Мұстафа Шоқай философиясы

  • 30.11.2015
  • 1504 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Досмұхамед Кішібеков, 
ҚР ҰҒА академигі

 

«Алаш» қайраткерлері Әлихан Бө­кей­ханов, Ахмет Байтұрсынов, Мір­жа­қып Дулатов, Халел Досмұхамедов, т.б. қазақ елі болашағын ойлап, отқа түсті. Қазақстан өз алдына тәуелсіз ел болуын армандады. Сол үшін оның жерін сақтап қалу қажет болды. Өйткені, жері жоқ ел мемлекет бола алмайды. Сон­дықтан, «Алаш» партиясын құ­рып, «Алаш Орда» үкіметін, қазақ ав­тономиялық болса да мемлекет болуын армандады (Ә. Бөкейханов). Сол үшін де алдымен Ресей Думасына қазақтың зиялы азаматтары депутат болып сайлануын ұсынып, соны талап етіп, Ресей Императоры атына петиция жазды (А. Байтұрсынов). Нәтижесінде, Ресей Думасына сайланған қазақ азаматтары, сол Дума трибунасын пайдаланып, Ресейдің отарлау саясатын, қазақтарды тарихи отырған жерінен айдап шығарып, шөл далаға ығыстырғанын, қазақтың  құнарлы аймақтарын Ресейдің келімсектеріне зорлап әперіп, қоныс­тан­дырғанын сынап, әлемге әшкереледі (Б. Қаратаев). Бұл Ресей патшалығының шабына тиді, Дума екі рет таратылды.

Ақырында 1917 жылы желтоқсанында (5–14) Орынбор қаласында өткізілген «Бүкіл қазақ» құрылтайында ресми Қазақ Автономиялық Республикасы жа­­рия­ланды. Жер аумағы белгіленді, үкіметі құрылды. Үкімет басшысы төр­ағасы болып Әлихан Бөкейханов сай­­­ланды. Құрылтайда Қазақ Автономиясын қолдап сөз сөйлеген жоғары бі­лімді, Петербург университетін бітірген 27 жасар Мұстафа Шоқай еді. Бірақ, ол Қазақстан жерінде тұрақтамай, Қоқанға барып, мұсылмандар съезінде Түркістан Республикасын жариялап, өзі төраға болып сай­ланды. Орта Азия халықтарының жеке-жеке республика болғаны үлкен жетістік, бірақ, өктемді Ресей үкіметі оларды бетіне жібермейді, әрқайсысы дара-дара болып, қолы жеткен бостандығын жоятынын дәл, әрі терең түсінген оның мақсаты қазақ, өзбек, қырғыз, түрікпен, татар және басқалардың басын біріктіріп, үлкен Түркістан Республикасын орнату болды. Бұл 1917 жылдың аяғы, 1918 жылдың қаңтар, ақпан айлары еді. 1917 жылы Қазан революциясы нәтижесінде патша үкіметін құлатып, билікке келген Кеңес үкіметі, ұлттық республикалардың бәрін заңсыз деп жариялап, Түркістан Республикасын ең қауіпті деп тауып, Қоқанды басып алып, сайланған үкіметті күшпен ыдыратты, басшыларын тұтқындады. Түркістан Республикасын контрреволюциялық пан­тюркизм, панисламизм деп айыптады. Бол­ған жағдайды кемеңгерлікпен толық түсінген М. Шоқай жасырын жолмен қашып, Каспий, одан Қара теңізден өтіп шетелге кетті. Алдымен тоқтаған жері Түркия еді. Бірақ та, бастапқы ойын жалғастырмақ болған М. Шоқай әлемдік трибуна іздеп, Францияға барып, Парижде тұрақтады. Тұрмыстың ауыр қиындықтарына қарамастан, Еуропа зиялы қауымдарымен кездесіп, ой бөлісіп, Түркістан азаттығын әлемге жеткізу үшін «Жас Түркістан» журналын (1929) шығара бастады. Отаршылдыққа қарсы күресін ұштастыра түсті. Осы жерде бір айтатын мәселе – оның күрескерлігі. Оны да қалай көрсету керек? Тек салыстыру арқылы айтқан жөн. Мұстафа алдымен патша үкіметінің отарлау саясатына қарсы болды. Кейін сол саясатты жалғастырған Кеңес үкіметіне де жалғыз өзі қарсы шықты, әлем назарын осыған аударды.
М. Шоқайды алдымен салыстырғалы отырғанымыз   А. И. Герцен (1812-1870), оны Ресей ғалымдары революционер-демократ деп есептейді. Ол орынды пікір. Өйткені, А. И. Герцен «Басыбайлық құқыққа» қарсы болды. Ресейдің артта қалуына бірден бір себепкер – басыбайлық деп жазды. Шетелге кетіп, Лондонда ашық «Полярная звезда» журналын, «Колокол» газетін шығарып, Ресейде «Басыбайлық құқығын» жоюға шақырды деп жоғарыда айттық. Бірақ, ол патша үкіметіне қарсы болған жоқ. Қaйтa Үкімет те соны қалады. Қатыгездігімен «Николай Палкин» атанған Император Hикoлaй-І (1796-1855) «Басыбайлық құқығы» Ре­сей­­дің дамуына үлкен кедергі екенін тү­сін­генмен, оны неге жойып жібермеді? Шешуін кейінгі таққа отырған баласы Александр ІІ-ге қалдырды. Себебі, бұл ауыр жұмыс еді. Ал, 1825 жылы 14 желтоқсанда Петербург алаңына шығып, көтеріліс жа­са­мақ болған дворян-декабристер аз ғана топ болатын. Оларды Николай І аяусыз басып-жаншыды. Ал, «Басыбайлық» жүз мындаған үстем тап мүддесі болатын. Олар Ресей империясының тірегі еді. Сон­дықтан, оларға қарсы шығуға Николай І-дің дәті шыдамады. Сол жұмысты таққа отырғанына алты жыл өткенде іске асырған Александр ІІ-нің өмірі немен аяқталғаны тарихтан белгілі. Николай І-дің қорыққаны да осы болатын. Бұл, нені байқатады? А. И. Герценнің қарсы болғаны патша үкіметі емес, тек «Басыбайлық» еді. Олай болса, А. И. Герценге қарағанда, М. Шоқай бүкіл жойқын жүйеге қарсы шыққан ержүрек болғандығын көрсетеді. Солай болса да өзіне тән әділ, жоғары бағасын ала алмады. Екінші салыстырғалы отырғанымыз әйгілі Л. Д. Троцкий. Ол да шетелде Мексикада тұрып, кітаптар шығарып, күрескер болды. Бірақ, оның күрескені кеңестік жүйе емес, тек И. Сталиннің жеке басқаруына карсы бол­ғандығы. Л. Д. Троцкий: «революцияға қызмет етіп, В. И. Ленинді үкіметке әкелген мен едім, бірақ, оның игілігін көр­ген кездейсоқ Сталин болды», – деп ызаланды. Сондықтан, ол осы жағдайды бейнелеп: «Революцияны ойлап шығаратын данышпандар, оны жасайтын фанатиктер, пайдасын көретін кездейсоқтар» деген екен. Мәнісі белгілі. Сондықтан, ол да бүкіл үстемдік құрған жүйеге емес, тек Сталинге, оның құрған тәртібіне наразы болды. Оны айыптап кітап жазды, беделін төгіп, атын жойғысы келді.
Сол кезде НКВД-ның бір барлау бөлі­мін басқарған П. А. Судоплатов, кейін шы­ғар­ған «Спецоперации. Лубянка и Кремль» кітабында: 1940 жылдың алғашқы күн­дерінің бірінде Л. П. Берия мен мені түнде И. Сталин кабинетінде қабылдап, былай деді: «Кеңес Одағына қарсы соғыс бас­тала қалса, онда Л. Д. Троцкий Ком­мунистік интернационалға жік салады. Бұл қауіпті. Сондықтан, оның көзі бір жылға жетпей жойылуы керек» (Судоплатов П.А. Спец. операции. Лубянка и Кремль. М., 1998. – 105 б.) дегенін келтіреді. Арада, 8 ай өткенде, 1940 жылы 30 тамызында Мексикадағы резиденциясында Л. Д. Троцкий екінші рет жасалған террактта зұлымдықпен өлтіріледі. Нәтижесі, Л. Д. Троцкий бүкіл Кеңес жүйесіне емес, тек оның басшысы бір адамның жеке басына қарсы болғандығы. Олай болса,  М.  Шоқай жеке адамға емес, бүкіл Ке­ңес жүйесіне қарсы күреске «жанын шүберекке түйіп», көз жұмып шық­қандығы. Өкініштісі, тарих алдында азаматтың бұл ерлігі ашық айтылмайтыны. Жүрек жұтқан батырлығы еске­рілмейді.
Тағы да бір пікір. 1940 жылы фашистік Гер­мания Францияға шабуыл жасап, Па­рижді басып алғаны белгілі. Сонда тұт­қын­далғандар ішінде М. Шоқай да болған. Бірақ, кімнің кім екенін білген гитлершілер КСРО-ға қарсы соғыс ашу жоспары шұғыл дайын болғандықтан, керек болады деп, өздері тұтқындаған Мұстафаны түрмеден шығарып, Берлинге алдырады, жағдайын жасайды. Арада көп ұзамай фашистік Германия Кеңес еліне жасаған келісімін бұзып, жойқын қарулы күшпен басып кіргенде, қолға түскен мұсылман тұтқындарды бас­қаруға Түркістан Легионын құрып, оған Мұстафаны жетекші етеді. Осыған орай Мұстафа атына: «сатқын», «жау» деген сияқ­­ты талай ауыр айыптар айтылады. Бі­рақ, нақты деректі ешкім келтірген емес. Қайта тұтқында болғандар Мұстафа жөнінде жылы лебіз білдіреді, қамқорлыққа алды дейді. Ал, енді, уәжге келейік. КСРО соғыс ашарда алдын ойлап, сол мұсылмандармен, Таяу шығыс елдерімен байланыс жасау үшін, фашистік Германия өкілі етіп Фон Па­пенді тағайындағаны белгілі. Сол Фон Папенмен Мұстафа байланыста болмауы мүмкін емес. Бұл бір. Екінші, өмірін Түркістан азаттығына арнаған Мұстафа енді фашистердің Орта Азияны да билемек болғанын білген ол кенет өзінің барлық өмір мақсатынан тайғаны, фашистер саясатын қолдауы ақылға сыймайды. Қайта Түркістан Республикасын құру ойын Фон Папенге білдірмеуі де мүмкін емес еді. Олай болса, бұл пиғыл неміс-фашист басшыларына да жетті деген ой. Сондықтан, Мұстафа оларға да жақпай қалуы ғажап емес. Ақырында, соғыс басталған жылы 27–ші желтоқсанда белгісіз жағдайда М. Шоқай көз жұмады. Ресми ақпарат оны сүзектен өлді деп жариялады. Солай ма, әлде басқа ма, оны ешкім айта алмайды. Сірә, ол фашистерге де керек болмай қалған болса керек. Бұл тағы бір күдік. Соғыс жеңіспен аяқталып, фашистік Германия күйреп, Нюрнберг халықаралық сот шешімімен барлық гитлершілдер жазаланғанда, Фон Папен жазадан құтқарылды. Не себепті? Ол да белгісіз. Ал, Мұстафа қайтыс болғаннан кейін Фон Папен де фашистер оппозициясында болып, шеттетілгені белгілі. Міне, осы жағдайлар әлі де тексеруді керек етеді. М. Шоқай өз сенімін, өмір мақсатын өзгертетін адам болмағаны тарихтан белгілі. Ол көтерген ұлт-азаттық ұран – заңды қозғалыс. Өйткені, онсыз бос­тандық жоқ. Мәселен, Дж. Вашингтон, Ф. Кастро, Кемал Мұстафа Ататюрк, М. Ганди, Дж. Неру т. б. қайраткерлер елін бостандыққа жеткізді. Бірақ, Мұстафа Шоқай көтерген азаттық ұран басқа жағдайларға душар болды. Оны ескермеуге болмайды. 
Кейін Мұстафа ісін жақтаған ғалымдар Германия, Франция, Англия, АҚШ елдерінде талай кітаптар, мақалалар жазды. Олар да оны фашистік Германияға қызмет етті деп айтқан емес, қайта еңбегін, бастамасын жоғары бағалады. Батыс елдердің Германияға қарсы болғаны белгілі. Фашистік Германия қираған соң олар оның архивін ақтарды. Басқа нәрсе тапса, айқайлап, жар салған болар еді. Сірә, олар ондай факт таппаған. М. Шоқай тарихын осылай қарағанымыз жөн. Шындық – Мұстафа бастаған іс жалғасын тапты. Лондонда Корольдік «Central Azian Review» («Орталық Азия­ға шолу») журналы шығарылып, онда түрлі мақалалар басылды. «Орта Азия халықтары» кітабында Дж. Уилер бұл аймақты «Кеңес билеген отар» деп қарады. Дәл осындай пікірді Франциядағы Сор­бонна университеті профессоры Элен Каррәр, Д,Анкос та әлемге таратты. Пікір «Свобода», «Азаттық» радиостанциялары арқылы да ұдайы таратылып отырды. Сондықтан да, 1991 жылы олар «Кеңес жүйесін құлатуда біздің еңбегіміз мол болды» деп жариялады. Кельн қаласында тұрған Баймырза Хаит «XX ғасырдағы Түркістан», «Ресей мен Қытай аралығындағы Түркістан», «Кеңес билігіндегі Түркістан» деген кітаптар жазып шығарды. Өз еңбектерінде Баймырза Хаит: «Менің осы еңбектерімді жазып шығаруыма Мұстафа Шоқай архивтері мен жазбалары көп пайдасын тигізді», – деп жазды. Оған дәлел қазір елімізде басылып, шығарыла бастаған 12 томдық Мұстафа Шоқай  шығармалары. 
Сонымен, М. Шоқай философиясы – өз халқымен қатар Бүкіл түркістандықтарды отаршылдықтан босатып, теңдікке, егемен­дікке жеткізу үшін басын өлімге тіккен есіл ер, көреген қайраткер, батыл күрескер екендігі.

Алдыңғы «
Келесі »