Жаһандану дегеніміз не?

  • 30.11.2015
  • 6188 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Дандай ЫСҚАҚҰЛЫ, 
С. Демирел атындағы университет 
ректорының кеңесшісі, филология 
ғылымдарының докторы, 
профессор

Жаһанданудың жымысқы 
жақтары
Дауылдатқан, бұрқ-сарқ қайнаған саяси оқиғаларға толы ХХ ғасырды артқа, тарихтың еншісіне қалдырып, адамзат баласы болашаққа деген үлкен үмітпен жаңа жүзжылдыққа қадам басты. Өткен ғасырдағы қоғамдық даму әлеуметтік-саяси жағынан аса маңызды оқиғаларды басынан өткерді: адамзат баласының бақытты өмір сүретін заманы саналып, жер бетінің үштен біріндейінде орнаған социализмнің «салтанатты сарайының» ақыр соңында өзінен өзі шаңырағы ортасына түсіп, қирады; Азия мен Африканың көптеген елдері ұлт-азаттық қозғалыстың барысында тәуелсіздіктеріне қол жеткізіп, капитализмнің отаршылдық жүйесінің  тас-талқаны шықты. Дамудың не­гізгі көрсеткіштерінің бірінен саналатын ғылым мен техникада да орасан жаңалықтар өмірге енді; солардың ішінде адам баласының айға ұшуын, атом энергиясының ашылуын, адам сияқты ойлайтын машиналардың жасалуын алдымен, айтар едік. Адам баласының өміріне ұлы өзгерістер әкелген мұндай жаңалықтар ХХ ғасырды ғарыш ғасыры, атом ғасыры, ақпараттық технологиялар ғасыры атандырды.  


Жиырмасыншы ғасырдың басында марксизм-ленинизм классиктері «Еуропаны елес кезіп жүр, ол – коммунизм елесі» деп, жар салса, ақырында сол елес шындыққа айналып, жетпіс жылдай әлемді капитализм-социализмге қақ жарып, бір-біріне қырғиқабақ қылып қойса, жиырма бірінші ғасырдың басында әлемді жаһандану елесі кезіп жүр. Жаһандану дегеніміз – «жаңа жалпыәлемдік саяси, экономикалық, мәдени және ақпараттық тұтастық құрылуының үрдісі» (Қазақ­стан. Ұлттық энциклопедия. 3 том, Алматы, 2001, 610-бет); «адамның қоғам­дық  өмірінің барлық саласында еркіндік, теңдік, ашықтық жағдайындағы өзара байланыстылық тәртібін орнатуға ба­ғыт­талған бүкіләлемдік үдеріс» (Борзых С. В. Понятие глоболизации: новое прочтение. «Век глобализации», 2011, №2); «мемлекеттер мен ұлттық және этни­калық одақтардың мемлекеттік құры­лымдырының арасындағы мәдени, идео­ло­гиялық және экономикалық  жағы­нан бір қалыпқа түсіруді көздейтін жалпы және жан-жақты үдеріс» (А. Е. Абуов. Национальная культура и глобализация. «Қазақ өркениеті». 2010, №4); «Жалпы, ғаламдастыру деген ұғым-түсінік ұлтты жоқ­қа шығарып, жалпыхалықтық, жалпы елдік, яғни, бір орталыққа бағынған әлемдік экономикалық-саяси, қоғамдық-идеологиялық баланстағы қаржылық-интернеттік жүйе қалыптастырғысы ке­леді» (А. Әлімұлы. Ұлт боламын десең, «руыңмен у ішпе, қазақ!» немесе ұлттық идея туралы ой. «Ақиқат», 2014, №11).  Бұл төрт  анықтамаға да ортақ ең маңыздысы еркін­дік, ашықтық, теңдік, қолжетімділік, өзгермелілік секілді ұстанымдарға сүйене отырып,  жаһандану барысында жер бе­тін­­дегі адамзат қоғамы көрінбейтін бір орталыққа бағынатын біртұтас әлем құ­руға ұмтылады. 
Жаһанданудың идеологтары бұл болмай қоймайтын, жалпы адамзат баласын жарқын болашаққа бастайтын бірден-бір жол, басқа барар жер жоқ  деп, күндіз-түні жарнамалауда. Жан-жақты жарнамаланып, насихатталып жатқан жаһанданудың алғашқы жетістіктерінен-ақ Батыстағылар оның болашағынан үлкен үміт күтуде. Үстіміздегі ХХІ ғасырды бір сөзбен айтқанда, жаһандану дәуірі деп атауға болады. Жаңа заман – жаһандану дәуірінде өткен ғасырдың қоғамдық-әлеуметтік да­муындағы үдерістер әбден пісіп, жетіліп, енді жаңаша формада жалғасын табуда. Шындығында да, өткен ғасырдың алпысыншы жылдарынан  Батыста өріс ала бастап, тоқсаныншы жылдардан жаңаша қарқын алған   жаһандану – адамзат қо­ғамы дамуының ғасырлар бойғы барысында жинақталған озық тәжірибелер жиынтығының халықтар арасына кеңі­нен тарауы. Қандай да бір ел болмасын, күнделікті тіршілікте томаға тұйық өмір сүре алмайды; өйтсе, артта қалып қояды; мұның арғы жағында  өмір сүруге қабілетсіз халық ретінде жойылып кету  қаупі тұр. Көршілерімен экономикалық, мәдени қарым-қатынастар жасап, олар­дың жақсысынан үйреніп, жаманынан жиреніп дегендей, байланыста болу – қо­ғамдық дамудың бірден-бір шарты. Сондықтан да, жаһандану бұрын да болған, қазір де жүріп жатыр, алдағы уа­қыттарда да күшейе бермек. 
Қазір жаһандану үдерісі жайлы түрліше пікірлер айтылып жүр. Жаһанданудың жақ­­тастары адамзат қоғамының  жарқын бола­шағын осы бағыттан көреді. Олардың пайымдауынша,  жаһандану – біреулер айтып жүргендей, «жақсылық» та, «жаман­дық» та, не болмаса, АҚШ пен Еуропаның әлемді жаулап алу құралы да емес, керісінше, бү­кіл әлемді, халықаралық қарым-қаты­нас­тарды, өндірістің тиімділігін, сапасын, әлемдік бәсекелестікті жаңа сапаға кө­те­ріп, түбірлі өзгерістер жасайтын өмірдің өзі­нен туындап жатқан заңды да табиғи құ­былыс. Өмір қаншалықты күрделі болса, жаһанданудың болмысы да соншалықты күр­делі; ол әлі күнге дейін зерттеліп біткен жоқ, толық танылып бітуі де екіталай. Жа­һанданудың барысында тілдік, ұлттық, нә­сілдік, территориялық, мемлекеттік ерек­ше­­ліктерден, кемсітушіліктерден ада адамзат қоғамы нарықтық экономиканың табиғи заңдылықтарымен бейбіт өмір сүріп, тең құ­қылы, әлеуметтік мүмкіндіктері бірдей адамдардың тыныш та бақытты өмір сүруін қамтамасыз ететін болады. Сондықтан да, бүкіл әлем дамудың осы жолына тезірек түсуі керек.  Жаһандану жолына тезірек түсуді талап етушілермен бірге бұған асықпай, барынша  ойланып кірісу керектігін айтып, эволюциялық даму жолын ұсынатындар да баршылық. Бұл бағытты қолдаушылар жаһанданудың бүкіл әлемді басқарудың жаңа жүйесіне алып баратын аса қуатты күш екендігін ескерте келіп, бұл үдеріске мемлекеттердің бірден емес, біртіндеп, адаптациядан өтіп, жаңа жағдайға дайындалып, бейімделіп барып, бет бұруын жөн санайды. Өйткені, ескінің қирап, жаңаның орнығуы белгілі бір уақытты қажет етеді;  әйтпесе, мына бай мен кедейдің арасы алшақтай түсетін  беймаза заманда кез келген жерден ши шығып кетуі мүмкін. Бұлардың ойынша, жаһандану барысында ұлттардың, мемлекеттердің барлығы бірдей жойылып кетпейді. Бірақ, олардың арасы жақындай түсіп, ұлттық мемлекеттердің билігімен қатар түрлі халықаралық ұйымдардың да ықпалы арта түсетін болады. Жаһандану барысында ұлттық мемлекеттердің құрылымы  айтарлықтай өзгерістерге ұшырағанымен де олар жойылып кетпейді, сақталады. Сонымен бірге жаһандануды әлемді билеуге, байлығын иемденуге ұмтылушылар өздерінің басқыншылық құйтырқы әрекеттерін бүр­ке­мелеу, заңдастыру мақсатымен ойдан шы­­ғарған миф  санайтындар да жеткілікті. Қа­зіргі заманда әлемдік ауқымда жүріп жатқан нарықтық экономиканы негізінен,  ұлттық мемлекеттер реттеп отыр. Әлемдік алпауыттар осы ұлттық экономиканың шекарасын  бұзып, оның ішіне кіріп өз мақ­саттарын орындауға қол жеткізу, өзде­рінің тонаушылық іс-әрекеттерін ақтау үшін осы жаһандану үдерісін барынша пайдалануда деп біледі. Қалай десек те, қазір әлемде жаһандану құлашын кеңге жаюда. Ұлттық тіл, ұлт­тық құндылықтар, ұлттық мемлекет, дін, құрлық,  шекара сияқтылардың бір де бірін мойындай бермейтін жаһандану барысында бүкіл адамзат қоғамы қозғалысқа еніп, барысында біртұтас әлемге айналады. Ғаламдасу кезінде негізінен, адамдар ми­грациясы, тауар, ақша, ақпараттар  қозғалысы жүріп, экономикалық, мәдени, саяси бағыт алады.
Батыс идеологтарының (К. Поппер, Дж. Сорс, З. Бжезинский, т. б.) анықтауынша, адамзат қоғамы екі түрлі: «ашық» және «жа­бық» қоғамдарда өмір сүріп келеді (Қа­раңыз: Әлемдік философиялық мұра. Ашық қоғам философиясы. 14-том. Алматы, 2007). «Жабық қоғамға» осы уақытқа дейін жасап келе жатқан ұлттық, діни негізді не­месе жеке диктатор билеген тоталитарлық режимдер, «ашық қоғамға»  «халық билігі, теңдік, әділеттілік, еркіндік принциптеріне негізделген мемлекет жүйесін» (Қазақстан. Ұлттық энциклопедия. 1 том, Алматы, 1998, 587-бет) жатқызған. Сонда, қоғамдық даму «жабықтан» «ашық қоғамға» қарай жүріп отырған. Жаһандану барысында «жабық қоғамның» демократиялық прин­циптерді  басшылыққа алатын «ашық қоғамның» сипатына сай келмейтін жақ­та­рының барлығы да аяусыз сүзгіден өткізіліп, көбісі жарамсыз деп табылып, тарихтың тастандысына айналып жатуы табиғи құбылыс саналады. Адамдардың барлығын тең құқылы санап, оларға бірдей мүмкіндіктер туғызатын  демократиялық ұстанымдарға сүйенетін «ашық қоғам» орнату қазір әлемнің қоғамдық дамуының даңғыл жолына айналып отыр.  «Ашық қоғамның» классикалық үлгісі Америка саналады. Қазақстан да өз тәуелсіздігін алған соң осы демократиялық қоғам  орнату жолына түсті.    
 Жаһандану адамзат қоғамына не берді дегенде, алдымен, ғылыми-техникалық, эко­номикалық жетістіктерді айтар едік. Әлемнің бір түкпірінде ашылған ғылы­ми жаңалық интернет арқылы сол сәтінде жер жүзіне тарап, жалпы адам бала­сының игілігіне айналуда. Жер бетінде жаһандануға ұшырамаған ел кем де кем. Тілдік, ұлттық, мемлекеттік шекара­ларды білмейтін жаһандану бүкіл әлемді қоғамдық дамудың тайқазанында бұрқ-сарқ қайнап жатқан біртұтас дүние­ге айналдыруда. Қазір әлемде жаһан­дану қамтымаған сала жоқ. Ішіп-жеген тамағымыздан бастап, киген киімімізге, мінген көлігімізге, өндіріс орын­дарының құрал-жабдықтарына, тұрғын, жатын, жұ­мыс жайларындағы жиһаз­дарға, тех­ни­каларға, рухани құнды­лықта­ры­мыз­ға, жалпы өмір сүру, еңбек ету сал­­ты­мызға, рухани өмірімізге   дейін қам­тып, өзінің өміршеңдігін көрсетіп жатыр. Мұның барлығы да жер бетінде бір үй­дің баласындай өмір сүріп жатқан ха­лықтардың әрқайсысының жаңадан «Аме­риканы ашпай-ақ», бірінде барды бас­қа­ларының да пайдаланып, қоғамдық-эконо­микалық-мәдени  жағынан дами, материалдық құндылықтарының же­тіле түсуіне септігі тиері анық.  Демек, жа­һан­данудан үрке бермей, ақылға са­лып, оның жақсы жақтарын орынды пайдалана білсек, ұлттық мүддемізге қызмет еткізе білсек, ұтатынымыз анық. Қазіргі заманда әлемдік ауқымда барынша қарқынмен жүріп жатқан мәдениеттер мен өркениеттер қақтығысынан үркіп, жаңа заманға бейімделмей, өткенді аңсап, өткенмен ғана өмір сүру, консерватизм ұлттық дамуды тежейді; тіпті, жолда қалдырады. Сондықтан да, жаһан­данудың жақсы  жақтарын ала білу ұлт­тық дамудың маңызды шарттарының бірі болып отыр. Бұл – жаһанданудың қо­ғамдық дамудың барысында туындаған қажеттілік, пайдалы жағы. 
Жаһанданудың қазіргі замандағы бірден-бір дұрыс жолы – ол тең құқылы мәде­ниеттердің бір-біріне әсер ете отырып, қатар өмір сүруі,  мәдениеттердің теңдігіне негіз­делген плюрализм мен әріптестік, диалог болып табылады (Сеидова Г. Н. Ислам и глобализация: за и против. «Век глобализации». Исследования современных глобальных процессов. 2013, №1, 70-бет). Өмір көрсетіп отырғанындай, жаһанданудың мұндай шарттары орындалмай, күш көрсетушілік, әлім жеттілік секілді тұрпайы тәсілдердің көп қол­данылуы бұл үдерістің басқыншылық сыпатын арттыра түсуде. Жаһанданудың табиғаты жайлы осы сияқты айтылып жатқан түрлі пікірлердің қай-қайсысының болса да жаны бар. Мәселе, осы сияқты проблемалардың барлығын да әр елдің өзіндік ерекшеліктеріне орай тиімді шеше білуде жатқан сияқты.
Жаһандануды қолдаушылармен бірге оған қарсылар да жеткілікті. Екі жақ­тың да дәлелдері тыңғылықты. Бір-біріне мүлдем қарама-қарсы ымыраға келмейтін екі жақтың қайсысынікі дұрыс? Бұған нақтылы жауап беру оңай емес, қиын. Өйткені,  жаһандану – өте күрделі, бірден байқала бермейтін сан қырлы құбылыс.  Шындықты осы көп салалы құбылысты зерттеп  барып, бір-біріне қарсы жақтардың пікірлерін саралап, таразыға салып барып, ортасынан іздеу керек сияқты. Жаһанданудың ойланарлық, байқамаса, орны толмас зардаптарға, өкініштерге  апарып соқ­ты­ратын тұстары да баршылық. «Өрке­ниеттік қажеттіліктер сыртқы орта­­дағы қажеттіліктерді құрайды. Мұн­­­­дай қажеттіліктердің ұлттық рухани қажеттіліктермен мазмұны, мә­ні  жағынан  сәйкес келмейтіні белгілі. Бірақ олардың өзара ықпалдастықта дамуы – өркениет талабын іске асырудың бір жолы. Сондықтан да, осы арада қажет­тіліктер арақатысы деген мәселе төбе көрсетеді» (Ж. Әбілов. Этноде­формация (Ұлттық сана мәселелері.  Қызыл­орда, 2007, 21-бет). Мұндағы бар мәсе­ле, сыртқы құндылықтар мен ішкі құндылықтардың арақатынасына, яғни, сырттан келіп жатқан құндылықтардың ішкі құндылықтарға сәйкес келіп, оның ұлттық дәстүрлердің өзіндік табиғи жолымен дамуына кедергі келтірмейтіндей, керісінше, байыта түсетіндей болуына  байланысты болмақ. Өкінішке орай, ұлттық мәдениеттердің, тілдердің сырттан өзіне қажетті құндылықтарды алып, байи түсуімен қатар, сәйкеспей, ұлттық болмысты деформацияға ұшырату үдерісі де қатар жүруде. 
Қазіргі жаһандануды сыпайылап «мәде­ниет­тер тоғысы» деп те атап жүр. Ал, «мәдениет» мағынасының ауқымы кең. Оған берілген мына бір анықтамада «1. белгілі бір халықтың қол жеткізген табыстары мен шығармашылығының жиынтығы; 2. адамзат қауымының белгілі бір тарихи кеңістіктегі қызметі мен өзіндік ерекшеліктері» (Қазақ­стан. Ұлттық энциклопедия. 6-том, Алма­ты, 2004, 415-бет) тұрғыда сыпатталыпты. Философ Ғарифолла Есім «Табиғи жаратылмаған нәрсенің бәрі мәдениетке жатады… Мәдениет деген түсінікке табиғаттан өзгенің бәрі енеді» (Ғ Есім. Адамзат. Алматы, 2008, 179, 180-беттер) – депті. Сонда, мәдениетке адам баласының ақылы­мен жасалынған рухани, материалдық құнды­лықтардың барлығының да қатысы барлығы көрінеді. Ең бастысы – мәдениет белгілі бір ұлт пен қоғамның әлеуметтік даму дәрежесін айқындайтын бірден-бір көрсеткіш. Әдетте, біз «мәдениетті адам», «мәдениетті ел» дегенді жиі айтамыз. Демек, әрбір ұлттың, елдің ұзақ жылдар бойғы эволюциялық дамуы барысында қалыптасқан ешкімге ұқсамайтын өзіндік мәдениеті болады. Жаһандану барысында, міне, осы ұлттық мәдениет бір жағынан, басым, жалпыадамзаттық құндылықтарға жақындай түссе, екінші жағынан, оны басқа­лардан ерекшелендіріп тұратын, тек өзіне ғана тән аса пайдалы, бағалы құнды­лық­тарынан айрыла да бастайды. Бұл үдеріс революциялық емес, эволюциялық жолмен жүріп отырады. Ұлтсыздануға апаратын жаһандану  ұраны – түптің түбінде ұлтты жоюға алып баратын  тура жол. Ұлттық құндылықтар елдің басын құ­рай­­тын негізгі өзек болса, жаһандану бары­сында осылар біртіндеп мүжіле береді. Біз қаншалықты жаһандансақ, ұлт­тығымызды соншалықты жоғалта тү­семіз. Осы бір-біріне қарама-қарсы екі бағыттағы үдерістің мүмкін болғанынша арба да сынбай, өгіз де өлмей, үйлесімді жүргені аса маңызды. Ал, олай болмаған жағдайда,  мұның аяғы біртіндеп, ұлттың жойылуына алып келеді; не белгілі бір шекке жеткенде, қарама-қарсылықтардың параллель дамуы тоқтап, шиеленіске, текетіреске, конфликтіге ұласады. Мұн­дай жағдайлар көпшілігінде басым мәдениеттің әлсіз  мәдениетті өзіне сіңіріп алуымен, яғни, басым ұлттың әлсіз ұлтты «жұтып» жіберуімен аяқталып жатады. Мұның өзі жаһандануды әлемге ұлттық мәдениеттерді қиратушы, жоюшы ретінде көрсетіп отыр. 
Американың атақты ғалымы С. Хантингтон қазіргі таңдағы халықаралық жағ­дайдың ушыға  бастауын алдымен, осы мәде­ниеттердің тоғысуынан көреді: «Мен жаңадан туындап келе жатқан әлемде кикілжіңдердің негізгі пайда болу көздері енді идеология да, экономика да болмақ емес деп шамалаймын. Адамзатты жік­терге бөлетін маңызды шекаралар мен кикілжіңдердің басым сипаттағы пайда болу көздерін енді мәдениет айқындамақшы. Ұлт-мемлекет халықаралық істерде басты әрекет етуші тұлға болып қалады, бірақ, жаһандық саясаттың анағұрлым елеулі болып есептелетін кикілжіңдері әр түрлі өркениеттерге жататын ұлттар мен топтардың арасында кеңінен өрістей түсетін болады. Өркениеттердің қақты­ғысы әлемдік саясаттың үстемдік етуші факторына айналады. Өркениеттер ара­сын­дағы бөлінушілік шептері – бұл бола­шақ майдандардың шептері деген сөз» (С. Хан­тингтон. Өркениеттер қақтығысы ма? Кітапта: ХХ ғасырдағы мәдениет философиясы. 17-том, Алматы, 2008, 479-480 беттер). С. Хантингтон «Қазір елдердің саяси немесе экономикалық жүйелеріне, экономикалық даму деңгейіне сүйеніп емес, керісінше мәдени және өркениетті өлшемдерді негізге ала отырып, оларды топтастырған орындырақ» (сонда, 481) – деп біледі. Ал, «өркениетті неғұрлым жоғары деңгейдегі мәдени қауымдастық ретінде, адамдардың мәдениет жағынан бірдейлігінің кең ауқымдағы деңгейі ретінде» (сонда) анықтайды. «Өркениет тіл, тарих, дін, салт-жоралар, институттар сияқты обьективті тәртіптің ортақ сипаттарының болуымен, сол сияқты адамдардың субьективті өзін-өзі теңестіруінің болуымен де айқындалады»; «Адамзат тарихының басым бөлігі – бұл өркениеттердің тарихы»; «Өркениеттер дең­гейін­дегі теңдестіру бұрынғыдан да неғұрлым маңызды бола түспек және әлем келбеті белгілі бір дәрежеде жеті-сегіз ірі өркениеттердің өзара іс-қимылы барысында құралып, қалыптаспақ. Оларға батыстық, конфуциандық, жапондық, исламдық, ин­дуистік, православиелік-славяндық, ла­тино­­аме­рикалық және бәлкім, африкалық өрке­ниет жатады. Болашақтағы ең елеулі кикілжіңдер өркениеттер арасындағы бөлініс шептерін бойлай өрістейді»  (сонда, 481-483 беттер). Бұлардың қатарында түркілік өркениет деген атау мүлдем жоқ екендігі көрініп тұр.
С. Хантингтонның анықтауынша, «Бір жағынан, Батыс өз қуатының шыңына шығып отыр, ал, екінші жағынан және сол себепті осылай болуы мүмкін, батыстық емес өркениеттер арасында өзінің түп-төркініне қайта оралу жүріп жатыр» (сонда, 484-бет). Батыс «әмбебап өркениеттің» үлгісі ретінде өз мәдениетін басқаларға күштеп  ұсынуда. Әлемдік жаһандану аясында өктемділікпен жүргізіліп жатқан бұл үдеріс басқа мәде­ниеттер тарапынан өзіне қарсылықты күшейте түсуде. Табиғаты мүлдем қарама-қарсы мәдениеттер арасындағы текетірес түрлі ұлттар мен діндердің, мемлекеттер мен саяси құрылымдардың арасындағы шие­леністерді барған сайын ушықтыра түсуде.  
Қазір жалпы адамзаттық ортақ құнды­лықтарға негізделген мәдениетпен бірге ұлттық мәдениеттердің де өмір сүріп жат­қандығы, оның үстіне Батыс пен Шығыс мәде­ниетінің табиғаты мүлдем басқаша екендігі  жиі айтылуда.  
  
«Сонымен, Шығыс пен Батыс 
дегеніміз не?

Қысқаша айтқанда, бұл – қарама-қайшы дәстүр мен дағдыға сүйенген төл дүниетаным, ерекше болмыс. Шығыс әрқашан да терең пәлсапалық ой, ғасырлар бойы үзілмеген мәдени дәстүр иесі болса, Батыс жаңару мен ізденіс иесі. Шығыста адамның жеке өмірі ру, тайпа, касталық құрылымдарға бағынышты болса, Батыс өз-өзін моногамды семья мен жеке тұлғаның мүддесін қорғауда қалыптастырды. Шығыс адамды ғарыштық болмыстан ажыратпаған болса, Батыс адамның жеке болмысын дәріптейді. Шығыста дүниеден баз кешу, сабырлылық басым болса, Батыста елгезектік, өнертапқыштық басым болды. Сонда, осыншама айырмашылықтарға апарып соққан жағдайлар қандай екен? Оның бір-ақ себебі бар. Ол – бар болудан жоқ болуға талпыну, материалдық өмірді рухтың абақтысы деп санау, көпнұсқалықтан қашып, құдайтектес абсолютті өмір сүруді аңсау. Шығыстың көп ілімдері бойынша, жер үстіндегі өмір ластану орны, яғни, адам бұл дүниеде ақырын жүріп, анық басып, өзінің жаны мен тәнін сақтауы керек. Ал, оған үйрететін – рухани ұстаздар. Үнді елінде оларды гуру десе, мұсылман елдерінде шайқы, пір деген. Олар өздерінің мүриттеріне бағыт-бағдар беріп, рухани тазалығын қадағалап отырған. Сондықтан, шығыстық өмір үлкенді сыйлау, ақыл сөзді бұлжытпай орындауға негізделген. Қазіргі Батыс өмірі испан ойшылы Ортега и  Гассет айтқандай, жастық үлгісімен дамыса, Шығыс өмірі кәрілік үлгісімен дамыған… Ал, Батыс бағытына келетін болсақ, ол көбінесе тән қажеттіліктерін қанағаттандыруға негіз­делген. Онда ғарыштық күштер, Абсолют мойындала бермейді, антропроцентризм, адамды дәріптеушілік басым. …Дүниенің өлшемі адам боп саналады. Егер, Вольтерлер кезеңінде адамның ақыл-парасаты дәріптелсе, Ницшеден бастап, күш-қайрат, діндік санадан тыс жігер астамшылығы бағаланады. Сөйтіп, Батыс таза физиологизмдегі (фрейдизм) тұ­тынушы қоғамға айналып, кейін одан да жалығып, енді рухани жаңару үшін тойымсыз көзін амалсыз Шығысқа тігіп отыр» (Ә. Қодар. Мәдениет майданы. Кітапта: Әлемдік мәдениеттану ой-санасы. Постмодернизм және мәдениет. 8-том. Алматы, 2006, 383-384 беттер). 
Шығыс пен Батыстың  қарама-қарсылығы  сияқты ислам, будда, православие, индуизм сияқты діни және жапон сияқты көптеген ұлттық мәдениеттер мен Батыстың барлық халықтарға ортақ әмбебап деп ұсынып отырған «тобырлық мәдениетінің» бір-бірімен үйлеспейтін арасы – жер мен көктей. Осы себептерден де, қазіргі жаһандану үдерісінің  барысы үйлесімділіктен гөрі «мәдениеттер тоғысына», мәдениеттер текетіресіне, мұның аяғы қарулы қақтығыстарға ұласып жатыр. Батыстың атақты идеологтарының бірі Збигнев Бжезинскийдің пайымдауынша: «Аме­­рикалық бұқаралық мәдениеттің соншалықты тартымды болып келуінің сыры – әрбір адамның өз мүмкіндіктерін толық пайдалануымен және оның жеке басының қалыптасуының шексіз мүмкіндіктерімен өзара үндестік таба білетін әлеуметтік эгалитаризмге ерекше мән беріп отыратын американдық демократияда жатыр десек қателеспеген болар едік. Жеке байлыққа деген ұмтылыс – американдық өмір салтының ең күшті импульсі және американдық мифтің негізі болып табылады. Алайда, онымен қатар индивидумды (жеке адамды) қоғамның ең басты өлшемі ретінде қарастыратын және оның жеке шығармашылығы мен тиімді бәсекелестігін барынша қолдайтын нақты эгалитарлық этика да қалыптасады. Ол қоғамның әрбір мүшесінің өзіндік табыстар мен жетістіктерге жетуіне немесе жеңіліске ұшырауына да бірдей мүм­кіндіктер туғызады. Дәл осындай өзіне тартып алар ерен күштің әсерімен дамыған Америка мәдени қызығушылықтың «жоспардан тыс» және саяси тұрғыдан ырық­қа бағынбайтын құралына айналып отыр және ол – адамзат баласының басым бөлігінің рухани өмірін де, тұрмыс-тіршіліктерін де айтарлықтай өзгерістерге ұшырату үстінде. Шындығына келгенде, бірде бір континент, бір де бір мемлекет (мүмкін, Солтүстік Кореяны қоспағанда) дәл осы өмір салтының сан-салалы және қуатты әсерінен тыс қалмайтын да сияқты болып көрінеді» (З. Бжезинский. Ашық қоғамның негізгі құндылықтары мен әлеуметтік институттары. Кітапта: Әлемдік философиялық мұра. Ашық қоғам философиясы. 14-том. Алматы, 2007, 289-290 беттер).
З. Бжезинский өз ойларын ары қарай былайша жалғастырады; «…қазіргі заманда бұқаралық мәдениетке халқының басым көпшілігі ауылдық жерлерде тұратын және дәстүрлі ұлттық мәдениетінің тамыры тереңге жайылған елдер ғана қарсы тұра алады. Менің ойымша, жаңа мәдени еліктеушілікке қарама-қарсы қояр бірден-бір ең тиімді әдіс, ол – белгілі бір халықтың тарихи даму жағынан өте артта қалғандығы және өзіндік оқшаулану құбылысы ғана болып табылады. Ал, қалған жағдайларда өздерінің жоғары мәдениеті мен ұлттық дәстүрлерін ерекше мақтан тұтатын алдыңғы қатарлы Франция немесе Жапония сияқты мемлекеттердің өздері де жастарын өздеріне баурап алатын жаңа құштарлықтар аймағынан және толып жатқан «сәндік» дүниелерден, тіпті оларда «АҚШ-та жасалған» деген белгілер болған күннің өзінде де оларды бас тарттыра алмайды… Бұл – ашық та, іскер және жоғары бәсекелестікке негізделген американдық  демократиялық жүйенің динамикалық жемісі болып табылады… 
Американдық мәдени артықшылық­тың бұрын-соңды болып көрмеген тарихи қарышты қадамына теңесу бүгінгі таңда мүмкін болмай отыр. Тіпті, оған жуыр маңда бәсекелес болар қарсылас мемлекеттер көрінбейді.Керісінше, адамзат баласының қарым-қатынастары өзіндік сипат алып, әлемнің жаһандану процесі күшейген сайын америкалық мәдени басымдық одан сайын өз өрісін кеңейте түсуде» (сонда, 290-291 беттер).
Индивидуализмге, жеке адамның құ­құқ­­тарын сақтауға  негізделген батыс­тық құндылықтардың, американ­дық өмір салтының барынша на­­­си­­­­хат­­­талуы  аз санды ұлттардың ғана емес, ірі халықтардың да ұлттық-мәдени бол­­мы­­сына айтарлықтай әсер етіп, ұлт­тық болашағына қауіп төндіруде. Жаһан­дану­да жеке адам бірінші кезекке шығып, оның барлық  проблемасын шешу негізгі мақсат тұтылады. Жаһанданудың қай­на­ған қазаны адамның бұл өмірдегі тама­ғы­ның тоқтығы, киіміңнің көктігі, тұратын үйіңнің жайлылығы, деніңнің саулығы, өзіңді асырай, сақтай  алатын мамандығыңның, қызметіңнің  болуы, ер­кін өмір сүруге, қыдыруға қаржыңның болуы деген сияқты күнделікті тіршіліктің  негізгі мәселелерін мемлекеттік тұрғыдан шешуді мақсат етіп, ұлттық жағын әр адамның өзі шешетін жеке ісі деп, шетке ығыстырады. Шындығында да, жаһанданудың идеологтары ұсынып отырған қазіргі замандық демократия, сөз бостандығы, адам құқықтары, төзімділік (толеранттылық) сияқты ұстанымдарды басшылыққа алған Батыстың дамыған елдерінде адамдардың материалдық жағдайын, яғни, әлеуметтік-тұрмыстық жағдайларын жақсартуда айтар­лықтай жетістіктерге жетіп жатқандығы да – өмір шындығы.  Сонымен бірге, Батыста оң нәтижелерге қол жеткізген бұл принциптердің табиғаты мүлдем басқаша. Шығысқа келгенде, ойлағандай болмай, керісінше, ұлтаралық, халықаралық, дінаралық қарым-қатынастарды ушық­тыра түскен­дігі – тағы да шындық. Сондықтан да, қоғамдық, халықаралық қарым-қатынастардың бірден-бір ең әмбебап жолдары ретінде Батыс ұсынып отырған бұл ұстанымдарға деген қарсылық та күшейе түсуде. 
Кез     келген   нәрсенің тек    қана экономи­калық   жағынан тиімді-тиімсіз екендігіне қарай бағалануы, материалдық байлықтың алға шығуы ұлттық құндылықтарды аяққа таптап, адамзат баласының моральдық болмысын азғындатып, рухани дамуын тежей бастады. Бұрын қоғам дамуында әр халықтың өзіндік ұлттық болмысы, рухани құндылықтары,  ерекшеліктері шешуші рөл атқарып, қоғамның үйлесімді дамуын қамтамасыз етіп келсе, енді бұған деген кедергілер көбейіп, адамзат қауымдастығын дағдарыс жайлады. Қазір әлемді жайлап бара жатқан экономикалық, рухани дағдарыстардың негізгі себептері – осылар. Мұндай жағдай Қазақстанда да орын алуда.       Мәдениеттер қақтығысында ұлттық ерек­шеліктермен қатар оның діни сыпаты да олардың арасындағы антогонистік  қарама-қайшылықты күшейте түсуде. Қазір Таяу Шығыста орын алып жатқан оқиғаларда дін орталық мәселеге, негізгі қозғаушы күшке айналып келе жатқандығын байқау қиын емес. Батыстың идеологтары мұны ұлттық, діни ерекшеліктердің барлығы да дау-жанжалдың қайнар көзі, оны жоймай, жер бетінде тыныштық орнамайды деп, түсіндіреді. Сондықтан да, одан шығар жол ретінде жер бетінде әр түрлі ұлттардың орнына олардың жиынтығы ретінде жоғары тұратын космополиттік ұлт жасау, жалпы адамзаттық қоғамдық дамуды қамтамасыз етіп отыратын космополиттік мемлекет, оны басқаратын планетарлық үкімет құру идеясын ұсынады (Э. Гидденс). Сөйтіп, космополиттер ұлт атаулының жаназасын шығарып та қойған. Адамзат қоғамының болашағын жаһанданудың салтанат құруымен тікелей байланыстырады. Бұл туралы жаһандану идеясын насихаттаушылардың бірі қазақ ақыны О. Сүлейменов «Супер-халық-Гомо Сапиенс – ақылды адам. Бұл – мен мойындап, азаматы болғым келетін болашақ ұлт» («Супер-народ-Гомо Сапиенс, человек разумный. Это нация будущего, которую я приемлю, гражданином которой смею себя считать» (О. Сулейменов. Беседы с Олжасом. Алматы, 2011, 137-бет) – деп біледі. 
Жаһанданудың негізгі мақсаты – жер бетінде бір тілде, яғни, ағылшынша сөйлейтін, сол тілде жасалынған құнды­лықтармен, Батыстық өмір салтымен өмір сүретін бірыңғай қоғам орнату; бұған ұлттық мәдениеттердің өзіндік ерек­­шеліктерін жою арқылы адамзат қоғамының ортақ әмбебап мәдениетін жасау жолымен қол жеткізу.  Ал, С. Хан­тингтонның айтуынша, «жартылай католик және жартылай мұсылман болу әсте де қиынырақ (сонда, 485-бет). Десек те, өмірде бәрі де болады екен. Қазақстанда өмір сүрген атақты неміс жазушысы Герольд Бельгер «мен қазақтың арасында қа­зақпын, мұсылманмын, немістің арасында неміспін, христианмын» деп, қазақтың сөзін сөйлеп, жоғын жоқтап өмір  сүрді;  өмір­ден өтеріндегі «мені достарымның қасы­на, Кеңсайға жерлеңдер» деген өтініші бойынша мұсылмандар зиратына жерленді. Ұлттық дәстүр, ұлттық құндылықтар атаулыны, яғни, адамзат баласының ғасырлар бойғы дамуы барысында жасаған мәдениетін, жетістіктерін мойындай бермейтін жаһанданудың оның орнына ұсынатыны – американдық үлгі­де жасалынып, ақпараттық құралдар, интернет арқылы қаптатып таратып жат­қан «бұқаралық мәдениет», түсінікті тілмен айтқанда, қалың көпшілікке ар­налған әмбебап «тобырлық мәдениет». Жаһандану арқылы жер-көкке таралып жатқан «бұқаралық мәдениеттің» ұлттық құндылықтар атаулыға қауіп төндіріп жатқаны қазір көп айтылып та, жазылып та жатыр (Б. Н. Воронцов. Феномен массовой культуры: этико-философский анализ. «Философские науки», 2002, №3, 110-123 беттер; Т. И. Суслова. Глобализация: к вопросу идентичности русской культуры. «Век глобализации», 2010,№2, 154-162 беттер; т. б.). Ал, ортақ мәдениет жасау, мәдениеттердің өзіндік ерекшеліктерін жою, ұлт тілдерін, сол тілдерде жасалынған ұлттық құндылықтарды, яғни, ұлт атаулыны  құрту арқылы ғана мүмкін. Сондықтан да, Батыстың идеологтары жаһандану барысында қазіргі замандағы қоғамдық құрылыстың негізі болып табылатын этностық,  ұлттық топтардың барлығы да табиғи түрде жойылып, жаңа жалпыхалықтық қауымдастық өмірге келуі заңды  дегенді құлаққа құйып жатыр. 
Ұлттық мәдениеттің негізін ұлттық өнер құрайды. Ұлттық өнер жойылса, оған сүйенетін ұлттық мәдениет, ұлт та жойылады. Жаһандану барысында бұған қол жеткізетін постмодернизм болып отыр. Постмодернизм адамзат баласының ғасырлар бойғы дамуы барысында қол жеткізген ұлттық рухани құндылықтарын мойындай бермейді. Оның орнына бір күндік, уақытынша ғана тояттануға арналған,  артынша лақтырып тастай салатын ұлттық, тарихи негізі жоқ тобырлық мәдениетті ұсынады. Батыс стратегтерінің пайымдауынша, болашақта барлық адамдар бақытты өмір сүретін қоғамға білімді адамдар онша қажет емес. Адамдар сауатты, белгілі бір мамандықты толық игерсе, жетіп жатыр. Адам өміріндегі басты мәселе – тамағының тоқ, киімінің көк болып, еркін өмір сүруі. Білім беру жүйесінің басты міндеті – осыған қажетті біліммен қамтамасыз ету. Көп мемлекеттердегі ұлттық оқу жүйелерін бір қалыпқа түсірудің үлгісі «Болон жүйесі» арқылы жүзеге асып жатыр.  Қа­зір әлемнің көптеген елдерінде, оның ішінде Қазақстанда да осы жүйе кеңінен қол­данылуда. «Ұлт – ортақ тілі, қалыптасқан мә­дениеті, біріктіруші салт-дәстүрлері мен діні бар адамдардың әлеуметтік бірлестігі» (Қазақстан. Ұлттық энциклопедия. 9 том. Алматы, 2007, 22-бет); «Ұлт – адамдардың тарихи қалыптасқан әлеуметтік-этникалық қауымының жоғары түрі. Ұлт оның құра­мына кірген адамдардың материалдық тұр­мыс жайларының, территориясы мен эко­номи­калық өмірінің тілі мен мәдениетінің, әлеуметтік психологиясындағы кейбір этника­лық ерекшеліктерінің ортақтығы негізін­де қалыптасты» (Қазақ совет энциклопедиясы. 11 том. 1977, 349-бет).

Ұлт – өзіне тән мәдениеті бар 
топ деген сөз…
«Ұлт – тіл, дін, мораль және барлық көр­кем өнер салалары тұрғысынан  ор­тақ, яғни, бірдей тәрбие алған адамдардан тұратын бірлестік… Осы сияқты әр адам өзінің сезімдері арқылы белгілі бір ұлтқа жатады. Бұл ұлт сол адам ішінде өмір сүретін қоғамның барлық сезімін тәрбие арқылы қабылдаған және соған теңелген. Онда бұл адам тек осы қоғамның ішінде өмір сүрсе ғана бақытты бола алады. Басқа қоғамға кірсе, ол ауруға ұшырайды, сезім-түйсігі үйлесім тапқан қоғамға қайтадан оралуды аңсайды. Олай болса, қалаған кезінде ұлтын ауыстыру адамның өз қолында емес. Өйткені, әрбір ұлт өмір шындығы. Адам өз ұлтын білмей, тани алмай жүрсе, іздеу мен сұрастыру арқылы оны таба алады. Бірақ, саяси партияға кірген сияқты кез-келген ұлтқа еркін кіріп, шыға алмайды» (З. Көкалып. Түрікшілдіктің негіздері. Алматы, 2000, 15-16, 18 беттер). Ғасырлар бойы тілдік, дүниетанымдық, ортақ мәдениет  негізінде қалыптасқан ұлтты жойып жіберу оңай шаруа емес. Жаһанданудың осы уақытқа дейінгі тәжірибелері бұл мәселенің осылайша оп-оңай шешіле салмайтындығын көрсетіп отыр. Керісінше, жаһандану қарқын алған сайын бұған дейін жер бетінде өзінше өмір сүріп жатқан этностық топтар тарапынан оған деген қарсылықтың күшейіп, мұның өзі ұлттық сана-сезімдерінің ояна түсуіне себеп болып жатқандығын айғақтап жатыр (А. Л. Сафонов, А. Д. Орлов. Нация и этнос. «Век глобализации», 2013, №2, 155-165 беттер).  Бір жағынан, әлсіз ұлттарды жалмауыздай жұтқысы келетін жаһандану жұтынып тұрса, екінші жағынан, қалайда өзін ұлт ретінде қорғап, сақтап қалуға тас-түйін бекінген мемлекеттер ашық майданға шығып, осының салдарынан этносаралық, ұлтаралық, мемлекетаралық, дінаралық қақтығыстар күшейіп, өріс алуда.  
Кезінде Ысмайыл Ғаспарлының түрлі түсініспестіктің салдарынан соғыс­тан көз ашпай қойған жер бетінде тыныштық орнауы үшін негізгі шарттың бірі туыстас халықтар арасында ынты­мақтастық орнату қажет екендігін ескер­тіп, түркі халықтарын «тілде, ділде, істе бірлікте» болуға шақырғаны мәлім. Алдымен, отбасы, ошақ қасында, ағайын-туыстар арасында, ұлтшылдық, ұлтаралық, мемлекетаралық түсіністік, ынтымақтастық орнамай, қоғамда тыныш­тық  болмайтындығы – анық. Бейбітшілік жолындағы осы  бір аса маңызды мәселені көтергені үшін Ы. Ғаспарлыны кезінде халықтар арасында бейбітшілікті нығайтқаны үшін Нобельдік сыйлыққа да ұсынған болатын. Бірақ та, мұндай қозғалыс өздерінің мақсат-мүдделеріне сай келмейтін кеңес­тік империя мұны «пантюркизм» атап,   халыққа қарсы құбыжық ретінде көр­сетіп, қудалап, осы жолға түскен қайраткерлердің барлығын қуғынға ұшыратып, жазалады. Енді, міне, араға бір ғасырдай салып, бас көтеріп, әлемді жайпап бара жатқан жаһандану осы түркішілдіктің басқаша, тіпті, қарама-қарсы сыпат алған түрі сияқты. Түркішілдікте алдымен, қоғамның даму заңдылықтары, оның адам, ол өмір сүретін ұлттық орта, мемлекет ерекшеліктері толық ескеріле отырып, жүзеге асуы керек болса, қазіргі жаһандануда мұның барлығы жоққа шығарылып, аяққа тапталып, мәдениеттердің, сол мәдениетке негізделген ұлттардың, мемлекеттердің барлығын жоюды ұсынады. Істі басынан бастап, қоғамның эволюциялық даму заң­дылықтарына сай біртіндеп жүзеге асырудың орнына бірден соңынан бастап, сондықтан да икемге келмей жатқан жерлерін тізеге салудың салдарынан қоғамда түрлі келеңсіз құбылыстар туындап, қақтығыстар өріс алуда.  Жаһандануды кейбір зерттеушілер оны «мәдениеттер тоғысы» (С. Хантингтон), «бір алып мемлекеттің көш­басшылығы» (Г. Кисинджер), «мәде­ни шекаралардың барған сайын бұзыла түсуі» (П. Катценштейн, Р. Кохэйн, С. Крас­нер), «отаршылдықтың жаңа түрі» (А. Торкаман) деп те атап жүр. Сонда, жаһан­данудың негізгі нысаны да, арнасы да  мәдениет болып, мақсаты ұлттық мәде­ниеттерді жою болып табылады.  Ал, мәдениет дегеніміз – «адамдардың әлеу­меттік болмысты сақтау мен жа­ңарту жөніндегі қызметі және осы қыз­меттің жемістері мен нәтижелері» (Қазақ мәдениеті. Энциклопедиялық анық­­тамалық. Алматы, 2005, 437-бет; Әлем­дік мәдениеттану ой-санасы. Постмодернизм және мәдениет. 8-том, 2006, 355-бет); «адам өмірінің әлеуметтік нормалары  мен мекемелер жүйесіндегі, рухани құндылықтарындағы, табиғатпен, өзара және өзіне деген қарым-қаты­настарының  материалдық және рухани еңбек жемісі түріндегі қызметін ұйым­дастыру мен дамытудың өзіндік түрі» (Философский энциклопедический словарь. Москва, 1989, 293-бет). 
Мәдениет дегеніміз – дәстүр, яғни,  белгілі бір халықтың ғасырлар бойғы дамуы барысында жинақтаған өмір туралы түсінігі, рухани, материалдық құн­дылықтары,  өмір сүру салты барысында жинақтаған тәжірибелері. Мәдениетсіз ұлт, халық болмайды. Мәдениет белгілі бір дәрежеде сол халықтың даму деңгейін де көрсетеді. Жаһандану ұлттық дәстүрге негізделген ұлттық мәдениеттерді өмір шындығы ретінде мойындай бермейді. Оның негізгі себебін Артур Шопенгауэр былайша түсіндіреді: «Дүние дегенің – менің елесім». …қоршаған дүние тек елес ретінде ғана, яғни, тек қана басқаға, елестенуші адамның өзіне, қатынасында ғана өмір сүретіні анық та күмәнсіз болып шығады… Сонымен, таным үшін берілгеннің бәрі де, яғни, осы дүние түгелдей, субьектіге қатынасын алғандағы обьект қана, аңдау­шы­ның аңдауы ғана, қысқаша айтқанда елес қана болып табылады дейтін ақиқаттан асқан күмәнсіз, басқалардың барлығына да тәуелсіз, дәлелдеуді де соншама қажет етпейтін ақиқат жоқ. Әрине, бұл қазіргіге де, қандай да болмасын өткенге де, қандай да болмасын болашаққа да, ең алыстағыға да, жақындағыға да тиесілі: өйткені, бұл барлық осы айырмашылықтар орын тебетін уақыт пен кеңістіктің өзін қамтиды. Дүниеге жататынның және жата алатынның бәріне де міндетті түрде осы субьектімен уәжділіктің мөрі басылған және олар субьект үшін өмір сүреді. Дүние дегеніміз – елес» (А. Шопенгауэр. Дүние – ерік пен елес. Кітапта: Әлемдік философиялық мұра. Өмір философиясы. 9-том. Алматы, 2006, 8-9 беттер). Мұны түсінікті тілмен айтсақ, дүние менің санамда ғана өмір сүреді; өмір шындығы – относительді, сондықтан да, әркімнің біліміне, дүниетанымына, наным-сеніміне, өмірлік тәжірибесіне, мүддесіне  орай өз шындығы бар. Біздің өмір шындығы деп, жүргеніміздің барлығы да шын мәнінде, олай емес. Олардың барлығы да уақытынша, субьективтік шындықтар ғана. Мәселеге осы тұрғыдан келетін жаһанданушылар ешбір мәдениетті, сол мәдениеттің ірі өкілдерін, оның ішінде ақын-жазушыларды да мойындай бермейді. Жаһанданудың әдебиет саласындағы үлгісі постмодернизм өнердің ұлттық сыпатын, ұлттық дәстүрлерді, әдебиет тарихындағы ұлы тұлғаларды жоққа шығаратындары да осы себептерден. 

(Жалғасы бар)

 

Алдыңғы «
Келесі »