Бізге «революция» керек пе?

  • 21.05.2012
  • 437 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Әбдірашит Бәкірұлы,
философ

Арғы ғасырда Ф.Энгельс «Еуропаны елес кезіп жүр, ол – коммунизм елесі» деп жазған тұғын. Ол Еуропаның аумалы-төкпелі заманы еді. Бір данышпан сөз бар: «Тарих қайталанып отырады: алғашында − трагедия, кейінгісінде – фарс түрінде» − деген. Сол айтқандай, бірнеше революцияларға куә болып, бар зардабын бастан өткерген біздің елге ол «тарихты» қайталау, әрине, фарс болар еді. Алайда, ғаламдастыру мен нарық талаптары өмірімізге етенелей енген сайын, бай мен кедей арасы анықтала түсуде. Қалың жұртшылық соған алаңдаулы.
Қоғамды революциялық жағдайдың туындауының алғашқы белгілері саяси-әлеуметтік жағдайлармен байланысты. Оның басты көрінісі − ел арасында қорда­лана бастайтын, соңы ашық наразылық шараларына ұласатын толқулар десе болады. Адамдардың тұрмыс жағдайының қиындауы, әлеуметтік мәселелердің шие­ленісуі, қоғамда әділетсіздіктің жаппай орын алуы, коррупцияның шектен шығып кетуі − халықты түрлі саяси-әлеуметтік наразылық қозғалыстарға белсене қатысуға итермелей бастайды. Адамдар наразылық таныту арқылы қалайда бір жақсы өзгерістерге қол жеткізетініне үміттер артып, алаңдарға шығады. Осылайша, қоғамда билікке қарсы радикалды ойдың пайда болуы, шынында да, мемлекеттің өз дамуының фундаментальды мәселелерінде қиыншылыққа тап болғанын білдіріп қана қоймай, мемлекет басқару жүйесінің де тұйыққа тіреле баcтағанынан белгі береді: билік тарапынан ұсынылған даму стратегиясы қоғамның мақсат-мүддесінен алшақтай бастауы немесе оған сай болмай жатуы – ұлттық наразылықтардан көрініс табады.
Кейбір философтар «қоғам дамуында қозғалыс болмаса, ойлауда да қозғалыс болмайды. Қоғамдағы тоқырау – ойдың да тоқырауы» дегенді айтады. Жалпы, қоғамдық мәдениет тұрғысынан алғанда, бұл − солай. Алайда, «революциялық санаға» қатысты, бұл − қате пікір. Өйткені, қоғам тоқырау белдеуіне тап болғанда, қоғамдық сана тұйықтан шығар жолды «іздеуге» мәжбүр болады. Бұрындары саясатқа ден қоймайтын адамдардың өздері де ендігі жерде өздерінің болашағы үшін алаңдап, қоғамда «сен саясатпен айналыспасаң да, саясат сенімен айналысады» дегендей ахуал орнайды. Бұл − «революциялық сананың» бой көтеруіне тікелей ықпал етеуші басты себеп.
Егер, қоғамды және оның дамуын ішкі және сыртқы бөліктерден тұратын «жеке конструкциялар» деп алып қарайтын болсақ, онда бізді алаңдаушылыққа ұшыратып отырған қазіргі мәселелердің көбі дерлік «ішкі дамуға» қатысты екені байқалады. Сондықтан, даму туралы айтқанда біздің санамызда әлемдік мәселелер емес, ең алдымен ел ішіндегі әлеуметтік-экономикалық және саяси-мәдени мәселелер елес береді. Оған көңіл толмағанда не болады? Егерде өмір сүру деңгейі құлдырап, мемлекетте қарапайым адамға еш қайырымы жоқ, шын мәнісінде, азғана топтың мүддесін көздейтін жағдай орнаса, әрі, билік элитасы өздеріне арнап орнатқан ұжмақты сақтау үшін наразы қауымды қысымға алуды күшейте түссе − әр адамның ішкі жан-дүниесіндегі наразылық көңіл-күй артып, қоғам санасы «қой үстіне бозторғай жұмыртқалайтын» әділетті заманды аңсау қиялына ұласады. Осы тақылеттес революциялық сана күшейген сайын, бұрындары бытырап жүрген адамдар топ-топтарға бірігіп, күреске шығуға іштей әзір бола бастайды. Бір сөзбен айтқанда, күресуге бел буған азаматтарының шашырап жүрген басын өзгеру мен жаңаруға қабілетсіз билік біріктіреді!
Шынында да, қазір айтылып жүргендей «бір серке шығып, халықты кенеттен соңынан ілестіріп әкетіпті» дегеннің бәрі бос сөз. Себебі, наразылық акцияларының пайда болуы әлгі «серке» уағыздайтын қайдағы бір абстракциялық «жерұйық ел» туралы жалаң қиялдан пайда болмайды. Оның басты мотиві әркімнің өзінің және ұрпағының жарқын болашағы үшін алаңдаушылығында (қорқынышында) жатады. Кейде – инстинкті түрде! Яғни, әркім өз санасында болашақта өз өміріне және ұрпағына төнер қауіп пен қатерді ой елегінен өткізе келе ғана − осындай революциялық қадамдарға баруға белін бекем буа бастайды. Сондықтан, мұндай революциялық көңіл-күйдің артуын «оны біреулердің арнайы ойлап тауып адамдарды еліктіріп әкетуінен емес, жоғарыда аталған объективті жағдайлардың санамызда еркімізден тыс қалыптасуынан орын алады» деу қажет. Мәселен, біздің қазіргі билік жаппай өріс алып бара жатқан наразылықты белгілі бір көш бастаушылардың әрекеті туғызып отыр деп ойлайды. Содан кейін, билік ондай «серкелерге» қарсы репрессиялық шаралар мен қысымды күшейте түседі − «серкелерді тізгіндесек мәселе өзінен-өзі шешіледі» дейтін болса керек. Алайда бұл − өз-өзін алдау: біріншіден, бұл − биліктің қоғамды ұлттық мүдде тұрғы­сынан басқару деңгейіне көтеріле алмағандығының, ондай қағиданы қабылдамағандығының белгісі болса, екіншіден, бұл − қалыптасқан объективті жағдайды дұрыс бағалауға шарасыздық танытып отырғанының белгісі. Мысалы, қазір біз құрықталған бір «серкенің» орнына әлденеше «серкелердің» пайда болып жатқандығын байқаудамыз. Өйткені, бұқара халықтың шарасыз жағдайы осыған себеп болып жатса керек… Сондықтан, қоғамның мәдени дамуы туралы жоғары айтылған «қоғам тоқырауы – қоғамдық ойдың (мәдениеттің) тоқырауы» деген принцип жалпылама ой ғана. Ол пікір адамзат қоғамының дамуының жалпы заңдылықтары тұрғысынан дұрыс болып табылады. Ал, революция мәселесінде «ой (мәдениет) тоқырауы» маңыздылығын жоғалтады. Бітіспес күрес кезінде «мәдениет» өз уақытын күтіп, тасада тұрады! Әйтсе де, қоғамның мәдени деңгейі неғұрлым жоғары болған сайын күрес те соғұрлым қарқынды, ұйымшыл болатынын жоққа шығармаймыз. Керісінше, мәдениеті төмен қоғам ғана қарулы көтеріліске әлдеқайда бейім келеді. Ал, шындықты тура айтар болсақ, онда қазіргі дағдарысты ахуалды билік «мәдениетсіздігі» өмірге келтіргенін мойындау қажет. Соның арқасында «мәдениетсіз билік» өзі тектес «мәдениетсіз» әрі билік әрекетін болжай алмайтын сауатсыз қоғам құра отырып, өз қолымен «нағыз революционерлерді» тәрбиелеп шықты да!
Өкінішке орай, біздің тәуелсіз мемлекет билігі мынадай басты қателікке ұрынды: билік өздері асыра жамандап жүрген кеңес заманы тәуелсіз елімізге біршама мәдениетті, көзі ашық қоғамды табыстап кеткенін көре білмеді, сауатты халқы бар екенін ескермеді. Ең қиыны − осы потенциалға иық артпады десе болады. Алайда, бізге революция қажет пе? Әрине, жоқ. Бірақ, сол туралы ойланып көрейік. Ол үшін дәл қазіргі таңда бұқараны «ре­волюциялық» жағдайға итермелейтін жағ­дайларды талдап өту қажет.
Элитаның негативті факторға айнала бастауы
Біздің сөз қорымызға билік жүйесін­дегілерді «элита» деп атайтын халықаралық термин әбден сіңді. Бұрынғы «ел қорғаны» қалпындағы «элита» қазір келмеске кет­ті. Осы бағытта трансформацияланған элиталық топ, бір сөзбен − «билік» деп аталатын болды.Сөйтіп, қазақ ұлты да әлемдік көшпен ілесе өзінің «рыцарлық» (батырлық) дәуірімен қоштасты. Алайда, бұл – «қазіргі элита ұлт мүддесін қорғауға міндетті емес» деген сөз емес. Қазір «ұлт мүддесі» ұғымы «мемлекет», «азамат», «әлеумет» ұғымдарымен алмасты. Егер, ел қуаты «күшті мемлекет құру» принципі бойынша жүзеге асар болса, билік сатысындағы жұмылу «күшті мемлекет құруға аянбай қызмет ету» принципі негізінде жүзеге асады. Бұл принциптер бұқарамен, оның мемлекеттік билігінің мақсаттарын бір арнаға тоғыстырып, биліктің өзін ортақ мақсатқа жұмылдыруға қабілетті. Сонда, қоғамда «ұлттық өрлеуге» жол ашылады. Ал, халық «өз күнін өзі көрумен» шектеліп, билік «өз күйін күйттеумен» кетсе – қиыншылықтар көп ұзамай-ақ көріне бастайды. Жасыратыны жоқ, қазір бізде дәл осындай ахуал белең алып тұр. Ол аз болғандай, бұл алшақтық халық пен билік арасында ғана емес, биліктің өз ішінде де орын алып, ол ортада бөле тартушы кландық және олигархтық топтар өсіп-өніп шықты.
Қазіргі билік қоғамда маңызды реформалар қажет екендіктерін түсініп отырса да, оны өз үстемдігін және қалыптасқан жағдайды сақтай отыра іске асыруға ұмтылуда. Бұл басқару жүйесін тоқырауға ұшырататын, мемлекеттілігімізге қауіп төндіретін факторлардың біріне айналуы мүмкін. Себебі, реформалар жасауға бара отырып, оған кереғар жағдайды сақтауға ұмтылу − шын мәнісінде, өзгерістерді емес, оның алдамшы көрінісін білдіреді. Сондықтан, біздегі «өзгерістер» әртарапты биліктің жоғарыға «есеп берумен» тынуда. «Есеп берушілер» араға жалған деректерді жалғап жіберіп, отырған орнын сақтап қалса болды. Өзге шаруамен ісі жоқ. Оларға бәрінен де орынтағы ма­ңыз­дырақ! Ол аз болғандай, бұған қосылып мемлекеттік БАҚ, телеарналар өмірдің тек күнгей жағын суреттеуге үйреніп алды. Бейнебір 2-3 миллион «өз күнін көрушілер» жоқ сияқты. Бәріміз де бабалардың «ауруын жасырған өледі» деген дана сөзін ұмыттық. Сондықтан, жалған мәліметтер жалған (шындыққа сай емес), орындалуы екіталай күмәнді жобаларды өмірге келтіріп жатыр. Мысалы, Жаңаөзеннің оқиғасының орын алуының бірдін-бір себебі – жергілікті басқару құрылымдарының Елбасыға үнемі жалған ақпараттар беріп келуінің арқасында мүмкін болды. Ол туралы Елбасы Жаңаөзендегі жұртшылықпен кездесуінде қадап айтты, мәселеден хабарсыз болғанын өкінішпен жария етті. Билік жағдайдың осылай ушығарын неге алдын ала болжай алмаған? Себебі, отырған тағы үшін олар өзінің өтірігін қорғауға, шындықты жасыруға мәжбүр. Осылай, бір-бірімен байланысты шатасқан дүние…
Жалған ақпараттарды алға тартушы бұрынғы әкімдерінің қазіргі жағдайлары не болды? Түрмеде отыр! Яғни, ешбір жауапкершілік жоқ жерде бұндай көзбояушылық «құрғақ шөпке тиген оттай» қаулайды. Соңы осылай аяқталады. Ал, әкімдер, билік құрылымдары не себептен өтірік айтуға машықтанып алды? Себебі, қазір билікке араласу (элитаға ену) әркім үшін нағыз дивидент − «билік болса, байлық болады». Жеке бастың күйін күйттеген заманда басқаша болуы мүмкін емес…
Біздегі басқару жүйесін қалыптастыру − оған барған адамдардың біліктілігі мен отаншылдығына қарап бағалануы керек. Соған қарамай, кей жағдайда кадрлар туыстық, сыбайластыққа негізделген ко­мандалық тәсілдермен жасақталады. Ондайда кадр өз ақшасын өтеу үшін жұмыс істейді де, мемлекетшілдік рухы тұрмақ басыбайлы еместігінің өзі күмәнді болып шығады. Ондай кадр өз бетінше шешім қабылдауға немесе мемлекет пен ұлттық мүддеге кереғар қадамдарға, мемлекеттілікті іштен ірітіп жатқан жем­қорлыққа қарсы тұруға еш қауқарсыз. Ол жәй ғана робот, дегенмен, күндіз-түні қуатын қалпында ұстайтын өз қалтасын толтырып отыруға маманданған ерекше робот!
Міне, осы жағдайды түбегейлі өзгерту үшін бізге міндетті түрде революция жасау қажет пе? Жоқ. Себебі, бұл жағдайды ешбір төңкеріссіз-ақ, қазіргі биліктің әлеуетімен жүзеге асыруға болады. Яғни, бұл мәселені біз қарудың емес, адами факторлардың күшімен шеше аламыз. Бұл – бір.
Коррупция шырмаған жүйедегі қоғам мен бизнестің билікке деген сенімсіздігі
Қоғам дамуының маңызды факторларының бірі − тұрақтылық. Оның үстемділік етуінің жалғыз ғана шарты бар, ол – қоғам қабылдаған заңдардың (қоғамдық келісімнің) салтанат құруы. Біз осы уақытқа дейін тұрақтылықтың экономикалық негіздеріне ғана назар аударумен келеміз. Билік өз жоспарын неғұрлым көп жұмыс орнын ашсақ – жағдай тұрақталады деп ойлайды. Алайда, «жұмыс орны» өздігінен тұрақтылыққа жеткізбейді. Мәселен, басқа өңірлерге қарағанда жалақысы жоғары мұнайлы өңірдегі тұрақсыздық не себептен пайда болды? Ол сондағы кәсіпорындарда жұмысшылар құқығы бұзылуының, елі­міздің заңдары аяқасты етілуінің ар­қасында туындады. Сондықтан, заңдарды өз ыңғайына қарай жасап, тіптен, сол заңды орындауға құлықсыздық танытқан жерде өзара сенімсіздік пайда болады. Егер, қоғам санасын осындай сенімсіздік жаулап алса, онда ол жерде «революция елесі» кезіп жүр деп сеніммен айтуға болады. Себебі, коррупциялық жүйе кез келген жоспарды алдын-ала быт-шыт ете алады. Мәселен, коррупция мемлекеттік бюджеттен бөлінген немесе мемлекет меншігіндегі қазба байлықтан түсетін қаржыны ұлттық мақсатқа қызмет етуден ала қашып, әлемнің түкпір-түпкіріне тығуға жол ашады. Осылайша, алдын ала жария етілген, қоғам болып үміттенген жобалар аяқсыз қала береді. Сондай жо­­балардың бірқатары индустриялық-инновациялық серпінді даму, «жол картасы» атты бағдарламаларға да еніп алған. Оларды «мақсатсыз жобалар» деп атаса болар еді. Өйткені, елімізде аталған жоба­лардың көбі дерлік «ұлттық мүдде» принципімен үндес емес. Жұрт «жаңа өндіріс» дегенді мемлекетшілдік идеясымен байланыстыра алмайды. Олар оны, әрі кетсе, жеке бір олигархтың жобасы ретінде қабылдайды. Пайдасын сол ғана көреді деп санайды. Коррупция өршіген ортада басқаша ойлау да мүмкін емес. Алайда, ол жобалардың 50 пайызы мемлекеттікі екені, пайданың соған сай үлесі де халық игілігіне жұмсалатыны туралы ашып айтылмайды. Оның да себебі бар. Өйткені, бізде мемлекет мүддесі, шынында да, жеке мүддеден (байлықтан) кейінгі екінші орында тұр. Яғни, бұл «өндіріс іске қосылған жағдайдың өзінде, ол, алдымен, жеке капитал үшін жұмыс жасайды» дегенге меңзейді. Осы қателіктерді көре білген қоғамдық сана кейінгі кездері стратегиялық байлық көздерін «ұлттық меншікке қайтару» мәселесін көтере бастады. Қазір, бұл талаптардың дұрыс екендігіне биліктің де көзі жетіп келеді. Оның алғашқы қадамдары да жасалуда. Алайда жоғарыда айтылған кланаралық тартыс пен «жеке мүдде» тұрғанда, оның іске асуы екіталай. Мұндай экономикалық ахуал да «революция тамызығы» саналады. Тамызық болғанда – қандай тамызық дерсің! Дегенмен, осы мәселені де шешу үшін бізге революция міндетті түрде қажет пе? Жоқ. Өйткені, егер билік өз халқына сүйеніп, ашықтық түрде жұмыс жасап, байлық иелерінің иемдену құқын мемлекет заңдарына «сәйкестендіруді» қолға алса, кадрларын ұлт мүддесі мақсатына жұмылдырса, байлықты жасаушы еңбек­керлерді дәріптей алса, онда бұл мәселені де өркениетті жолдармен шешуге әбден болады. Қаншама коррупцияланып кетті десек те, қазіргі билік үшін бұл «есік» тарс жабылған жоқ. Әлі де қолда тетік бар. Мысалы, кезінде мемлекеттік билікті орталықтандыру үшін аянбай тер төккен, қаталдық танытар жерде танытқан Путин қазір қалай өзгерді? Неге? Мен оны асыра мақтамай-ақ қояйын, әйтсе де, оның алғашқы президенттік кезінде жүргізген «орталықтандыру» саясаты Ресей мемлекетінің «ұлыдержавалық» мүддесімен үндес болды. Ол сол мүддеге қызмет етті, сондай саясатты ұстанды. Ал, қазір жағдай мүлдем өзгеріп, қоғам тарапынан биліктен «жұмсақтық» талап ету күшейді. Осыны көре білген Путин еш қиналмастан 180 градусқа өзгере салды. Оны «принциптен ауытқу» деп бағалауға бола ма? Олай дей алмайтын шығармыз. Себебі, қазіргі жағдайдағы «жұмсару» да, сол баяғы − «ұлыдержавалық» мақсатқа сай келіп тұрса − неге өзгермеске?! Оның жеке принциптерінен «мемлекетті ұлы державаға қалайда айналдыру» принципі жоғары тұрса, «ұлтжанды» президент Путин мұндай «жаңарудан» ешқайда қаша қоймас. Мәселен, авторитарлық сипатына қарамастан Путин өз билік еткен жылдары елінің қазба байлықтан түсетін пайдасын 80 есеге арттыра алды. Яғни, бюджет қаржысын соншалықты есеге көтерді. Сол сияқты, қазіргі біздің билікте де «халық талабына» қарай түбегейлі бет бұруға мүмкіндік бар. Оған кедергі болатындай оны ешкім қолынан ұстап тұрған жоқ. Ол үшін тек биліктің өзінің жігері қажет. Турасын айтсақ: қазіргі кез коррупция мен ұлттық мүдденің нағыз ұстасар тұсы. Қайсысы жеңетіні, халықтың өзіне деген сенімін қалай қайтаратыны, іс жүзіндегі тұрақтылықты қалай орнататыны − енді биліктің өзіне ғана байланысты… Мұны түзеу үшін де қоғам «революция жасайық!» деп құлшынып тұрған жоқ. Оның билікке «коррупциялық қатер» туралы үнемі ескеріп келе жатқаны осының белгісі емес пе? Тек биліктің өзінің бұған құлақ асар түрі көрінбейді…
«Өз күнін өзі көруден» − шағын және орта кәсіпкерлікке қарай бұрылу
Қазіргі таңда қоғам дамуының бар мағынасы адамзаттың ақыл-ойы мен оның мыңдаған жылдар бойы жинаған «қауымдасып өмір сүру» тәжірибесін ізгілікті жолға қарай қалай бұра алуына келіп, тіреліп тұр: біз әр басқан қадамымызды ойланып жасауымыз керек. Сол себептен, қандай мәселе болмасын, ол саналы-өркениетті түрге қарай көшуге бейім болуы тиіс. Болмаса басқа күш қолдану немесе астыртын жазалау, бопсалау әрекеттердің барлығы бассыздыққа жетелеп, ушыққан жағдайда қантөгіске апарады. Егер, тереңінен ойлар болсақ, онда қоғамның әрбір даму кезеңін мемлекет азаматтарының ішкі жан-дүниесін, рухын болашаққа дайындау деп ұғу қажет. Бір ұрпақты одан да қарымды екінші ұрпақпен алмастырудың табиғи шарттарын қалыптастыру деп білу қажет. Әрине, сапырылысқан тіршілік жағдайында қарапайым халық бұл процеске қандай қатысы бар екенін анықтай алмауы да мүмкін. Сондықтан, ондай сұрақ туғанда, оған әркім әрқилы баға береді, сонымен қатар, процесті де әрқалай қабылдайды. Алайда, қазір, бізді бұл мәселе қызықтырмайды. Бізді қызықтыратыны «революцияны аңсау» ахуалын қалай тудырмаудың амалы.
Соның бірі − қоғамдағы «өз күнін өзі көрушілерді» «жою»! Өйткені бұл мағынадағы «жою» сөзі «құрту» деген­ді білдірмейді. Себебі, алыс-жақын маңайдағы өркениетті елдердің ешқайсысы да өз азаматтары туралы ешқашан «өз күнін өзі көріп жатыр» деп айтпайды. Олай деп айту мемлекетке, оны басқарып отырған билікке, жетекші партияға ауыр сын. Керісінше, өркениетті мемлекеттер мұны «мемлекет пен халықтың екі тарапқа бөлініп кетуінің көрінісі» деп санап, «өз күнін өзі көрушіні» тез арада «мемлекет қуатын еселеуші күшке» айналдыруға әрекет етеді. Ал, ол әрекет алдымен шағын және орта бизнестің өркендеуіне мейлінше ықпал етуден басталады. Жуырда баспасөзде ғылым мәселесі талқыланды. Сондағы деректер бойынша, елімізде өнертапқыштар ойлап тапқан жаңалықтардың тек 1 пайызға жуығы ғана өндіріске жолдама алады екен. Осы дерек мені ойға қалдырды, яғни, шикізат өндірісіне сүйенген қоғамда ғылымға сұраныс құлдырайтыны расталды. Иә, қазір қазба байлықты игерушілер – шетелдіктер. Олар біздің жерімізде өздерінің небір «ғылыми жетістіктерін» сынақтан өткізіп, жетілдіріп жатыр. Таби­ғатымыз, қазба байлықты өндіру экологиясы − олар үшін аса маңызды емес. Ал, қазақстандықтар болса өз жаңалықтарын қайда өткізерін де білмейді. Оған, тіптен, сұраныс та жоқ. Біздің жаңалықтарды шет елдік корпорациялар неғылсын, өйткені, ол олардың мүддесіне сай емес. Мәселен, аса ірі әлемдік компаниялар еліміздің шикізат саласына ене отырып, Қазақстанға өзге саланы дамытушы бір де бір технология ұсынған емес. Ал, олардың шарт талабын орындамауы, белгіленген квотаны бұза-мұза жұмысшылар мен барлық деңгейдегі қызметкерлерді, аспаздар мен еден жуушыларды өздерімен бірге ала келуі − олардың «технологиялық қорғаныс шарасы» болса керек. Бұл – ешқандай қорғаныс шарасы емес! Бұл – еліміздің коррупцияланған әлсіз, бірақ, ақша көрсе жолдан таятын кейбір билік басындағыларға шекеден қа­рау, мұқату, қорлау! Ендеше, біз қаншама талап еткенімен жағдай өзгермейді. Олай болса, біз қазір халқымыздың іскерлік қабілеті қалай жоғалып бара жатқанын үнсіз ғана бақылап отырмауымыз керек. Егер, билік өз халқына арқа сүйей әрекет етпесе, онда ұшан-теңіз қазба бай­лығымызды өзіміз игере алмайтынымыз анық. Сондықтан, мемлекетке, ең алдымен, өзінің ұлттық бизнесіне арқа сүйеп, шет ел капиталына тәуелділіктен арылмаса болмайды. Ол үшін шағын және орта бизнесті дамытуға мейлінше жағдай жасау қажет: оны 4-5 жыл салықтан босату, банкі қызметін оған бұру, шенеунік атаулыны кәсіпкер маңына жолатпау, кәсіпкердің еркімен есеп беру дәстүрін қалыптастыру және т.с.с. шараларды шұғыл бастау қажет. Ондай еркіндік алған кәсіпкерлік институты интеллектуалды тұрғыдан шыңдалады, мемлекет әкеле алмаған небір технологияны арқасына салып, сүйреп әкеледі. Және де кәсіпкерлікті өз жағдайына бейімдеп, жетілдіреді де! Шағын және орта кәсіпкерліктің берік іргетасы қаланса ғана, ғылымға, жаңалыққа деген сұраныс артады, интеллектуалды еңбек лайықты бағасын алады. Ең бастысы, елімізде орта тап қалыптасар еді. Ондай жағдайда «басы алтын» не «қолы алтын» адамға баға болмайды, өйткені, оның өзі алтынға айналады! Біз, осылай, бұрыннан келе жатқан «ұрпақтар арасындағы кәсіби сабақтастықты» да қалпына келтіре алар едік. Ол, өз кезегінде адам капиталы сапасының артуына әкеледі. Сөйтіп, қар­қынды өсу үстіндегі алыс-жақын на­рықтың толыққанды субъектісіне айналар едік. Мұнда – басты мақсат адам екендігі маңызды. Сонда, қазіргі «өз күнін көрушілер», ал, шын мәнісіндегі − көгеріп-көктей алмай жатқан болашақ «революционерлер», көп ұзамай-ақ «антиреволюционерлерге» айналып шыға келер еді! Себебі, тіркелген тұрақты кәсіп пен табыс көзін жанын сала қорғау адам табиғатында бар нәрсе. Өйткені, адамның өмірін қам­тамасыз ететін кәсіп, меншік дүние, білікті білім, жақсы денсаулық. Осының бәрі адам өмірінің тұрақтылығының бірден-бір кепілі. Ал, қазіргі, «өз бетімен» жүргендер, «өз бетімен» деп таңылған аты болмаса − кім көрінгенге қолжаулық. Өндіріс ашып, тауар өндірсе – жұтқыншағы жыбырлаған «тексергіштер» көп: бермесе − жауып тастайды, берсе – бәсекеге шыдамай өзі-ақ жабылады. Амалсыз саудаға барады, алайда, ол жақта да оңып тұрған ештеңе жоқ… Бұл жағдайдан ешқандай тұрақтылық көрмейміз. Ендеше, осындай жағдайдан арылу үшін де бізге «революция» қажет пе? Тағы да, жоқ. Өйткені мұны да қазіргі билік жүзеге асыра алады, мұны да жасауға қолды ешкім байлап отырған жоқ.
Мемлекет басқару немесе билік мәдениеті туралы
Революциялық идеяға қатысы бар мәселенің бірі – мемлекет басқару өнері, яғни, мемлекет қызметкерлерінің мә­дениеті. Мысалы, спортшының бар шеберлігі төрт жылда бір рет өтетін олимпиада ойындарында жарқырайтыны сияқты, мемлекет басқару ісінде де, билік мәдениеті бес жылда бір өтетін сайлау­да «жарқырайды». Мәселе биліктің ха­лықтың өзіне ғана берілетін таңдау құ­­қын аяқасты етуінде емес, мәселе оның сайлау процесіне араласуға еш құ­қы болмаса да, сайлауды өздерінің «іске татырлық» қабілетін бір көрсетіп қалу құралына айналдырып жіберетіндіктерінде болып отыр. Сайлауалды шараларға зер салсаңыздар, биліктің мәдениеті туралы өте көп мағлұмат алауға болады. Ал, шын­­дығында, «мәдениетті» билікке ха­лықты «бетімен жіберу» қалай қажет болмаса, халықтың талабы мен заңды құқын аяқасты ету де соншалықты қажет емес. Бізде, қазіргі «билік мәдениетінің» жар­қырап көрінер тағы бір тұсы – оппозиция дейтін «мазасыз шыбындардың» ызыңдаған митингілері болып тұр. Міне, бұл митингілер биліктің өзін көрсететін, халқы ұмытыңқырап қалса дереу еске түсіретін нағыз колондайк, тың жер! Әсі­ресе, ол «рұқсат етілмеген» болса, шір­кін. Өйткені, өз ойларын айтуға шыққандарға сес көрсете тұру – билік «мәдениетінің» жалғасы іспетіне айналды. Бұл дұрыс па? Жөн дейін десек, «Жаратушының бір аты халық» деген асыл сөзі еске түседі. Ал, ақылды, мәдениетті билік те оны жадында ұстаса ­− митингілерде талай шындықтың беті ашылып, өздерін нағыз аяқтан шалушыларды табар еді. Яғни, ондай митингілер биліктің «таптырмайтын олжасына» айналар еді.
Егер, бәріміздің мақсатымыз «мем­лекетті нығайту, ондағы өмір сүріп жатқан азаматтардың барлығының лауазым-шеніне қарамай, түгеліне «мәртебелі өмірді қамтамасыз ету» болса, онда дәл сол митингіде айтылып жатқандарды жіп­ке тізіп, қағазға қаттап, сондай бақытты өмірді құруға мейлінше кесірін тигізуші талай құбылыстар мен қорқауларды тізгіндеуге қиналмай қол жеткізуге болар еді ғой! Ендеше, ондай «рұқсатсыз» митингілер «небір жобаларды жөнге салып, елдің қуаты артуына, талай қар­жының босқа ысырап болмауына, немесе, біреулердің құлқынына құйылып кетпеуіне тосқауыл қызметін атқарар еді» деп санау қажет. Осы бағытты ұстансақ, қазіргі қымбатшылықтың бетімен кетуін де алдын ала ноқталау мүмкін. Ал, әлеу­меттік жағдай болса, соншалықты ауыр «майданға» айналып кетпейді.
Ондай митингілерге жиналатын «оппозиция» деп аталатын халайық немесе заңды құқықтарын талап етіп, билік ғима­раттарының алдында заңсыздықтың қай тесіктен шығып жатқанына «белгі беруші» наразышыл топтар «жау» емес, нағыз кө­мекші емес пе? Біле-білсек, тіптен, ке­­ңестік заманның өзінде талай марқасқа «Ара-Шмель» деген журналдың назарына ілігіп қалып, соңынан «Аяз биім, әліңді білгенің жөн екен» деп, ел-жұртының ортасына оралып жатушы еді ғой. Бүгінде сол ғұрлы бола алмай қалғанымыз қалай? Құдайға шүкір, Отанға қызмет етем дегенге кәсіпкер болуға, ел байлығын еселеуге, баюға жол ашық! Ондай мүмкіншілік, қаншалықты кедергілер болса да, бар, әйтеуір. Бүгіндері халық митинглеуге жиі шығып жатыр. Шыққанымен, сұстана қоршаған полиция мен әскерге сескене, үрке қарайды. Жаңаөзен оқиғасынан кейін үрку одан бетер артты. Халық билік­тің әскерін қалайша «менің полициям» деп құрмет тұтса, биліктің де өз тарапынан «менің оппозициям» деп құшақ жаяр кезі әлдеқашан келді емес пе? Тіптен, ондай акцияларға депутаттардың көптеп қатысуы міндетті де! Қоғамның қордаланған мәселелерін сол жерде білер еді, олар. Мемлекет пен халық, билік пен қоғам арасындағы «алтын көпір» міндетін атқармаған депутат − депутат па, мәжіліс − мәжіліс пе! Мәслихат туралы айтпаса да болады. Өз күйін күйттеген депутат қалайша «Мені халық сайлады» деп айта алады? Мұндай өзара түсіністік ешбір дүние-байлыққа айырбасталмауы тиіс. Ол мүмкін емес! Сауда-саттық жүрген жерде қандай ымыра болушы еді? Ал, билік пен халық арақатынасы − халықпен бірге мәңгі жасайтын мәңгілік құндылықтар. Халық жойылса – ол да жойылады. Осы қағиданы үнемі жадыда ұстау, оны қастерлей білу –билік атаулының сый-құрметке ие болуының, тарихта лайықты бағасын алуының, болашаққа үлгі болатындай мәңгілік із қалдыруының бірден-бір шарты! Міне, бұл, енді, шынайы мәдениетті биліктің нағыз таусылмас капиталы!
Сөз соңында: «Егер, біздің билік осы­ны түсінген болса, бүкілхалықтық шараларды жедел қолға алса, ашықтық пен жариялылықты ұстанса – бұл биліктен мәдениетті билік жоқ әлемде!» − дер едім. Шыным сол! Сонымен, «Революция бізге қажет пе, әлде қажет емес пе?». Әрине, тағы да қайталап айтамыз, қажет емес. Оны болдырмайтын оң жол мен іс-әрекеттер көп. Тек, солардың көзін таба білуіміз керек-ақ.

Алдыңғы «
Келесі »