқандай да қатысы жоқтығын тағы да қадап айту керек. Ислам өркениеттерді бір-біріне қарсы қойып, текетірестірмейді, дұшпандықты көз­демейді, керісінше, әріптестікке, бірлесе қызмет етуге, қашанда диалогқа шақырып, ортақ мақсаттарға үндейді. Адамзат тарихында Исламның басқа мәдениеттермен және діндермен жемісті үнқатысуының оқиғалары мен мысалдары жетерлік. Үнқатысу болмаса, адамдар арасында, діндераралық түсінбеушіліктер орын алады. Үнқатысу дегеннің өзі дау-жанжал­дан, келіспеушіліктен, ұрыс-керістен әрдайым жоғары тұруы тиіс.
2003 жылы 23-24 қыркүйекте Астанада өткен әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының бірінші съезіне қатысушылар МӘЛІМДЕМЕ жасады. Соның бірқатарына тоқтала кетейін:
Төзімділік, ақиқат, әділдік және сүйіс­пеншілік секілді құндылықтарды өрістету кез келген діни уағыздың мақсаты болуы тиіс;
Экстремизмнің, лаңкестіктің және дін жолында делінетін зорлықтың басқа фор­ма­ларының діннің шынайы түсінігімен ешқандай ортақтығы жоқ, олар адам өмірі үшін қатер болып табылады және тиісінше, қабылданбауы тиіс;
Діни нанымдар мен ұстанушылықтың сан алуандығы өзара күдіктенушілікке, кемсітушілік пен қорлаушылыққа емес, әр дін мен мәдениеттің бірегейлігін көрсететін өзара қабылдаушылық пен үйлесімділікке жеткізуі тиіс;
Дін төзімділік пен өзара қабылдау­шы­лықты барлық халықтардың бейбіт қатар өмір сүруінің елеулі құралы ретінде мойындай отырып, ынтымақтастыққа көбі­рек ұмтылуы тиіс;
Дінаралық үнқатысу қоғамдық даму мен барлық халықтардың әл-ауқатын жақсартудың, түрлі мәдениеттер мен діндер ара­сындағы төзімділікті, өзара түсінушілік пен үйлесімді ынталандырудың шешуші бір әдісі болып табылады, сондай-ақ, жанжалдар мен зорлықты еңсеруге жәрдемдеседі, т.б.
Діни төзімділікке, бір-бірінің наным-сенімін құрметтеуге шақырған үннің әртүрлі діни ұстанымдағы адамдардың бір­лігі мен татулығы үлгісін көрсетіп отыр­ған Қазақстаннан естілуі көңілімізді марқайтады.
Адамзаттың жаңа XXI ғасырды бейбітшілік, ынтымақ, өзара түсіністік пен сыйластық ғасыры болар деген үмітінің ақталуына Алла сәтін салса, Астанада өтіп келе жатқан съездер тиісінше өз ықпал-әсерін тигізуде. Алдағы күндерден күтеріміз мол. Өркениет әлеміндегі маңызы аса зор осы келелі басқосудың жас тәуелсіз Қазақ елінде бір емес, бес рет өтуінің мәні айрықша. Ел халқының 70 пайызын құрайтын мұсылмандар Ислам дінінің ұстанымдары мен шариғатқа сай өзге ұлт, өзге дін өкілдеріне түсіністікпен қарайды. Осыған орай ешкімнің де ұлт және дін араздығын туғызуына, ел қауіпсіздігіне қатер төндіруіне ешқандай себеп те, сылтау да жоқ. Бейбітшілік, татулық, игі қарым-қатынас пен көркем мінез-құлық, жақсылық пен тақуалық, өзара жәрдемдесу мен түсіністік секілді ізгілікті істердің барлығы да біз ерекше қадірлеп ұстанар асыл дініміз – Ислам уағыздарының да, амалдарының да негізі. Қазақстанда діндераралық түсіністік пен ынтымақтың діңгегіне айналған Ислам дінін ұстанушы отандастарымыз өз сенімдері мен ұстанымдарына берік. Ендеше, сақталып отырған діндераралық, халықтараралық, ұлттар мен ұлыстараралық достықты, ішкі тұрақ­тылықты бекемдей отырып, мемлекетімізді нығайтып, экономиканың дамуын қарқындатып, барынша алға баса беруіміз керек. Бұл ретте, әрине, әдетте ұлттық, діндік, мемлекеттік мүдделер іштей үйлесіп, жарық жұлдыздай жарқырап, бәрінен де жоғары тұруы керек деп білеміз. Аталмыш игі істің басында тұрған, әлем діндері үнқатысуы, бір-біріне деген төзімділігі мен құрметі арқылы халықтар ынтымақтастығы мен достығын сақтау – адамзат тіршілігінің жалғасы деп білеміз. Қазақстан – көптеген халықтар мен діндердің ынтымақ пен бірлікте тіршілік етіп жатқан құтты мекен. Түрлі дін өкілдерінің күні бүгінге дейін діни немесе ұлттық негізде бір-біріне ешқандай қысымшылығы мен алауыздықтары болмағандығын баса айта кету керек.
Президент Н.Ә.Назарбаев қызметі барысында елдегі діндердің басшыларымен де кездесіп, хал-жағдайларын біліп, қарапайым діндарларға өз тілек, өтініштерін жеткізіп тұрады. Қамқорлық жасап, өзгелерге үлгі көрсетеді. Соның бір дәлелі, республика көлеміндегі басты діндер – мұсылмандардың Құрбан айт, христиан дініндегі православиеліктердің Рождествоны тойлауға ресми демалыс күндерінің тағайындалуына бірден-бір себепкер болғандығы дер едік.
Республикадағы екі дін арасындағы түсіністік пен төзімділік қоғамдағы келісім мен жарасымды өмірді сақтауда үлкен рөл атқарады. Оған басты себеп, алдында айтып өткеніміздей, Қазақстандағы діндарлардың басым көпшілігі осы діндердің ұстанушылары екендігі. Біз осы ислам-православиелік христиан арасындағы өзара түсіністікті дамытып, сақтаудың арқасында, Президент Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан Республикасының 2030 жылға дейінгі стратегиялық даму бағдарламасында айтылған Қа­зақстан халықтарының төзімділігіне қол жет­кізе аламыз. Бұл, әрине, басты әлемдік діндер насихаттайтын сүйіспеншілік, бауырмашылдық, өзара се­нім, сыйластық, мейі­рім­ділік сияқты асыл қасиет­тер негізінде іске асары сөзсіз.
Халықаралық шиеленіскен жағдайлар мен проблемалардың шешімін табуда түрлі діндер мен халықтар арасында тіл табысып, бірін-бірі дұрыс түсіну тұрғысынан, құрылтай басты бір ортақ мәмілеге келудің ұтымды әдіс-амалына айналғаны шындық. Ал оның нәтижесі әртүрлі діни сенімдегі халықтардың бейбіттіршілігіне үлесін қосса одан қай-қайсымыздың да ұтыл­масымыз хақ. Дінаралық үнқатысу мәселесі сөз болғанда діндердің бірігуі немесе бір-біріне қосылып кетуі жайында ой туындамау керек. Мұндай ой ешқандай сынды көтермесі анық. Әлемдік діндер, қандай жағдай мен кезең болмасын, өз тіршілігін жоғалтпай, адам баласымен бірге жасай беретіндігін өмір өзі дәлелдеп берді.
Бүгінгі жаһандану үдерісінің пәрменділігі халықтардың тіршілігінде көптеген жаңа проблемалар туындатуда. Сондықтан, оның шарттарына төтеп беріп, түр-келбетіміз бен әдет-ғұрпымызды, мәдениетіміз бен өнерімізді сақтап қалу үшін бізге осы ортада өмір сүрудің парасатты жолы қажет. Ол үшін, алдымен, халықтар арасында бір-біріне деген сенімді нығайтып, әдет-ғұрпы мен салтын, діни сенімі мен өркениетіне түсіністікпен, құрметпен қарау керек. Адамзат баласының сана-сезімінің, көп жағдайда, техникалық үрдіске бағындырылған кезеңінде, адам мен Құдай тағала арасындағы және түрлі діндерді дәріптейтін діндарлар арасындағы өзара байланысы сөз болғанда адамға тән адамгершілік ізгі қасиеттердің естен шығарылмағаны абзал. Өйткені, ол адамдардың бір-бірімен қатынасында алдымен көзге түсетіні шындық. Адам тілдесе келе сөйлескен адамының діні мен ділін анықтай жатады. Осылайша, Алла Тағала жаратқан қандай да болмасын пендесіне дұрыс та оң көзқарас қалыптастыруға тырысқан.
Біз жаңа мыңжылдықта бейбітшілікті қамтамасыз ету мақсатымен рухани құнды­лықтар мен үнқатысу мәдениетін өрістету ісінде игі жұмыстарды күшейтуге тиіспіз. Біз діни ерекшеліктер мен ұстанымдарды адамдар арасында жеккөрушілік пен дүрдараздық, қатыгездік пен дұшпандықтың құралы ретінде пайдалануға жол бермеуіміз тиіс.

 

Алдыңғы «
Келесі »