Қазақ интеллигенциясы қалай қалыптасты?..

  • 29.12.2015
  • 9874 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Адамдық борышың – 

Халқыңа еңбек қыл.

Ақ жолдан айнымай

Ар сақта оны біл.


Ш. Құдайбердіұлы 



Қай елде болмасын халқының қамын жеп, елінің болашағын жарқын етуге шынайы талпынып, адамдық борышын адал өтеп жүрген азаматтар қатары сирек болса да бар. Оларды біз – көзі ашық немесе интеллигентті адамдар деп жатамыз. Интеллигенция сөзі бастапқыда гректің «noesis» – «сана, түсінік» деген сөзінен шыққан. Уақыт өте келе грек сөзі сол мағынасында рим мәдениетінде «intelligentia» атауымен пайда болды. Ол сөзді алғашқылардың бірі болып рим комедиясының өркендетушісі, драматург Публий Теренций қолданды. Интеллигенция – «латынша түйсікті ойшыл, есті білімпаз» деген сөз. Қоғамда интеллигенция, интеллигентті адам қандай болу керектігі туралы сан алуан пікірталастар жиі болып тұрады. Қазақ ғылымында интеллигенция сөзінің орнына «зиялы» ұғымын жиі пайдаланамыз. Зиялылық, зияткерлік адамның жоғарғы мәдениеттілігін, ақыл-парсаты мен адамгершілік қасиеттерінің жиынтығын білдіретін ұғым. 

«Зиялы қауымды» тек шығармашылық интеллигенцияның балама атауы ретінде қабылдау кеңестік кезден қалған көзқарас екені жасырын емес. Алайда, «интеллигенция», «зиялы қауым» деп – қанға сіңген ата-бабаларымыздың асыл қасиетін бұзбаған, халықтың мұң зарына құлақ асып, шешімін табуға тырысқан, ұлттың ұлттығын ұйыстыра білген, өз көрген білгенін өзгеге үйреткен, тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін ісімен дәлелдей алған, мемлекетіне тиіттей болса да үлесін тигізген, жаңаша ойлай білетін, өз ісіне адал, тәуекелге бел буған күрескер адамдарды атасақ болады. Еуропада «интеллигентті» дегеннің орнына «интеллектуалды» деген терминді пайдалану сәнге айналған. Арасында айырмашылық жоқ. Дегенмен, «интеллектуалды» деп тек саналы, жан-жақты білімді адамдарды атады. Меніңше, зиялы орта үшін тек саналы, білімді болу аздық етеді. Шынайы интеллигент ұлтын сүйіп, елінің патриоты болуы шарт. Зиялылықты адамдар әр заманда әртүрлі қабылдады, өзінше бағалады. Интеллигенцияның тарихына үңілетін болсақ, оның алғашқы мағынасы қоғам үшін, оның дамуы үшін үлес қоса отырып, қоғамның белгілі бір бөлігін құрайтын топтың ең көрнекті, таңдаулы өкілдері. Қашанда ұлттың бірлігі, халықтың рухы ел басына күн туғанда сыналады. Сол кезде ғана олардың шынайы бет бейнесі айқындалып, ел бастаған жанашырлардың озық ойлы тобы қалыптасады. Интеллигенцияның басты міндеті руы мен тайпасын қорғау емес, жалпы ұлтын, Отанын қорғау болса, сонда ғана жалпыұлттық мүдде рулық мүддеден жоғары қойыла бастайды. 

Интеллигенция – зиялылар, ең алдымен, ғылымды, техниканы, өнерді, білімді дамытушылар. Манаш Қозыбаев «Киелі Тәуелсіздік» атты кітабында: «Интеллигенция терминін XIX ғасырдың 70 жылдарында П. Д. Боборыкин деген орыс жазушысы енгізді. Алайда, одан сол кезге дейін зиялы қауым болмады деуге болмайды. Өйткені, ол ой еңбегі мен дене еңбегі шыққан кезден – сонау антикалық және ортағасырлық кезеңнен бой көрсеткенді», – деп жазады. Бұл ұғым, сөз бұрын қазақ сөздігінің қолданысында жоқ болғанымен, оның мәнісін қазақ: «имандылық жасы үлкенді сыйлау, кішіге қамқор болып, жүйелі сөйлеу», – деп түсінген. Интеллигенция – өзгеше әлеуметтік үдеріс ретінде қазақ даласында ерте кезден дамыды. Елбасымыз өз сөзінде: «Қазақтың тарихында қазақ ұялатын ештеңе жоқ!», – деп кесіп айтқан болатын. Шындығында, біз тарихымызды көз қарашығындай сақтауымыз керек. Өйткені, тарих қойнауында «қазақ» деген мәртебелі ұлттың жоғын жоқтап, барын асқақтата білген талай саңлақтарымыздың болғаны рас. Сонау сақ патшасы Томиристен соңғы хан Кенесарыға дейін, Мұстафа Шоқай мен Әлихан Бөкейхановтардан Қайрат, Ләззаттарға дейін қаншама ұлт зиялылары өмір сүрді. Көне дәуір мен ортағасырлардағы қазақтың мемлекеттілік үрдісін, халық болып қалыптасуын, ел билеген хандар, жыраулар, абыздар, батырлар мен билер сынды алғашқы қазақ даласының зиялы қауымы реттеп отырды. Сақ, ғұн, түркі, оғыз, қыпшақ ұрпақтары озық ойлы, болашақты болжап және соған орай әрекет ете білген қасиеті болған. Шоқан, Абай, Ыбырай сынды ұлт интеллигенттері «мыңмен жалғыз алысып», халықтың мүддесін қорғады.

Инетеллигенцияның қоғамдағы әлеу­меттік-саяси рөлі өте зор. ХІХ ғасырда мұғалімдерді, жазушыларды, суретшілерді, дәрігерлерді, заң қызметкерлерін, әртістерді зиялы қауым өкілдеріне жатқызды. Жыл өткен сайын интеллигенциялар саны артып отырды. Оған қоғамның өзге де салаларында қызмет ететін азаматтар қатары қосылды. ХХ ғасырдың басындағы қазақ ин­теллигенциясының саяси қызметіндегі бас­ты мақсаты ұлттық және жалпы қоғамдық құндылық болды. Ұлтымыздың өркениет мінберінен көрінуі – ұлттың интеллигенциясына байланысты. Интеллигенция тасада емес, ел тірлігінің ішінде етене араласа жүреді. Оның басты миссиясы да сол. Бүгінгі қоғамның түсінігі бойынша, интеллигенцияны – оқыған, жоғарғы оқу орнын, одан кейін магистратура, докторлық қорғаған ғалым немесе ақын-жазушылар, қоғам қайраткерлері деп ойлайды. Бұны да қате пікірге жатқызуға болмас. Алайда, ол тізімнің ішінде тізілгендердің барлығы дерлік интеллигент емес. Нағыз интеллигент өзі біліп қана қоймай, өз білгенін өзгеге де үйрете жүреді. Ал, қауымның көңілінен сөзімен ісінің бірлігі болғанда ғана шыға алады. Нағыз инеллигенттердің көп болуы қоғам үшін пайдалы. Себебі, ұлттың интеллигенциясы жойылса, ол ұлттың рухы әлсірейді. Бұны тарихтың өзі әлдеқашан дәлелдеп өткен. Қазақ зиялылары әрқашанда ұлттың рухын асқақтатып, тәуелсіздігін алу жолында көп күресті. Сондықтан да, олар  сталиндік саяси қуғын-сүргін құрығына жаппай ілікті. 1925 жылы 29 мамырда Сталиннің Алматыға жолдаған хаты қазақтың маңдай алды тұлғаларының көзін жою саясатының жүргізілуіне себепші болды. Сол кездегі қазақ зиялыларының көрген қасіретін жеткізу өте ауыр еді. Саяси сүргiн кезiнде қазақ өркениетінің қаймағы – қаншама зиялыларымыз ату жазасына кесілді. Олар елінің қамы үшін еңбек етіп жүргенде, «халықтың арасына іріткі салды» деген айыппен халықтың жауы етіп шығарды. Алаш кезеңі қалыптастырған зиялы қауым өкілдерінен ана тіліміз – қазақ тіліне арналған еңбектері, тіл жолындағы күрестері – олардың ұлттық мүдде алдында еткен қажырлы еңбектері қалды. Олар ХХ ғасырдың басындағы қазақ халқының ұлттық санасының оянуына ықпал етті. Алаш зиялыларының басты армандарының бірі қазақ даласын сауаттандыру еді. Ыбырай Алтынсаринның сара жолы оларға үлгі бола білді. Өйткені, алдыңғы қатарлы елдермен иық тірестіре алатын жағдайға жету үшін жаңа ғылым-білімді игеру маңызды екенін олар түсінді. Бұл дегеніміз қазақ шетінен сауатсыз болды деген сөз емес. Семенов-Тянь-Шанский қазақтар туралы жазбасында: «Бұларды оқытудың қажеті жоқ. Салт-дәстүрлері түгел тұнып тұрған білім», – деген екен. Рас, ұлтымыз қашанда сөз таба білетін шешендігімен, ел бастай білетін көсемдігімен, тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін таба білген даналығымен ерекшелене білген дара халық. Тіпті, жеті атаға толмай құдаласпау салты да, қазақтың қанының асыл текті екенінің айғағы. Алайда, оларға өз әліпбиін қалыптастырып, қазақ қоғамын отарлық езгіден алып шығатын, дамып кеткен елдер қатарына қосатын жолдарды іздеу керек болды. Алаш зиялыларының айтқан: «Ақыл да, ұсталық та оқумен, істеумен жүре ұлғаяды. Дүниядағы жер билігі күннен-күнге ақылды, ұста жұрт қолына ауып барады. Еуропада ұлық патша атанған жұрт халықтың ақылды ұсталығына сүйеніп, ұлық патша болып отыр», – деген сөзі дәлел. 

Бірқатар әлеуметтанушылар билік әр кезде де интеллигенцияға қы­сым жасай­тынын, мәжбүрлейтінін дәлелдеп отыр. Сталиндік қуғын-сүргін қазақ интел­лигенциясының көзін жойып қана қойған жоқ, олардың отбасыларына да қысым түсірді. Айыпталған ұлт зиялыларының балалары мен отбасы мүшелеріне «халық жауының туысы» деп айдар тағып, ел ісіне араластырмады. Тек жазықсыз жазаланған зиялылар ақталып шыққаннан кейін ғана, туыстары еңсесін көтеріп, денесін тік ұстап жүре алатын жағдайға жетті. Ел басына туған осы күн, қазақ интеллигенциясының ғана емес, бүкіл қазақ жұртын ойсыратқан трагедия еді. 30-шы жылдардың аяғына қарай толық салтанат құрған «сталинизм» қазақ интеллигенциясын жойғаныменен, Алаш идеясын өлтіре алмады. Ол Хрущевтің, Брежневтің билік жүргізіп тұрған тұсында да қазақ даласына рух сыйлады. 

Ұлы Отан соғысы да қазақ баласына аз қиыншылық алып келген жоқ. Соғыс дүрбелеңі қалың бұқараның берекетін қашырды. Кеңес үкіметі тұсында өсіп жетілген интеллигенцияның басым бөлігі (1941-45 ж.ж.) Ұлы Отан соғысында ажал құшты. Соғыс оты талайларды жалмады. Осы кезде Ғ. Мүсірепов, С. Мұқанов, Ғ. Мұстафин, Б. Бұлқышев, Ж. Саин, К. Әзірбаев, Қ. Аманжолов, Ж. Жабаев сынды ақын-жазушылар халықтар достығының жаршысы бола білді. Мәскеу түбіндегі қиян-кескі ұрыстарда батальон командирі аға лейтенат Бауыржан Момышұлының жеке басының ерлігі мен командирлік шеберлігі айқын көрінді. Қатаң идеологиялық тәртіп кезінде атақты жауынгердің қаһармандық ерлігі өз дәрежесінде бағаланбады, тек 1990 жылы қайтыс болғаннан кейін жұртшылықтың көп жылғы талабы орындалып, Бауыржан Момышұлына Кеңес Одағының Батыры атағы берілді. Ұлы Отан соғысы жылдарында қазақ интеллигенцияның алдында жау шебін бұзып, жеңіске жету мақсаты тұрды. Майдандағы жауынгерлердің рухын көтерген де ұлт зиялылары еді. Саяси репрессияның ұшқыны 40-жылдың соңы мен 50-жылдың басында идеологиялық тұрғыда өз жалғасын тапты. Осы жолғы қуғындау ғылым саласына, әдебиет пен өнер, тарихқа қарсы жүргізілді. Қайтадан ұлт зиялылары арасында «буржуазияшыл-ұлтшыл идеологияны дәріптеуші» деген саяси кінә жайы қозғалған-ды. Қатты сынға іліккендер қатарында 1943 жылы басылған «Қазақстан тарихы» болды. Дәл сол уақыттарда Е. Бекмахановтың Алматыда қазақ және орыс тілдерінде «ХІХ ғасырдың 40-20 жылдарындағы Қазақстан» атты монографиясы жарық көрді. Асыра сілтеу мен күдікшілдік белең алған осы тұста, Е. Бехмахановтың Кенесары Қасымовтың батыр екенін дәлелдеген оның монографиясын да, өзін де жазаға тартты. Ол 1951 жылы университеттегі жұмысынан қуылды, партия қатарынан шығарылды. 1952 жылы Е. Бекмахановты 25 жылға бас бостандығынан айырып, ГУЛАГ-тың алыстағы лагерінің біріне айдау жөнінде үкім шығарылды. Көп ұзамай тиісті органдарға жазған көптеген арыздарының нәтижесінде, Анна Михайловна Понкратованың көмегінің арқасында 1954 жылы 16 ақпанда оның ісі жабылып, өзі бостандыққа шықты. Оның бар айыбы Кенесарыдай қазақ батырын ақтап, оның ерлігін жариялағаны болды. Өйткені, Кенесары Қасымұлы бастаған көтеріліс қызыл империяға қарсы жүргізілген соғыс болғанын барлығымыз білеміз. Ал, Ресейдің билігіне қарсы саясат жүргізген адам ол кезде батыр емес еді. 40-жылдардың соңы мен 50-жылдардың басында осы сынды саяси айыптауларға белгілі ғалымдар мен мемлекет қайраткерлері А. Жұбанов, Х. Жұмалиев, Е. Исмаилов, Л. Домбровский, Қ. Сәтпаев, М. Әуезов, Т. Тәжібаев ілікті. Бірқатар биолог ғалымдарға, дәрігерлерге, геологтарға «космополит» деген айып тағып, қызметтен қуды. Қазақ халқының интеллигенциясын жою саясаты 20-30 жылдар мен 40-50 жылдар аралығымен шектелмей, 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы кезінде жалғасын тапты.

1960-1970 жылдары қазақтың ұлттық интеллигенциясы толық қалыптасты. Қазақ интеллигенциясының тарихы жайлы зерттелген алғашқы кітап Ж. Қарағұсовтың «Октябрь революциясы ту­дырған Қазақ Кеңес интеллигенцияның тарихы» («Казахская советская интеллигенция, рожденная Октябрем») атты шағын кітапшасы еді. Өкінішке орай, ол кітапшада деректер көзі өте аз болды. Коммунизмнің құрылуы кезіндегі интеллигенцияның дамуы туралы тек 60-жылдары жарияланған жеке ғалымдардың зерттеулерінде көрініс тауып отырды. Дамыған социалистік қоғамдағы интеллигенцияның орны мен рөлі туралы зерттеулер тек 60-жылдардың соңы мен 70-жылдардың басында белсенділік танытты. Оған мына факторлар әсер етті: ғылыми-техниканың дамуы, коммунизмнің құрылу сатысындағы оның құрамдас бөлігі мен кеңес қоғамының әлеуметтік құрылымының әдіснамалық зерттелуі негізінде дамуы. 60-70 жылдары Ғ. М. Мүсірепов, С. Мұқанов, С. Қожамқұлов, Ш. Айманов, Б. Төлегенов, Ә. Нұрпейісов, Е. Серкебаев және т.б. көптеген зиялы қауым өкілдері қазақ мәдениеті мен әдебиетіне өлшеусіз еңбек сіңірді. Мәскеуде оқыған бір топ қазақ жастары 1963 жылдың қараша айында «Жас тұлпар» атты ұйым құрды. Олардың көш басында Мұрат Әуезов, Болатхан Тайжанов, Мұрат Айтхожин, Алтай Қыдыржанов, Қайрат Қадыржанов, Әнуар Сартбаев, Болат Хисаров, Мұрат Ғылманов, Темірхан Бектібаев, Серік Байкенов, Ізбасар Рахымбаев, Мақаш Тәтімов, Жәмилә Намазбаева, Советқазы Ақатаев, Марат Балтабаев, Алдар Тұңғышбаев, т.б. болды. «Жас тұлпар» ұйымы халықпен тығыз байланыста бола отырып, ұлтының сана-сезімін оятып, мәңгүрттенуден сақтап, надандықты жоюды жас та болса мақсат тұтты. Интеллигенция не істесе де ең алдымен ұлттық мүдде үшін істейтінін дәлелдеді. Олар тамыры тереңде жатқан қазақ тарихын дәріптеп, кең даланың төсінде өскен ақын-жыраулардың шығармашылығын, батырлардың ер­лігін баяндады. Әсіресе, Махамбеттің еңбектеріне үлкен мән берді. Әміржан Әлпейісов «Жас тұлпар дүбірі» атты деректі повесінде: «Алаш идеясы жас­тұлпарлықтарды дүниеге әкелді, ал, олар қазақ жастарын оятты. Тәуелсіз, бостандықтағы ел болу үшін ұлтының көзқарасын өзгертіп жаңа болмыс, ойлы санаға жетеледі. Жастұлпарлықтар әсіресе, Мұрат Әуезов пен Болатхан Тайжан қазақ жастарын мектептен кейін сыныбымен ауылда қалдырып, мал баққызуды геноцидтің бір түріне санады. Салпаңдап мал соңында жүре берсе аштан өлмес, бірақ көштен қалып қоятыны айдан анық. «Ой еңбегін ұршықша иі­ретін қазақта қабілет жетеді», – деп Қаныш Сәтбаев, Мұхтар Әуезовтерді мы­салға келтіріп жүрді. Әсіресе, Болатхан Тайжан барлық кездесулерде ауылды жерде мектеп бітірген балаларды сыныбымен комсомол ұйымдарының қой бағуға жіберетінін әшекерелеп, «бұл адам құқығын бұзу» деп айтып та, дәлелдеп те жүрді. «Бәріміз бірдей қойшы болсақ, құл болармыз, бәріміз бірдей тойшыл болсақ, жын болармыз» деп айтудан жалықпады. Шынында да, жас түлекке аттестатын бермей, қой баққызып қою барып тұрған надандық еді. Мұндай көрсоқырлықтар ұлттың дамуын тежеу үшін әдейі істелінді», – деп жазады. Шынымен де, жалынды қазақ жастары бойларында қазақ деген намысшыл халықтың рухы бар екенін дәлелдей алды. Ұлттық болмысымыздың болашағы үшін күресе білді. Қоғамды өзгертуді әр адам өзінен бастау керектігін түсіндіріп, қазақ жастарын жігерлендіруде көп тер төкті. Және де ол өз нәтижесін берді де. Жастұлпарлықтардың үгіт-насихаты негізінде бірлестіктер, жасырын ұйымдар, сыртта оқитын студенттер арасында өзге қалалардан бөлімшелер құрылды. Жастардың тарихқа, мәдениетке қызығушылықтарын арттырды. Алаш зиялыларынан кейін қазақтың тілі­нің көркемдігін, санасына ұлтшыл ұғымының өз бағасын қайтарған жас­тұлпарлықтар болды. Олар оны мақтан тұтты, ашық жариялады. Алайда, қа­шан­да игі бастаманың аяқтан шалушысы бар демекші, жастұлпарлықтардың досынан дұшпаны көп болды. Хрущев биліктен кетісімен КГБ-ның адамдары билік құзырларын қайтадан қолдарына алды. КГБ «Жас тұлпар» ұйымының іс-әрекеттеріне кедергінің сан түрін жасады. Ұйым мүшелерінің барлық жиналыстарына арнайы тыңшыларын жіберіп, құпия деректер жинады.

«Жас тұлпар» ұйымының ұлттық мүдде, ұлттық мәдениет, қазақ тілі жөнінде жүргізген жұмыстарын бұқара халық та әртүрлі қабылдады. Қазақтың кертартпалығы таусылған ба, жастарды «Бүлікші, Алашорданың күшіктері өсіп, Кеңес өкіметін құлатпақшы», – дегендер де болды. Белгілі классик жазушымыз жиынның аяғына қарамай, шыққан бетімен алаңды қақ тіліп, жүгіре басып өкімет үйіне барып арыз айтты. Бұл ол кісінің 1937 жылдан қалған бойындағы үрейінен де болар. Бірінші болып есті­генімді тиісті орнына жеткізбесем, өзім де қармаққа ілініп қалармын деп қорыққан сияқты (Әміржан Әлпейісов). «Жас тұлпар» ұйымына Ибрагим Аманғалиев, Мырзатай Жолдасбеков, Хамза Абдуллин сынды біртуар азаматтар өз бастарын қатерге тіксе де, көмектерін аямастан қолдау білдіріп отырды. Жалынды жастар ел бірлігін сақтап, қоғамның көлеңкелі тұстарын әшкерелеп, қазақтың қазақылығын сақтап қалуда жұмылған жұдырықтай белсенділік танытты. 60-жылдардағы қазақ интеллигенциясының белсенділігін арттырды, рухын көтерді. Жастұлпарлықтардың арасынан қазақ интеллигенциясының жаңа буыны өсіп шықты.

1986 жыл қазақтың талай жалынды жастары желтоқсанның аязында қасқайып тұрып, елі үшін күреске шықты. «Әр халықтың өз ұлттық көсемі болу керек!» деген ұранның астарында көп мағына жатқан еді. 1986 жылдары аралығында бірен-саран қазақ болмаса ел партия ұйымына орыс пен еврей, поляк пен грузин және армян, ұйғыр жетекшілік етті. Желтоқсан көтерілісіне КОКП ОК-нің қаулысымен «қазақ ұлтшылдығының көрінісі» деген баға беріліп, көтеріліске қатысқан азаматтар қуғын-сүргінге ұшырады. Қазақ жастарының желтоқсандағы шеруі ұлттық болғанымен ұлтшылдық емес еді. Осы тұста да ұлт зиялылары жұмылған жұдырықтай күш біріктіріп, халық бірлігін сақтап қалуды мақсат тұтты. ХХ ғасырдың 80-жылдары ғылыми-техникалық революция кезінде ғалымдар мен инженер-техниктер қатары артты. 1985 жылы сәуір пленумынан кейін КСРО-да қайта құру кезеңі басталды. 1986 жылы болған Желтоқсан оқиғасы ұлттық сананың оянуына орасан зор әсер етті. 80-жылдардың аяғында қазақ интеллигенциясы өзінің саяси қызметін жандандырды. Репрессияға ұшыраған интеллигенция өкілдері толық ақтала бастады. 

Бүгінгі қазақ интеллигенциясының жай-күйі қандай, олар ұлт тағдыры таразыға түскен сәтте жанын шүберекке түйіп, халқына араша түсуге дайын ба деген сауалдар туындайды. Әр кезеңнің, әр заманның озық ойлы ұлт жанашырлары, зиялы қауымы болады. Болмай қалуы мүмкін емес. Әрбір адам (мейлі интеллигент болмасын) ең алдымен өз ұлтын сүю керек, әр қазақ баласы қазақтығымен мақтануы керек. Қанша жыл, ғасыр, дәуір өтсін елі үшін ерлік жасаған азаматтар есімі тарих жадынан өшпейді. Біз оларды бүгінгідей зиялылығымен құрметтеп, олар салған сара жолдың ізімен болашаққа қадам басамыз. Әр адам «елімнің болашағы үшін не істей аламын?» деген оймен өмір сүруі керек. Пенде болғасын алдымен өз қамымызды ойлайтынымыз жасырын емес. Алайда, қара бастың қамы емес, халқы үшін жүрегін берер ұлттың – Ұлы болатыны ақиқат. Мұстафа Шоқай: «ұлттық зиялылар қатарына тек өз халқының саяси, экономикалық және әлеуметтік дамуына қалтқысыз қызмет ете алатын адамдар ғана кіре алады», – деп айтып кеткені белгілі. Интеллигенция өкілдеріне жүктелетін міндет қай заманда да бірдей. Қазіргідей бейбіт уақытта қазақтың мерейін үстем етіп отырған ұлт зиялыларымыз жоқ емес. Ал, тек атақ алу үшін интеллигент болып көріну – пасықтық деп түсінер едім. Ондайларды уақыттың өзі таразылап, шынайы бет-бейнесін айқындап берері сөзсіз. Өйткені, шынайы ұлтын ойлаған зиялы адам ел жадында мәңгі сақталары хақ. Тіпті, әрбір жаңа толқын келіп, ұрпақ ауысса да жаңғырып отырады. Ғасырлар бойы қазақ даласында болған әрбір оқиға, әрбір көтеріліс – тәуелсіздікке жасалған бір қадам еді. Сол қадамдардың әрқайсысы біздің бүгінгі Тәуелсіздікке қол жеткізуімізге себепші болды. Ендеше, ата-баба аңсаған азаттықты баянды ету өз қолымызда.

Алдыңғы «
Келесі »