Құнсыздық синдромы …Ненің белгісі?..

  • 29.12.2015
  • 357 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Қажымұқан Ғабдолла, 
журналист

Өзімде бұған жауап жоқ: Құдайдан қорықпау ма, бір-ақ рет берілетін өмірді бағалай алмау ма, тіршілікті тәрк етіп, түңілу ме, әлде, адамның ішкі жан-дүниесінің кедейленіп, азғаны ма, жоқ, ақырзаманның белгісі ме?..

Біздің Орал қаласында 75 жасар қарт биік көпірден өзін тасжолға тастап жіберіп, бақилық болды. Ал, Алматы қаласындағы «Мерей» сауда орталығының зәулім шатыранан бір түнде 50 жастағы егіз әйелдер әдейі секіріп, өмірмен қоштасты… Жаның шошып, жүрегің сыздайды… Бір жағынан, «кешегі сұмдық ашаршылық пен қан сасыған соғыстың аса ауыр кезінде де адамдар ертеңінен үміт үзген жоқ қой» деп ойлайсың… Екінші жағынан, мәселенің – ертеңгі күні бір турам нансыз қалудан қорқуда емес, жалпы, адам тіршілігінің қызығы мен қызуының азайып, ертеңнің үміті мен сенімінің тым тарылып кеткендігін мойындамасқа шараң жоқ… Есесіне, ЮНЕСКО-ның Бас конференцисының 38-інші сессиясында Елбасымыз: «Соңғы жиырма жылда біз дегеніңіз жүздеген ауруханалар мен мектептер салдық. Қазақстанның жалпы ішкі өнімі 19 есеге өсті. Әрбір тұрғынның кірісі орта дейгейдегі мемлекеттердің дәрежесіне жетті. Орташа өмір сүру – 70 жасқа жетті. Кедейшілік көрсеткіші 11 есеге, яғни, 34 пайыздан – 3 пайызға дейін төмендеді» – деді. Осы кезде қазақ парламентінің қабырғасында Кәрім МӘСІМОВ-тің үкімет мүшелері қазақ тең­гесінің секірісінен мемлекеттік бюджетті есептей алмай даурығып жатты. Қаржы вице-министрі Лена КАРМАЗИНА қаржылық жағдайдың өте күрделі екендігін, «танго билеген» теңге бағамы мен инфляция деңгейінің алаңдатушылық туғызып қана қоймай, тығырыққа тірегенін байқамай айтып қалды. Артынша миллионер-министр, Ұлттық экономика министрі Ерболат ДОСАЕВ «сасқан үйрек артымен сүңгіп», өздерінің қателіктерін басқаға былайша жауып-жапсыруға тырыс­ты: «Ел арасында үрейді журналистер туғызып жүр. Біз тиісті есептердің қашан аяқталатынын, Ұлттық банкте талқылау жүріп жатқанын, бұл процестің бәрі жария түрде өтетінін айттық. Біз осы заң бойынша (2016-2018 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы заң) 1 желтоқсанға дейін үлгереміз…»
Бөз бұзылмастан бұрын, сөздің бұзылатыны рас қой. Алматыдағы бір нән басқосуда А.Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институтының бас ғылыми қызметкері, лингвист ғалым Нұргелді УӘЛИЕВ қазір жетекші салаға айналған бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерін өткір сынға алды. Уәлиев былай деді: «Сөйлеу тіліміз қиындап кетті. Мәдени семантика сақталмайды. Тілдік семантика – тілдің норма негіздері – ұзақ жылдар бойы қаланады. Ол бұзылса – нағыз қауіп. Тіл экологиясы әбден бұзылды. Бұқаралық ақпарат құралдары ана тіліміздің сұрқын қашыруда. Тікелей аудармаға сүйену мен кірме сөздерді көп қолдану – қазақтың көркем сөздерін ұмыттыра бастады. Қазіргі журналис­тер «саламат» пен «салауат» сөздерін бір-бірінен ажырата алмайды. «Салауат» – кешірім деген сөз, мұсылман әр дұғасында Мұхаммед Пайғамбарына салауат айтады, Алладан кешірім сұрайды; сондықтан, кешірім сөзі дау-дамайды тоқтату үшін құқықтық негізде қолданылады. Бүгінгі журналистер «саламатты» дегеннің орнына – «салауатты өмір салты» – дейді»…
Иә, ештеңенің қадірі қалмай барады. Ертеде Ақсақ Темір түрік әміршісі Баязитті жеңгенде, ханның алдына келген Баязит тұтқынның денесі бір жағына қарай қисайып кеткен көрінеді. Сонда Ақсақ Темір:
– Егер, ұлы қолбасшы, ел билеушісі, солай деп тұрса біз не дейміз? Бұл құнсыздық синдромының көрінісі, дә! Алла Тағала сен және мен сияқты ақсақ пен қисыққа тақ пен тәж сыйлаған болса, онда Құдай үшін биліктің де ешқандай құны болмағаны-ау, – депті…


Жемқорлық – ұлт таңдамайды, 
Ер-аға!

Қазақ қоғамының сырқаты көп…

Бірақ, соның ең сорақысы – бөлінушілік. Аталарымыз «бөлінгенді – бөрі жейді» десе де, қайран жұртымыз бөріге де, көрінгенге де қып-қызыл таланып, дала-дала болып келеді, бірнеше ғасырдан бері… Жүзге жіктелу, руға іріктеудің кесірінен екі ғасырдан астам уақыт    орыстың тепкісін  көріп, тоз-тозымыз шықты. Жарат­қанның жарылқауымен бостандық байрағына ілікпесек, ендігі елу жылда тіліміз бен ділімізді ұмытып, отанымыз бен ошағымызды жоғалтар едік… Құдай қолдады, еркіндікке қол жетті. Қуаныш жасына шомылдық. Ә дегенде, жариялылықтың шылбырына жармасып, демократияның делебесін қоздырдық… Көпке бармады, бұл талабымыз… Елді ұры қаптады, сананың жыны қаптады. Барды – қираттық, жоқты – жырлаттық… Бұған қарап қара аспанды су алдыруға болмас, дегенмен де бұның да дертке айналғаны рас.
Мемлекеттің тайқазанының маңайындағы кейбіреулер ата-бабасы көрмеген қазына-байлыққа аш кенедей бас салды. Жиырма жылдан асты: талай кене қанға бөгіп жарылып жатты, талай кене қанға қақалып қағылып жатты… Қарапайым қараша далада қалды: үлес те тимеді, күрес те иімеді. Атақты фильмдегі Бекежанша айтсақ, керісінше болды: кене семіріп, сиыр боп қалды; сиыр оңалып, пілге айналды. Ұры-қары мен баукеспе-қарақшылар байыған үстіне байи түсті… Сөйтіп, қоғамды жемқорлық меңдеді…
Сырқаттың дендегені сонша – «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесінің басшылары құрыққа ілінді. Қазақтың бұрыннан да бағлан атанған Талғат ЕРМЕГИЯЕВ бастаған бірнеше баласы істі болды. Қазақ қоғамының бір бөлігі «сауап болды»-ға сайса, екінші бөлігі «Талғат Ермегияев дүние-мүлкі бұрыннан-ақ жеткілікті шонжар емес пе еді» деп қалды… Бір қызығы – қалай осы «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесі басшыларының бірі, құрылыс жөніндегі басқарушы директор, ұлты бөтен Суламбек Баркинхоев тергеуге ілігіп еді, Қазақ Еліндегі чечен-ингуш диас­порасының «Вайнах» қауымдастығы ақпарат құралдарында қандастарын жақтап шыға келді. Қауымдастықтың «Возбудили дело «до кучи»?» атты ашық хаты қоғам белсендісі Ермұрат БАПИ ағамыз бас оқырманы болып табылатын «Общественная позиция» («Дат») үнпарағында жарияланыпты.
Бір қарағанда, сөз жоқ, әркімнің өз құқын қорғауына, бауырына болысуына толық құқы бар. Әйткенмен, тереңірек үңілсең, «жемқор қазақтар аз емес, бірақ, біз адал-тазамыз ғой», демек, «…может, следствие «до кучи» возбудило уголовное дело в отношении Баркинхоева?» – деп, сылап-сипайды…
Мақаланың тұла бойында бөліну мен көлгірсу лықа толы. Шынында, қазақ қоғамын «бүлдіретін» тек қазақтар ғана сияқты, басқа ұлттар түгелдей сүттен ақ, судан таза секілді. Турасын айтсақ, қоғамды дендеп кеткен осындай орынсыз сырқаттың ақыры опық жегізіп, опат қылуы әбден мүмкін: қазақ пен орыс ұрысса – қазақ кінәлі, қазақ пен шешен шекіссе – қазақ кінәлі, қазақ пен ұйғыр ерегіссе – қазақ кінәлі, қазақ пен кәріс керіссе – тағы да қазақ кінәлі… Енді, міне, басқа ұлттан бір «жемқор»-дың аты аталып қалып еді, тағы да қазақ кінәлі болып шыға келді?!.
Меніңше, бұл сырқаттың тамырына тез балта шабуымыз керек. Ең алдымен, газеттің бетінен Ашық хатқа табақтай орын ұсынған сыйлас әрі әріптес Ермұрат Бапи ағама:«Жемқорлық – ұлт таңдамайды, Ер-аға!» демекшімін… Ер-ағамның туған ұлтын сүюі ешкімнен кемшін түспес, дегенмен, қазақтың бақшасына қарата лақтырылған әрбір тастың зіл-батпаны әр қазақтың басын жарады…
…Жат пейілге – жарым көңіл күйде жер­генімізде, Ер-ағамыздың «Ермегияев ісінде біз неге үнсізбіз?» – дейтін шындықтың шыңырауын қазбалаған жан дауысы ес­тілді. «…Егер, Ермегияев жүйенің «өз адамы» болғанда, оған «түсіністікпен» қарап, …парламенттегі депутаттық мандатын «өз еркімен» тапсырған Темірхан Досмұхамбетов сияқты ың-шыңсыз «қызмет ауыстырып» кете берері мүмкін еді» – депті, Ер-ағам…
«…Бәсе, Ерасылдың ерен жалғасының жаңылмауы керек еді!..» – дегенді көңілге медеу қылып отырғанымызда, қазақтың атышу­лы спорт журналисі Несіп ЖҮНІСБАЕВ-тың Талғат Ермегияев жайындағы жылы дүниесін оқыдық. Расында, Абай ақын қазағына біріңді-бірің дос санамасаң, дүние бос, демеп пе еді, өзара қайырым қалыңдай берсін, бауырларым!

Нағыз қаһарман қайда жүр?

 
…Әйтеуір, жақсының қадірі қашқан күн…
…Космонавтиканы дамытуға сіңірген еңбегі, «Союз ТМА-16М» ғарыш кемесінде ұшу бағдарламасын табысты орындағаны үшін Қазақстан Республикасының ғарышкері Айдын Ақанұлы АЙЫМБЕТОВ «Қазақстанның ғарышкер-ұшқышы» құрметті атағын алды. Елбасы: «Айдын Айымбетовтің сапары – еліміздің биік мәртебесі мен ең асқақ белестердің өзін бағындыра алатын мақсаткерлігін көр­сетті» – деп, қазақтың үшінші ғарышкері Айдын Айымбетовке еліміздің ең мәртебелі «Халық қаһарманы» атағын берді. Ел болып қуанып, ұлт болып ұлықтап жатырмыз. Дұрыс. Айымбетовтің еңбегі зор, құрметтелуі жөн… Әйткенмен, қазақта «тұңғыш» дейтін бір таным мен тектілік бар емес пе еді?.. Әділдіктің ақ жалауын желбіретіп, адалдық тұрғысынан келсек, алдымен, қазақтың тұңғыш ғарышкері Тоқтар ӘУБӘКІРОВ-ке лайықты ғой – «Халық қаһарманы»! Бұған біреудің дауы мен дәйегі бар ма, қарсы айтатын?..
Елбасының Қазақстанның үш ғарыш­керімен бірге түскен суретін көріп, көңіл демдесек те, көкейімізде салмақты сұрақ қалды: «Нағыз қаһарманымыз Тоқтар ӘУБӘКІРОВ қазір қайда жүр?!.» – деген…
…Әттең, жақсының қадірі қашқан күн-ай десеңші!..
Махамбеттің еске түскен үзік-үзік өлең жолдары қашанда өміршең-ау…
«Мен – мен едім, мен едім!
Мен Нарында жүргенде,
Еңіреген ер едім.
Исатайдың барында,
Екі тарлан бөрі едім.
Қай қазақтан кем едім?
Бір қазақпен тең едім…
…Еділдің бойы ен тоғай –
Ел қондырсам деп едім.
Жағалай жатқан сол елге,
Мал толтырсам деп едім…
…Мен Нарында жүргенде,
Еңіреген ер едім.
…Ерегіскен дұшпанға
Қызыл сырлы жебе едім.
Жақсыларға еп едім,
Жамандарға көп едім…»

Жұлдызға «жалына» бастадық… 

Тәуелсіздік алған ширек ғасырдан бері «Нан болса, ән де болады» деген «ұста­ныммен» келген біздің басшылар дағдарыс дауылына шыдамай, ебелектеп-есеңгіреп қалды… «Ақырзаман таянғанда жердің қыртысындағы бақа-шаянның бәрі жердің бетіне шығады» – деп отырушы еді бұрын­ғылар, шындығында, «сасқан үйрек – артымен сүңгіп», біздің атқамінерлер елдің көңілін тыншыту үшін, тіпті, көріпкелдерге көрпе төсей бастапты… Айтқанының 85 пайызы «айнымай келетін» ресейлік атышулы көріпкел Павел ГЛОБА-ның «мистическую страну-степь, которая меня приняла» деп, қазақ топырағына көшіп алғанына да біраз уақыт болды. Атасының «ұшаққа мінбе, қатынға құмар болма» деген өсиетінің алғаш­қысын орындап, соңғысына әлсіздік танытқан көріпкел Астанадан көзі аспан түсті махаббатын кездестіріпті…
Кітап оқуды жанындай сүйетін, ма­ман­дығы тарихшы Глоба алғашында дү­ниеге материалдық көзқарастағы өзінің көріпкелдікке сене қоймағанын, тек атасынан қалған астрология туралы кітаптарды үздіксіз оқи бергенін айта келіп, бүгінгі күннің басты төрт түйініне тоқталыпты:
1. Әлемдік соғыс өрті өрши түседі…
2. Американдықтар иран ісіне міндетті түрде араласуы керек, өйткені, Иранда соғыс болады…
3. Қара қытай жер бетін қаптауын жалғастырады. Мысалы, Париждің қақ орта­сында түрлері бір-біріне өте ұқсас бол­ғандықтан, қытайлықтардың бірнеше буыны бірнеше ғасыр құжатсыз өмір сүріп жатыр…
4. Ресейдің экономикасы тізерлеп, тек ірі қалалар ғана аман қалады. Әлемге жаңа көзқарастағы есі дұрыс, салауатты орыстар ғана ел қатарына қосылады.
…Кезінде «совет билігіне қарсы» деген лақаппен түрмеге де отырып шыққан Павел Глоба ұстаздық қызметтен шеттетіліп, ғылыми еңбегін қорғай алмай, пеш жағушы болып жұмыс істеген… Дегенмен, көріпкелдік – соншалықты салмақты, әсте абыройлы шаруа емес. Танымал қазақ журналисі Арман СҚАБЫЛҰЛЫ «Қазақ журналистеріне қарызбыз» атты жазбасында: «Екеуі де ол кезде әкім еді. Бірі батыс облыстардың бірі – балшықтан аршып жатса, екіншісі – оңтүстіктегі Шымкенттің шырайын келтіруге күш салып жатқан болатын…
…Мені таң қалдырғаны Бердібек (Сапарбаев Қ.Ғ.) ағамыздың амандықтан соң айтқан сөзі болды.
– Мен қазақ журналистеріне қа­рыз­дармын, – деді ол, – Экономика министрлігінде қарапайым қызметкер болып жүргенімде бір күні «Хабар» журналистеріне қазақша сұхбат беретін адам табылмай, басшылар амалсыз мені ұсыныпты. Шама-шарқымша сөйлеп бер­дім. Сол күні-ақ мемлекет басшысының көзіне түскен болуым керек. Көп ұзамай қыз­метім де өрлей берді…
…Атырау сапарында да дәл солай. Ал­матыда Атырау облысының көрмесін тү­сіріп жатыр едік, экспонаттарды аралап жүрген Имекеңді (Тасмағамбетов. Қ.Ғ.) көзіміз шалып қалды.
–  Мен қазақ журналистеріне қарызбын. Еңбегімді ең алғаш жалпақ жұртқа жариялаған да солар!
…Екеуі де аттан түспей келеді. Түспесе екен!» – деп тебіреніпті…
Күн сайын ұлттық теңгесінің құны түсіп, бензинінің бағасы асқаққа шарықтаған елдің тілшісіне тілін тістеп, «көпіркел»-көңілін демдеп-емдеп, «тарландарына» «таң қалудан» басқа не қалды дейсің?!. Ал, көріпкелдікпен нанын тауып, атағын жайған Павел Глоба қазақ топырағынан көптеген адал достар тауып, бірнеше кітаптар жазып, тележұлдыз болғандығын, өзінің арнайы оқуларын өткізе бастағанын, тіпті, қазақ елінің жарқын болашағы үшін аянбай тер төгетіндігін мәлімдепті.
Қыза-қыза келгенде атақты көріпкел былай депті: «Казахстан – будет великой страной. Развитой и многонациональной. Центр Евразии, всего континента, находится рядом с Алматы. В перспективе 15-миллионная страна станет мощнейшим государством. Империей. Сегодня Казахстан очень перспективен…» (Әдейі түпнұсқада беріп отырмын. Қ.Ғ.).
…Сөз жоқ, мұсылман үшін көріпкелге сену – үлкен күнә, өйткені, барлық тіршілік, ертеңің мен келешегің – Алла Тағаланың құзырында ғана. Тек, «жақсы сөз – жарым ырыс» деген ата сөзіне сүйеніп, өз ойымызды түйіндеуге тырыстық…
…Қазақстаннан бармақтай бағын тапқан бір пенде – Павел Глоба өзінің сүйік­ті оқымыстысы, немістің классикалық пәлсапасының атасы Иммануил КАНТ-тың: «Звездное небо над нами и нравственный закон внутри нас» – деген қанатты сөздерін қайталап жатқанда, Астанаға батыр халықтың басшысы, Украина Президенті Петр Порошенко келді…
Бұл – кездейсоқтық емес-ау…

Шенеунік әр тиынға есеп берсе,
есерлік жасамас еді…

 
Абай: «Тамағы тоқтық, жұмысы жоқ­тық – Аздырар адам баласын» деп еді…
…Астанадағы «Сарыарқа» сауда ор­та­лығының кинотеатрында тағы бір та­мағы тоқ, көйлегі көк бала – Премьер-Ми­нистр Кеңсесінің бас инспекторы Болат ТУРАКЕЛДИЕВ-тің ұлы – Қуаныш Болатұлы Туракелдиев 21 жастағы қа­зақтың жас қызының ішінен теуіп құлатып, көргенсіздік жасады… Егер, осы қыздың орнында Қуаныш Туракелдиевтің туған анасы, әпке-қарындасы, жары немесе қызы болса, не қылар еді?!. Меніңше, мәселені дәп осылай қабырғасынан қойып, қоғамдағы қарны тоқ надандардың ыстығын басып, ынсапқа келтіру керек. Басқаша айтқанда, мемлекеттің, яғни, халықтың байлығын қымқырудан қарны тойып, ішектері майланып-ісінгендердің жақындарының «ішінен теуіп құлатқандай» дүмпу-әрекет жасау керек. Әйтпесе, мұндай надандық ұлттық індетке айналып барады.
Алдымен, 2013 жылдың 11 қыркүйегінде «Қазинвестбанк»-тің Директорлар кеңесінің 35 жастағы мүшесі Дархан БОТАБАЕВ «Эйр Астана» әуе компаниясының Ал­маты қаласындағы кеңсесінде қатардағы қызметкері, қазақтың қызын боқтап-боралап; аузынан ақ ит кіріп, көк ит шығып; ақырында, бойжеткеннің бетінен жұдырығымен бірнеше мәрте қойып қалды… Егер, бет аузынан соққы алған қыздың орнында Дархан Бота­баевтың туған анасы, әпке-қарындасы, жары немесе қызы болса, не қылар еді?!.
Не керек, жәбірленген қыз құқық қорғау құрылымдарынан әділдік таппай жүргенде, бықсыған түтіннің жалындаған отқа айналып кетуінен зәресі ұшқан Дархан Ботабаев бойжеткеннің ізін аңдып, гүл сыйлап… әзер дегенде әупірімдеп кешірімін алды…
Сосын, көп ұзамай-ақ, 2013 жылдың 1 желтоқсанында келесі бір жоғарғы шенді шенеунік, «Астана ЭКСПО-2017» ұлттық компаниясы Құрылыс департаментінің басшысы Қажымұрат ҮСЕНОВ-тың 23 жасар баласы Мақсат Үсенов BMW X6 маркалы көлігімен жолаушылар жолына шығып кетіп, бірден 6 адамды қақты. Бір кісі сол жерде көз жұмып, қалғандары жарақат алды. Мақсат Үсенов небәрі 45 күн қапаста жатып, 500 мың теңге айып төлеп, жүргізуші куәлігінен 2 жылға айырылды. Бірақ, тамағы тоқ Мақсат еш саспай, куәліксіз-ақ көлік айдап жүріп, тағы бір жол апатында әйелді жарақаттады… Егер, жарақат алған әйел Мақсат Үсеновтің туған анасы, әпке-қарындасы, жары немесе қызы; ал, көз жұмған жігіт туған әкесі, ағасы-інісі немесе баласы болса, не қылар еді?!.
…Арада 2 жыл да өтпей, тағы бір ше­неуніктің ұлы Қуаныш Туракелдиев қазақ қоғамына билік пен байлықтың күшін көрсеткісі келді…  Әрине, қоғамның «ыс­тығын» түсіру үшін «Болат Туракелдиев қызметтен кетуге арыз берді» (Бірақ, әлі кеткен жоқ. Қ.Ғ.), «Қуаныш Туракелдиев өз қылығына өкінеді», «Болат Туракелдиев ұлының қылығы үшін кешірім сұрайды», «Қуаныш Туракелдиевтің есі дұрыс емес секілді…» – деген сынды ертегілер айтыла бастады.
Бұл әрекеттердің мақсаты біреу-ақ – Қуа­ныш Туракелдиевті түрмеден аман алып қалу. Біздіңше, Қуаныш Туракелдиевтің дені сап-сау. Тек, тәрбие мен тәртіп жетіспейді. Ең қиыны – бұл жігітті бостан өмір «тәрбиелей» алмайды. Қыздың ішінен тебу – моральдық шекараны айыра алмау. Мұндайлар қоғамға аса қауіпті: ертең сіз бен біздің жақындарымыздың ішінен Қуаныш Туракелдиевтің теппеуіне кім кепіл?!. Әнеки, Қуаныш Туракелдиевті ақтау науқаны басталып та кетті: біреудің мәпелеп өсірген қызының ішінен аямай тепкен қатыгезді кепіл ақша беріп, бостандыққа шығарып алды… Ал, Президенттің жанын­дағы Мемлекеттік Басқару академиясы шұғыл түрде «Шенеуніктер мен олардың отба­сыларының қоғамда өзін-өзі ұстауы туралы Ереженің» жобасын әзірлеуге кірісіп кетті…
Жалпы, мен ойлаймын: қоғамның көңіл-күйі мен адамдардың өз ар-намыстарын қорғау деңгейі қаншалықты дәрежеде болса, биліктегілер мен байлардың мінез-құлқы мен пейіл-құлқыны дәп соншалықты дәрежеде болады. Бұл – дәлелдеуді қажет етпейтін шындық. Тілге тиек етілген байлық иелерінің бассыздығы – мыңнан бір ғана мысал. Мұның өзі өркениеттің арқасы – видеокамераға түсіп, қолға түсіп қалғандар… Ал, күн сайын шалғайдағы аудан мен алыстағы ауылда шенеуніктер мен бай-бағландардың тарапынан қаншама әділетсіздіктер орын алып жатыр десеңші! Мұндай мониторинг жасап жатқан ешкім жоқ. Момын қазақ «құдай табар» деп жүре береді…
Шынында, билігі мен күйлілігі тасынғандар қазақты алдағанымен, Құдайды алдай алмайды. Шеттерінен қармаққа түскен сазандай қайраңға шығап қалып жатыр…
Ең әділі, әрине, Бір Алла Тағала!

Қазақ қайда барады?..

Соңғы бірнеше жылда, әсіресе, биыл қазақ топырағында түз жануары – киіктердің қырылуы орасан апатқа ұласты. Жануар­лардың 130 мыңнан астамының лезде жойылып кетуі – биологиялық алапат апат қана емес, адамдардың тіршілігіне төнген қауіп. Сондықтан, Қазақстанның биоалуантүрлілігін сақтау қауымдастығы арасына зоологтар, инфекциялық аурулар мен зымыран-ғарыш қызметінің мамандары енген 9 мүшесі бар арнайы экспедиция ұйымдастырды. 12 күнге созылған жұмыс Қызылорда облысынан басталып, басқа аймақтарға да ауысты.
Жақында тұңғыш ғарышкеріміз Тоқтар ӘУБӘКІРОВ-те мұндай маңызы зор, қауіпі қатпарлы табиғи апатқа жеңіл-желпі қарамау қажеттігін ескертіп еді. Ал, аталған экспедицияның мүшесі, Франкфурт зоологиялық қоғамының өкілі Штефан ЦУТАР Торғайдың жайлауынан табылған шардың Амангелді ауданының даласынан да табылғанын айтып қалды. Дегенмен, артынша «бұл шардың киіктердің қырылуына еш қатысы жоқ» деп шыға келді…
Жазықсыз жануарлардың жаппай қыр­ғынға ұшырауы – тегін емес. Бұл – Байқоңырдың зардабы ма, әлде, басқа полигондардың радиациялық зияны ма немесе мүлдем бөтен шардың әйтпесе аурудың салдары ма – маңыздысы бұл емес – ең маңыздысы – қазақ даласына төтеннен тажал келіп, табиғат ажал құшып жатыр… Егер, бүгін «киік өлді, күйіп өлді» деп, селқостыққа салынып отыра берсек, ертең адамдардың өміріне қауіп төнбесіне кім кепіл?!. Біздің биліктегі шенеуніктердің ең болмаса біреуі осылай болмасына кепілдік бере ала ма?.. «Мені құртқан Көкшолақ» деп, Кенен атамыз айтпақшы, бізді селқостық тығырыққа тіреп жүрмесін! Турасын айтсақ, жалақысын алған Штефан Цутар еліне қайтып кетті, қазақ қайда қайтады?..

Алдыңғы «
Келесі »