КӨП ТІЛ БІЛУ – ҚАНДАЙ МАҚСАТҚА НЕГІЗДЕЛУІ ҚАЖЕТ?

  • 29.12.2015
  • 1019 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Қазақстан Республикасы Президенті Н.Ә. Назарбаев 2006 жылдың қазанында өткен Қазақстан халқы Ассамблеясының XII құрылтайында «Үштұғырлы тіл» туралы идеяны жария етті. Ал, 2007 жылғы Қазақстан халқына арналған Жолдауында «Тілдердің үштұғырлылығы» атты мәдени жобаны кезең-кезеңмен іске асыруды ұсынды. Елбасы оған 2009 жылы Астанада бұқаралық ақпарат құралдарының қоғамдық рөліне байланысты өткен басқосуда да мән беріп: «Бұл жерде мемлекеттік тіл – қазақ тілін білу парыз. Екінші, орыс тілінен айырылып қалмауымыз керек. Білген тілден ажырауға болмайды. Көп тіл білгеннің зияны жоқ. Мысалы, Швейцарияда такси жүргізушілерінің өзі төрт тілді біледі. Үшінші – ағылшын тілі. Біз ағылшын тілін білмесек, әлемдегі озық инновацияға, технологияларға шыға алмаймыз. Өйткені, барлығы сол тілде жүргізіледі. Жастарға айтатыным – осы. Тілге мемлекет тарапынан көңіл бөліне береді» [1], – деді. 

2011 жылғы сәуірдегі Қазақстан халқы Ассамблеясының ХVІІ сессияда сөйлеген сөзінде де Елбасы мемлекеттік тіл мәселесіне арнайы тоқтала келе, өз ойын Абай сөзімен сабақтастырып: «Ұлы Абай былай деген еді: «Басқа халықтың тілі мен мәдениетін білу адамды сол халықпен тең етеді». Бұл жерде әңгіме тек қазақ тілі туралы ғана емес, жалпы тілдер туралы. Тілді білсең, сол халықпен тең боласың. Қандай терең сөздер! Яғни, бұл барлығы араласқан, бүкіл әлем бір-бірімен қатынасқа түскен бүгінгі жаһандық дүниеде қажеттілік болса, ол біз үшін және біздің балаларымыз үшін де ашық», – деген ой айтты. Рас, екі немесе үш тіл білу зор мүмкіншілікке жол ашады. Әсіресе, еліміз алдыңғы қатарлы дамыған 30 елдің құрамына енуі үшін үш тілді игерген қазақстандық азаматтардың, соның ішінде жоғары білімді жастардың көп болғаны қажет-ақ. Бұны бүгінгі дамыған ғылыми-технологиялық тұрмыс-тіршілік те талап етіп отыр. Ол – қазақстандық «Тілдердің үштұғырлығы» саясатын жүзеге асыру арқылы жалпыға бірдей ортақ қалыпты талапқа да, тіпті, жағдайға да айнала бастады. Осы саясаттың тұжырымдамасына жүгінсек, еліміздің өзін білімді, білікті санайтын әр азаматы ағылшын тілін білуі – ғаламның ақпараттық-инновациялық ағынына ілесу үшін қажет екен. 
Қазіргі уақытта ел қоғамы арасында үш тілді қатар меңгергендер қалыптаса бастады. Алайда, олардың сол біліктілігі қаншалықты дәрежеде ұлт игілігіне қызмет ететіні немесе қызмет етіп жатқандығы туралы келелі терең зерттеулер әлі жасала қойған жоқ. Мүмкін, оның қандай да бір нәтижесін күтуге әлі ертерек болар, ал, қостілділіктің пайдалы жағы мен зарарлы жағы туралы талай мәрте айтылды да, жазылды да, қазір де айтылып-жазылып жатыр. Әріге бармай-ақ, осы мәселеге өз пайымдауымызша көңіл қойсақ, қазақстандық қостілді (қазақша-орысша) азаматтар қо­ғамдық-әлеуметтік қарым-қатынастың түр­лі жағдайлары мен мақсатына байланысты бәлендей дайындықсыз, ешқандай қиындықсыз бір тілден екінші тілге еркін ауысып, екі тілді бірдей қолдана беретінін және кейде, тіпті, көп жағдайда екі тілді араластырып шұбарлап сөйлей беретінін көріп жүрміз. Бұл ерекшелік, негізінен, қазақтарға тән болып келеді. Бұны, бір есептен, біздің елдегі қазақ қоғамының тілдік тәжірибесі деп те қарауға болатындай. Әрине, жалпы алғанда, қос тіл білудің өзіндік артықшылығы да бар. Елбасы сөзімен айтсақ: «Қазақтардың жаппай қос тілді болуы – оларға осы заманғы ақпарат тасқынына жол ашатын ғажайып құбылыс» (Тоталитарлықтан – саяси тұрақтылыққа және демократиялық Қазақстанға. «Егемен Қазақстан», 14.12.97).
Елбасы «Ана тілі» газетіне берген сұхбатында да Абайдың: «Орысша оқу керек, хикмет те, мал да, ғылым да – бәрі де орыста тұр. Зарарынан қашық болуға, пайдасына ортақ болуға тілін, оқуын, ғылымын білмек керек», – деген сөзін мысалға келтіріп, ұлы ойшылдың заманында орыстың тілін дүниенің кілтіне балағанына, оны меңгеруге шақырған өсиетіне ерекше назар аударды (2006 жыл 11-17 мамыр). Ақиқатына келсек, қазақ қоғамының сауаттылығы жаппай төмен болған сол тұста Абайдың орыс тілін үйрен, орыс ғылымын игер дегені дұрыс бағдар болған еді. Соның ерікті-еріксіз түрде жүзеге асуының арқасында халқымыз аз олжалы болған жоқ. Қазақтың Абай, Ыбырайдан кейінгі орысша хат танығандарының көбісі – орыс тіліне жүйрік болды, бірақ, олар (көпшілігі) әуелде қазақы тәрбие көріп, мұсылманша сауат ашқандықтарына байланысты болар, ұлттық болмыстан тамырларын үзбеді, ұлтының қамын әріден ойлап, өздерінің негізгі еңбектерін өз ана тілінде жазды, сөйтіп, соңдарына өшпес мұра қалдырды. Алайда, орыс тілін біліп, ғылымын игереміз деп мақсат қойғандардың бірқатары, әсіресе, орысша оқып, орысша тәрбие алғандары Абайдың «зарарынан қашық бол» деген өсиетін елеусіз-ескерусіз қалдырып, өз ана тілін мүлдем ұмытып, көзқамандарға (нигилистерге), яғни, өз ұлтын және оның ұлттық құндылықтарын қорсынатындарға айналды. Сөйтіп, қазақ қоғамының қомақты бір бөлігі орыстанып кетті. Зерттеушілердің айтуынша, қазіргі қазақ қоғамының жартысынан астамын орыстілділер құрайды екен. Егер де, ұлы абыз ғайыптың жазуымен ортамызға келе қалып, оның бүгінгідей сипатын көрсе, сол ғибратынан айнып та қалар ма еді деген ой келеді. Демек, жастарға үш тіл үйретіп шығару саясатын жан-жақты ойластырып жүргізбесе, қазақ қоғамының қазіргі тілдік жағдаяты ұлт тұтастығы үшін үштілділік тұрмақ, қостілділіктің өзі аса қауіпті екенін байқатады.
Бұл мәселеге кезінде заманымыздың заңғар жазушы М.Әуезов те назар аударған екен. Ол өзінің «Ана тіл әдебиетін сүйіңдер» деген мақаласында орыс тіліне қатты беріліп кеткен қазақ азаматтарын сынға алып, тіліміз бен әдебиетіміздің қадір-қасиетін айта келе, кез келген саналы азамат өз ана тілін жақсы білуге міндетті деген талап қояды. «Өз тілін, әдебиетін білмеген, қадірлемеген адам толық мәнді интеллигент емес деуге болады. Себебі, ол қандайлық білімді болса да, рухани ой тәрбиесінде сыңаржақ болады», – дейді. Дегенмен, қос тіл білгенің артықшылығына да мән беріп: «Абайдың Абай болуы екі тілдің әдебиетін білгендігінен», – дейді. «Екі бірдей ана тілің болуы – екі енеге тел өскендей, екі жақты, егізекі нәр қасиет, қуат береді» (ХХ том. А., Жаз., 1985 ж. 411-413), – деп жазады. Бұл ретте академик-жазушы қос тіл білу – білім мен ғылымды игерудің құралы деп отырғаны сөзсіз. Атам қазақ та «Қос тіл – қос қанатың» деп айтқанда осыны ескерсе керек. Қостілділіктің бірден аңғарыла қоймайтын, талай жылдар өте келе сезілетін зарары да бар екені ақиқат. Бұны ешқашан естен шығаруға болмайды. Бұл зарар өзге бір тілді білім-ғылымды игерудің құралы ретінде оқып-үйренуден емес, негізінен, өзге тілде білім-тәрбие (орыс мектептері және қазіргі уақытта отандық кейбір зияткерлік мектептер мен ЖОО-ларда жүзеге асырыла бастаған математика, физика, химия сияқты т.б. пәндерді ағылшынша оқыту саясаты) алудан болады. Өзге тілде білім-тәрбие алудың зарарын кезінде үнді халқының данышпан ұлы – Джавахарлал Неру де дөп басып аңғарған екен. Ол: «Басқыншының тәрбиесін алған зиялы – өз халқының басты жауы (Интеллигенция, воспитанная колонизатором, является главным врагом собственного народа)» деген тұжырым жасапты. 
Қазіргі таңда Қазақстан Республикасы Елбасының бастамасымен дайындалған «Қазақстан – 2050» стратегиялық даму бағдарламасында нақтыланған нысаналы мақсат-міндеттерді жүйелі түрде жүзеге асыру арқылы өзінің даму бағытын айқындады. Қайсыбір тың бастамалар мен нақты қадамдар Қазақстан қоғамын ортақ іске жұмылдырып, нәтижесінде бір­қатар  рухани, мәдени табыстарға қол жет­кіздік. Алайда, еліміздің саяси-экономикалық даму үдерісіне қоғамдық қатынастардың түрліше әсер ететіні көп мәселеге байыппен қарауды қажет етеді. Өйткені, нарықтық-демократиялық даму жолына түскен, түрлі ұлт өкілдерінен тұратын қазақстандық қоғамның тұтастығын сақтау қоғамдық қатынастың ең маңызды мәселесі екені рас. Осы мәселенің дұрыс шешімін тауып, ел тұтастығын берік қалыптастыруда мемлекеттік тілдің алар орны ерекше. Еліміз тәуелсіздік алғаннан бергі жылдардан бергі оның мемлекеттік тілді дамытуға арналған бірнеше кезеңдік іс-шараларын зерделеп, ой таразысына салсақ, қазіргі таңда Қазақстан қоғамының оны оқып-үйренуге деген ынтасы мен ықыласының біршама жақсарып, арта түскенін аңғарамыз. Себебі, қазақ тілі – еліміздің мемлекеттік тілі ғана емес, ел қоғамының білім алатын, ғылымды игеретін құралы, ең бастысы – қазақ ұлтының сан ғасырлар бойы жинаған рухани-мәдени мұраларының – ділі мен дінінің, әдебиеті мен өнерінің, сана-сезімінің, дүниетанымының жиын­тығы, барлық рухани құндылықтарының іргетасы әрі тірегі. Олай болса, оның қоғамдық сан салалы қызметін жан-жақты дамыта отырып, қолданылу аясын барынша кеңейту, оны дамытуға бағытталған іс-шараларды үнемі жүргізіп отыру – еліміздің өркениетті елдер қатарынан орын алуының кепілі.
Қай елдің болсын, саяси-экономикалық қатынастарының барлық саласы өзгеріп, дамыған сайын тілі де өзгеше сыр-сипатқа, мән-мазмұнға ие болып, сол қатынастарға сәйкес дамитыны табиғи заңдылық. Тілді ұлттан, ұлттық мәдениеттен, ұлт өмір сүріп отырған қоғамдық-әлеуметтік қатынастан бөліп қарау мүмкін емес. Ал, қоғамның күнделікті тұрмыс-тіршілігінде тілге деген сұраныс болмаса (жас ұрпаққа оқу-тәрбие ісі шетел тілінде жүргізілсе), әлеумет оны өз өмірінің өзегі (ана тілінде білім-ғылымды игермесе) етіп қолданбаса, тілдің өркен жаймасы анық. Тәуелсіздік алған кезеңнен бері тілімізді өркендету жолында қаншама маңызды қадамдар жасалды, бірақ, қолға алған көптеген іс-шараларымыздың ойға алғандай болып орындалмауынан, ол қоғамдық өмірдің бірталай салаларына терең ене алмай жатыр. Талай мәселе күні бүгінге дейін өз шешімін әлі таба қойған жоқ. Бұны – ұлтымыздың өткен ғасырларда басынан өткерген бодандық-тоталитарлық саясат пен солардың бүгінге дейін сақталып отырған зарарынан көріп жүрміз. Рас, сол заманда еліміздің мемлекеттік басқару орындарының тілі ғана орысша болып қойған жоқ, ЖЖО-ларда гуманитарлық ғылымдардан басқа ғылымдардың пәні де орысша оқытылатын. Қазақ жұртына ең қажетті жоғары білімді мамандар мен кәсіп иелері орысша дайындалатын. Нақты, жаратылыстану, техника, медицина секілді ғылымдардың әдебиеттері көпшілікке арналған шағын кітапша түрінде немесе мерзімді баспасөз беттерінде ғылыми-көпшілік мақала ретінде ғана басылатыны болмаса, қазақ тілінде зерттеліп жазылмайтын. Міне, содан тіліміздің қызмет ететін үлкен бір саласы әрі тілдің дамып жетілуінің негізгі бір бағыты болып саналатын ғылым тілі дамымай қалды. Сан алуан ғылым саласының терминдері ғана қазақшаланбай қалған жоқ, тілдің қоғамдық қызметінің бір саласы – ғылыми стиль бойынша сөз саптау, сөйлем құру, ғылыми ой-пікірді мәтін ретінде жүйелі жеткізу де өз дәрежесінде қалыптаспады. Соны тәуелсіздік алып, өз алдымызға дербес ел болсақ та, күні бүгінге дейін айқын сезініп отырмыз. Бұған Елбасының мына сөзі де нақты дәлел: «Ұлттық сана-сезім үшін этникалық мәдениет пен тілді қорғап дамытатын қоғамдық институттар жүйесіне арқа сүйеу мейлінше маңызды. Мұның, әсіресе, білім беру жүйесі мен бұқаралық ақпарат құралдарына қатысы бар. Біз білім беру жүйесінің «қазақ тілін қалыс қалдыру» ұстанымына құрылғанын көрдік, онда ең бір ділгір де мұқтаж кәсіптер мен мамандықтар бойынша қазақша білім ала алмайтын. Соның салдарынан ұлттың, әсіресе, қалаулы тобының тілді жан-жақты меңгеруге деген ынта-зейіні төмендеп кетті» (Тарих толқынында. А.: Жібек жолы, 2010 ж., 153-б). Демек, сол дәуірдің ұлттық ой-санамызға, тілімізге әкелген қасіретін ешқашан ұмытуға болмайды. Нақты ғылымдар мен жаратылыстану, техника мен медицина пәндерін ағылшынша оқыту – бұрынғы қателігімізді тағы да қайталауға апарады. Сондықтан да, жас ұрпаққа орыс, ағылшын және т.б. өзге ұлт тілдерін әлемдік білім-ғылымды игерудің құралы ретінде ғана оқытып-үйретіп, ұлт өркениетінің өзегі болып саналатын ұлттық тілде білім-тәрбие беруге баса мән беруіміз қажет. Сонда ғана, біз оның әлемдік жаһандануға төтеп бере алатын әлеуетін нығайта аламыз. Бұның өзі еліміздің әлемдік бәсекеге қабілетті елдер қатарына енуіне толық мүмкіндік берумен қатар ұлтымыздың рухани болашағына да жарқын жол ашады. Өйткені Дүниежүзілік сауда ұйымының, Еуропа қауіпсіздігі мен ынтымақтастығы ұйымының талаптарына сәйкес халықаралық қалып (стандарт) бойынша мемлекет дамуының негізгі тетіктерінің бірі – елдегі мемлекеттік тілдің толыққанды қызмет етуін қамтамасыз ету болып саналады. 

Бейбіт Исхан,
Абылай хан атындағы ҚазХҚжӘТУ, 
Қазақ филологиясы кафедрасының доценті, ф.ғ.к. 

Алдыңғы «
Келесі »