Алдаспан жырдың алыбы

  • 30.11.2015
  • 750 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Нұрлан Оразалин,
сенатор, Қазақстан Жазушылар Одағы Басқармасының төрағасы

«Пірім менің – Сүйінбай!»
Жамбыл
Ұлы тарихы үш мың жылдан асып жығылар ата жұртымыздың арғы-бергі дәуірлердегі ақтаңдақ кезеңдеріне тіл бітіп, «өшкеніміз жанып, өлгеніміз тіріліп» жатқан Тәуелсіздік дәуірі елді­гіміз бен ерлігіміздің қаншама қазы­налы кезеңдерін қайыра тұғырына қондырды. Көп заманалар бедерінде батыс пен шығыс елдерінің жабулы мұражайлары мен тас қараңғы қоймаларында тұншы­ғып, хатқа түсіп, қатталып, онда­ған ғасырлар бойына шаң басқан ескі сөрелерде іздеушісін сарыла күтіп, сар­ғайып жатқан тарихи жәдігерлеріміз жа­ды­мызды жаңғыртып, Ұлы Далаға қайта орала бастады. 
Жыр­тығымыз бүтінделіп, үзілгеніміз қайта жалғанды.


Шүкір!
Өткенге деген құрмет пен ата тарихы­мызға деген ықылас ойымыз бен бойымызды билеп тұрған осындай бір ерекше кезеңде қарт Алатаудың бөктерінде, алаштың ұлы шаһары Алматының төрінде қазақтың «от ауыз, орақ тілді» ұлы ақыны – Сүйінбай Аронұлының 200 жылдық мерейтойының өтіп жатуы көкірегімізге қанат бітіріп, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев ұлтқа межелі мақсат етіп ұсынған Мәңгілік Ел кейпінде саналарда дүр сілкініп оянған ұлттық рухымызды асқақтата түскендей, аспандата түскендей күй кешу үстіндеміз.
Иә. 
Рух киелі ұғым!
Халқымыздың жадында ғажайып жыр сүлейі, ақтаңгер ақын болып бекіген Сүйін­бай Аронұлы – өзінің өлмес өлең-тол­ғауларымен, сұңғыла айтыскерлігімен ұлттық жырымызды биікке көтерген, біті­мі бөлек, жаратылысы жойқын, тұғыры теңселмес ұлыларымыздың бірі, бірегейі.
«Қазақ, қазақ болғалы,
Қазақ атқа қонғалы,
Не көрмеді бұл елім?! – деп тамырын тұу тереңнен тартар алуан сипатты заманалар жауабын жырдан іздеген ақын болмысына бойласақ, уақыт көшін өз ырқына көндіруге, қара орман қазақты өз айтқанына сендіруге ұмтылған ойы да, сөзі де, өзі де алып, асыл-текті күрескер жанның сом тұлғасын, қайталанбас қалыбын елестетеріміз анық.
«Еңку-еңку жер шалып, тебінгісін терге шірітіп, терлігін майға ерітіп», Еділдің ен тоғайына ел қондыру үшін алысқан өр мінезді Махамбеттің рухтас-замандасы, «бөрілі байрақ көтерсе, қо­зып кетер қайдағым» деп сілкінген Алатау ақиығының мына бір сом алтындай салмақты жырына құлақ түріп көріңіз.
«Хан едім деп мастанып,
Бұқараңа қас қылдың.
Жарлының ұрлап жалғызын,
Шығармай қырға аш қылдың…
Хан емессің, қиықсың,
Қалың елді айдап жеп,
Теріңе зорға сиыпсың.
Ұры-қары зұлымның
Бәрін өзің жиыпсың…» деп хан тұқы­мына тап берген тебінгілі, текті ақынның бас бермес асаудай жұлқынған мінезді жырының төркінінде қаншама өмір, дәуір ақиқаты жатыр десеңізші?! Бұл – ауыл арасындағы арзанөкпе араздық емес, ар жағында үлкен әлеуметтік салдарлар жасы­рынған айтпасқа болмас ащы шын­дықтың бейнелі көрінісі.
«Жел көтерген қырандай,
Жүйрігі болдым керменің.
Тастан тауым қайтпастан,
Бұлтқа қолды сермедім.
Айтысатын жерлерде 
Сыбағамды бермедім.
Сөзім сұлу болған соң,
Білінді елге зергерім…» – деген қуаты мықты, тынысы терең өрімі берік, көркем өрілген бейнелі жырды қалай жайбарақат оқуға болады? Кешегі көпғасырлық жырау­лық мектеп пен жазба әдебиетінің арасына із салған алғашқы алтын сүрлеудей елестейтін осы бір дәуірді дәуірге жалғап тұрған қабырғалы қазақ өлеңінің тосын үлгісіне сүйсінесіз.
Осы тұста «жиырмасыншы ғасырдың Гомері» атанған жыр алыбы Жамбылдың: «Мен Сүйінбайдың қасында көп жүрдім. Мұндай жүйрік тілді, терең ойлы ақын­ды ешқашан көрген емеспін. Ол өлең айтса, көкірегі күмбірлеп, аузынан будақ-будақ сиқырлы, сұлу сөздер естілетін; егер, айтыса қалса, нұрланып, жер мен аспанның арасын қара сөзге толтырып жібе­ретін еді, жарықтық!» деп дарабоз жырдың иесіне берген зор бағасы еріксіз еске түседі. Бұл, айналып келгенде, мың жылда бір келер қазақ жырының бағы басына молынан қонған ұлы шәкірттің ұлы ұстазына көрсеткен ықылас-құрметі ғана емес, бұл бір ұлы ақынның екінші бір ұлы ақынды танып мойындауы, қара қылды қақ жара отырып, бағасын әділ беруі екені шүбәсіз.
Біз – Сүйекеңдер мен Жәкеңдерді артына аманат етіп қалдырған жырлары мен толғаулары, айтыс үлгісіндегі ғажайып інжу-маржандары арқылы танып жүріп жетілген, жиырмасыншы ғасыр тұсауын кес­кен жазба әдебиетінің өкілдеріміз. Құнары қалың, тамыры мықты ауыз әдебиетінің ұлтқа ықпал етер пәрмен-қуатын бала күннен ойымызға тоқып өстік. Ондаған ғасырлар солай болды. Сандаған ұрпақтың санасы солай қалыптасып, танымы мен талғамы да бай ауыз әдебиетінің тұма, бастауларынан сусындап жүріп жетілді. Біздің буын – Абай, Махамбет, Жамбылды жаттап өскендер!.. Заманалар мен ғасырлар бойы қазақ қоғамының қалабын бұзбай, әдібін сетінетпей дамуына айрықша ықпал етіп келген жыраулық мектеп пен айтыскерлік өнердің орны халқымыз үшін ерекше болды… Сөзді құлағымен де, жүрегімен де, ақыл-парасатымен де тыңдай білген жырқұмар жұрт ақыны мен жырауын, шешені мен биін, батыры мен ханынан, көсемі мен датқасынан артық көрмесе, кем көрген емес. Әрі-беріден соң ат жалы, түйе қомында жүріп, «қара қазан, сары баланың» қамы үшін бастарын тауға да, тасқа да ұрған, «жан алысып, жан беріскен» замандарда ел үшін неден болсада аянбаған баһадұрлар мен батыр оғыландардың дені алмастай өткір сөз бен жалаң қылышты қатар ұстап, дауға түскені, жауға шапқаны тарихтан белгілі. Ондай мысалдардың үлгісін арғы тарихтан да, бергі тарихтан да көп келтіруге болады.
Сүйінбай ақын – өмірі ат жалында өткен ереуілді заманның хас батырларын көзімен көріп қана қоймай, өзі де сол батыр туған бағлан ұлдардың бірі ретінде Қоқан шапқыншыларына қарсы шығып, жанын шүпірекке түйіп жүріп айқасқан жолбарыс жүректілердің бірі. Сүйінбай сөзінің рухты келетіні де сондықтан. Ол – ел арқасын аяздай қарыған езгі мен қорлыққа, зорлық пен зомбылыққа қарсы тұруға қара жұртын жалынды жырларымен үндей білген, елін ерлік жолына бастай білген ақын. Тіпті, қайсы бірі деректерде ақын бес қаруын сайлап, атқа қонып, Сұраншы, Саурықтармен қатар жүріп, әлденеше жорықтарға қатынасқан деп те айтады. «Қарасай батыр», «Өтеген батыр», «Сұраншы батыр», «Жабай батыр», «Қараша – Қараш ұлы екен» дейтін толғау­лардың соншама нанымды, әсерлі болып өрілуі де өзі қатысқан, көзімен көрген сол қанқырғын жорықтардың әсері, ықпалы болуы әбден мүмкін.
Кез-келген тарихи тұлға биігіне көте­ріл­ген ақынның, батырдың, көсемнің, шешеннің ұлт санасында орын тепкен өз бейнесі болады. Ол бейнені жасаушы – халық. Халық жадында Сүйінбай ақын ұлт рухын асқақтатар мінезді жырларымен сақталған. Ақын «толғауы тоқсан қызыл тілдің» құдіретін мейлінше молынан пайдаланады. Соның нәтижесінде ақынның сөзі асқақ естіліп, рухы биіктен көрінеді! Ол дауды – сөз, жауды батыр алатынын біледі. Бұл – оның өміріне серік, өнеріне көрік берген ұстанымы!
«Хандарың отыр қысылып,
«Көппін» деп маған айтпай-ақ
Баймын десең жетпей ме?!
Асқаралы тау мен едім,
Адырмақ тау сен едің.
Тартылған бұлақ сен едің.
Айдын шалқар көл мен едім!
Меніменен айтысып,
Қатаған, сенің қадамың
Әуел бастан оңған жоқ.
Алдаспаңға жолықтың,
Түбіңе жетпей тынбаймын!» – деп ақиық қырандай құйылып келіп, даланың жел ілеспес сәйгүлігіндей құйын-перен көсіліп, құйғыта шабуында осы мәнер, осы ұстаным жатқанын аңғарамыз. Сүйінбай – Жырдың қуаты алпыс екі тамырыңызды кезіп, ішіңізде әлдекім сарыала тілін салқитып тандыр өртеп жатқандай күйге бөлейді. Сондықтан да:
«Сөз бастаған бұлбұлмын,
Топ бастаған дүлділмін!
Судан шыққан сүйрікпін,
Бәйгеден озған жүйрікпін!
Шығарма енді үніңді.
Есіңе сақта құлаған,
Қанатың сынған күніңді.
Қырғыз, қазақ жиылып,
Жалпылдатпа мұныңды!» – деген атақты Қатағанмен болған айтыстың ең шешуші сәтіндегі бейнелі сөз бен бедерлі ойға оқырман назарының еріксіз ауарына еш күмән жоқ…
Жалпы, тұлға сипатын анықтар осы бір көркем сөз, кемел ой, терең білім дейтін ұғымдардың Сүйінбай жаратылысын тануда, даралауда айрықша рөл ойнайтынын байқау қиын емес. Бұл орайда, ақын әруақ, ел, рух секілді тарих қалыптастырған сана кеңістігін, уақыт кеңістігін, осы бағыт­тағы өзге де өрісі кең, бай атрибуттарды өз шығармашылығында шебер әрі орынды пайдаланады. Орнымен қолданылған тари­хи ұғымдар құлпырып, қунақ тартып, ақын сөзі демде арқаланып шыға келеді. Оқырманын ойлантады, тыңдаушысын ұйы­тады. Осы орайда, тіл ұшына бірінші оралар кесек жаратылған, кескекті туынды «Бөрілі менің байрағым» жыры екенін баса айтқымыз келеді. Көпғасырлық қазақ өлеңіне олжа салған аталмыш толғау, өзі­нің рухы жағынан да, көркемдік сипаты жағынан да қазақ поэзиясының төрінен орын алар, әр жолынан арғы-бергі заманалар рухы мен дәуір ақиқаты «мен мұңдалап» тұрған, шашасына шаң жұқпас шеберлік пен көркемдіктің ғажайып үлгісі екені даусыз. Өленді толық оқып көрелік..
«Бөрілі байрақ астында – 
Бөгеліп көрген жан емен!
Бөрідей жортып кеткенде,
Бөлініп қалған жан емен!
Бөрілі найза ұстаса,
Түйремей кеткен жан емен!
Бөрілі байрақ құласа,
Күйремей кеткен жан емен!
Жау тисе жапан далада,
Бөрілі найза – атамыз,
Қарасайлап шабамыз,
Қызыл қанға батамыз.
Бөрілі байрақ астында
Ту түсіріп, жау алған
Қазыбек, Қастек атамыз.
Бөрілі байрақ көтерсе,
Жоқты жонып табамыз.
Бөрілі байрақ астында:
Ту түсіріп, жау алған
Шапырашты батыр бабамыз.
Бөрі басы – ұраным,
Бөрілі менің байрағым.
Бөрілі байрақ көтерсе,
Қозып кетер қайдағым!..»
Айтулы жыр бастауында көпғасырлық тарихы бар дауылы мен жауыны, ерлігі мен өрлігі, қасіреті мен қасиеті қатар тұрған Ұлы Даланың онтоғызыншы ғасырға аман жеткен жаңғырығы, тасқа таңбаланып түскен дәуірлеріміз бен нар заман, зар заман ақындарының жалғасты үні секілді.
Бас-аяғы жиырма төрт жолдан тұратын осынау толғау төркінінде жалғыз Шапырашты руының рухы мен ұраны ғана жатыр ма? Иә, десек, шығарма рухы мен ұстынын әлсіретіп, жыр аясын тарылтып, жиырма төрт жолдың алтын өзегі мен арқауына айналып, алыс дәуірлер қойнауынан қол бұлғаған жиырма төрт ғасырдың үнін естімегеніміз болар еді… Жалқыны айта отырып, жалпыны жырлау, атасының атын ұранға қоса отырып, алаштың намысын қайрау, ұлы бабалар рухын шақыра отырып, Ұлы Даланың арғы-бергі құдіретті кезеңдерін қозғау – қазақ байтағының төрт қиырын жайлаған кез-келген шынайы сөз зергерінің қашаннан қалыптасқан бұлжымас серті, өлең өріп, ой толғаудағы мұқалмас семсері, тіліп түсер алдаспаны екені ежелден белгілі… Бұл арада бізді таңқалтып отырған жағдай – Сүйінбай ақынның сүйегіне сіңіп, қанына жайылған бабалар рухының тым тереңнен бастау алып жатқаны. Біздің дәуірімізге дейінгі ғасырлар қойнауынан жеткен сақ, хун, үйсін кезеңінен басталатын көк бөрі хақындағы аңыз-әфсана жайлы ертерек кезде қытай бумаларындағы ироглифтерге тұңғыш «тіл бітірген» Бичурин жазбаларынан оқып, Ғабит Мүсірепов, Әлкей Марғұлан сынды алыптарымыздың айтқандарынан естіп едік. Оған келе-келе Гумилев зерттеулері мен Нығмет Мыңжани еңбектері қосылды. «Бөрі басты ұран» мен «бөрілі байрақтағы» бөрі таңбалы тотем ана дәуірдегі Хундар мен Үйсіндерден, жаңа дәуір басындағы Батыс пен Шығысты көсіле жайлап, Алтай мен Балқан арасын ұстаған көшпелі алып мемлекеттің иесі – көк түріктердің киесіне айналғаны тұрлаулы тарихтың жадында.
Арада қаншама заманалардың жойқын дауылы өтіп, уақыт сүреңі жан мен жадыны тегістемеді дейсіз?! Бірақ тек дейтін, қан дейтін киелі қос ұғым атадан балаға, баладан балаға жалғасқан өскелең ұрпақтың бірінің, болмаса екіншісінің не ойына, не бойына қанат бітірері, өлмей, өшпей аман сақталары хақтың ісі екеніне көзіміз жете түсті. Ондаған ұрпақ санасында қалғып-оянып жалғасқан әлгі бабалар мен даналардың бөрі басты тарихи коды Анадолы түріктері мен Қазақтың шапырашты тайпасының байрағында, найзасының ұшында сақталып қалғаны Көктүріктер дәуірі мен кейінгі ғасырлар арасын жалғап тұрған қанатты көпір секілді елестейді. Бұл туралы академик Әлкей Хақанұлы Марғұлан жан-жақты таратып, ғылыми түрде жүйелеп айтқан.
Дауыл шайқап көк теңіз, тұнық                     қырды,
Замана көш бәрінде ұмыттырды…
Ақ алмастың жатпасын түбі қында, 
жебедейін тартылған жыр ұқтырды» – деп кезінде Сүйекеңнің осы бір құдіретті толғауын оқығанда жазылған бір шумақ өлеңім бүгін жады төрінде жаңғырып отыр. Осыдан көп жылдар бұрын жазылған сол жыр аяқталмай қалып еді. Аяқтауды парыз санап жүргенім де… Міне… Сүйекемнің ұлы тойында баяндама жасау бақыты менің пешенеме бұйырыпты… 
Әрине…
Қытай жылнамаларына кірген Ана бөрі хақындағы аңыз әңгіме мен Елсау бидің Үйсін елін шашылған жерінен қайта жиып, құрап, қуатты мемлекет еткендігі хақындағы ұзақ-сонар әңгімені онтоғызыншы ғасырда өмір сүрген Сүйінбай бабамыз білді ме, білмеді ме, кесіп айту қиын. Бірақ, ұлы жыраудың, ақиық алаш ақынының жүрегі, ойы, білімі, зердесі ұлт санасын сілкіп өтер өткеннің жанды нүктесін дәл тапқаны шүбәсіз. Осы жиырма төрт жолдан тұратын жалғыз толғауға ақын қиялы мен танымы бірімен-бірі тұтаса байланысқан әлденеше дәуірдің аламанын сыйғызып жіберген. Қас-қағым сәт ішінде бүгінгінің зейінді ұрпа­ғы тулаған тарих толқынына сүңгіп шық­қандай болады…
Шыншыл жырдың, қуатты, көркем жыр­дың көзге көрінбес күш-құдіреті дегеніміз осы!
***
Сүйінбай – көшпелі өркениеттің өрісі тарылып, ұлттың жал-құйрығы күзелген, ел тағдыры жарқабаққа тірелген онтоғызыншы ғасырдың бел құрдасы. Бір сөзбен айтқанда, ақын күрделі ғасырда, қиянаты мен қияметі мол ғасырда өмір сүрді. 
Батыс пен Шығыстың айласы мол әккі саясатының қайшысына түсіп, Атажұрт үшін бір жарым ғасырға созылған қан қырғын азаттық соғысының ақыры екі көшпелі мемлекеттің (Қазақ хандығы мен Жоңғар хандығының) бірі жойылып, бірі майдан даласынан орыс жұртының боданы болып сүйретіліп шыққаны тарихтан белгілі. Дегенмен… Ұлы Даланың қомақты бөлігі – Жетісу есімді жәннәт аймағы және Оңтүстік пен Сырдың  бай жерлері Қоқан езгісінде қалып, Орыс пен Цин империяларының иықтаса, тіресіп тоқтаған  тұсы да осы Еренқабырғамен шектесер бес Алатау аймағы болғаны ақиқат. Қазақтың саяси дербестігін сақтап қалу үшін жүр­гізген Кенесарының жиырма жылдық азат­тық күресі қалай қанға бөккені тарихтан мәлім. Кіші жүздегі Жанқожа батырдың көтерілісі мен Бөкей ордасындағы Исатай – Махамбеттің күресі жеңіліс тапқан кезеңде – 1846 жылы Қоқан езгісінен сансыраған қазақ жұртының Ұлы Жүзге қараған үлкен бөлігі осы күнгі Лепсі жерінде – Шұбарағаш Ойжайлаудың төрінде Ресей құрамына ену туралы шартқа қол қойды. Сол тарихи шартқа қол қоюға Ресей тарапынан генерал Вишневскийдің әскери экспедициясының мүшелерімен қатар, ара ағайын ретінде Абайдың әкесі Құнанбай, көкжал Барақ, Жанақ ақынның, т.т. адамдардың болғаны, Ұлы жүз тарапынан Абылай ұлы Әділ төре бастаған албан, суан, дулат, жалайыр, шапырашты руларының басшылары қатысқандығы жайлы поляк офицері Янушкевичтің жазбалары мен тарихшы, профессор Бекмахановтың еңбектерінде тия­нақты баяндалады. Сүйінбайдың бұл шараға қатысқандығы туралы дерек жоқ.
Бірақ…
Замана ағысын жан-жүрегімен се­зінген ақынның қырғыз-қазақ арасында шиеленіске кімдердің май құйып, нендей мақсат үшін Кенесары басының жадыға түскенін аңғарғаны кейін қырғыз ақыны Қатағанмен болған атақты айтысында анық көрініс тапқан. «Бөліп ал да билей берге» әбден дәніккен орыс отаршылдарының қазақтың соң­ғы ханын өз қолдарымен өлтірмей, қырғыз манаптарының қолымен көзін жойғызуында үлкен есеп бар еді… Қырғыз жерінде болған бір үлкен Астың үстінде ақ қалпақты ағайындардың жағымен жел үйіріп, дауыл тұрғызар үлкен ақыны Қатаған өз сөзін ежелден белгілі сөз бастаудың әзілі мен оспағын, қыжыртпа қалжыңын араластыра айтып, ағайын жұртпен амандасқан Сүйінбайға бірден тарпа бас салады. Неде болса, қазақтың сөзге шебер, қарсыласын алып та, шалып та жығар ерен жүйрігін салған жерден сындырып алу үшін «Кенесары төренің басын кесіп алғанмын, сен кегіңді алғанша ішіңде кетер арманың…» деп мықтымсып, андыздай шабады… Сүйінбайды сөз-сүңгімен түйіп әрі өтеді, түйіп бері өтеді. Қазақтар жағы шынында да әуелгіде сағы сынып қалады. Араға аз-кем үнсіздік салып, Сүйінбай атқа қонады. Қатаған ақынның отына қарсы от ала жүгірмей, әріден толғап, «төскейде малы, төсекте басы қосылған» екі ел арасын шабындыға жібермей, сабыр дейтін биіктен көрінуге шақырады.
«Әуеліде ер Дәуіт,
Ұстаған екен көрікті.
Затсыз туған Қатаған
Мұнша неге желікті?!
Жетпіс екі кісімен
Шейіт болған Құсайын,
Өлімге солар көніпті.
Шейт болған адамды
Тәңірім артық көріпті.
Онсегіз мың ғаламды
Кезіп жүріп қыдырған
Әзірет Әлі де
Есігіндегі құлынан…
Олар да шейіт болыпты.
Өз мойныңа, Қатаған,
Бұл сөзімнің жазасы.
Шек келтірдің өлімге,
Ол құдайдың қазасы.
Қанішерді мақтайсың
Халыққа жоқ мазасы…» – деп отырып, айтыс дейтін жанып тұрған қып-қызыл өрт сынды өнердің өрісін кеңейтіп, бірте-бірте биікке асқақтай көтеріледі. Осы бір екі ел арасындағы дау-жанжалға апаруы мүмкін «нәзік» тақырыптан сұңғылалық мінез көрсетіп, шебер өтеді. Ақынның жаратылысындағы кең қалып, кенен білімдарлық Қатағанмен болған айтыс­ты аталмыш өнердің теңдессіз биігіне көтереді. Екі елдің екі дүлділі алмакезек айқасып, шынайы көркем жырдың ғажайып үлгісін, жазба әдебиеттің тілімен айтқанда, импровизациялық суырып салма жыр айтысының «щедеврасын» тудырады. Әл­денеше нұсқада қазақ пен қырғыз арасына кең тараған осынау ғажайып айтысты оқып отырып, көз алдыңызға өткен ғасырлардың қайталанбас суреттері келеді. Екі иықтарын жұлып жеп, домбыра мен қобызға жа­бысқан екі ақынның құйын-перен ағысы, дүлей шабысы елестейді. Құдды аренаға шыққан Рим гладиаторларының алапат айқасы секілді! Сөздің айқасы! Ойдың айқасы! Білім мен парасаттың айқасы! Көпғасырлар бойы қалыптасқан қуатты жырдың құдіретін танытар алғырлық пен тапқырлықтың айқасы! Айтыс соңы әсіре мақтау мен артық даттаудың салдарынан сүрінген Қатағанға қалың қырғыз тоқтау айтып, жеңістің туын Сүйінбайға ұстатады… Міне, ел жадында бір жарым ғасыр уақыт бойы сақталып келе жатқан аталмыш айтыс үлгісі көнеден бізге жеткен түркілік тұмса өнердің тұғырлы биігіне осылай көтерілді. Жеңген Сүйінбай да, жеңілген Қатаған да өлмес өнердің кеңістігіне шықты!
Сүйінбай Аронұлының айтыскерлігі де, жыраулығы да, төгіп-төгіп жыр саулатар қайталанбас ақындық ерен жүйріктігі де оны өз дәуірінің биігінен тұрып сөйлеуге дағдыландырған. Ол өзіне Алланың берген ұлы сыйы – ақын­дықты еш жерде, еш ортада, байлықтың да, биліктің де алдында аласартпай, өлең-сөздің иығын бермей өткен.
Сүйінбай – құдіретті жырдың иесі, әруақты ақын! Ол қай жырында да, қандай айтысында да арғы-бергіні тереңнен суырып тартар сұңғылалығымен дараланып, өлең-жырдың архитектоникасын құбылтып отырады. Бірде қара өлең, енді бірде ұйқасы шымыр төгілмелі ақ өлең үлгісінде келетін түйдек-түйдек екпінді жырды қарша боратады, қара нөсердей толассыз саулатады. Ақын әруақ шақырғанда уақыт дейтін ұлы кеңістікті көктей өтіп, арғы-бергі, алыс-жақын дәуірлерді өз толғауларында шебер пайдаланады. Соның бір үлгісі – «Қараша – Қараш ұлы екен» дейтін атақты жыр-толғауы. Оқып көрелік.
«Қараша – Қараш ұлы екен,
Есітер кебің бұл екен.
Жаудың сан қолы келгенде
Қараштан тұрып айқайлап,
Қордайға шейін қашырған
Жасылды көлден қуалап,
Үшқоңырдан асырған
Маңдайына бақ берген
Талмайтұғын жақ берген
Үш жүздің баласымен сілкілесіп,
Абылай ұлы Әділді
Ұлы жүзге ап келген…
Қараша – шешен кісі екен,
Шешендігіне қарасаң 
Дұшпанға сөзді бермеген,
Кеудесін кеңес кернеген,
Жауға қылыш сермеген,
Қылышын тасқа білеген,
Жақын жерге қарамай,
Алыстан тоят тілеген…» – деп төгіліп, жолында тас қалдырмайтын таудың тасыған ағынды суындай жөңкілген жампоз жырды оқып отырып, тарих қойнауын бір сүзіп өткендей күй кешеріңіз анық. Жырдың бас кейіпкері Қараша – Әділ төренің замандасы, бертінде өмір сүрген, Жетісуға аты мәлім атақты шешен кісі, көсем тұлға. Ал, Қараш кім? «Қараштан тұрып айқайлап», деген жолдағы Үйсін бірлестігінің орта ғасырда жол бастар көсемі, жөн сілтер шешені болған, Қытай шеріктерімен жағаласып жүріп, Көк түріктерден қалған жаугерлік заманның ұлы мұрасы – күрескерлік рухты көтеріп өткен Бәйдібектің әкесі Қараш болар деп топшылауға негіз бар. Өйткені, Қараш батыр атымен Тәңіртау қойнауында сақталған біз білетін екі атаудың бары белгілі. Бірі – Асы жайлауына барар жол­дағы Қараш-Қараштың (Үш Қараштың) асуы, екіншісі – Қарқара төріндегі Қараш сазы. 
Сүйінбай жырындағы Қараш осы Баба – Қараш болуы мүмкін.
Иә…
Халқымыздың арғы-бергі тарихында замана  мінезіне көнбей, өз ойын өлеңнің ыстық өртімен өрген жолбарыс мінезді, арыстанойлы, тұлғалы жырдың тұғырлы жүйріктері аз өтпеген. Арғысын айтпағанда соңғы бес ғасырдан асып жығылар уақыттың ішінде «сөзге тоқтаған» құйма құлақ жұрттың көзін жұмғызып, ауызын аштырған, ерге қондырып, жауын састырған өрен сөздің ерен шабысты сәйгүліктері тарихымызда жетіп артылады. «Мен жыраумын, жыраумын, шөп басында қыраумын. Хан қасында төремін, ханға кеңес беремін. Би қасында биікпін, ел ішінде иықпын» деген Сыпыра мен «ел жағалай қонбаса, бетегелі бел ғаріп, қаз-үйрегі болмаса, айдын шалқар көл ғаріп; мұритін тауып алмаса, азғын болса, пір ғаріп, ата жұрты бұқара өз қолында болмаса, қанша жақсы болса да, қайратты туған ер ғаріп…» деп өткен Асан Қайғының; «Бетегелі Сарыарқаның бойында соғысып өлген өкінбес!» – деп аңыраған Доспанбет пен «бұлт болған айды ашқан, мұнар болған күнді ашқан» қайран Қазтуғанның; «бау­луы жетпей бөрі алмас, бидайықтан алғыр құс болмас, бұйырмаса, екеуі түгіл, бірді алмас» – деп төгілген Шалкиіз бен «жауға шаптым ту байлап, шепті бұздым айғайлап, дұшпаннан көрген қорлықтан жалынды жүрек қан қайнап, ел-жұртты қорғайлап, өлімге жүрміз бас байлап» деп бар өмірі ат үстінде өткен Ақтанберділердің жалғастарының жалғасы болған Сүйінбай Аронұлы ел өрісін өлеңмен кеңейткен, екі тумас, шашасына шаң қондырмас, Әуезов сөзімен айтқанда, «айтыс өнерінің алтын діңгегі», қазақ жырының тұғыры биік тұлғасы!
Сүйінбай – тамырында қазақ дейтін қайыпберен мінезді ұлы жұрттың қаны мен жыры қатар ойнаған, заман тудырған ұлы тұлға. Оның алмастай асыл, жасындай өткір жырлары туған халқының жүрегін мәңгілікке мекен етері хақ!

 

Алдыңғы «
Келесі »