Тілге құрмет – елге құрмет

  • 09.11.2015
  • 470 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Алатаудың етегінде, қаламыздың ең көрікті жерлерінің бірі – Әл-Фараби мен Фурманов даңғылдарының қиылысқан жерінде Үндістанның көсемі әрі көрнекті қайраткері Махатма Ганди атында көше бар. Осы көшенің бойында Алматы қаласының Бостандық ауданына қарасты Махатма Ганди атындағы №92 мамандандырылған лицей орналасқан. Ашылғанына небәрі 5 жыл толғанына қарамастан, лицейдің бүгінгі күндегі жеткен жетістіктері ауыз толтырып айтар­лықтай. Мектепті ізденімпаз, жаңа­шыл, шығармашыл, ұстанымы берік, мақсаты айқын білімді де білікті ұстаз Ерұлан Жиенбаев басқарып отыр. 
2015 жылдың 14-24 қыркүйегі аралығында лицейдің қоғамдық-гу­мани­тарлық пәндер кафедрасының ұйымдастыруымен «Тілге құрмет – елге құрмет» тақырыбында тілдер онкүндігі өткізілді. Биылғы жылы ұлы ақын Абай Құнанбайұлының туғанына 170 жыл толуына орай тілдер онкүндігінде өткізілген іс-шаралар Абай шығармашылығымен орайластырылды. Онкүндіктің ашылуына байланысты салтанатты жиын өткізілді. «Тілім барда айтылар сыр ойдағы» тақырыбында сынып сағаттары 5-11 сыныптар аралығында өткізілді. 


«Өлең – сөздің патшасы, сөз сарасы» тақырыбында мәнерлеп оқу сайысы өтті. Сайысқа 5-7 сынып оқушылары қатысып,  Абай Құнанбайұлының шығармаларын жат­қа айтудан жарысты. Сайыс қоры­тындысы бойынша бас жүлдені 7 «Ә» сынып оқушысы Дана Алтыбаева иеленді. Дидар Телебаев – 1-орын, Сымбат Ахметқазы мен Есімбек Тамерлан – 2-орын, Баян Ниязбек, Жазира Әбдіболат, Сымбат Абдишукур – 3-орынға ие болды.
Қыркүйектің 18-і күні ақын-жазу­шы­лармен кездесу өткізілді. Кездесуге келген қонақтар: «Ақиқат» ұлттық қоғамдық-саяси журналының бас редакторы – Аманхан Әлімұлы, ақын, журналист, ғалым, баспагер, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, филология ғылымдарының кандидаты, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлы­ғының иегері – Темірғали Көпбаев, ақын, сазгер, Халық­аралық Жазушылар одағының прези­денті – Қайрат Дүйсен. Кездесуде ақын­­дар оқушыларға ақындықтың қыр-сыры, білімнің маңызы жайлы әңгімелеп, өз өлеңдерінен оқыды, оқу­шылар шығармашылығын тыңдап, бағыт-бағдар берді. Балалар өз өлеңдері туралы жоғары баға алып, кейбірі ақын ағаларының кітабын сыйға алып, кездесуден үлкен әсермен шықты. 
Қыркүйектің 23-і күні «Абай – дана, Абай – дара қазақта» атты аудандық іс-шара өткізілді. Бұл іс-шара «әдеби – кафе» түрінде  ұйымдастырылды. Қоғамдық-гуманитарлық пәндер кафедрасының жетекшісі  Г. Бакенованың ұйымдас­тыруымен өткен бұл іс-шара жоғары деңгейде өтті. Іс-шараға Бостандық ауданының мұғалімдері, оқушылары және аудандық оқу бөлімінің жетекші маманы Жібек Алпамысқызы шақы­рылды. Әр мектептен келген оқу­шылар да өз өнерлерін көрсетіп, Абай шығар­маларын орындады. Кеш соңында белсене қатысқан оқушыларға, ұстаздарға аудандық оқу бөлімінің грамоталары мен бағалы сыйлықтар табыс етілді.
Сонымен бірге, онкүндік аясында қа­бырға газеттері шығарылып, ашық са­бақ­­тар, радиохабарламалар, Келелі кеңес (дөңгелек стол) өткізілді. Лицейде өткен онкүндік оқушылардың белсенділігін оятып, туған тілінің қыр-сырын, табиғатын тануға, ертең өмірден өз орнын таба алатын, өзіне сенімді, нағыз ұлтжанды, ұлт­тық салт-дәстүрді қастерлеуші, парасатты ұрпақ тәрбиелеуге, қазақты бүкіл әлемге танытқан Абайдың шығармаларын білуге, одан тәрбие алуға, Абай атамыздың алтын мұра, асыл қазынасын аялап, оның бізге қалдырған өсиетін орындауға себепші болды.

Р. Бакенова,
Қазақ тілі мен әдебиеті 
пәнінің мұғалімі

Алдыңғы «
Келесі »