КҮНДЕЛІК БЕТТЕРІНЕН

  • 29.12.2015
  • 6722 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Герольд БЕЛЬГЕР,
жазушы

01.03.14 

Өзіміздің кәдімгі «күміс Дельвиг» – Бақытжанымыз  (Қанапиянов) телефон тастады. Екі кітабым да терімге беріліп, редактор белгіленіпті. Екі айдан соң қолға тиеді-міс. Бұл, әрине, үлкен жетістік, қуаныш, мәртебе. Осындай жағымды жаңалық үшін бір бокал – дүниежүзіне аян – «Сарыағаш» шарабын тартып жіберсе қатып-ақ кетер еді. Саулық көтермейді. 
Ананьева Берлинде тұратын  Кошуттың хатын телефонда оқып берді. Жан тербейтін әйбат ықылас. Сәл толқып, ықыластана тыңдадым. Леоға операция жасапты, алда  әйеліне де операция жасайды екен. Иә, олардың да әшкел-тәшкелдері өз бастарына жетеді. Кошуттың жасы 91-де. Шарлотта 90-ға таяп тұр.
Десе де, екеуі де әлі бақуат, жақсы сақталған (деу артық емес).

02.03.14 
Есіл-дертім Украина. Кеше ол туралы екі сағат бойы түрліше түсіндірме-талдау, ызалы, ашулы, өтірік-шыны белгісіз қисынды-қисынсыз лебіздер тыңдадым. Тұқымы құрсын, қайда қарама, быт-шыт, шатасу. Жосықсыздық. Иттік, оңбағандық. Бүкіл әлем елеңдеулі. Бұл бассыздық ұзаққа созыла ма деп қорқамын. Ондағы жыландардың бәрі бастарын қақшитып, зәрлене ысылдайды. Іштеріне қан қатқан қатыгездер жазықсыз жандарды атып-асып, өлтіруге құмбыл.
…Ананьева Ғылым академиясы менің 80 жылдығыма орай «дөңгелек стол» өткізуге қам жасауда дегендей сәуегейлік жасаған болады. Е, жараған! Онда үйлеріне бидай толсын. Бірақ, әуелі сол күнге аман-сау жету керек шығар. Онан соң жағдай көтерсе, көре жатармыз. Менің қазіргі бас ауруым осы. Денсаулық жайы. Асатпай жатып құлдық деп керегі не? Ананьеваға рахмет, әрине.
03.03.14 
Ұйқыға жатар алдында «Жас Алаштан» Қабдештің (Ж) «Ажалдан қашқан періште» деген әңгімесін оқыдым. Мығым дүние, бірақ, басы тәуір басталыпты да, соңы божыраңқырап кетіпті. Кейіпкерлер қытай шекарасынан өтіп, қазақ жеріне табаны тиген соң, әдеби бейнелері көбігі мол, жайдақы мақала ауанына ауысып, қарабайырлау сомдалады екен. Бұған таңданғандай болдым. Дегенмен, талғамның аты – талғам. Қателессем, өз обалым өзіме. Қабдеш классик өкпелемес. Өкпелесе, ат-шапан айып менен!..
04.03.14 
Германиядан Эдмунд Майер телефон соғып, қуанышын бөлісті: ұлты неміс ресейлік авторлардың өзі құрастырған лексиконынан (әрқайсысы 500 бет) 8 том жасап, интернетке орналастырыпты. Енді олар бүкіл әлемге ортақ қазына болады. Әйдә, Эдмунд! Бір ел, бір халық емес, бүкіл адамзаттың қамын ойлауың – ірілік. Ғаламат еңбек! 4 мың беттік еңбекте 10 мыңнан аса ресейлік неміс авторлар хақында мәліметтер бар. Шынымды айтсам, мен де шаттандым. Енді ше? Осы тірлігімен ол ресейлік немістерге ескерткіш орнатты емес пе? Әрі, өзіне де. Бұл жұмысты бітіргені кешелі-бүгін екен. Бірден маған хабарлапты. Ал, мен оны басқалар да білсін деп ізін суытпай күнделікке түсірдім. Жағымды жаңалық!
05.03.14 
Эндокринолог-дәрігер, сүйкімді ұйғыр бикеш Дилярам анализдеріңіз тәуір екен деп көңілімді көтеріп тастады. Тәуба деп, әжептәуір мәздендім. Енді қайтейін. Саулығында сау тамтық жоқ мен пақырға сол бір ауыз сөз дәтке қуат емес пе? Тіфә, тіфә! Ұзағынан болғай!
Философ Мәлік Исабековке «Менің елім – Қазақия» деген қолжазбамды табыстадым. Шамасы, редактор өзі болады-ау деймін. Онда қатып-ақ кетер еді. Өйткені, Мәлік сауатты, тиянақты, орнықты маман. Мәлік «Сөз сұлтаны» деген Бекет Қарашин жайлы өзі құрастырған кітабын ала келген екен. Оған менің бес мақалам еніпті. Ықыласына ықыласпен жауап беріп, біраз қауқылдастық.
«Шалдырбайдың» 27-ші дәптеріне бір шөкім бірдеңе жазған болдым. Сарт-сұрт қақпанға  түсіп жататын әкімдер жөнінде жазу туралы ойлағым да келмейді. Сірә, мені әкімдерге иілмейсің деп ешкім сөкпейтін шығар. Білемін: әкімде де әкім болады. Анау менің 80 жылдығыма арнаған құттықтауын біреуге сүйкете салмай, өз қолымен жазған Ахметжан (Есімов) бауырымдай (қолжазба сақтаулы).
07.03.14 
Жасы 90-ға сәл жетпестен Мақан Жұмағұлов қаза болды. Оны қырық жылдан бері білетінмін. «Қыран қазасы қияда» атты дилогиясы мен «Қара торғай» деген өлеңдер жинағын тұшынып оқығаным есімде. Өзімен-өзі  тым-тырыс қана жүріп-тұратын біртоға, қарапайым, ойлы жан болатын. Иманы саламат болсын.
Газеттер Фаризаның қырқына бай­ланысты жарыса жазып, тұс-тұстан жа­мырауда. Бір «Қ.Ә.» 13 қыз-келіншектің өле­ңін жариялапты. Кіл егіз қозыдай, тұзы кем, жалынсыз, нәрсіз, бір мазмұндас ах-ух. Бос кеуек. Өзге басылымдағылар да оңып тұрған жоқ. Әйтсе де, бәрекелді! Солар Фаризаны көзі тірісінде дәл солай сыйлаған болса, не сөз, бәріне салауат! Жасасын, адалдық!..
08.03.14 
Бірнеше сағат бас алмастан «Қазан уни­верситетінің неміс ғалым-профессорлары» деген кітапты оқыдым. Ресейлік рухани әлемге немістер қосқан үлес орасан ғой. Ғарыштай шексіз, мұхиттай шалқар (десе артық емес).
11.03.14 
Ұйықтар алдында Люда Варшавскаяның Исаак Иткинд туралы ғажап очеркін оқыдым. Ол адам жөнінде сырттай құлағым қанық болатын және екі рет көргенім бар-тын. Сирек кездесетін, елден-ерек жаратылыс еді. Сонау алыстап кеткен жылдарда Иткинд, Варшавский, Домбровский, Калмыков басқа да ондаған ерен тұлға, білімдар, зиялы еврейлер Алматының сәні, көркі іспетті еді-ау. Қаланың рухани ортасына әр беріп, гүлдентіп, байытып  жүретін. Бәрінің де артында мол мұра, із қалды. Ендігі әңгіме оларды тиісінше бағалап, қазақ елі үшін жасаған еңбектерін ұмытпауда. Шәкен Айманов өле-өлгенше ардақ тұтқан бір Беркович не тұрады?! Шаргородский, Шавельский, Ерзакович ше? Брусиловскийдей алыпты айтпағанда! Мен оларды да білетінмін. Білгендіктен еске алып отырмын.
Кеше кешкілік Гамбургтен Константин Эрлих телефон берді. Ағымыздан жарылып, арқа-жарқа әңгімелестік. Ол орысша өлең оқып, ән шырқады. Онан соң немісше шығарған екі жаңа әнін орындады. «Россия» деген тағы бір әні екеуміздің де жүрегімізді тербеп, жан дүниемізді қозғағандай әсер етті. Ол өзін мекенсіз қыранға балайды. Соған сай қызған темірдей қарып түсетін жыр жолдары көзге жас үйіреді. «Russland! Russland! Россия» дейтін тармақтар нажағай секілді төбеден өтіп, табаннан шығады. Ал, сен ессіз сезімге берілесің. Ол (Эрлих) маған белгісіз өзінше шекара (жұмбақ аралық) тауып апты. Және махаббатқа құрылған аса нәзік лирикалық (тағы бір) ән шырқады. Ол да жүрек қылын аяусыз шертеді (жүрек демекші, Эрлихтың осында жүргенде жүрегінде ақау болатын да, операция жасауға көнбей, әлі күнге шейін кейінге ысырып келе жатқаны бір Аллаға аян. Аман болсын, аяулым).
12.03.14 
Ұйықтар алдында В.Карпенконың («Простор», № 3, 2014) Домбровский, Казанов, Вознесенский, Ахмадуллина туралы очерк сарындас жазбаларын оқыдым. Мей­лінше тартымды, қонымды, нанымды, әсерлі. Және Саша Шмидтың Эрик Фридтен жасаған тәржімелері мен Шашкованың Аслан Жақсылықпен сұхбатын оқыдым.
Бүгін тұла бойым құрысып, көңіл-күйім болмай отыр. Ештеңе жазбаймын.
13.03.14 
«Дос-призрак» деген әңгімемді қайта жазамын. Осы сәт Ә.Нұрпейісов есіме түсе кетсін: ол «Өзімнің дүнием ғой» деп алып, барлық туындыларын өмірінше қайта-қайта өшіріп, өңдеп, көшіріп жазумен саусағы мүйізденіп келе жатқан жоқ па?!
«Жас  Алаштан»    Асқар  Жұмаділдаев­тың оқырмандар сұрағына қайтарған жауаптарын оқып шықтым. Ойып айтатын, тауып айтатын, түйіп айтатын жауаптары өткір, ұтқыр, мәнді, мағыналы, тасқайрақтай. Болсаң Асқардай бол! Болмасаң, әдірәм қал!..
15.03.14 
«Түркістан» газетінен Құлбек Ергөбектің белгілі аудармашы-публицист, әдебиетші Әбілмәжін Жұмабаев туралы мақаласын ықыластана оқып шықтым. 
Украинада астаң-кестең. Өңшең екі иығын жұлып жеп, тіс қайраған бөрілер. Түбі қалай болар екен, ақыл жетпейді.
Әубәкір Нілібаев қайтыс болды. Оның философиялық-ағартушылық кітабы («Темперамент») жайында пікір жазғанмын. Бірде телефон арқылы тұсаукесер жасамақ ойы барын аңғартып, ал, мен оған екі жүз дана ручка сыйламақ болған едім. Шамасы, өйтуге меңдеген кесел ырық бермеді-ау деймін. 87 жасқа қарағанда бақиға озды. Оны Смағұл мақтаушы еді.
16.03.14 
Дальдің сөздігін ақтардым. Ой, онда не жоқ! Бір жерінен «татарлар тартарарға қарап кетті, олардың соңынан сен де барасың ба?» деген тіркеске көзім түсті. 
Дальдің сөздігінде «тар» дегенге телініп, алмасып жататын қаншама сөз бар десейші: тархан, тарлен, тарнаба, таранчуг, тарабары, тарантас, там-там, т.б.
Бәрі де түрік сөздерімен тамырлас, сабақтас, солардан нәр алады.
17.03.14 
Өзіме де обал жоқ, Ұлттық университеттің әлдебір диплом қорғайтын шалапай қызына бір сағаттан аса интервью бермейін бе? Жүрегім қағып, әлсіреп, ебіл-дебілім шықса да, ол да, мен де бір-бірімізге алғыс айтып, ризалықпен тарастық. Кенет кешке қарай телефон берген әлгі қыз камерадағы жазулар түк қалмай өшіп қапты, енді бірнеше сұрақ апарайын, соларға жазбаша жауап берсеңіз деп ыңылдайды. Қаным басыма шауып, ашудан жарыла жаздадым да: «Қой, айналайын! Аулақ!» деп бір-ақ кестім. «Бар болғыр десе!..»
Тарихшы Марат Сембі «Түрік-моңғол жерлерінің ескерткіші» деген салдарлы еңбегін әкеп тастады. Алғашқы әсер мықты. Ізденгіш екені көрініп тұр.
Қырым мен Севастопольдегі референдум асқан ұйымшылдықпен өтті. 97 %. Батыс пен Обама тұз жаласын. Ресейді тізе бүктірмек еді, бірақ, тегеурінді орыс рухы жалаулата жеңіп шықты. Оның үстіне, әпербақан Хрущев кезінде тізеден басып Украинаға беріп жібергені болмаса, Қырым о бастан орысқа тиесілі емес пе еді (аржағы – Осман империясын айтпағанда).
Әйтсе де, әрі қарай не болып, не қояр екен? Оны кім білуі мүмкін?
18.03.14 
Телевизордан жұрт жадында қалатын тарихи сәтті тамашаладым. Путин мемлекеттік дума, түрліше субьектілердің басшылары, Қырым мен Севастополь өкілдерінің алдында жан-жақты кесіп-пішкен, салмақты да салиқалы, өткір, логикасы мықты, мағыналы, мәнді, әсерлі сөз сөйледі. Рухты мейлінше асқақтатып, аспандатып (дегендей). Жиналғандар қайта-қайта қол шапалақтап, бірнеше рет орындарынан тұрып қошемет жасады.
Одан соң Путин указды оқып, Қырым мен Севастопольдің Ресейге қосылатыны туралы актіге салтанатты рәуіште қол қойды.
Өте әсерлі, әйбат, орнықты, қарымды, дос сүйсініп, дұшпан күйінетіндей көрініс болды.
Шамасы, орыстар Батыстың да, АҚШ-тың да, ішкі кеудемсоқ кесірлердің де мұ­рындарынан шыңғырта шымшып, тәубелеріне келтірді-ау деймін. Көптің ал­дында жалаңаштап, лыпасыз қалдырды. Менің пайымымша, еуропалық ақылмандар осы жолы діттегеніне жете алмай, діңкелері құрыса керек. Көкей құрттары басқа еді, қайтерсің, ойнақтаймын деп от басты, боқ батпаққа батты. Әп, бәлем! Өздеріне сол керек!
Орыстардың шыдамы бітті. Судың да сұрауы бар, орыстардың шамына тие бермеу керек. Әйтпесе, әкеңді бес қорғаннан көрсетеді. Осы жолғыдай!
Әлбетте, аяғы жақсы болмауы мүмкін. Бірақ, жұдырықтай жұмылған халық бірлігінің қасында санкция деген не, тәйірі?!
Қалай дегенде де, Путин бұл шараны кәсіби деңгейде өткізді. Ресейді мұқатқыш мысықтілеулер шаштарын жұлып, ойбайлай берсін! Күйіктерін басу үшін шелек-шелек сіркесу ішсе де наны пәтір! Пішту!..
20.03.14 
Германиядан (атын атамаймын) таныс қазақ келді. Екеуміз оңаша жолығып, біраз жайлар айналасында пікір алмастық. Украинаға байланысты көзқарас-пайымымыз кереғарлау болса да, өзара түсініскендей боп қоштастық.
Гирш Симашконың «Төртінші Рим» деген кітабының екі данасын беріп жіберіпті. Екі сағат парақтадым. Бәрі бұрыннан белгілі, таныс жайлар. Сонда да, амал не, ескі досқа құрмет үшін үшінші рет оқуға құмбылмын. Қазақтар онша жарылқамаған Симашко жаратылысы бөлек, дарынды, біртуар жазушы еді. Рухына ұдайы тағзым етіп жүремін!
22.03.14 
О-һо! Наурыз келді!  Тәуба! Тәуба! Күллі қазаққа құтты болсын айтамын. Ақ мол болсын! Ал, маған Қасым-Жомарт Тоқаев бірінші телефон тастап, адал ниет, ақ тілегін айтты. Оған мен де айттым. Онан соң өзімнің Иманғали-Имашым, Ахметжан Есімов, бір-екі қазақ қаламгер мен жалпы санында есеп жоқ тасып-төгілген қаймана қазақтар, бір орыс, бір ұйғыр құттықтады. Және бүгін әйелімнің туған күні. Оған да құттықтау көл-дария. Қонақтар келді. Мерекелік дастарханда күліп-ойнап отырдық. Әйелімнің көңілі үшін бір бокал испан шарабын қылқ еткіздім. Әрі қарай саулық көтермейді. Жә, нысап! Ас болсын! 
23.03.14 
Симашконы (90 жас) еске алу кешіне бара алмадым. Бірақ, Владимиров, Головинский және Ананьеваның айтуларынша, онда ең ұтқыр, тартымды, ойлы, шешен сөйлеген Ә.Нұрпейісов бопты. Жараған! Айгүл Кемелбаеваның «Отамалы» деген әйбәт эссесіне пікір жазу үстіндемін. Қалам ұшына тұшымды бірдеңелер ілінетін сияқты. Беталыс солай. Оның үстіне, Айгүлдің шарапаты қойсын ба? Ол кемел жазушы. Дарабоз. Қарапайым, кішіпейіл, адамгершілігі қандай. Күнделіктерімде бұрын да айтқан ем, тағы қайталаймын, Айгүл қазақ қыздарынан шыққан қаламгерлердің аймаңдай айнасы. Олай болса, әйда, Айгүл Кемелбай!..
26.03.14
Денсаулық: шықпа жаным, шықпа. Бірақ, бір күн бос өтпейді. Оған жол бермеймін. Жер басып, аман-сау жүргенім де соның арқасы ма деп ойлаймын. Бүгін Марат Сембінің «Түрік меридианы» деген кітабына жазған пікірімді ақ қағазға қайта көшірдім. Кітап салиқалы екен, сондықтан, оқырман назарына дұрыстап іліксе екен деген ой ғой менікі. Басқа не болсын!..
Философ А.Ф.Лосевтің «Терзание духа» деген еңбегін қайталап оқудамын. Бұл кітапты сонау жылдарда Сағат Әшімбаевтың жұмыс столынан көруші едім. Сағат білімпаздың білімпазы еді. Жастықтың әсерінен бе, меніңше, оның – әркім әртүрлі жоритын –  әлем әдебиеті классиктерінен үйме-жүйме цитат келтірумен көбірек әуестенуі тегін болмаса керек. «Шалдыр-шатпақтың» 27-ші дәптерін сүйкектеген боламын. Көз бұлдырайды, тез шаршаймын. Сонда да тыпырлаудан қапы жоқ. Енді қайтейін, қарап жатып арам қатайын ба? О, жасаған! Мендей мүсәпіріңе медет бере көр!..
28.03.14 
ТV телеарнасы қырым мен украин мәселесі туралы күні-түні малтасын езіп, жағы тынбай сарнайды. Бәрі білгіш, иттің итақайына дейін. Жанға тиіп, мезі етіп бітті. Болары болды. Ендігісін тарих таразылай жататынын неге түсінбейтіндеріне таңмын.
Жалпы бұл мәселеде, менің бағамдауымша, Обама, Меркель және Кэ өздерін – іскерлік тұрғыдан – жақсы қырларынан көрсетіп жүрген жоқ. Газеттерде құрғақ сөз, дүрегей дақпырт, айқай-ұйқай, табалау, сатымсақ, кенеуі жоқ ой-пікір, сайтани сандырақ.
Бит, бүргелер мен неше түрлі явлинс­кийлер, немцовтар, новульныйлар, жуковтар күрт бастарын көтеріп, қаптап өрді. Оларға біздің Ғани Қасымов қосылып, өңеш кергенсиді. Назарбаевқа жаным ашиды: оған айналасындағы өзім дегендермен сорпасы қайнау оңай болмай тұр. Ақылмандар көсемге жағу үшін өздерін іскерміз деп әлек (Қазақша бір бет мәтін жазса, қанша қате жіберер екен? Пах! Сауаттылар! Абайды оқығыштар!) 
«Литературная газета» жақсы бастама көтерді: жаппай қолданыстағы «модаға» айналған ағылшын сөздеріне лайықты балама тауып.
Бренд – сауда маркасы;
Бейфренд – көңілдес;
Даунтаун – қаланың ортасы;
Паркинг – көлік қоятын жер;
Ресепшн – қабылдау бөлме.
Солай кете береді. Баяғыда сөйту керек еді. Қазақтарға да шетелдік «теберіктерден» құтылатын кез алдақашан жеткен. Тек намысты ер табылса де. Қарапайым қауымды мұрыннан сүйреп қажеті жоқ.
29.03.14 
Поляк елінде шоковая терапияның атасы саналатын ғалымсымақ дәрігер Егор Гайдар сыйлығын (сыйлық болмай кетсін, сирек ұшырасатын дәйістік) алғанына алғыс ретінде «Новая газетада» Ресейге қарсы өсек-өтірік пен өшпенділікке толы былапыт мақала жариялап, дүйім елге жала жапты, арына тиді.
Оңбағандық!
30.03.14 
Газеттерден не оқысам да жыныма тиіп, құсқымды келтіреді. Сондықтан, ұйықтар алдында Шығыс жәдігерліктеріне ден қойдым. Иноятолла Канбудың (ХVІІ ғасыр) «Таным ордасы» деген кітабын парақтадым.
Редактор Алёна алдағы бір-екі күнде жаңадан шығатын «Казахские арабески» атты кітабымның версткасын әкелетінін айтты. Жақсы хабар. «Есік ашық, келе бер», – дедім. Көңілім көтеріліп қалды, әрине.
31.03.14 
Кеше Юлия Тимошенконың санаға кірмес сандырағын құлағым шалды. «Мен, – дейді көкбет қатын зәрлене шажалаңдап. – Дүниенің астын үстіне түсіріп, Ресейді түгелдей күйік шалған тақыр далаға айналдырамын!»
Өй, албасты! Жоғарғы емес, төменгі ауызбен от көсейтін салдақы. Сірә, тозақ отына алдымен басқа емес, өзі күйетінін сезбейді-ау деймін.
02.04.14 
Парижден Сейітқасым телефон берді. «Не алып келейін?» «Блокнот». «Қандайын?» «Алақандайын». «Француздың сұлу бикеші ше?» «Ол өзіңе! Кемпірім аман болсын». «Жақсы, Гер-аға! Көріскенше!»
04.04.14 
Елбасы тағы да музыканттардың орнын ауыстырды. Ауыстыра берсін. Крылов айтатындай: «Бәрібір, оңып жатқан шаруа шамалы».
05.04.14 
Осы күндерде менің көңілімді қабар­татын не дейсің бе? Қазақтардың шектен тыс қызығушылық танытып, ойдан-қырдан қоятын қыжыртпа сұрақ, қияңқы сөздері. Жанашырлық білдіргенсіп, өтірік көлгірситіні. «Алда болатын 80 жылдық мерейтойға жоспарың қалай?» «Дайындық жүріп жатыр ма?» «Билік не ойлайды?» «Президент аппараты қоз­ғалуы керек» дегендей.
Оу, жарқындарым, қойсаңдаршы! Мұн­дай әләулай кімге керек? Құлақты сарсытып біттіңдер ғой! Менің мерейтойымда кімнің қандай шатағы бар? Ол жеке бастың шаруасы емес пе? Отбасылық қуаныш-қызық! Әлде, асатпай жатып құлдық деп, жалпақ әлемге жар сал деймісің? Немесе, көрінгенге қол жайып, жылу жинап, әкімқараларға хат жазып, атақ-марапат сұрайын ба? Жоқ! Төменшіктейтін мен емес. Егерәкиде, рақымы түскен біреу-міреу кітаптарымды шығарып беріп жатса, сол да жетеді. Басқадай ештеңеге зауқым жоқ. Бос дырду, той-томалақты атама. Бұл тұрғыда өзімді Нұрпейісовтің адал шәкіртімін деп санаймын. Қазір де, бұрын да. Әзелден!..
07.04.14 
Украина шегіне жетті. Ұрыс-төбелес жасамай тыншымайтын секілді. Үрит соқ деп азғырушы – Америка. Ал, сорлайтын кім? Орыс, хохол, еуропалықтар. Бір сойқанның елесі бар сияқты.
08.04.14 
Айналайын ақ көңіл адамдар-ай! Газет-журналдарда үзбей шығып жататын жазған-сызғандарыма қарап солай топшылай ма екен, мені бұрынғыша Шоқан ескерткішінің маңайынан іздейді. Ал, маған Шоқан ескерткіші тұрмақ, бір сәт есік алдына шығып әрлі-берлі жүрудің өзі қияметтен қиын боп тұр емес пе? Қайтейін-ай, қайтейін! Қайда жүрсің, Аманхан?!
09.04.14 
 Үйге режиссер Головинский мен оператор Сергей екінші рет келіп, 2 сағат 15 минут уақытымды алды. Бірінші рет жазғандары сәтсіз бопты. Дыбысы шықпай қапты. Сондықтан, жүрегімнің ауырғанына қарамай, Симашко туралы монологты қайталауға тура келді. Бәлкім, әлденелер дұрыс қамтылған шығар, бірақ, маған камера алдында сөйлеу өте қиын болды. Кешке дейін атқақтаған жүрек әрең тыншыды. Қазір кез-келген қимыл-қозғалыс ауыр соғады. Артықтау қуаныш-реніш те солай.
11.04.14 
Таң алдында нөсер жаңбыр құйып берді. Бәлкім, хал-ахуалым енді біраз жеңілдейтін шығар.
Орысша да, қазақша да оқудан запы боп, жалығып біттім. Немісше «Freimatbuch»-ті алып, бірнеше сағат оқыдым. Көңілге қонымды, назар аударатын жәйттер баршылық және аз да емес екен.
Зәкірден (А) Мархабаттың басына түскен ауыр қайғы жайлы естіп, әр-сәр күй кештім. Әмірхан Балқыбек оның күйеуі екенін білмеппін. Жеке таныстығым да жоқ болатын. Бірақ, өлеңдері бірден баурап, көңілге ұялайтын. Сыншы, әдебиетші ретінде жазған мақалалары да ұнайтын. Туған жерінде жерлеуге алып кетіпті. Мархабатқа көңіл айтамын.
Өкінішті: Әмірханның жасы әлі 45-ке де толмаған екен. Иманы саламат болсын.
12.04.14 
Осы аптаның ішінде маған қазақтар екі фолиант, шалақазақтар «Литературная Алматы» (40 баспа табақ шамасы), көрші әйел «Adam bol», Ғылым академиясынан – екі зерттеу еңбек әкеп берді, оларға ұзын саны 15-20 мерзімдік басылымдарды қос, құдай қатты жарылқады. Енді басқа шаруаның бәрін былай қой да, оқы, оқы және оқы, оқудан бас көтерме.  Тамақтанба, ұйықтама, тынықпа. Ау, менің әрі жазып-сызатындарым да бар емес пе? Оларды да таста. Таста бәрін. Таяуда жасым 80-ге келеді. Шұрқ етуге уақыт жоқ. Соған қарамай, өйту керек, бүйту керек, керек те керек! Мәссаған! Зейнеткер-жазушының пешенесіне жазылғаны осы болса, жарыған екенбіз. Әйда, Күзембай!..
Бүгін күн ұзақ жерлес ақын досым Есләм Зікібаев ойыма түсумен болды. Оның арамыздан кеткеніне 12 жылға таяды. Есләм десе Есләм еді, бір-бірімізге ес едік, сүйеу едік. Ой, жалған-ай!..
14.04.14 
Е-һе! Кіл төрттіктердің тізіле қалуын қарашы! Он төрт, нөл төрт, тағы да он төрт! Мейлі, қашанда осыған жазып, көрер күніміз көп бола берсін. Ал, енді осы күндерде маған (не сеземін, соны жазып отырмын) қазіргі замандастарымызға тас тұғырлы тау тектес патриотизм тұрмақ, соның бір шөкімі де жетпей тұрғандай көрінеді.
Кім білсін, бұл пайымым дұрыс та емес шығар. 
Бірақ… Ресейде біреу-міреу қалыптасқан жағдаймен келіспесе, сол замат ашық түрде торсаң қаға бұрқылдап, наразылығын жасырмайды да, ал, оларға патриоттар сол замат: «Ұнамай ма? Онда жөндеріңді табыңдар! Қапшығыңды арқала да, бұл жерден табаныңды жалтырат!» – дейді.
Апырай, ә? Қит етсе артыңды қыс, аузыңды жап! Құры, жоғал! Өмірем қап!..
Украинада үстеріне «Москальға берме!» деген жазуы бар майка киген украин қыздары топ-тобымен көшеге шығып, шірене жүріп шерулетті.
Осы ма патриотизм! Әлде, санкция ма? Бірдеңе деу қиын. Жатқан ию-қию!..
Қазақстан интернетінде жүрегі түкті бір сабаз менің егініме тас атып: «Для меня испражнение старика-казаха милее, чем пукание старика-немца» деп өзеурепті (по-казахски: «Маған қазақ шалының тышқаны неміс шалының осырғанынан қымбат»). Ендеше, сол мырқымбайға айтқан болар ем: олай болса, сен найсап мен қазақ шалының боғын жеп, неміс шалының осырығын иіскей бер, екеуі де теберік», – деп.
Ал, ендеше? Міне, патриотизм! 
15.04.14 
ТВ-ның барлық және мерзімдік арналарында үш айдан бері Ресей мен Украин арасында ақпараттық соғыс жүріп жатыр.
Оларды АҚШ пен Еуропа бір-біріне құтырған ит сияқты айдап салып, «қызықтарына» батуда.
Осылар жөнінде көріп-біліп, оқудың өзі жиренішті.
Жалықтырып бі…і…тті!!!
Обалы қайсы, басы ашық бағыт ұстаған Ресей ақылға қонардай уәждер айтып, әлдебір логикаға жүгінсе, Украина көкбет қатындай бұлқан-талқан боп, сөзге тоқтайтын түрі жоқ. Долы дерсің!
Бірақ, мені ойландыратын бұл опай-топай да, базардағыдай бейәдеп ұрыс-жанжал, айқай-ұйқай да емес, керісінше, осы дау-дамайға кейбір қазақтардың белсене араласқансып, ауыздарына келгенді көкіп жүретіндері боп тұр-ау, ойбай-ай. О, тәңірім, қайтейін. Тіпті, өз беттерін өздері шиедей етіп жатқан украиндықтарға еліктеген боп, аяқ астынан орысқа, путиндік билікке қарсы байбалам, екілене ежірею шаң бергелі қашан. Тым болмаса, соларында зәредей негіз, түпқазық, байлам болса екен. Тек айқайға сүрен қосу, бос айтақ, далбағай даурықпа, әурешілік.
Неткен жетесіздік! Қандай ұят?!
Ау, Ресей деген тек Путин немесе орыстар ғана емес қой! Оның үстіне, орыстар соншалық адамзаттың қоры ма екен, олай деп кім айтты саған?! Егер керісінше демесе…
Одан да мынаған тән бер, ақылдым. Ең бастысы: Қазақстан қайткен күнде де біреудің етегінен ұстап, сыпайылап айтқанда, тіркесіп күн көруге мәжбүр. Тәуелсіздік деген аты ғана, баянды боп жатқан нәрсе шамалы. Сондықтан… Кіммен одақтасу, кімнің етегінен ұстау лазым? Қытайдың ба? А-һа! Сүйек-саяқ, ішек-қарныңмен қоса бір-ақ жұтсын да, тамағыма қылқаның кетті  демесе, бір құ­лағымды кесіп берейін (шұнақ құлақтар да аз ба? Әлде, АҚШ  па? Тауыпсың! Табанында жауын құрттай таптасын да тастасын. Онда кім? Қала-қалама, сені керексінетін әлі де – Ресей! Сонымен ғана түтінің түзу шығып, сорпаң қайнайды. Қарым-қатынасқа қылау түсірме. Ол сені құрдымға жібермейді.
Мен солай түсінемін. Украиншыл мырқымбайлар өздері білсін.
18.04.14 
Таң атқалы Габриэль Маркес қайтыс болды деп қайта-қайта хабарлап, қақсап жатыр. Нақ бір Сталин өлген кездегідей. Маркес  Сталин емес, әрине. Бірақ, танымал тұлға. Аса көрнекті жазушы. Бұдан 15-20 жыл бұрын ауырып, интернет арқылы күллі әлеммен күнілгері қоштасқан-ды. Маркес жөнінде біз алғаш рет өзіміз аэропортта күтіп алған Айтматовтан естігенбіз. Маркес 88 жасқа дейін өмір сүрді. Олар да Айтматов арқылы білген біреулер Маркесті жеке иемденгенсіп, ауыздарын толтыра күпініп жүрді. Маркесті жұрт алда да ұзақ жылдар сүйсініп оқитын болады. Нағыз нобелиант сол еді.
19.04.14 
Оқылатыны шамалы, қатеден арылмайтын базбір газеттердің (ой-өрістің тарлығы, білімсіздіктен бе екен) көпе-көріне бұра тартып, бүйректен сирақ шығаруға бейімдігі көңіліме қонбайды. Кейде ашық түрде арандату байқалып қалады. Антиорыстық, антипутиндік, жауластық, мифтік тәуелсіздікті қорғауға шақырғанситын дәрменсіз лексика, батырсыну тақылеттес. Олар аздай, «Аңыз адам» дейтін журнал Гитлердің туған күніне 33 фотосуретпен қоса тұтас нөмір арнапты. Мұндай тапқырлық кімнің басына келді екен? Және оның тасасында не жатыр? Ашып айтпаса да, лепестерінің астарынан әр қазақ – физикалық немесе моральдық тұрғыдан – орыстармен қақтығысқа дайын болу керек дегендей сарын аңғарылады. Солай екен, онда мұндай логика бойынша, Гитлер – фашист емес, Бандера – көзсіз батыр, ал, Украина – Ресейден бейкүнә жапа шегуші (екен де). Миға қонбас сандырақ, түсіну қиын.
21.04.14 
Бүгін «Шалдыр-шатпақтың» (113 бет) 21-ші дәптерін «Датқа» бердім. Және 27-ші дәптер үшін үш бет сүйкектеген бол­дым. Марқұм  Есләм Зікібаевтың бала­сы әкесінің үш томдығы мен ақынның өмірі мен творчествосы жайлы брошюра бе­ріп жіберіпті. Қолма-қол парақтап, көзден өткіздім. Есләм қайтыс болған соң әйелі мен балалары менің жерлесім әрі досымның бірнеше кітабын шығарды. Бақиға озғандардың мұрасына қамқоршылар болғанға не жетсін. Бұл жағынан Есләмнің аруағы риза шығар деп ойлаймын. Белгілі қаламгерлердің мұрасын жиып-теріп, кітап етіп шығару былай тұрсын, мәңгүрттеу үрім-бұтақтары ескермейтін атаусыз, ескерусіз, ұмытылған (деуге болатын) марқұмдар қаншама. Аты-жөндерін атамай-ақ қояйын, ондайлар жеткілікті. Бір алпауыт қаламгердің олигарх баласы әкесінің екі томын шығаруға жарамағанын естіп, жағамды ұстағанмын. Беті аулақ!
Қостанайлық әлдебір бикеш (Гүлжібек) менімен жолығып, камераға сұхбат жазып алғысы барын айтып, өтініш білдірді. Қылымси қиылған оған қарсы емеспін, кейін хабарлас дедім. Мұндайлар мен үшін түк қызық емес. Көкезулеу біреулерге қалай мақұл дегенімді өзім де аңғармай қаламын. Қайтейін, мен де арты ашық көңілшек емеспін бе?
22.04.14 
Ұйықтар алдында С.Мнацаканянның Катаев туралы кітабына жазылған рецензияны оқыдым…
Алматылық ардагерлер «Аңыз адамның» Гитлер жөнінде жазғанына қатты ашуланып, бір нөмірді жұрт алдында өртеп жіберді. Бұл шынында да ешбір ережеге сыймайтын оғаш тірлік, анайы қылық. Халықаралық қылмыскердің жауыздығын жымысқылықпен ақтағансу кімге қажет болды екен? Дүниежүзі алдында ұят және масқара құбылыс. Журнал білгіштері қанша жерден қарсы болса, ол солай.
Таңертең Қарағандыдан Есләм Ақба­сов­тың қарындасы Шәмшия телефон тастап, ағасының қайтыс болғанын хабар­лады.
Баяғыда – ауылда – ол біздің үйде екі жыл пәтер жалдап тұрған-ды. Екеуміз туған бауырдай болып едік. Дереу әйеліне телеграмма арқылы көңіл айту жіберем.
«Жас Алаштан» көрнекті философ-ғалым Амангелді Айталының (Украинадағы оқиғалардың жай-жапсарын талдаған) мықты жазылған тұшымды мақаласын оқыдым. Терең талдап, ақылмен таразылаған салдарлы ой-толғам, пікірлер…
23.04.14 
Әлдебір сұрқай сезім жан дүниемді құлазытып, ештеңеге зауқым соқпайды, селт етпеймін. Өзіме де, айналада болып жатқан оқиға-құбылыстарға да көңілім толмайды. Бәлкім, оған себеп өмірдегі іркіліс-кідірістер шығар? Министрлік алда шығатын екі кітабыма көк тиын бермей ме деп қорқамын. Сөйтсе не болмақ, үміт желге ұша ма? Кімге арқа сүйеймін, кімнен медет тілеймін? Стол үшін жазамын ба? Бұлыңғыр болашақ. Меніңше, қоғам тұралаған. Әлде, мен тұраладым ба екен? 
Кейде екі қолым алдыма сыймайды. Ондайда, оқығым да, жазғым да келмейді.
Барлығынан көңілім қалып, қанадан тайған құқай тірлік. Неге құрып қана кетпейді екен?! Үуһ!.. Сілем қатты-ау!..
24.04.14 
Бүгін жазғым келмеп еді, сонда да, төрт бет бірдеңе шимайладым. Пенсионер үшін жеткілікті. Алдағы 80 жылдығыма орай «Таң-Шолпан» әңгіме сұрап еді, дүйсенбіде беремін деп келістік. 
25.04.14 
Астанада медиафорум. 62 елден керауыздар жиналыпты. Кердеңсіген бос кеуделерден не пайда, не қайыр. Көбі күмәнді, тыртақай. Солар не керемет  айтып  қарық қыла қояр екен және төтесіне келсек, не үшін жиналды – белгілі әлеуләй. «Жұлдыздардың» арасында қаны қарайған русофоб Познердің  нұсқасы көлеңдейді. Ой, Алла-ай! Осындай күнге де жеттік пе? жиналғандар ештеңеге жауап бермейтін кіл «бұрынғылар». Мен үшін сөздерінің құны көк тиын. Сондайлардан қаншама зиян, шығын келерін кім есептеп жатыр дейсің. Пішту!..
26.04.14 
Бүгін Шота 82 жасқа толды. Әлдебір сапардан оралып, қазір тауда жатыр-мыс. Сондықтан, әйелін құттықтадым. Жараған! Досым әлі тың,  қалпында. Содан жазбағай.
28.04.14 
Ауа райы өлтіріп тұр: жаңбыр, жел, ызғырық, ылғал, сұрғылт аспан, тұнжыр әлем. Пәтер іші тас мылқау. Жұмысқа зауық жоқ. Көңілсіздік. Жүрек шаншиды; ауа нашар. Гидроорталық жұбанарлық ештеңе айтпайды. Суық пен ылғал бірнеше күнге созылатын түрі бар. Шамасы, тек июньде арқамыз жылып, құрыс-тырыс жазылатын сияқты.
Назарбаев 1994 жылы мартта көтерген евразиялық бастаманың жиырма жылдығына орай МГУ-де лекция оқу үшін Мәскеуге аттанды. Ресми хабарламаға сенсек, сәруәр одан соң Минскіге барып, интеграцияның не екенін іс жүзінде көрсетеді-мыс. Бәрі мейлі, әйтеуір, қазақ ақын-жазушыларын да ұмытпай жүрсе бопты да. Қазір олардың зарын сәруәрдан бөлек тыңдайтын кім бар? Баспасөздер Қазанға барғанда татарша көсілді деп шулап жазған Мәсімов енді алда тым болмаса бір рет қазақша баяндама жасап, айды аспанға шығарса тағынан тайып қалмас деп ойлаймын. Сен ше, Кәрім інім! Ренжіме, әйтеуір!..
29.04.14 
«Алматы ақшамы» газетінен Нұрғали Ораздың Қалаубек Тұрсынқұлов туралы эссесін оқып рахатқа баттым. Ораз оралымды эссеист. Жазушылық дарыны елден-ерек. Оны өздерін классикпіз деп жүргендердің кез-келгенінен артық санаймын. Алға, Нұрғали!
01.05.14 
Ұйықтар алдында Познерді оқыдым. Неткен пасық, жауыз, арамза, жиренішті неме. Бүкіл ұлтқа күйе жағып қақшаңдайды. Ұятсыз, қаскүнем! Қара адам!.. 
04.05.14 
Бүгін танымал жазушы Талғат Айтбаев 60 жасқа толды. Аслан Жақсылықов та 60 жасқа келді. Атышулы ақын Ұлықбек Есдәулетов – ол да 60-ты еңсерді. Тамаша жігіттер! Барлығына телефон беріп, шын пейілмен құттықтадым. Толағай табыстар тіледім.
Тәнекеевті кездестірдім. «Сексен деген жаман жас. Көз көрмейді, құлақ естімейді», – деді. Ал, менде әзірге тәуба. Жүрек демесе, көз бен құлақ бір сыдырғы, темпеңдеуі тәуірлеу.
Әлдебір әйел Олжастың «Код слова» дейтін кітабының тұсаукесеріне шақырды. Айтуынша, оған Олжас тапсырған құсайды.
07.05.14 
«Жас қазақтан» Амангелді Кеңшіліктің Маркес туралы мақаласын оқыдым. Керемет! Жараған! Ақылды! Амангелдіде зәредей менмендік жоқ, өте қарапайым, кішіпейіл. Алауыздық, рушылдық, жүз­шілдікке қаны қас екені көрініп тұрады.
08.05.14 
Жеңіс күніне орай түрліше қайырымдылық ұйымдары мені ардагер ретінде кезек-кезек құттықтауда. Әзірге елеусіз қалып жатқан жерім жоқ. Бойын тіп-тік ұстап, жаныма жетіп келген Тәнекеев: «Сексен жаман жас емес. Тоқсан жаман екен», – деді де, құшырлана қолымды қысты. Оған: «Бәйекесі-ау, бұдан төрт күн бұрын сексен туралы басқаша сайрап («сексен деген жаман жас, көз көрмейді, құлақ естімейді») едіңіз ғой дегенім жоқ.
Сүйкімді қария. Жады жас адамдай. Таяуда 90-ға толады.
09.05.14 
Соғыс ардагерлерінен Қалмұқан (И) мен Сейдәлімді (Т), онан соң Гиршті құттықтадым. Бұрындары Нұрма­ғамбетов, Симашко, Нұршайы­қовты құттықтаушы едім. Қазір олар жоқ.
Мені әлдебір фирмалар мен компаниялар құттықтады.
Пәлі! Мен де ардагермін бе сонда?
Мәскеулік парадты көрдім. Міне, нағыз айбын, күш-құдірет! Және бәрі тас түйін, тап-тұйнақтай.
Путин екі-ау минут сөйледі.
Әсер сондай, мәскеуліктер жанында біздің қазақстандық парадтың жіп есе алмайтыны айдан анық көрінді. Кәдімгі провинциялық ақалай-мақалай (десе болады).
Серуенде бірге қыдыратын серік­терімнің бірі Қ. әлдебір қазақ мәтелін айтты: «Қарғадан бастық қойсаң, басың боқтан шықпас», – деген.
Бірінші естуім.
Ал, мына мәтел маған әзелден мәлім: «Егер, иттерді басқаруға арыстанды қойса, иттердің бәрі арыстанға айналып, арыс­тандарды ит басқарса, олар да түгелдей төбетке айналады». Меніңше, жаны бар ма, қалай? Сен не дер ең, Қали?
10.05.14 
Кешкілікте Қасымжановтың қызы, философ-профессор Әнелмен жолықтық. Ол маған өзі жазған кітабын сыйлап, екеуміз бір сағаттан аса ананы-мынаны мылжыңдасып, суретке түстік. Жаратылысы бөлек жан. Жақсы әсер қалдырды. Әл-Фараби туралы екі монография жазыпты. Әл-Фараби жөніндегі толғамдары қонымды, тұшымды, негізі берік.  Шығыстық әйгілі ғұлама қазақ жерінің тумасы екеніне зәредей күмән қалмайды. Жарайсың, Әнел! Қазақтың біртуар қызы!..
Соңғы екі апта бедерінде Ресейден бастап Германия, Астана, Алматы, өзге де бірқатар облыстардан беріп жіберген 15 кітап қолға тиді. Басқа кітаптар аздай-ақ, оларды да оқу керек пе, қайдан білейін. Тегі, кітап бетін ашпайтын көл-көсір тілеулестерім мені күні-түні кітап оқудан бөлек шаруасы жоқ деп ойлайды-ау деймін. О, жоқ! Есімнен адасатын шығармын, сірә!
11.05.14 
Жан дүниесі мөлдір, кішіпейіл, қарапайым, таза, баппен сөйлейтін байсалды, ұстамды, ең бастысы, дарынды ақын інім Ұлықбекті (Е) телеграмма арқылы құттықтадым. Ол 60 жылдық мерейтойын опера театрында өткізеді екен. Оған жан сарайым әрдайым ашық. Ақын ретінде де, адам ретінде де. Дау-дамай, былапыт топтан аулақ, жершілдік, рушылдық, жүзшілдіктен жұрдай жампоз. Жаса, Ұлықбек!..

Аударған: Зәкір АСАБАЕВ

 

 

Алдыңғы «
Келесі »