Құқықтық журналистиканың дамуы: кемшіліктер мен кедергілер

  • 22.05.2012
  • 2051 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Айман СЕЙІЛБЕКҚЫЗЫ,
журналист

Еліміздегі мемлекеттік органдар сияқты ашықтық, жариялылық саясатын ұстанып, оны басты қағидаға айналдырып отырған сот жүйесінің жұмысы, сот реформасы шынайы тұрғыда қалай баяндалуда? Сот шешімдеріне журналистердің араласуы қай тұста басталуы тиіс? Қарапайым халық пен сот, өзге де құқық қорғау органдары арасын жалғастыруға ықпал ету тетігі болып табылатын БАҚ өкілдерінің құқықтық сауаттылығы, кәсіби біліктілігі мен бұл бағыттағы жауапкершілігі талап деңгейінен шығып жүр ме? Оқу орнында ой қозғаған бұл мәселелер біз ұйым­дастырған дөңгелек үстел басында жалғасын тапқан болатын. Көзқарас-пікірлерін ортаға салуға әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті журналистика фа­куль­тетінің деканы Есберген АЛАУХАНОВ, журналист-ұстаз Серік ЖҰМАБЕКОВ, «Айқын» газетінің тілшісі Қайыржан ТӨРЕЖАН мен «Әділ сөз» сөз бостандығын қор­ғау халықаралық қоры сараптама орталығының жетек­шісі Ғалия ӘЖЕНОВА, сондай-ақ, «Заң газетінің» тілшілері Дабыр НҰРҚАМЫТҰЛЫ, Елеусіз МҰРАТОВ, «Ақиқат» журналының Бас редакторы Аманхан ӘЛІМҰЛЫ қатысқан еді.

– ҚазҰУ-де өткен жиында айтылғандай, сот, құқық тақырыптарына қалам тартатын журналистер, расында да, жоқтың қасы ма? Өйткені, бұл тақырыпты өте сауатты меңгерген тілші ретінде тек бақилық болған Нұри Муфтақтың ғана есімі аталады. Жалпы, журналистер қауымы құқық тақырыбын қалай меңгеріп жүр?

Есберген АЛАУХАНОВ: – Ең бірінші айтарым, құқықтық журна­листиканың өзекті мәсе­лелері осы күнге дейін қолға алынбай келді. Мен білетін 30 жылдың ішін­де бұл тақырыптағы бір семинар-кеңестің болғанын естімеппін. Сондықтан, ҚазҰУ-де өткен семинарға Жоғарғы Соттың төрағасын шақырып, бұл тақырыпты ары қарай іліп алып кетуді басқаларға үлгі болсын дедім. Құқықтық бағыттағы журналистерді дайындау, ең алдымен, ұлттық университеттің бас фак­уль­тетінен басталуы керек. Ал, біз оларды қалай тәрбиелеудеміз? Осы тұста көптеген кемшіліктерді айтуға болады. Біріншіден, журналистика факультетінде құқықтық журналистика жөнінде бірде-бір оқу құралы жоқ. Сондықтан, мен сол семинарға Ресейдің Шестаков, Мельник, Корконосенко сияқты белгілі ғалым-профессорларын шақырттым. Корконосенко Санкт-Петербург университетінде деканның орынбасары, кафедра меңге­рушісі. Ресейде тұңғыш рет құқықтық жур­налистика тақырыбында оқу құралын жазған. Сонда, біздегі профессорлар не істеп жүр? Біз неге, аралық бағыттағы жур­налистиканы дамытпаймыз? Бізде экономикалық тақырыпқа да, құқықтық тақырыпқа да журналистер өте нашар жазады. Ал, Конституцияның 1-бабына ең бірінші кезекте адам құқығының қорғалуы қажеттігін жаздық. Ол әлемге паш етілді. Халықаралық пактінің, халықаралық кон­венцияның талабын орындауымыз керек. Міне, студенттеріміз жоғары оқу орнының қабырғасында осындай бағытта дәріс алмағандықтан, ертеңгі күні басылымдарда жүріп, өзінің қызметін асыра пайдаланып, тапсырыс материалдарды жазады. Ал, біз жеке бастың қамын емес, не жазсақ та мемлекеттік, қоғамдық мүддені бірінші кезекке қоюымыз қажет. Егер журналистер сыныққа сылтау іздеп, ойына келгенді жаза берсе, азаматтар бірін-бірі мұқата берсе, онда не болады? Біз қашанда өзгелерге үлгі болуымыз керек. Қылмыстық кодекстегі адамды қорлау, жала жабу дегендей (129, 130) баптарын журналистер біле тұра, қасақана жұмыс жасайды. Осы тұста «Заң газеті» бүкілхалықтық мінбер ретінде дұрыс бағыттағы әңгімелер жазуы қажет. Жасыратыны жоқ, Нұри Муфтақтың деңгейінде көрініп жүрген бірде-бір заңгер-журналист жоқ. Жалпы, газет-теле-радио журналистерінің құқықтық сауаттары төмен. Сондықтан да, бүгінгі өткізіліп отырған дөңгелек үстел орынды.

– Басылым беттерінде соттың, судьяның үкімі, шешімі шықпай тұрып, сол мәселе туралы журналистер жазып жатады. Бірақ, соны олар қалай көрсетіп жүр? Өйткені, көптеген пікір алуандығы осы жерден көрінетіндей.
Серік ЖҰМАБЕКОВ: – Жалпы, біз сын мақала жазамыз. Сосын заңның тұрғысында жазылатын құқықтық тақырыптағы мақалаларымыз бар. Бұл екеуі екі бөлек дүние. Сондықтан, біз сын мақала мен құқықтық мәселенің арасын ажыратып алуымыз керек. Сын мақаланы кез келген адам жазады. Ал, заңды біліп жазу – мүлдем басқа нәрсе. Мен «Егемен Қазақстан» газетінде тілші болып жүргенімде, көбісі редакцияға арыз айтып келетін. Соның ішінде, соттарға байланысты арыздар көп болатын. Сонда менің арызданушыдан сұрайтыным – іс соттың бірінші сатысында қаралды ма? Қаралса, соттың үкімі қолыңда бар ма? Болса, құжаттарын қараймын, болмаса, «соттың шешімі шықпайынша редакцияға келмеңіз» деймін. Ал, соттың шешімі бірінші сатыдан шықты, апелляциядан өтті, қадағалауға жетті десе, онда қарауға болады.

– Бірінші сатыдағы соттың шешімі шықты, бірақ, ол апелляциялық сатыда қаралып жатыр. Дәл осы кезде оған баспасөздің араласуы заңдық тұрғыда қалай реттелген?
Есберген АЛАУХАНОВ: – Бірде-бір әлем заңдарында «болған оқиғаны жазбау керек» деген сөз жоқ. Сондықтан, адам қамауға алынып, тергеу амалдары жүре бастағаннан бастап оқиғаны журналистің жазуға құқы бар. Бірақ, ол оқиғаны бар болғаны сипаттап қана көрсетуі керек. Мәселе – журналистік тұжырымның жасалмауында. Өйткені, кей жағдайларда шешім шықпай жатып журналистік тұжырым жасалып жатады.
Серік ЖҰМАБЕКОВ: – Қылмыстық оқиғаны жай ғана сипаттап жазып шығу – детектив жанрына, тағы басқаға жатады. Апелляциялық сатыда қаралып жатқан іске қатысты жазамын деп, талай жыл соттасып жүргенім де сондықтан. Өйткені, мен бірінші сатыдағы шешімді жоққа шығарып, оны өзгерту үшін зерттеу мақала жазған болатынмын.
Елеусіз МҰРАТОВ: – Сіздер дұрыс айтып отырсыздар, құқықтық саланы меңгерген маман даярлауды, біз журналистика факультетінде қолға алуымыз керек. Біздің әріптестеріміздің журналистиканың қара қазанына түсіп, араласып кеткеннен кейін малтығып, қайта-қайта сүрініп жататындығы – сол құқықтық сауатының төмендігі. Бұл жөнінде біздің кезімізде аз уақыт болса да «Право» деген сабақ өтті. Соның өзінде сан да, сапа да жоқ. Тағы бір айтатыны, қазіргі уақыт – үлкен бір алмағайып заман. Баяғы одақтың кезінде бәрі – сот та, құқық қорғау органдары да бір тізгіннің қолында болды. Оның үстіне, ол уақытта Құдайдан қорықпағандар партиядан қорқатын. Сондықтан, қазір құқық тақырыбына жазатын адам өте білікті болуы қажет. Одан кейінгі мәселе – соттың шешімі шыққаннан кейінгі сатыларда журналистің араласуы. Судьяның шығарған шешімі дұрыс па, бұрыс па? Егер, қылмыстық іс болса, Жоғарғы Соттың қаулы-қарарларына сәйкес судья қаралған іске қаншалықты әділетті нүкте қойды деген мәселенің басы ашылады. Ал, оның барлығына көз жеткізу үшін журналист өзі – тергеуші, өзі – прокурор, өзі – адвокат сияқты, таразының басын тең тарта отырып, осыған әділ бағасын беруі қажет. Иә, алдын ала тергеу жүріп жатқанда оған тұжырым жасап, баға беруге журналистке ешқандай құқық берілмеген. Кейбір соттың шешімі шыққаннан кейін соған байланысты журналист жазып, көзқарасын білдірсе, шешім шығарған судья өре түрегеледі. Ал, судья: «Мен шешімді шығарғаныммен, ол әлі күшіне енген жоқ, ол мүмкін жоғары сатыларға дейін баратын шығар», – дегендей уәж айтады.
Серік ЖҰМАБЕКОВ: – Менің жоғарыда айтып кеткен мәселем де осы ғой? Іс апелляциядан өтті, кассация деген де бар. Бұл сатылар сот тергеуі емес. Олар тек құжаттарды қарайды. Олай болса оны неге журналистер жазбайды?
Елеусіз МҰРАТОВ: – Жақында Бектас Бекназаров ҚазҰУ-дегі кездесу кезінде «үшбуынды сот» дегенді айтты. Сондағы белгілі болғаны, негізгі рөлдің барлығы бірінші сатыдағы сотқа беріліп отыр. Өйткені, ол да жоғары оқу орнын бітірген, қалтасында табақтай дипломы бар, аудандық соттың судьясы болып отыр. Ол шешімді осылай деп шешсе, онда неге оның шешімі шешім емес? Ол кассацияға жеткенше мен сол шешімнің күшіне енгенін неге жылдап күтуім керек?
Дабыр НҰРҚАМЫТҰЛЫ: – Сіздердің айтып отырғандарыңыз дұрыс. Журналистердің арасында құқық тақырыбында жазатындары санаулы. Сондықтан, мен олардың білім дәрежесіне, мәселені тереңдетіп жазуына қатысты айтылатын сындарды дұрыс қабылдаймын. Мен бақылап отыратын Ресейдің құқық тақырыбында жазатын журналистерінің сол мәселені терең зерттеуіне қайран қаламын. Ал, біздегі бар болғаны оқиғаны баяндау, детектив жанрын жазу, сонымен ғана шектеледі. Бұл туралы Серік Жұмабеков өз сөзінде жақсы келтіріп кетті. Осыдан шығатын қорытынды – журналистика факультетінде арнайы құқық тақырыбында жазатын журналистерді дайындайтын уақыт жетті. Бізде осы күнге дейін мұндай тәжірибеде болған жоқ. Ал, екінші мәселе, ол – соттар көбінесе журналистерге ренжулі. Неге? Олар: «Журналистер дұрыс жазбайды, фактіні бұрмалайды, соттың шешіміне араласады», – дейді. Бір жағынан, соттың шешімі шыққанға дейін, оны егер журналист жазса, оған қоғамдық ықпал жасайтындай болып көрінетіні рас. Мұны мойындауымыз керек. Соны сотқа ықпал жасамайтындай, тұжырымсыз, тек ақпарат ретінде ғана беруге де болады. Ал, журналистер, керісінше, судьяларды кінәлайды. Неге? Бірінші сатыда шыққан шешім неге апелляцияда, кассацияда, тіпті, қадағалау органында көбіне бұзылып жатады. Соттың әділ шешімі ешуақытта бұзылмауы керек. Бұл судьяның тәуелсіздігімен өте тығыз байланысты нәрсе.
Ғалия ӘЖЕНОВА: – Біздің бұл айтып отырған әңгімелеріміз – журналистің жұмыс жасау принциптері. Конституцияның 20-бабының 1-бөлігінде: «Сөз бен шығармашылық еркіндігіне кепілдік беріледі. Цензураға тыйым салынады», – деп жазылған. Осыған бүкіл заңдар, «БАҚ туралы» заң да, Қылмыстық кодекс те, Азаматтық кодекс те, Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекс те бағынады. Бірақ, оларда ерекше, қай жерде қалай жүру керек, соның бағыты жазылған. Яғни, журналистке тосқауылдар қойылған. Сол тосқауылдарды журналист тек заңмен жүріп-тұрып қана жеңе алады. Егер соны сақтаса, онда ол журналист керемет жазады, ол заңды да бұзбайды, оны ешкім де сотқа шақырмайды. Тек бір нәрсе болуы мүмкін, ол тергеу ісіне байланысты. Не Ұлттық қауіпсіздік комитеті, не Ішкі істер министрлігі тергеу ісі кезінде журналисті не куә ретінде, не басқа ретінде тартуы мүмкін. Қалған жағдайда журналист мақаласын жазғанда ең бірінші өзінің ешкімнің ар-намасына, жеке басына тиіспегенін ойлауы тиіс. Бұл Азаматтық кодекстің 143-бабына қатысты. Журналистің біреудің фотосын газетіне не сайтына салып жатқанда ол адамнан рұқсат алынды ма, жоқ па, осыны ескеруі керек. Кейде Қылмыстық кодекстің «жала жапты» деген 129-бабымен де журналисті сотқа шақыруы мүмкін. Бірақ, ол жерде ең маңыздысы – алдын ала сол фактілердің өтірік екенін біле тұра, жала жабуға баруы. Яғни, ол жерде міндетті түрде білгені анықталуы керек. Одан кейін адамды сөзбен, қимыл-әрекеттермен қорлау. Ол – 130-бап. Сондай-ақ, біздің заңнамада, яғни, президенттің, депутаттың, билік өкілінің ар-ожданына қатысты тіл тигізу жайы көрсетілген. Біз үшін маңыздысы – адамның жеке басына тиеміз бе, жоқ әлде оның жасап жүрген жұмысын сынаймыз ба? Міне, осы екі нәрсенің басын айырып алуымыз қажет. Журналист өзінің шеберлігін дәлелдеп сынай білсе, сонда оның мұртын балта шаппайды. Сонда ол оны жазып, халыққа жеткізеді және оны ешкім жауапкершілікке тартпайды. Сосын заң нормаларының аясындағы журналистің әдебі деген болады. Мәселен, сіз бір кісінің пара алатынын жаздыңыз. Оны білсек те, дәлелдей алмадық. Осындай жағдайда сол мақаланың соңына журналист «Мұның өтірік не шын екенін білмедік» деген бір ауыз сөзді қоса салса, дұрыс болады. Жалпы, журналистикада осындай лингвистикалық айла-тәсілдер бар. Ал, «біреуді жаманда, ананы қарала» деп, журналистке тапсырма беруге оның бастығы да, сол сияқты басқа ешкім де мәжбүрлей алмайды. Ол «БАҚ туралы» заңда анық жазылған.
Аманхан ӘЛІМҰЛЫ: – Жалпы, судья да, журналист те тәуелсіз болуы тиіс. Бірақ, олар сол тәуелсіздікті қалай пайдаланып жүр? Мәселе осында. Сол тәуелсіздікті заңға сүйеніп айтып жүр ме, әлде өз еркінен тыс пайдаланып жүр ме? Мысалы, мен 1998 жылы Аягөздегі бір қылмыстық оқиғаға араластым. Екі баланы журналистердің кесірінен жазықсыз соттап жіберді. Жалпы, біздер, журналистер, сот шешімінің арғы жағындағы қағазға түспеген адамның сөздерін, іс-әрекеттерін көбірек зерттемейтін сияқтымыз. Тек шешімге қараймыз. Сондағы менің айтайын дегенім, бар мәселе – шешім шықпай жатып жазықсыз балаларды «кінәлі» деп жазып жіберуінде. Сол сияқты, «КТК» арнасындағы журналист А.Платоновты тыңдап отырғанда, мен оны «күніге сотқа беру керек» деп ойлаймын. Эмоциямен айтып жатқан сөздерін тыңдағанда артық кететін тұстары өте көп.
Ал, жалпы, мектепке «дінтану» деген пәннің орнына «заңтану» деген пән енгізілсе, сол анағұрлым дұрыс болар еді. Сонда, әлгі мектеп оқушысы жас кезінен заңды оқып өсіп, кейін сол заңды сыйлайды. Сол сияқты біздің жоғары оқу орнындағы журналистика факультетінде де артық пәндер бар, солардың орнына заңтанудың жүргенін құптар едім.
Серік ЖҰМАБЕКОВ: – Жарайды, журналистерге заңтануды оқытсын. Бірақ, біз қылмысқа қарсы күресетін мамандар емеспіз ғой? Мәселе – заңды біліп отырып, заңбұзушылыққа барғандарды көрсетуде, азаматтардың тапталған құқығын журналистердің қалай қорғау керектігінде.
Қайыржан ТӨРЕЖАНҰЛЫ: – Дұрыс айтасыз, журналистер құқық қорғау органдары емес, біздікі – заңның бұзылғанын, соттың шешімінің дұрыс-бұрысын халыққа жеткізу. Сонда біз қалай жеткіземіз? Мәселе осында. «Журналист жала жапты» демес үшін, ол сол заңның шегінен шықпауы тиіс. Сөйтіп, қоғамдық пікір қалыптастыруы қажет. Бірінші саты сотының шешімі шыққаннан кейін, ол жерде «менің мынау сөзім тыңдалмады» деген тарап, сондай-ақ, адвокат болады. Солардың сөздерін өз ауыздарына сала отырып, халыққа жеткізу. Өйткені, соның кесірінен біреулер нақақтан күйіп бара жатыр. Соларды арашалап алып қалуымыз қажет.
Есберген АЛАУХАНОВ: – Журналистке керегі – соттың шығарған үкімі. Ол – заңды үкім. Ол ары қарай беки ме, бекімей ме, ол журналистің бас қатыратын мәселесі емес, ол – жоғары сот инстанцияларының мәселесі. Ал, біздер соттың жұмысына кіріспей, бұл тақырыпты қалай жазуымыз керек, қалай қателеспеуіміз керек, біз бұл жерде соны айтуымыз қажет.
Ғалия ӘЖЕНОВА: – Әрине, журналист прокурор, не тергеуші, не судья емес. Бірақ, журналист кез келген нәрсенің ішіне кіріп, бірге жүріп, қазанның ішінде бірге қайнап, соның ішінде көргенін, білгенін жазуға құқылы. Бұл жерде жоғарыда айтқанымдай, біреудің ар-намысына тиіп кетпесе, тергеу, коммерциялық, банктік, мемлекеттік құпия мәселелерін аттамаса, қалған жағдайда журналист кез келген нәрсені жаза алады. Оны жазуға құқығы бар. Әрине, журналистің құқығы шектелген. Соған қарамай, ол барлық мәселені жаза алады. Тіпті, сот процесін, іс бірінші сатыда қаралып жатса да, апелляцияға, кассацияға жеткенде де жаза алады. Бірақ, оны қалай жазады, мәселе сонда. Сондықтан, жоғары оқу орнында журналистерге құқықтану пәнін жүргізудің мәні зор.
– Әңгімелеріңізге рақмет.

Алдыңғы «
Келесі »