Ұлттық идея – тәуелсіздік тұғыры

  • 30.11.2015
  • 549 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Болатбек Төлепберген,
философия ғылымдарының 
кандидаты

Өз дамуының белгілі бір жетістікті кезеңіне жеткен кез келген ел өзінің ұлттық идеясын қалыптастыруға деген қажеттілікті сезінеді. Әлемдік тә­жірибе көрсетіп бергендей, ұлттық идея ел дамуының түбегейлі жаңа сатысына көтерілудің орасан зор мақсаты жолындағы қоғам мен мемлекеттің саяси, әлеуметтік, экономикалық, мәдени, рухани және басқа барлық күштерін біріктіру міндеті туындаған тұста пайда болады. Ұлттық идея – этностық, діни, мәдени және өзге де қауымдастықпен біріккен адамдар тобының бөлісетін ұжымдық жады мен таптаурындарының, мақсат-мұраттары мен арман-аңсарларының, дүниетанымының, көзқарастары мен құнды­лықтарының кешенді жиын­ты­ғын білдіреді.

Ұлттық идея, ұлт пен ұлттық бірегей­ліктің қалыптасуына тікелей әсер етеді. Ұлт­тық идея осы ұлттың өзі туралы, қор­ша­ған әлем мен тарихи үдерістегі өзінің орны мен миссиясы туралы, өзінің тарихи өткені мен болашағы туралы барынша жалпы көзқарастарды аңғартады. Ол халықтың бар күш-жігері мен іс-әрекетін замана алға тартып отырған аса жауапты тарихи міндетті жүзеге асыруға жұмылдыруға септігін тигізетін, сол үшін әлеуметтің тұтас­тығын қамтамасыз ететін рухани күш, саяси платформа, ұлттық идеология немесе әлеуметтік бағдардағы парадигма. Демек, қоғамдық болмысқа дем беруші ұлттық идеяға деген сұраныс, оған деген әлеуметтік және рухани мұқтаждық кез келген ұлт пен ұлыс үшін оның өзіндік санасында тарихи үдерістің даму барысынан туындайтын заңды құбылыс болып табылады. Бұл тұрғыдан алғанда, кез келген әлеуметтік бірлік үшін ұлттық идеяның қажеттілігі мен өзектілігі күн тәртібінен түспейтін өміршең мәселе. Өзінің тәуелсіз дамуының жиырма төрт жылдығын толтырған Қазақстан үшін де бұл тақырып көкейтестілігімен көзге түсіп тұр. «Ұлттық идея» тіркесінің өзі арнаулы ғылыми әдебиеттермен қатар, бұ­қаралық  ақпарат құралдарында мей­­лінше кеңінен қолданылып, ақы­рын­да қоғамдық санада бекітіліп болды. Дамудың бүгінгі кезеңінде ұлттық идея немесе жалпы ұлттық идея қажет пе, қажет болса, оның мәні мен мазмұны қандай болуы керек, ол қазақстандық қоғамның әр алуан діни және этностық құрамымен қалайша қиюласады, ұлттық идеяны қалыптастыру керек пе, әлде, ол өзі қалыптасады ма, оны орнықтыруда бөтен елдің тәжірибесін қабылдау керек пе, әлде өзіндік этномәдени және дәстүрлі әлеуметтік өткеннің тәліміне сүйену керек пе деген мазасыз сұрақтар қазіргі қоғамдық пікірталастың өзегін құрап, шешімін табуды талап ететін өзекті мәселеге айналып отыр.
Қазақстандықтардың бір бөлігі ұлттық идеяның қажеттілігін теріске шығарады, өйткені, қазіргі нарықтың заманында индивидуализм мен салауатты ақыл-ойға жүгінген жөн, ал, әлеуметтік, саяси және басқа да идеялар мен идеологиялардың күні өткен, оларды кеңестік өткен дәуірмен бірге қалдыру керек деген дәлелді алға тартады. Сондай-ақ, Қазақстан сияқты көпэтносты қоғамда бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтау мәселесі тұрған шақта ұлттық идея ұранын көтеру қауіпті деген уәждер де айтылады. Дегенмен, елімізде ұлт­тық идеяны қалыптастыруды жақ­тау­шылардың басым екені айдан анық. Өйткені, ұлттық идея, жоғарыда атап өткеніміздей, қоғамның орнықты әлеу­­меттік-экономикалық дамуына, мем­­лекеттің тәуелсіздігі мен қауіп­сіз­дігін нығайтуға, Қазақстан халық­тарының шоғырлануына бағытталған дүниетанымдық сипаттағы бағ­дар­лардың, құндылықтар мен идеал­дар­дың кешенін білдіргендіктен, өт­пелі кезеңді бастан кешіріп, әлемдік өрке­ниеттік қауымдастықтан өз орнын табуға ұмтылып отырған біздің еліміз үшін ауадай қажет. Оның үстіне, ұлттық идея кез келген қақтығыс пен қарама қайшылықтың алаңына айналмауы тиіс, яғни, ұлттық идеяның мәні мен мазмұнын, ең алдымен, ыдыратушылық емес, керісінше бірік­ті­рушілік, топтастырушылық пен ұйыс­тырушылық құрайды. Тағы бір ескеретіні, ұлттық идеяны жай ғана ойлап табу мүмкін емес және белгілі бір әлеуметтік, саяси және мәдени кеңістікте қалыптасқан әрі өрбіген ұлттық идея кездейсоқ құбылыс емес. Ұлттық идеяның компоненттері ұлттық болмыстың кескінін бейнелейтін ұлттық өзіндік сананың қойнауында жасырынған және дәстүрлі қазақ қоғамындағы осындай топтастырушы идеялардың ізін халқы­мыздың философиялық және әлеу­меттік-саяси ойының тарихынан табуға болады. Сонау ертетүркі және түркі дәуірлерінен бергі қазақ мемлекеттілігі кезеңдерін қамтыған ел мен жердің бірлігін білдіретін «Атамекен», «Өтікен», «Ергенеқон», «Жиделі-Байсын», «Қайы­рымды қала», «Еділ мен Жайық», «Жерұйық» идеялары мен «еділшілдік», «тұраншылдық», «түркішілдік», «оғыз­шылдық», «шыңғысшылдық», «ноғай­шылдық», «Алаш», «Қазақ» идеологияларынан қазақ даласындағы ұлттық идеяның эволюциясын байқауға болады. Ал, кейінгі отаршылдық пен тоталитаризм дәуірінде алдыңғы қатарға азаттық, еркіндік, тәуелсіздік мәселелері шығады.
Әлемдегі адамның орны, әлеуметтік тұрғыда әділ қоғам орнату, соци­ум­дағы адамның рөлі, оның рухани құн­ды­лықтары мен адамгершілік бағдарлары туралы әл-Фарабиден бастап Шәкәрімге дейінгі Ұлы даланың ойшылдары қалдыр­ған мұралар осы ұлттық идеяның рухани-адам­гершілік негіздерін білдіреді. Жалпы, қазақ философиясының этикалық және өмірмәндік сипатта болатынын ерекше атап өткен жөн. Сондықтан, алаштық арда­герлердің көтерген «Оян, қазақ!» ұранының астарынан Абайдың «Адам болын!» аңғару қиын емес.
ХХ ғасырдың басында ұлттық сананың оянуымен саяси тәуелсіздік пен рухани дербестікті көксейтін ұлттық идея келесі ғасырлардың тоғысында жаңаша сипатта жарқын көрініс берді. Желтоқсан жаң­ғырығынан кейін тәуелсіздікке қол жеткізген Қазақстанның көпэтносты қоғамында әлеуметтік өмір талабынан туындаған «Қазақстан – біздің ор­тақ үйіміз» идеясы көтерілді. Дегенмен, Қазақстанға ұлттық идея керек пе, әлде жалпыұлттық идея керек пе деген пікірталас әлі күнге толастаған емес. Бұл қоғамдық пікірсайыстың бір жағында ұлт пен ұлтжандылықтың «этномәдени тұжырымы» тұрса, екінші жағын жалпы қазақстандық ұлт қалыптастыруға бағытталған «саяси-азаматтық көзқарас» құрайды. Бұл қарама-қарсылық таяуда «Ел бірлігі» доктринасын қабылдауда айқын көрініс тапты.
Қазақстанның жаңаруы және әлемдік өркениеттің көшіне ілесуі барысындағы өзін-өзі айқындауы ұлттық және мә­дени өзіндік бірегейлік мәселесін күн тәртібінің алдына шығарады.Қазіргі Қа­зақ­стан үшін бірегейліктің нақты үлгісі оның саяси және мәдени өміріндегі ең бір қиын да күрделі мәселелердің бірі болып отыр. Елбасы Н. Назарбаев өзінің «Тарих толқынында» атты еңбегінде бұл мәселені шешуде екі деңгейлі көзқарас керектігін айтады және бұл бүгінгі күні де өзінің өзектілігін сақтап отыр. Оның алғашқысы «азаматтық әрі саяси бірлікті қазақстандықтарда қалыптасқан саяси құндылықтарды басым тетікке айналдыру арқылы қалыптастыру… Оның мәні – өзіміздің азаматтық саяси тағдырымызды барша азаматтардың тағдырымен бірдей дәрежеде қорғайтын Қазақстан мемлекетімен ұштастыруда жатыр. Бұл – біздің бірлігіміз бен орнықтылығымыздың іргетасы. Біре­гей­ліктің екінші деңгейі қазақтардың өздерінің ұлттық бірегейлігіне байланысты… Бұл қазақтың ұлт ретінде өзін өзі түсінуі мен рухани өрістерін анықтау мәселесімен байланысты».
Біздің елімізде, сонымен қатар,  ана­ғұрлым кең интеграцияны білдіретін «еуразияшылдық» идеясы да кеңінен тал­­қыланды. Сондай-ақ, қоғамның идея­лық шоғырлануына септігін тигізетін әлеу­меттік-экономикалық сипаттағы «Қа­зақ­стан – 2030» стратегиясы, «Әлемнің бәсекеге қабілетті 50 елінің санатына ену», «Зияткерлік ұлт қалыптастыру» идеялары да соңғы кездері ресми билік тарапынан да, бейресми ұйымдар тарапынан да қызу пікірталастар тудырды. Дегенмен, ұлттық идеяның рухани сипатының маңызы алдыңғы орында болуы тиіс және бұл тұрғыдан алғанда Президенттің бас­тамасымен көтерілген «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасының теңдесі жоқ. Тұтастай алғанда, ұлттық идеяның әр алуан қырларын айқындайтын бұл бағдарламалар мен тұжырымдар, жолдаулар мен үндеулер, доктриналар мен идеялар Қазақстанда жүргізіліп отырған сыртқы және ішкі саясаттан алыс емес әрі Қазақстанды мекен ететін халықтардың идеялық және рухани-адамгершілік тұр­ғыда топтасуына, жұмылуы мен шоғыр­лануына орасан зор оң әсерін тигізеді.
Ұлттық идея төңірегіндегі арнаулы әдебиеттер мен қоғамдық пікірде жинақталған ойлар бүгінгі күні онан ары философиялық тұрғыда, ғылыми тұрғыда жіктеуді, жүйелеуді қажет етеді.

Алдыңғы «
Келесі »