ХАНДЫҚ ДӘУІРДЕ ҰЛЫЛЫҚ ПЕН КЕМЕҢГЕРЛІК ҚАНДАЙ ДӘРЕЖЕДЕ ӨРБІДІ?

  • 09.11.2015
  • 354 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Молдағали МАТҚАН,
қоғам қайраткері, 
публицист-жазушы, академик

«Өткенді білмейінше, бүгінгі күннің мәнін және келешектің мақсатын түсіну мүмкін емес».
Максим Горький.

«Басқаның патшасының бәрі жақсы, 
Неліктен біздің хандар жаман болған?..»
Ғафу Қайырбеков.

Кеңес заманының 
қитұрқылығы

Тәуелсіздікке ие болғанға дейін әңгіме-тарихымыз Қазан төңкерісінен басталатын. Ар жағы бұлдыр – күмәнсіз еді. Кеңестік идеология халқымызды осылай үйренуге мәжбүрлеп, қазақтың мұрнын сырғалаған сағақпен ғана жетелеп келді. Ал, негізінде тарихи шындық мүлде бас­қаша болатын. Жер бетіндегі қай ха­лық болмасын, олар аспаннан салбырап түсе қалған жоқ. Әр халықтың шыққан тегі, дамудың өз тарихы, болмыс-бітімі бар. Қазақ халқы да дәл солай. Мәселен, кешегі кеңестік заманында қазақ хандарын халықты тек қанаушылар ғана етіп көрсету, бұл – бұлжымас заңдылық болғандығы айдай ақиқат. Сөйтіп, олардың өзінің атақонысынан ұлтарақтай да жерді ешқайда да шашау шығармастан территориялық біртұтастықты қанымен қорғап қалу, тәуелсіз елдіктің ерлігін нығайта түсу, жеңімпаз ұлттық көкбөрі қайсарлықты сақтап қалу жолындағы тең­десі жоқ жанқияр қызметтері, жанкешті қаһар­ман ерліктері мен ұлылықтарын мүл­де ескерусіз қалдырғанды. Сол себептен, бұны кейбіреулер  жеке бастың  саяси ұпайын еселеуге… пайдалану үшін тарихи шын фактілерді қасақана бұрмалау мақсатында жекелеген саясаткерлер мен жікшіл қаскөйлердің қолындағы насихат қаруына айналғандығы да, бүркемелеудің ұтымдылығын қасақана күйде сұрқиялықпен жүргізіп келгендігі де белгілі. Тарих фактілерін бұрмалау, жекелеген тарихи тұлғаларды «әзәзілге теңеу» және «ақтау» – мұның барлығы да тек жеке бастың бір сәттік саяси мүддесін оздыра түсудің пайдасына күшпен жамалуды үйлестіріп отыруын, қоғамдағы алауыздықты тудыру мақсатында жасалатыны ақиқат. Бұндай тарихи ақиқатқа тексіз, опасыздыкпен қиянат жасау, бұл – қылмыспен пара-пар дүние екені кімге болса да аян. 
Текті ер елі, ұлты үшін жанын қияр болып туады. Айталық, Әбілқайыр мен Абылайға қатысты өмірбаяндарынан бас­тап, саяси көзқарастарына дейін алып қарайтын болсақ, олар – көп жағдайда, бір-бірімен ұқсас тұлғалар. Абылай Орынбор губернаторы Иван Неплюевке жазған хатында: «Әбілқайыр – халқымыздың бағына біткен тұлға, біздің қамқор әкеміз еді», – деп тектен-тек жаза салған жоқ. Бұл бұлтартқысыз тарихи ақиқаттан туындаған. Расында да, бұл ұлттық, халықтық мүддені хандық дәуірде жеке бастың мүддесінен аса жоғары қоя білудегі көреген ұлылық пен кемел кемеңгерліктің, жанқияр халықшыл да мемлекетшіл құрылымның шын мәніндегі нәтижесі еді. Сол кездегі шынайы ақиқатқа жүгінер болсақ, ХVІІІ ғасырдың алғашқы ширегі қазақ тарихында ең бір қиын, ең күрделі кезең болды. Міне, қазақтың тағдыры осынау алмағайыпты (қазақ жер бетінде қалу не қалмау кезеңі еді) аса айрықша сынға түскен сәтте Шыңғыс ұрпақтары арасынан жан-жақтан анталап, тұс-тұстан қанішерлігімен шабуылдаған аждаһалы қаскөй жауға қарсы ел-жұртын бір жұдырыққа жымдастырумен жұмылдыруды көреген кемеңгерлікпен ұйымдастырып, бір ту астына жинақтай білген аса айрықша күйдегі теңдесі жоқ ұлы тұлға – осы Әбілқайыр хан екені хақ. 
1675-1821 жылдардағы қазақтың басқарушы элитасы туралы, әсіресе, Әбілқайыр мен Абылай туралы жан-жақты терең зерттеуге қатысты фундаментальдық үлкен еңбектің арқасында қазақ тарихының бұрмалануына қарсы тұра білген, Әбілқайырға қатысты оның шын мәніндегі әділ де тура саяси жоғары бағасын анықтау, тау тұлғалық және эпистолярлық мұрасын айшықтай білген бірден бір тарихшы-ғалым Ирина Ерофеева екені және оның алар орны ерекше екені анық. Сондай-ақ, сол тұстағы тарихты зерттеген Левшин, Добросмыслов сынды орыс зерттеушілерінің еңбектерінен де Әбілқайырдың ел тәуелсіздігі мен дербестігін, жер тұтастығын қайткен күнде де сақтап қалуды ғана көздегенін аңғарамыз.  Бұлардың елге өлшеусіз сіңірген қаһарман ерліктері мен жанқияр дәрежедегі қызметтері жайында, әрине, өз алдына кеңірек айтуды қажет ететіндіктен, бұл әрі бөлек, әрі ұзақ әңгіме. Сондықтан да, кейінге қалдыра тұралық.
Қазақ қауымдастығында «жаман айтпай, жақсы жоқ», «бөрі жоқ» деме – бөркі астында, «жау жоқ» деме – жар астында» деген ескертпе өсиеттері арқылы кез келген қауіпті қасіреттердің алдын ала білу үшін алдымен күні бұрын ерекше дайындықты үнемі еселеп, бұрынғыдан да бетер күшейтіп отырмайтын ба еді, бұрынғының данагөй халықшыл қарияларымыз. Әрине, ол заманда қазақтар құрлықтың ортасында – қаскөй дұшпандардың қоршауында өмір сүрді. Кез келген сәтте бір тұстан жау шыға келуі мүмкін, міне, осыған тас-түйін күйде әзір отыру керек болатын. Сол себептен де, қазақтың Ұлы даласында ақыл-парасаты, көреген кемелдігі… төмен кісінің хан болуы еш мүмкін болмаған! Содан да болар елде меритократия мен жалпы халықтық авторитет принципі ғана жүрген (Әлеуметтік жағдайы, қаржылық мүмкіндігіне қарамастан, таққа тек лайықты тұлғаның отыруы ғана көзделген басқару принциптерін меритократия дейді). Хан тағынан үміткер адам аристократия (ақсүйек) өкілі болып қана қоймай, сонымен қатар, есті де тектілігі, ақыл-парасаты, білім-біліктілігі, жанқияр халықшылдығы, батыл қайраткерлігі… жағынан басқа жұрттан шоқтығы биік күйде озық тұрған тұлға болуы тиіс. Күллі ел, ұлт алдында ерекше абырой-беделге ие болғанда ғана сені хан етіп сайлайды! Таққа лайықтыны таңдау мен сайлау таза күйде жүргізілгендіктен берген антына сай адал да таза, турашыл да әділ кемелдікпен байтақ елі мен жерін, халқын кез келген қаскүнем жаудан қасық қанын төге жүріп қорғай білген. Шын мәнінде халықтық хан болуға лайықты адал нағыз тұлғалы кісі өз халқынан алшақтап, жеке бастың қамын күйттеп байлық жинау дегенді, жемқорлыққа ыңғайлы сәті түскенде қарпып қалу дегенді білмегендігі тарихтан белгілі. Хан жеке басының саяси ұпайын еселей түсу үшін ақсақты дыңдай етуді, өтірікті шындай етуді үнемі ширату арқылы жалған абырой, жасанды беделді жасақтау мен оны күштеп өзіне жапсырудың үрдісі мүлде болмаған. Өйткені, қазақ бір адамға табынушылық дегенді білмей өмір кешкен халық. Хан өзінің ішкі қызметінде де, сырт елмен қарым-қатынаста да саяси салмақты да сабырлылығы, салиқалы да сұңғылалығы, батыл да айбынды, көсемдік қайраткерлігі үстем күйде болғандықтан айналасына топтастырған шыншыл да ұлтшыл, мемлекетшіл де халықшыл нөкерлері, сұлтандары, билері мен сарбаздары да байтақ ел, жер дегенде, ұлттық, халықтық мүддені аса жоғары қою дегенде ерекше адал да таза, жанқияр халықшыл күйде мінсіз қызмет етті. Күллі ел, ұлт, халық алдындағы өлшеусіз де шексіз қарыздары мен парыздарын, аса айрықша жауапты қызметтерін озық та ұтқыр күйде қапысыз өтей білудің халыққа ең жағымды да ең ұтымды пайдалы коэффициенттерін еселей білді. 

Әділетсіз ханды 
ханталауға түсірген
 
Бұл жағдай өз кезегінде елде жетім-тастанды бала ұғымын туғызған жоқ, тіпті, жетім балалардың үйі, интернаты деген түсінік мүлде болған да емес. Есікке құлып салмай алаңсыз өмір сүрудің үлгілі өнегесін оздырды. Ол кездегі қазақ түрме дегеннің не екенін білмей кетті. Ел ішінде кездескен бірлі-екілі тентек, ұры-қара атаулыларды билер мен халықшыл ақсақалдардың аса қатаң тезіне салудың ұтқырлығы, кек алу әділдігін оздыра білудің, құн мен айыппұлды төлетуді жетілдіре түсудің ұтқырлығы, кейін айқындалған айыптыларды бүткіл ел түгел жұмылып, ата-анасымен қоса қоғамда әшкерелеу, елден аластату… қатал бақылау мен қадағалауға алынудың үрдісі ең ұтқыр да озық үрдістердің ең асылы болып, үнемі жетілумен дамыды. Қысқасы, нағыз халықтық ұтқыр мемлекеттік құрылымды оздырды. Сол уақытта қан төгістің түрін шектен тыс өрбіткен қырғынды соғыстардың жиі болғандығына қарамастан, елдегі жетім қалған балаларымызды өзінің жан бауырынан, рулас туысынан, ағайын-жекжаттарынан айырып, қан қақсата жылатудың қасіреттерін өрбіту деген мүлде болған емес. Жесірлерін ешқайда да қаңғытпастан, қан құстырумен зарлатпастан өмір сүргізе білудің ең ұтымды күйдегі ұтқыр жүйесін қалыптастыра білді… Бұндай ұлттық үрдістеріміз, сөз жоқ, әлемде теңдесі жоқ ұлы үрдістердің ең ұлысы екені сөзсіз. 
Реті келгенде айта кеткен жөн. Айталық, хандық алтын дәуір өткеннен кейін ХХ-ХХІ ғасыр ағымында, өкінішке қарай, қылмыскер жасаған ауыр қылмыстарына қатысты ең тиімді үрдіс – кек алуды, құн төлетуді… жою, бұл – түп келгенде қазақтың қаһарман ерлікке толы текті елдікті, жеңімпаз қайсар көкбөрі ұлттықты, байтақ ел мен жерді, һәм ұлтты, ұл-қыздарымыз бен шәкірттерімізді мінсіз қорғай білу мақсатындағы намысқой еркектік мінезді, жалпыхалықтық күрескерлігі зор асқақ рухты түбегейлі жоюға әкелді. Ұтқыр кек алушылық орныққан қоғамда біреуге біреу (мемлекет қызметшісі де) орынсыз тиісу арқылы әділетсіздік, зұлымдық, озбыр үстемдік, қастандық (киллерді жалдау), тіпті, қиянат жасау… атаулы мүлде болмаған. Бұндай құрылым қылмыстың пайда болуына, өрбуіне ешқандай да жол бермейтіндігін өзге мемлекеттің де тәжірибесі дәлелдеп отыр. Кеше «Кекшіл болма, көпшіл бол» деп құрық бойламас сан алуан қитұрқы айла-шарғымен қазақты ұлтсыз, тексіз, намыссыз, сатқын, екіжүзді опасыз, жағымпаз, мәңгүрт құл-құтан етіп қаулатудың ең ұтымды дәстүрін қоғамдық айналысқа енгізді. Сол сияқты бүткіл ауылға, ұрпаққа ие бола білуге міндетті есті де текті халықшыл ақсақалды, кемел отағасыны… толық құртты. Бұндай қатерлі ахуалда не істемекпіз? Біз кешегі текті де кемел елдікті, күрескер ұлттығымызды, ұтқыр да озық мемлекеттік ұлттық құрылымды қайта қалпына тезірек келтіре аламыз ба? Қашан?  
Міне, әлбетте, хандық кезеңдегі елді кемеңгер де көреген іскерлікпен басқара білудегі ең басты ұтқыр артықшылықтың сыры, ол уақыттағы көреген ұлылық пен асыл кісіліктің сыры – ұлттық бір қазанда халықпен бірге қайнай білуінде, елімен бірге у ішсе у, су ішсе су іше білуінде, ұлттық тәлім-тәрбие мен тәртіптің ұтымдылығын қатаң түрде үнемі жетілдіре отырып, теңдесі жоқ дәрежеде оздыра білуінде жатса керек. Сондықтан, қазақ билеушілері арасында лайықсыз адамдар болған жоқ. Өйткені, халықтың ханнан да биік мәртебесін, ұлылығын төмендету бағытына ешқашанда жібермеген. Керісінше үнемі халықтық рухты асқақтатып, ұтқырлығын оздыруды еселеп отырған. Ол кезде ханның елдікке қатысты, халық тағдырына қатысты бірауыз сөзбен ханды қайырған кемел билер мен қас батырларға қоса, Асанқайғы, Бұқар жырау сынды қайраткерлердің халықшылдығы мен мемлекетшілдігі, көреген де кемеңгерлігі, ірі кісілігі, ақыл-парасатының ұтқырлығы орасан зор болғаны аян. Билік атаулы міндетті түрде халықпен санасуға қатысты мүдделілігі аса жоғары болғандықтан, елдің, ұлттың ұлттық көкбөрілік рухы мен айнымас жымдасқан бірлігін самғата отырып, жеңімпаз күрескерлігі мен қажымас жанқияр қайсарлығын тас-түйін күйдегі Көкбайраққа айналдырып отырған. Егер, хан халқымен санасудан айнып, адал да таза бағытындағы қызметін дұрыс атқара алмаған жағдайда, халық ханды ханталауға түсірудің ерекше ұтымдылығын да үнемі жетілдіріп, оздырып отырған.
Қаһарлы ел – жеңімпаз. Сөздің шынын айту керек, ол кезде ханның да, халықтың да рухы асқақ күйде самғауда болған. Сондықтан, «Қаһарлы елде хан тұрмайды, құнарлы жерде қақ тұрмайды» дейтұғын идеологиялық ұлы қағиданың жеңісті жемістері теңдесі жоқ дәрежеде орасан зор болғаны анық. Айталық, осындай теңдесі жоқ асқақ рухты да көреген ұлылық пен кемел кемеңгерліктің арқасында ғана Алтай мен Атыраудың аралығын алып жатқан кең байтақ Ұлы даланы басыбайлы еркін мекен ете білуі және оның ең негізгі байырғы иесі бола білуі, бұл – ұлы ата-бабаларымыздың қаһарман қабілет-қасиеттерінің зор болғандығының айшықты айғағы болса керек. Осылайша кешегі өткен хандық дәуірдегі мемлекеттік құрылымның теңдесі жоқ қадау-қадау ұлы құндылықтары мен ұтқыр асылдықтарын тізбектеп айта берсек таусыла қоятын түрі жоқ, мені айт деп жарыса түскендей күйді кештік. Алайда, ұлылық пен асылдық атаулының бәрін түгендеп шығуды мақсат етпегендіктен әңгімемізді әзірге қысқарта тұруға мәжбүрміз. Қысқасы, кешегі өткен қазақтың Ұлы даласында хан сөзден сүрінсе де, шын мәніндегі халықшылдық пен адал азаматтық салтынан, ұлттық ұтқыр қызметінен сүрінбеген алтын заманның өткендігі барша әлемге аян. Міне, сол себептен де қазақ қауымдастығында «Халық – қазы, пікір – таразы», «Халық қаласа, хан түйесін сояды» деген ұлы сөз бекерге айтылмаса керек. Сол сияқты қазақ қауымдастығында Ұлы даланың төсінде қой үстінде бозторғай жұмыртқа салғандығын, оның халыққа айрықша жағымды да және аса ұтымды шуағы мен нұры шарықтаған алтын заманның болғандығын аузының суы құрғанша жыр қылып айтып, сондай заманды үнемі аңсаумен, армандаумен отыруы да осыдан болса керек. Қорыта айтқанда, қазақтың Ұлы даласында хандық дәуірдегі көреген ұлылықтың, кемел кемеңгерліктің, сұңғыла саясаткерліктің, ірі кісілік пен жанқияр халықшыл қабілет-қасиеттің ең озық күйдегі ұтқыр өрісі мен ең пәрменді ықпалы теңдесі жоқ дәрежеде өрбігендігі және ұрпаққа үнемі үлгі-өнеге бола білгендігі тарихтан айдай айқын күйде көрініп тұр. Ендеше, биыл 2015 қой жылы қазақ хандығының 550 жылдығын тойлаудың бүгінгі және келешек ұл-қыздарымыз бен шәкірттерімізді жаңаша тәрбиелеуге қатысты жөні де, маңызы да мүлде бөлек. Бұндай ұлттық іс-шараларымыздың қарсаңында да, одан кейінгі уақыттардың бәрінде де қазақтың халық, ұлт ретінде бүгінгі қазақ елі «Ұлы дала елі» екендігімізді жаңа форматтағы жүйелі де ұтқыр, теңдесі жоқ озық күймен үнемі күллі әлемге жаңаша паш ете білудің мүдделі ұлы мақсатында, бүткіл мектеп, жоғары оқу орындарында, сондай-ақ мемлекеттік құрылым атаулының барлық сатысындағы ұжымның бірін қалдырмай түгелдей қамти отырып, Отан, ұлт тарихын, Отансүйгіштіктің, ұлтын, ұрпағын жанындай егіле сүйе білушіліктің ең озық үлгі-өнегелерін жаңаша қаулата білудің мақсатында нағыз патриот азамат бола білуді оқытудың проблемасын кезек күттірмес көкейтесті ең өзекті де өткір бірегей ұлттық мәселе ретінде тезірек шешуіміз аса қажет. 
Айбатты да айбынды елдікті озық күйде қалыптастыру арқылы батыл да білікті, сұңғыла саясатты жүргізе білуді теңдесі жоқ дәрежеде ұтқырлықпен қабыстыра отырып, үнемі биікке самғата түсуді оздырмайынша, тәуелсіз дербес елдігіміздің тұғырын құрыштай шыңдаудың да, оны баянды күйде сақтап қалудың да өзекті проблемасы түбегейлі шешілмейтіні хақ. Ұлттық рух пен тілді, ділді, дінді, ұтқыр тарихымыз бен рухани озық мәдениетімізді сары желімдей қабыстыра зерделей түсу арқылы ғана оларды құрыштай үнемі ширатып, оздырып отыру, бұл – біздің мызғымас рухани тірлігіміздің, ел бірлігі мен біртұтастығының ең негізгі алтын қазығы бола білгендігін бәріміз де өткен шежірелі ұлы тарихымыздан көріп отырмыз. Өйткені, біз, кешегі есті де текті қазақ мекен еткен Ұлы даланың көкбөрі ұрпақтарымыз. Осынау кең байтақ Ұлы даланың біртұтастығын біздің ата-баба­ларымыз кемеңгер сұңғылалы саясатымен үнемі ат үстінде тек қанын төге жүріп, терін төге жүріп қорғаумен сақтап қала білді және бүгінгі бізге мәңгі елдікке мәңгілікке мирас етіп қалдырғаны да хақ. 
Сол үшін де біз, бүгінгі қазақ біріміз қалмай, бәріміз де ұлы көсемдеріміз бен арыстарымыздың алдында аса айрық­ша күйде қарыздар екенімізді естен шы­ғармайық. Бұл әкімнен бастап, әркімді тол­ған­дыратын мәселе болуы керек. Мық­тылықтың мық шегесі де осы. Олай болса, сол өлшеусіз қарызымызды мінсіз өтей білу бағытында жанқияр дәрежеде күресе білейік, ағайын. 

 

Алдыңғы «
Келесі »