Ғылым кандидаттары мен докторларын дайындаудан неге қашамыз?

  • 29.12.2015
  • 917 рет оқылды
  • 6

Бақтияр СМАНОВ,ҚР Ұлттық ғылым академиясының корреспондент-мүшесі,

 педагогика ғылымдарының докторы,  профессор

Қазір зиялы қауым өкілдерін алаңдатып отырған мәселенің бірі әрі бірегейі – елімізде жоғары білікті ғылыми-педагогикалық мамандар мен ғылыми кадрлар даярлау мәселесі болып жүргені жасырын емес. Бұл тақырып әр жерде, әр түрлі деңгейде әңгіме өзегіне айналып та жүр. Өйткені, еліміз Болон декларациясы талаптарына сай жоғары білім берудің бакалавриат, магистратура, PhD докторантура сынды үш деңгейлі құрылымына көшіп, оны жабыла алаулатып-жалаулатып жүріп 2010 жылдан бастап ғылым кандидаттары мен ғылым докторларын даярлайтын кеңестерді айналаға қарамай елден бұрын жауып тындық. Сөйтіп, Болоньядан келген жаңалықты жатсынбай жеке-дара қабылдап, оза шауып бәйге алғандай болдық. Жан-жағымызға зер салу, әліптің артын бағу деген болған жоқ. Соның салдарынан, кейбір деректерге сүйенсек, үш мыңға тарта ғылым кандидаттығы мен ғылым докторлығына үміткер ізденушілердің диссертациялық жұмыстары, талай жылғы еткен еңбегі кәдеге аспай қалды. Бұлардың ішінде қаншама жылдар бойы мемлекет есебінен оқыған, мыңдаған іштей және сырттай оқыған аспиранттар мен докторанттар, ғылыми тағылымдамалардан өткен ғылыми ізденушілер, оларға бөлінген қыруар қаржы, қисапсыз михнат желге ұшып, зая кетті. Ал, барлық ТМД елдері, қала берді Еуразия экономикалық одағы мемлекеттері бұрынғы ғылым кандидаты мен ғылым докторын даярлайтын жүйені сол күйі сақтап, бүгінге дейін Болон үдерісіне сәйкес магистр, PhD докторларын даярлау жұмысын қатар жүргізіп келеді. 

Біздің бұл тірлігіміз, басқаны қайдам, мен үшін, дәп бір «Қой көрмеген көргенсіз қуалап жүріп өлтіреді, ұл көрмеген көргенсіз дуалап жүріп өлтіреді» дегеннің керін келтірген секілді. Әрине, ғылым-білім жүйесін интеграциялау, әлемдік қалыптарға (стандарттарға) сәйкес халықаралық білім кеңістігіне ену, Болон декларациясына қосылу дұрыс мәселе. Алайда, мұндай өтпелі кезеңде, сондай-ақ, ТМД мемлекеттері, Елбасымыз Президент Н. Ә. Назарбаевтың ұсынысымен өмірге келген Еуразиялық экономикалық одақ елдері қазіргі таңда өте іргелі халықаралық ұйым құрып, көптеген экономикалық, әлеуметтік, ғылыми-техникалық, қорғаныс пен халықаралық, ай­­мақтық қауіпсіздік, экономикалық және бас­­қа да маңызды мәселелерді бірге шешіп отырған жағдайда, жоғары білікті ғылыми-педагогикалық мамандар даярлауда ол елдерден бөлініп кету, жеке-дара оқшаулану, басқаны қайдам, бізге саяқ қойдың кейпін елестетеді.
Қазіргі күнде ғылыми дәрежесі бар мамандармен қамтамасыз етуде әлде­кім­дердің ұсынысымен асығыс түр­де жартыкеш қабылданған шешімнің салқыны күннен күнге білініп келеді. Жасыратыны жоқ, сол өліара тұста «Қазаннан қақпақ кетсе, иттен ұят кетеді» демекші, ғылымды оңай олжа табу көзіне айналдырған кейбір пысықайлар, шен-шекпенділер, шенеу­ніктер, кәсіпкерлер мен бизнес адамдары да ғылыми дәрежелер мен ғылыми атақтарды қалпақпен ұрып алып үлгер­ді. Болмаса, бұл мәселеде тәртіпті қатай­тып, талапты биіктетіп, қазіргі көрші елдердегідей ғылыми дәрежелерді тек оқу-білім, ғылым саласындағы қыз­меткерлерге берумен шектелгенде, осы күні бұл саладағы жоғары дәрежелі мамандар мен ғылыми кадрлар тапшылығын сезінбес едік. Мәселен, өз басымыз сонау 1973 жылдың басынан шалғайдағы алыс ауданның ауыл мектебінде мұғалім болып жүрген кездерден ғылым жолына түстік. Ғылыми зерттеулеріміз мақала түрінде «Социалистік Қазақстан», «Лениншіл жас», «Қазақ әдебиеті», «Қазақстан мұ­ғалімі», «Қазақстан әйелдері», «Қа­зақстан мектебі», «Жалын» сынды елдік басылымдарда, «Мектеп» баспасында мұғалімдерге көмекші құрал ретінде жарық көрді. Он шақты жыл еңбектеніп жүріп, дис­сертациялық жұмысымызды өзімізде дис­сертациялық кеңес болмаған соң Мәскеуде қорғадық. Ол замандарда мектеп мұғалімдері (басқа сала қызметкерлері де) өздері сабақ беретін пәндері,  (жұмыс жасайтын мамандықтары) бойынша сырт­тай аспирантураға түсіп немесе ғы­лыми ізденуші ретінде тіркеліп диссертация қорғайтын. Тәртіп қатал, талап биік еді. Одан шығатын нәтиже де жаман болмайтын. Айталық, Оңтүстіктің бұрынғы Бостандық ауданы орталығындағы біз оқыған Абай атындағы қазақ орта мектебінде мектеп директоры (Жұмағұл Сәрсенов) да, оның оқу ісі жөніндегі орынбасары да (Икрам Қадырбеков) кандидаттық еңбектерін қорғап, жоғары оқу орындарында, ғылыми-зерттеу институттарында жемісті еңбек етті. Оқулық, оқу-әдістемелік құралдар жазды. Білім беру меке­мелерін басқарды. Солардың ізімен тағы да бір-екі  мұғаліміміз ғылыми ізденуші ре­тінде өздерінің диссертациялық зерттеулерін нақ­тылы мектеп тәжірибесімен ұштастыра жүргізіп, соңынан жұмыстарын сәтті қорғап шықты. Яғни, сол мектептің өзінде ғылыми орта қалыптасты. Ауыл шаруашылығының тәжірибелі ізденімпаз мамандары да ауылда жүріп-ақ зерттеу жұмыстарымен айналыс­ты. Сөйтіп төменнен, өндірістен тәжірибелі ғылыми-педагогикалық кадрлар даярлау жұмысы қоса жүргізілді.
Бүгінде ол ағалардың біразы өмірден озды, енді біреулері ақсақал жасына жетіп еңбек зейнетін көріп жүр. Ал, бүгінгі мұға­лімдердің, әсіресе, ауыл ұстаздарының, ғы­лыммен айналысуына ондай мүмкіндіктері жоқ. Ол үшін талапкерлер міндетті түрде магис­тратурада іштей (өндірістен қол үзіп) оқуы қажет. Оған қоса олардың баласы бар, шағасы бар, отбасы бар. Қаржылық дағдарыс та қолбайлау. Баяғы ғылыми ізденушілік тәртібі жойылған. Ал, қазіргі даярланып жатқан біраз PhD докторларымыздың сапалық (бәрі деп ғайбат айтуға болмайды) жайын көріп кейде қарның ашады. Олардың жазған-сызғандарын «Егемен», «Айқын», «Қазақ әдебиеті», «Ана тілі», «Ақиқат», «Жұлдыз» секілді елге танымал басылымдарда жариялауға келмейді. Ғылыми жинақтарда жарық көрген мақалаларын өздерінен басқа ешкім оқи бермейді. Сонда елге, халыққа пайдасыз ондай ғылым, ондай еңбектер кімге керек? Тек PhD докторы атану үшін ғана ма?
Бүгінгі кезеңде жоғары оқу орындарындағы қалыптасқан жағдай, олардың кадрлық әлеуеті, кеңестік кезеңнен бастап 2010 жылға дейін қорғап үлгерген ғылыми жоғары дәрежелі мамандар – ғылым кандидаттары, доценттер мен ғылым докторлары, профессорлардың қатарлары жылдан-жылға сиреп бара жатқаны, шетелдерде және өзімізде даярланған білікті PhD докторлары білім-ғылым саласындағы еңбекақының аздығынан басқа ақшалы жұмыстарға, бизнеске кетуі бірқатар мамандықтар бойынша кадр тапшылығын байқатып отыр. Ал, парасат-пайымы, қарым-қабілеті төмен кемталант педагогтар, қуыршақ ғылым кандидаттары мен дүдамал докторлар, өз елімізде қолдан жасалған бірқатар «шөже» PhD докторлары мынадай аумалы-төкпелі кезеңді ұтымды пайдаланып, сауатсыз мамандар даярлауға молынан үлес қосып келеді. Осындай жолсыздықтарды көргенде «қайнайды қаның, ашиды жаның» (Абай), дегендей, қаның басыңа шабатыны сөзсіз. Мұндай олқылықтардың орнын толтыру оңайға соқпайтыны, оны қалпына келтіру ұзақ жылдарға созылатыны айдан-анық. Халық даналығында «Ауруын жасырғанды өлім әшкере етеді» деген аталы сөз бар. Сол айтқандай, мұ­ның зардабын еліміздің халқы, жоғары оқу орындары, Қазақстан ғылымы енді бірер жылдан соң қатты тартуы әбден мүмкін. Өйткені, жоғары оқу орындарындағы кадрлық жағдай, кафедралардағы ғылыми дәрежелілік деңгейінің жыл өткен сайын тө­мендеуі, өз елімізде әзірленіп жатқан PhD докторларына бөлінетін орындар са­ны­ның мардымсыздығы, міне, осыны аң­ғартқандай. Оның үстіне өзіміздегі бірқатар PhD докторанттары докторлық жұмыстарын қалай «жазып» (дұрысы – кімдерге жаздырып), қалайша қорғап жатқанын естіп, нәтижесін көзімізбен көріп те жүрміз. Сөз орайы келгенде айта кетейік, Ұлттық университеттерге (әсіресе, педагогикалық жоғары оқу орнына) оқуға қабылдауға 70 балдық меже белгіленгелі біраз жыл болды. Бұл өте жоғары меже.  70 балдық көрсеткішпен оқуға түсушілер өте аз. Сондықтан, ЕНТ-да мұндай балл жинай алмаған мектеп түлектері өту балы 50 болып белгіленген қатардағы жоғары оқу орындары мен жеке университеттерге ағылып кетіп жатады. Тағы бір мәселе: жекеменшік және қатардағы ЖОО-ларда оқу ақысы «ұлттықтан» анағұрлым арзан. Сондықтан, жастар көбіне сол аталған университеттерге кетіп жатады да ұлттық университетке өте аз қабылданады. Осыдан барып, ұлттық университеттердегі (әсіресе, педагогикалық) студенттер контингентінің күрт азаюы, болашақта жабылып қалу қаупін еске салады. Осы ретте 70 балдық меже қаптаған жеке меншік университеттерге 50 балдық көрсеткішпен талапкерлер қабылдауға әдейі жасалған қолайлы жағдай секілді әсер етеді. Ондағы түпкі мақсат біреу-ақ, ол – жекеменшік оқу орындарында оқитын студенттердің санын көбейту, жеке меншік оқу орындарының қоржынын, иелерінің қалтасын толтыру екені бесенеден белгілі. Мұның артында кейде сыбайластықтың да исі аңқи ма деген арам ой еріксіз өзінен-өзі сұранып тұрады.
Көрші ТМД, ЕАЭО елдеріндегі жағдайға келсек, біріншіден, олардың бәрінде жоғарыда атағанымыздай, бұрынғы жүйе сақталған, екіншіден, Болон үдерісінің талаптарына сай PhD докторы, бейіні бойынша доктор ғылыми дәрежесін беру де қатар жүргізіліп келеді. Мысалы, Тәжікстан Ресей Жоғары аттестациялық комиссиясының шешіміне сәйкес ғылыми дәрежелер мен атақтар берсе, Түрікменстан 2007 жылдан бастап, бұрында таратылған Ұлттық ғылым академиясын қайта қалпына келтіріп, Жоғары кәсіби аттестациялық комитетін ел Президенті жанынан қайта ашты. Мұндай орган Қырғызстан, Өзбекстан, Украина, Белоруссия, Армения республикаларында – Ұлттық немесе Жоғары аттестациялық комиссия (ЖАК), Грузияда – Сарапшы ғалымдар кеңесі түрінде, ал, Әзірбайжандағы ЖАК біздегі Білім және ғылым саласындағы бақылау комитеті сияқты министрлікке емес, тікелей Республика Үкіметіне бағынады. Соның жанында, құрамында қызмет етеді. Бұл елдердегі Ғылыми кеңестерге Қазақстан азаматтары қаншама қиындықтарға қарамай лек-легімен барып, әр түрлі ғылым салаларынан кандидаттық, докторлық диссертациялар қорғап келіп жүр. Сол арқылы олар ол елдің ғылыми ойын дамытуға үлес қосып, тың идеяларымен, ғылыми жаңалықтарымен оларға пайдасын тигізуде. Және бұл елдерде біздегідей қолдан жасалған тосқауылдар жоқ. Нақтылы мысал: мен соңғы 3-4 жыл бойы Бішкектегі Қырғыз Білім Академиясы мен И.Арабаев атындағы Қырғыз мемлекеттік уни­верситетіндегі оқыту теориясы мен әдіс­темесінен педагогика ғылымдары бойынша докторлық (кандидаттық) диссертация қорғату жөніндегі Біріккен Ғылыми Кеңестің мүшесі ретінде қатысып келемін. Бұл мәселеде қырғыз еліндегі оң өзгерістер айқын аңғарылады. Соңғы бес жылда айыр қалпақты ағайындар ана тілі мен әдебиетін, т.б. пәндерді оқыту әдістемесінен көш ілгері кеткені байқалады. Мұны ғылыми-зерттеу тақырыптарының өзектілігінен, практикалық маңыздылығынан, бұрынғы кезеңдегі таптаурын болған идеялар мен қасаң тұжырымдардың, теріс пиғылды көзқарастардың қайта қаралып, ұлттық мүдде тұрғысынан жаңаша бағдар алуынан, елдің мүддесі мен қырғыз халқының игілігіне, ұлт мұратына бағытталуынан айқын көреміз. Елдегі орын алған демократиялық үрдістер ғылым-білімге де өз өрнегін салғаны се­зіледі. Осы реттегі біздің жеке пікіріміз, еліміздің жетекші ғалымдарының алқалы жиын, келелі басқосуларында Білім және ғылым министрлігі басшыларына айтып жүргеніндей, ғылым кандидаты мен ғылым докторын даярлау жұмысын басқа ТМД республикаларындағы секілді философия докторын (PhD) даярлаумен қатар жүргізуді қайта қолға алған орынды болар еді. Ал, қазіргі ғылым кандидаттарына Белоруссиядағы секілді философия докторы (PhD) дипломын қоса берген жөн. Онда мұндай құжат Президент А.Г.Лукашенконың 2011 жылғы №561 жарлығымен бекітілген «Ғылыми дәрежелер мен ғылыми атақтар беру Ережесіне» сәйкес кез келген ғылым кандидаты дипломына қоса беріледі. Бізде бұл мәселенің ара-жігі әлі күнге айқындалмаған, ресми теңестірілмеген. Сосын, ел Президенті жанынан құрылған Беларусь Жоғары аттестациялық комиссиясы бекіткен Ғылыми басылымдар тізімі бойынша жарияланған ғылыми еңбектермен қатар Ресей, ТМД елдері ЖАК-тары бекіткен басылымдарда жарық көрген мақалалар есепке алынады.
Біздің елімізде докторлық (PhD) қорғау үшін мақала сонау Еуропадағы Томсон Рейтер компаниясының деректер базасына енетін нөлдік емес импакт-факторлы басылымдарында жариялануы қажет. Ол үшін 1-1,5 беттік ғылыми жазбаңыздың жарық көруіне міндетті түрде кем дегенде 800 доллардан астам ақша төлеуіңіз керек. Төлемесеңіз еңбегіңіз (мақалаңыз) жарыққа шықпайды. Сонда, тек Қазақстандық ғылыми дәрежеден үміткерлер ғана ше­телдік әлгіндей компанияларға кіріптар болып, ел несібесін сыртқа, солардың қалтасына еш қиындықсыз салып беріп жатады. Және бір ерекше атап айтарлық жайт: біздің докторантқа (PhD) Ереже бойынша екі бірдей – бірі отандық, екіншісі шетелдік ғылыми кеңесші жетекшілік етуі қажет.
«Шетелдік кеңесші» деген жай аты үшін демесеңіз, оның келу-кету, жүру-тұру, күнделікті күн көрісі, кеңесшілік қызметі мен мұнда оқыған дәріссымағының шығынын есептеп шықсаңыз (оған PhD докторанттың шетелдік ғылыми кеңесші еліндегі оқу-тәжірибелік тағы­лымдамасына кететін қаржыны қоспа­ғанда) есіл ақша сыртқа босқа шашылып жатқанын аңғарар едіңіз. Ал, мұны мемлекет көлеміндегі PhD докторантурада оқып жүрген ізденушілерді қоса есептесеңіз, қисапсыз, сан миллиондаған, бірнеше миллиардтаған қаржы жұмсалып жатқанына көзіңіз жетер еді.
Біздің ойымызша, ана тіліміз бен туған әдебиетімізден, ата тарихымыздан, төл педагогикамыз бен психологиямыздан, халықтың мәдени талабын өтейтін жалпыұлттық мәні бар руханиятымыз мәселелерінен – Еуропа елдерінде, тіпті, түбі бір туысқан Түркия елінде де білгір ғалымдар бар дегенге сену қиын. Бар болған күннің өзінде олардың шама-шарқы аталған ғылым бағыттарынан әуесқойлық деңгейде ғана деп ойлаймын. Мүмкін қателесермін. Біздіңше, қазақ тілі, қазақ әдебиеті, қазақ тарихы, этнографиясы, этнопедагогикасы, этнопсихологиясы т.т. тек қазақтар үшін, Қазақстан үшін қажет. Оның көгілдір туы қазақ елінде ғана мәңгілікке тігілген, осында ғана желбірейді. Сондықтан, әлгі Ереже-тәртіпті ойлап тапқан сабаздарға шетелге кіріптар болуды қойып, «ұлт мүддесі, халық игілігіне қызмет ететін рухани құндылықтарымыздың көсегесін өз елімізде көгертіп алған мақұл» деген ой айтқымыз келеді. Мұндай жайт Еуразиялық экономикалық одақ елдерінің ешбірінде орын алып отырған жоқ. Бұл аталған мәселелердің бәрінің басты себебі – біздің елімізде бірегей Ұлттық білім беру моделінің жасал­маған­дығынан деп ойлаймыз. Ал, оған ешкім бас қатырып жатқан да жоқ сияқты. 
Ғылым, ғылыми-педагогикалық кадрлар даярлау мәселесі жайлы әңгіме қозғағанда Қазақстан Республикасының Ұлттық Ғылым Академиясы жайлы айтпай кетуге бол­майды. Академия Президенті, академик М.Жұрыновтың басшылығымен соңғы жылдары бірқатар жұмыстар қолға алынып, оның жұмысында оң өзгерістер болып жатқанынан жұртшылық хабардар деп ойлаймыз. Академия басшысы ел Президенті Н.Ә.Назарбаевтың арнайы қабылдауында болғаннан кейін біраз мәселелер шешімін тапты. Айталық, ҰҒА академиктері мен корреспондент-мүшелерінің жаңадан сайлаулары өткізілді. Ұлттық жоғары оқу орындарымен бірлесе магистрлар мен PhD докторларын даярлау жұмысына, ғылыми жобаларға мемлекеттік гранттар бөлінуде. Академияның салалық бөлімшелерінде ғылыми-зерттеу жұмыстары тақырыптарының басым бағыт­тары белгіленіп, талқылаудан өтті. Бұл та­қырыптар жақын арада баспа бетінде жарық көретін болады. Алдағы уақытта Академия жұмысына өзге көрші елдердегідей мемлекет тарапынан тиісті дәрежеде назар аударылып, оның қызметі бұдан да жандана түседі деген үміт бар.
Сөз соңында айтарымыз, ғылым туралы ғұлама ойшыл Абай он сегізінші қара сөзінде: «Ғылым – алланың бір сипаты, ол – хақиқат, оған ғашықтық өзі де хақлық һәм адамдық дүр. Болмаса, мал таппақ, ғиззат-құрмет таппақ секілді нәрселердің махаббатымен ғылым-білімнің хақиқаты табылмайды», – деп баяғыда-ақ айтып кеткені мәлім. Сол сияқты «Ғылым таппай мақтанба» деп ескерткен ұлы Абай өсиеті бізге өз ғылымымызды дұрыс табуға, оны ел игілігіне жаратуға үндеп тұрғанын ұмытпағанымыз абзал.

 

Алдыңғы «
Келесі »

6 Пікір бар

  1. Мақала өте өзекті мәселені көтеріпті. Егерде біз осы мәселені тезірек шешетін болмасақ, онда еліміздіңң ғылыми қуатын әлсіретеміз.

  2. Бахтияр мырза қоғамға ұлтқа ауадай қажет мәселе көтеріпті. Осы әрекеті үшін ризашылық білдіремін. Айтқандары өте дұрыс тек Жұрыныовқа жағымпаздық көрсетіпті. Бахтияр мырза диссертацияны өзі жазбайтындарды атын атап айтпапты сірә өзі де талай докторларды “дайындауға” өзі де үлес қосқандығын білеміз. “Ақыр заманның адамы ғалым болады ғалымы ЗАЛЫМ болады” деген жағдай қазақстанның басында тұр. Осы Балон тәжірибесін қабылдап жүрген бұрынғы экс министр Б.ЖҰМАҒҰЛОВ. Ол мемлекетке ұлтқа қаншама зиянын тигізіп кетті. Ал оның докторлық диссертацияны БАҚ -да өзі жазбағыны оны Бішкекте таныстықпен қорғағаны туралы мақала жарияланды. Ал МОН -лар ол қылмысты түк көрмегендей жасырып Балықпаевтар сыбайластық танытуда..

  3. Құрметті оқырман,
    Әуелі Болон жүйесі туралы, “Балон” емес, әлі сол орыстың құлы екенімізді көрсетіп қаямыз.
    Жалпы ғылым туралы айтқанда Импакт факторлы журналдарға қаншама қаражат құйып жақанымыз да білместік, “шаш ал десе бас алу”. Өйткені шынайы ғылыми журналдардың ешқайсысы СІЗДЕН ақша сұрамайды, керісінше кейбірі керемет мақала жазғаныңыз үшін гонарар төлейді. Ал енді пайда көзі ретінде ашып, ҚЗ сияқты елдерді сорып отырған журналдарды жоққа шығармаймын. Адам баласынан қулық қалған ба, “сен түлкі болсаң, тазы боп қуып, айласын асырып жүргендерге” амал жоқ. Алайда бұндай журналдар Еуропада бағаланбайды да есептелмейді де. Демек тағы да біз сол баяғы, алданып жүрген. Шын мәнінде Импакт факторлы журналдар өте жоғары деңгейде. Расында Қазақстанда шынайы ғылымды жарату үшін түбегейлі жүйе өзгеру керек, барлық сала, басшылық қызметтердің бәрі сайланатын және тек екі ретқана демек 4+4 жыл ғана сайланып, осы жылдардан соң орынды босатып, басқа қызметкерлер секілді жай қарапайым қызметте жұмыс істейтін күн туғанда бәрі өз орнымен реттеліп, ғылымда да таза ғалымдар ғана қалатынына кәміл сенімдімін, сондықтан шіріп біткен ғылым саласын тек қана осылай құтқаруға болады. Басқа айтылып жатқан себеп салдардың бәрі БОС СӨЗ.

  4. ҚР Ұлттық ғылым академиясының корреспондент-мүшесі,

    педагогика ғылымдарының докторы, профессор Бақтияр СМАНОВтың “Ғылым кандидаттары мен докторларын дайындаудан неге қашамыз? атты мақаласы бүкіл қазақ қоғамындағы яғни қазақ ғылымындағы ауырудың алын алмаса жаңбырдан кейін шыққан саңырау құлақтай қаптаған магистр мен PhD сапасыздығында болып тұр.автор айтпақшы бір тақырыпты қорғау үшін оның қоғамға қаншалықты пайдасы бар? дегенді зерттеп, зерделеп алмаған жұмыс қандай жемісін бермек.яғни 6 жылда бітірген саны белгісіз магистр мен PhD ғылыми еңбектері еліміздің, өндірісіне не берді?Аяғы 2016 жыл құлдырауға әкелді.ҚР Білім саласында мектептен шығып, өскен қабілетті адам болу керек. Бүгінгідегідей, экономис емес.ҚР қарулы күштері -мұғалім.Мұндағы айтағымыз сол саланың маманы болса,ескекті дұрыс есер ме екен деген ойдамыз.Осындай істеріміз барлығын тоқырауға әкелетіні белгілі.Аты шулы Болон жүйесіндегі ғалымдар мықты болса мақалаларын қазақ тіліне аударып,біздің рес.басылымдарға неге бастырмайды. неге біз 300 мың тенге беріп бастыруымыз керек.Айта берсе көп, бірақ ойланатын кез туды.

  5. 2010 жылдан бастап ғылым кандидаттары мен ғылым докторларын даярлайтын кеңестерді тоқтату асығыс шешім болды. Қазақстан тәуелсіздік алған уақыттан бастап осы ғылыми кеңестер ұлттық кадрларды, әсіресе қазақтілді ғылыми ортаның қалыптасуына игі әсерін тигізді. Бүгінде еліміздегі жоғары оқу орындарындарында жалақысы жоғары болмаса да жегін аттай күнделікті және ағымдағы міндеттері шешіп жатқан бұрыңғы ғылым кандидаттары мен ғылым докторлары. Бар салмақ соларға түсіп отыр.Дәл тәуелсіздіктің алғашқы кезеңдерде отаршылық қамытынан босап шыққан қазақ тілі ғылым тіліне айнала бастаған еді.Өкінішке орай бұл даму бағыты тежелді. Мәселен, университеттерде психология саласында магистратура мен доктрантурада тек ағылшын тілін білетін үміткер мен ізденушілердің ғана ғылыммен айналысуға шынайы мүмкіндігі бар. Ауылдан шыққсаң не кедей болсаң болашағың жоқ дей бер. Сондай ақ, бакалариатты үздік дипломмен бітірсең де, іргелі психологиялық білімің болып тұрса да магистратураға түсе алмайсың. Психологияны оқымаған,түсінбейтін бірақ шет тілдері университетінің филолог мамандығын бітірген бакалавр магистратураға оңай түсіп кете береді. Қазір басты критерий ағылшын тілін білсең және ақшаң болса болғаны. Ал қазақ тілін білу шарт емес. Магистратура мен доктарантурада тек ағылшын тілін меңгерген, бірақ мемлекеттік тілді білмейтін адамдар ғылым жетекші болып жүр. Қазақ ұлтына қатысты тақырыптар шетелдік консультанттың қызығушылығы мен ғылыми саласына қатысты болмағандықтан ғылыми тақырып боп бекітілмейді. Импакт- факторлы журналдарға әлеуметтік- гуманитарлық ғылымдар саласында тек қомақты қаржың болмаса мақала жариялай алмайсың. Қазір аксиологиялық өлшемнен тыс тек технократтардың заманы боп тұр. Қазақстанда тек математик, физик және химиктердің журналдары ғана импакт- факторлы журналдар қатарына кіреді. Бұл жерде көңілге жұбанышы: отандық ізденушілердің қаржылары өз мемлекетімізде қалып отырғаны. Қалған салада жүрген іздеушілер ақшаларын шет елдерге беруге мәжбүр. Қазақстандық жоғары лауазымды шенеуніктер еліктеуге, шетелдік үлгілерді соқыр көшіріп алуға шебер. Ал төлтума, отандық рухани өнім жасауға келгенде дәрменсіз. Батысшыл топтардың үміт күткен PhD докторлары мен “Болашақ” жобасымен бітіріп келген мамандарр жоғары оқу орындарындағы мардымсыз жалақыға қанағаттанбайды. Ақысы жоғары жерлерге не шетелдік компанияларға кетеді. Мемлекеттің адам капиталын құрайтын білім беру мен денсаулық саласындағы қызметкерлердің алатын жалақсыны шетелден келген мамандар жағаларын ұстап қайран қалады. Мұндай жалақыға қалай жұмыс істейсіңдер деп бастарын шайқап кетеді. Олар болса екі аптаға келеді де қалталарына Қазақстанның өз жұмысшыларын қимайтын ақшасын қалталарына басып өз елдеріне алып кетеді. Біздің басшыларға жергілікті кадрларды кемсіту психологиясы тән. Алайда күнделікті қара жұмыстың бәрін солар істеп отырса да…

  6. Қазір қазақ жастары әнші, спортсмен болсаң оп- оңай елге таңылып “жұлдыз” болатынын, қалталары ақшадан босамайтынын жақсы біледі. Ұзақ жылдар оқып бас қатырғанша өлеңдетіп гуляйттап жүрген рахат қой. Жалақысы төмен, қоғамда беделі түскен ғылым саласына барып көздеріне жын көрініп пе? “Тамада болсаң қарның тоқ болады, ғалым болсаң бір күн болмай жалақың жоқ болады” деген мақалды да естідік. Оның үстіне ғылыммен айналысу үшін орыс және ағылшын тілін білу қажеттігі тек ана тілін білетін ауылдық қазақ жастарын ғылымға емес діни ағымдардың соңынан еруге итермелеуде. Өз еліңде мүмкіндік жоқ болса олар Сирияға бармағанда қайда барады!

Пікірлерге тыйым салынады.