«АҚПАРАТТЫҚ ТЕРРОРИЗМ» ҚАНДАЙ ҚАУІП ТӨНДІРЕДІ?

  • 29.12.2015
  • 341 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Қуандық ШАМАХАЙҰЛЫ, 
ҚР мәдениет қайраткері,
халықаралық журналист

Бүгінгі күнімізді бейбіт заман ретінде сипаттағанымызбен, шын мәнінде дүние­жүзілік үшінші соғыс дүбірінен тысқары қалып отырған жоқпыз. Әлем­нің астаң-кестеңін шығаруға қабілетті аса ұтқыр саналатын ықпалы зор бұл аспектімен санаспауға болмайды. Оның  атауы – «ақпараттық соғыс». Бұл өзі бүгін ғана аяқ астынан пайда болған дүние емес. ХХ ғасырдың екінші жартысында басталған  коммунистік тәртіпті ұстанғандар мен либералдық  көзқарасты негізге алған елдер болып екіге қақ жарылған жүйеаралық «қырғи-қабақ» соғыс 1991 жылы либералдықтардың жеңісімен аяқталған еді. 

Аталмыш текетірес шын мәнінде, нағыз ақпараттық соғыс болғанын ерекше атап айтқан ләзім. Ақпараттық соғысты салыс­тырамалы түрде ғана аяқталды дегеніміз болмаса, негізі, қазір де жалғасып жатыр. Социалистік лагерь 60 жылға жуық өмір сүргенде «СССР» тарабы өзін батыс әлеміне жағымды жағынан таныта алмады. Себебі, кеңестік-социалистік үгіт-насихат машинасының қызмет тәсілі тым қарабайыр әрі анайы еді. Олар көбінесе, өз азаматтарының «миын тазалауға» тырысып, бар өнерлерін соған салды. Соның салдарынан болса керек, фашизмді жеңуге Кеңес одағының басты рөл атқарғанын өздерінен өзге елдердің көбісіне айтарлықтай сендіре де алған жоқ. Айталық, англо-саксондық әлемде дүниежүзілік екінші соғыстың жеңімпазы ретінде АҚШ пен Ұлы Британия ғана танылады. Кеңес одағына бүйректері бұрған елдердің өзі социалистік насихатқа аса қатты иланғандары шамалы. Мысалы, АҚШ пен Еуропаның бірқатар елдерінде 1940-шы жылдардың соңында америкалық билік өрістеткен коммунизмге қарсы тегеурінді әрекеттерге Кеңес одағы іс жүзінде қарсы қоятындай ештеңесі болмай дәрменсіздік танытты. Оның сыртында Кеңес одағын жақтаушы болып келген Франция, Италия, Грекия үкіметі тарапынан да қолдау таба алмай социалистік лагерь оқшауланды. 
«Америка даусы», Азат Еуропа» радиостанцияларының ақпараттарына тосқауыл қою үшін толқын ыдыратқыш құрылғылар орнатып, «хабар тұн­шықтыру» әрекеттері коммунистік әлемде ядролық қару тасымалдайтын зымыраннан да артық рөл атқарғандығы туралы әңгіме қазіргі күні тарихқа айналды. Ол тұста Кеңес одағы бастаған коммунистік жүйе баспасөзді идеологиялық үгіт-насихаттың басты құралына айналды­рып айрықша дамытуға күш салса, батыстықтар радиостанцияларын алға шығарды. Кеңес одағы бір ғана журнал­дың айлық таралымын 12 миллион данаға жеткізсе, Батыс әлемі оған қарсы радиостанциялар арқылы толассыз шабуылдап жатты. Сол тұстағы телевизиялық «secam» жүйесі коммунистік әлемге, ал, «ntsecam» жүйесі батыстықтарға тиесілі болды. Осы себептен, Батыс елдерінен әкелінген теледидардың жүйесін ауыстырмаса немесе арнайы адаптры болмаса оны Қазакстанда немесе Болгарияда көру, тіпті де, мүмкін емес еді. Радионың қысқа толқындық «FM» түрі батыстық стандарт, орта және ұзын толқындағы «LM», «WM» – коммунистік жүйенікі болып қалыптасқан болатын. Бәрімізге мәлім «VEF» транзисторы қысқа толқынды ұстамайтын. Радионың толқындары, телевизияның жүйе­сіне дейін екі тарапқа бөлінуі – қырғи-қабақ соғыстың елеулі бір салдары болатын. Бұл нені көрсетеді? Әрине, бұл екі түрлі әлемде аңдысумен өткен елдердің әрбірі өз азаматтарының санасын келесі жақтың ақпаратымен «уландырмау» үшін табиғат жаратқан толқынның өзін меншіктеп алудан туған тарихи шындық еді. 
«Насихат» (пропоганда) – ішкі-сыртқы саяси үгіт, «кері насихат» (контр­пропоганда), «манипуляция» немесе ақпараттық адастырушылық, «ақ», «қара», «сұрғылт» насихаттар және «экспансия» немесе ақпараттық өктемдік деген терминдер пайда болды. Осылайша, адам санасы мен рухани жан-дүниесін «инженерлендіру» арқылы үгіт-насихаттың өзі ғылым ретінде алға шы­ғып, қаптаған эксперименттер, зерттеулер жасалды. Қысқасы, айналып келгенде, қырғи-қабақ соғыстың да ең басты құралы – ақпарат болды. Екі жүйе арасында ғана мұндай арпалыс өрбумен шектеле қойған жоқ. Бір жүйеде бола тұра көршілес елдердің өзі әрқайсы бір-бірінің мәдени ықпалының экспансиясынан азаматтарын, ұлтын қорғаудың қамымен жанталасты. Айталық, Франция өз азаматтарының әсіре  америкалануынан сақтанып, ұлттық телевизиясын «mesecam» жүйесіне ауыстырса,  Солтүстік Корея Жапонияның ақпараттық ықпалынан қорғану үшін «ntsc 4.43» деген тележүйені ішкі көрсетілімдеріне қолданған. Мақсаты, тек сырттан келетін ақпаратты жабуды ғана көздеді. Жалпы, белгілі бір мемлекет ұлттық ерекшелігі мен болмысын, мүддесін, ішкі саясатын қорғау үшін ең алдымен ақпараттық сақтыққа көшетіндігін осыдан аңғаруға болады. Қарапайым түрде бейнелеп айтсақ, ақпараттан тұратын бұршақты жаңбырдың аңғал жұрттың тас төбесін ойып кетуінен қорғап, қалқан жасаған іспетті әрекет. Қазіргі таңда да біз талқылап отырған соғыстың басты қару-жарағы – ақпарат екендігі әркімге түсінікті. Өз ықпалын арттырып, әлемді аузына қаратқысы келген кез келген империя ақпарат құралдарын пайдалана отырып, сыртқы насихатқа аса ден қояды. Шығыстағы көршіміз Қытай елі бұрын да, қазір де өздерінің «мәдениет арқылы достасу» саясатынан айныған жоқ, ақпараттық экспансиясымен айналасының үрейін ұшырумен келеді. Ежелден өздерін әлемнің орталығы («жүң-го ван-суй») санайтын оларда қазір Конфуцийдің орнын телевизия мен кино басқан. Бүгінгі таңда Қытайдың орталық телевизиясы 13 арна арқылы ішкі ақпараттарын бірнеше тілде таратады. Олар Шыңжаңға арнаған 13-ші арнасын ұйғырша емес, тәулік бойы қазақ тілінде таратып отыр. Оның себебі не? Әрине, онысы, бір оқпен екі қоян атудың амалы. Орта Азиядағы түркі тілді ұлттармен бірге Қазақстанға осы телебағдарламаның таратылуына кең мүмкіндік  бар. Тағы бір жақын көршісі Монғолияға да  олар ақ­параттық ықпалын арттыруға барын салып жатыр. Жалпы, Қытайдың өз ішінде де Ішкі Монғолия деп аталатын ірі өңірі бар. Ондағы Хөх қаласында барлық телеарна қытайша сайрап тұрады. Ал, сыртқы Монғолияға арналған «Одон» (жұлдыз) деп аталатын телеарна тәулік бойы монғол тілінде хабар таратып жатыр. Мұндай үрдістен Батыс Еуропа елдері де шет қалып жатқан жоқ. BBC – Ұлы Британия мемлекеті тарапынан қаржыландырылатын телекомпания. Сондықтан,  Британ елінің сыртқы насихаты мен ықпалын арттыруды көздейтін құралы екендігі айдан анық. Сол секілді «Дойче Велле»де Германияның сыртқы насихатының басты құралы. Ал, ішкі жағдайында олардың ешбірі шетел бағдарламаларымен өз көрермендерін бас-көзсіз төпелеп отырған жоқ. Соңғы жылдардағы мәліметке жүгінсек, елімізде іс жүзінде 2697 БАҚ жұмысын жүргізіп отырған көрінеді. Ондағы қазақтілді БАҚ үлесі жалпы санының небары 19,1%-ын құрайды, орыстілді – 33,4%, қазақ және орыс тілдеріндегісі  35%, 12,5% – қазақ, орыс және басқа да тілдерде екен. Барлық 2427 баспадан 1619 газет есептеледі, оның ішінде мемлекеттік – 328, және 1291-і – мемлекеттік емес. Қазақ тілінде басылатын – 437 газет, орыс және басқа тілдерде – 587, қазақша және орысша – 479, қазақ, орыс және басқа тілдерде – 116. Журналдардың жалпы саны – 808, 172 журнал – мемлекеттік, 636 – мемлекеттік емес. Шығарылатын журналдардың жалпы саны орыс тілінде – 304, қазақ және орыс тілдерінде – 237, қазақ, орыс және басқа тілдерде – 162, қазақ тілінде – 105. 
Елде 259 электрондық БАҚ әрекет етеді, оның ішіндегі – 52 (мемлекеттік – 11, мем­лекеттік емес – 41, эфирге қазақ және орыс тілдерінде шығады), радиокомпаниялар – 49  (мемлекеттік – 5, мемлекеттік емес – 44,  эфирге қазақ  және орыс тілдерінде шығады), кабельді телевизия операторлары– 152, спутниктік хабар тарату операторлары – 6 (мемлекеттік – 1, мемлекеттік емес – 5). Ақпараттық агенттіктердің жалпы саны – 11, оның 10-ы мемлекеттік емес, біреуі мемлекеттік. Қазіргі қазақ көрер­мендері мен тыңдармандардың тұ­тынып ақпараттарының көп бөлігі шетелдік көздерден алынып отыр. Олар ID TV кабельдік жүйесіне тапсырыс беріп, қалаған бағдарламасын көріп, жат мәдениет экспансиясын еш бөгетсіз қабылдай алады. Ақпарат құ­ралдарының өзге түрлеріне де бізде еш тосқауыл жасалмайды. Кабельдік телевизия жүйелеріне кімнің иелік ететіні, оған жасалатын бақылау бар ма, ол жағы әзірше беймәлім. Әр отбасы ай сайын кімге не үшін төлемақы ұсынып отырғанын білуге толықтай қақылы. Бірақ, Қазақстанда көп жағдайда «ком­мерциялық құпия» деген желеумен ауызды жауып тастау  қатты етек жайған. Мұхиттың арғы жағындағы бір қала көшесінде болған жарылыс, Қытайдағы жер дүмпуі, арал маңындағы елдерде болған цунами өзіміз тұратын көшенің маңында болған жол көлік аптынан бетер бізді қатты дүрліктіреді. Қазақстан азаматтары ел ішіндегі қоғам қайраткерлері мен саясаткерлерден гөрі көрші Ресейдегі саяси тұлғаларды бес қолдың саласындай жетік біледі. Сыртқы ақпараттың ықпалы бүгінгі күні ел азаматтарының санасын әбден тұмшалап алған. Ішінара улап та жатыр. Жастарымыздың алды Сирияға барып, соғысқа қатысып жүр­ген жайлары бар. Осылайша, біз аза­маттарымыздың санасын еш сүзгісіз қал­дырып, ақпараттық тасқын мен алапат дауылдың алдында еш қорғансыз қалдырдық. 
Идеологиялық қырғи-қабақ соғыс аяқ­талғанда жеңіліс тауып, либерализмге мойынсынғандардың жуан ортасында біз де бармыз. Бірақ, одан сабақ алып, ақ­­параттық соғысқа төтеп беруге тырысып жатқанымыз шамалы. Қырғи-қабақ соғыс аяқталғанымен айналамызда ақ­параттық экспансия, неоколонизм үшін тайталас толастамақ тұрмақ, барған сайын өршіп барады. Кезінде әлемді дүр сілкіндірген Шыңғыс хан Тэмүжин айт­қан «Көңілін аулап, жанын жауласаң, тәні қайда барар» деген сөзі дәл қазіргі ақпараттық соғысты меңзеп тұрғандай көрінеді (Монголын нууц товчоо. – УХГ. – УБ: 1990. – 157 х). Қазіргі таңда қазақтың санасын жаулап иелік етуге фашизм, либерализм, неокоммунизм, панисламизм бәрі мүдделі. Біз де өз кезегімізде жылт еткеннің бәрін шеттен іздейміз, «біреудің қаңсығын таңсық» көреміз. Шеттен ағылып келіп жатқан ақпараттық, жарнамалық насихатты ешбір сүзгісіз қабылдайтынымыз да сондықтан. Сонымен қатар, баспасөз бостандығын өз мүддесіне лайықтауды көздейтін күштер БАҚ дербестігін барынша шектеп, оны олигархиялық топтарға, саяси-қаржылық компанияларға телміртіп қоюға ынталы. 
Қазір Қазақстанда Ресей тарапынан ағылып жатқан медиа өнімдер ақпараттық танымнан бұрын ықпал ету үгіт-насихаттық сипаты басым болып жатыр. Технологияның қарыштап дамуының нәтижесінде адамзат тарихында алмасқан барлық ақпаратқа тең келетін мәліметті соңғы бес жылдың ішінде алып үлгерген екенбіз. Егер, ақпарат кереғар мазмұндағы насихат сипаттағы қалпында «құлақтан кіріп, бойды алған»  болса, өзін­дік ойсыз, құндылықтан ада, көзқарасы тиянақсыз мәңгүрттікке айналдыруға осы­ның өзі-ақ молынан жетеді. Ол үшін ең алдымен, ақпарат саласындағы шетел инвес­тициясына бақылау жасаумен қатар, жат діни ағымдарды, түрлі азық-түлік өнімдерін насихаттайтын сан алуан жобалардың да астарына терең үңілуге тура келеді. Ресейлік, қытайлық, америкалық, өзбекстандық және өзге де кімдікі екені беймәлім телевизия арналарының таралуына, ағылшын, орыс, қытай, герман тілдерінде бағдарлама тарататын радио станцияларды да назардан тыс қалдыруға болмайды. Бүгінгі күні олар хабарларын шеттен таратса, ертеңгі күні ел ішіне еніп те қызметін жүргізе бас­тауы ғажап емес.  Бұл – біріншіден. Ал, екіншіден, сыртқы ақпарат экспансиясы мен насихатынан тыс ішкі манипуляция, ақпараттық адастырушылық, жалған ақпарат тарату, азғана топтың мүддесіне қызмет ететін БАҚ атаулы болмауын, мей­лінше, көптің ортақ меншігі басымдық беретін нысан ретінде ұйымдастырылғаны абзал. Қалталы топтардың бәрі баспасөзбен бірге оның ақпаратын да қоса иемденетін, бұқараның қандай ақпарат алуын шешетін, журналистерді айтқанына көндіріп, айда­ғанымен жүргізетін, қоғамдық пікірге әлім­жеттік жасауға тырысушылықты аластаудың мәні  ұлттық мүддені қорғауда жатыр. 
Баспасөз саласын либералдандыру, сөз бостандығын қамтамасыз етудің маңызы айтарлықтай. Бірақ, бұл де­геніміз аталмыш құндылықты желеу етіп, өз мақсатын өзгеге зорлықпен таңу емес. Ақпарат құралы қожайындікі болғанымен баспасөз еркіндігі әр­дайым халықтікі болып қала береді.  Аны­ғына келгенде, ақпарат таратуға қолданылатын техникалық құралдар, ғимарат, кеңселерді меншіктеуге болады, ал, ақпараттың дәл өзін және оның тарайтын әуе толқынына ешкім иелік етпеуі керек. Аталмыш ара жікті ажыратып, үйлестіру үшін елдегі барлық ақпараттық құралдар акционерлік қоғам түрінде ұйымдастырылғаны дұрыс болмақ. Шетелдік насихат тұрпатындағы бағдарламалар мен жарияланымдардың ақпараттарына қойылатын бақылауды күшейткеніміз болмаса, ел ішінде тарайтын ақпараттарға мейлінше еркіндік берілгені жөн. Бастысы, ақпарат ағынын азғана топтың емес, қоғамның ба­қылауына беру, ашық жариялылықты баспасөз арқылы кеңінен өрістеткен абзал. Ақпарат саласында «жаман үйдің қонағы билейдіге» жол бермеу керек. 
Интернет арқылы зорлық-зомбылықты, діни ағымдардың лаңкестік фанатизмін, нәпсіқұмарлық пен жеңіл жүрістілікті насихаттайтын сайт, порталдарын бұғаттап жабу – ақпарат қабылдау бостандығын шектеу емес, керісінше, ақпараттық қауіптің алдын алу болмақ. Халықтың санасы мен миы – қоқыс төгетін алаң емес. Сондықтан, ұлттық мүдде тұрғысынан келгенде, оған міндетті түрде мықты сүзгі қажет. Коммерциялық телеарналар жастардың са­насына кері әсер ететін, моральдық аз­ғындыққа ұшырататын бағдарлама дайындап көрсетуден өздері де әрдайым бас тартуға тиіс. Сонымен қатар, түрлі қоғамдық және көркемдік кеңестер құрылып, ақыл қосып отырса, нұр үстіне нұр. Оқ атпай отарлайтын «ақпараттық соғыстың» осынау мылтықсыз майданында ұлтымыздың санасын зақымдамай аман сау алып қала алсақ қана жеңіске жетеміз. Ол үшін алға шабуылдап кетпесек те, шегінбей қорғана отырып, ұлтымыздың санасын зиянды ақпараттардан сақтап қалғанымыз абзал. Ақпарат  құралдарын қаржыландыруға кедергі жасалмаса да, ұлт­тық ақпараттық саясаттың қағидаларына сай және журналистердің кәсіби этикасының нормалары бұл жерде қаперге алынуға тиіс. Мұның өзі айта берді, ақпарат құралы тәуелсіздігінің, оның шығармашылық бос­тандығының басты өлшемі болатын ма­ңызды көрсеткіш.
Медиабизнес саласындағы шешімін күткен мәселелер де назардан тыс қалмауы қажет. БАҚ рухани құндылық жасайтын нысан. Осы себептен, оның туындыларының нәтижесі мен бизнес саласындағы табысы екеуінің арасында бір-бірін жоққа шығаратын сәттер кей жағдайда кездеседі. «Айтылған сөз атылған оқ» демекші БАҚ арқылы дүйім жұртқа тарап кеткен қатені түзетіп үлгермей жатып, ол өзінің залалын ти­гізіп кетуі әбден ықтимал. Оның сыртында жарнама рыногындағы ықпал мен аудитория ортасындағы рейтинг мәселесі де жеке бір тақырыпқа жүк болатын күрделі проблема. Бұлардан не туындайды, дегенге келсек, ақпарат құралдары саласындағы кәсіпкерлердің этика кодексін жасау қажет. Оған тек БАҚ өкілдері ғана емес, оның өнімдерін жасайтын барлық құрылымдар қамтылуға тиіс деп есептейміз. 
Кино көрсетілімдер, бейне-аудио тас­палар, клиптер, жарнама роликтері мен көше плакаттары, сауда маркалары және тауар этикеткаларына БАҚ арқылы насихатталып халыққа жететіндіктен бәріне масс-медиа жауапты болып шығатыны тағы белгілі. Бүгінде зорлық-зомбылықты, үрей-қорқынышты бейнелеген фильмдер үшін де көрермендер телеарналарды кі­нәлайды. Ал, негізі  осы сала бойынша ком­мерциямен айналысатын кәсіпкерлерді әлеуметтік этиканы, жастар  тәрбиесін ойлайтын, ұлтымыздың дәстүрімен санасуға мәжбүрлейтін механизм керек. Мұндай қадам еркін ақпаратқа тұсау болмайды, қайта оған деген жауапкершілікті арттыра түседі.
Бүгінгі таңда ақпараттық технология түрлері    мылтықсыз майданның құра­лына айналып отыр.  Енді, «ақпараттық соғыс» дегенге етіміз үйреніп, оның «ақпараттық терроризм» деген баламасы естілсе де таңданбайтын болдық. Біз соңғы 20 жыл бойы ақпараттық соғыс туралы жағымыз талғанша айттық. Ал, қазіргі күні ақпараттық экспансия шынайы көрініске айналып кетті. Мұндай жайсыз да жағымсыз шабуылдар санқилы әдіспен көрініс тауып жатыр. Ең қиыны, ақпараттық лаңкестердің шын бет-бейнелерін жасыра алатындығында болып тұр. Соған қарамастан, ақпараттық шабуылдың бағыт-бағдарына қарап, қай тұстан келгенін, оның артында кімдер тұрғанын болжауға болады. Жалпы, ақ­параттық соғыс дегеннің өзі көп қырлы ұғым. Оның дәстүрлі құрылымының бірі үгіт-насихат екендігін біз мақаланың басында атап көрсеттік. Оның тиімділігі мен пайдасын  фашистік Германия мен  сталиндік Кеңес одағы ерекше бағалай білгеніне тарих куә.  
Үгіт-насихаттың лаңкестік шабуыл ма, басқа ма дегенді анықтау да аса қиын шаруа емес. Оның пайдаланатын басты нысанының өзі БАҚ екені белгілі. Ақпараттық соғыстың осы түрін саланың білікті маманы, зерттеуші Г.Почепцов «адам баласының ақыл-ойын жаулау үшін жасалатын соғыс» деп атауы да кездейсоқтық емес. Соғыстың бұл келеңсіз де ауыр түріне қолданылатын технологиялық әдістер де барған сайын жетілдіріліп барады. Кибернетикалық бағыттар бұрын қиял ғажайып аңыз секілді естілетін. Ал, бүгін адам өміріне залал төндіретін қауіпке айнала бастады. Әр кибер шабуылдың өзіндік құпия мақсаты болады. Олар көбінесе, нақты бір мәліметтерді немесе қандай бір байланыс жүйесін істен шығаруды көздейді. Әсіресе, әскери нысандарды негізге алуы ықтимал. 
Ақпараттық терроризм мысалдарын таяу жылдардағы деректерден көруге болады. Айталық, 2008 жылы жазда Латвияның заң шығарушы жоғарғы орны Сейм тарапынан советтік түрлі рәміздік белгілерді фашистік нышан ретінде танып, оны ел көлемінде қолдануға тыйым салған. Осы тұста латыш «ІТ» жүйелеріне жойқын шабуылдар үдей түскен. Елдің 300-ден астам сайт, порталдарына СССР туы мен рәміздері қаптап, орыс тілінде неше түрлі балағат сөздер жазылған. Мұндай келеңсіздіктің артында ресейлік хакерлердің тұрғаны да кейін анықталған. Олар шабуылдың қай тұстан екендігін жасырып, жұртты жаңылдыру үшін кибер шабуылдарын Франция мен Швециядағы серверлер арқылы таратқан. Бұл туралы «Құпия соғыс» атты еңбегінде зерттеуші М. Мартишюс жазған еді. Сондай-ақ, 2007 жылы көктемде Эстонияда шу болған қызыл әскер ескерткіші жайын да еске түсіруге болады. Ол тұста ел билігі Таллин қаласының орталығынан орыс әскері құрметіне тұрғызылған ес­керткішті әскерилер қорымына көшіру туралы шешім қабылдаған болатын. Бар болғаны осы. Сол үшін Эстония кереғар үгіт-насихаттар мен виртуалдық қақтығыстың астында қалды. Хакерлер ел билігінің көптеген ресми сайттарына шабуылдап, істен шығарып, қала көшелерінде бейберекеттік ұйым­дастыруға дейін барды. Бұл жолғы кибер шабуылды ұйымдастырғандар да әдеттегідей орыс хакерлері болып шыққан. Бірақ, олар арнайы қызмет өкілдері ме, әлде, белгілі бір ұлтшыл шовнистердің жеке бастамасы болды ма, ол жағы беймәлім. Қалай десек те, белгілі бір нысанды көздеген, арнайы мақсатқа негізделген террористік актілер болғаны анық. Олай болса, «ақпараттық соғыс» пен «ақпараттық терроризм» деген атаулардың бір-бірімен  төркіндес екендігі анық аңғарылып отыр. Ақпараттық және виртуалдық кеңістікте мұндай шабуылдардың болмай тұрмасы басы ашық әңгіме. Олардың залалы да айтарлықтай. «Ақпараттық соғыс» пен «ақпараттық терроризмді» жаппай қырып-жоятын құрал ретінде қарастырмасақ та, қаупі жағынан келгенде одан кем түспейтіндігімен сана­суға тиіспіз. Қазіргі әлемде хакерлік ша­буылдың әуежайлар мен атом энергетикалық станцияларын басқару жүйе­сі секілді маңызды нысандарды нысанаға алмасына да кепілдік жоқ. Қаласақ та, қаламасақ та ақпараттық бәсекелестік, «ми тазалаушылық», зор­лық-зомбылық атаулылар белгілі кеңіс­тіктерде өршіп тұр. Олай болса, әр ақпаратты еңбектеген баладан, ең­кейген қарияға дейін өз санасындағы сүзгіден өткізіп барып қабылдайтын қабілеттілік  керек. БАҚ арқылы берілетін ақпарат­тарды қалай таңдаймыз дегеннен бастап, қандай телесериал көрсетілуі керек екендігіне дейін арнайы бағыт белгілеген жөн.  

Алдыңғы «
Келесі »