ЯДРОЛЫҚ ҚАРУСЫЗ ӘЛЕМ ҚАЛЫПТАСТЫРУ ІСІН АДАМЗАТТЫҢ ХХІ ҒАСЫРДАҒЫ БАСТЫ МАҚСАТЫ ЕТУГЕ ШАҚЫРАМЫН

  • 09.11.2015
  • 473 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Қазақстан  Республикасының  Прези­денті 
Н. Назарбаевтың 
2015 жылы 
28 қыркүйек  күні   БҰҰ  Бас  Ассамблея­сының  сессиясында  сөйлеген  сөзі

 

Құрметті Төраға мырза! 
Құрметті Бас хатшы мырза!
Құрметті әріптестер!
Ханымдар мен мырзалар!
Біріккен Ұлттар Ұйымының 70 жылдық мерейтойы тұсында бұл ұйымның негізін қалаушылар оған қандай терең мағына бергені жөнінде ой бөлісу маңызды.
Біріккен Ұлттар Ұйымы қазірдің өзінде жаһандық тұрғыдан тарихи мәні бар мін­деттерді орындады.
Біріншіден, планетамызда адамдар жет­піс жыл бойы дүниежүзілік соғыссыз өмір сүріп келеді.


Екіншіден, әлемде аса ауқымды отарсыздандыру жүзеге асырылды.
Біріккен Ұлттар Ұйымын 70 жыл бұрын елу бір мемлекет құрды. Ол кезде әлемнің көп  бөлігін колониялар мен тәуелді ай­мақ­тар алып жатты. Бүгінде әлемдік қоғам­­дастықта 193 тәуелсіз ел бар.
Үшіншіден, Біріккен Ұлттар Ұйымы күн сайынғы, қиын, бірақ қауіпсіздік пен даму үшін баршаға қажетті үнқатысудың бүкіл­­әлемдік мінберіне айналды. Адамзат одан өзінің әралуандықтағы бірлігін, біздің ғажап бірегей планетамыздың тағдырына қатыстылығының ортақтығын сезінеді.
Біріккен Ұлттар Ұйымының негізін салу­шылар алдағы алыс болашаққа ой көзімен қарай білді. Әлем бүгінде олардың бастамалары мен орындалған арманының жемісін көріп отыр.
Ханымдар мен мырзалар!
Қазақстан халықаралық қатынастардағы өзара сенімді қалпына келтіруге, халық­аралық құқықтың негізінде бейбітшілік пен қауіпсіздікті нығайтуға бағыт­талған барлық бастамаларды қолдайды.
Жетпіс жыл бойы әлемдік қоғамдастық әскери қақтығыстарды ақылға қонымды шешудің түйінін табуға тырысып келеді. Бірақ қақтығыстар азаяр емес. Олар кейбір елдерде мемлекеттілікті күйретудің салдарынан шектен шыққан халықаралық терроризмге ұласуда. Адамзат соғыстардың алдын алу және қақтығыстардың салдарын еңсерудің ескірген тәсілдерінен оларды мән-мағынасыз ететін жаңа даму стратегиясына өтуге тиіс.
Ол үшін алыстағы болашаққа батыл көз салып, Біріккен Ұлттар Ұйымына 100 жыл толатын кездегі әлемнің қандай болатынын көре білуіміз керек. Мен Жер бетіндегі өркениет таяудағы отыз жылда соғыстар мен қақтығыстардың шиеленген түйінін даналықпен тарқату үшін күш-жігер таба алатынына сенімдімін.
ХXI ғасырда адамзаттың ең басты мін­деті әлемді соғыс қатерінен мүлде арылтатын және оның себептерін жоятын стратегияны жүзеге асыру болуға тиіс. Сол үшін Біріккен Ұлттар Ұйымының жүз жылдығына Жаһандық Стратегиялық Бас­тама – 2045 жоспарын әзірлеуді ұсынамын. Оның мәні – барлық ұлттардың әлемдік инфра­құрылымға, ресурстарға және на­рық­тарға қол жеткізуінің әділ шарттары негі­зінде әлемдік дамудың жаңа трендін қалыптастыру, сондай-ақ, адамзаттың дамуы үшін жалпыға ортақ жауапкершілікті орнықтыру.
БІРІНШІ. Мен Біріккен Ұлттар Ұйымы­ның Экономикалық және Әлеуметтік кеңесін Жаһандық даму кеңесіне айналдыруды ұсынамын. Оның құрамына Біріккен Ұлт­тар Ұйымы Бас Ассамблеясы сайлаған мүше мемлекеттермен қатар, Біріккен Ұлт­тар Ұйымының мамандандырылған меке­мелерінің барлық басшылары, соның ішінде Халықаралық валюта қорының да басшылары ене алар еді.
Кеңеске Жаһандық экономикалық рет­теу­­­шінің міндеттері жүктелуге тиіс. Ке­ңес жүзеге асыратын бүкіләлемдік жобалар жаһандық экономикалық өсім нүктелеріне айнала алады. Бұл жаһандық дағдарыстар қатерін айтарлықтай азайтуға, сондай-ақ, мемлекеттердің ұлттық экономика және әлеуметтік саясат мәселелеріндегі жауап­кершілігін күшейтуге септігін тигізеді.
Жобасы Астана Экономикалық форумы аясында қызу талқыланып келе жатқан Дағдарысқа қарсы дүниежүзілік жоспар идеясы өте өзекті болып көрінеді.
Әлемді алаңдатып отырған маңызды мәселелер – терроризм, мемлекеттердің күйреуі, көші-қон және өзге де келеңсіз құбы­лыстар экономикалық дағдарыстың, кедейшіліктің, сауатсыздық пен жұмыссыз­дықтың салдарлары болып табылады.
Жаһандық дағдарыспен күресті қазіргі кезде заңдылық, демократиялылық, бәсеке­лестік, тиімділік және халықаралық бақылау ұстанымдарына сай келмей отырған эмиссия мен әлемнің резервтік валюталары айналымын реттеуден бастау қажет.
ХХI ғасырда әлемге сапалық тұрғыдан жаңа қаржы құралдары керек. Жаһандық орнықты даму мен өсіп-өркендеудің мақсат­тары мен міндеттеріне сай келетін ұлт үстілік әлемдік валюта әзірлеу бағытындағы Біріккен Ұлттар Ұйымына мүше елдердің күш-жігерін біріктіру қажет.
ЕКІНШІ. Хиросима мен Нагасакиді атом қаруымен бомбалаудан соң 70 жыл өткенде ядролық қарусыз әлем қалыптастыру ісін адамзаттың ХХІ ғасырдағы басты мақ­саты етуге шақырамын. Біріккен Ұлттар Ұйы­мының ядролық қарудан азат әлемге қол жеткізу жөніндегі Жалпыға ортақ декларациясын қабылдауды ұсынамын.
Қазақстан – ядролық полигонды жапқан және ауқымы жағынан төртінші ядролық қару-жарақтан өз еркімен бас тартқан, сондай-ақ, Орталық Азияда ядросыз аймақ құрған тарихтағы тұңғыш ел.
Ядролық қарусыз аймақты әлемнің өзге өңірлерінде, соның ішінде Таяу Шығыста да құрған жөн. Ядролық державалар ядролық қаруға иелік етуден бас тартқан барлық елдерге күш қолданбауға кепілдік беруге тиіс.
Біз Иран ядролық бағдарламасы бойынша келіссөздердің екі раундын 2013 жылы Алматыда өткізуге бастамашы болдық. Иран ядролық бағдарламасы бойынша жалпыны қамтитын іс-қимыл жоспарына қол қойылуын қоштаймыз.
Қазіргі таңда мемлекеттердің бейбіт мақсатта қолданылатын атомға және ядро­лық отынға кемсітусіз қол жеткізу құқы­ғын кепілдендіру қажет. Нақ осы се­бепті біз Қазақстанда МАГАТЭ-нің Халық­аралық аз байытылған уран банкін құру туралы келісімді қолдап, қол қойдық. Бұл – жаһандық ауқымдағы оқиға. Әлем оны атомды қауіпсіз әрі бейбіт мақсатта қолда­нудың маңызды қадамы ретінде бағалауға тиіс. Сонда атом энергетикасын дамытқысы келетін  елдер үшін уранды өздері байыту­дың еш қажеттілігі болмайды.
Жаһандық антиядролық қозғалыс құру маңызды міндет болып отыр. Жер бетіндегі әрбір адам ядролық сынақтарға тыйым салу ісіне өз үлесін қоса алады және солай болуға тиіс.
ҮШІНШІ. Халықаралық құқықтың қадірінің азаюы мен жаһандық институттар рөлінің әлсіреуі қауіпті сын-қатер болып отыр. Біріккен Ұлттар Ұйымының Жар­ғысы дүниежүзілік соғыстар мен әс­кери қақтығыстардың миллиондаған құр­­бан­дарының қанымен жазылғанын ұмытпау маңызды. Оның баптарының, әсіресе, мемлекеттердің егемендігі мен аумақтық тұтас­тығын қамтамасыз ету жө­нін­дегі баптарының қандай да бір бұзылуы адамзатты өткеннің қасіретті қателігін қайталауға ұрындырады.
Санкцияларды Біріккен Ұлттар Ұйымы­ның Жарғысы мен халықаралық құ­қық нормаларына қайшы келетін әрекет ретінде бағалап, олардың өз беті­мен қолданылуын бол­дырмау қажет. Миллиондаған адам­дар­дың игілігіне әсер ететін халық­аралық санкциялар қолдану құқығы Қауіпсіздік Ке­ңесінің ерекше құзырында болуға тиіс деп сенемін. Бұл қағидаттарды сақтамау қазіргі әлемдік тәртіптің негіздерін ыдыратады, «қырғи-қабақ соғыстың» сарқыншағына айналады.
Әмбебап ұйым ретінде Біріккен Ұлттар Ұйымын алмастыра алатын балама жоқ екенін атап айтқым келеді.
Елдердің өздерінің халықаралық мін­дет­темелерін орындауы қазіргі әлемдік тәртіптің ең басты мәселесі болып қала береді.
Қазақстан Украина дағдарысын бейбіт жолмен реттеуді және Минск келісімін қақтығысушы тараптардың толық орындауын дәйекті түрде жақтап келеді.
Қазір барлық күш-жігерді халықаралық қатынастарда үнқатысуды, өзара түсіністікті және сенімді қалпына келтіруге жұмылдыру керек. Сол үшін 2016 жылы Біріккен Ұлттар Ұйымының халықаралық құқықтың арқаулық қағидаттарын бекітуге арналған жоғары деңгейдегі халықаралық конференциясын шақыруды ұсынамын.
ТӨРТІНШІ. Терроризм мен діни экстре­мизмнің  қаупі жаһандық ауқымға жайылып барады. Біріккен Ұлттар Ұйымының қолдауымен халықаралық терроризм мен экстремизмге қарсы тұра алатын бірыңғай әлемдік желі құруды ұсынамын. Бұл мін­детті жүзеге асыру үшін Біріккен Ұлттар Ұйымының терроризммен күрес жөніндегі мәселенің бәрін қамтитын құжатын әзірлеп, қабылдау қажет.
БЕСІНШІ. Біріккен Ұлттар Ұйымының «Баршаға арналған тұрақты энергетика» бастамасын қолдау үшін Астанада 2017 жылы «Болашақтың энергиясы» тақы­рыбымен бүкіләлемдік көрме өтеді. Барлық мемлекеттерді көрмені дайындауға және өткізуге қатысуға шақырамыз. Бола­шақты ескеріп, «ЭКСПО-2017» көрмесі инфрақұрылымы негізінде Астанадан Біріккен Ұлттар Ұйымы қолдауымен Жасыл технологияларды және инвестициялық жобаларды дамыту жөніндегі халықаралық орталық ашуды ұсынамын.
Құрметті әріптестер!
Біріккен Ұлттар Ұйымының қолдауымен «Жаңа Болашақ» (NEW FUTURE) тұжы­рым­дамасын әзірлеу Жаһандық Стра­тегиялық Бастама – 2045 жоспарын жүзеге асыру­дың алғашқы қадамы болар еді.
Біріккен Ұлттар Ұйымының құрылғаны­на 70 жыл өткеннен кейінгі адамзат дамуын­дағы жаңа кезеңнің міндеттерін нақты айқындау қажет.
NEW FUTURE дегеніміз – ядролық, энер­гетикалық, су және азық-түлік қауіпсіз­ді­гі, сенім, өзара түсіністік және реформалар.
Қазақстан Еуразия өңіріндегі қақты­ғы­сушы тараптарды бітістіру үшін араағайын­дық жасауға күш салып келеді және күш сала бермек.
Аталған бағыттар мен қағидаттар Қа­зақстанның 2017-2018 жылдарда Бірік­кен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік Кеңе­сі­нің тұрақты емес мүшелігіне сайлану науқа­нына арқау болып отыр. 70-ші сессияға қа­тысу­шылардың барлығын біздің еліміздің кан­дидатурасын қолдауға шақырамын.
Ханымдар мен мырзалар!
70 жыл бұрын Женевада, жұмыс істеуден қалған Ұлттар Лигасының орнына Біріккен Ұлттар Ұйымы құрылған кезде оның штаб-пәтерін Нью-Йоркте орналастыруға шешім қабылданды. Бұл сол кезеңде халықаралық қатынастар бойынша Батыс Жарты шарының рөлі артқандығына байланысты болған еді.
Әлемді дамыту орталығы Кәрі құр­лықтан Жаңа құрлыққа, Еуропадан жаһан­дық өрлеудің жаңа орны – АҚШ-қа, Нью-Йорк­ке ауысты. Содан бері көп нәрсе өзгер­ді, әлем өзгеше қалыптасты.
ХХІ ғасырда даму орталығы әлемнің ең үлкен континенті – ғаламшар тұрғында­рының үштен екісі мекендейтін, ірі ресурстар шоғырланған Азияға қарай ойы­сады. Азияның дамып келе жатқан экономи­кала­рының қуатты серпіні жаһан­дық үдеріс­тердің жаңа сипатын танытып отыр. Осы үдерісті ескере отырып, мемлекеттердің өзара қарым-қатынасына жаңа серпін беру үшін бұл тарихи мүмкіндікті пайдаланудың маңызы зор.
Біріккен Ұлттар Ұйымының штаб-пәте­рін Азияға көшіру мәселесін ойластыру­ды ұсынамын. Қазақстанның бастамаларын ұлттар қауымдастығы қабылдайды деп зор үміт күтемін.
Назарларыңызға рахмет!

Алдыңғы «
Келесі »