АЛДЫМЕН ЗАТЫН ТҮЗЕП АЛАЙЫҚ, АТЫН АУЫСТЫРУ ЕШҚАЙДА ҚАШПАЙДЫ

  • 29.12.2015
  • 402 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Қазір «қазақтың рухын көтеру керек!» деген әңгімелер көп айтылады. «Біраз нәрселер жасалып жатыр» деп те хабарланады. Онысы – әр-әр жерде ұлт ұлыларының ескерткіштерін орнату, батыр-бағландардың пәлен жылдық тойларын өткізу, баспасөз, телерадио арқылы «ата-бабамыз осындай мықты болған…» деген сипаттағы мақалалар жариялап, хабарлар тарату, тағы сол сияқтылар. «Осыдан халық рухтанып кетеді, отаншылдық сезімі оянып, өзін өзгелермен тең ұстай бастайды» дегенге имандай сенетін адамдардың да болуы ықтимал. Бірақ, «баяғыда батыр да, дана да, білімді де, мәдениетті де, ең бастысы – өз елінде өзі қожа бола алған ата-бабамыздың» кереметтігімен мақтана бермей, солардың бүгінгі ұрпағы қазір не күйде, өз Отанында қаншалықты дәрежеге ие (сөз жүзінде емес, іс жүзінде), осы жағына мән берсек қайтер еді?

Қарапайым қазақтың отаншылдық сезімі оянуы үшін, ол алдымен өзін өз жерінде жүргендей сезінуі керек қой: көшеде де, үйде де, жұмыста да, көлікте де ертелі-кеш еститіні, көретіні – қазақтың сөзі, әні, киносы, т.б. болуы керек емес пе? Патриоттық рух деген адамға туа бітті қанмен берілетін нәрсе емес, ол өзі өмір сүріп отырған қоғамдағы саяси-әлеуметтік, рухани-мәдени ахуалға байланысты бірте-бірте қалыптасатын қасиет. Демек, оны ояту үшін «Қазақ! Қазақ!» деп құр ұрандаудың да, «Біз осындай халықпыз!» деп текке мақтанудың да, «Қазақ анандай, қазақ мынандай…» деп оның жер-жебіріне жете берудің де қажеті жоқ. Тек ол өз Отанында жүргенін, сол Отанының бірінші кезекте өзіне қамқор болатынын сезінетіндей, елінің қай түкпіріндегі қай мекемеге барса да ана тілінде сөйлеп, ана тілінде жауап ала алатындай, осы елде өмір сүріп жатқанына мақтана алатындай істер атқару керек. Бір сөзбен айтқанда, кез келген ұсақ-түйек мәселенің өзінде қазақтың мүддесін көздейтін саясатқа көшу қажет…

***
Қазір қазақ тығырыққа тіреліп тұр. Және бұл қолдан жасалған тығырық: сол жасанды кедергіні алып тастап, ұлттың дамуына, өркендеуіне жол ашса, сәл дұрыс бағыт сілтеп жіберсе, қазақ ешқандай жаһандануға бой бермей кетер еді. Ол қандай тығырық? Қазақтың тілін, дінін, мәдениеті мен әдебиетін, бір сөзбен айтқанда, рухын қолдап шідерлеп отырған мемлекеттің ұлттық саясаты. Дәлірек айтсақ, сол саясаттың жоқтығы.
Рас, қазаққа қазақтың өзінен басқа ешкімнің жаны ашымайды. Дәл қазір оған қазақ мемлекетінің де жаны ашып тұрғаны шамалы. Елдегі ең тұрмыс деңгейі төмен ұлт қайсы? Қазақ. Елдегі екі негізгі тілдің ең бейшара халдегісі қайсы? Қазақ тілі. Не себепті? «Бұл қазіргі биліктің кінәсі емес, орыстың екі ғасырлық отарлау саясатының салдары ғой» дейміз. Сол салдарды қалай жою керек? Отарсыздандыру саясаты арқылы! Ал, оны ойлап отырған мемлекет бар ма? Жоқ. Оның қазір қазаққа мойын бұрар мұршасы да, назар аударар ниеті де жоқ. Жалпы, байқауымша, мемлекет қазақтан гөрі қазақстандықтарды жақсы көреді. «Солар шуламасын, солар тоқ болсын, солар риза болсын» деп жаны қалмай, құрақ ұшады. Қазақстандықтар кімдер сонда? Білмеймін. Білетінім – әйтеуір қазақтар емес.
Қазақ ешкімнің мүсіркеуіне де, мақ­тауына да, ұрсуына да мұқтаж емес. Оны тек түсіну керек. Тағдырдың талай соққысынан күні бүгінге дейін азғантай болса да аман жеткеніне шүкіршілік ету керек. Екі ғасырлық езгіден енді ес жия бастаған ұлттың еңсе тіктеп кетуіне қол ұшын беру керек. Қазіргі қазақ бәрінен де маңдайдан сипар мейірімге, тәй-тәй қадамын демер таянышқа, ұлттық мемлекет құрмақ мақсатын қуаттар қолдауға мәжбүр.

***
Қазақ тілінің қазіргі жағдайын құзар шыңнан құлағалы тұрған, онда да бір қолымен жардың шетінен ұстап әрең ілініп тұрған адамның ахуалымен салыстыруға болады. Біз барып оны екінші қолынан тартып, шығарып алудың орнына жанына жамбастап жатып алып, мұндай қиындықтан құтылудың жолдары жөнінде асықпай әңгіме айте-е-еп отырмыз. Сөздік, тілашар, оқулықтар, т.б. себептер мен сылтаулар – осы әңгімелер. Ал, біз бұларды әлгі байғұсты құтқарып алғаннан кейін айтуымыз керек қой! Қолы талып, төмен қарай құлап кетсе, ол ақыл-кеңесімізден не пайда?
Ана тіліміз үшін ондай құтқарушы қол – Конституцияның 7-бабына енгізілер өзгеріс болмақ. Яғни, ондағы «Мемлекеттік ұйым­дарда  және жергілікті өзін-өзі басқару ұйымдарында орыс тілі ресми түрде мемлекеттік тілмен тең қолданылады» делінетін 2-тармақты мүлде алып тастау керек. Сонда ғана қазақ тілінің адымы ашылады, бүкіл Қазақстан жұртшылығы қаласын-қаламасын мемлекеттік тілді меңгеруге мәжбүр болады.
Тілдердің белгілі бір мемлекет өмі­ріндегі қолданылу аясы – созыла беретін резеңке емес. Демек, бір тілдің (мәселен, қазақ тілінің) қолданылу аясын кеңейту үшін бәрібір екіншісінің (бұл жерде орыс тілінің) адымын тарылтуға тура келеді. Ал, «тауларды аласартпай-ақ даланы асқақтатып» үйреніп қалған біз оңды-солды ойқастаған орыс тілін орнынан қозғамай-ақ, қазақ тілін қарыштатып дамытып жібермекпіз! Бұл – қиял-ғажайып ертегі ғой! Және біраз топтарға (бәлкім, билікке де) ұнайтын ертегі!

***
Тіл үйрену – меніңше, суға жүзіп машықтану сияқты нәрсе. Суға жүзуді қалай үйрететінін білесіз бе: талаптанушыны суға итеріп жібересіз, бітті, жан керек болса, өзі-ақ малтып шығады. Сол сияқты, біз де «сіздерге қандай оқулық, қандай әдістеме, қандай мұғалім, қанша қаржы керек?» деп өзгелерге өбектей бермей, тіл үйренуге мәжбүрлік туғызуымыз керек. Қазір қазақ тілі жаһандану мұхитында суға бір батып, бір шығып, қалт-құлт етіп келеді. Оны әуелі жағаға шығарып алып, сосын көмектесудің орнына біз сол судың ішінде-ақ байғұстың аяқ-қолын уқалап, әбігерленіп жүрміз.
Тұтас мемлекет халқы күнделікті сөй­лейтін тілге айналмай, қазақ тілінің келешегі кемел болмайды. Мемлекеттің бүкіл халқы меңгерген кезде ғана ол нағыз мемлекеттік тілге айналады. Ал әзірге бізде мемлекеттік тіл басқа да, мемлекеттің тілі басқа…

***
Қазақ баспасөзі беделді болуы үшін қоғамда қазақ тілінің беделі көтерілуі шарт. Сен қанша ғажап мақала жазып, кісінің көңілін босатып, көзіне жас алдырсаң да немесе бишігін үйірген билік­тің ашу-ызасын тудырсаң да, ол тұтас ел ауқымында қабылданбай, тек қазақтілді ортада ғана қалып қойса, қайтіп беделді боласың? Ал, егер, Қазақстан халқы жаппай мемлекеттік тілді меңгеріп, олар да, бүкіл шенеунік атаулы да әр күнін таңғы астан кейін жапа-тармағай қазақ газеттері мен сайттарын парақтаудан бастауға көшкенде ғана ахуал өзгермек. Тұтас ақпараттық-мәдени кеңістігімізді орыс тілі билеп-төстеп, қазақ тілі босағадан ғана сығалап тұрған жағдайда ұлттық баспасөздің беделі де соған сай болады.  

***
«Бізде сөз бостандығы бар ма?» деген сауалға «жоқ» деп те, «бар» деп те жауап беруге болады. Оның алғашқысын қазақ газеттеріне (билікке онша «тісіміздің батпайтынын» меңзеп отырмын), екіншісін орыстілді басылымдарға қатысты айту ләзім. Өйткені, қазақтілділер сәл өткірлеу мақала берсе, қайта-қайта қоңырау шалып, қоқан-лоққы көрсетуден де тайынбайтын билік орыстілділер ойына келгенін айтса да, ләм-мим демейді. Ал, олардың ойына онша жақсы нәрселердің келе бермейтініне көз жетіп келеді: Конституцияны, мемлекеттік тілді, қазақ ұлтының ар-намысын аяққа таптайтын материалдарды біздегі орысша басылымдардан да, ресейлік газеттердің қазақстандық қосымшаларынан көп іздемей-ақ тауып алуға болады. Кері­сінше, олар осы елдің, осы жердің иесі – қазақ екенін аңғартатын, ұлттық идеология, ұлттық мүдде тұрғысынан келетін мақаланы ешқашан баспайды. Ал, біздің қауқары қазақтың аузына қақпақ болуға ғана жететін «қаһарман» билігіміз олардан осыны да талап ете алмайды! Талап етпек түгілі, елең еткізер тосын жаңалығы болса, әуелі қазақ басылымына емес, әлгілерге жедел жеткізуге, соларға сұхбат беруге жарыса жанталасады. Ұлттық баспасөзді тек өз тапсырысын бұлжытпай орындаушы ретінде ғана көретін «сырты – қазақ, іші – орыс» билік оған сол өзіне бірдеңе қажет болған кезде барып назар аударады.
Билік өзінің (демек, мемлекеттің) саясатын халыққа адал жеткізіп отырған идеологиялық құралды (яғни, қазақ баспасөзін) тым болмаса, сол адалдығы үшін сыйлай білмеген жерде, оның ақпараттық-мәдени кеңістікте жетекші орынға шығуын қамтамасыз етуге ұмтылмаған жерде «ол, яғни, билік қазақ тіліндегі БАҚ-тың дамып кетуіне аса мүдделі емес» дегеннен басқа қандай қорытынды шығаруға болады?..

***
Теледидар деген – бір мезетте миллиондар көретін алып аудитория. Теледидар – терең дүниетаным, теледидар – мәдени өре, теледидар – сананы жаулар құдірет… болуы керек еді. Сол «сиқырлы жәшікті» тиімді пайдаланудың орнына эфиріміздің денін былжырақпен толтырып, былықтырып отырмыз.

***
Өмірдің ең бір сұрқия көріністерін, сұмдық оқиғаларын теріп алып, эфир толтыру, газет шығару, сайтқа салу – бұл да бүгінгі «рейтингшіл» уақыттың айықпас дерті болып тұр. «КТК» жаңалықтары – таза криминалды хрониканың өзі, баяғы «Рейдердің» о жақ, бұ жағы боп кетті. Интернет журналистика да осы тәсілді меңгеріп үлгеріпті.

***
 «Мемлекет атауы «Қазақ елі» болса…» деген әңгіменің айтылғанына екінші жылға таяды. Оны қолдаушылар да болды, қарсы шығушылар да кездесті. Маған жалпы осы ұсыныстың дәйектемесінің өзі солқылдақ көрінді. Қане, мына сөзді оқиық: «Біздің еліміздің атауында Орталық Азияның басқа да елдеріндегі сияқты «стан» деген жалғау бар. Сонымен бір мезгілде, ше­телдіктер халқының саны небәрі екі миллионды құрайтын Моңғолияға қызы­ғушылық танытады, бірақ, оның атауында «стан» жалғауы жоқ». 
Түсініксіздеу тұсы: шетелдіктер «-стан» жалғаулы елдерге емес, «-ия» жалғауы бар Моңғолияға қызығушылық танытқандықтан ғана ел атауын өзгерткіміз келіп отыр ма? Саясат білетін білікті жандардың айтуынша, «шетелдіктер» дегенді бұл жерде «инвесторлар» деп түсінген жөн екен. Яғ­ни, жатжұрттық инвесторлар, бизнесмендер Қазақстанға келіп, ақша салайын десе, «станнан» үркіп, қашқақтап жүргенге ұқ­сайды (мәселен, Ауғанстанмен немесе Пә­кіс­танмен шатастырып). Егер, «Қазақ елі» атансақ, олар қорықпай келе беретін көрінеді. Бұл жерде тағы ұғынықсыздығы: ел атауын біз өз қалауымызбен өзгертпекпіз бе, әлде шетелден инвестор тарту үшін бе?
Мен «Қазақ елі» атауына түбегейлі қарсы емеспін. Бірақ, сол атауды не үшін қалап отырғанымызды әдемілеп тұжырымдауға болмай ма? Мәселен, «Тәуелсіздік алға­нымызға ширек ғасырға таяды, осыған дейін көп мәселеде толеранттылық танытып келдік, енді нағыз «Қазақ елі» болатын, шын мәнінде ұлттық мемлекет құратын, бағдарды солай бұратын уақыт келді» деп айтса, қалай болар еді? Ал, халықты ақылдасуға шақырған әлгі сөз «Стан»-ды алып тастамасақ, инвес­тор келмей қояды» деген мәжбүрлікке ұқсап тұр. Қайбір жылы Рахат Әлиев істі болғанда, біраз Әлиевтер тегін ауыстырып, шат-шәлекейі шығып еді, сол сияқты… Әйтпесе, мынадай қисынмен бір күні «Тайландқа туристер көп барады екен, «ланд» жалғауын қосып, «Қазақланд» деген жөн-ау, сірә» деп жүрмейік.
Бір қызығы, ел имиджіне нұқсан кел­тіретін істер Қазақстанда, тіпті, көп-ақ. Сол кемшіліктерді жойып, әлем жұртшылығының бетіне ұялмай қарауға тырысудың орнына ел атауындағы жалғауға жармасу – қаншалықты орынды? Дүниенің дамыған 50 елінің қата­рына еркін енуіне (биліктің өзінің айтуынша), тіпті, озық 30 елдің арасына кіріп кете жаздауына «стан» жалғауы кедергі бола алмапты да, имидж, туризм мәселесіне келгенде орасан зиян шектіріпті. Күлкілі емес пе?!. Марқұм Рахманқұл Бердібай бастаған ақсақалдар, зиялылар 90-жылдардың басында осы мәселені («ел атауын Қазақ Республикасы деп атайық» деген ұсынысты) қайта-қайта айтып, Президентке хат жазып, Құдайдың зарын қылып еді. Сол кезде билік еш селт етпеген, тыңдамаған да. Тәуелсіздік алған кезде бірден осындай атауға көшуді сол кезде қолдамай, енді естеріне түсе қалғаны қалай?
Біз үнемі қай мәселеде болсын, затынан гөрі атына көп мән беріп кетеміз. «Қа­зақстан» деген атаумен де қазақтың ұлттық демократиялық мемлекетін жасауға болады. Керісінше, «Қазақ елі» деп алау­латып-жалаулатып алып, бүкіл билік, мемле­кеттік органдар орыс тілінде жұмыс істеп отыра беруі де ғажап емес. Сондықтан, алдымен Қазақстан мемлекетінің ұлттық саясаты, ұлттық сипаты түзеліп, орысшыл, орыстілді биліктің беті бері бұрылып, шын қазақ елі болып алайық. Яғни, ЗАТЫН қалыпқа келтіріп, түзеп алу керек. АТЫН ауыстыру, сосын, ешқайда қашпайды.

***
Қазақстандағы орыс тілі арнайы қорғауға мұқтаж ба?
* Қазақстан үкіметі мен парламенті түгелге жуық орыс тілінде іс жүргізеді;
* Қазақ радиосы, «Шалқар» радиосы мен «Қазақстан» ұлттық телеарнасынан басқа электронды БАҚ атаулы эфирінің жартысынан астамы – орыс тілінде;
* Еліміздің ақпараттық кеңістігін орысша (отандық және ресейлік) басы­лым­дардың жаулап алғанына көз жеткізу үшін кез келген газет дүңгіршегіне бас сұқсаңыз да жетіп жатыр.
Яғни, Қазақстандағы дәл қазіргі жағ­дайда орыс тілін әдейі ұмытайын десеңіз де, ұмыта алмайсыз! Қадам басқан сайын қарсы алдыңыздан шығатын орыс тілінсіз тіршілік етіп көріңіз, мықты болсаңыз. Елде осындай жағдай қалыптастырып қойып, «бізге бұл тілді ұмытуға болмайды!» деп арнайы ескертудің жөні бар ма өзі? «Үлкен көршіміздің тілі» деген уәж де көкейге қоным­сыз, күмәнді. Егер, бұл қисынға сал­сақ, Қытай да – кішкентай көрші емес. Не, сонда оның да тілін білуіміз шарт па? 

***
Қай салада болсын, әйтеуір мақтануға сылтау таба алмай отырған елміз ғой. Енді көп ұзамай еліміздегі мемлекеттік қызмет­керлердің кейбірі әріптестеріне: «Құдайға шүкір, сендердей емес, бастығымыз – ше­телдік!» – деп шіреніп отыруы да ықтимал. Өйткені, Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі әзірлеген заң жобасында мемлекеттік қызметке шетел азаматтарын алу туралы норма бар. Оны Мәжіліс кеше бір оқып-ақ, қабылдай салды (сірә, жоғарыдан сондай пәрмен келсе керек). Агенттік төрағасы Қ.Қожамжаровтың айтуынша, мемлекеттік органдарымызда қызмет еткісі келетін шетелдіктерді арнайы ұлттық комиссия іріктеуден өткізеді екен. «Шетелдік азамат тіпті Үкіметте де жұмыс істеуі мүмкін» дейді ол.
Енді ойланып қараңыз. Бізге қандай шетелден маман келуі мүмкін? Өзбекке қазақтың мемлекеттік қызметі керек емес, былай-ақ келіп, үй салып, егін егіп, өз нәпақасын тауып жүр. Қырғыз да солай. Алыс шетелден маман келе қоюы неғайбыл, өйткені, біздің билік дәліздеріндегі негізгі тіл – орыс тілі. Демек… Дұрыс ойлап тұрсыз, иә, Ресейден келуі ғажап емес. Сосын, ол елдің өкілдері бізге жәй қатардағы қызметкер болу үшін келе салуы тағы неғайбыл. Яғни, олар Қазақстанға келсе, тек басшылық қызметке ғана келеді. Әлемдік тәжірибе осыны аңғартады. Оның үстіне, Радослав Гандапас деген ресейлік маманның біздің депутаттарды «жақсы сөйлеуге үйретіп», шешендіктен дәріс оқып, сол тренингі үшін қыруар ақшаны қалтасына басып кеткені де әлі есімізде – былтыр күзде ғана болған жайт.
Қазақстанның мемлекеттік қызметінде істегісі келетін тағы бір елдің азаматтары шығуы мүмкін. Ол – Қытай. Жалпы, жалақы жоғары болса, біздің елдің мемлекеттік қызметкері болғысы келмейтін ел қала ма десеңізші… Сонда «мемлекеттік қызметкер мемлекеттік тілді білуге міндетті», «мем­лекеттік қызметке тұру үшін адам елімізде кемінде пәлен жыл тұрғылықты тұруы қажет» деген сияқты заң талаптары қайда қалады? Әлде әлеңкедей жаланып отырған әбжіл депутаттар ол баптарды да дереу өзгертіп, сырттан сықиып келетін мамандарға даңғыл жол дайындап жатыр ма?
Біз ылғи шетелге жүгінеміз де отырамыз. Спортта – өз жігіттерімізге көңілді аз бөліп, легионерлерге көп сенеміз. Бизнесте де солай: орта және шағын кәсіпкерліктің шідерін шешудің орнына шетелдің инвестициясын әулие көреміз. Мұнай-газ, уран-алтын – шетелдіктердің қолында, алынған кен өнімдерінің басым бөлігі шекара асып кетіп жатыр. Енді, міне, «легионерлер» мемлекеттік қызметке де араласа бастамақ. Сонда кез келген маман келіп қызметке тұра алатын біздің мемлекет – жәй фирма ма?..

Алдыңғы «
Келесі »