ЖАЗУШЫ СӘБИТ МҰҚАНОВПЕН ХАТ АЛЫСҚАН (20 жастағы Абат Бектеновтің өмір жолы өнегеге толы еді)

  • 30.11.2015
  • 385 рет оқылды
  • Пікір жоқ

23Өмірде кейбір адамдарды Алла таға­ла  ерекше етіп жарататыны хақ. Оны күн­делікті өмірден де көріп, байқап жүрміз. Текті бабаларымыз «бойларында ешкімге ұқсамайтын болмыс-бітімі бөлек жандар арамызда сирек кездеседі» деп те жатады. Ол да бекерге айтылмаса керек.
Міне, бүгінгі айтпағымыз да киелі Нарын топырағында туып-өскен Абат  Бектенұлы жайлы болмақ. Әріден бастасақ, Абаттың әкесі Бектен қарт сол жылдардағы Чкалов колхозының, кейін Чапаев совхозының мал дәрігері болса, бір жағынан ерекше қасиетке ие жан еді. Әсіресе, оның бойындағы ата-бабадан тараған сынықшылық күні бүгінге дейін жалғасып, үлкен ұлы Мұрат ағамызға дарыған. Ал, Бектен қарттың зайыбы Марфуға әжеміздің де қарапайым колхозшы атанғанымен, арасында суырып салатын ақындық өнері де бар екен. Ауылдың алты ауызын айтқанда ойдан өрілген нәрлі сөзі тыңдаушысының көңілін бір серпіп тастайды деседі. Қа­лай дегенмен, осы бір әулеттің айрандай ұйыған бірлігі мен берекесі сырт қараған жанға үлкен өнеге мен тәрбие көрінісіндей. Ал, Абат Бектенұлының өмір жолына зер салар болсақ, 1949 жылы 15 маусымда Гурьев облысы, Новобогат ауданы, Нарын құмындағы Айбас ауылында дүниеге келген.
1955 жылы алты жастағы Абат өзі туған ауылының Абай мектебіндегі 1-сыныпқа барған. Алғашқы ұстазы Мағаз Ниетәлиев оқу жасына жете қоймаған баланың ынтасына қуанып, оның бірден үлгілі оқушылар қатарынан табылғанын мақтаныш етіп айтады екен. Чапаев елді мекеніндегі М.Горький атындағы орта мектепте 11 сыныпты тә­мам­даған соң  ол Алматыдағы С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетіне құжат тапсырады. Емтихандардан жақсы баға алғанымен іріктеу сынағынан өте алмай  (конкурс) ауылға қайтып оралуына тура келеді. Абат енді Атырау геологиялық барлау-бұрғылау мекемесіне бұрғышының көмекшісі болып жұмысқа орналасады. Іскер жан өзінің ісіне адал бола жүріп, тапсырманы да тиянақты орындап, ақкөңілділігі мен ашық, жарқын мінезінің арқасында ұжымдастарының ара­сында беделі артады. Осылайша бір жыл да өте шығып, жас жігіт 1967 жылы Ресейдің Түмен қаласындағы индустриялық инс­титуттың тау-кен инженері мамандығы бойынша оқуға түседі. 
Бірақ, оның бала кезден арманы журналист, жазушы болу еді. Өйткені, бойында ақындық қасиеті басым, талантты жан газет-журналдарға   мақалалары мен өлең­­дерін жолдап тұрған. «Лениншіл жас», «Мәдениет және тұрмыс», «Қазақ әдебиеті» тәрізді республикалық басы­лымдарға жолдаған мақалалары мен өлеңдері жарық көргенде жас талантқа қанат біткендей болатын. Жазушы болуды алдына мақсат етіп қойған Абат  Түменде оқып жүргенде-ақ қазақтың көрнекті жазушысы Сәбит Мұқановқа хат жолдайды. Хатында өзінің әдебиет әлеміне қадам басуды қалайтынын, соған орай  Алматыдағы С. М. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетіне ауыс­тыруға ықпал етуін сұрап, өлеңдері мен жазбаларын қоса жол­даған. Сәбит Мұ­қановтан көп күттірмей жауап та келіпті. Абаттың курстасы, бүгінде есімі елге танымал белгілі мұнайшы Ардақ Қонысқалиев сол бір ұмытылмас сәтті былай деп еске алады: «Абат маған хатты оқып берді, онда жазылған әрбір жолды жаттап алғанбыз: «Інім Абат, КазГУ бітіргендер ғана емес, басқа мамандық иелері де жазушы бола алады. Мысалы, Зейін Шашкин дәрігер болса, Олжас Сүлейменов – тау-кен ин­женері, Александр Фадеев – геолог. Ал, сенің оқып жатқан маман­дығың бойынша болашақта осы саланы жазатын журналистер өте қажет. Оқуыңды жақсы бітіріп алсаң, алға қарай қандай мамандық игеретініңді өмір­дің өзі көрсетеді» деп Сәбең ақылын айтқан еді». Абаттың болашағынан зор үміт күткен Сәбит аға оның өмірден озғанын естігенде қатты налып, өнерлі жастың өзіне жазған (мұрағаттан табылған) мына бір хатының соңына «Үміт ақталмады» деп өкініш білдірген екен.
Иә, өнер мен шығармашылыққа жақын Абат Бектенұлының көптеген қолжазбалары Түмен қаласында сол жылдары жоғалып кеткен. Яғни жас талант кенеттен қайтыс болғаннан кейін қолға іліккендері бірен-саран ғана. Оның бірі «Атырау»  өлеңі бізге жетіп, ағасы Мұраттың «Айшықты әлем» атты кітабына енген. Шүкір, Абаттай ардақты азаматтың асыл арманын інісі Самат ағамыз жалғастырды. Самат Бектенұлы Ибраим – «Атырау», «Лениншіл жас», «Халық кеңесі», «Заң және заман» басылымдарында жұмыс жасаған қаламгер. Бүгінде  республикалық  «Ана тілі» газетінің бас редакторы. «Ғұмырлық сағыныш», «Ататоры» атты прозалық кітаптары, «Сыр перне» және басқа деректі шығармалары бар. Сондай-ақ, ол ҚР Мәдениет қайраткері, Қазақстан Жазушылар одағы мен Журналистер Одағының мүшесі. Қазақстан Журналис­тикасы Академиясының академигі. 
Ал, Абаттың ағасы Мұрат та шығарма­шылық жолында қалам тербеп, ел мен жер тарихы, шежіре, өмір өткелдері тәрізді таным­дық-тағылымдық тақырыптарды жа­­­зуы­­мен ерекшеленеді. Мұрат Бектен­ұлы Еділ мен Жайық арасындағы «Жайық­­­мұнайгаз» мұнай кенін алғашқы иге­ру­­шілердің бірі, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, «Қос өзен мұ­найшылары», «Қасиетіңнен айналдым», «Айшықты әлем» туындыларының авторы және «Қайраткер қыз Хатима», «Заман сыры» кітаптарының редакторы екенін де айта кеткен жөн.
…Абаттың  достары арасында, өз ортасында өзіндік орны бір төбе еді. Сөзге шешендігі, тауып айтар тапқырлығы, зілі жоқ әзілдері өзгелерді қайран қалдыратын. Достары оны ерекше сыйлайтын, құр­меттейтін. Өзі де нағыз сырлас дос бола алатын сырбаз жігіт еді. Қиналған жандарға да қол ұшын беруге әркез дайын тұратын. Әттең, өмірі тым қысқа болды. Абат Бектенұлы еш пенденің ала жібін аттамай, біреуге иненің жасуындай қиянат жасамай, азаматтық ары алдында бейкүнә таза, елі алдында парасат-пайымы биік, дос-жаранға қадірлі қалпында 1969 жылдың 4-ші сәуірінде, небәрі 20 жасында аққан жұлдыздай бұл фәниден бақилыққа аттанды.

46 жыл сақталған қойын дәптер

Биыл жаз  айының мамыражай күнде­рінің бірінде Тұщықұдық ауылындағы өзінің есімімен аталатын мейрамханада Абат Бектенұлын еске алып, ас беру кеші болып өтті. Оған Астана, Астрахан, Ақтөбе, Орал қалаларынан бірге оқыған курстастары, сыныптастары, сыйласқан достары, ағайын-тумалары келді. Курстастары қызығы мол студенттік күндерден сыр шертіп қана қоймай, Абат ағамыздың сол кездегі балаң жігіт болса да ешкімге ұқсамайтын болмыс-бітімін сағынышпен, қимастықпен еске алды. Сол жылдары білім іздеген жастарға Алматының өзі арман болған кезде он сегіз жасар Абаттың тәуекел етіп Ресейдің Түмен қаласына барып, оқуға түсуі екінің бірінің қолынан келе бермейтін батыл қадам еді. Ол өзінің білімі мен білігіне сенді. Қазақтың осындай ұлы бар екеніне өзге ұлтты мойын­датқанына қайран қаласың. Тіпті, сол жылдары Абат ағамыздың Гурьев атанған шаһардың уақыт өте келе Атырау атанатынына көз жеткізіп, «Аты­рау» атты өлең жазуы да (әні бар) оның ерекше жаратылған тұлға екенін айқын аңғартқандай.
 «Армысың, айбынды Атырау, кәрі 
                     Атырау,
Қойныңда сенің талай сыр жатыр-ау.
Көгіңе көкшіл бұйра толқын атып,
Қиялға шомдырып бір батырады-ау», – деп жырлапты жиырмаға толар-толмас жас ақын.
 Жоғарыда айтқанымыздай, осыдан 46 жыл бұрын дүниеден өткен марқұмды еске алу кешіне кішкентайдан бірге өскен, мектепте бірге оқыған, жан досы болған Мүсілім Бисенбаев ағамыз Астанадан арнайы келді.  «Абат Түменге кетерінде өзінің өлеңдерін, ой-толғамдарын жазған қойын дәптерін маған беріп тұрып, «Мүсілім, бұл қойын дәптерім сенде болсын, мен шетте жүргенде жоғалтып алармын, мұқият сақтап қоярсың» деді. Мен Абат досымның сол қойын дәп­терін әлі күнге сақтап келгенмін, енді, Мұрат ағама тапсырайын» деп қолындағы қалың қойын дәптерді көрсеткенде еске алу кешіне жиналған жұртшылық тебіреніп кетті. Дос деп осыны айт, өзінің қимас досының көзі тірісінде жазған, қолтаңбасы қалған қойын дәптерін 46 жыл бойы жоғалтпай сақтап, Абаттың ағасы Мұрат Бектенұлына табыстағанда толқымаған жан жоқ. Ақын Абаттың өзі ғашықтық сезімін жеткізген сүйген қызының да сол күнгі еске алу кешінде болуы сонау артта сағымдай бұлдырап қалған балалық кезді тағы бір елестеткендей ерекше әсер қалдырды. Абат ағаның қолымызға алып қараған қойын дәптерінің беттеріндегі астарлы жазылған асыл сөздері де жанды тебірентпей қоймайды екен. Онда адам бойындағы кездесетін қасиеттерге же­ке-жеке тоқталыпты, сабыр, ажар, қасиет, мұрат, қанағат, әділдік, талап, қай­сарлық, қанат, қайрат, жұлдыз, дос, сезім туралы орамды ойлар жазып қалдыруы үлкен көрегендіктің белгісі іспетті. Мысалы, қойын дәптер беттеріндегі Абат ағаның мына жазғандарына бөлек-бөлек тоқ­талайық:
«Жұлдыз – бұл аспандағы жұлдыз емес, қыздың аты. Бұл қыздың бір кезде әркімнің-ақ «менің жұлдызым болса екен» дегендей көркем, сұлу боп өскені рас. Сонда оған әркімдер-ақ менің жұлдызым деп үмітпен қол созған. Бірақ, кішіпейіл, ибалы қыз есімі Жұлдыз болғанымен, өзін жұлдызбын деп санаған жоқ. Содан ба, білмеймін, сол жұлдыз көкте көп тұра алмай, құлап кетті. Осыған қарап ойланып, қанша қарапайым, кішіпейіл болғанымен, кейде адамның өз бағасын білгені артық емес қой, егер де жұлдыз өзін Ай мен Күнге теңеп жібермесе…»
«Біз әдетте, бір-біріне шатастырмай, Айды Ай, Күнді Күн дейміз. Сол тәрізді «мен жұлдызбын» деп жар салмастан-ақ әркім өз жұлдызының қайда екенін, қаншалық екенін біліп қойса, артық болмас еді…»
*** 
«Өмір деген кең арнамен ағып жатқан дария сияқты. Сол су бетіне үйірілген жаққа қалқып аға беруге болмайды. Тереңге сүңгіп, керегін ала білуге, қасиетін таба білуге ұмтылу керек…»
***
«Сезім-жалған, су бетіндегі толқын тәрізді. Өмір желі соқса, толқын күніне бірнеше рет құбылады. Өзін ұстай алмаған жеңілтек жандарды еркін билеп, су түбіне батырады. Кейде олар: «Менің денем сезеді» дейді. Оған ешуақытта қосылуға болмайды. Әсіресе, өмірлік дос таңдағанда,  сезімге сенуге болмайды…»
*** 
«Бір адам тек бір адамның тағдыры үшін жауап берсе, бұл өмірде бақытсыз кісі болмас еді».
***
«Хат – махаббат лебі, сағыныш хабаршысы».
***
«Қазақтың қасиеті дегені мыналар-ау деймін:
Бал салмаса, ара қасиетсіз,
Жанбай қалса, шала қасиетсіз.
Өнерсіз болса, бала қасиетсіз,
Әділетсіз болса, дана қасиетсіз.
Ащысы болмаса, тұз қасиетсіз,
Ұятсыз болса, қыз қасиетсіз.
Көк шықпаса, жер қасиетсіз,
Өз ойы болмаса, ер қасиетсіз.
Жылуы  болмаса, түбіт  қасиетсіз,
Жігері болмаса, жігіт қасиетсіз».
Міне, жасы жиырмаға толар-тол­маста артына алтынға балар қасиетті сөз қалдырған Абат  ағамыздың қойын дәптерінің іші тұнып тұрған асыл сөз. Тіпті, баспаға дайын тұрған кітап десе де болғандай. Демек, «Өлді деуге бола ма айтыңдаршы, Өлмейтұғын артына сөз қалдырған» деп ұлы Абай атамыз айтқандай, Абат Бектенұлының жарқын бейнесі, оның жазып қалдырған маржандай сөздері туған елі мен бүгінгі ұрпақ жадынан әлі-ақ ойып тұрып орын алары хақ.
 
Сүйген жанға

Жүрегім өзіңдегі елшілігім,
Барлығын түсіндірді, сенші, гүлім.
Қасымда жүргеніңде бар жақсыңды,
Көрсетпей қояды екен кемшілігің.
Бар болсын маған берген кеңшілігің,
Күттірмей келші гүлім, келші гүлім!
Сағынсам нұрлы жүзің еске түсіп,
Ұмытылып қалады екен кемшілігің.
Келші тез жүректердің жаны кірсін,
Тек күтіп тұрмағай да тағы бір сын.
Көрмесе сағынысқан, көрсе ұғыспай,
Жүретін махаббаттың заңы құрсын.

Абат БЕКТЕНОВ,
10 тамыз 1966 жыл

Фархат БАЛҒОЖИЕВ,
Қазақстан Журналистер 
одағының мүшесі

Алдыңғы «
Келесі »