«Жаңаөзен ісі»: дұрысы мен бұрысы

  • 21.05.2012
  • 505 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Шолпан ҚАРАЕВА,
журналист

Ел трагедиясына айналған Маңғыстау өңіріндегі жағдайды жедел халыққа жеткізуге отандық бұқаралық ақпарат құралдары жарыса кірісті. Алайда, жекелеген арна, интернет портал мен басылым журналистері «БАҚ туралы» заңда көрсетілген журналист құқықтары мен міндеттері мәселелерінде асыра сілтеушілікке жол беріп, журналист этикасын естен шығарды. «Ел аман, жұрт тынышта» ақылы тасып жүретін, кейбір, әріптестер осы жолы «БАҚ туралы» заңның 5-тарауы 20-бабында көрсетілген «Журналист алынатын, таратылатын ақпараттың дұрыстығын тексеруге міндетті» ұстанымын ұмытса керек. Мәселен, Хабар арнасының «Жеті күн» ақпараттық сараптама бағдарламасы: «…Балалардың көз алдында бассыздық жасаған құтырған тобыр әр ұлттың ішінде өз сілімтіктері бар деген сөздің рас екенін тағы бір дәлелдеді», «қала тұрғындары арандатушылардың барлығы есірткі шегіп алған деп отыр. «Құтырған иттер» жалпы алғанда, 46 нысанды, 20 автокөлікті өртеп, тонады. Соның ішінде «Өзенмұнайгаз» директорының үйіне де өрт қойды» («Азаттық» радиосы), – деген «қарғап-сілеуге» толы ақпаратты республика аймақтарына жария етіп үлгерді. Отандық өзге телеарналар мен интернет порталдар, кейбір басылымдар «Бұзақылар, басбұзарлар, маскүнемдер мен нашақорлар» деген мәтінді жарыса жазысты.
«Қазақстан-Zaman» газетінің бас директоры Ахмет Аляз көпшілікке жаңалықты біржақты таратудың кәсіптік этикаға жатпайтындығын айтады. «Мен Қазақстандағы біраз ақпарат көздерін жіті қадағалап отырмын. Арасында «басбұзарлар, бұзақылар, алқаштар» дегендей айыптауларды байқап қалдым. Бұндай айыптаулар журналист аузымен айтылуға тиіс емес еді. Журналистің міндеті – объективті болу. Ақпаратты бейтараптылық ұстаныммен беруге тиіс болатын. Ол бір жаққа қарай ойысып, бір тараптың ғана мұратын растап шығу деген сөз емес», – дейді. Естеріңізде болса, бізде шетелдік журналистер мен саясаттанушы, ғалымдардың қатысуымен жыл сайын журналистердің Еуразиялық форумы өтеді. Сол басқосудың бір кеңесінде «Үрей індеті» жайлы кең көлемді талқылау болған. Онда халық арасында үрей туғызып, оқиғаның бояуын қоюлату дұрыс емес екендігі баса айтылған-ды. Бұл мәселенің ауадан алынбағанын ескерсек, кез келген елде журналистен қай кезде болса да объективтілікті талап ететінін аңғарамыз.
Ұлыбритания премьер-министрі кеңсесінің бұрынғы арнаулы өкілі Даррен Мерфидің: «Соңғы жылдарағы әр жерде қылаң берген (ВИЧ; СПИД; шошқа тұмауы) түрлі індеттер жайлы ақпарат беруде елдің зәре-құтын қашырған ақпараттар берілді, жаңсақ пайымдар жасалды. Бұған ақпарат таратқан журналистер ғана емес, мәселенің шынайы бейнесін жұрттан жасырып жабуға тырысқан тиісті мекемелер мен шенеуніктер де кінәлі. Мәселені жасырып, жабуға тырысқан билік пен жалған ақпаратты таратқан журналистер де халықты адастырды, үрейін еселеді. Оның орнына екі тарапқа да мәселенің ашығын айтып, оның жан-жақты зерттелуін талап еткені әлдеқайда тиімді болған болар еді» деген сөзі сол кезде жарық көрген басылымдарда жиі жарияланған. Ал, «Әл-Жазира интернешнл» телеарнасының аға жүргізушісі Стивен Коул дәл сол жиында «Өкінішке қарай, жақсы диктор деуге келетін жүргізуші көп, бірақ олар нашар журналистер. Қандай сұрақ қоятыныңды біліп, билік орындары кейде жариялап жіберетін жалған мағлұматты жоққа шығара білу аса маңызды» деген пікірі өзінің бүгінгі күні де өзекті екендігін дәлелдегендей. Құдды бір, «жеті күндік» жүргізушілерге бағытталып айтылғандай. Өзіміз қатысқан сол басқосуда модератор болған қазақстандық журналист Владимир Рерих «бұқарамен байланыстағы аса маңызды мәселе – бәріміз жұрттың ғылым туралы түсінігін кеңейтіп, қауіп-қатерді дұрыс бағалауына көмектесуіміз керек» деген ой айтқан еді. Алайда, өз әріптестерінің бұл ұстанымы хабарлық журналистерге сабақ болмаған сияқты. ЕҚЫҰ-ның БАҚ бостандығы жөніндегі өкілі Дуня Миятович сөз бостандығы – сөзсіз баршаны тегіс қамтитын құндылық екендігін, көптеген елдерде бұл ұлттық мәдениеттің бөлшегіне айналу керектігін жиі айтады. Өкінішке қарай, ТМД елдерінің арасында өзін көшбасшы санайтын елдің журналистері (қалай болғанда да) ел қасіретін көрсету мәселесінде ұлттық мәдениеттің үлгісін көрсете алмады.
Журналистика этикасына қатысты жас шәкірттерге дәріс оқып жүрген ұстаз «Мінбер» интернет газетінің редак­торы Есенгүл Кәпқызы да отандық БАҚ өкілдерінің мемлекеттік маңызы бар осындай елдік істе бейтараптық ұстанымда бола алмағанына наразы. «Мемлекеттік ақпарат құралдарының тоқсан пайыздан астамы осы мәселеде биліктің сөзін сөйлейтінін дәлелдеп берді. Бірақ, оларға қанша жерден билікшіл болса да, өз тараптарынан «басбұзарлар, бұзақылар» дегендей көзқарастарды қоспай-ақ, ресми орындардың жіберіп отырған ақпараттарын ресмилендіріп қана беріп отыруы керек еді. Өкінішке қарай, кей әріптестердің қолынан қарапайым ғана кәсіптік этиканы сақтау да келмеді» – деп күйінеді ол.
Біздің Ата Заңымызда: «Қазақстан Республикасының азаматтарының бейбіт әрі қарусыз жиналуға, жиналыстар, митингілер мен демонстрациялар, шерулер өткізуге және тосқауылдарға тұруға хақылы» екені айтылған. Жаңаөзендегі жағдайға себепші топтың алдағы уақытта Ата Заңның осындай баптары негізінде ел алдында да, тарих алдында да ақталатынын ескеретін болсақ, ереуілшілерді «құтырған итке», «басбұзар бұзақыға» теңеген кейбір әріптестеріміздің өз әрекеттерін Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексіндегі 129-бап (Жала жабу), 130-бап (Қорлау), 169-бап (Әлеуметтік, ұлттық, рулық, нәсілдік немесе діни араздықты қоздыру) негізіне салып, салмақтағаны пайдалы. Ақпарат құралдары арқылы есімдері елге мәлім болған сол «басбұзарлар мен бұзақылардың, құтырған иттердің» құнын даулай алатын қарапайым халқы бар екенін де ескерген дұрыс.
Ресми орган прокуратура өкілі Нұр­дәулет Сүйіндіковтың журналистерге «ресми мәліметтерге ғана сүйеніп, шынайы ақпаратты беріңіздер» деген өтініші мемлекеттік БАҚ өкілдерінің мәртебесін айқындағандай. Журналисті төртінші билікке балайтын принципке сүйенсек, бұл биліктің де ешкімге тәуелсіз, еркін ойлы, обьективті көзқараста болуға құқықты екені еске түседі. Ендеше, Сүйіндіков мыр­заның баспасөз мәслихаты деп жинап алып, «ешқандай сұрақ қоймайсыздар!» деген әмірін қай заңымыздың қандай бабына жатқызсақ екен? ҚР Парламент мәжілісі мен мәслихат депутаттарын сайлау ісінде барынша әділетті, барынша шынайы, барынша обьективті ұстанымда болуға уағда жасасып, арнайы Хартия қабылдаған Бас редакторлар коллегиясының Жаңаөзен сияқты елдік істерге де арналған арнайы Хартиясы әуел бастан-ақ қабылдануға тиіс еді. Бірақ белді бұқаралық ақпарат құралдарының тізгінін ұстап отырған зиялылар мұндай мәселелерді ұмыт қалдырса керек…
Журналистердің «Гиппократ антындай» жүгінетін қатып қалған ережесі жоқ. Алайда, әр журналистің азаматтық принципінің асқақ болуы, елдік істердегі ұстанымының азат болуы айтарлықтай маңызға ие. Осы үде ғана ертеңгі қазақ журналистикасының таза тарихын жасайтыны анық…
Жаңаөзен оқиғасынан кейін біздің күштік құрылымдар көпшілік алдына шығып, «Жаңаөзен ісі бойынша жалған ақпарат таратқан БАҚ өкілдері қылмыстық жауапкершілікке тартылады, қатаң жазаланады» деген мәлімдеме таратты. Журналистердің айтулы істе артық белсенділік танытпауын ашық ескертті. Қазақстандық демократия мен адам тағдыры та­разыға түсіп жатқан ауыр сот процесінде, осылайша, қазақстандық журналистиканың да кәсіби шеберлігі мен азаматтық ұстанымы сын таразысына салынды. Әлемдік демократияның озық жобасын үлгі етуді мақсат тұтқысы келетін, оқиғаның ақ-қарасын кәсіби маман қалыбында екшей алатын кез келген журналист үшін ресми билік аузынан айтылған мұндай тыйым-ескертпе шенеуніктер мен отандық БАҚ өкілдерін мемлекетшіл істерде де мәмілеге келе алмайтын көпір өткеліндегі көк лақ пен ақ лақ кейпіне келтірді. Қалай десек те, әлем назарын тігіп отырған, қазаққа ортақ тағдырлар таласында, соттық ұстанымның қаншалықты әділдігі мен қоғамның қаншалықты ашықтығы жалпақ жұртқа журналистердің жанкешті еңбегі арқылы жария болуда. Сот залында айтылатын «тек қана шындықты, барлық шындықты айтуға және шындықтан басқа ешнәрсені айтпауға» берілетін ант айыптаушы мен айыпталушыға, қорғаушы мен журналиске, судья мен прокурор, тіпті, қалың қарашаға да ортақ. Ендеше, бұлардың қай-қайсысы болса да артылған жүк пен айтылар сөздің салмағын түйсінуге тиіс. 37 айыпталушы, жалпы саны 188 жәбірленуші, 13 қорғаушы, 6 мемлекеттік айыптаушы, 45 куәгердің қатысуымен жүріп жатқан сот процесінің басталғанына да, міне, біраз уақыт болды. ҚР Қылмыстық кодексінің 241-бабы (Жаппай тәртіпсіздіктер), 32-бабы (Өкімет өкіліне қатысты күш қолдану), 317-бабы (Қазақстан Республикасының Мемлекеттік туын, Мем­лекеттік елтаңбасын немесе мемлекеттік гимнін қорлау); 178-бап (Тонау), 175-бап (Ұрлау) негізінде айыпталып отырған 37 айыпталушыға қатысты басталған сот отырысын елдегі БАҚ өкілдері жұрт назарына ұсынуда. Ашық өтіледі деп жарияланған сот процесі, шындығында, демократияның барлық қағидаларын барынша негізге алғандай көрінеді. Алайда, журналистер үшін ашылған арнайы баспасөз орталығының жұмыс істеуін, күн сайын берілетін брифинг, ара-тұра операторлар мен фотографтардың сот залына кіргізілуін, сот процесін бақылаушылардың телеарналарда соттың қалай әділ өтіп жатқаны жөніндегі білдірілген көзқарастарын «бояушы, бояушы дегенге сақалын бояптының» қалыбына салушы көп. Бірнеше сот процестеріне негіз болғалы тұрған Жаңаөзен ісін ұлт жүрегіне түскен сыздауық дерсіз. Біздің Конституция осы мемлекеттің кез келген азаматының ашық ойлы ұстанымда болып, өзінің ой-пікірін еркін білдіруіне, бейбіт шерулерді негізге алып мемлекеттік жүйенің қателігі мен ескермей отырған жайларын айтуға құқылы екендігін көрсетеді. Яғни, біздің заңдар әлемдік демократияның модулін негізге алған. Еңбек дауынан басталған халық наразылығы да олардың осындай Ата Заңдағы құқықтарына сүйенгенін көрсетті. Бірақ, ертең «Қазақстанда ер етігімен су кешетін, ат ауыздығымен су ішетін жағдай туа қалса, мемлекеттің қазақтан басқа тірегі жоқ екенін ұмытпауға тиіс жүйе» (Алдан Айымбетов) дәл осы мәселеде ұлттан алшақ тұрғандай пікір қалыптастырады.
Сонымен, 37 айыпталушыға қарсы өтіп жатқан сот процесін отандық БАҚ өкілдері қалай беріп жүр? Сот процесі ашық деп жарияланды. Бірақ, отандық БАҚ үшін өте шулы сот залынан сурет және бейнежазбалар алу үлкен проблемалардың бірі есебінде. Сот процесіндегі күнделікті ахуалдың, сот отырысына қатысушының (ол айыпталушы болсын, мейлі ол мемлекеттік айыптаушы болсын) көңіл күйі мен аудиторияның ауаны алыстағы көп жұрт үшін жұмбақ. Монитордан алынған суреттер мен бейнежазбалардың сапасы сын көтермейді. Бұл күнделікті процесті бақылап жүрген кез келгеніміз үшін белгілі жай. Ресми билік: «Фотосуреттер түсіруге тыйым салу себебіміз, кейбір БАҚ сол суреттер арқылы халық арасына іріткі салып, халықты билікке қарсы қоюға әрекеттенуі мүмкін. Осындай жаңсақ пікір тарамас үшін суреттер мен бейнежазбаларға шектеу қойдық», – деп мәлімдеді. Бірақ, билік осы тұста ондай әре­кеттерге баратын БАҚ-тарды да тізгіндеп бақылай алатын, болмаса, сол БАҚ-тың өмір сүруін тоқтатып тастауға қауқарлы Қазақстан Республикасының заңдары бар екендігін естен шығарып алған сияқты. Ашық соттың журналистерге арналған алғашқы кедергісі осыдан басталғандай. Айыпталушы орындығында отырған 37 адам да Жаңаөзен тұрғындары. Бірақ, сот процесі Ақтауда, облыс орталығында өтіп жатыр. Бұның өзі сотқа қатысуға ниетті қарапайым халыққа үлкен қиындық туғызуда. Өйткені, 150-200 шақырымдай жерден халықтың күн сайын сабылуы, аса қымбат қалалардың бірі саналатын Ақтауда қонай-түней жатуы оңай шаруа емес екені анық.
Кез келген БАҚ шама-шарқынша оқиғаны жедел әрі әр редакцияның өзіндік ұстанымына сай беруге тырысып жүр. Ақтаудағы айтулы оқиғадан күнделікті ақпарат беріп жүрген «Егемен Қазақстан» газетінің Маңғыстау облысындағы тілшісі Жоламан Бошалаққа хабарласып, соттан журналистердің ақпарат алуы мен оны таратуы, журналистің кәсіби қызметін атқару бары­сындағы қиындықтар мен күштік құрылымдардың журналистерге қарым-қатынасы жөнінде айтып беруін өтінген едік. Бірақ, әріптесіміз біздің өтінішімізге: «Айтатын не бар? Мен күнделікті ақпаратты күнде беріп отырмын. Қазір де шаршап-шалдығып сотта отырмын. Керек ақпаратты менің газетке шыққан материалдарымнан қарап алыңдар!»– деп қысқа жауап қайырды да, тұтқаны қоя салды. Тілшінің ресми жауабынан соң, соттың барысын жіті қадағалап, ақпаратты барынша жедел беруге тырысып жүрген «Janaozen.net» сайтының журналисі Саламат Омашқа хабарластық. Ол Жаңаөзен сотының ашық болып жатқанына еш сенбейтінін айтты. «Журналистер соттың алғашқы он бес минутын ғана көріп, біле алды. Сосын сот төрағасы Аралбай Нағашыбаев айыпталушылар мен залда отырғандардың қарсылығына қарамастан журналистерді залдан шығарып тастады. Журналистер одан кейінгі процестің бәрін тек монитордан ғана көріп отыр. Монитордан залдағы дауыс естілмей қалып жатады», – дейді Саламат Омаш. Міне, бұл қос журналистің екі түрлі пікірі. Оның қайсысы бұрыс, қайсысы дұрыс.
Отандық телеарналар да «Жаңаөзен ісінен» үздіксіз репортаждар таратып, күнделікті ақпараттарын беріп отыр. «Хабар» мен «Қазақстан» арналары өз репортаждарын соттың қаншалықты әділетті, қаншалықты шынайы өтіп жатқанын растайтын қоғам қайраткерлері мен халық қалаулыларының сөздерімен түйіндеуде. Мәселен, 6 сәуірдегі сот отырысына қатысқан ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Гүлнәр Сейітмағанбетова: «Бұл сот процесі шынайы, ашық әрі әділ жүріп жатыр», – деген пікір айтты. Мұндай мысалдарды күнделікті жаңалықтардан кездестіресіз. Ал, сот аяқталмай жатып, үкім оқылмай жатып, басталғанына көп уақыт өтпей жатып, екі айға созылады делініп отырған процесті әділетті немесе әділетсіз өтіп жатыр деп бағалау еш қисынға келмейді. Мұндай арнайы алдын ала дайындалған насихаттық шаралардың бәрі көзі ашық, көкірегі ояу көптің күдігін еселейтіні тағы бар. Халық процестің барынша әділетті өтіп жатқанына нандырғысы келетін мұндай репортаждардан гөрі, сот процесінде орын алып жатқан нақты оқиғаларды көргісі келеді. Мәселен, қарапайым кө­рерменге «Қазақстан», «Хабар» арналарындағы репортаждардан «abaі.kz» ақпараттық порталындағы халықаралық «Жаңаөзен-2011» комитетінің ақпараттық топ жетекшісінің күнделікті ұсынып отырған топтамалары нанымды әрі мағұлматты. 37 айыпталушының тағдырына алаңдайтын қарапайым халық «abaі.kz» ақпараттық порталындағы шолудан айыпталушыны тергеген тергеушінің бүгін жәбірленуші үстелінде отырғанының заңға қайшы екендігін, журналистердің сотқа біресе кіргізіліп, біресе шығарылып отырғанын, айыпталушылардың психоло­гиялық күйлерінің арнайы көмекті қажет ететіндігін, жә­бірленушілердің басым бөлі­гінің талап арыздарынан бас тартып жатқанын оқып білуде. Бұл мағұлмат қоғамдық комиссия мүшесінің аузынан емес, жалпақ жұртқа журналистің ақпараты арқылы тарау керек болатын. БАҚ сот ашық өтіп жатқаннан кейін «Жаңаөзен ісіндегі» кез келген айыпталушының (мейлі оның аяғы іріңдесін, мейлі ол бүйрегінен алған соққыдан бо­йын тіктемей жүрсін, мейлі ол сот залында талып қалсын) немесе мемлекеттік айыптаушының, судьяның сот процесіндегі күйін, жалпы ахуалын көрсететін суреттер мен бей­нежазбалар алуға құқылы болатын. Ондай ақпараттарды алуға БАҚ-қа тиесілі заңдар мен Ата Заңымыз толықтай кепілдік берген. Ал, енді асқан арандатушы материалдарды беріп, көз шығарып, бас жарып жатқан БАҚ-ты бірден жауып тастауға немесе жауапкершілікке тартуға біздегі күштік, бақылаушы құрылымдар пәрменді. Сондықтан да, сот процесінің баспасөз орталығы барынша объективті ақпарат таратуға шынайы тілектестікпен жұмыс істеуге тиіс еді.
Мемлекет үшін маңызы бар, сол мемлекеттің азаматтары үшін демо­кра­тия­ның үлгісі мен шынайы ұстанымын көрсететін ауыр сот процесінде отандық БАҚ оппозициялық және мем­лекеттік деп екі лагерьге бөлінбеуге, кәсіби қызметін алдыға шығарып, журналист мәртебесін үстем етуге тиіс-тұғын. Оппозициялық басылымдардың «Жаңаөзен ісіне» қатысты материалдарынан мұндай алауыздықты байқай қоймадық, есесіне мемлекеттік деп есептелетін БАҚ «оппозицияның ақшасына шығып отырған басылымдар арандатушы, елдің үрейін еселеуші сипаттағы материалдар беріп жатыр» деген сыңайлы пікірлерді көп тарата бастады. Бұл біздегі журналистиканың бүгінгі бет-бейнесі мен қаншалықты кәсіби қызметте принципшілдігін көрсетіп бергендей. Айыптау журналист аузымен айтылмауға тиіс дейміз. Бірақ, осы ұстанымнан ауытқи беретін БАҚ ұлттың трагедиясына айналған, талай асылдың сағын сындырып, мемлекеттің беделі мен бедерін сынға салған Жаңаөзен ісінде демократиялық, бейтараптық ұстанымда қала алмады. Ақтауда аты шулы, астары ауыр сот процесі жүріп жатқан тұста «Қазақстан» арнасы қаралы «Жаңаөзен қасіретінен» ғылыми жаңалық ашуға тырысып жұрт езуіне шарасыздың күлкісін үйірді. Мұнайлы жаңаөзендіктердің жұпыны тірлігін көрсететін, малына жем-шөп таба алмай оларды қағаз-картонмен бағып отырған жағдай қалың қазақстандықтарға ұлттық арна журналистерінің ұсынуымен «ғылыми жаңалық» ретінде тарады. «Қазақпараттық» әріптестердің бір материалы «Жаңаөзендегі тәртіпсіздікке қатысушылар сот алдында әділ жазасын алады» деп аталыпты. Басы енді басталып, аяғы әлі көріне қоймаған ауыр процестің бағасын ерте берген «қазақпараттықтар» «тәртіпсіздердің» әділ жазаға кесілетініне сенімді.
Қайғыны көре білу, оның астарына үңіліп, оны айдан ақпарат алғандай қылмай-ақ нанымды дүние ұсыну кәсіби маманның міндеті екендігін кез келген әріптес есте сақтаса дейсіз. Себебі, 93-томға негіз болған Жаңаөзен оқиғасында тек қана біз бүгін біржақты қарап отырған «жаппай тәртіпсіздік пен ұрлау, тонау істері» ғана емес, халық тағдыры, қараша қасіреті, бауыр бақытсыздығы жатыр.
P.s. Мақала нөмірге дайындалып, бет қатталып жатқан аралықта «Жаңаөзен ісінде» алуан-алуан пікірлер қайшылығы пайда болып, осы бір қайғылы оқиғаның күрделілігі арта түсті. Іс барысында жаңа фактілер ашылып жатыр. Ендеше, оқиғаның бұрысы мен дұрысын уақыт көрсетеді.

Алдыңғы «
Келесі »