Абайдан соң… Жалпы қазаққа сауалдар

  • 09.11.2015
  • 8559 рет оқылды
  • 3

Игілік  ӘЙМЕН,
жазушы

Сөз алды

…Абайдың жұмбағы. Ия, Абай – Тәкен ақлақ айтқандай «жұмбақ жан». Бірақ-та, «кімге – неге?..» Данышпан, һәкім атамыз айтып кетті емес пе: «Алла – шексіз, Адам – шекті; шектеулімен – шексізді қалайша өлшеп білерсіз» деп. Жарайды-ақ, басқа жұртты былай қойдық-ақ, ал, қара қазаққа (жаңа қазақ, шала қазақ, т. т. туралы айтпай-ақ қоялық) Алла алыс екен-міс; бірақ, өзінің жақыны – Абай неге «шексіз» болмақ? Адамның білгенін, істегенін, сол – адам баласы оқып та, тоқып та болса білмек, істемек емес пе? Е-е-е, міне, гәп қайда? Біздер – қара да қоңыр қазақтар – талапсыз, ниетсіз, керенау-кердең екенбіз. Тек, мақтанға, мансапқа ғана зор екенбіз. «Абай-Абай» деп құр қоқақтағанымыз болмаса, һәкім атамызды шын жүрегімізбен «түсінейікші, таниықшы», сөйтіп, аны­ғынан жадымызға мәңгілікке «тоқы­лықшы» деп жүрмеген екенбіз. Ал, бұрын-соңғы, арамыздағы «болмасаң да ұқсап бағып» жүрген бейбақтарымызды тіптен де қыртымызға қыстырмас екенбіз!.. «Қып-қызыл қырттық!?.» Енді, өз-өзінен сұрақ та туындайды емес пе: «Солай болса, сонда, біз өзі кім болғанымыз?» деген (Негізі, бұл сұрақтың да жауабы атамызда тұрмапты ма: «Адам деген даңқым бар, адам қылмас халқым бар»). Өзін сыйлай білетін һәрбір қазақ оңаша, жеке қалып, өзімен-өзі сөй­лесіп көрсінші…
…Жүрек байғұс сезе-дүр. Біз, бір сөзі­мізде: «Абай – өз халқынан кеткен ақын. Қапалықпен. Жаны жәннат төрінде. Абайыңның қайтып оралуы, оралмауы – ел болғың келуі, келмеуі – қазағым өзі­ңе байланысты» деппіз-ау. Бұл сөзі­мізді оңайшылықпен айттық па? – «өлермендікпен» айтқан едік емес пе.


Абайдың жаны (әуелі Алла біледі) мәңгілік жұмақ төрінде, – оның жаны бебеулеп, қазағының қара аспанын кезгілеп, айнала шарлап ұшып жүр. Қазағы ақыры бір (құрып бітпей тұрып) түзелер («сөз түзелді… сен де енді түзел») күн туса – бойына тұтынар ниет-пиғылы шындап оянса – атасының жаны сол сәтінде ұшып жетері һақ. Ал, әйтпесе, өйтпесек… кеткені кеткен-ау.
И-и-ия, «Абайдың жұмбағы». Деген де, шешілмейтін жұмбақ болар ма? – Бір Құдайдан өзге. Ойлану керек, егер де, «адам» атымыз – «қазақ» атымыз – мұсылмандығымыз  рас болса. «Ойланған – сұрақ қояды; сұрақ қойған – іздейді; іздеген – табады».
Сонымен, сауалдарымыздың ойға оралған бір парасы ғана…

Абай көзі тірісінде неге кітабын
жарыққа шығарып кетпеді?..

«…Ілім-білім жетер-дүр, қаржы-қа­ра­жаты ешкімнен кем емес-дүр. Сөйте тұра, өзінің көрген, білген, сезген «өнерлерін» – қайталанбас қастерлі де ұлағатты сөздерін көзі тірісінде не­ліктен кітап етіп шығарып, можантопай қазағының қолына ұстатып кетпеді екен-ә, Абай жарықтық?» деген тұманды да түйткілді ойға батасыз (Оның үстіне, «бір сөзін ары тартып, бір сөзін бері тартып» жүрген кеше-бүгінгі пысықайлардың ісі де жаныңа батады емес пе).
Мінеки, сауал да сауалдардың бірегейі.
Жұртқа сауал тастар алдында, осы һәм кейінгі сауалдарымызды өзімізге де қойдық емес пе. Егер-яки, бар көрген-білгенімізбен, бар сезген-түйгенімізбен, бар ықылас-ниетімізбен, абайлап қана баяндап көрер болсақ, – соларымызды «Абай атамыздың аузымен айтарға» тырысып-ақ бақсақ, – онда, былайша боп та шығар ма еді-ау-ә: «Тудық, өстік, көрдік, білдік, айттық, айтыстық, тартыстық, қартайдық, қайғы ойладық, жартасқа барып та айғайладық, ақырында түңілдік, моласындай бақсының жалғыз да қалдық. Түк те таппадық… Барша адамзатқа айтылған сөздерімді, ең бірінші кезекте – кенже қалған  қара қазағыма арнамап па едім. Жұрт қатарлы ел болса екен деп тілемеп пе едім. Күллі озық ойлы адамзатпен бір сапта болса екен деп армандамап па едім. Құдайды – Сөзін айттым, – зар қылдым, қан құстым. Сөйткен қазағым, түйе беріп тұрсам да – қотыр, тоқал, тырық ешкі  берген сұмпайының сұлу-сиқыр сөзіне елітіп, соңынан салпақтап еріп, әп-сәтте сырт айналды. Жаңғырық шығар жартас екеш құрлы болмады-ау!.. («Болмағырға – болыспа»). Осындай – «адам қылмас халқым» кітабымның қадіріне жетер ме? – бетпе-бет отырғанның өзінде жалт беретін… Онсыз да дүние кітапқа толды, сол қатарды толтырғанда не табармын. Мақтан, мансап па? Өйткеніңе болайын! – әй, өзім де бір оңбаспын!.. Одан да, өлі де емес, тірі де емес, мына күйік халімде, қалған-құтқан есі-басымды жиыстырып, ертеңімді ойлайын. Құдай кең ғой, есіркей жатар қазағын да, қасқасын да, басқасын да, қаласа. Ал, егер-яки, қапелімде, сөзімді қажетсінер қазағым қараңдап жатса, көкіректеріне жеткілікті құйылды ғой кезінде («арғын-найман жиылса, таңырқаған сөзіме»), жазған-сызған па­рақ­тарым да сай-салада ұшып-қонып жүрген шығар, соларды жинақтап, кітап қыла ма… байқап көре жатар. Өз­дері ізденсін, сөйткендері тәтті болар – өздеріне. Әйтпесе, – «шайнап берген ас болмас», – бәрі-бәрін өзім жасап, тық­пыштап, зорлық қылғандайым жарас­пас. Артық болар, болмаса… «өз сөзім өзімдікі» ғой.»
Міне, қияли да болса, сауалға біздің қыс­қаша жауабымыз осылайша. 
Ал, енді, Сіздіңше қалай – жалпы қазақ?..

Абай неліктен Меккеге – 
зияраттыққа сапарламады?..

…Абай жарықтық үрім-бұтағымен бай болған адам. Өзінің де, қай жағынан болмасын кенде еместігін атап өттік. Халқына еткен еңбегі ұшан-теңіз; адамзатқа бергені ұлан-ғайыр. Солай бола тұра, мұсылмандықтың бір парызы – Меккеге неліктен сапарламады екен-ә? А-ә!?.
Біздің қияли ойымыз айтады ғой: «Қолын «мезгілінен кеш сермеп қалған» Абай һәкім атамыз былайғы бар ғұмырын ілім-білімге – тар қапастағы халқының көзін ашарға арнады. Сөйтіп жүргенде, мезгілінен ерте денсаулығын алдырды («мен ішпеген у бар ма»). Халқын тығырықтан шығарам деп жүріп, сол тар шырмауға өзі түскендей. Оның үстіне, үлкен үміт артқан ұлдары бірінен кейін бірі дүниеден салды. Уайым-қайғысы – қапалыққа ұласты. Халқы жөнге жығылмады. Солай болған соң, («халқым надан болғасын, қайда да барып оңармын») «Меккеге қалқиып та қылқиып қай бетіммен барамын… не жетіскеніме?» деген де шығар-ау. Енді не қылмақ керек еді? Алланың пәрменін күту ғана. Қайтіп? Үйінде – өз Отанында, «жырақтанып» отырып. Неге? «Достан да, дұшпаннан да көңілі қалды». Адамнан жасырғанды – Құдайдан жасыра алмайсың. Қайда да болсын, бәрі-бәрін де: «ағын – ақ, қарасын – қара» деп ажырататын бір Құдай ғой. Абай – бір Жаратушының алдында өзінің ақтығын сезді. Сүйері һақ, қорынары жоқ еді.»
Келесі бір ойымыз: «Әбден діңкәлап қалған» Абай ата «Меккеге жол жүрсем – қайта алмай, жолда қалуым да мүмкін-ау» деп те ойланған болар» дейді. Өз шаңырағында – туған топырағында бақилыққа аттанарға шешкен де шығар. Әлгі айтқанымыздай, қайда да болса Бір Құдіреттің өзі ғой.
Ал, ендігі, Сіз – жалпы қазақ не дерсіз?..

Абай саясатқа неге араласпады?..

Осы күнгі кейбірлер: «Абай неге патшалық – орыстық озбырлыққа қарсы шықпады? – «дос» болды…» деп ыңырси білгірсінеді. Онысының астарында «саясатта шаруасы болмады-ау» дегендей пәлсапасы бұғынып жатады.
…Біздің ой-пайымымыз: «Әуелімнен, Абайдың бүкіл саналы ғұмырының өзі «саясаттың сергелдеңінің» нақ өзі емес пе еді!?. «Әдебиет – Құдайдың бір аты; философия – Әдебиеттің сіңлісі» деген де екенбіз-ау бір сөзімізде. Ал, «саясат» – «жәлеп қатын» (Жәлепсіз – сайтансыз жалған дүниеңіздің болмасы тағы белгілі). Абай сол пәледен сақтанудың жолын мегзейді, ымдайды, демдейді… Астарлап сөйлейді. Біздер сияқты боғын езгілеп, езбелеп отырмайды. Құдайдан шығады, – Сөзін жеткізеді. Олай болса, Абайға «төмен тірліктің – төмен сөздің» не қажеті бар еді? Ал, енді не керек?!. «Болды да партия, ел іші бұзылды» немесе «Өз ырқың өз қолыңнан кеткеннен соң» дегенде, «сол озбыр күшке омырылып, күлге айналмауыңның» жолын бүге-шігесіне дейін («айтылмай сөзім қалған жоқ») жеткізіп те кетпеді ме – түсінген, ұғынған жанға!?. «Орыстың тілін біл» десе, сол «орыс озбырлығына – сол орыстың тілін білу арқылы ғана қауқар қыласың; одан ары, әлемге шығып – әлеммен бетпе-бет келесің»деп уағыздады емес пе. «Қаруың да, қауқарың да – «Ілім-Білім!» – ол ілім-білімді орыс тілі, одан арғы тілдер арқылы аласың» деген жоқ па?..»
Бір білгірлердің одағай сөзі де оқта-текте бой көрсетіп қалады: «Бір жолы, Семейден келген орыс ояздары Абайдың үйіне түсіпті. Ішіп-жеп болған соң, ояздар тысқа шығып, бұта-бұтаны сағалап кетіпті. Осы сәтті пайдаланып, Абай ояздардың пәпкелерін ақтарыпты-мыс. Сөйтсе, «қып-қызылдың!» үстінен шығыпты: «Қазақты шоқындыруды тездету қажет!» «Қазақты жоюды жеделдету керек!» т. т. т. Содан бастап, Абай қапа болып, тілін тістепті-міс…»
Бұл – «шалағай сөз» деп білеміз. Себебі, бүкіл дүниенің парқын білген Абай, орыстың ой-пиғылын аңғармады емес қой… Майда сөйлеу – ұсақ тірлік – Абайдың қолы емес еді. Оның болмысы – өте-өте жоғарыда еді! «Алланың өзі де рас, сөзі де рас».
  Ал, Сіздің ойыңыз қалай – жалпы қазақ?..

«Махаббатсыз – дүние бос» па… 
«дүние – дос» па?..

…Тіптен, жетпістен асып жығылып, сексеннің сеңгіріне селкеңдеп қалған кейбір ақынгөй-жазғыштарымыз һәм білгірлеріміз: «Махаббатсыз дүние бос, Хайуанға оны қосыңыз» деуден әсте бір танбай-ақ келеді. Солай өтер де-ау, шамасы, – өтіп те жатыр ғой.
…Болмағасын, өткен жылдары, Таразға – бүгіндергі «Абайтанушы» соңғы могикан – Мекемтас Мырзахметұлы көкемізге үшбу хат жолдадық: «Көке… анық-қанығын айтып, оны-мұныға нүкте қойып беріңізші» деп. Обалы не керек, өтінішіміз елең еткізіп, алаң еткізген де болар, текті де түбірлі жаратылған Мекем көкеміз «Қазақ әдебиетінің» бетінде жеделінен жауап та берді: Олай етпеңіздер, мына бір пақырдың шырылдауы да зарлауы бекер емес, – Абайдың айтқаны: Махаббатсыз – дүние дос, Хайуанға оны қосыңыз» деп нықтап тұрып. Бұлай болуының себебін енді езбелеңкіреп түсіндіріп өтелік. Егер де, анауларша «бос» сөзін қолданар болсақ, онда, бірінші жол мен екінші жол мүлдем де қабыспайды да қиыспайды емес пе!? Себебі, бірінші жол – «бос» сөзіне тіреліп, соны көрсетіп тұр. Екінші жолда – «хайуан» айтылып тұр. Сонда, сол жансыз «босты» – тірі хайуанға (?..) теңейміз бе? Қалайша?.. «Барып тұрған абсурд!» қой бұл енді.
Негізінен, Абайша ұғынар болсақ, бірінші жол: «Махаббатсыз (Құдайсыз – иманы жоқ адам) – дүние дос» (дүние-боқтықты серік еткен адам) деп айтылып тұр ғой. Ал, екінші жол осыны тиянақтап, толықтырып, ойға нүкте қойып отыр: «Хайуанға оны қосыңыз» (әлгіндей адамды – хайуанға теңеңіз). Ия, «махаббатсыз дүние бос» деп айтуға болады. Азаннан кешке дейін айта беріңіз. Бірақ, оны Абай атаңызға қосақтамаңыз да телімеңіз. Абайда ондай жеке жол – сөз жоқ. Мұндай, Абайды әлгіндей орашолақ түсінушіліктер – кітабын жаңадан әркез шығарған сайын орын   алу­дағы    ноқалайлықтар жеткілікті. Бү­гін­гі жалпы қазаққа бағышталған «сұрақ-сауалымызда» неғұрлым қысқа қайырарды жөн санағандықтан, бір-ақ мысалмен шектелелік. Соңғы шыққан тысы қара кітапта – Лермонтовтың «Теректің сыйы» өлеңінің аудармасында – «орыс-қазақ қатынын» (әкеліп берейін) деп басыпты… «басқыштар». «Масқара ғой!..» Не «орыс» қатынын әкеліп берерін білмейсің, не «қазақ» қатынын әкеліп берерін түсінбейсің. Бір білерің… екеуін де қосақтап әкеліп беретін сияқты көрінер. Ал, анығында – «орыс-казак» қатынын (орыс та бір, казак та бір емес пе…) еді ғой…
Е-е, сонымен, Сіздің алып-қосарыңыз қайсы – жалпы қазақ?..

 «Абайды» орысшаға, одан арғы тілдерге де аудару – шындығында да мүмкін емес пе?..

…Толғамымыздың бастауында, һәкім атамыздың «шексіз» бен «шектеулі» жайындағы сөзін келтіріп өттік қой. Құдай – шексіз екен; Оны толығынан танып-білуің мүмкін емес екен. Тек, «болмасаң да ұқсап бағып», жақындай ғана алар екенсің. Ал, Адам – шектеулі. Олай болса, шектеулінің – шешімі болса керек-ті. Ол үшін, ынта, жігер, талап, ниетіңе қарай – соған сәйкес ілім-білімің болсын.
…Біздер қалай аударып я аудартып келеміз? «Тисе терекке, тимесе бұтаққа». Тіптен, бұтаққа тимесе де бопты. Аудардық па – аудардық («іс бітті – қу кетті»)… Селқостық… немқұрайлылық… марғаулық… бір сөзбен айтқанда – сол атамыздың («мыңмен жалғыз алысқан, соқтықпалы-соқпақсыз жерде өскен») сөзінше де – «қара топан надандық!»
Біз өзі, біліп тұрып, «теріс шаптыратын» қызық халықпыз ғой. Бәрі-бәрін көріп-біле тұра, бақастыққа басып, өр(кер)көкіректікке салынып, өлгенше өзеурей береміз. «Үй артында кісі бар…» деген мақалды шығарған да өзіміз. Сөйте тұра, «иттігімізді» көпшілік жұрт біліп-көріп, сезіп тұр-ау» демейміз! («Шіркінде сезед деген ес болсайшы»). Сонда, жеткен жетістігің қане? Бүгінгі – тәуелсіздігің өз қолыңа тигендегі – бейшаралық кейпің бе?.. Ал, Абай атаңды тыңдап, дүниеге танытқаныңда бар ғой-ә – «ұлық халық» атанып жүрер де ме едің-ау, қазір, шіркін!.. Жоқ, өлсек те «өйткіміз – болғымыз» келмейді екен. Алға жүр десе, көткеншектейтін; оңға бұрыл десе, солға қиқаятын; бейсауа да бейдауа екенбіз.
…Бір мысқал мысал: Сонау, 1995 жылы Абай һәкім атамыздың «150 жылдығын» әспеттедік-ау. Бүкіл елге сауын айтылып – бүкіл ел қуана-қуана, үдерісе көтеріліп – дүниенің керек-жарағы түгелденісті. Содан… әй-бір, үш күн-үш түн ішіп-жедік, бұрқыратып тұрып бықсыттық!.. Құдай өзі кешірсін, әруақты жердің шаңын аспанға шығарып, аспанын жерге түсірдік! Ауанынан адасып та қалды-ау… «Жидебай – Шыңғыстау»!..
«Үлкен ағайыннан» әспеттеп Дудин (бүгіндері марқұм) деген дударбасты шақырып, бөктіріп, атамызды аударттық: «Один рот – кровь, другой рот – сало!» («Бір ұртың май, бір ұртың қан» дегенді аударғандағысы ғой). Па, шіркін!.. Міне, біздердің һәкім атамызды аудартқанымыз – орысқа, одан арғы әлемге дәріптеген түріміз! Сиқымыз!.. «Көр де тұр! Керемет-ә! – керемет!..»  Жоқ, мың жерден жоқ! – мұндайы құрысын. Айдай әлемге масқара болдық қой!?.  
Ал, енді… біздің ой-қиялымыз не дейді? Көрелік, абайлап, баяндап: «Мықты-мықты» деген үш-төрт «үлкен ағайынды» ұстау керек; оған «нақты-нақты» деген өзіміздің үш-төрт қоңырды қосақтауымыз қажет; сосын, осы «алтау-жетеуді» бір жайлы жердің подвалына жақсылап тұрып қамағанымыз жөн. Ауқат-суын, бар-бар қажеттісін, керек болса, ауық-ауық «келістілерін» де, сылдырмақ-салпылдақтарын да жеткізіп берелік. Ал, (шығарға тесік жоқ) жатып кеп аударсын!!! Енді көріңіз! – бірдеңе шықпаса, барымызды кесіп, қолыңызға ұстаталық. Бір ерекше ескертеріміз – әлгі аудармашы бейбақтар әуелімнен һәкім атамыздың өлең-сөздерінің «ТЕРЕҢІН» қарабайыр болса да бір қайырып алулары керек; сосын барып,  сол бір қайырғандарын – һәкім атамыздың мақамына я ауанына, нәшіне де қалпына салулары қажет. Әрине, әлбетте, «алтау-жетеудің» аудармасын бүкіл халықтық талқыға салып, кем-кетігін түгелдеп, жеріне жеткізіп жатсақ – нұр үстіне нұр-ақ болар еді-ау!..»
Ә-ә, жалпы қазақ – Сіз не дерсіз?.. 

Кеше-бүгінгі биліктегілер
Абайға неліктен құлықсыз?..

Біз, сұрақты неге бұлайша баттитып қойып отырмыз? Себебі, өткенгі де, кешегі де, бүгінгі де биліктер – Абайға тәуелді емес. Тәуелді болуы мүмкін де емес. Қай билік болмасын («ағы», «қызылы», «көгі», «сұры», «сұрқайы»…) – «өз білгенімен, өз жолымен» – өзіне ғана оңтайлы жағымен жүреді. «Абайдың һақиқи жолы» оларға, тіптен де, қажет емес; қайта, кедергі, қауіпті болуы да бек мүмкін. «Шындық» – ешқалайда биліктің жолы да, қолы да емес. Тек, өздеріне қажетті жағдайында ғана, қара бұқараны алдарқатып қоюлары үшін, науқани – «жас баланың қолына кәмпит-пішінә, ойыншық-сылдырмақ ұстатқандай – жалғани да жасанды, құйтырқы ұрандар тастап қояды: «Абай-Абай!!.» «Ура-ур-ра-а-а!!.» деген-дегендей. Аңқау да аңғал халық соған иланып, мәз болып, кетеді… лағып, ауып; ал, өздері – «билік» – олар да кетеді… қолдарын ысқыласып, миықтарынан күлісіп. Сенбесеңіздер, қараңыздар: «Қай билік – арың да, ұятың да, намысың да, ақылың да, атаң да, батаң да – Абай» деп айтты? Айтпайды! Қайта, «әкең де, шешең де,  отаның да, қоқаның да… барың да (арғы – «ағы» болсын, кешегі – «қызылы» болсын, бүгінгі – «шыжығы» болсын) – «Партия!» («болды да партия, ел іші бүлінді») дейді. «Партия үшін – отқа түс («Баукең ғана ғой: «Отан үшін – отқа түс!» дейтін), жаныңды бер!» дейді. Ал, ешқашанда «Абай үшін…» демейді. 
«Абайға» тиесілі болған соң ғана тілге тиек етелік: Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» этнографиялық роман-эпопеясының өзі биліктің «қамқорлық қанатының аясында» жазылып, «тап тартысына» құрылды емес пе. Негізгі бір лейтмотиві – «бай мен кедей» – «әке мен бала» егесі… (Оу, құбыжыққа саналған сол байлар еді емес пе – жетімін жылатпаған, жесірін жібермеген, а-ә?.. Енді, қазіргі күйіңізде қалай да қандайсыз?..)
«Жарнама» деген – бір сойқан! Сойқан ғана емес-ау – Сайтан!.. Тағы да қараңыздар: көше-көшелерде ілініп, жапсырылып тасталған, сайтан жәшіктен үздіксіз көрсетіліп жатқан – жарнамалар: «Алкогольсіз, таза, мөлдір, табиғи су!» Ал, енді, көзіңізді ашыңқырап, туралап қарар болсаңыз – жарнамадағы: «Сыра… Арақ…» Қалай қарайсыз? Алғашқыда ыңғайсызданасыз, әрине, кейін-кейіндері бойыңыз үйреніп, кәдімгідей көріп кетесіз: «солай деген соң, сондай екен ғой» деп, сылқылдатып кеп жұта бересіз, жұта бересіз… жұтыла бересіз. Ал, Абайды сөйтіп… сөйтіп емес-ау, «шынайы қалпында» үнемі айтады да, жарнамалайды да ма екен, билік? Жоқ. Болмайды… Таусылмайтын-бітпейтін шетелдік шатпақ сериалдар. «Можантопайлар ештеңеде (билікте) ісі де шатағы да болмай, ауыздарының суын ағызып-жұтып, омалып отыра берсін… отырғандарынша» дейді-дә. Сериалдардың тұла бойы ара-арасында – жиі-жиі: «Отбасыңызбен бірге – бәріңіз түгел көріңіздер!» деп те жарнамалап қоярына не деріңіз бар?.. (Отбасымен түгілі, жеке басымыз көргіміз келе ме – жоқ па, онда титімдей де шаруалары жоқ).
Әйдік астанамызда Абай атамыздың әуелгі ескерткішін тұрғыздық. Жо-жоқ, отырғызып қойдық омпитып… бұтын былғап қойған бейбақтай қып. Абырой болғанда – былайғы жұрт түгілі, сол «отырғызғандардың» өздерінің кейіннен ұяттары сәл-пәл сығырайған болса керек – көп ұзамай-ақ түбірімен сырып тастады («Ескерткіш» дегендер сан-жүздеген жылдарға арналып, есептелініп тұрғы­зылмаушы ма еді-ау, а-ә?!.) Содан, енді, ескі алаңда жаңадан алапат ескерткішін тұрғызып (ақша жетеді ғой… желге ша­шарға да), «өңкей қиқымдар» жиылып, жұртты да қаншыншы мәрте мәз етіп, атамыздың әруағын да кезекті рет қатты разы етіп тастады. Сөйтуін сөйткендерімен… бір жыл өтер-өтпесте, ескерткіш постоментінің беті-бастары сынып-жарылып (үйлердің сыртын қаптайтын қыш плиталар ғой), әпті кете бастады… Оның үстіне, «мынауымыз»… тіптен де Абай атамызға келмейтіндей-ау – келмейді!?. «Төменшіктеп, аяқ ас­тын бағып, жүнжіп тұрған – жарлы-жақыбайлардың «ауылнай-ақыл­маны»… әрі кетсе. «Әй-әй-әй, әт­теген-ай… халық­пен ақылдасқанда, са­нас­қанда, сосын, тірлікті қолынан іс келер нағыз шеберлерге («өздерінің жылтыңбай-жүгіртпектеріне» емес) тап­сырғанда – мұншалықты масқа­рашылық болмас еді ғой!.. Осындайда есіңе түседі емес пе – Жидебайдағы мемориал-комплекстің төбесінен су сор­ғалап, жан-жағын жабайы шөп жайғап тұрғаны да… Қысқасы, базбір айтқа­нымыздай, «тисе терекке, тимесе атамның арғы басына» болды да қойды.
Сонымен бітті – тындық па?.. Қайбір жылдары, «орыс-қазақ (ұлық билік пен кішік билік) ұлы достастығының үш жылдығы» деген ойсани ойын ойда-жоқта ойластырылып табылып, «Абай атамызды» Мәскеудің бір қуысына жеделінен апарып, көзжұмбай қонжитып қойдық! Көп ұзамай-ақ, – «мұндай чабанның бізге қажеті шамалы» деп, – орекеңдер «ескерт­кішсымағымызға» қара краска шашып, тас лақтырып, былғап-бүлдіріп тас­тасын… Қап, Құдайым-ай! – егер де, алдымен, ескерткішімізді тұрғызбас бұрын, сол орекеңдердің санасына «атамызды» жақсылап тұрып құйып, жеткізіп, танытып, мақұлдатып алғанымызда – осылай болар ма еді-ау!?. Болмас еді ғой! Қайта, жетесіне жеткен орыстар өздері-ақ – бізсіз-ақ әйдіктеп тұрып Абай атамыздың ескерткішін алтындатып соғып тастамас па еді!? – «сөз» түсінер халық қой…
Бұның бәрін тізбелеп не үшін айтудамыз? Жаныңды жүнжітіп, жүрегіңді сыздатып, тәніңді жүдеткен ең басты қаралы ой да, өксікті өкініш те, қара-тұман қайғы-қасірет те, бәрі де сол – Абай һәкім атаның дүниеге келген күнін былай қойғанда, дүниеден өткенінің өзіне жуықта 110 жыл толады екен; осыншама – ғасырдан астам уақытта: «Біздер – қалт-құлт еткен қазақ халқы – не ұқтық?!.  Турасында, «Абайды?..» ТОЛЫҒЫНАН («Алланы сүй, адамды сүй, әділдікті сүй, осы үш сүю болады – имани гүл! Сонда ТОЛЫҚ боларсың елден ерек») түгілі, жартылай да бойымызға тұтына алдық па? «Баяғы жартас – бір жартас…» күйімізде қалдық па? – әлде, одан да кері кеттік пе?.. «Неліктен? Қалайша? Қайтіп?!.»
…Жоғарыда езбелеп өткен «ертегіле­рімізден» кейін, қай билікке де «шын Абай» керек екен-ау деп қайсымыз айта аламыз?.. Қай-қай билікке де – «жалғани да жалаңқай, ұранқай Абай» арқылы – «өз дегендері» ғана керек те қажет. Тірлік осылай болған соң, қара-жаяу қазаққа «Абайды ұқпадың» деп кінә тағудың – ұрсудың  өзі де орынсыздау көрінер ме?.. Деген де, қайбір нәрсенің де өз орны – жөні бар емес пе. Сол сияқты, «ұрсатын» да өз реті бар екен. Әрине, егер де, «Абайша ұрса алсақ», шіркін. Кім – кімді? Ең әуелім, һәрбір оқыған, көзі ашық азамат – өзін өзі! Сөйтіп, өзімізді өзіміз жөнге салып алғаннан соң ғана барып, қара қазаққа сөз айтсақ жарасады екен-ау.
…Біз, күннен-күнге Абайдан алшақтап барамыз ба – жоқ, әлде, Абай атамыздың өзі біздерден безілдеп ұзап бара ма?.. Осыны қатты-қатты ойланып,  дүниеәуи дабыл қағатын (өз санамызға) күніміз әлдеқашан жетіп қойған: ӘРҚАЙСЫМЫЗ – «САНАМЫЗҒА САЛМАҚ» САЛЫП. 
Қай-қай биліктің де аузына я қолына қарап, – «тырық текенікі қашан үзіліп түсер» немесе «бұқа қашан бұзаулар» деген-деген сияқты, – «салпаң құйрықты» күтіп отыра бергеніміз «адамдық» атымызға ешқалайда келе қоймас. Қайта, керісінше, қай-қай билік те – біздердің жолымызға қарайтын жарқын күн тусын…
АНЫҚ АҚИҚАТ: «Бұлақ басынан тазармайтын болса – төменнен басына қарай тазаруы керек». «Бұл не» деген сөзіміз? («Аттандап» – арандау қажет емес). Бұл: «Ей, қайбір де ағайын! Ілім-білімге ұмтыл!» деген сөз. Құдайдың өзі: «ҺӘРБІР ПӘНДАМ, НЕҒҰРЛЫМ ІЛІМ-БІЛІМДІ БОЛСАҢ – СОҒҰРЛЫМ МАҒАН ЖАҚЫНДАЙ ТҮСЕСІҢ» деді емес пе («Бес парыздың» өзі – ілім-білім жолындағы құрал емес пе). Абай һәкім атаның да айтып-зарлағаны осы…
Ілім-білімді адам – әсте де қателесе қоймайды.
Абай ата Біздерсіз де – қайда да, қалай да – «өзіндік» бола алады. Ал, Біз – Абай атасыз бола аламыз ба?.. Осының шешуін табуымыз керек…
И-и-ия, жалпы қазақ ағайын – біздің бұ өздігімізше білген-тергендерімізге не дер екенсіз ендігі?..

Сөз соңы

…Сонау, Абайдан бұрын өткен «Пушкиндердің», одан да арыдағы «Байрондардың» балалық шағынан өлген күніне шейін – қайда оқып, қайда тоқығаны, бүкіл шығармашылық ғұмыры, жүрген-тұрғаны, ішкен-жегеніне дейін – бәрі-бәрі хаттаулы. Ия, оларда жазу-сызу баршылық еді; біздерде тірлік көбінесе «ауызшатын». Деген де, «ауызды қу шөппен сүртіп» отыра берген де атағымызға жараспас. Әсіресе, Абайы бар елге – сол «Пушкин-Байрондардан» бір де бір кем түспес. Бірдеңесін қылуымыз керек қой. Ел екендігіміз (бүгіндері өз билігі өзіндегі), халық екендігіміз, адамилығымыз кәміл болса. Кімдікі түгел еді дейсіз – барын базарлап, жоғын жасқап, жайнатып қойып отырған жоқ па өзге жұрт. Мал қуған халық едік (бүгінде малың да шамалы), солай боп кете береміз бе – жоқ әлде, жұрт қатарлы боламыз ба?.. Осы орайда, жалпы қазаққа – жоғарыдағы сауалдарымызбен бірге, тағы да бірқатар сауал-тақырыптар қоюдамыз: «Абайдың жеке кітапханасы?..»; «Абайдың жүрген-тұрған жерлері һәм жолығысқан жандары?..»; «Абайдың күнделікті тұрмыстық көркем келбеті?..»; «Абай – Шаһкәрім жалғастығының қыры-сыры?..»; «Абай – Әуез әулеті байланыстары?..»; «Абай – орыс зиялылары достастығының анық-қанығы?..»; «Абай және әйелдері?..»; «Абай және балалары?..»; «Қос жүректің лүпілі – Абай мен Тоғжан?..»; т. т. т.
«Көп түкірсе – көл» дейді емес пе дана халық. Көпшілік боп жабылсақ – алынбас қамал болмас. Сөйтіп, Абай атамыздың ақындығы һәм һәкімдігіне қоса – бүкіл тұрмыстық, азаматтық, пәндашылық болмысын бейнелеп жасап, дамытып, өрбітіп жатсақ: «Нұр үстіне нұр» – келешек ұрпаққа бағасыз байлық, теңдессіз өнеге болар еді-ау.
Абай атамызды біздер қаншалықты көтерсек – біздерді һәкім атамыз жүздеген есе артық көтерері анық та ақиқат. Олай болса, не тұрыс? Іске кіріс!..
Айтпақшы, әуелімнен, біздер істеп алар жауапты да қомақты тірлік бар екен. Ол – Абай һәкім атаның біз тұтынып жүрген бүгінгі кітабы. Осы кітап (жекелеген сөздері мен ұғымдар), жоғарыда айтып өткеніміздей, һәрбір басылымында «тартысқа» түсіп келеді екен. Осыны, біржолата – бір ізге, әуелгі қалпына келтіріп алу: біздердің бүгінгі кезек күттірмес бас­ты парызымыз да қарызымыз да екен. Ол үшін – енді, өз ойымызды білдірелік: Біріншіден, Астанамызда «Абайтану және әдебиет, өнер» институты ашылса (нешеме түрлі-түсті университеттер де ашылып жатыр ғой күніге… тәйірі); екіншіден, басшылығына бүгінгі бірден-бір Абайтанушы ғұлама ғалым Мекемтас Мырзахметұлын бекітсек; үшіншіден, ол кісіге ерік берсек – кімді қасына алар-алмасына; төртіншіден, мына, жалпы қазаққа арналған сауалдарымызды һәм осы тәріздес істерді осы институтқа жүктесек. Сөйтіп, тірлікті жеделдетсек. Әйтпесе, қашанғымыздай, «қолымызды мезгілінен кеш сермеп» қалып жатуымыз әбден мүмкін…

 

Алдыңғы «
Келесі »

3 Пікір бар

  1. Абай атамызды ұлықтай алмай жүрміз, оны танып зерделегеніміз де шамалы.Әр қазақ Абайға үңілсе, бүгінгідей қоғам болмас еді, ол шындық…

  2. Дәл сіз айтып отырған институт құрылды емес пе. Абай атындағы Ұлттық педагогикалық университет жанынан. Осы кезге дейін не бітіріпті Мекемтас ағамыз? сол институтта.

  3. Дулат пенен Шортанбай, Бұхар жырау,
    Сөзінің бірі құрау, бірі жамау.
    Әттең, сөз түсінер адам болса,
    Кемшілігі кез-келген тұстан көрініп тұр-ау!

    3 мықтыны жамандап, кекетіп-мұқатып, онысын жариялап отырған Абайдың қай жері ұлық? Абайды қазақтың төбесіне потолок қылып қойған, ол дұрыс емес. Абай жайлы айтатын нәрсем көп, бірақ бұл жерге симайды. Әзірше ішімде жүре берсін. Сіздің көзқарасыңыз, бұған не дейсіз? Көзқарасыңызды karabolat55@mail.ru поштасына салыңыз? Тұрар Шапқара.

Пікірлерге тыйым салынады.