Еркебай Базаровты білеміз бе?

  • 09.11.2015
  • 301 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Жандарбек Қарабасов,
журналист

Қазақта «Ел боламын десең, бесі­гіңді түзе» – деген ұлағатты сөз бар. Ол дегеніңіз, өзіңнің тіліңді, діліңді, өткен тарихыңды білу болып табылады.
Елбасымыз Н. Ә. Назарбаев 2014 жылдың 24 тамызында Ұлытауда берген сұхбатында: «Біз өз тарихымызды жаңадан игеріп, біліп жатқан елміз.Қазақтың тарихы өте бай.Оны білуіміз керек» – деп атап көрсетті. Жазушы Смағұл Елубай ағамыз бұл сұхбатты ағылшындардың сүйікті ұлдары Черчельдің «Флутон» сұхбатына теңеп, айшықтады. Осы тұрғыда жас ұрпақтың тарихи санасын қалыптастыру мақсатында, әлі толық зерттеуді қажет ететін көзі ашық, көкірегі ояу, қазақы талапқа жауап бере алатын шын  мәніндегі азамат,  Қордай өңірінің тумасы – Еркебай Базаров жайында айтқым келеді.


1865 жылы Ұлы жүз қазақтары Ресейдің бодандығына өткен соң, патша өкіметі қол астындағы халықтарды бір басқарманың астына біріктіру мақсатымен басқарудың бұрынғы жүйесін толығымен өзгертіп, руластық негізінде ауылдарға және болыстарға бөле бастайды. Осыған орай Жетісу өлкесінде қазақ ауылдарының рулас­тық негізінде 22 болыс құрылады. Соның бірі Қордай өңірінде құрылған Сырымбет-Қасқарау болысы еді. Болыс болып Ноғайбай Дәулетбақұлы сайланады (ҚРОММ 3 қор,1 тізбе,562 іс). Еркебай Базарұлы осы Сырымбет-Қасқарау болыстығына қарасты Иірсу елді мекенінде 1866 жылдың 20 мамырында қарапайым отбасында дүниеге келді. Ол жастайынан алғыр, өжет болып өседі. Ауыл молдасынан белгілі дәрежеде білім алған, оның ендігі арманы заманында шыққан орыс тілін оқып үйрену еді.  Ол  бұл арманына қол жеткізіп, Верныйдағы  гимназияны бітіріп шығады. «Білекті  бірді жығады, білімді мыңды  жығады» – демекші, ел ішінде атақ-абыройы артады, бала болса да жергілікті ат­қа­мінерлер, онымен қоян-қолтық ара­ласады, шапан жауып қонақ етеді. Қордай өңіріне алыстан ат арылтып келген ақын-жыраулар бірінші патша офицері Ноғайбайдікіне, содан кейін Еркебайдікіне тоқтайтын болған. Біреу біліп біреу білмес, сонау, 1890 жыл­дары Еркебайдың бар-жоғы 24 жасында Ноғайбай бидің сенімді сыйлас адамдарының бірі болып, Сұлутөрге  жесірін көруге қонаққа келген қазақ­тың ұлы ақыны Абайды күткен. Ол туралы атақты Кенен ақын: «Абай Нұқаңнан қайтуға рұқсат сұрайды. Арғын апай өзі де Алматыға шейін шығарып салмақ болады. Ноғайбай да қалаға жүрмек болады. Әсел бәйбіше бұлғын ішік жапты, екі жолдасына да ат-шапан берді. Еркебай аулына дейін Қасқараудың жақсысымын деп жүрген адамдары Абайды құрметпен шығарып салады. Жұлқынып тұрған үш қара арғымақ қара жолдың шаңын бұрқыратып Ноғайбай мен Абайды, Арғын апайды, Мер­қасымды әйелімен Алматыға қарай қоңыраулатып ала жөнелді. Қыр­ғыз-қазақтардың Абайды көр­гендері «шіркін-ай, туыс осы екен» десіп таңдай қағып қала берді» («Аңыздар сыры»,1969ж, 211 бет).
Талантты жастың екі тілді  жо­ғарғы деңгейде меңгергендігі болар, ол жоғарғы биліктегі атқа мінер­лердің де көзіне түседі. Қордай уезі орынбасарының Жетісу әскери губер­наторына жазған төмендегі № 10206 мәлімдемесіне (рапорт) сәйкес 29 жасында Жетісу  губерниясы Қор­дай уезінің №4-і аулына би болып тағайындалады.
Представляя присем баллатировочный лист Курдайской волости, на трехлетие с 1-го января 1895 года по 1 января 1898 года, согласно ст 69 и 114 степного положения, имею честь почтительнише просить Ваше Превосходительство обь утверждений избранных   съездом лиц а именно: волостным управителем-Джайсан Джаналина,кандидатом по нему Нурлыбая Ермекова и народными судьями № 1 ауыла Медеу Ахымбекова, кандидатом Егинбая Куванчева, №2 аула Нурбека Кебекпаева, кандидатом по нему Бике Буркутбаева, № 3 аула Аманжол Мамырханова,кандидатом по нему Тлеуке Сеитова,  №4 аула народным судьей Мамая Адильбекова как занимающегося кражами и принужденного по прилагаемой копии с решение биев за номер 11 к уплате скота прошу не утвердить, вместе него утвердить Еркебая Базарова бывшего гимназиста, грамотного по русский могущего быть полезным по службе чем простой неграмотный киргиз,кандидатом по нему Байсейта Мынбаева…(ҚРОММ,44 қор, 1 тізбе, 3772 іс). Араға 1-2 жыл салып, халық арасында қызмет істеп ысылған, іскер жігітті Верный қаласындағы Жетісу әскери-губернаторлығына жұмысқа алады. Жетісу облыстық басқармасының 1900 жылғы 1-маусымдағы № 7454  бұйрығының көшірмесіне келетін болсақ:
 Приказом Вице-губернатора Семиреченской областного правления от сего 20 мая киргиз Курдайской волости Еркебай Базаров согласно прощению и ходотайство Вашего определен канцелярским служителем Верненского уездного управления.Уведомляя об этом в ответ на рапорт от 12 мая №1151 областное правление просить Ваше Высокоблогородие привести Базарова установленным порядком присяге и присяжный лист представить в областное правление,отобрав при этом по прилагаемой форме от Базарова подписку о непренадлежности Китайским обществам которую также представить в областное правление (ҚРОММ,41 қор,1 тізбе,130-іс).
Сонымен бірге, Мемлекеттік мұ­ра­­ғатта Базаров Еркебайдың жеке іс парақшасында ешқандай құпия ұжымдарда, партияларда жоқ екенін растайтын қолхаты, отбасы туралы және басқада мәліметтер берілген. Отбасы туралы мәліметке келетін болсақ: вдов, имеет сына Арканбека родившиеся 14 августа 1898 г и Инкарбек родившиеся 26 июня 1895 года – деп атап көрсетілген. Жоғарыдағы іс парақшасында қайсы жылға дейін жұмыс істегені көрсетілмеген, бел­гісіз.
Еркебай Базарұлының тағы бір қыры оның ұлтжандылығы, серілігі, өнерді танып бағалай білетіндігі.  «Бұлақ көрсең, көзін аш» дегендей, өзінен 20-жас кішілігі бар, ақиық ақын Кенен Әзірбаевтай інісіне ағалық ізетін көрсетіп, үлкен той-жиын­дарға ертіп апарып томағасын ағытқан да өзі еді. Ол жайында қоғам қайраткері, филология ғылым­дарының докторы Мырзатай Жолдасбеков ағамыз: «Көкшолаққа жай­дақ мінген жалшы баланың бойындағы түлеп, тұтанып келе жатқан талантты алғаш танып бағалаушы – Еркебай Базарұлы. Еркебай ат үстінде ұршықша ой­найтын, қолынан келмейтіні жоқ, өнерпаз, әрі ақын, әрі әнші, ұшқыр ат, қыран құс, алғыр тазысыз жүрмейтін, киімді таза киетін, қонақшыл,  дастарқанды кісі болса керек. Кенекең «Большевик», «Партия», «Совет» деген сөзді ең алғаш осы Еркебайдан естідім – дейді.
…Кененді қойдан құтқарып, ат беріп, шапан жауып, сауатын ашып, санасын оятқан ақылшы-қамқоршы да, Балуан Шолақпен, Қажымұқанмен, Шашубаймен кездестірген де осы, Еркебай.
 Қырғыз манабы Шабданға ас берілгенде, Кенен он алты жаста екен. Асқа қырғыз-қазаққа даңқы шыққан талай ақын-жырау келген. Жалғыз атын сабалап, домбырасын өңгеріп Қастектен – Жамбыл, Көкшолақты бор­­байлап Қордайдан жаңа талап Ке­нен келеді. Кененді Еркебай ер­тіп келген» («Алатау шыңы», К. Әзірбаев, Алматы-1974,10-11 б).    Ол кеңес өкіметі тұсында мемлекеттік жұмыстарға да белсенді араласқан қайраткер. Өткен ғасырдың 30-жылдары салынған Түркістан-Сібір темір­жолының құрылысына қатысып, жергілікті халықты  жұмылдыруда көп еңбегін сіңірді. Қордай өңірінің тумасы, жазушы әрі тарихшы Ниетжан  Нүпбаевтың зерттеу мақаласында: «Осы алғаш темір жолды Аңырақай стансасының бергі жазық етегінің басындағы «Кіндіктасқа» қарай жолды бұрып саламыз деп пікір талас болған дейді. Егер, «Кіндіктас» жерімен шойын жол өткенде «Ешкілі Қордай» арқылы «Ақтеректі» басып өтіп жол бергі бетке өтетін еді…, Еркебайдың айтқан пікіріне орыс инженерлері келіспей, бұл жақта сай-сала көп, қыруар жұмысты қажет етеді. Біз темір жолды Аңырақай бөктерінен өтіп Шилібастау арқылы Верныйға өтеміз – деген екен. Осы шешімге амалсыз келіскен Еркебай бабамыз әрбір станса аттарын қоюды сұрапты. Сөйтіп, теміржол бойындағы мекен аттарын Еркебай Базарұлы қойған екен. Олар: «Шоқпар», «Аңырақай», «Шыңырау», «Бел», «Құлақшын», «Ала айғыр», «Қордай», «Құлжабасы», «Қызыл таң» «Атарбай», Атарбай (батыр болған кісінің аты, қысқарып Атар атанып, одан Отар болып кеткен. Орыс ұлты «а» әрпін «о» деп оқыған), одан «Шилібастау», «Шамалған» болып кете береді» («Өмір бақыты» Нүпбаев Н. 2010 ж. 51 бет ). Ниетжан ағаның  айтуына қарағанда, Еркебай Базарұлы қазақтың біртуар ұлдары Тұрар Рысқұлов, Мұхамеджан Тынышбаевтармен кездесіп пікірлескен, соңғысын үйіне шақырып, дастарқан жайып қонақ еткен көрінеді. Осындай тұлға боларлық асыл азамат Голощекиннің солақай саясатының арқасында бүкіл қазақ елінің басына түскен нәубет, ашаршылық жайлаған 1932 жылы «Ешкіліде» қайтыс болады. Жетісу өңірінде алғашқылардың бірі болып орысша хат танып, Губер­натордың тілмашы болған Еркебай Базарұлына мектеп, көше аттары берілсе құба-құп болар еді. Әр­қашанда еліміз, елбасымыз аман болғай демекпін!

Алдыңғы «
Келесі »