ШӘКӘРІМ СЫНАҒАН ПӘНШІЛДІК

  • 09.11.2015
  • 1751 рет оқылды
  • 11

Бақытжан ҚАДЫРҰЛЫ,
философия ғылымдарының
кандидаты, доцент

Құрметті оқырман! 
Абайдан кейінгі даналық ойдың көрнекті тұлғасы Шәкәрім Құдайбердіұлы болғаны баршаңызға аян. Шәкәрім шығармашылығының басты ерекшелігінің бірі – қалыптасқан ұғым түсініктер жүйесінде қалып қоймай, қазақ тілінің философиялық лексикасын жаңаша ұғымдармен түрлендіріп, ой көкжиегін кеңейте білгендігінде. Сондай ұғым, түсініктерге «затшыл ғылым, пәншілдік», «сау ақыл», «арлы ақыл», «арсыз ақыл», «ноқталы ойды» жатқызуға болады. Ұсынып отырған ғылыми-танымдық мақаламыздың тақырыбы Шәкәрімнің философиялық лексикасындағы «затшыл ғылым», «пәншілдік» ұғымдарына арналады. Өткен ғасыр кеңестік атейстік-ағартушылық идеологиямен білім алып, философияда марксистік көзқарастарға басымдық беретін кейбір адамдар үшін бұл тақырып қисынға қиғаштау көрініп жатуы мүмкін екенін ескертеміз. Бұл мәселеде данышпан бабамыздың айтар ойы, тоқтамы бөлек.  

     
«Ғылым деп, боқты жегізді,
Денесіз зат жоқ дегізді.
Пайдасыз пәнмен перделеп,
Тапқызбай қойды негізді» – деп толғанған Шәкәрімнің түп негізгі Хақиқатты іздеуде қол жеткізген өз байламы бар.
Ақиқатты іздеп шыққан адамзат баласының осы бір ұлы сапарда материалдық әлемнен тыс тұрған «болмыс», «тіршілік» жоқ деп біржақты жасаған байламын Шәкәрім затшыл ғылымға балаған.     
Сөз  Шәкәрімнің осы  ізденістері жайлы болмақ.
Автор 
Пәншілдік қазақтың философиялық лексикасына Шәкәрім шығармалары арқылы енген түсінік. Ойшылдың пән және пәншілдік дегені затшыл ғылым жайы. Пәннің синонимі затшыл ғылым. Шәкәрім сынаған пәншілдікті түсіндіруде оның сипатын білдіретін затшыл ғылым түсінігін қолданамыз. Пәншілдік дүниені тануда қалыптасқан қағида болса,  затшыл ғылым оның сипаты. Шәкәрімде пән түсінігіне қатысты келесідей өлең жолдарын кездестіреміз: 
«Пәнші мен дінші тыңдамас, 
Жиреніп мұны ұнамас. 
Өйткені олар бір езу, 
Әдетін тастап шыдамас» 
Немесе; 
«Пән мен дін деп қор болар, 
Ойында өзі зор болар. 
Ноқтадан басын ала алмас, 
Жетекші айуан сол болар» [1]. 
Келесі, «Күн аязда терезеге» өлеңінде: «Шала дін мен қате пәннің, соңына ерме шынға ер» десе,  «Қасыңа қылыш қайратқан» өлеңінде: «Ойы кем, сөзге шешендер. Денешіл, пәншіл кеселдер» – дейді. Осында «Пән айтты ғой деп сенбе» – деген ойлар айтқан [1,180]. 
Ал, мына, бір өлең жолдарында: «Жан жолдан қосылды деп пән де, дін де, ақылды байлап қойған соған мүлде» деп оның адасқанын айтса, «Тура жолда қайғы тұрмас»  өлеңінде: «Шынды таптым, қайғы басты. Шын сырымды айтайын. Дін де, пән де қатты адасты, дау сабасты барқырап» – дейді [2]. 
Келесі өлеңінде де пән жайын сөзеткен.
«Адасып діншіл азғанын,
Пәншілдер ғылым қазғанын,
Философ ойшыл жазғанын,
Сынауға енді бұрдым бас» [ 1,67].
Сонымен, «пән» деп Шәкәрім нені айтқан? Неліктен оны сынға алған? Біз осы сұрақтарға жауап іздейміз. 
Шәкәрім үшін пәншілдік ол – ғылымда затшыл (материяшыл) болу. Кеңес заманындағы философиялық түсінікке салсақ – материализм.  
Шәкәрім пәншілдікті оң қабылдамаған, керісінше, оның олқылығын жазып сынаған. 
Шәкәрім «Үш анықта» түпкі жаратушыны іздеуде екі жолдың қалыптасқанын айтқан. Оның бірі – түп жаратушы бар деген пайғамбарлар болса, екіншісі – түпкі жаратушы жоқ, дүние өз бетінше жаралып, өніп жатыр дейтін  затшыл ғылым, пәншілдік. 
Шәкәрім «Үш анықта» осы екінші жолдағылар жайында пікірлерін келесідей ойларымен сабақтайды; «Енді, біліп жаратқан ие де жоқ, өлген соң өмір де жоқ деген жолдың түбінде осы барлық әлем неден бар болды деген ойдан шыққаны төменгі сөзден мәлім болды. Ескі заманның білімділері әр нәрсенің түпкі негізі неден жаралғанын тексеріп, тамам нәрсенің негізі төрт нәрсе деп білген. Онысы – от, су, топырақ, ауа. Олардан кейінгі білімділер ол төрт нәрсенің әр біреуі әлденеше негізден жаралғанын таба-таба жақынырақ кезде түп негізі сексен шамалы екенін тапты. Әр дененің көзге ілінбейтін кішкентай тараулардан қосылып жаралғанын тауып, ол кішкентайды қанша ұсақтаса да ақырында тіпті бөлуге келмейтін болады. Сол бөлінуге келмейтін түп негіздердің атын Европаша атом деп атады» [3]. 
Шәкәрімнің айтып отырғаны  дүниенің түп негізінде жатқан алғашқы бастама – субстанцияны табуға тырысқан көне грек ойшылдарының философиялық ізденісі. Бұл ізденістер жаратылыстану ғылымының қалыптасуына алғышарт болған. Бірақ, сол шеңберден шыға алмаған. Себебі, олардың тапқан бастамасы (грек философиясында субстанция деп аталады) материалды әлем элементтерімен шектеліп, одан аса алмаған. Бұны көне заман ойшылдарының кемшілігі деп те айтуға болмас. Өйткені, жаратылыстану ғылымының зерттеу нысанының өзі зат. Шәкәрім атамыз бұлар ізденістерді теріске шығаруды мақсат етпеген, бірақ, олардың жауабына қанағаттанбаған. 
Заттар әлемінен тыс ақиқат жоқ, қолмен ұстап, көзге көрінетін нәрсе ғана бар дейтін танымды Шәкәрім «пән», ал, оны ұстану­шыларды «пәншілер» деген. 
Жоғарыда Шәкәрім дүниенің субстанциясын су, от, ауамен байланыстырған көне заман ойшылдары Фалес, Анаксимен және Гераклиттің жаратылыстанымдық көзқарастары жайында айтып отыр. 
Грек философиясында бұлармен қатар Демокриттің атомдар туралы ілімі пайда болып, алғаш рет дүниені құраушы ең ұсақ бөлшек атомдар екені мәлім болған. Шәкәрім ол жайында «…Гректің Эпикур, Демокрит деген білімділері сол атомды дәлел қылып, барлық әлем атомнан өршіп, жаралып жатыр, оны былай қылайыншы деп біліп жаратқан ие жоқ деген бір жолға негіз салды» – дейді [3,21]. 
Шәкәрім пәншілдік жайын сөз етпес бұрын үлкен ізденістер жасаған. Дүниенің негізін іздеген әртүрлі ғылыми болжамдарды танып білген. Философтардың  пікірлерін қорытып,  ой жарыстырған.  
«Үш анықты» оқи отырып көне заман ойшылдарының дүниенің субстанция­сы туралы ізденісте материалды әлемнің құрылымын танумен шектелгенін аңғарамыз. Ал, Шәкәрімді толғандырған басты сұрақ заттық әлемнің құрылымы емес, оның неден жаралғаны. 
Ойшыл «Үш анық» еңбегінде затшыл ғылымның Еуропада қалай өріс алғаны туралы пікірлерін әрі қарай сабақтайды: «Соңғы кезде Европаның Гасенди, Декарт, Ньютон, Линней сияқты ойшылдары бұрынғы Эпикур, Демокриттерден қалған жаратушы ие жоқ дегенді қайта жаңғыртып, Европа арасында сол ойдың жайылуына себеп болды. Және атомдар бірін-бірі тартып қосылуына бір күшті дәлел табылды. Ол әр нәрседе бірін-бірі тартатын қуат барлығы. Оны орысша притяжение деп арабша тажазиб дейді. Мұны алғаш тапқан Англияның Исаак Ньютон деген ойшылы. 17 ғасырда алманың үзіліп жерге түскенінен ойлап тапқан. Бұл біліп жаратқан ие  жоқ дегенді ұғымдырақ айтсақ, әлемдегі бар нәрсенің негізгі сексен түрлі атом, солар бірін-бірі тартатын притяжение заңымен қосылып, дене жасап, бірінен-бірі өсіп, өзгеріп жатыр, оны былай қылайын деп әр қайсысын әр бөлек жаратып жатқан ие жоқ және жан деген өз алдына бір нәрсе емес, сол атомдардан жаралған дененің бір қозғалысы, өзгерістерінен шыққан сипат» [3,21].
Шәкәрімнің ойынша, затшыл ғылым жан туралы мәселеде қателескен. Әсіресе, олардың жан атомдар өзгерісінен шыққан сипат деген пайымы Шәкәрім түсінігіне қайшы. Ол жанды рухтық сипатта емес заттық, атомдардан құралған   сипат  деген атомистер іліміне қанағаттанбаған.  Эпикур мен Демокрит түсінігінше жан атомдардан құралғандықтан тіршілік иесі өлгенде ыдырап кетеді. Яғни, жан өз бетінше өмір сүрмейді. Шәкәрім болса, жанды заттар әлемімен шектеп қоюды адасушылық санайды. 
Түп жаратушы ие туралы ешқандай заттық сипат, тексеріп көретін форма таба алмағандықтан пәншілер оны жоқ дей салумен шектелген.  Бірақ, жан туралы сұрақтан бас тарта алмаған. Себебі,  тіршілік иелері өмір сүріп тұр. Солай бола тұра, жанда қолға ұстап тексеретін оның заттық сипаты жоқ.  Тіршіліктің өмір сүріп тұрғанын көзбен көріп, куә болып отырған соң заттық формасы жоқ екен деп жанды теріске шығара алмай, еріксіз мойындаған. Бірақ, жанды олар материаны түсіндіргендей атомдар құрамасы деп затшылдықпен түсіндірген. Оны бұлай түсіндіру жанның тәннен тыс, мына  тіршіліктен кейін де өмір сүретіндігіне күмәнмен қарауға әкеліп,   пәншілдікке ұрындырған.  Бұл пікірлерге қарсы «Үш анықта» Шәкәрім  ХІХ ғасыр Еуропада затшыл ғылым түсіндіре алмайтын жан құбылыстарын куәландырған телепатия, спиритуализм, магнетизм ілімдерінен мысалдар келтірген. Өлген адам жанының хабар беретіндігін, кейде адам болған оқиғаны көріп білмей тұрып алдын-ала сезіп, біле алатындығын мысал қылған. Шәкәрім осы ілімдердің дүние астарында басқа күштердің бар екендігіне адамдарды тәжірибелер арқылы куәландырғанын,  кейін затшыл ғылым жолындағыларда оны мойындап таңданғанын айтқан. «Үш анықта» мұндай мысалдарды ойшыл жанымыз тән өлгенде бірге жойылып, тарап кетеді деген жоғарыдағы атомистік көзқарастарға қарата пікір ретінде қолданып, ойлануға шақырған.  
Сонымен, Шәкәрім екі мәселедегі пән­шіл­діктің басты кемшілігін айтқан. Ол жа­ратушы мен жанды тануда пәншілердің заттар әлемімен шектелуі. Пәнді  Шәкәрімнің сынға алу себептері; біріншіден, олардың жаратушыны жоқ деп тануы, екіншіден, жанды жолдан қосылды деу және оның денелерді жаратудағы рөлін түсінбеу. Бұған жанның қабілеттері мен тілеуіне, азығына сенбеу де кіреді.
Әрі қарай «Жоғарыдағы айтылған бар­лықтың бәрі өздігінен жаралып жатыр, оны былай қылайын деп біліп жаратқан ие жоқ деген жол әлдеқашаннан айтылып келе жатса да, әсіресе 17-18-19 жүз жыл­дардың аяқ шеніне шейін Европа ішінде көбірек жайылды» [3,22] –деп Шәкәрім затшыл ғылымның дәлелдерінің күштірек дегендерінен төмендегідей мысалдар кел­тіреді (қысқартып береміз. Б.Қ.).
1. Қайта айналыс жолы. Барлық дене­нің түп себебі  бұрыннан бар қуатты дене атом. Әр нәрсені өсіп өндіретін сол, дүниеде еш нәрсе жоғалмайды, бірақ, өзгереді. Заттар қатты, сұйық, газдар болып үш түрге түседі. Осылайша заттар бір күйден екінші күйге ауысып, өзгеріп отырады. Адам да өлген соң сезім кетіп еш нәрсе сезбейді. Осы заңдылық бойынша алмасып отырады.
2. Жаратылыс жолы. Мұқым барлықтың бәрін бар қылып тұрған – жаратылыс жолы. Сондықтан, біліп жаратушы ие деген бекер сөз, ол жаратылыс жолы осы жара­тыл­ғандардың өзінен бөлек нәрсе емес. Осы­дан бө­лінбейтін заң барлықтың бәрі сол заң­нан ерік­сіз жаралып жатыр (Философ Литерие сөзі).
3. Тұқымдастық жолы. Құрғақтағы хайуан­дар, адамдар, өсімдіктер, құстар – бәрі те­ңіз­ден туған. Теңіз жерді орап алғандықтан су хайуандары, өсімдіктері құрғаққа шыққан. Жер жүзіндегі өсетінд­ердің, жандылардың бәрі басында су хайуаны. Сондықтан, бұларды бөлек-бөлек жаратқан ие жоқ дейді. (Маиен­нің сөзі).  (Дарвиннің ілімі осы қағи­даны ұстанғанын еске саламыз. Б.Қ.).
4. Дене сезімі. Біз әр нәрсені денедегі сезімімізбен білеміз. Мұқым барлықтың бәрі жаралыс жолымен еріксіз бар болып жатқанын көріп, біліп тұрмыз. Егер, біліп жаратушы ие бар болса, бұл жаратылыс себептерінің түк керегі жоқ болар еді. Неге десең, бір жаратушы білімді құдірет бар болғаннан соң бұл себептердің керегі не? Сондықтан, біліп жаратушы жоқ дейді. (Бұл – Бюнхер сөзі). 
5. Әр түрлілік. Барлық дүниеге қарасаң тасы, ағашы басқа өсімдіктер, хайуандар, адамдар, су, от сияқты, тіпті біріне-бірі ұқсамайды. Бұл нені көрсетеді? Бұл әр нәрсе қалай болса солай кезі келгендіктен себебіне қарай жаралып жатыр. Оны былай болсын деп жаратушы жоқ екені осыдан мәлім дейді (Демокрит сөзі) [3,22-23]. 
Бұдан пәншілдіктің  Құдайды теріске шығаратындардың  ілімі екенін көреміз. 
Кеңес дәуіріндегі біздің санамызды билеген Маркстік ілімдер де, заттар әлемін ғана ақиқат деп тануға шақырған позитивизм де,  Дарвиннің эволюциялық теориясы  да осы пәншілдік қағидаларына сүйенген.  Бірақ, адам болмысын тек затшыл ғылыммен тани аламыз ба, адам болмысының өзі метафизикалық (мета-тыс, физика – табиғат, зат) мазмұнға ие емес пе деген сұрақ туады. Бұл Шәкәрімді де  толғандырған. 
Шәкәрім түп жаратушы мен жанды тануда «сау ақыл» керек, дұрысы дүниені  «ноқтасыз, сау ақылмен тану» деген.  Сау ақыл  әдетке, алған білімге, идеологияға, субъективті көзқарасқа, сыңарезулікке бой алдырмайтын  – сана. Сау ақыл үшін затшыл ғылымға, не болмаса соқыр сенімге арқа сүйеу жат. 
«Көрініске шоқынған, көр сопы бізді не қылсын» дейді Шәкәрім. Түп Иесін тануда көрініс қуып, көктен, жерден жазу көріп, жаратушының бар екенінің дәлелі осы деп түсіну Шәкәрімге тән емес. Ол көрініске шоқынған дегенде, жаратушының заттық келбетін іздеп жүргендерді айтқан. 
Адам ақиқатты тани ала ма? Ойланатын сұрақ. Біз сол  ақиқаттың ішінде емеспіз бе?! Олай болса адам оны қалай қолына алып көре алады?  
«Ақылға сыймас ол Алла» деп толғанған хәкім Абай, адамның жаратушыны тануы жайлы: 
«Ақыл мен хауас барлығын,
«Білмейдүр жүрек, сезедүр.
Мутакаллим мантикин
Бекер босқа езедүр», – деген. Муттакал­лим дегені рационалистер, ал, мантикин ол мантық – логика ғылымы. Абай рацио­налистерді жаратушыны білгісі келетінін, бірақ, жаратушыға жаратылғанның ақылы (логика) жетпейтіндігін айтып отыр. 
«Өзгені ақыл ойға қондырады,
Біле алмай бір Тәңіріні болдырады», – дейді Абай.
Адамға жаратушыны білу тән емес, сезу тән. Адам үшін жаратушыны білуден көрі, сезу нәтижелі. 
Көрініске шоқыну, пұтқа сыйынуда, құ­ді­ретті жүзбе-жүз көрем дейтін әдетте пәншілдік сипат бар.
«Молдалардан дін сұрасаң,
Сандырақтар сандалар.
Пәншілермен бас құрасаң,
Жан, Құдай жоқ, дер тұрақ.
Біз хақиқат елегіне
Осы екеуін елесек.
Түкке тұрмас керегіңе,
Екеуі де қалжырақ.
Пәнші дейді: «қайда тәңірі?» 
Дінші дейді: «менде тұр!».
Екеуі де сөзге нанды,
Таза ақылдан жоқ сұрақ.
Пәнші нанды бес сезімге
Дінші адасты жолынан.
Сал ақылға, дұрысы не?
Дәлелін тап жақсырақ» [2,204-205].
Шәкәрім пәнші мен діншінің дәлелін қанағат тұтпаған. Сонда, оның тапқаны не дейсіз ғой? Ол жатарушыға адам жанымен байланысады дейді. Затпен біз жатарушыны  ешқашан тани  алмаймыз. Жаратушыны тану көңілдің ісі. «Жер жаһанға сыймаған құдірет күш сенуші адамның көңіліне сыйып кетеді» дейді Жалал әд-дин Руми.  Адамның көңілі жер жаһаннан да кең деп отыр.
Шәкәрім Жаратушыны тану үшін жанды таны деген қағида ұсынған. «Шынды білмек ойласаң сен, алдыменен жанды біл» дейді [1,272]. Немесе «Жанға көнсем, жан иесі – Тәңірге де көнгенім» деп ойын ашып айтқан[1,274]. Жанға сенбеу жан иесіне де сенбеуге әкеледі. Шәкәрім  жанды тану  жаратушыға бастайтын бірден бір жол деп түсіндіреді.
Зайырлы қоғамда жантануға жақынырақ келетін ғылымды психология деп жүрміз. Шәкәрім осы психология ғылымының жанның басынан бар екендігін ойланғысы келмейтіндігіне қынжылған.     
«…Жаным жоқ» – деп болады масқара                     адам.
Жалам емес, жазыпты пән деп мұны,
Не демес ойы жетпей сасқан адам.
Жанының бастан барын байқамапты,
Психолог ғылымын ашқан адам» [1,210].
«Жаралыс басы қозғалыс, қозғауға керек қолғабыс. Жан де мейлі, бір мән де, сол қуатпен бол таныс» деген Шәкәрім жанның тіршілік атауының қозғалтушы қуаты, оған қолғабыс қылып тұрған себеп екенін айтқысы келеді. Жан тіршіліктің жалғасы немесе құрамдас бөлшегі емес, бастаушысы деген идея ұсынған. Түпкі қозғалтушы себепті «жан дейміз бе, әлде бір мән дейміз бе» соны танып білу керек деген. 
«Пәншілерді» Шәкәрім дәһрилер деп атаған. «Дүние бұрын бар нәрседен жаралады десең, оны бар қылатұғын бір ие керек. Егер, иесіз өзі бар болды десең, онда дәһри деген әр діннің сөзі сықылды бір теріс ақымақтық болады. Даһрилер дүние өздігінен бар болып, ескірген сайын бір нәрседен бір нәрсе жаралады дейді. Бұл тіпті теріс жол» – деп жазды [4]. 
Дәһрилер – Құдай жоқ, дүние өздігінен дейтіндер. Хәкім Абай өлеңдерінің бірінде де осы түсінік кездеседі.        
«Күні-түні ойымда бір-ақ Тәңірі,
Өзіңе құмар қылған соның әмірі.
Халиққа махлұқ ақылы жете алмайды,
Оймен білген нәрсенің бәрі – дәһрі» [5].
Оймен білген деп пәншілердің танымын айтып отыр. Ой затқа ғана жетеді, оның мүмкіндігі шектеулі.  Жаратушыны жүрек көзімен сезіп біле алатынымызды тұспалдайды. Халиққа (жаратушыға)  (жаратылған) ақылы жете алмайды (Абай). 
Ғұлама ойшыл, имам Әбу Хамид әл-Ғазалиде «Философтар позициясының күй­реуі» атты еңбегінде осы даһрилер жайында айтқан. Жаратушыны іздеуде адамдар екіге бөлінген дей келе Ғазали «оның бірі – ғаламды Жаратушының  жасағаны дейтіндер, бұлар жаратылған нәрсе ешқашан жарата алмайды, олардың негізінде  жаратушы тұр деушілер, ойлары логикалық заңдылықтарға қайшы емес, екіншісі – дахриттер» дейді. «Дахриттер – құдайсыздар. Олар  ғаламды мәңгі және өзгермейтін жаралыс деп, оның Жаратушыдан жаралғанына күмән келтірушілер» [6]. Ғазали дахриттер деп атейстерді айтқан.
Заттар әлемін ғана шындық дейтін дәһрилер ілімі материалды әлемнің қызығын көруге шақырып, жанды мүлдем ұмытып, денеге бас ұрады. Осыдан келіп адамзат баласының суық ақылмен жасалған білімі көңілін тазарта алмай, жан дененің құлына айналып, түп иесін мүлдем ұмытады. Ал,  имани білімі жоқ адам дүниенің сөзін сөйлейді.   
«Пән жамылған әлімдер,
Дін жамылған зәлімдер,
Бере берсең, бәрін жер,
Сол жалмауыз паңнан без» –деген Шә­кәрім бұл жайында [1,229]. 
Жаратушыны теріс көрген, көкірегінде инедей саңылау жоқ адам үшін  күнә, обал, сауап түсініктері қияли, мағынасыз. Бі­лім жүрекке бармаған соң адам рухани тазара алмайды. Бұлар жайында,  «Адасып әлім шатылды, ол шатасқан шаңнан без» деген ақын. Жаратушыны, жанды қаперіне ілмеген «пәншілдік» адам жүрегін қатайтып, жанашырлық, мейірім сезімдерін тұмшалайды.    
«Күн көре алмай жақының жатыр                     өліп,
Шіміркенбей жемтігін жейсің бөліп.
«Ғылым деген бұл болса, адыра 
                      қал­сын»
Демеске бара жатыр ішім толып» – дейді Шәкәрім [1,85]. 
Шәкәрімнің ойынша пәншілдік әлемнің құбылыстары жайында айтып, оның түп себебін көре алмай отыр.         
«Ғылым деп боқты жегізді,
Денесіз зат жоқ дегізді.
Пайдасыз пәнмен перделеп,
Тапқызбай қойды негізді».
Пайдасыз пән жүректің көзін перделеп, оған «Хақтықтың сәулесін» (Абай) түсірмейді. Пәншілер үшін қолмен ұстап, көзбен көргендер ғана бар, қалғаны маңызды болмаған соң жан азығы, көңіл-жүрек тазалығы, жан тазалығы, махаббат, нұр, аян тәрізді көзге көрінбейтін құбылыстар жайында ештеңе айта алмаған. Негізінде адам баласы осылар арқылы адамдық дәрежеге көтеріліп, дүниені танып біледі. Шәкәрімдегі Ар білімі туралы идея жантану ізденістерінің нәтижесінде қалыптасқан.  
 «Айла, күш – айуандықтың ең жаманы,
Боқты боқпен жуғанмен ел түзелмес.
Ар түзейтін бір ғылым табылмаса, 
Зұлымдықты жалғанда әділ жеңбес» – деген ақын [30,86]. 
«Көрінер ғылымды елдің сырты таза,
Тексеріп терең ойға салмағанда.
Ақымақ пен айуанның иісі аңқиды,
Істерін әбден сынап талдағанда» –деп Шәкәрім пәншілдікке  белшесінен батқан құдайсыздық ілімдерін тағы да сынаған [2,179]. 
Ғылым затшылдықпен шектелсе, ол ардың ісіне айналмаса, сырты бүтін көрінгенмен іші бүлінетінін меңзеп отыр. Ғылым – ардың ісі болу керек. Ар тазалық өлшемі, адамның жаратушы алдындағы жауаптылығы. Ұждан екі дүниеде де жанның азығы.    
Шәкәрімнің пәншілдік туралы айтқандары пайдасыз білім туралы ойды қозғайды.  Пәншілдік ол да білім, бірақ түп иесін тануда пайдасыз білім. Жантануда одан келетін үлес жоқ. Жоғарыдағы ақынның «Пайдасыз пәнмен перделеп, тапқызбай қойды негізді» деген жолдардағы айтпағы да осы. 
Орыс отаршылығы арқылы келген ағартушылық қазақтың санасына  бөтен ілімдерді сіңіріп бақты. Ол ағартушылық саясат еліміздің, ұлтымыздың  мәдениетін ескішілдік деп үйретті. Елдік санадан, дін мен тілден айырды. Қазір сырттан келген пайдасыз білімнің зардабын көріп отырған жайымыз бар. Қазаққа сырттан келген ағартушылық ілімдер құдайсыздық ұранын таратты. Саяси жасалған ағартушылық пәншілдік сипатта өріс алып, елге рухани азық бола алмады. Бойымызға жұқпай, сыртта сырғанады. Шындығында қазаққа «жүректі тот» (Шәкәрім) бастырмайтын, рухани тазалыққа, таза ауаға бастайтын Шәкәрім айтқан ар білімі қажет болатын.
Шәкәрім сынды ғұлама ар білімі қажет деу арқылы қазақтың ғана емес, адамзат баласының  алдындағы үлкен сұрақты шешуге тырысқан.     
«Сыртқы сөзің шын болса,
Ішің толған жын болса,
Жүрегіңде мін болса,
Айтқан сөзің ем емес!
Жүрегі таза адамдар,
Зұлымдықтан амандар,
Қиянатсыз надандар
Әулиеден кем емес!» [2,159].
Шәкәрім «қиянатсыз надандарды әулие­ден кем емес» деу арқылы адамшы­лықтың ең алдымен білім арқылы емес, қиянатсыздық арқылы қалыптасатынын айтып, қиянатсыздықты білімнен жоғары қойған. 
Адам баласы зиянкес, қиянатшыл. Білім ардың алдына түсіп кетсе адамшы­лыққа қызмет етуі екі талай. Пәншілдік –  ардың алдына түсіп кеткен білім жүйесі. 
Ар білімнің алдында тұрса, білімді адамзат игілігі үшін қызмет еткізуге болады. Әр адам қиянатсыз болуға ты­рысса, зиянсыз экономика, зиянсыз білім, зиянсыз саясат, зиянсыз ғылым, зиянсыз дін, зиянсыз ой, зиянсыз қатынас адамзатты таза ауаға алып шығар еді. «Қиянатың бар болса иманың жоқ» деген Шәкәрім.  Тұтқан дінің үшін де жаратушы алдында есеп бересің. Қиянатсыз ой ойлау, қиянатсыз сөз сөйлеу, қиянатсыз әрекет  ету адамды жарыққа, тазалыққа бастайды. 
Әлихан Бөкейханның «Білімнен мақсат шықпайды. Әзәзіл ұжмақтан надандықпен шыққан жоқ. …Ұлтына, жұртына қыз­мет ету білімнен емес, мінезден… Білім біліммен, мінез – мінезбен» деген  сөзі бар. Біріншіден, Әлихан мінез деп атаның сүйегі, ананың сүтімен сіңген қасиетті, тәрбиені, елге, жерге деген сүйіспеншілікті  айтып отыр. Екіншіден, білімнің табиғатына күнәнің тән екені туралы ой қозғайды. Адамзат баласының жұмақтан қуылуына білім ағашының жемісін жеуі себеп. Парадокс. 
Арлы ақыл, ар білімі деу арқылы Шә­кәрім үнемі арды алға қойып отырған. Арсыз білім, арсыз ақыл адамзатты адас­тырмақ. Шәкәрімнің «пәншілдік» орнына «ар түзейтін ғылым қажет» дегендегі  басты ойын,  пәншілдік  турасындағы идея­ларын осылай түсіну қажет. Сыртқы дүниені танып, оны адамзат игілігіне қызмет еткізу үшін затшыл ғылымның өз орны бөлек болғанмен,  жанды, Жаратушыны тануда оның сол шектеулі шеңберден  шыға алмайтынын түсінген жөн. Шәкәрімнің де айтпақ ойы осы. 

ПАЙДАЛАНЫЛҒАН Әдебиеттер:

1. Шәкәрім. Иманым. Алматы: Арыс, 2000. – 117 б.       
2. Құдайбердиев Ш. Шығармалары /Өлеңдер, дастандар, қара сөздер/. Алматы, 1988.– 206 б.   
3. Ш. Құдайбердіұлы. Үш анық. // Әлем альманах. Алматы, 1991. -20 б. 
4. Ш. Құдайбердіұлы. Мұсылмандық шарты. //Жол табалық ақылмен. Халықаралық  Абай клубы 2006.–671 б. 
5. Құнанбаев А. Шығармаларының бір том­дық толық жинағы.  Алматы, 1961. –227 б.  
6. Абу Хамид аль-Газали. Крушение позиций философов. Москва, 2007.   

Алдыңғы «
Келесі »

11 Пікір бар

  1. Жаксы жазылган.

  2. Окып шыктым ризамын енбектерин жемисти болсын

  3. Мытый жане жинакы жазылган макала екен
    Рахмет!

  4. Мыкты жане жинакы жазылган екен!

  5. Бəке мықты мақала

  6. Бақытжан ағай өте жоғары деңгейде жазылған. Шығармашылық табыстар тiлеймiн!

  7. Оте керемет макала. Осындай макалаларыныз жарыкка шыга берсин.

  8. Жаксы жазылған

  9. Шәкәрім – қазақ философиясындағы шоқтығы биік тұлғалардың бірі екендігі ешқандай дау тудырмайды. Бірақ, “Психолог” ғылымын бір адамның тарапынан ойлап табылмағандығын ескергеніміз қажет. Оның ұзақ уақыт ағымында әр түрлі ойлар мен пайымдаулардың нәтижесінде дүниеге келгені және жан болмысының табиғатын ашып білуге бағытталғаны ақиқат.Бұл бір. Екіншіден, психология ғылымының негізгі мақсаты құдайдың бар екенін жоққа шығару емес, адам жанының, адам табиғатының ашылмаған тылсым қырларын жарыққа шығару, бұрыс, қисынсыз қадамдардан сақтандыру,сол арқылы толыққанды, баянды ғұмырдың жолын көрсету.
    Шамасы, Шәкәрімнің айтып отырғаны психология ғылымының бұрыстығы емес, керісінше, психология ғылымына кедері келтірген пәншілдік, материалистік тұрғдағы зерттеуі аз біржақты тұжырымға шырылдауы, жан айқайы болса керек.

  10. Психологияны метафизикадан тыс қарастыру оның дамуын тығырыққа тірейді. Академиялық білім рух туралы мағлұмат бере алмайды. Материализмнің салдары ғой әуел бастағы тұтасты екі айырған. Шәкәрім бабамыздың меңзегені де осы да.

  11. Махаббат “психологияны метафизикадан тыс қарастыру оның дамуын тығырыққа тірейді” деген пікіріңіз өте орынды. Психология ғылымында екі проблема бар оның бірі жанды зерттеуде негізгі ең алдымен түсіктерге сүйену. Бұл біршама ғылыми нәтиже беріп, біраз сырды аңғаруға жол ашқанымен жанның терең астарындағы құбылыстарды тануға дәрменсіз. Негізгі психология ғылым осы бағытқа кетіп отыр. Шәкәрім “Көз, құлақ, мұрын, тіл бәрі алдайды. Тетігі таза ақылмен өлшеп сынау” деген. Яғни, түйсіктер арқылы жанды толық тани алмайтындығымызды айтып отыр. Ал жан сырын зерттейін психологиядағы келесі бағыт -парапсихология. Бірақ бұл бағыттың зерттеулері толық ғылыми деп мойындалмайды. Осы екі мәселе бүгінгі психология ғылымында бар және қатар келе жатыр. Ғылым бірақ біріншісіне көбірек сүйенеді. Осы дұрыс деп айтар болсақ малда да, кез-келген жануардада түйсік бар. Онымен оларды тани аламызба деген сұрақ туындайды. Ал екінші парапсихология болашақтың ғылымы.
    Шәкәрімнің жантануы сопылықтағы хәл ілімімен байланыстырақ.

Пікірлерге тыйым салынады.