БҰҰ – саяси пікірталастар мен салиқалы тұжырымдар ұсынудың теңдессіз алаңы

  • 30.11.2015
  • 208 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Қасым-Жомарт Тоқаев,
Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Төрағасы

Қазіргі заманның ең өзекті мәселелері бойынша келіссөздер мен пікірталастар жүргізіп, салмақты тұжырымдар ұсынудың әмбебап және теңдессіз алаңы ретінде бейбітшілікті, қауіпсіздікті және тұрақтылықты сақтау ісіне айрықша үлес қосып келе жатқан Біріккен Ұлттар Ұйымының құрылғанына 70 жыл. 


Бұл – тарихи оқиға, өйткені БҰҰ – күллі халықтардың ортақ ұйымы. БҰҰ-ның арқасында Қазақстан бүкіл дүниежүзінде егеменді ел ретінде мойындалды. Барша адамзатқа ортақ өзекті мәселелермен айналысып, жаһандық сын-қатерлерге қарсы тиімді ұжымдық жауаптар әзірлей алатын БҰҰ-ның осынау мерейлі  кезеңінде өткенді өлшемдеп, келешекті межелеудің мәні ерекше болмақ.
Кезінде белгілі британдық дипломат Уркварт «БҰҰ – ХХ ғасырдағы адамзат бала­сының ең үздік өнертабысы болып табылады» деп айтқан еді. Мен бұл сөзбен то­лық келісемін. БҰҰ – бұл бірегей, баламасы жоқ ұйым.     
БҰҰ қалай      құрылды, Ұйым Жарғысы­ның мәтіні бойынша қандай таластар мен келіссөздер болды, Кеңес одағы, Америка Құрама Штаттары мен Ұлыбритания БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің құрамы және оның қағидаттары жөніндегі шешімді қалай қа­был­дады, тұтастай алғанда, ұйымның атауы қалай пайда болды – міне, осының барлығы тарих еншісі әрі  өткен күндерден сабақ, кемел келешекке бағдар болатын үлкен жол. Екінші Дүниежүзілік соғыстан кейін құрылған БҰҰ жаңа әлемдік тәртіпті, Ялта жүйесін қалыптастыруға айрықша ықпал етті. Қырғи-қабақ соғысқа қарамастан, бұл жүйе жаһандық тепе-теңдікті сақтап, жаңа әлемдік соғысқа жол берген жоқ. Қазіргі әлем тәртібі, әрине, кемеліне жеткен жоқ, дүниежүзін қарама-қайшылықтар, сын-қатерлер мен түйіні шешілмеген мәселелер жайлаған. Алайда, БҰҰ болмаса, жаһандағы жағдай әлдеқайда мүшкіл, адамзаттың өмірі мен амандығы үшін әлемде анағұрлым қауіптірек болатыны даусыз. Халықаралық жанжалдарды рет­теу, қарулануды бақылау, ядролық қаруды таратуға жол бермеу, жаһандық климаттың өзгеруіне, қоршаған ортаның ластануына, кедейшілікпен және індет­термен күреске, киберқылмысқа, есірткі тасымалына және адамдар саудасына қарсы әрекет ету мәселелері – БҰҰ-ның күн тәртібінде. Бұл мәселелерді БҰҰ-ның күшінсіз шешу мүмкін емес, себебі бұл жерде ауқымды халықаралық іс-қимылдар қажет.  
БҰҰ-ның іргесі қаланған сәтте (1945 жылы) 51 ғана мүше-мемлекет болса, бү­гінде олардың саны 193-ке жетті. Бұл БҰҰ-ның беделі мен ықпалының ұдайы артып отырғанын көрсетеді. Қазақстан 1992 жылы 2 наурызда БҰҰ-ға 168-ші мемлекет болып қосылып, халықаралық құқықтың толық құқықты мүшесіне айналды.     
БҰҰ-ның құрамына экономикалық әлеуеті мен саяси сипаты жағынан әркелкі мемлекеттер кіреді. Алып және шағын, бай және кедей елдер, демократиялар мен монархиялар, теократиялық және зайырлы жүйелер, халық тығыз орналасқан және халқы аз елдер бар. Мемлекеттердің даму деңгейін  теңестіру БҰҰ-ның негізгі міндеті болмаса да, кедейшілік жайлаған, қанды соғыстар мен қақтығыстар жүріп жатқан халі мүшкіл елдер әлемдік ұйымның саяси, экономикалық, техникалық және гу­манитарлық көмегіне сенім арта алады. Көптеген дамушы мемлекеттер осындай көмекке мұқтаж. Ұлыбританияның Халықаралық даму министрлігінің мәлі­метіне сәйкес жер шарының ең кедей бөлігі қақтығыстар орын алған мемлекеттерде тұрады. Дүниежүзілік банкінің мәліметтері бойынша кіріс деңгейі төмен, жағдайы тұрақсыз немесе дау-жан­жал­дарды басынан өткеріп жатқан бір­де-бір мемлекет БҰҰ-ның 2000 жылы адам­заттың стратегиялық міндеті ретінде жа­риялаған «Мыңжылдық дамудың еш­бір мақсатына қол жеткізе алмаған».      
БҰҰ барша адамзатқа ортақ өзекті мәсе­лелермен айналысады, Ұйымның Жарғысы негізінде оны шешу жолдарын ұсынады. Бұл – БҰҰ-ның бірегейлігі.      
Халықаралық құқыққа арқау болған Ұйым­ның Жарғысында дүниежүзілік ұйым­ның басты мақсаттары көрсетіледі. Олар – халықаралық бейбітшілік пен қауіп­сіздікті сақтау, басқыншылық әрекет­терін жою, халықаралық жанжалдарды бейбіт жолмен шешу, халықтардың өзара тең­дігі мен өзін өзі билеу қағидаттарын құрметтеу негізінде ұлттар арасындағы достық қатынастарды дамыту, кең ауқымды халықаралық ынтымақтастықты жүзеге асыру, адам құқықтарын және оның негіз­гі еркіндіктерін қорғау. Сонымен қатар, БҰҰ-ның Жарғысында бірқатар халық­аралық оқиғалар мен жанжалдарды тү­сін­діруде қарама-қайшы пікірлер тудыратын ережелер де жоқ емес. Ең алдымен, бұл мемлекеттердің аумақтық тұтастығы мен ұлттардың өзін-өзі билеу құқығына байланысты. Ұлттардың өзін-өзі билеу құқығына сәйкес Азиядағы, Африкадағы, Латын Америкасындағы отар елдер және КСРО-ның бұрынғы одақтас республикалары тәуелсіздік алды, соңғы жыл­дары ғана Шығыс Тимор мен Оңтүстік Судан БҰҰ-ның мүшесі атанды. Алайда, өзінің тәуелсіздігін жариялап, жүзден астам мемлекет мойындаған Косово сол күйі БҰҰ-ның мүшелігіне өткен жоқ, соған сәйкес халықаралық құқықтың толық құқықты мүшесі атанбады. Өйткені, Қауіпсіздік Ке­ңе­сінің екі тұрақты мүшесі – Ресей мен Қытай, сондай-ақ өзге де бірқатар елдер, солардың қатарында Қазақстан да оны мемлекет деп мойындаған жоқ. Сонымен бірге, Қазақстан Абхазия мен Оңтүстік Осетияның егемендігін де мойындамағанын назарға алу қажет, себебі, біз мемлекеттің аумақтық тұ­тас­тығы қағидатының үстемдігін жақ­тай­мыз.   
1992 жылы Қазақстан алғаш рет әлем­нің бас мінберіне көтерілді. БҰҰ Бас Ассам­блеясының 47-ші сессиясында сөз сөйлеген Президентіміз Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңесті шақыру туралы ұсыныс жасады. Азиядағы ұжымдық қауіпсіздіктің негізін салу туралы идеяны 70-жылдардың басында Кеңес басшысы Л. Брежнев Нью-Делиге сапарында ұсынғанын атап көрсету маңызды. Бірақ, сол кезде КСРО-ның бастамасы Қытай мен АҚШ-тың   қарсылығына байланыс­ты аяқсыз қалған еді. Ал, Президент Н. На­зар­баевтың бастамасы барша Азия мем­лекеттері тарапынан қолдау тапты. Неліктен бұлай болды? Біріншіден, азиялық қауіп­сіздікті нығайту туралы ұсынысты жаһандық көш­­басшылыққа ұмтылмайтын жас мем­­ле­­кеттің беделді басшысы жасады. Екін­шіден, Қазақстан сол кезде-ақ алдын ала шарттар мен ескертпелерсіз ядро­лық мемлекет мәртебесінен бас тартып, Ядро­лық қаруды таратпау жөніндегі Шарт­қа қосылды, ал, Президентіміз Кеңес уақы­тында өз жарлығымен Семей ядролық полигонын жапқан болатын, бұл әлемдік тәжірибедегі ең алғашқы және соңғы жағдай болып табылады. Үшіншіден, бастаманы Орталық Азия аймағында маңызды рөлге ие, өзінің халықаралық міндеттемелеріне жауапкершілікпен қарайтын мемлекет ұсын­ды. Төртіншіден, бастама БҰҰ тарапы­нан қолдау тапты.      
10 жылға созылған қарқынды дипло­матиялық жұмыстың нәтижесінде 2002 жылы Алматыда Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесінің Бірінші саммиті  өтті. Бастама қызу қолдау тауып, 2014 жылы Бейжіңдегі Төртінші саммиттен кейін Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесі  3,5 миллиард халқы бар және Азия құрлығының 90 пайызын алып жатқан 26 азиялық мемлекеттің басын біріктірді. Біздің Президентіміз Н.Назарбаевтың бас­­тамасы бүгінде халықаралық өмірдің айтарлықтай, мойындалған беделді факторына айналды. Әлем қауымдастығы Қа­зақ­станды ядролық қаруды таратпаудың көшбасшысы ретінде таниды. Бұл Мемлекет басшысының зор еңбегі екені даусыз. Жер шарындағы зымырандық-ядролық қуа­тының әлеуеті бойынша төртінші орынға ие, яғни, 1216 оқтұмсыққа татитын қуаты бар, Ұлыбритания, Франция, Қытай сияқты елдерді артта қалдырса да, Қазақстан өз еркімен мұндай мәртебеден бас тартып, Ядролық қару таратпау туралы шартқа қосылды. 
1996 жылы Сыртқы істер министрі болып тұрған кезімде Президенттің тапсырмасымен БҰҰ-да Ядролық сынақтарға жаппай тыйым салу Шартына, 2005 жылы Семейде Орталық Азияда ядролық қарудан азат аймақ құру туралы шартқа қол қойдым. Бұл іс-шараларды БҰҰ жоғары бағалады.  2009 жылы БҰҰ-ның Бас ассамблеясы Қазақстанның бастамасы бойынша Семей полигонының жабылу күні – 29 тамызды Ха­лық­аралық ядролық сынақтарға қарсы іс-әрекеттер күні деп жариялау туралы қарар қабылдады.  
Елбасының Әлемдік және дәстүрлі дін лидерлерінің съезін шақыру туралы бастамасы – әлемді бейбітшілік пен діни төзімділікке үндеген теңдессіз шешім. Діни экстремизмнің күрт ушығуына байланысты бұл форумды өткізудің маңызы ерекше. Осы жылы Астанада V Съездің жұмысы табысты өтті, мұнда бүгінгі күннің аса өзекті мәселелері жөнінде салмақты пікірталастар жүргізіліп, күр­делі ахуалды реттеу бойынша ұсы­нымдар айтылды. Форумға алғаш рет БҰҰ-ның Бас хатшысы қатысты.  Сонымен қатар, Орталық Азияда алдын алу дипломатиясы жөнінде аймақтық орталық құру; Орталық Азия экономикалары үшін БҰҰ-ның арнайы бағдарламасын әзір­леу (СПЕКА); БҰҰ-ның қолдауымен «Қаз­бат» қазақстандық батальонының қа­ты­­суымен аймақтық бітімгерлік күш­терін құру, МАГАТЭ-нің қолдауымен Аз байытылған уран банкін құру, БҰҰ Бас Ассамблеясының әлем мәдениеттерінің жа­қындасуының 10 жылдығын жария етуі  сияқты қазақстандық бастамалардың ой­да­ғыдай іске асырылғанын атап көрсету қажет. Бүгінде күллі әлем Қазақстанды зор беделі бар және әлем қауымдастығына айтарлықтай ықпал ете алатын мемлекет, бейбіт өмір мен қауіпсіздік мәселелерін қолдайтын, халықаралық міндеттемелерді бұлжытпай орындайтын ел ретінде мойын­­дайды. Сондықтан, Қазақстан БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің 2017-2018 жылдарға арналған тұрақты емес мүшелігіне өз кандидатурасын ұсынды. Қазақстанның Қауіп­сіздік кеңесіне сайлануы халықаралық қауым­дастықтың назарын лаңкестік және есірткі тасымалы, энергетика және азық-түлік қауіпсіздігі, су-қуат көздерінің тап­шылығы, діни экстремизм және адам саудасы сияқты аймақ мәселелеріне аударуға мүмкіндік берер еді.   
БҰҰ-ның 70 жылдық ғұмырында әлем айтарлықтай өзгерді: ондаған жа­ңа мемлекеттер пайда болды, адамзат ғылыми-техникалық ілгерілеуге қол жеткізді. Сондай-ақ, соғыс, жұмыс­сыз­дық, аштық, індет, кедейшілік және тең­сіздік сияқты ескі түйткілдер де толық шешімін тапқан жоқ. Соғыстан кейінгі қақтығыстар барысында 100 миллионға дейін адам қаза тапқан, мерт болған бір жауынгерге шаққанда, зорлық әрекет­терінен, тойып тамақтанбаудан, аурудан тоғыз бейбіт тұрғын қаза табады екен. Көрсетіліп отырған адам шығыны Екінші Дүниежүзілік соғыста қаза тапқандардың (50 миллионнан астам) санынан асып түскенін ескерсек, БҰҰ-ның басты міндеті – жалпыға ортақ бейбіт өмір мен қауіпсіздік – әлі орындала қоймағанын мойындауымыз керек. Қазір Жер бетіндегі 80 пайыз халықтың жеткілікті азық-түлігі, жұмысы мен қалыпты өмір сүру үшін жағдайы жоқ.     
БҰҰ-ның мәліметтері бойынша, 2014 жы­лы әлемдегі  жұмыссыздардың саны 203,2 миллионнан асқан, 10 жылдан кейін бұл көрсеткіш 230 миллион адамға жетеді. Ал, жұмысы болса да, күніне 2 доллардан кем алатындардың саны 840 миллион болған. Жер шарындағы 1 млрд адам жұмыссыз, жоқшылықта өмір сүруде деуге болады. Батыстағы ғылыми-техникалық дамудың қарыштап өркендеуіне байланысты дамушы, кедей елдердегі жұмыссыздық өсіп, жаһандық апаттарға әкеліп соғуы мүмкін. Осыған орай, жастар арасында белең алған жұмыссыздық үлкен алаңдаушылық тудырады, олардың саны 75 миллион адамға жақындады. Соңғы онжылдықта ашар­шылыққа ұшырағандардың саны 126 миллион адамға азайса да, жалпы саны әлі де жоғары –  795 миллион болып қалып отыр. Oxfam халықаралық үкіметтік емес ұйы­мы­ның мәліметтері бойынша, жер шарындағы  ең бай 85 адамның байлығы  1,7 триллион болады екен, бұл жер бетінің ең кедей бөлігіне, яғни, 3,6 миллиард адамның қара­жа­тына тең келеді.      
БҰҰ маманданған мекемелері арқылы осы мәселелерді шешуге бар күш-жігерін салуда. Мұқтаж елдер көмек алуда, әсіресе, бұл Африка елдеріне қатысты. Бітім­гершілік жұмыстары табысты іске асырылып жатыр. Біріккен Ұлттар Ұйымы 69 бітімгерлік операцияны мақұлдап, оны іске асыруға 1 миллионнан астам әскери қызмет­керлер, полициялар мен     БҰҰ-ның қыз­меткерлері жұмылдырылды. Қазіргі таңда 16 бітімгерлік операция шеңберінде 125 мыңнан астам бітімгер төрт құрлықта жұмыс істеуде, ұйым қызметкерлері әлемнің  80 еліндегі 90 миллионнан астам адамды азық-түлікпен қамтамасыз ету­де, 38 миллионнан астам босқынға көмек қолын созуда.  Бірақ, әлем жаңа сын-қатерлерге душар болуда, әсіресе, бұл халықаралық лаңкестікке қатысты. «Ислам мемлекеті ДАИШ» лаңкестік ұйымының құрамында соңғы кездің өзінде 200 мыңға жуық содыр бар екені белгілі болды. Ауғанстанда апиын шикізатын өндіру өсуде, 2014 жылы әлемдегі ең кедей елдердің бірі 9 мың тонна улы шөп шығарған екен. Жыл сайын 234 миллионға жуық адам, яғни, 15 пен 64 жас аралығындағы жер шары халқының 5%-ы есірткінің дәмін татады немесе тұтынады.   
БҰҰ-ның зерттеуі бойынша, қазір 750 миллион адам таза ауыз суының зардабын тартуда. Аса өткір су тапшылығы мәселесіне байланысты соңғы 50 жыл ішінде 37 мемлекетаралық қақтығыс болды. Бұл тұста, Орта Азия да су тапшылығына ұшыраған аймақ екенін айту қажет. 2014 жылы дүниежүзінде 60 миллион босқын тіркелген, мигранттардың жалпы саны 232 миллионнан асты.   Босқындар мен заңсыз мигранттар мәселесінің өршігені сондай, бұл жаһандық тұрақтылыққа қауіп төндіріп отыр. 2005 жылдан 2014 жыл аралығында 3400 табиғат апаты болып, 750 мың адам қаза тапқан. Осындай қайғылы оқиғалардың 90%-ы даму деңгейі төмен және орташа елдерде болады. Табиғат апаттарынан келетін экономикалық шығынның көлемі 200 млрд. долларға жетеді. Сондықтан, халықаралық шиеленісті бәсеңдетіп, кең ауқымды ынтымақтастық орнату үшін әлем қауымдастығына жаңа көзқарастар мен ұшқыр идеялар қажет. БҰҰ – бұл біз, ұлттардың әлемдік қауымдастығы, баршамыздың ортақ күш-жігерімізсіз ешбір түйткіл шешімін таппайды. Сонымен қатар, қазіргі әлемнің сипатын ескере отырып,   БҰҰ-ны жаңғырту қажет: ұйым жаңа қауіптерге лайықты жауап беріп, жаңа жаһандық қатерлерге төтеп беруге дайын болуы тиіс. Бұл маңызды міндетті БҰҰ да терең түсінеді. БҰҰ Бас хатшысы бірқатар реформаларды жүзеге асырды. Жуырда ғана бітімгершілік қызметіне «іргелі өзгерістер» енгізуді ұсынды. Аталған реформаны жүргізудің қажеттілігін баса көрсете отырып, БҰҰ Бас  хатшысы «әлем өзгеруде, оны­мен бірге БҰҰ-ның бейбітшілікті қол­дау операциялары да өзгеруі қажет, ол халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздікті нығайтудың сұранысқа ие және тиімді құралы болып қала беруі тиіс» деп мәлімдеді. 
БҰҰ-ны реформалау – әлем қауымдас­тығындағы ең өзекті де басты мәселелердің бірі. Бұған әлем көшбасшыларының БҰҰ мерейтойлық сессиясында сөйлеген сөздері дәлел. БҰҰ Бас Ассамблеясының 70-ші сессиясында Елбасымыз БҰҰ-ны реформалау бойынша нақты ұсыныстар айтты, бұл бас­тама Елбасының халықаралық қауіпсіздік мәселелерін шешуге жауапкершілікпен қа­райтын аса көрнекті саясаткер ретіндегі беделін көрсеткені сөзсіз.  Мемлекет басшысы «соғыстардың алдын алу және қақтығыстардың салдарын еңсерудің ескірген тәсілдерінен» бас тартып, «әлем­­ді соғыс қатерінен мүлде арылта­тын және оның себептерін жоятын» жаңа Стратегияға көшуді ұсынды. Бар­лық ұлттардың әлемдік ресурстар мен нарықтарға қол жеткізуін және адамзаттың дамуы үшін жалпыға ортақ жауапкершілікті қамтамасыз ету мақсатында Президент БҰҰ 100 жылдығына Жаһандық стратегиялық Бастама – 2045 жоспарын және «Жаңа бола­шақ» тұжырымдамасын әзірлеуді ұсынды. Елбасының назар аудартқан ұсы­ныстарының қатарында – ядролық қарудан азат әлемге қол жеткізу жөніндегі жалпыға  ортақ декларацияны қабылдау, жа­һандық антиядролық қозғалыс құру, мемлекеттердің бейбіт мақсатта қол­данылатын атомға және ядролық отынға кемсітусіз қол жеткізу құқығын кепіл­дендіру сияқты маңызды мәселелер бар.  Сонымен қатар, Президент  БҰҰ-ның қолдауымен халықаралық лаңкес­тік пен экстремизмге қарсы тұра ала­тын біртұтас әлемдік желі құру баста­масын көтерді. Дүниежүзінде болып жатқан соңғы оқиғалар шеңберінде бұл ұсыныстың аса өзекті екені даусыз.  Лаңкестікке қарсы әрекет ету саласында мемлекеттердің күш-жігерін біріктіру үдерісі жоқ, Таяу Шығыстағы аса ірі лаңкестік бірлестікке қарсы жеке-дара іс-қимылдар қолданылуда. Қазақстан Президенті БҰҰ лаңкестікті жаһандық қатер ретінде мойындауы қажет деп санайды. Мұндай сын-қатер, бір жағынан, қарулы күштердің, екінші жағынан, тартымды идеялардың тоғысқан әрекетін талап етеді.  
БҰҰ-ны алмастыра алатын балама жоқ екенін баса айта отырып, Мемлекет басшысы ұйымның жұмысын реформалап, оған жаңа серпін берудің қажеттілігін атап көрсетті.  Шын мәнінде, БҰҰ-ның барша жұртқа белгілі кемшіліктеріне қарамастан, оның халықаралық мәселелерді шешудегі негізгі рөліне күмән келтірмеуіміз қажет. Елбасы БҰҰ-ның Жарғысында көрсетілген басты қағидаттардың мызғымас беріктігін әділ атап өтіп, осындай күн тәртібіне арналған жоғары деңгейдегі халықаралық конференция шақыруды ұсынды. БҰҰ-ның Қауіпсіздік кеңесінің құзырынсыз өз бетімен санкциялар қолдануды болдырмау жөніндегі Президент ұсынысы өте орынды айтылып өтті.   
Мен екі жылдан астам уақыт БҰҰ Бас хатшысының орынбасары, БҰҰ Же­не­вадағы бөлімшесінің Бас директоры, Қарусыздандыру жөніндегі конфе­рен­ция­ның Бас хатшысы ретінде қызмет атқар­дым. Негізгі бөлімшені Азия өкілі басқаруы –  БҰҰ тарихында алғаш рет. БҰҰ Женева бөлімшесі жыл сайын 10 мыңға жуық іс-шараларды, сонымен қатар, Женевадағы халықаралық ұйымдар мен БҰҰ-ның әлем бойынша 70-тен астам ұйымының қызметін саяси, әкімшілік, протоколдық, конфе­ренциялық жағынан қамтамасыз ететін жаһандық орталық. 
Бас хатшы Женеваның көпжақты дип­ло­матия орталығы ретіндегі рөлін күшейтуді тапсырды. Жұмысымның басты бағыт­тарының бірі Сирия дағдарысын реттеу жөніндегі келіссөздерді ұйымдастыру бол­ды. Осы тұста БҰҰ Бас хатшысы Пан Ги Мунның төрағалығымен және БҰҰ бұрынғы Бас хатшысы, Нобель сый­лы­ғының лауреаты Кофи Аннанның моде­раторлығымен 2012 жылы 30 маусымда өткен тұңғыш «Женева – 1» министрлік конфе­ренциясы туралы ерекше атап өткім келеді. Осы форумда Сирия дағдарысын реттеу мүмкіндігінің саяси негізін қалаған «Сирия бойынша іс-әрекеттер топтамасы» Женева коммюникесі қабылданды. 
Ең басты міндет – халықаралық лаңкестіктің тамырына балта шабу, олай болмайтын болса, Сирия тұтас мемлекет ретінде жойылып кетуі ықтимал. Сирия халқына бейбіт өмір жолына шығуға қол ұшын созуымыз керек. Бұл елге саяси және экономикалық реформалар қажет екендігі сөзсіз, бірақ, бұл үдерістер жетекші державалардың бітістіруші және келістіруші әрекетімен лаңкестік қатерін жойғаннан кейін ғана басталуы мүмкін. Бұл күрделі дипломатиялық процесте елеулі жетістіктерге қол жеткізілді, 19 мемлекеттің сыртқы саясат мекемелерінің басшылары Сириядағы ахуалды реттеуге және терроризммен күреске қатысты бірлескен іс-қимылды қарастыратын Құ­жатқа уағдаласты. 
2013 жыл бойына Иран ядролық бағдарламасы жөнінде консультациялар мен келіссөздер жүргізу Женева бөлімшесі қызметінің маңызды бағыттарының бірі болды. Нәтижесінде осы мәселе бойынша келіссөздердің арқауына айналған келісімге қол жеткізілді. Сириядағы ахуалды тұрақ­тандыру, Иран ядролық бағдарламасы мәселесін реттеу – Қазақстанның ұлттық қауіпсіздігіне қатысты мәселелер екенін атап көрсету қажет. Біз еліміздің бейбіт өмірі мен тұрақтылығына мүдделіміз, бұл – Қазақстанның сыртқы саясатының мақсаты.  Сонымен қатар, БҰҰ Бас хатшысының тапсырмасы бойынша Сеулдегі жаһандық антиядролық саммит пен басқа да халық­аралық форумдарға қатысып, түрлі елдерде және Женеваның өзінде жауапты дипло­матиялық тапсырмалар мен миссияларды орындау бұйырды.  
Женева бөлімшесіндегі жұмысым ба­ры­сында жасыл технологияларды енгі­зуге бағытталған реформалар жүргі­зі­ліп, нәтижелі іс атқарылды. Бас хатшы мен БҰҰ барлық қызметтері кадр жұмысы­ның ашықтығы мен әділдігіне ресми түрде оң баға берді. Тұтастай алғанда, дипло­матиялық қауымдастықтың бағалауы бойынша Женева бөлімшесінің жаһандық сая­сат орталығы ретіндегі беделі артты. Женевадағы БҰҰ Ұлттар сарайында «Қа­зақстан» көпфункционалды конферен­ция­­лық залының ашылуы да айтып өтуге тұрар­лық оқиға. Сәулетті залды туристер ризашылықпен аралайды. Зал БҰҰ аясын­дағы шараларға пайдаланылады. Биыл жазда біздің Елбасымыз да осы залды аралап көрді.
Қазақстан БҰҰ-ны бұрынғыдай сұра­нысқа ие, баламасы жоқ ұйым деп санайды. Әлемдік ұйымның қолдауының арқасында ғана ұлттар қауымдастығы жаһандық сын-қатерлерге қарсы тиімді ұжымдық жауаптар әзірлей алатыны айқын. Жалпы адамзаттың жетістігі мен құндылығына айналған БҰҰ-ны нығайту жұмыстарын жалғастыру – баршамыздың ортақ мүддеміз.

Алдыңғы «
Келесі »