Қазақтың ұлттық-тарихи психологиясы

  • 09.11.2015
  • 589 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Ислам Жеменей, 
филология ғылымдарының докторы, С. Демирел атындағы университеттің профессоры

Адамзат психологиясы әр адам баласы үшін ортақ құндылық. Сондай-ақ әр адамның психологиясы туған-өcкен ортасы арқылы генетикалық құндылыққа айналып отырады. Сол себепті, бір-біріне ұқсамайтын, құбылып тұрған қайшылықтарға мол құбылыс, яғни, адам болмысы үйлесім іздеумен өмір кешуге мәжбүр болады. Әр адам өзіндік мінез-құлыққа ие. Адамның мінез-құлқы оның тіршілігінің қалай болатұғынын айқындайды. Адам психологиясы гендес­кен сана мен сезім арқылы өз ортасында мінез-құлқын қалыптастырған соң құбылған мінез-құлықтар аласапыран қазанда қайнап, пісіп өз дәміне, өзіндік бояу мен ерекшелікке ие болып жатады. Сонда бұл адам кім? Не үшін жаралған? Не істегісі келеді? Қай мақсатқа қызмет жасайды? Бәр ісі өз еркімен жүзеге аса ма? Өмірлік құндылығы қандай? Жаратылыс сыры неде? – деген сұрақтар төңірегінде ұдайы жауап іздейді.


Аталған сұрақтарға жауап беру үшін әуелі танымдық көзқарас қажет. Оны анықтап алуға тиіспіз. Жалпы алғанда, адам болмысының психологиясы мен философиясы ғалымдар мен ойшыл­дар арасында дүниеуи, яғни, материалистік және рухани, яғни, идеа­листік тұрғыдан талданып келе жатыр. Бұның тамыры тереңде жатыр. Берісін алғанда адам мінезін тануда 1912-1920 жылдары «Мінезтану ғылымы» саласының негізін қа­лау­шы Жон Ватсон (1878-1938) таны­мының тап-таза материалистік дүниеуи өлшемін мысалға айта аламыз. Жон Ватсон өзінің материялистік психо­логия­лық-философиялық көзқарасы жа­ңа эксперименттік философияның ата­­сы ретінде танылған ағылшын философы    Жан Лак (1632-1704) танымынан нәрленіп жатса, психологиялық пайымдануы И.П. Павлов (1849-1936) итке жасаған экспериментін қолдай отырып, жануардың физиологиялық психологиясы шарттандыру арқылы қалыптасуының тұжырымын жасап «Мінезтану ғы­лымы» саласын таза материалистік та­ным­­ға жетеледі. Әрине, Жон Ватсон адам баласының дүниеуи сұранысына орай, оның мінез-құлқын тануда үлкен табыстарға жеткізді. Бірақ та, оның адамтану жүйесі адам баласының рухани әлемін танудан қалыс қалды. Психология ғылымының ең күрделі түсі де дәл осы жан, сана және құбылған сезім мен адамның түйсігі.
Ж.Ватсон танымының философиялық негізін ағылшын философының мына: «Адам зейіні туған кезде тура ақ түсті қағаз іспеттес» қағидасынан алған. Осы теорияға орай Ж. Ватсон: «Сіз маған кемістігі жоқ дені дұрыс он екі сәбиді менің белгілеген шарттар бойынша оларды тәрбиелеуге маған тапсырсаңыз, сіз қалағандай оларды тәрбиелеп әр бірінен бір маман мәселен дәрігер, заңгер, өнерпаз, саудагер, басшы тіпті ұры яки қайыршы етіп шығаруға кепілдік  беремін. Бұл мақсатқа жетуге олардың дарынды болуы немесе оларға аталған салалар ұнауы-ұнамауы, қабілеттілігі, жұмыс саласы, нәсілі, ата-тегінің қандай болғанына қарамастан ойлағанымды іске асыра аламын» деп ой бөліскені адам трагедиясының жаңа беттерін парақтай түсті. Осы идеясын дәлелдеп беру үшін Ж.Ватсон эксперименттер жасаған. Оның бірі Алберт атты бір ұл баламен жасалды. Ж.Ватсон және оның әріптесі Розали Рейнер үрейдің шартты түрде қалай пайда болуын анықтау үшін 11 айлық Албертке эксперимент жасады. Эксперимент басталған кезде Албертке тышқанды көрсетіп жақындатқанда сәби одан ешқандай үрейленбеді. Сосын, Алберт қызығып тышқанға қарай қолын созған кезде тәжірибегер кенет балғамен темір-терсекке соққы беріп қатты дауыс шығарды. Қатты дауыс Алберттің үрейленіп, орнынан секіріп кетуіне себеп болды. Алберт тағы бір рет қолын созып тышқанды сипағысы келгенде екінші рет қатты дауыс шығарған тәжірибегер сәбидің селк етіп, орнынан секіруіне тағы да себеп болды. Алберттің қобалжу жағдайы ушығып кетіп, баланың жаны жараланбасын деген мақсатпен эксперимент жасаушылар бір апта экспериментті тоқтатты. Бірақ, бір апта өткен соң эксперимент жалғасты. Бұл ретте Алберт сақтана тышқанға қарады. Сосын, тышқанға жақындап сипағысы келгенде қайтадан тәжірибегер қатты дауыс шығарды. Бұл ғылыми тәжірибе бірнеше рет қайталанды. Соның салдарынан Алберт қорыққанынан жылап, еңбектеп тышқаннан қашатын болды. Сондай-ақ, Алберт тышқаннан қорыққан үшін бұрын үрейленбей жүрген қоян, ит, теріден жасалған пешпет, мақта және Санта Клаос маскісінен де қорқатын дәрежеге жетті. Ж.Ватсонның теориясы орыс ғалымы невролог, физиолог, психолог және дәрігер И.П.Павловтың(1849-1936) итке жасаған «шартты түрдегі жаңғыру мінезі» жайындағы экспериментінің нәтижелерімен орайласып, оның «мінезтану ғылымының мектебін, қалыптастырды. Жоғарыда аты-жөні аталған философ және ғалымдар адам баласын айуандық деңгейдегі тіршілік иесіне айналдырып, кейінгі саяси биліктің идеологиялық психология­сының бағыт-бағдарын айқындауға жол ашты. Әсіресе, материалистік идеологияға ие коммунистерге асқан озбырлық жасауға негізгі жойғын идеологиялық құрал болып, олардың саяси үстемдік құруға мүмкіндік туғызды. Өйткені, ағылшын философы Жан Лак (1632-1704),  орыс ғы­лымы И.П. Павлов (1849-1936) және Ж.Ватсон (1878-1938)  үшеуінің де Құ­дайсыз адамның мінез-құлқын тануға ұмтылғаны және биологиялық сұра­нысын анықтап ғылыми жүйеге салып берулері коммунистердің 1917 жылғы жеңісінен кейін идеоло­гияларының таптырмас құралы ретінде адамдардың рухын жойып, өздеріне бағындыру үшін аталған физио-психологиялық шарттандыру методикасын асқан жауыздықпен қолдана бастады. Байқап отырсаңыз, Жан Лак (1632-1704),  орыс ғылымы И.П. Павлов (1849-1936) және Ж. Ватсон (1878-1938)  үшеуі де Адам кім? – деген сұраққа жауап іздемейді. Адам жаратылысынан туындаған мінез-құлқын танығысы келеді. Сонда, адам болмысы, адам жаратылысы танудан, танылып зерделенудан қалыс қалады. Өйткені, адамның күрделі жаратылысын және адами болмысын ешқашан материалист ғалым да философ та тануға өресі жете қоймасы анық. Себебі, адам тек қана биологиялық жаратылыс емес. Ол биологиялық ақиқатымен бірге рухани жаратылыс. Осыған орай адам баласы өзінің жаратылыс ерекшелігін тануға амалсыз діни танымға жүгінуге мәжбүр. 
Демек, адам психологиясын білу әуелі адам болмысын, жаратылысын танудан басталады. Шындығында Адам болмысын тануда адамзат тарихында ешбір кәсіби философ, ешбір ойшыл ғалым ғылыми және логикалық таразыға сәйкес қорытынды жасай алмаған. Неге? – деген сұраққа да жауап ұзын сонар әңгіме мен талдауды қажет етеді. Бәлкім, мәңгі заманға дейін! Сол себепті, Адам жаратылысы туралы не дейді? Ал, Адам жаратылысынан пайда болған мінезі қалай болмақ? – деген сұрақтарға жауап бере алсақ мүмкін бір шама адам баласының мінез-құлқын әрі адам баласының психологиясын танып, білуге мүмкіндік ала аламыз. Осы орайда Адам жаратылысын тануда оның биологиялық тіршілігі мен рухани тіршілігі бір-біріне тәуелді болғандықтан Жан Лак (1632-1704),  орыс ғылымы И.П. Павлов (1849-1936) және Ж. Ватсон (1878-1938) үшеуінің экспе­рименттік қортындылары белгілі бір мөлшерде адам баласының  мінезін танып, оның артықшылығын арттыруға әрі кемшіліктерін жоюға айтарлықтай көмектесе алады. Бірақ, Адамның болмысын, жаратылысын, сондай-ақ, өмірлік мәнін, философиясын нақтылап беруге қауқарсыз. Өйткені, адам болмысы ең биік және кемел рух Алла мен ең төмен және лас шайтани рухпен ұштасып, тірші­лігінің күрделі иірімінде екі арманға жету жолындағы ұмтылысында кейде табанды, кейде сергелдең жан кейпінде тартыста келеді. Адам дүниеуи және рухани арманына жету жолында тек қана өз қалауы бойынша іс-әрекет жасайды. Адам баласын еш бір идеолог, еш бір философ немесе ғалым жоспар жасап толықтай бағындыра аламайды. Адамның бағынған күні оның өлген күні. Жан Лак (1632-1704),  орыс ғылымы И.П. Павлов (1849-1936) және Ж. Ватсон (1878-1938)  сынды зерттеушілер адам баласының мінез-құлқын тануға талпынған. Олар да, тіпті, материалистік көзқарастағы өзге де ғалымдар ең негізгі тану Адам жаратылысы мен оның болмысын зерттей алмайды. Себебі, Адам теқ қана материалдық зат емес. Қысқасы, адамның психологиясын тану үшін әуелі Адамның болмысын тануға ұмтылған жөн. Адам жайындағы танымдық көзқарастары идеалист көзқарасқа ие танымдардың ішінде ең негізгісі исламдық таным болып табылады.             

 

 

Алдыңғы «
Келесі »