ТАЛАП ПЕН ТАЛҒАМ

  • 09.11.2015
  • 505 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Аманхан ӘЛІМҰЛЫ,
«Ақиқат»

Талантты ақынның үлкен-кішісіне тән болуға  тиісті нәрсенің бірі де, біре­гейі: ол талап пен талғам таразысын тең ұстай отырып, өзінің Алла берді қадір-қасиетіне қылау түсірмеу. Солардың бірі Бағдат Телтаев. Мұны айтып, бұ­лай деп отырғаным, оның тұңғыш жыр-жинағы алақандай көлемде 1997 жылы «Өлеңбаян» деген атпен  жарық көрді. Содан бері ақынның қаламы қолынан түспегенмен де, ол кезекті жыр-жинағын шығаруға асыққан жоқ. Әлі де асықпай келеді. Ол бұл мәселеде ақын ағасы Қуандық Шаңғытбаевқа тартқан эстет қаламгер. Әйтпесе, сол жылдардан бері қаншама жыр-жи­нағын шығарып, мерзімді басылымдарда өлеңдері жарияланып жатардай мүмкіндік болмады дейсіз бе? Болды. Бірақ, ол олай еткен жоқ. Өйткені, оған олай  етуге оның өзіне, сосын поэзиясына қояр талабы талғам мен талап деңгейінен қарайтын бағыт-бағдары, ұстанымы жіберген жоқ. Бұл поэзиядағы арлылық, сосын нағыз ақында  артық өлең болмау керек дегенге саятын – принцип.


Сонымен, 1997 жылы жас ақын Бағ­дат Телтаев өлеңді қалай жазды, не жаз­ды, жыр жолдары қандай еді?! Енді, соған назар аударсақ: ол кезде оның поэзиясындағы лиризм мен жастық максимализм ерекше болатын. Мысалы:
Қала ма құмдарда ізім, сайда саным?
Көңілді көмеді екен ойласа мұң.
Қамшының сабындай-ақ ғұмырымда
Келеді тарқамайтын той жасағым, – деп басталатын өлеңдегі жастық максимализм мен романтизм оқырманды еріксіз елең еткізеді. Келтірілген шумақтың тағы бір елеп-ескеретін жағдайы, ақын Тө­леген Айбергеновтың «Бір тойым болатыны анық менің» дегенін  көз алдыңа елестеткенмен де, Бағдат, орындауындағы жолдың тым басқалығы. Ақын Бағдат ақын Айбергеновпен үндесіп жатса, бұны әдебиет теориясында реминисценция дейді.  Яғни, бұл аға буын ақын мен соңғы жас буын Бағдат поэзиясындағы жастық ро­мантиканың көрінісі. Яғни, дәстүр жал­ғасы. Поэзия әлемінде қашанда да солай болған, бола береді де. Ендеше, бұл да бір әдемі ізденістің көрінісі. Енді, тағы да бір ақын арманы мен қиялынан өрген жолдарға назар аударайықшы:
Әй, Бағдат-ай, қиялшыл дәл сендей кім?
Тумасына ондай күн мен сенбеймін.
Гагаринше мініп ап темір құсқа,
Жерді айналып мен де бір келсем дей­мін, – деген шумақтарды оқығанда жас­тыққа тән асқақ арманның қағазға түсіп, өлеңге айналған көрінісін көре­сің. Мұндай жастық максимализм кімде болмады десеңізші. Өмірдің өзін­дей осы бір шумақтарды оқығанда, төмендегі тілге тиек етер жолға неге сенбеске. Онда ақын:
Құрбым-ау, келсе мінегің мені –
Жігерімді бұл желік де, мейлің.
Жырдың тың төсін тілемін,
Тегі Есенинге де еліктемеймін, – деп, өзінің поэзиядағы орнын іздейтінін мәлімдейді. Бұл жалаң мәлімдеу емес, ақындық – кредо. Өзін ақын санайтын қай қаламгер осылай ойламады, осылай айтпады. Бұл да өмірдің өзіндей шындық.  Енді, бір өлеңінде, Бағдат ақын тапқырлығына ерекше ден қоймауыңа бол­майды. Ол «Ауылға кетем» өлеңінде «Тал­дырды тозақ тауқымет арқа бе­лімді, /Сорады сары уайым сарқа де­мім­ді,/ – дей келіп:
Бәріне сенен қолы ашық баладай                     халық.
Даладан шаһар жасамақ 
                  «шала­ғай­ланып».
Сұраймыз кімнен баспана, батырма                     – малға
Ауыл біткенің кетсе егер қалаға айналып?!! – деген  шумақтың соңғы жолын­дағы тапқырлыққа неге сүйсінбеске. Жалпы, поэзиядағы лирикалық көңіл-күй мен тапқырлықты үндестіру көп ақындардың шығармашылығынан та­­была бермейтін жағдай. Тұтастай алғанда «Ауылға кетем» өлеңі сарыала сағыныштан тұратын ауылға деген қимастықтың көрінісі. Сағыныш дегенде, есіне еріксіз қоңыр-күз түсіп, жадыңа Тұманбай аға Молдағалиевтың «Сағыныш қой сарыала жапырақтар, Жақсылықтың жолында жатқан бал­қып» – деген өлең жолдары оралады. Бұны айтып отырған себебіміз, Бағ­даттың «Күз келіпті» өлеңі соның көрі­нісі. Енді, өлеңге толық жүгі­не­лікші:
Кеше ғана жаз еді-ау,
Күз келіпті.
Сары шәлі тартыпты түз бөрікті.
Тоналыпты сұп-сұлу сымбатынан –
Ақ қайыңдар еді ғой қыз көрікті.
Неткен жүйрік уақыт, жылдам еді!
…Жыламсырап ағады жылға әдемі.
Сары күзде сағыныш салмақтанып,
Сары уайым көмеді жылда мені.
Күйге енгізіп көңілсіз түздегі елді,
Шақырусыз қонақтай күз де келді.
Күзге дейін Қаракөз келем деген,
Соңғы үмітті сары күз үзбек енді!..
Міне, бұл өлеңде поэзияға тән қадір-қасиеттің бәрі бар. Өлеңдегі образ­дылық пен суреткерлік, саздылық ерік­сіз елең еткізеді. Мұнда қазақтың қара өлеңінің бояуы мен сыршылдығы, Мұқағали тілімен айтқанда «Күпі киген қазақтың қара өлеңін, Шекпен жауып өзіңе қайтарылған» кейіпте жеткізіліп тұр. Мысалы: «Сары күзде сағыныш салмақтанып» деген жолды көнекөз өлең үлгісі «Сарыағаш сазға біткен секілденіппен» қалай салыс­тыра алмайсың. Әлқиса, бұ да дәстүрлі ұлттық өлең үлгісін шынайы да шымыр жалғастыру. Қазақ өлеңінің болашағы алда екендігін осы бір үндестік заңдылығына ден қойған жолдардан байқауға болады емес пе?! Енді, тағы бір тұтастай бір өлеңге жүгі­нелікші. Бұл өлең де жоғарыдағы біз тілге тиек еткен сарыала сағыныштан тұрады. Мұны «Сарыкөз. Сағыныш» деген өлең тақырыбының өзінен-ақ аңғаруға болады. Енді, сол өлеңнің мәтініне назар аударайықшы:
Сарғайды Дала, атырап тағы, 
Күз келсе ылғи осындай. 
Үзілді талдың жапырақтары,
Бейкүнә көздің жасындай.
Көктемде жасыл жайдары келген, 
Сан сайран салған көк құшып, 
Сарыала қаздар сайдағы көлден, 
Сап түзеп сәнді кетті ұшып.
Төбенің өркеш етегіндегі 
Бес-алты үй қалды құлазып. 
Сартышқан ғана мекеніндегі, 
Сабылып жинап жүр азық.
Алқынған жүрек шекпенді тебер, 
Сезгендей бір сыр құрғыр шын. 
Көрсем ғой дейді көктемді келер, 
Көре ме? Жоқ па? 
Кім білсін!..
Қарсы алып күнді тойдан да құнды, 
Шырқасам шексіз тағы да ән. 
Сары күз келсе сайран бағымды 
Сарылып тұрып сағынам!
Келтірілген өлеңнің мәтінінен, өз­де­­ріңіз байқағандай, керемет бір сыр­шылдық пен шыншылдық сезіледі емес пе? Мұнда үміт пен күдік, бақ пен бақыт, сағыныш пен мұң қатар өріліп, ақын жанының лирикалық көңіл күйін тамаша жеткізген.  Тағы да қайталап айтамыз, келтірілген өлеңдегі тіл, образ, музыка (ТОМ) оқырманды еш бей-жай қалдырмайды. Бұл өлеңде поэзияға тән қадір-қасиеттің барлығы да бар. Бағдаттың өлеңге деген жауапкершілігі осыдан-ақ байқалады. Ал, жауапкершілік, шығармашылық адамына қай кезде де керек, қай кезде де солай болуға тиісті қадір-қасиет. Бағдат Телтаевтың өз поэзиясын былай қойғанда, жалпы, поэзияға деген көзқарасы о баста осылай қалыптасқан. Бұл жақсы ма? Жақсы. Бағдат ақын – суреткер. Оның суреткерлігін байқататын «Бірінші сонет» өлеңіне назар аударайықшы. Мұнда, Бағдат суреткерлігінің анық-қанығын анықтайтын жолдар мен шу­мақтар баршылық. Аталған өлеңдегі тағы бір жақсы қасиет, оның жинақылығы, ақын­ның сөз бен сөйлем, шумақ үнемдей білетін туа бітті ақындық болмысы. 
Қызыл іңір еді керім шақ қандай! 
Шалқалақтап Ай туады ақмаңдай. 
Көрінбейтін бізге біреу аспанға, 
самсатып сан шырақ іліп                     жатқандай.
Қызыл іңір еді керім шақ қандай! 
(Сұлу сәттер маған ылғи тап                 болғай!) 
Төбемізге көкжиекпен пішілген 
Хрустальдан құйған қазан                     жапқандай.
Кызыл іңір еді керім шақ қандай! 
Тұра алмайсың тұнық сырды                     ақтармай! 
Маужыраған мына төрткүл дүние 
Үйлесімін енді ғана тапқандай!
…Қыз бейнесі ұрлайтұғын ұйқымды 
Қызыл іңір сияқты ол да сүйкімдіі
Міне, бұл өлеңде суреткер ақынның бүкіл болмыс-бітімі көрінеді. Жалпы, Бағдат Телтаевтың «Өлеңбаян» жыр кітабында мұндай жақсы өлеңдер көптеп саналады. Ал, жинақтағы «Ар соты» мен «Үміт» поэмалары Бағдаттың тек лирик қана емес, эпи­калық сарындағы ақын екенін де байқатады. Аталған поэмадағы оқиғалар желісінің логикалық байланысы мені қатты қызықтырды. Ақын со желінің арқасында аталған поэ­маларда бірді айтып бірге кетпейді. Поэ­малардың тартымды оқылуының сыры да сонда.
Жалпы, ақын Бағдат Телтаев сөз басында айтқанымыздай талап пен талғам таразысын тең ұстаған эстет ақын. Бұл эстеттік жас қаламгерге алдыңғы толқын ағаларынан қалды десек еш қателеспейміз. Оның алдында енді үлкен бір мақсат тұр. Ол кешегіге дейінгі жырына қанағаттанбай, бүгінгі өлеңдерін жыр-жинақтары етіп шығару. Міне, осы жолда біз ақынға сәттілік тілейміз!

Алдыңғы «
Келесі »