ҚАЗАҚСТАНДА ОРТА ТАПТЫ ҚАЛЫПТАСТЫРУДАҒЫ КӘСІПКЕРЛІКТІҢ РӨЛІ

  • 30.11.2015
  • 4004 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Қазіргі қазақстандық қоғамда әлеуметтік құрылымның эволюциялық даму үрдісінде кәсіпкерлік қызметтің алатын орны ерекше. Тауар өндірісінде немесе сатуда, қызмет көрсетуде жүйелі әрі тұрақты пайда табуға бағытталатын экономикалық қызмет түрі ретінде кәсіпкерлік іс-әрекет халықтың басым бөлігінің, әр адамның әл-ауқатын көтеруге ықпал жасай алатын маңызды тетік екендігі анық. Кәсіпкерлікпен айналысушы адам тарапынан үлкен күш-қуатты, белгілі бір қаражат мөлшерін талап ете отырып, кәсіпкерлік қызмет әрдайым тәуекелмен ілесе жүреді. Қазақстан Республикасының «Жеке кәсіпкерлік туралы» Заңы бойынша, «жеке кәсіпкерлік дегеніміз – физикалық тұлғалардың кіріс алуға бағытталған, жеке тұлғалардың өздерінің меншігіне негіз­делген және жеке тұлғалардың атынан оларды тәуекелі үшін және мүліктің жауап­кершілігімен жүзеге асырылатын баста­машылық қызметі» деген анықтама берілген [1]. Яғни, жеке кәсіпкер қандай да бір салада табысқа жету мақсатында мүліктік және қаржылай тәуекелге негізделген бастамасын жүзеге асыруды көздейді. Бұл заңнама мемлекет тарапынан жеке кәсіпкерлікті дамыту үшін қолайлы жағдай жасауға және мемлекет пен тұтынушылардың мүдделерін қорғауға кеңінен жол ашып отырған маңызды құжат болып табылады. Сондай-ақ, мемлекет заң шеңберінде кәсіпкерлікті қорғауға кепілдік береді. 


Нарықтық экономиканың қуатты тетік­терінің бірі ретінде кәсіпкерлік қызмет жеке адамның табысын молайтып, сатып алу қабілетін көтеруге ықпал етеді. Сондықтан да, орта тап – дамыған елдер қатарына енудің маңызды бір көрсеткіші.  Айталық, Америкада орта тап өкілдері деп ертеңгі күніне сенімді, жанға жайлы ауқатты тұрмысы бар, меншік иелерін айтады. Қазіргі күні АҚШ тұрғындарының 45 пайызы орта тап өкілі саналады. Халықтың неғұрлым көп бөлігі ауқатты болған сайын, ол қоғамның тұрақтылығы беки түсетіні дәлелденген. Яғни, қандай да бір меншікке ие адам өзіне тиесілі игіліктердің сақталуына мүдделі. Орта таптың тағы бір маңызды міндеті олардың негізінен кәсіпкерлік іс-әрекетіне байланысты білікті мамандар тобын көбейту және өндіріске инновацияларды енгізуге жол ашатындығына келіп тіреледі. Бәсекеге қабілетті болу үшін кез-келген кәсіпкердің өз саласында жаңа технологияларды қолдануға тырысатыны сөзсіз және бұл өз кезегінде шағын кәсіпкерліктің нарықтағы түрлі қиындықтарға төтеп беруге икемділігін  білдіреді. 
Орта таптың маңызды әлеуметтік функ­цияларының бірі оның әлеуметтік тұрақ­тандырушы рөліне байланысты. Белгілі бір кәсіп түрінде табысқа, жетістікке қол жеткізген меншік иелері өзі өмір сүріп отырған қоғамда қандай да бір мәртебеге ие бола отырып, осы қоғамдық құрылымның сақталғанын, орнықтылықтың қамтамасыз етілуін және одан әрі жалғасқанын қалайтыны сөзсіз. Осылайша, орта тап өзі өмір сүріп тұрған жүйенің күш-қуатын нығайта түседі, оны түрлі әлеуметтік шиеленістерден сақтайды, жоғарғы тап пен төменгі тап арасындағы байланыстырушы рөлін атқарады. Орта тап өзінің табысқа жетуіне мүмкіндік берген мемлекеттік саясатты үнемі қолдап отырады. Өз кезегінде, мемлекет пен қоғам да орта тапты қалыптастыру арқылы өз мақсаттарын жүзеге асыруға мүмкіндік алады, атап айтқанда, орта тап – тұрақты экономикалық донор немесе салық төлеушілердің тұтас бір тобын құрайды. Әсіресе, орта таптың мәдени-әлеуметтік мінез-құлық үлгілерін қалыптастырудағы рөлі маңызды, ол негізінен қоғамдағы басым құндылықтар, нормалар, дәстүр-салт пен заңдылықтарды таратушы әрі пайдаланушы екендігіне келіп тіреледі.  Соның нәтижесінде қоғам өзін-өзі реттеп отырады және құндылықтардың сақталуына жол ашылады. Бұл, әрине, орта таптың өз белсенділігіне де тығыз байланысты. Мұнда атап өтерлік маңызды бір жайт, орта таптың өз рөлін тиісті деңгейде атқаруы оның қоғамдық құрылымда  алатын үлесіне қарай анықталады, неғұрлым көп болған сайын оның құндылықтарының мойындалуы да  оңай. Мәселен, Еуропаның дамыған елдерінде орта тап тұрғындардың 60-70 пайызын құрайды. Ал орта таптың саны аз болса, онда ол өз рөлін толыққанды атқара алмайды. Бұл жағдай көбінесе артта қалған немесе дамушы елдерге тән үрдіс. 
 Қазіргі кезде Қазақстандағы орта таптың үлесі жалпы тұрғындарға шаққанда 35-40%-ды құрап отыр. Алайда, бұл көрсеткіш оның біркелкілігін білдірмейді. Жалпы әлеуметтік құрылымда орта тапты айқындайтын өлшемдерге негізінен білім деңгейі, табысы, материалдық және интеллектуалдық мен­шікке қатысы, жоғары білікті еңбекке қабі­леттілігі іспетті факторлар алынады. Ал, стратификация теориясының негі­зін салған көрнекті ғалым П.Сорокин әлеуметтік топтарды үш белгісі бойынша бөліп көрсетеді: экономикалық, саяси, кәсіби [2, 234]. Яғни, қоғамдағы әлеуметтік стратификация билікке қатысы, кәсібі, табысы іспетті бірқатар әлеуметтік маңызды мән-жайларға тығыз байланысты. Қай қоғамда да әлеуметтік игіліктерге қол жеткізу ешқашан біркелкі болған емес. Ал, қазіргі заманда бұл үрдіс тіпті күшейе түсті. Өйткені, ғылым мен технология жетістіктері артықшылықтарға ие болуға деген ұмтылысты ынталандыратыны анық. Еңбектің бөлінісі барынша күрделеніп, қоғамда мүлде жаңа мамандықтар, жоғары білікті, кәсіби даярлығы жетілген адамдар тобы, интеллектуалдық еңбекпен айналысушылар («ақ жағалылар») пайда болды. Дәл осы ғылыми қызметкерлер және басқарушы персонал, заманауи жоғары технологиялармен жұмыс істейтін білікті мамандар, қызмет көрсету саласына қамтылғандар орта таптың құрамына кіреді.  
Қазақстанда қазіргі күні орта тапты қалып­тастыру мемлекеттік деңгейдегі маңызды міндет­тердің бірі болып табылады. Билік тарапынан халықтың әлеуметтік әл-ауқатын  көтеруге барынша жағдайлар жасалуда. Бүгінде бұл таптың негізгі құрамы жеке меншік иелері, орта және шағын бизнес өкілдері, шаруа қожалықтарының иелері, техникалық қызметкерлер, жоғары білік­ті жұмысшылар мен қызмет көрсету саласы қыз­меткерлерінен тұрады. Яғни, орта таптың сапалық деңгейі оның жоғары білікті еңбекке қабілеттілікке тікелей байланысты екендігімен сипатталады. Бұл ең алдымен түрлі саладағы инновацияларға бейімділік, әлеуметтік бағдарын айқын белгілеу, осы топқа тән әлеуметтік мінез-құлық үлгілерін қабылдауға дайын болу, жаңа білімдерді игеруге ұмтылу іспетті қасиеттерден көрініс табады. Дегенмен, орта тап құра­мында интеллектуалдық еңбекке бейім шығар­ма­шылық интеллигенция өкілдерінің аз болуы бұл топтың қоғамдағы мәртебесінің әлі де төмендігін көрсетеді. Сондай-ақ, мемлекеттік органдар қызметкерлерінің барлығы бірдей орта тапқа тән өлшемдерге сай келмеуі де бұл таптың қазақстандық қоғамдағы әлеуетінің толығымен жүзеге асырылмауына ықпал етіп отыр. Жаңа орта тап – интернет, жоғары технологиялар негізінде заманауи бизнес түрлерін меңгерген, белгілі бір жетістікке қол жеткізген адамдар тобын құрайды. Міне, сондықтан, еңбек нарығының қажеттілігіне сәйкес қазіргі кезеңде жаңа технологияларды меңгерген білікті мамандарға сұраныс өсе түсуде.
Қазақстандағы индустрияландыру үдерісі нәтижесінде қол жеткен жетістіктер қатарында жаңадан ашылған кәсіпорындар төңірегінде шағын кәсіпкерлікті өркендетуге кеңінен жол ашылды. Елбасы Н.Назарбаев атап көрсеткендей, индустриядағы бір жұмыс орны іс жүзінде қызмет көрсету секторында 3-5 орын құрайды. «Яғни, 100 мың жұмыс орны дегеніміз не? Егер, біз сол жерде 30 мың жұмыс орнын құрсақ, шағын және орта бизнесті қоса алғанда 100 мың болады» [3]. Сондай-ақ, бүкіл әлемде үрдіс алған ғаламтордағы бизнес Қазақстанда да өркен жая бастады. Өндірістің жаңа деңгейіне өту жаңа типтегі  программист, оператор, технолог және басқа да жаңа мамандарды даярлау қажеттілігін күн тәртібіне қойып отыр. Осы тұрғыда Президент Н.Назарбаев «жұмыс орындары ірі компанияларда құрылмайды. Ірі индустриялық жобалардың айналасында шағын және орта бизнес жобалары құрылады, міне, сол жерлерде біз жұмыс істеуге мүмкіндік береміз» деп атап көрсетті [4]. Ірі компанияларға қызмет көрсету және тауарлар қажет. Осы тауарларды өндірушілер жұмыс орындарын құра алады. Бұл инновациялық шағын және орта кәсіпкерлікке жол ашуды білдіреді. Тиісінше, осы салаға қамтылған тұрғындар арасында әлеуметтік жағдай да жақсаратыны белгілі.  
Орта тапты қалыптастыруға бағытталған мем­лекеттік саясат  жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді. Бұл міндеттер ҚР Президенті Н. Назарбаевтың жыл сайынғы Жолдауларын және Қазақстанның 2020 жылға дейінгі Стра­тегиялық даму жоспарын іске асыру мақсатында қабылданды. Бұл міндеттер «Нұрлы жол» бағ­дарламасында өз жалғасын тапты. Жаңа эко­но­микалық саясат бойынша «шағын және орта бизнес үшін инфрақұрылым жасау» кезек күт­тірмес шаралар легіне кіреді [5].  Кәсіпкерлікті қолдауға мемлекет тарапынан мүдделілік танытып отырғанының тағы бір дәлелі, 2014 жыл қорытындысы бойынша Қазақстан Дүниежүзілік банктің бизнеске жағымды ахуал қалыптастыру жөніндегі «Бизнес жүргізудің жеңілдігі» («Doing Business») рейтингі бойынша 50-орын ал­ды. Атап айтқанда, Қазақстанда шағын және орта кәсіпкерлікті қолдау бағытында бірқатар мемлекеттік бағдарламалар қабылданды. Ай­талық, «Бизнестің жол картасы-2020» бағ­дарламасының басты мақсаты еліміздің бүкіл аймақтарында кәсіпкерліктің өсуін қам­­та­масыз ету, сол арқылы тұрақты жұ­мыс орындарын құру болып табылады. Бағдарлама аясында мемлекет жаңа биз­нес-бастамаларды қолдау, кәсіпкерлік сек­торға жаңаша дем беру, кәсіпкерлердің қар­жылай тәуекелдерін азайту,  кәсіпкерлік әлеуетті күшейту міндеттерін жүзеге асыруда. Бұл бағдарламаға мемлекеттің зор көңіл бөліп отырғанын оған бөлінген қаражат көлемінің өзі растап отыр, айталық, аталған бағдарламаны іске асыруға 2010 жылы 15,4 млрд теңге бөлінсе, 2104 ж. – 34,9 млрд теңге, ал 2015 ж. – 34,2 млрд теңге бөлініп отыр. 
Орта тапты қалыптастырудың бір тетігі ретінде «Бизнестің жол картасы-2020» бағ­дарламасы әсіресе қазіргі дағдарыс кезеңінде халықты жұмыспен қамту, жаңа жұмыс орындарын ашу, отандық өнімге артықшылық беруге арналған. Нақтырақ айтқанда, бағдарлама кәсіпкерлердің жобаларын қаржыландыру, субсидиялау, ке­пілдік беру, гранттар беру және басқа да қолдау ұсынады [6]. Осы мақсатта бағдарлама шеңберінде кәсіп иелеріне кешенді қолдау көрсету көзделген.     «Даму кәсіпкерлікті қолдау қоры» шағын бизнес субъектілеріне нақты қолдау көрсетіп келе жатыр. Қор шағын және орта бизнеске қаржылық қолдау көрсетеді және олардың біліктілігін одан әрі дамыту бағытында түрлі іс-шараларды жүйелі түрде ұйымдастырады. Әсіресе, кәсіпкерлерге кеңес беру, оқыту және біліктілігін арттыру, ақпарат беру еліміздегі ШОБ саласын дамытуға серпін беріп отыр. 2014 жылы Қазақстанда ЖІӨ-дегі ШОБ үлесі 25%-ға дейін өсті. Ал, 2013 ж. бұл көрсеткіш 16,9% болатын. Бұл тиі­сінше жұмыспен қамтылғандардың да саны өскенін білдіреді. Ел бойынша ШОБ саласына тартылғандар саны 3,7%-ға өсіп, 2 млн 770 мың адамға жеткен. Өнім өндіру болса 4%-ға өсті және 14 трлн 605 млрд теңгені құрады [7]. 
ҚР Статистика агенттігінің мәліметтері бойын­ша, 2014 жылы 1 655 980 шағын және ор­та бизнес субъектілері тіркелген, оның ішінде ШОБ-тің аса белсенді субъектілері 899 968 бір­лікті құрайды. Ал, ШОБ субъектілерінің жалпы санының 54,%-ы белсенді жұмыс істеуде. Статистика көрсеткендей, ШОБ субъектілерінің 71,4%-ын жеке кәсіпкерлер құрайды. ШОБ-та қамтылған тұрғындардың үлесі 33,39% өткен жылмен салыстырғанда 13 есе өскен. Ал шағын және орта кәсіпкерліктегі еңбек өнімділігіне келетін болсақ, 2014 жылы бұл көрсеткіш 3,5 млн теңге деңгейінде болды, яғни өткен жылмен салыстырғанда 1 млн теңгеге артық. Шағын кәсіпкерліктің белсенді субъектілері қамтылған салалар негізінен көтерме және бөлшек сауда, ауыл, орман, балық шаруашылығы, түрлі қызмет көрсету, транспорт және қойма, жылжы­майтын мүлік операциялары. Кәсіпкерлікке қатысты жобалардың басым көпшілігі өңдеуші өнеркәсіпке тиесілі – 48,7%. 
Қазақстанда халықтың әл-ауқатын көтеру бағытында іргелі жұмыстар атқарылып отыр­ғанының бір көрінісі ретінде «Даму кәсіп­керлікті қолдау қоры» жаңа бастаған кәсіпкерлерді қолдау шеңберінде кәсіпкерлік негіздеріне үй­рететін оқулар, курстардың ұйымдастырып отырғанын атап айту қажет. Өз ісін бастағысы келген талапкерлер екі күндік тегін курстарда бизнес бастауларын үйрене алады. Бұл олардың өз ісін одан әрі жүргізіп кетуіне үлкен көмек болып табылады. Осылайша, Қазақстанда орта тапты қалыптастырудың бір жолы мем­лекеттің шағын және орта кәсіпкерлікке қолдау көрсетуі болып табылады. Өз кәсібін бас­таған әрбір азамат мемлекет тарапынан нақты көмек алу арқылы өз ісін жолға қойып, отбасылық тұрмысын жақсартуына барлық жағдай жасалған. Бұл мемлекет пен қоғам үшін де маңызы зор мәселе екендігі сөзсіз, – орта тап әлеуметтік құрылымда өз орнын тауып, меншік иесі ретінде қоғамның дамуына айрықша үлес қосады. 
Кенжалы Толысбай,
философия ғылымдарының кандидаты,
Бану Қырықбаева, 
ҚазМемҚызПУ-нің аға оқытушысы, әлеуметтік ғылымдар магистрі

Пайдаланылған әдебиеттер:

1. Жеке кәсіпкерлік туралы Заңы //adilet.zan.kz/
2.  Сорокин П.А. Человек. Цивилизация. Общество / Сост. А.Ю.Согомонов. – М.: Политиздат, 1992. – 543 с.  
3. Индустрияландыру қорытындылары // http://www.natd.gov.kz/ 
4. Экономикасы кері шегінбеген елміз Егемен Қаз. – 2015. – 12 ақпан. 
5.  Назарбаев Н. Нұрлы жол  – болашаққа бастар жол. – Алматы, 2015.
6. «Бизнестің жол картасы-2020» // http://adilet.zan.kz/ 
7. До 25% возросла доля МСБ в ВВП Казахстана в 2014 г. //  http://365info.kz/

SUMMARY
Making a middle class majority of population, is  considered basis of stability of society. The role of enterprise, that is one their important factors influencing to development of middle class, is examined in the article.

Алдыңғы «
Келесі »